Кеден одағының тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесі туралы
ХАТТАМА
(Мәскеу қ. 2008 жылғы 12 желтоқсанда)
2016 жылғы 10 қазанан бастап күші жойылды
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарттың 102-бабына сәйкес Комиссияның тиісті шешімі күшіне енген күнінен бастап қолданылуы тоқтатылады
ҚР 2009 жылғы 24 қарашадағы № 201-ІV Заңымен ратификацияланды
2010 ж. 1 қаңтардан бастап күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының Үкіметі, Қазақстан Республикасының Үкіметі және Ресей Федерациясының Үкіметі,
2008 жылғы 25 қаңтардағы Бірыңғай кедендік-тарифтік реттеу туралы келісімді негізге ала отырып,
экономикалық ықпалдасуды тереңдетуге жәрдемдесу және адал бәсекелестікті жүзеге асыру мақсатында,
халықаралық сауданың жалпыға бірдей танылған нормалары мен ережелерін басшылыққа ала отырып,
мына төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Кеден одағының комиссиясына (бұдан әрі - Комиссия) Тараптар Бірыңғай кедендік тарифті жүргізу жөніндегі өкілеттіктерді берген күнінен бастап дамушы және неғұрлым аз дамыған елдерде шығарылатын және олардан әкелінетін тауарларды Тараптар мемлекеттерінің кедендік аумақтарына немесе бірыңғай кедендік аумаққа әкелу кезінде тарифтік преференциялар тек қана осы Хаттамаға сәйкес беріледі.
2-бап
Тарифтік преференциялар жүйесін пайдаланатын дамушы елдердің тізбесін Комиссия бекітеді.
Бұл тізбеге Дүниежүзілік банк жоғары деңгейдегі табысы бар елдер ретінде жіктемейтін елдер енгізіледі.
Дүниежүзілік банк жоғары деңгейдегі табысы бар ел ретінде жіктемейтін ел мынадай жағдайларда көрсетілген тізбеге енгізілмеуі не одан алып тасталуы мүмкін:
елдің Дүниежүзілік банк жоғары деп айқындайтын табыс деңгейіне қол жеткізуі;
осы елден тауарларды әкелу көлемі Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасы топтарының құндық көлемі бойынша ең үлкен бесеуі болғанда алдыңғы екі жылда преференциялар жүйесін пайдаланушы елдерден осы тауарларды әкелудің жалпы көлемінің 75 процентіне тең немесе одан артық болуы;
Тараптар мемлекеттерінің не Тараптар мемлекеттерінің жеке және (немесе) заңды тұлғаларының экономикалық мүдделерін бірнеше мәрте бұзушылық, оның ішінде әрекеттері Тараптар мемлекеттерінің жеке және (немесе) заңды тұлғаларына осы елдің нарығына енуді негізсіз жауып тастайтын немесе өзгеше түрде Тараптар мемлекеттерінің жеке және (немесе) заңды тұлғаларын негізсіз кемсітетін ретінде түсінілетін осы елдің достыққа жатпайтын іс-қимылдары;
есірткі экспортын немесе транзитін бақылаудағы елеулі кемшіліктер;
ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі халықаралық шарттардың сақталмауы.
3-бап
Тарифтік преференциялар жүйесін пайдаланатын неғұрлым аз дамыған елдердің тізбесін Комиссия бекітеді.
Көрсетілген тізбеге БҰҰ-ның неғұрлым аз дамыған елдер тізіміне кіретін елдер енгізіледі.
4-бап
Дамушы елдерден және неғұрлым аз дамыған елдерден шығарылатын және әкелінетін, әкелу кезінде тарифтік преференциялар берілетін тауарлардың тізбесін Комиссия бекітеді. Көрсетілген тізбенің позициялар саны Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасының кіші қосалқы позицияларының жалпы санының 20 процентінен аса алмайды.
Қажет болғанда Комиссия неғұрлым аз дамыған елдерде шығарылатын және әкелінетін, әкелу кезінде тарифтік преференциялар берілетін тауарлардың қосымша тізбесін бекітеді. Бұл тізбенің позициялар саны Сыртқы экономикалық қызметтің бірыңғай тауар номенклатурасының кіші қосалқы позицияларының жалпы санының 5 процентінен аса алмайды.
5-бап
Тараптардың уағдаластығы бойынша осы Хаттамаға жеке хаттамалармен ресімделетін өзгерістер енгізілуі мүмкін.
6-бап
Тараптар арасындағы осы Хаттаманы түсіндіруге және (немесе) қолдануға байланысты даулар мүдделі Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау мүдделі Тараптардың кез келгенінің бастамасы бойынша Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
7-бап
Осы Хаттаманың күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы Кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне енуі, олардан шығу және оларға қосылу тәртібі туралы хаттамамен айқындалады.
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
Осы Хаттаманың түпнұсқа данасы өз функцияларын Комиссияға бергенге дейін Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Интеграциялық Комитеті болып табылатын депозитарийде сақталады.
Депозитарий әрбір Тарапқа осы Хаттаманың куәландырылған көшірмесін жібереді.
Беларусь Республикасының Үкіметі үшін | Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін |
Ресей Федерациясының Үкіметі үшін | |
2008 жылғы 12 желтоқсанда Мәскеу қаласында қол қойылған Кеден одағының тарифтік преференцияларының бірыңғай жүйесі туралы хаттаманың мемлекеттік тілдегі аудармасы екендігін растаймын.
Индустрия және сауда вице-министрі | Ж. Айтжанова |