Мүлiктi сату кезiнде кредит берушi талаптарының мөлшерi республикалық бюджет кiрiсiне түскен қаражат сомасына азаяды.
592. Жекелеген жағдайларда бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу есебiне өндiрiп алынған мүлiк Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмi негiзiнде мемлекеттік меншiкке айналдыруға жатады.
593. Мүлiктi мемлекеттік меншiкке айналдыру кезiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган растайтын құжаттардың негiзiнде сенiм бiлдiрiлген өкілмен (агентпен) және/немесе сот орындаушысымен, конкурстық басқарушымен, бюджеттік кредиттер бойынша берешектi өтеу есебiне мүлiктi мемлекеттік меншiкке қабылдауды ұйғаратын қарыз алушымен келісім жасасады.
594. Сенімхат негiзiнде әрекет ететiн бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның өкiлi осы Ереженiң 593-тармағында анықталған жасасқан келісімге сәйкес қабылдап алу-беру актiсi бойынша мүлiктi қабылдайды және мүлiкке меншiк құқығын тiркейдi.
595. Бюджеттік кредит бойынша берешектi өтеу есебiне мүлiктi мемлекеттік меншiкке айналдыру кезiнде кредит берушi талаптарының мөлшерi мүлiк құнының сомасына азайтылады. Бюджеттік кредиттер бойынша берешектi өтеу есебiне мемлекеттік меншiкке айналдырылатын мүлiктi бағалау тиiстi бюджеттiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
12-бөлiм. Мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген қарыздар және мемлекет кепілгерлігімен тартылатын қарыздар
63-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарыз алу тәртібі
596. Осы бөлiмде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
Банк - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекет кепiлдiк берген қарыздарға, мемлекет кепiлгерлігімен тартылған қарыздарға қызмет көрсетуге өкiлеттiк берiлген банк немесе банктiк операциялардың жекелеген түрлерiн жүзеге асыратын ұйым;
банк-кепiлгер - Қазақстан Республикасының екiншi деңгейдегi банкi немесе шетелдiк банк. Қазақстан Республикасының кепiлдiк беретiн екiншi деңгейдегi банкiн қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау жөніндегі уәкiлеттi мемлекеттік орган ұсынатын ақшалай нысанда атқаруды көздейтiн банктiк кепiлдемелер беруге заңды лицензиясы бар екiншi деңгейдегi банктердiң атауын қамтитын тiзбеден бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган анықтайды;
бизнес-жоспар - алдағы қарыз жылындағы төлемдер мен кiрiс көздерiнiң түрлерi туралы кесте қамтылатын алдағы қаржы жылына арналған қарыз алушы әзiрлейтiн құжат;
қарыз алушы - негiзгi борышты өтеу және сыйақыларды, сондай-ақ кредиттiк шартқа сәйкес басқа да төлемдердi төлеу жөніндегі мiндеттемелер жүктелген қарыз қаражатын алған қарыз шартының тарабы. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан қарыз алушы болып бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi орган әрекет етедi;
кепiлгерлiк шарты - тараптардың мемлекет кепiлгерлiгiн беру туралы құқық қатынастарын, мiндеттемелерi мен жауапкершiлiгiн белгiлейтiн бюджетті атқару жөнiндегі уәкiлеттi орган мен мемлекет кепiлгерлiгiмен тартылатын мемлекеттік емес қарыз бойынша облигациялар ұстаушылардың өкiлi арасындағы жазбаша келісім;
облигациялар ұстаушылардың өкiлi - бағалы қағаздардың қайталама нарығында инфрақұрылымдық облигацияларды айналдыру, облигациялар бойынша сыйақылар төлеу және оларды өтеу үстiнде эмитентпен жасалған шарт негiзiнде қарыз берушiлер мүддесiнде әрекет ететiн ұйым;
жергiлiктi атқарушы орган - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың, аудандық маңызы бар қалалардың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң жергiлiктi атқарушы органы;
мемлекет кепiлдiк берген қарыздар бойынша алдағы төлемдердi қамтамасыз ету жүйесi - қарыз алушының бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органмен келісім бойынша арнайы шарты салым шотын ашуы, сондай-ақ қарыз алушы тиесiлi соманы белгiленген мерзiмде төлемеген жағдайда, мемлекет кепiлдiк берген қарыз бойынша берешектi өтеу туралы қарыз алушының бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның алдында банктiң кепiлдiгiн беруi;
шартты салымның арнайы шоты (қызмет көрсету шоты) - қарыз алушының Қазақстанның Даму Банкiнде ашылған және тек қана мемлекет кепiлдiк берген қарыз, мемлекет кепілгерлігімен тартылған қарыз бойынша алдағы төлемдердi өтеудi қамтамасыз етуге ғана арналған арнайы шартты салым шотында ақшаның бөлiгiн мерзiмдi төлеу арқылы мiндеттi жинақтамасы;
шартты салымның арнайы шотындағы (қызмет көрсету шоты) қаражат қарыз туралы шартқа (келісімге) сәйкес алдағы төлем күнiне дейiнгi жиырма күн бұрын негiзгi борыштың, есептелген пайыздардың (сыйақының), сондай-ақ өзге де төлемдердiң алдағы төлемдерiнiң жүз пайызы мөлшерiнде белгiленедi;
арнайы несие шоты - Банкте тек концессия объектісін құру үшін пайдалана алынатын инфрақұрылымдық облигацияларды орналастырудан түскен қаражатты есепке алу үшін ашылған арнайы несие шотында ақша бөлігінің кезеңді төлемдері арқылы қарыз алушының міндетті жинағы.
мемлекеттік кепiлдiк беру туралы келісім - бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органның, сенім білдірілген өкілдің (агенттiң) және қарыз алушының арасындағы мемлекеттік кепiлдiк беру туралы тараптардың құқықтық қатынастарын белгiлейтiн мемлекет кепiлдiк берген қарыз, мемлекеттік кепiлдiк бойынша мiндеттемелердi атқарған жағдайда оқшауландырылған республикалық бюджеттiң қаражатын қайтару бойынша мемлекет кепiлдiк берген қарыз шартына сәйкес мiндеттемелердiң орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі келісім;
концессия мәселелері бойынша мамандандырылған ұйым - концессия мәселелері бойынша қызмет көрсету үшін Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған ұйым;
түпкi қарыз алушы - Қазақстан Республикасының резидентi болып табылатын қарыз алушы анықтаған шарттарда қарыз қаражатын түпкi алушы;
597. Қабылданған макроэкономикалық көрсеткiштердi негiзге ала отырып, бюджеттi жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган ҚР ҰБ-мен және бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органмен бiрлесiп, әлеуметтiк-экономикалық даму болжамы мен республиканың алдағы үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік өлшемдері, жинақталған мемлекеттік және мемлекет кепiлдiк берген борыштың көлемi мен құрылымының негiзiнде үкiметтiк қарыз алу мен борыштың алдағы орта мерзiмдi кезеңiне арналған жыл сайынғы жай-күйін бағалау және болжауды жүргiзедi.
598. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарыз алу көлемдерiн, нысандарын және шарттарын, ағамдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджетте бекітілетiн үкiметтiк борышты өтеу және қызмет көрсету көлемдерiн анықтайды
599. Тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң тапшылығын қаржыландыру үшiн тартылатын болжанған үкiметтiк қарыздардың тiзбесiн қалыптастыру бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi органның бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органмен бiрлесiп:
1) қолданыстағы сыртқы қарыздар қаражаты түсiмдерiнiң тiзбесi мен жылдық көлемiн;
2) қаражаттың түсуiнiң ықтимал тiзбесi мен жылдық көлемiн және олардың даярлық дәрежесiне, Қазақстан Республикасы Үкіметінiң сыртқы борышының жинақталған қалдық деңгейiне және халықаралық қаржы ұйымдары мен дамуға ресми көмек көрсететiн донор-мемлекеттердiң үкiметтерiмен, басқа да сыртқы кредит берушiлермен өзара iс-қимылдың перспективаларына негiздей отырып қол қоюға дайындалып жатқан бағдарламалық және инвестициялық сыртқы қарыздарды;
3) iшкi және халықаралық капитал нарықтарында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыруды қоса алғанда, жоғарыда санамаланған көздер жаппаған бюджеттiң тапшы бөлiгiн қаржыландыру үшiн ықтимал өзге қарыз алу көздерi мен құралдарын анықтауды қамтиды.
64-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды шығару жолымен қарыз алуы
600. Қазақстан Республикасының Үкіметі iшкi және халықаралық капитал нарықтарында мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару туралы шешiм қабылдайды.
601. Халықаралық капиталдар нарықтарына мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздар шығару үшiн:
1) елдiң кредиттiк рейтингiн жаңарту, инвесторларды тарту мақсатында мемлекеттік бағалы қағаздар шығару нарығы мен әрiптестерiн анықтау жөнiнде iс-шаралар ұйымдастыру және өткізу;
2) осындай мәмiле үшiн белгiленген талаптарға сәйкес қажеттi құжаттамалар дайындау жүзеге асырылады.
65-тарау. Қарыз шарттарын жасасу жолымен
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң қарыз алуы
602. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi орган орталық мемлекеттік органдармен бiрлесе отырып, жыл сайын басым инвестициялық жобалардың тiзбесiн қалыптастырады және оны тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қараған кезде республикалық бюджет комиссиясының қарауына бекітуге ұсынады.
603. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган тиiстi кезеңiне арналған басым инвестициялық жобалардың тiзбесi шегiнде белгiлi бiр қарызды тарту туралы Қазақстан Республикасы Yкіметінiң шешiмiн дайындау үшiн мүдделi министрлiктер мен ұйымдарды тарта отырып:
1) қарыз капиталының конъюнктурасын зерделеудi және қарыз алу мүмкiндiгiн бағалауды;
2) ағымдағы қаржы жылына арналған жаңа үкiметтiк қарыздар есебiнен қаржыландыру ұйғарылатын жобаның қаржылық сипаттамасын талдауды;
3) орын алып отырған мүмкiндіктер шеңберiнде жобаны қаржыландыру бойынша баламалы ұсыныстарды дайындауды;
4) қарыз шарттарын (нысаны, қарыз алушылар, кредит алушылар, шектеулер) жасасу жолымен сыртқы қарызды тарта отырып жобаны қаржыландыру сызбасы бойынша ұсыныстар дайындауды;
5) жобаны қаржыландыру бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі үшiн ұсыныстар дайындауды жүзеге асырады.
604. Қазақстан Республикасының Үкіметі қарыз шартын жасасу нысанында қарыз алу кезiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган мыналарды:
1) қаржыландыруға ұсынылған жоба, күтiлетiн қарыз шарттары бойынша кредит берушiлермен келiссөздер ұйымдастыруды және өткізудi;
2) шарттардың қолайлылығын және олардың қаржылық (бюджеттік) шектеулерге сәйкестiгiн бағалауды;
3) қарыз шарты мен iлеспе құжаттардың жобаларын дайындауды;
4) қарыз қаражатын пайдалану қатынастарын, оны өтеу мен оған қызмет көрсетудi қамтамасыз ету, бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның түпкiлiктi қарыз алушылармен, қарыз алушылардың агенттермен қарыз бойынша мiндеттемелерiнiң есебiн жүргiзетiн және қызмет көрсететiн ұйымдармен қатынастарды реттейтiн құжаттарды дайындауды және ресiмдеудi қамтитын дайындықтарды жүзеге асырады.
605.Үкiметтiк қарыз бойынша құжаттамаларды келiсудi мүдделi мемлекеттік органдар жүзеге асырады. Дайындалған құжаттамалар негiзiнде әдiлет органының қарыз бойынша құжаттамаға құқықтық сараптама жүргiзуi жүзеге асырылады, нәтижесi тиiстi қорытындымен ресiмделедi.
606. Қазақстан Республикасының Yкіметі бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органның ұсынысы негiзiнде қарыз шартын жасасу жолымен үкiметтiк қарызды тарту туралы шешiм қабылдайды.
607. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiнде қарыз алуды жүзеге асыру нысаны мен оның көлемi, қарыз шартымен iлеспе құжаттарға қол қою үшiн Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының және ресми тұлғаларының өкiлеттiктерi белгiленедi.
608. Ресiмделген қарыз шартына қол қою Қазақстан Республикасы Үкіметінiң шешiмiне сәйкес жүзеге асырылады.
609. Халықаралық қаржылық ұйымдар және қарыз беруші елдердің үкіметтері қол қойған Қарыз шарты Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Парламентiнiң ратификациялануына жатады.
610. Қол қойылған қарыз шарттары бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органда тiркеуге жатады.
611. Сыртқы үкiметтiк қарыздар/байланысқан гранттар бойынша алынған қаражат республикалық бюджетте көрсетiледi және Қазақстан Республикасының жоспарлы жылға арналған республикалық бюджет туралы Заңына сәйкес оның атқарылу ретiне қарай пайдаланылады.
612. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган қарыздар/байланысқан гранттар жөніндегі атқарушы агенттердiң (түпкi қарыз алушылардың, Банктердiң, бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң) мiндеттi түрде ұсынған, сондай-ақ кредит берушiлерден алынған ақпараттар негiзiнде сыртқы қарыздардың/байланысқан гранттардың қаражатын есепке алуды жүзеге асырады.
613. Бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган қарыздар/байланысқан гранттар жөніндегі атқарушы агенттердiң (түпкi қарыз алушылардың, Банктердiң, бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң) мiндеттi түрде ұсынған, сондай-ақ қарыз берушiлерден алынған ақпараттар негiзiнде жобалардың iске асырылуын бақылауды жүзеге асырады. Атқарушы агенттердiң ақпараттарды ұсыну нысаны мен мерзiмiн бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган белгiлейдi.
66-тарау. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң қарыз қаражаты есебiнен
қаржыландырылатын инвестициялық жобаларды iске асыру
614. Халықаралық қаржылық ұйымдардың немесе басқа қарыз берушілердің (бұдан әрi - қарыз берушілер) Қазақстан Республикасының Үкіметіне беретiн қарыз шарттары немесе байланысты грант туралы келісімдер шеңберiнде қарыз қаражатын ойдағыдай пайдалану мақсатында бюджеттік бағдарламалар әкiмшiлерiнiң жанынан белгiленген штат саны шегiнде жобаны жүзеге асыруға жауапты құрылымдық бөлiмше анықталады.
615. Бюджеттік бағдарламалардың әкiмшiсi:
1) жоба құрауыштары тұрғысында, оның iшiнде республикалық бюджет қаражатынан қарыз шартының немесе байланысты грант туралы келісімнiң барлық қолданылу кезеңiнде жылдар бойынша жұмыстардың тiзбесiн, қаржыландырудың мерзiмiн және көлемiн қамтитын инвестициялық жобаны iске асыру кестесiн әзiрлейдi;
2) тиiстi қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезiнде инвестициялық жобаны қаржыландыру көлемiн белгiленген тәртiппен жоспарлайды;
3) қарыз шартында немесе байланысты грант туралы келісімде көзделген рәсiмдерге сәйкес тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi сатып алу жолымен инвестициялық жобаны iске асыруды жүзеге асырады;
4) қарыз берушімен келісілген конкурстық комиссияның шешiмi негiзiнде тауарларды, жұмыстарды және көрсететін қызметтердi сатып алуға келісім-шарттар жасасады;
5) жасасқан келісім-шарттардың мониторингiн, сондай-ақ сыртқы қарыз қаражатының, байланысқан гранттың және қазақстан тарапының бiрлесiп қаржыландырған қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етедi;
6) жыл сайын ағымдағы жылдың жиырмасыншы желтоқсанына қарай бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi органға алдағы қаржы жылына арналған сатып алудың егжей-тегжейлi жоспарын ұсынады.
7) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәілетті органмен қарыз шартына және байланысқан грант туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді, оның ішінде қарыз санаттары бойынша қаражатты қайта бөлу, қарыздың (гранттың) қаражатына қол жеткізу мерзімін ұзартуды келіседі.
616. Қазақстан Республикасы Үкіметінiң атынан қарыз алушы ретiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган:
1) осы Ереженің 59-тарауымен регламенттелетін егер мұндай, қарыз шартында немесе байланысты грант туралы келісімде немесе инвестициялық жобаларды қаржыландыру схемасында көзделген жағдайда жобаны iске асыруға қатысу үшiн қазақстандық екiншi деңгейдегi банктердi немесе басқа ұйымдарды iрiктеудi жүзеге асырады;
2) Банктермен келісім бойынша үкiметтiк сыртқы қарыздардың қаражатын және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң бiрлесiп қаржыландыру қаражатын республикалық бюджетке қайтару туралы түпкi қарыз алушымен кредиттiк шарт әзiрлейдi және оған қол қояды;
3) қарыз шартты немесе байланысты грант туралы келісімді пайдалану мониторингiн жүзеге асырады;
4) қарыз шартына немесе байланысты грант туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізуді келіседі.
67-тарау. Қарыз және грант қаражаты есебiнен тауарларды,
жұмыстар мен қызметтердi сатып алу бойынша конкурстар өткізу
617. Тауарларды, жұмыстар мен қызметтердi сатып алу бойынша конкурстар өткізу кезiнде бюджеттік бағдарламаның әкiмшiсi:
1) қарыз берушімен сатып алынатын тауарлардың, консультанттар үшiн техникалық тапсырмалардың, сондай-ақ мердiгерлер үшiн техникалық құжаттамалардың техникалық ерекшелiктерiн әзiрлейдi және келiседi;
2) конкурсқа қатысушылардың конкурстық ұсыныстарын бағалау үшiн конкурстық комиссия құрады. Төрағаны қоса алғанда, конкурстық комиссия мүшелерiнiң жалпы саны тақ санды құрауы және кемi үш адам болуы тиiс;
3) қарыз берушінің рәсiмдерiн және тәртібін басшылыққа алады;
4) инвестициялық жоба шеңберiнде жасалған келісім-шарттардың орындалуын бақылайды.
618. Конкурсқа қатысушылардың біліктiлiктерiне, сатып алынатын тауарлардың, мердiгерлер үшiн конкурстық құжаттамалардың, сондай-ақ атқарушы агенттердiң консультанттары үшiн техникалық тапсырмалардың техникалық ерекшелiктерiне қойылатын талаптарды әзiрлеу кезiнде бюджеттi атқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган мен қарыз берушінің алдын ала келісімi бойынша отандық компаниялардың қатысу мүмкіндіктерi ескерiлуi тиiс.
619. Белгiленетiн біліктiлiк талаптарының дәрежесi келісім-шарттардың уақытылы және сапалы атқарылуына ешқандай қауiп төндірмеуі тиiс, өз кезегiнде отандық компаниялардың конкурсқа қатыспай қалуына себеп болуы мүмкiн негiзсiз жоғары талаптардың орын алуын жою қажет.
620. Тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алу бойынша қарыз берушінің ережелерiнде отандық мердiгерлерге, тауарлар өндiрушiлерге (берушiлерге) және консультанттарға көзделген жеңiлдiктер орын алған жағдайда атқарушы агент конкурстық құжаттарда көзделген жеңiлдiктердi ескере отырып түскен конкурстық ұсыныстарды бағалау және салыстыру рәсiмдерi сипатталған тиiстi баптарды көздеуi тиiс.
621.Егер, халықаралық шартта өзгеше көзделмесе, үкiметтiк сыртқы қарыз немесе байланысқан грант шеңберiнде қаржыландырылатын инвестициялық жобаны iске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының бiрлесiп қаржыландыру қаражатынан тауарларды, жұмыстарды және қызметтердi сатып алу Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүргiзiледi.
68-тарау. Мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды
алу және пайдалану тәртібі
622. Осы мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды алу және пайдалану тарауы (бұдан әрi - тарау) мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың есебiнен қаржыландырылуға ұсынылатын инвестициялық жобаларды (бұдан әрi - инвестициялық жобалар) iрiктеу рәсiмiн және Қазақстан Республикасы Үкіметінiң мемлекеттік емес қарыздар бойынша мемлекеттік кепiлдiктер (бұдан әрi - мемлекеттік кепiлдiктер) беру рәсiмдерiн анықтайды.
623. Мемлекеттік кепiлдiктер беру процесi мынадай негiзгi кезеңдердi:
1) инвестициялық жобаларды iрiктеудi;
2) басым бюджеттік инвестициялық жобалар тiзбесiн қалыптастыруды, қарау мен бекітудi;
3) мемлекеттік кепiлдiктi берудi қамтитын іс-шаралар кешенінен тұрады.
624. Мемлекеттік (үкiметтiк, тәуелсiз) (бұдан әрi - мемлекеттік кепiлдiктер) кепiлдiктер беру процесінің негiзгi қатысушылары қарыз алушылар, салалық уәкiлеттi органдар, экономикалық жоспарлау жөніндегі, бюджеттi атқару жөніндегі, қоршаған ортаны қорғау, еңбек жөніндегі уәкiлеттi орган, әдiлет органы, Республикалық бюджет комиссиясы, Қазақстанның Даму Банкi болып табылады.
625. Қарыз алушылар:
1) техникалық-экономикалық негiздеменi (бұдан әрi - ТЭН) және инвестициялық жобалардың бизнес-жоспарларын даярлауды жүзеге асырады;
2) осы Тәртiпке және мемлекеттік кепiлдiктер беру процесiне қатысушылардың талаптарына сәйкес инвестициялық жобаларды қарау үшiн талап етiлетiн құжаттамаларды ұсынуды қамтамасыз етедi.
626. Салалық уәкiлеттi органдар:
1) инвестициялық жобаларға салалық сараптама жүргiзедi;
2) салалық сараптаманың нәтижелерi бойынша тиiстi қорытындыларды ұсынады.
627. Бюджет атқару жөніндегі уәкілетті орган:
1) инвестициялық жобалардың қаржылық сараптамасын жүзеге асырады;
2) мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздарды беру шарттары бойынша ықтимал кредиторлармен келiссөздер жүргiзедi;
3) мемлекеттік кепiлдiктер беру туралы келісім жасасады;
4) мемлекеттік кепiлдiктер бередi.
628. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы орталық уәкiлеттi орган жоспарланған қызметтi iске асыруға, оларды iске асыру туралы шешiм қабылдау алдындағы кезеңдегi жоспарланған қызметтiң экологиялық талаптарына сәйкестiгiн бағалауға байланысты ықтимал терiс салдарларын алдын алу және өндiрiстiк күштердi орналастыру және дамыту салдарынан экологиялық жағдайдың болжамданған өзгеруiн сараптамалық қамтамасыз ету мақсатында инвестициялық жобаның мемлекеттік экологиялық сараптамасын жүзеге асырады.
629.Еңбек жөніндегі орталық уәкiлеттi орган iшкi еңбек нарығын қорғау мақсатында инвестициялық келісім-шарттар жобаларының сараптамасын жүзеге асырады.
630. Экономикалық жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган:
1) инвестициялық жобаларды қарау үстінде ұйымдық басшылықты қамтамасыз етедi;
2) инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасын жүзеге асырады;
3) мемлекет кепiлдiк берген қарыздарды тарту үшiн несие капиталының нарықтарын (iшкi және сыртқы) анықтайды;
4) жоспарланып отырған кезеңге мемлекеттік кепiлдiктер беру лимитi бойынша ұсынысты, инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қалыптастырады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
631. Әдiлет органы мемлекеттік кепiлдiктермен жасалатын қарыз шарттарына заң сараптамасын жүргiзедi.
632. Қазақстан Даму Банкi:
1) банк сараптамасын жүзеге асырады;
2) инвестициялық жобалардың тiзбесiне енгiзiлген инвестициялық жобаларға қызмет көрсету жөніндегі агенттiң функциясын орындайды.
633. Республикалық бюджет комиссиясы:
1) жоспарланған кезеңге мемлекеттік кепілдіктер беру лимитін анықтайды;
2) инвестициялық жобалардың тізілімін анықтайды;
3) әр инвестициялық жоба үшін жоспарланған жылға мемлекеттік кепілдіктерді беру шегінде мемлекеттік кепілдік мөлшерін анықтайды.
634. Мемлекеттік кепiлдiктер беру үстінде өз құзыретiнiң бөлiгiнде заңнамаға сәйкес инвестициялық жобаларды бағалауды (сараптаманы) жүргiзуге өкiлеттiк берiлген уәкiлеттi басқа мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдар қатысады.
69-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерiмен мемлекеттік
емес қарыздар қаражатының есебiнен қаржыландыру
үшiн инвестициялық жобаларды iрiктеу
635. Мемлекеттік кепiлдiк алуға үмiткер заңды тұлғалар мынадай құжаттарды:
TЭH;
салалық сараптаманың, Қазақстан Даму Банкінің банктiк сараптамасының және заңнамаға сәйкес қажеттi басқа да сараптамалардың оң қорытындыларын қоса бере отырып, ағымдағы қаржы жылының 1 наурызынан кешiктiрiлмеген мерзiмде мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкiлеттi органға өтiнiмдi ұсынады.
636. Жоғарыда көрсетiлген талаптарға сәйкес толық емес құрамдағы құжаттармен ұсынылған өтiнiмдердi мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган қарамайды.
Жоғарыда көрсетiлген мерзiмнен кейiн ұсынылған өтiнiмдер кезекті жылы мемлекеттік кепiлдiктер беру тұрғысынан қаралмайды.
637. Осы Ереженiң 639-тармағына сәйкес өтiнiмдi ұсынғаннан кейiн мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган инвестициялық жобаның экономикалық сараптамасын жүргiзудi ұйымдастырады және екi ай iшiнде экономикалық сараптаманың қорытындысын әзiрлейдi.
638. Инвестициялық жобаның экономикалық сараптамасы - жоба TЭH әзiрлеу шеңберiнде, осы Ережеде көзделген сараптамалар бойынша қорытындылар негiзiнде жүргiзiлген инвестициялық жобаны экономикалық талдауды кешендi бағалау, ол мыналарды:
жоба мақсаттарының басым мемлекеттік инвестицияларға сәйкестiгiн бағалауды;
экономикалық талдауды бағалауды;
инвестициялық жоба iске асырылған жағдайда республикалық және жергiлiктi бюджеттерге салық түсiмдерiнiң ағынын талдауды қамтиды.
639. Осы тарауда көрсетiлген сараптамаларды жүргiзу үшiн қажеттi құжаттардың тiзбесiн тиiстi мемлекеттік органдар мен өзге ұйымдар анықтайды.
640. Осы Ереженiң 635-тармағында көрсетiлген сараптамаларға оң қорытындылардың бары-жоғы мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың тiзбесiне инвестициялық жобаны енгізу үшiн шарт болып табылады.
70-тарау. Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепiлдiктерiмен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға арналған инвестициялық жобалардың тiзбесiн қалыптастыру, қарау және бекіту
641. Республикалық бюджет комиссиясы жоспарланып отырған жылдың алдындағы жылдың 1 мамырына дейiнгi мерзiмде жоспарланып отырған үш жылдық кезеңге мемлекеттік кепiлдiктердi беру лимитiн анықтайды.
642. Мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган ағымдағы жылдың 20 шiлдесiнен кешiктiрмеген мерзiмде инвестициялық жобалардың экономикалық сараптамасының қорытындысы негiзiнде жобалар бойынша экономикалық сараптамалардың қорытындыларын қоса бере отырып, мемлекеттік кепiлдiктермен мемлекеттік емес қарыздардың қаражаты есебiнен қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қалыптастырады және республикалық бюджет комиссиясының қарауына енгiзедi.
643. Республикалық бюджет комиссиясы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган ұсынған инвестициялық жобалар тiзбесiнiң жобасын қарау кезiнде кезекті жылға арналған мемлекеттік кепiлдiктердi беру лимитiне енетiн, бiр жылға арналған инвестициялық жобалардың тiзбесiн анықтайды.
644. Республикалық бюджет жобасын қалыптастыру барысында мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкiлеттi орган бюджеттi атқару жөніндегі уәкiлеттi органмен бiрлесе отырып, республикалық бюджет комиссиясының шешiмi бойынша инвестициялық жобалардың тiзбесiн пысықтайды және әрбiр инвестициялық жоба бойынша мемлекеттік кепiлдiктердiң сомасын қайта қарайды.