Айрықша жағдайларда Бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану шарттары мен тәртібі туралы
хаттама
(Мәскеу қ., 2008 жыл 12 желтоқсан)
(2012.24.08. берілген өзгерістермен)
Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың күшіне енуіне байланысты қолданылуы тоқтатылды
ҚР 2009 жылғы 24 қарашадағы № 202-ІV Заңымен ратификацияланды
2010 ж. 1 қаңтардан бастап күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 4-бабының 6-тармағын іске асыру мақсатында,
халықаралық сауданың жалпыға бірдей танылған нормалары мен ережелерін басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Хаттамадағы «Бірыңғай кедендік тариф», «кедендік әкелу бажының ставкасы» және «Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасы» ұғымдары 2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімнің 2-бабында айқындалған мәндерде пайдаланылады.
2012 ж. 24 тамыздағы Хаттамамен 2-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
2-бап
Бірыңғай кедендік тарифті қолданысқа енгізген және оны жүргізу жөніндегі өкілеттіктер Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі - Комиссия) берілген күнінен бастап Бірыңғай кедендік тарифтің ставкасымен салыстырғанда кедендік әкелу бажының неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставкасын (бұдан әрі - неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставка) Тараптардың біреуі осы Хаттамаға сәйкес қабылданатын Комиссия Кеңесінің шешімі негізінде айрықша жағдайларда үшінші елдерден шығарылатын тауарға қатысты қолдануы мүмкін.
Тараптардың біреуінің неғұрлым жоғары ставканы қолдануын, егер мұндай шара осы Тарап мемлекеті экономикасының саласын дамыту үшін қажетті шарт болып табылса, осы Тарап ұсынуы мүмкін.
Тараптардың біреуінің неғұрлым темен ставканы қолдануын, егер мұндай шара халықтың әлеуметтік маңызды қажеттіліктерін немесе айтарлықтай дәрежеде үшінші елдерден дәстүрлі импортқа тәуелді өндірісті дамыту қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті шарт болып табылса және осы немесе осыған ұқсас тауарды кеден одағында өндіру есебінен жүзеге асырылуы мүмкін болмаса, тауардың өткір тапшылығы жағдайында осы Тарап ұсынуы мүмкін.
3-бап
1. Комиссияның Тараптардың біреуінің неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдануы туралы мәселені қарауы үшін бұл Тарап Комиссияға оны қолдану қажеттігінің негіздемесін қоса бере отырып, неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану туралы ұсыныс береді.
2. Неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану туралы ұсыныс мынадай ақпаратты қамтуы тиіс:
а) тауарға арналған Бірыңғай кедендік тариф ставкасының мөлшері;
б) ұсынысты енгізетін Тарап мемлекетінде де, тұтастай кеден одағында да өндіріс көлемі туралы және тауарға қажеттілік туралы мәліметтер (заттай және құндық мәнде);
в) ұсынысты енгізетін Тарап мемлекетінің де, тұтастай кеден одағының да тауарды импорттау көлемі туралы мәліметтер;
г) неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолданудың болжамды мерзімі;
д) неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану мақсатына қол жеткізу үшін басқа Тараптар қабылдауы тиіс шаралар.
3. Неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану қажеттігінің негіздемесі статистикалық деректерді, қаржы-экономикалық есептерді және неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолданудың орындылығын және оны қолдану мақсатына өзге құралдармен қол жеткізудің мүмкін еместігін растайтын басқа ақпаратты, сондай-ақ Тараптар мемлекеттерінің нарықтары үшін оны қолданудың салдарын бағалауды және үшінші елдердің ықтимал іс-әрекетін бағалауды қамтуы тиіс.
4. Комиссия басқа Тараптарға Тараптардың біреуінің неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдануы туралы ұсынысын жібереді.
5. Комиссия Тараптардың біреуінің неғұрлым жоғары немесе неғұрлым темен ставканы қолдануы мәселесін Комиссияның неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану туралы ұсынысын алған күнінен бастап 30 күн ішінде қарайды.
2012 ж. 24 тамыздағы Хаттамамен 4-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
4-бап
1. Комиссия Кеңесі Тараптардың біреуінің неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдануы туралы шешімді мынадай шарттар болған кезде қабылдайды:
а) неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолданудың негізділігі;
б) басқа Тараптардың Бірыңғай кедендік тариф ставкасының тиісті өзгеруіне келіспеуі.
2. Комиссия Кеңесі Тараптардың біреуінің неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдануы туралы шешімді ымыралы негізде қабылдайды.
3. Комиссия Кеңесінің Тараптардың біреуінің неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдануы туралы шешімі мынадай ақпаратты қамтуы тиіс:
а) тауардың атауы;
б) тауардың Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасы бойынша коды;
в) Тараптың неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану мерзімі;
г) неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканың мөлшері;
д) неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану мақсатына қол жеткізу үшін басқа Тараптар қабылдауы тиіс шаралар.
4. Егер Комиссия Кеңесінің тиісті шешімімен өзгеше белгіленбесе, Тараптардың біреуінің неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану мерзімі алты айдан аспауға тиіс.
5. Неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану мерзімін келесі алты айға ұзарту туралы мәселені мүдделі Тарап осы мерзім аяқталғанға дейін бір айдан кешіктірмей енгізуі мүмкін.
5-бап
1. Комиссия әкелу кезінде Тараптар неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставкаларды қолданатын тауарлардың тізбесін жүргізеді.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тізбеге мынадай ақпарат енгізіледі:
а) тауардың атауы;
б) тауардың Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасы бойынша коды;
в) неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолданатын Тарап;
г) неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканың мөлшері;
д) неғұрлым жоғары немесе неғұрлым төмен ставканы қолдану мерзімі;
е) Бірыңғай кедендік тариф ставкасының мөлшері.
6-бап
Осы Хаттама күшіне енген күнінен бастап бес жыл ішінде қолданылады және ұзартуға жатпайды.
7-бап
Осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты Тараптар арасындағы даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
8-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Хаттамаға жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
9-бап
Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы Комиссия депозитарийінің функциялары берілгенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін | Ресей Федерациясының Үкіметі үшін |
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Айрықша жағдайларда Бірыңғай кедендік тарифтің ставкаларынан ерекшеленетін кедендік әкелу баждарының ставкаларын қолдану шарттары мен тәртібі туралы хаттаманың мемлекеттік тілдегі аудармасы екендігін растаймын.
Индустрия және сауда вице-министрі | Ж. Айтжанова |