Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) нарықтық бағасын айқындау кезінде осы тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) өткізілуі кезінде тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) белгіленген бағалар туралы ақпарат ескеріледі.
2. Осы Заңның мақсаты үшін шарт шеңберінде тауардың (орындалған жұмыстың, көрсетілген қызметтің) құжатпен расталған әрбір берілімі мәміле болып танылады, ал өткізу бағасын нарықтық бағамен салыстыру сатып алушының тіркелген еліне қарамастан тек қана тиісті тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарығында жүзеге асырылады.
Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, сатып алушыға меншік құқығының өткен күні тауардың өткізілген кезі болып табылады.
Ұзақ мерзімдік бағасы көрсетілген биржалық емес тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) ұзақ мерзімдік келісімшарттар бойынша нарықтық бағаны айқындау үшін тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) өткізу кезі, мына шарттар сақталған жағдайда, шарттың жасалған кезі болып табылады:
1) шарт бойынша мәмілелердің жасалуы шарт жасалған күннен бастап бір ай ішінде жүзеге асырылады;
2) нарықтық баға шарт жасалған күннің алдындағы соңғы күні ұзақ мерзімдік келісімшарттар үшін ресми танылған ақпарат көздерінде жарияланған баға ретінде айқындалады;
3) ұзақ мерзімдік баға бір жылдан артық қолданылмайды және мәмілеге қатысушылар арасындағы түпкі келісімшартпен немесе мәмілеге қатысушымен аффилиирленген трейдер - Қазақстан Республикасының резиденті мен тәуелсіз тарап болып табылатын түпкі тұтынушы арасындағы келесі келісімшартпен расталады.
Уәкілетті органдардың сұратуы бойынша берілген құжаттар келісімшарттың орындалуының дәлелдемесі болып табылады.
3. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісі ішкі және (немесе) сыртқы салыстырулар арқылы нарықтық бағаны айқындау үшін қолданылады. Ішкі салыстыру кезінде мәмілеге қатысушы мен өзара байланысты тарап және сол мәмілеге қатысушы мен тәуелсіз тарап арасындағы салыстырымды мәмілелер салыстырылады. Сыртқы салыстыру кезінде мәмілеге қатысушы мен өзара байланысты тарап және екі тәуелсіз тарап арасындағы салыстырымды мәмілелер салыстырылады.
4. Салыстырымды бақыланбайтын баға әдісін қолданған кезде нарықтық баға былайша айқындалады:
1) ақпарат көзінде бағасы бар тиісті нарыққа тасымалдау бағыты туралы құжаттамалық расталған ақпараты бар тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) мәмілелер жасасу үшін нарықтық баға ақпарат көзінен алынған баға ретінде айқындалады. Мәміленің бағасы дифференциал арқылы нарықтық бағамен салыстырымды экономикалық шарттарға келтіріледі;
2) осы тармақтың 1) тармақшасына сәйкес келмейтін тауарлармен (жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен) мәмілелер жасасу үшін нарықтық баға тиісті нарықтағы ақпарат көзінен алынған бағаны дифференциал арқылы мәміленің бағасымен салыстырымды экономикалық шарттарға келтіру жолымен айқындалады.
5. Дифференциалға мыналар:
1) тиісті нарыққа тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) жеткізу үшін қажетті негізделген және құжаттамалық расталған шығыстар;
2) осы баптың 7-тармағында аталған мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасына ықпал ететін жағдайлар;
3) тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасы кіреді.
6. Дифференциалды құрайтындар құжат арқылы немесе ақпарат көздерімен расталуға тиіс.
7. Мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасына ықпал ететін жағдайларға:
1) берілетін тауарлардың, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің саны (көлемі);
2) мәмілелердің осы түрінде қолданылатын төлемдердің шарттары, сондай-ақ бағаға ықпал етуі мүмкін өзге де жағдайлар;
3) мәмілелер жасасу кезінде қолданылатын, оның ішінде:
тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) тұтынушы сұранысының маусымдық ауытқуы;
тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) сапасын немесе өзге де тұтынушылық қасиеттерін жоғалтуы;
тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жоғалтқан сапасын және (немесе) өзге де тұтынушылық қасиеттерін ішінара жақсартуы немесе қалпына келтіруі;
тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) жарамдылық немесе сату мерзімінің өтуі (өту күнінің жақындауы);
ұқсастары жоқ жаңа тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) нарыққа шығарылған кездегі, сондай-ақ тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) жаңа нарықтарға шығарылған кездегі маркетинг саясаты;
тұтынушыларды тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) тәжірибелік модельдерімен және үлгілерімен таныстыру мақсатында оларды өткізу нәтижесінде туындайтын баға жеңілдіктері немесе баға үстемелері;
4) нарықтағы өтімділігі, шығарылған елі және тауар белгісінің болуы;
5) сауда брокерінің (сауда-делдалдық функцияларды орындағаны үшін өтемақы) комиссиялық сыйақысы (маржа) жатады.
8. Осы баптың 5-тармағында аталған дифференциал мәмілелер мониторингі бойынша ақпарат уақтылы және негізделіп ұсынылған жағдайда, нарықтық бағаны айқындау кезінде ескеріледі. Мәмілелер мониторингіне жатпайтын тауарлар бойынша осы баптың 5-тармағында аталған дифференциал мәмілеге қатысушы осы Заңның 7-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарды сақтаған жағдайда ескеріледі.
9. Осы баптың 5-тармағында аталған дифференциал қатысушылары жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген мәмілелерге ықпал етпейді және осы баптың 5-тармағының ережелері ескерілместен, салық салу объектілеріне және салық салуға байланысты объектілерге түзету жасалады.
14-бап. «Шығындарға қосу» әдісі
1. «Шығындарға қосу» әдісін пайдаланған кезде тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) нарықтық бағасы жұмсалған шығындар (шығыстар) мен үстеме бағаның сомасы ретінде айқындалады.
2. Шығындарды (шығыстарды) айқындау үшін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өндіруге (сатып алуға) және (немесе) өткізуге жұмсалған шығындар (шығыстар), тасымалдау, сақтау, сақтандыру жөніндегі шығындар (шығыстар) және өзге де шығындар (шығыстар) ескеріледі. Yстеме баға қызметтің осы саласы үшін қалыптасқан рентабельділік нормасының орташа ауқымын қамтамасыз ететіндей болып айқындалады.
3. Қызметтің осы саласы үшін рентабельділік Қазақстан Республикасының мемлекеттік статистика органдары, салық қызметі органдары деректерінің және басқа да ақпарат көздерінің негізінде айқындалады.
15-бап. Кейіннен өткізу бағасы әдісі
Кейіннен өткізу бағасының әдісі - бұл тауарлардың (жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің) нарықтық бағасы сатып алушы кейіннен өткізу (қайта сату) кезінде осындай тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізген және сатып алушы қайта сату кезінде шеккен шығындармен (шығыстармен) расталған (аталған сатып алушының сатушыдан тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатып алған бағалары есепке алынбаған) бағаның, сондай-ақ оның үстеме бағасының арасындағы айырмашылық ретінде айқын-далатын әдіс. Үстеме баға қызметтің осы саласы үшін қалыптасқан рентабельділік нормасының орташа ауқымын қамтамасыз ететіндей болып айқындалады.
16-бап. Пайданы бөлу әдісі
Пайданы бөлу әдісі мәмілеге қатысушылардың арасында бөлінуге тиіс мәміледен түсетін пайданы айқындайды.
Мұндай пайда «қол созу» принципіне сәйкес қабылданған және егер осы компаниялар тәуелсіз болған жағдайда, олар ала алатын пайданың негізінде экономикалық негіздемеге, функционалдық талдауға, келісімдерге сәйкес мәмілеге қатысушылардың арасында бөлінеді.
17-бап. Таза пайда әдісі
Таза пайда әдісі тәуелсіз тараптар салыстырымды экономикалық шарттарда осы мәміледен ала алатын таза пайданы айқындауға негізделеді.
Таза кіріс бухгалтерлік есеп деректері бойынша қалыптасқан мынадай көрсеткіштердің бірі:
1) активтердің қалдық құны;
2) өткізу көлемі;
3) шығындар ескеріле отырып айқындалады.
18-бап. Нарықтық бағаны айқындау үшін пайдаланылатын ақпарат көздері
1. Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) нарықтық бағасын және нарықтық бағаны айқындау үшін қажетті өзге де деректерді айқындау үшін ақпарат көздері мынадай кезектілікпен пайдаланылуы мүмкін:
1) нарықтық бағалар туралы ресми танылған ақпарат көздері;
2) биржалық баға белгіленімдері туралы ақпарат көздері;
3) мемлекеттік органдардың, басқа мемлекеттердің уәкілетті органдарының және ұйымдардың мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқуына ықпал ететін бағалар, дифференциал, шығыстар және жағдайлар туралы деректері;
4) трансферттік баға белгілеу мақсатында пайдаланылатын ақпараттық бағдарламалар, мәмілеге қатысушылар беретін ақпарат және өзге де ақпарат көздері.
2. Нарықтық бағалар туралы ресми танылған ақпарат көздерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
Нарықтық бағалар ауқымын айқындау үшін ресми танылған ақпарат көздерінің тізбесінде нарықтық бағалар туралы бір немесе одан да көп ақпарат көздері болуға тиіс.
3. Қатысушысы жеңілдікті салық салынатын мемлекетте тіркелген мәміле бойынша нарықтық бағаны айқындау кезінде осы баптың 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында аталған ақпарат көздері ғана пайдаланылады.
19-бап. Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасын бұзғаны үшін жауаптылық
Қазақстан Республикасының трансферттік баға белгілеу туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады.
20-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі
1. Осы Заң 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
2. «Трансферттік бағаларды қолдану кезіндегі мемлекеттік бақылау туралы» 2001 жылғы 5 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 2001 ж., №1, 2-құжат) күші жойылды деп танылсын.
Қазақстан Республикасының
Президенті
Н. НАЗАРБАЕВ
Астана, Ақорда, 2008 жылғы шілденің 5-і.
№ 67-ІV ҚРЗ