Қазақстанның тоқыма өнеркәсібіне мыналар тән:
саланың кеңес уақытында салынған тоқыма тігін кәсіпорындармен ұсынылуы;
кәсіпорындардың техникалық жабдықталуының төменгі деңгейі;
саланың жаңартылуы мен өсуі: соңғы 2-3 жылда қазіргі заманның кәсіпорындары «Қазақ Орыс Тоқыма Альянсы» ЖШС; «Меланж» АҚ; «Ютекс» АҚ; «Нимекс Текстайл» ЖШС салынды.
Қазіргі күнгі кезеңде елдің жалпы өндірісінің жалпы көлеміндегі тоқыма және тігін өнеркәсібінің үлес салмағы 0,4 %-ды, өнеркәсіптік өндіріс көлемінде 1,3 %-ды құрап отыр.
Германия, Франция және Америка Құрама Штаттары (бұдан әрі - АҚШ) секілді дамыған елдерде өнеркәсіптік өндіріс көлеміндегі тоқыма және жеңіл өнеркәсібінің үлесі 6-8 %-ға, Италияда 12 %-ға тең. Мұның өзі оларға бюджеттің 20 %-ын қалыптастыруға, сондай-ақ, өздері шығарған өніммен ішкі нарықты 75 - 85 %-ға толтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасының тоқыма және тігін өнеркәсібі ішкі нарық қажеттілігінің 10 %-ын ғана өтейді. Елдің экономикалық қауіпсіздігін қалыптастыру үшін ішкі өндіріс көлемі кем дегенде ішкі сұраныстың 30 %-ын қанағаттандыруы тиіс.
Қазақстанның тоқыма индустриясын дамытуға, сол сияқты өңірдің мақта-тоқыма өнеркәсібінің жеке секторы үшін де нарықтық мүмкіндіктерінің жақсы ауқымы бар.
3.4. Иірімжіп өндіру
Мақта жөніндегі Халықаралық Консультативтік Комитет талдамашыларының болжамы бойынша 2008 жылы мақта-мата және химиялық иірімжіптерін өндірудегі дамушы елдердің үлесі 80 %-ға дейін өседі. Дамушы елдердің арасындағы әлем өндірісінің ең көп үлесі - 25,28 %-ы Қытайдың үлесінде.
Қазақстанда өндірілетін мақта талшығының барлық көлемі (90 %-дан астамы) экспортқа бағытталған. Мақтаның 10 %-ы иірімжіптердің сұрыптық түрлері мен маталарды өндіруде «Ақ жіп» ААҚ, «Almaty Cotton Рlаnt» ЖШС, «Қазақ Орыс Тоқыма Альянсы» ЖШС, «Меланж» АҚ, «Ютекс» АҚ секілді мақта иіретін кәсіпорындар пайдаланады.
Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының деректері бойынша Қазақстан Республикасында иірімжіп өндірудің өсу серпіні байқалып отыр. Мәселен, 2000 жылы 1 мың тонна мақта иірімжібі, ал 2005 жылы - 4,5 мың тонна өндірілді.
Мақта талшығынан орташа есеппен иірімжіп шығуы 88 %-ды құрайды, қалған 12 %-ы қалдықтар (тозаң - 7 %, қайтарымды қалдықтар - 5 %). Иірімжіптің негізгі қолданылу саласы маталарды, трикотаж және шұлық бұйымдарын өндіру. Анағұрлым жіңішке иірімжіпті өндіру үшін ұзын талшықты мақта қажет.
Иірімжіптің 97 - 99 %-ы тоқыма өнеркәсібінің кәсіпорындарында маталарды өндіруде пайдалану үшін арналған. Иірімжіптің 1 - 3 %-ы басқа өнеркәсіптердің кәсіпорындарында пайдаланылады.
3.5. Мақта мата өндіру
Мақта маталардың нарығында Азия, Латын Америкасы елдерінде, сондай-ақ ТМД елдерінде өндірістің өсуі болды. Сонымен бір мезгілде Орталық және Шығыс Еуропа елдерінде және Африканың дамушы елдерінде өндірістің құлдырауы байқалды.
Қазақстанда табиғи және химиялық талшықтардан маталарды өндірудің көлеміндегі мақта маталардың үлесі 80 %-дан астамын құрайды. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының деректері бойынша мақта маталарды өндірудің өсу серпіні байқалып отыр. Мәселен, республикада 2000 жылы 6,8 млн. м2, ал 2005 жылы - 19,1 млн. м2 мақта-мата өндірілді.
Мыналар:
бетінің тығыздығы 200 г/ш.м. аспайтын сұрыптық ағартылмаған мақта-мата;
медициналық дәке;
бетінің тығыздығы 200 г/ш.м. асатын ағартылған маталар;
бетінің тығыздығы 200 г/ш.м. асатын басқа да маталар (әртүрлі түсті иірімжіптен жасалған маталардан басқа) номенклатураны құрайды.
Маталардың импорт көлемі айтарлықтай болуда, шамамен маталардың 71 %-ы Ресейден әкелінеді.
Қазақстан Республикасында бүгінгі күні өндіріс тізбегінің осы бөлігі нашар дамыған. Мақта-маталарды шығарумен айналысатын тек қана үш компания бар «Almaty Cotton Рlаnt» ЖШС, «Қазақ Орыс Тоқыма Альянсы» ЖШС, «Меланж» АҚ. Қазіргі бар компаниялардың мамандандыру сегменттері айқындалмаған. Мата өндіруге арналған тоқыма жабдықтары онша икемді емес және оны қайта жасап құру да ауыр, сондықтан нарықтың өзгеру үрдістерін түсіну және осыған байланысты сегментті және нарықты айқындау өте маңызды.
3.6. Маталарды өңдеу
Маталарды өңдеуді жүзеге асыратын кәсіпорындардың секторы нашар дамыған. Соған қарамастан, мақта-маталарды өндіруді дамытумен бірге елдің мақта-тоқыма саласының осы сегменті де қалпына келеді. Алдын ала берілген баға бойынша осы сегмент едәуір пайдалы болуы мүмкін және жабдықтарға мұндай үлкен инвестицияларды талап етпейді. Бәсекеге барынша қабілетті тоқыма саласын құру үшін осы сегментті дамытудың маңызы зор. Шри-Ланканың тоқыма өнеркәсібі өндіріс тізбегінің дәл осы сегментін дамыта отырып, үлкен жетістіктерге жетті. Жеткілікті түрде дамыған тоқыма өнеркәсібі болмай, Шри-Ланка кластер жасауды бояуға, басуға және өңдеуге шоғырландырды. Сапа, дизайн және бояу, басу мен өңдеу шапшаңдығы жағынан жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, Шри-Ланканың тоқыма кластері әлем нарығында бәсекеге қабілетті болды.
Шри-Ланканың және кластерді дамытудың осы жолын қолданған басқа да елдердің тәжірибесі инвестициялық жобаларды таңдау және «Оңтүстік» АЭА аумағында тоқыма өнеркәсібінің кәсіпорындарын салу процесінде қолданылатын болады.
3.7. Дайын тоқыма бұйымдарын өндіру
Дайын бұйымдар нарығы іш киімдердің, трикотаж бұйымдарының, киімдердің, кілем бұйымдарының және күнделікті сұранысқа, маусымдық сұранысқа ие немесе ұзақ мерзім пайдаланылатын басқа да тауарлардың түр-түрімен ұсынылуы мүмкін. Әрине, мақта шикізат элементі ретінде түпкілікті сұраныс өнімдерінде ұсынылуы мүмкін. Қазақстанда түпкілікті пайдаланатын дайын тоқыма бұйымдарын өндіруде пайдаланылатын маталарды өндірудің толық айналымының болмауы, дайын тоқыма бұйымдарын өндірудің төмендеуіне, олардың өзіндік құнының жоғары болуына және импорт көлемінің өсуіне әкеп соқтырады. Осылайша, ағымдағы тұтыну көлеміндегі көрпелер мен пледтер импортының үлесі жекелеген жылдары 90 %-ға (оның ішінде қытайдың өндіргені - 53 %, ресейдікі - 10 %), свитерлер мен жемпірлер — 83 %-ға, трикотаж жаймасынан жасалған киімдер - 46 %-ға, кілемдер - 97 %-ға, төсек орын - 12%-ға жетті.
Қазақстанның тоқыма және тігін өнеркәсібі кәсіпорындарының 70 - 80 %-ы киім нарығында жұмыс істейді, негізінен өздерінің ассортиментін күш құрылымдарының мұқтаждықтарына және арнайы киім шығаруға бағыттаған.
ОҚО-да өндіріс тізбегінің осы сегменті дамымаған. Облыста «Восход» компаниясы бар, ол бұрын матадан дайын бұйымдарды шығаратын ірі өндіруші болды, қазіргі уақытта кәсіпорын тек мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді, сондай-ақ мұнай газ компаниялары үшін бір үлгідегі киім мен арнайы киім шығарады.
Сегментке мынадай проблемалар тән: ескірген жабдық, әлемдік үрдістерді білмеу, кәсіби кадрлардың жетіспеуі, дайын өнімді жасырын және жарияламай импорттау, өндірілетін өнім сапасының төмендігі.
3.8. Оңтүстік Қазақстан облысының тоқыма өндірісі
Қазіргі уақытта Оңтүстік Қазақстан облысында қаражатты тоқыма өндірісін жаңғыртуға және жаңаларын салуға жұмсаған бірнеше жаңа кәсіпорын жұмыс істейді.
«Қазақ Орыс Тоқыма Альянсы» ЖШС - бірлескен кәсіпорын, оның құрамына қазақстанның мақта компаниясы «Мырзакент» ЖШС және «Орыс Тоқымасы» ресей корпорациясы (Ресейдің ірі тоқыма холдингі) кіреді. Жаңа өндірістің жоба бойынша белгіленген қуаты жылына 15 млн. шаршы метр деңгейінде жоспарланып отыр.
«Ютекс» АҚ - мақта талшығын қайта өңдейтін кәсіпорын, жоспарланған қуаты жылына шамамен 6 мың тонна мақта иірімжібін шығару, ол Украинаға, Ресейге және жергілікті нарыққа сатылады.
«Меланж» АҚ - жергілікті шикізатты пайдалана отырып мақта иірімжібін шығаратын мақта иіретін фабрика. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына орташа есеппен 2,5 мың тонна иірімжіп шығару деп бағаланады. Өнім Қазақстан, Ресей, Түркия бойынша сатылады.
3.9. Өндірістік шарттар
Өндірістік шығындардың төмендігін, шикізатты өңірлердің жақындығын (Қазақстанның оңтүстік өңірі, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан), тоқыма өнімін өткізудің ықтимал нарықтарының жақындығын (Батыс, Шығыс Еуропа, Азия тынық мұхиты өңірінің, Таяу Шығыс елдерінің, ТМД елдерінің де) ескере отырып, Қазақстанның тоқыма өнеркәсібінде одан әрі даму үшін жақсы негіз бар.
Тоқыма өнеркәсібіндегі жұмыс күшіне жұмсалатын шығындар Қазақстанның оңтүстігінде оператор жұмысының бір сағаты үшін 0,94 АҚШ долларына жуық. Мұның өзі Түркиядағы шығындардан төмен, бірақ Қытайдағыдан, Үндістандағыдан, Пәкістандағыдан жоғары.
Қосалқы шикізатқа және ресурстарға жұмсалатын негізгі шығындар тоқыма мен киім бойынша негізгі бәсекелес елдерден төмен.
Ресурс қағидаты өңірде мыналардың:
өндіріске арналған шикізаттың;
өңірдің жедел экономикалық дамуына байланысты көліктік және өндірістік инфрақұрылымды дамыту перспективаларының;
еңбек ресурстары молдығының бар болуымен іске асырылады.
3.10. Жібек мата өндірісі мен одан жасалатын бұйымдар
3.10.1. Жібек өндірісінің шикізат әлеуеті
Қазақстанның Оңтүстік бөлігінің табиғаты мен топырағы әрі климаттық жағдайы жібек құртының негізгі азық көзі болып табылатын тұт ағашын өсіру үшін қолайлы жағдай жасайды. Мамандандырылған жібек құртын өсіру жөніндегі кешендерде 500 га жаңа құнарлы екпежерлерге тұт ағаштарын отырғызған жағдайда, үшінші жылы 250 тоннаға дейін шикі піллә алуға болады.
Жергілікті елді мекендерде тұт ағашы отырғызылған жағдайда, көгалдандыру бойынша іс-шаралар қолға алынады, жұмыс күшіне сұраныс пайда болады, ауылдық жерлердің экономикалық және әлеуметтік маңызы арта түседі, өйткені бұл жағдай тез арада жұмыс орындарын құруға мүмкіндік жасайды әрі жастардың қалаға кетуіне тұсау болады.
Сарыағаш ауданының аумағында орналасқан «А.Л.М.» ЖШС-і 2001 жылдан бастап тұт ағашын өсірумен айналысып келеді, жібек құртының дернәсілін қоректендіру және жібек құрттарын өңдеу жөніндегі жұмыстар басталып кеткен, сонымен қатар жібек құрт өндірісі мен жібек өндіру ісін қайта жаңғырту және дамытумен айналысуда.
Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында 200 мыңнан астам тұт ағашының көшеттері отырғызылған және 1,2 миллион көшеттерді отырғызуға толық мүмкіндік бар.
3.10.2. Саланың Қазақстандағы жағдайы
Орталық Азияда жібек құртын қоректендірумен айналысуды өнеркәсіптік негізде жүзеге асыруға алғашқы қадамдар жасалып, арнайы типтік құрт шаруашылықтары салынды. Алайда тұрғындар жібек құртын өздерінің тұрғын үйлерінде қоректендіруге машықтанғандықтан және нәтижесінде жақсы пайда түсіріп отырғандықтан, тұрғындардың арасында жібек құртын өсіруге аса қызығушылық туындады. Жібек құртын орталықтандырылған құрт шаруашылықтарында қоректендіру соншалықты кең сұранысқа ие болмады; ал піллә өндірісінің азаюы төменде көрсетілген себептер бойынша орын алған:
1. КСРО-ның ыдырауына байланысты серіктестерден айырылу,
2. өсірілген піллә үшін төменгі мөлшердегі ақыны уақтылы төлемеу.
01.01.1990 жылғы көрсеткіш бойынша, Қазақстанның Оңтүстік облыстарында 61 шаруа қожалығы жібек шаруашылығымен айналысқан, оның ішінде жалпы аумағы 1862,9 га жерді құрайтын екпежерлері және 2095,4 мың тұт ағашы бар 37 колхоз және 24 совхоз болған. Шикі пілләның жалпы жиынтығы 280 тоннаны құраған.
Өзбекстанда жібек құртының дернәсілін өсіру және олардың өндірісі жөніндегі ғылыми-зерттеу және сұрыптау жұмыстары жүргізілген.
Қазақстанға жібек құртының дернәсілдері Өзбекстаннан 29 грамдық қорапшалармен жеткізіліп отырған, мұнда 24-30 күн бойы оларды өсіру және қоректендіру жөніндегі ең көп еңбек сіңіруді талап ететін жұмыстар жүргізіліп отырған. Осы процестің нәтижесінде алынған піллә орталықтандырған түрде Тәжікстанға жіберіліп, ол жерде жіптерді қайта орап, содан кейін жібек матасын тоқу үшін Мәскеу және Черкасс қалаларына жөнелтілген.
Қазіргі таңда Қазақстанда жібек және химиялық талшықтар өндірісі жоқ, алайда тоқыма кәсіпорындары жұмыс жасауда. Аталған кәсіпорындардың өнімдері (негізінен техникалық мақсаттағы маталар, тоқылмайтын материалдар, кілемдер және басқа тоқыма өнімдері) синтетикалық және жасанды жіптер мен талшықтардан дайындалады.
Қазақстандағы мата нарығының мүмкіндігін 841,8 миллион шаршы метрге бағалауға болады.
Мата түрлері бойынша нарық мүмкіндігі төмендегідей:
мақта мата - 590,6 миллион шаршы метр;
жүн мата - 47,8 миллион шаршы метр;
жібек мата - 145,0 миллион шаршы метр;
зығыр мата - 58,3 миллион шаршы метр.
Қазақстан Республикасындағы мата нарығының әлеуетін бағалау
Мата түрлері | 1 тұрғынға шаққандағы тиісті тұтыну нормасы, шаршы метр1 | Нарық мүмкіндігінің нақты көрсеткіші, мың шаршы метр2 | Орташа бағасы, теңге/шаршы метр | Нарық мүмкіндігінің құндық көрсеткіші, млн. теңге |
мақта мата | 39,5 | 590576,4 | 215 | 126973,9 |
жүн мата | | 47844,16 | 680 | 32534,0 |
жібек мата | 3,2 | 145027,6 | 154 | 22334,3 |
зығыр мата | 9,7 | 58310,07 | 450 | 26239,5 |
Барлығы | - | 841758,23 | - | 208081,7 |
1. Ресей Федерациясында бекітілген және Қазақстан Республикасында пайдалануға қолданылады.
2. Тиісті тұтыну нормасы Қазақстан Республикасының жалпы тұрғындарының санына көбейту арқылы есептеледі.
Жібек шаруашылығының негізгі орталықтары - Қытай, Жапония, Үндістан, Корея, Таиланд, Иран және Түркия. Аталған елдерде бірнеше миллиондаған жібек құрттары өсіріледі. Олар өздерінің меншікті жаңадан жұлынған ақ тұт ағашының (Моrus alba) жапырақтарымен қоректенеді. 3 кг жібек жібін алу үшін дернәсілдерді шамамен 30 тұт ағашының жапырақтарымен қоректендіру қажет.
Жібек тұтты жібек құртының протеиндерінен тұрады. Жоғарғы коммерциялық маңыздылыққа ие негізгі 5 жібек түрі бар. Аталған жібек түрлері әртүрлі жібек құрттарынан алынады. Жібектің негізгі түрлері - бұл малбери, дубты жібек жібінен туссар, муга және әри. Малбери немесе тұт ағашынан алынатын жібек түріне қарама-қарсы басқа жібек түрлерін әдетте жалпылама түрде жібектің тұт емес түрлері деп атайды.
Жібектің қасиеті: жібек жіптер жоғарғы деңгейлі серпімділігімен, қыртыстанбайтындығымен, сипаған кезде жұмсақтылығымен және жібектей сусығыштығымен, әрі тез арада дымқылды сіңіріп алғыштығымен ерекшеленеді.
Дүние жүзінде жібекті өндіру басқа талшықтармен салыстырғанда тіптен аз және жылына тек 60 мың тоннаны ғана құрайды. Ежелгі дәуірден бері жібекті алу үшін негізгі шикізат көзі ретінде табиғи жібек болып келген. Оны тұт ағашының жібек құртынан алып отырған. Жібектің отаны - Қытай. Қытай қазіргі кездің өзінде жібек шикізатын жалпы жинау жөнінде бірінші орынға ие болып отыр. Кеңес Үкіметі үшінші орынды иеленген. ТМД аумағында жібек шаруашылығымен айналысатын негізгі өңірлер: Орталық Азия, Кавказ маңы, Молдавия және Украина.
Тұт ағашының жібек құртының ең бағалы жібегінің үлесі барлық әлемдік табиғи жібек өндірісінің 90 %-ына тең келеді.
Қазіргі уақытта жібек өнеркәсібінің қорындағы табиғи жібек үлесі төмендеп кеткен және кемінде 3 % құрайды. Жібек өнеркәсібіндегі ең алдыңғы орынды жасанды және синтетикалық талшықтардан өндірілетін маталар алады.
Азия Жібек индустриясында әлемдік көшбасшы болып табылады, яғни осы өңірде әлемдік жібек өнімінің 90 %-ы өндіріледі. 40-тан астам ел жібек өндірісімен айналысса да, өнімнің ең көп көлемі Қытайға және Үндістанға тиесілі. Аталған елдерден кейінгі орында Жапония, Бразилия және Корея тұр.
3.11. Матадан жасалмаған тоқыма материалдары мен олардан жасалған бұйымдар
Матадан жасалмаған материалдар - кенеп мата және иіру мен тоқу әдістерін қолданбастан талшықтан, жіптен немесе (және) материалдардың басқа түрлерінен (тоқыма және олардың тоқыма емес материалдармен үйлесуі, мысалы, үлдірлермен) жасалатын бұйымдар.
Матадан жасалмаған материалдар табиғи (мақта, зығыр, жүн) және химиялық (мысалы, вискозалы, полиэфирлі, полиамидті, полиакрилонитрильді, полипропиленді) талшықтардан, сонымен қатар қайта өңделген талшықты шикізаттан (кесінді қиықтардан және шүберектерден өңделген талшықтар) және химиялық және басқа өнеркәсіп салаларының қысқа-талшықты қалдықтарынан өңделіп жасалады.
Матадан жасалмаған материалдарды маталардың (сырмалы, инемен тесуге болатын, желімделген, құрамдастырылған) және мақталы (сырмалы, инемен тесуге болатын, желімделген), сондай-ақ тұрмыстық және техникалық мақсаттардағы түрлері ерекшелендіреді.
Кез келген матадан жасалмаған тоқыма материал өндірісінің технологиясы шикізатты дайындаудан бастап, матадан жасалмайтын материалдарды қосымша өңдей отырып аяқтауға дейінгі бірнеше кезеңдерді қамтиды. Екі міндетті кезең - кенеп матаның пішінін келтіру және оның құрамдас бөлігі болып табылатын талшықтарды кейіннен қыстыру болып табылады. Төртінші кезең - арнайы құрамдас заттарды сіңіруді, бояуды және т.б. қамтуы мүмкін.
Матадан жасалмаған материалдардың өндірісі - соңғы жылдар ішінде өндірістің бір қалыпты өсу жылдамдығын сақтап келе жатқан азғантай жеңіл өнеркәсіптері салаларының бірі болып есептеледі. Ресейдің тігін өнеркәсібінің кейінгі кездегі дамуымен және жоғарғы сапалы тігін бұйымдарын шығарудың артуымен әртүрлі қолөнер бұйымдарына және матадан жасалмаған материалдардан жасалған жылытқыштарға деген сұраныс артуда. Қазіргі кезде тігін өнеркәсібі үшін матадан жасалмаған инемен тесуге болатын кенеп маталар, желімделген көлемді жылытқыштар шығаруда. Жоғарғы температурадан қорғауды талап ететін жағдайларда жұмыс жасайтын қызметкерлердің арнайы киімдері, өрт сөндірушілердің киімдері үшін жапсырмалы мата ретінде пайдаланылатын матадан жасалмаған материалдар, бу мен байытылған қышқылдардың ұсақ тамшылары мен қатты әсер ететін улы заттардың тамшыларынан қорғайтын арнайы киімдерді тігуге арналған қышқылдан қорғайтын матадан жасалмаған материалдар дайындалды.
1997 жылдан бастап тұрмыстық сүрткіш кенеп маталар секторындағы матадан жасалмаған материалдардың әлемдік нарығының өсуі байқалады.
Матадан жасалмаған материалдар өндірісінің көлемі тоқыма өнеркәсібінің басқа секторларындағы өндіріс көлеміне қарағанда аса жоғарғы жылдамдықпен өсіп келеді және бұл ретте одан әрі өсу үшін тұрақты үрдісті сақтап отыр. Матадан жасалмаған материалдардың ерекше қасиеті оларды тек қана кейбір маталардың орнын ауыстыратын маталар ретінде ғана емес, сонымен қатар тоқыма өнімдерінің өндірісіндегі классикалық тәсілдермен қамтамасыз етілуі мүмкін емес қағидатты түрде жаңа пайдалану қасиеттеріне ие материалдар жасауға мүмкіндік береді.
Қазіргі кезде матадан жасалмаған материалдар тоқыма өнімдерінің ең маңызды және ең келешегі зор түрлерінің бірі болып есептеледі. Олардың өндірісінің көлемі бүкіл дүние жүзінде тоқыма өндірісінің дәстүрлі салаларындағы өндіріс көлеміне қарағанда айтарлықтай тез жылдамдықпен дамып келеді, сонымен қатар келешекте өсу үшін тұрақты даму үрдісін сақтап отыр. Осылайша, соңғы 10 жылдың ішінде, әлемде матадан жасалмаған материалдарды шығару 2 еседен астам көлемге өсіп отыр. Бұл талшықты шикізатты алудан бастап тоқыманың классикалық түрлерін өңдеу технологиясынан бірнеше есе азырақ дайын бұйымдарды шығаруға дейінгі матадан жасалмаған материалдардың айналымына байланысты әрі айтарлықтай көп мөлшердегі ақша қаражатын талап етпейді. Олардың кей жағдайлардағы сан алуан ерекше қасиеті алуан түрлі адам қызметінің салаларында қолдануға мүмкіндік береді. Осы жерде хрестоматиялық мысал келтіре кетейік, ол маталар мен матадан жасалмаған материалдарды өндіру тиімділігін салыстыруға мүмкіндік береді. Байка түріндегі матадан жасалмаған кенеп мата тоқылатын кенеп матаға қарағанда 1,5 есе арзан, ал оны алу кезіндегі еңбек өнімділігі 3 есе артық. Тоқыма станогының орташа өнімділігі - 5, ал матадан жасалмаған кенеп маталарды өңдеуге арналған қазіргі заманғы кейбір құрал-жабдықтарда ол - сағатына 300 текше метрден астам. Матамен және трикотажбен салыстырмалы түрде алғанда, тоқылмайтын кенеп маталардың ең төменгі өзіндік құнын анықтайтын маңызды факторлардың бірі - оларды өндірудегі қысқа (2-10 мм), иіруге жарамсыз талшықтарды, сонымен қатар иіру өндірісінің қалдықтарын пайдалану мүмкіндігі болып табылады. Бір мезетте ерекше қасиет беру арқылы матадан жасалмаған материалдарды өндірудің жоғары өнімділік технологиясын құру және олардың экономиканың әртүрлі салаларында тұрақты түрде сұранысқа ие болуы да осы саланың тез арада дамуына әсер етеді. Қазіргі таңда бір реттік қолдануға арналған, сонымен қатар бірнеше реттік қолдануға арналған тоқылмайтын материалдар шығарылуда. Олар созылғыштыққа, жұмсақтыққа және беріктікке ие; кәріз, мембранды және сүзгіш материалдар ретінде қолданыла береді. Оларға су өткізбейтін (немесе, керісінше, аса жоғарғы сіңіру қабілетіне ие), жанбайтын, бактериостатикалық және т.б. қасиеттерді беруге болады.
Әлемдегі матадан жасалмаған материалдар өндірісі.
Соңғы уақытқа дейін тоқылмайтын кенеп маталардың өндірісі негізінен АҚШ, Батыс Еуропа және Жапония елдеріне шоғырланған болатын. ХХ-ғасырдың соңында бұл тізімді Азия елдері толтырды, әрі бұл елдердегі өндірістің даму жылдамдығы айтарлықтай жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Егер өнімнің өсу деңгейі өнеркәсібі дамыған елдерде орташа алғанда 5-7 %-ды құраса, Азия елдерінде - 10 %-ға жетіп отыр, ал Орта Шығыс елдерінде бұл көрсеткіш 16 %-ға дейін жеткен. «Техstil-press/Легпром» (Украина) мәліметтеріне сүйенетін болсақ, ХХІ-ғасырдың басында тоқылмайтын материалдардың дүниежүзілік өндірісінің шамамен 90 %-ы 17 елдің тарапынан қамтамасыз етіліп, әлемдік жалпы әлеуметтік кірістің 90 %-ын да осылар толтырып отыр. Талдаушылар 2006 жылы матадан жасалмаған материалдардың өндірісі 5,23 миллион тоннаға дейін жетеді деген болжам жасауда. Матадан жасалмаған материалдарды негізгі өндірушілердің әлемдік нарықта үлесі мынадай түрде таратылады: АҚШ-та - 36 %, Еуропада - 34 %, Азияда - 21 %. Еуропа одағы елдерінің арасында матадан жасалмаған материалдарды шығару көлемі 50 %-ға дейін жетіп отырған Қытайда матадан жасалмаған материалдар өндірісі ерекше қарқынмен дамып келе жатыр. Экономистердің болжамына сәйкес, Қытайда 2010 жылға қарай тоқылмайтын материалдарды шығару кемінде 1 миллион тоннаға дейін жететін болады. Мұндай өсудің жоғары қарқыны ең алдымен, Қытайға Батыс Еуропадан жеткізілетін жоғары өнімділікті жабдықтың арқасында болып отыр.
Матадан жасалмаған материалдардың ресейлік нарығы КСРО-да матадан жасалмаған материалдарды кеңінен өндіру 1960 - 1970 жылдардан бастау алады. Алғашқы матадан жасалмаған материалдар жүн-киіз басу, тоқымалы-сырмалы және жапсырмалы әдістер арқылы өндіріліп отырған. Аталған тәсілдер, басты түрде тігін өнеркәсібіне арналған және тұрмыстық мақсаттағы бұйымдарды жасау кезінде қолданылып отырған. Отандық жабдықтардан бөлек, кеңестік кәсіпорындар социалистік елдерде шығарылған алдыңғы қатарлы озық технологияға сүйене отырып жасалған мынадай елдердің өндіруші машиналарын (негізінен механикалық өндіру тәсілдеріне арналған) да қолданған: «Малимо», «Маливатт», «Малиполь» (ГДР), «Арахне» (Чехословакия), «Бефама» (ПХР), «Аралине» (КСРО-Чехословакия). 1980 жылдарда және 1990 жылдардың басында бұл сала қарқынды дами бастады. Матадан жасалмаған материалдардың жалпы өндіріс көлемі 1990 жылдарға қарай шамамен 1315 миллион м2 құраған. Статистиктер 1995 жылы өндірістің рекордты көлемін анықтаған: 3000 м2. Алайда, өндірістің соншалықты қарқынды өсуі - өмір сүру жағдайының жақсарғандығынан болған жоқ: 1970 жылдары мақта-маталарының жетіспеушілігінен, техникалық мақсаттарға пайдаланылатын тоқылатын кенеп маталарды матадан жасалмаған материалдармен ауыстыруға тура келді. Бұл уақытта олардың әртүрлілігі химиялық талшықтарды пайдалану, оларды қалыптастырудың жаңа тәсілдерін енгізудің есебінен кеңейтілген. Ал оларды қолдану салаларына автокөлік жасау, геотоқыма, медицина, тағам өнеркәсібі сияқты салалар жатады. Матадан жасалмаған материалдардың өндірісі тоқыма кәсіпорындарының шарттарында емес, бүкіл КСРО аумағында жаңадан құрылған жылына әрқайсысы 100 млн. м2 өнімділікке ие мамандандырылған фабрикаларда (Бориславск, Сыктывкар, Қызылорда, Туймазинск, Кишинев, Масис және т.б.) жүзеге асырылып отырған. Осы кәсіпорындарда матадан жасалмаған кенеп маталар желімдеу тәсілімен жүзеге асырылады. Жаңадан құрылған фабрикалар алдыңғы қатарлы батыс еуропалық «Брюкнер», «Хергет», «Кюстерс», «Асслен» және т.б. фирмалардың импортты жабдықтарымен жасақталған. КСРО тарағаннан кейін, өндірістің күрт құлдырауы болды: матадан жасалмаған материалдардың өндірісі шамамен 15 есеге қысқарып кетті. Алайда бұл кезең салыстырмалы түрде алғанда ұзаққа созылмады.