Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысына толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 16 шілдедегі № 1081 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуы тиіс) мүлікті есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрі пайдаланудың кейбір мәселелері» туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 26 шілдедегі № 833 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 25, 260-құжат) мынадай толықтырулар мен өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуы тиіс) мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану ережесінде:
15-1-тармақтың 2) тармақшасында «басылымдарында» деген сөзден кейін «, сондай-ақ уәкілетті органмен немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органмен келісім бойынша өзге мерзімді баспа басылымдарында» деген сөздермен толықтырылсын;
мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
«Аукционда сату үшін ұсынылып отырған мүлік туралы ақпараттық хабарлама уәкілетті органның немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті органның ресми сайтында қосымша жариялануы мүмкін;»;
17-тармақта:
«бұйымдар» деген сөзден кейін «Тізімдеме актісінің негізінде» деген сөздермен толықтырылсын;
«жіберіледі және» деген сөздер алынып тасталсын;
18 және 18-1-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
«18. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалына (бұдан әрі — филиал) немесе Орталыққа жіберілетін бағалы металдар, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдар ішкі тігіспен тігілген тығыз матамен қапталып, ағаш жәшікке немесе картон қорапқа (құндылықтардың санатына қарай) буып-түйілуі тиіс (бұдан әрі — құндылықтар салынған жөнелтілім). Бағалы металдардан жасалған монеталарды ішкі тігіспен тігілген тығыз матадан жасалған екі қапқа (бірінің ішіне бірі салынып) буып-түюге рұқсат етіледі (бұдан әрі - құндылықтар салынған қап). Құндылықтар салынған жөнелтілімдер (құндылықтар салынған қаптардың ауыздары) ораманы және пломбаны бұзбай ашудың мүмкін еместігін қамтамасыз ететіндей түрде буылуы (тігілуі) және корғасын пломбамен пломбалануы тиіс. Жөнелтілімдерде (немесе қапқа таңбаларда) бағасы, өлшемдері: ұзындығы, ені, биіктігі сантиметрмен, брутто салмағы, алушының және жіберушінің мекен-жайы көрсетіледі. Құндылықтар бар бір орынның (жөнелтілімнің немесе қаптың) ең жоғарғы салмағы 10 (он) кг-дан аспауы тиіс. Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) почтамен және қағаз пакеттермен жіберуге тыйым салынады.
Көрсетілген талаптарды бұза отырып ресімделген құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) филиалдар мен Орталық қабылдамайды.
Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) уәкілетті орган өз бетімен немесе жергілікті арнайы байланыс бөлімдері арқылы Орталыққа не Алматы қалалық филиалы мен Алматы облыстық филиалын қоспағанда, одан әрі Орталыққа жіберу үшін өз бетімен филиалға жібереді.
Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) қабылдаған соң филиал Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің эмиссиялық-кассалық операцияларды және құндылықтарды сақтауды реттейтін нормативтік құқықтық актісімен белгіленген тәртіппен түбіртек береді.
Уәкілетті орган құндылықтарды буып-түю кезінде пайдаланылатын пломбалар таңбаларының уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі басшысының қолымен және елтаңбалық мөрмен куәландырылған үлгілерін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аумақтық филиалдары мен Орталыққа беруді қамтамасыз етеді. Пломбалар таңбаларының куәландырылған үлгілері (олар ауыстырылған жағдайда таңбалардың жаңа үлгілері) құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) жібергенге немесе тапсырғанға дейін алдын ала ұсынылуы тиіс. Филиалдар құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) ашпай, эмиссиялық-кассалық операцияларды және құндылықтарды сақтауды реттейтін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің нормативтік құқықтық актісімен белгіленген тәртіппен Орталыққа жіберуді жүзеге асырады.
Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) Орталыққа жіберуді филиалдар оның жүк көтергіштігі, сыйымдылығы және есіктерінің ені шегінде тек арнайы вагонмен жолай жеткізу мүмкін болғанда ғана жүзеге асырады.
Құндылықтар салынған жөнелтілімдерді (қаптарды) жіберген кезде уәкілетті орган бағалы металдың немесе тастың санын, салмағын, сынамасын, түрін (атауын) және әрбір заттың ерекше белгілерін көрсете отырып, олардың әрқайсысының егжей-тегжейлі сипаттамасы көрсетілген Тізімдеме актісін (тізімдеме) жасайды, оған уәкілетті органның тиісті өңірлік бөлімшесінің басшысы қол қояды.
Тізімдеме актісі (тізімдеме) үш данада жасалады, олардың бір данасы уәкілетті органда қалады, екіншісі - құндылықтар салынған жөнелтілімнің (қаптың) ішіне салынады, үшіншісі - ілеспе хатпен бірге Орталыққа жіберіледі. Ілеспе хатта құндылықтар Мүліктің қандай түріне жататындығы (тәркіленген, мұрагерлік, иесіз немесе қазына), оның мемлекет меншігіне қандай негіз бойынша өткені, құндылықтарды тәркілеуге арналған құжаттардың көшірмесі қоса беріліп (алып қою актілері, сот шешімдері, сот сараптамасының актілері және т.с.с), оның кімнің иелігінде болғаны (егер ол белгілі болса), сондай-ақ жөнелтілімді (қапты) ашу және құндылықтарды саны бойынша қабылдау кезінде уәкілетті орган өкілінің міндетті қатысуының қажеттігі көрсетіледі немесе өз өкілінің қатысуынсыз жөнелтілімді (қапты) ашуға және құндылықтарды қабылдауға келісім беріледі.
Құндылықтар салынған жөнелтілімді (қапты) алғанын растау үшін Орталық уәкілетті органға алдын ала қабылдау актісін жібереді. Жөнелтілімді ашу және құндылықтарды саны бойынша қабылдау кезінде өз өкілінің міндетті қатысуының қажеттігіне арналған уәкілетті органның нұсқауы бар құндылықтар салынған жөнелтілімді (қапты) алдын ала қабылдау актісіне ілеспе хатта құндылықтар салынған жөнелтілімнің (қаптың) ашылған күні көрсетіледі. Көрсетілген күні уәкілетті органның өкілі келмеген жағдайда, Орталық жөнелтілімді ашуды және құндылықтарды қабылдауды өз бетінше жүзеге асырады.
Уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі алдын ала қабылдау актісін алған күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде құндылықтарды қабылдаған филиалға құндылықтарды тапсыру туралы түбіртекті қайтарады.
Жөнелтілімді (қапты) ашуды, құндылықтарды қабылдауды және сұрыптауды Орталық жөнелтілімдердің түсу тәртібі бойынша жүзеге асырады және ол құндылықтарды қабылдау және сұрыптау актісімен ресімделеді. Орталықтың жөнелтілімдерді ашу және құндылықтарды қабылдау нәтижелері түпкілікті болып табылады.
Құндылықтарды қабылдау және сұрыптау актісін Орталық уәкілетті органға жібереді.
Құндылықтарды қабылдау уақытында ілеспе құжаттардың деректерімен алшақтықтар анықталған кезде құндылықтар бар жөнелтілімдерді (қаптарды) жіберген уәкілетті органға тиісті шаралар қабылдау үшін анықталған алшақтықтарды көрсете отырып наразылық жіберіледі.
18-1. Жекелеген негіздемелер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған (айналдырылуы тиіс) бағалы металдарды, асыл тастар мен олардан жасалған бұйымдарды есепке алу, беру және өткізу мақсаттары үшін қабылдау, сұрыптау, есепке алу, құнын анықтау тәртібін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен келісім бойынша уәкілетті орган белгілейді.
Орталыққа немесе оған одан әрі жіберу үшін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің филиалына тапсырылған бағалы металлдарды, асыл тастарды және олардан жасалған бұйымдарды сақтау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген тәртіппен жүзеге асырылады.»;
мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:
«22-1. Тасымалдауға, сақтауға, бағалауға, сатуға байланысты шығындары олардың бағалау құнынан асып түсетін қара және түсті металл сынығы Комиссияның шешімі бойынша неғұрлым тиімді баға мен шарттар ұсынған металл сынығын қабылдау жөніндегі мамандандырылған ұйымға тапсыру жолымен орналасқан жері бойынша өткізілуі мүмкін.»;
25-5-тармақ «уәкілетті орган» деген сөздерден кейін «немесе коммуналдық меншікті басқаруға уәкілетті орган» деген сөздермен толықтырылсын.
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |