28-6-бап. Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиіліктi
құрылғылар иелерінің құқықтары
Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар иелері:
1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға тағайындалған радиожиіліктерді (радиожиілік арналарын) берілген рұқсат талаптарына сай қызметті жүзеге асыру үшін пайдаланады;
2) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға тағайындалған радиожиіліктегі (радиожиілік арнасындағы) бөгеулерді жою үшін уәкілетті органға жүгінеді;
3) лауазымды адамдардың, уәкілетті органның әрекетіне (әрекетсіздігіне), шешіміне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым жасайды.
28-7-бап. Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиіліктi
құрылғылар иелерінің міндеттерi
Радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылар иелері:
1) радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғылардың техникалық сипаттамалары мен пайдалану жағдайларының рұқсатта жазылған талаптарға, сондай-ақ белгіленген ережелер мен нормаларға сай келуін қамтамасыз етеді;
2) қызмет куәлігін көрсеткен кезде уәкілетті органның лауазымды адамдарының радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларға қолжетімділігін қамтамасыз етеді;
3) уәкілетті органның радиоэлектрондық құралдардың радиожиіліктерін (радиоарналарын) пайдалануды тоқтата тұру (соның ішінде, уақытша тыйым салуды енгізу салдарынан) немесе тоқтату туралы, соның ішінде радиоэлектрондық құралдар мен жоғары жиілікті құрылғыларды пайдаланушыларға берілген рұқсат талаптарын бұзушылықты жою жөніндегі нұсқаманы орындайды.
6-тарау. Байланыс желілерін дамыту
29-бап. Байланыс желілерін дамыту
1. Байланыс операторлары байланыс желілерін дамытуды дербес жоспарлайды және жүзеге асырады. Пайдаланушыларға телекоммуникацияның әмбебап қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін байланыс желілерін дамыту Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін бағдарламаларға сәйкес жүзеге асырылады.
2. Байланыс желілерін дамытуға бағытталған іс-шараларды қаржыландыру өз қаражатының және қарыз қаражатының есебінен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен инвестицияларды тарту есебінен жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Тұрғын үйлер мен басқа да объектiлердi салу кезiнде iшкi және орамдар iшіндегі байланыс желiлерiн жобалау мен тарту, сондай-ақ абоненттiк почта шкафтарын орнату қолданыстағы техникалық нормалар мен ережелер негiзiнде құрылысқа тапсырыс берушiлердiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
4. Тұрғын жай массивтерiнiң кешендi құрылысын, өндiрiстiк объектiлер мен оған iргелес жатқан елдi мекендердi салу кезiнде, азаматтық ғимараттар мен почта бөлiмшелерiнiң үй-жайларын қоса алғанда, барлық байланыс құралдарын жобалау мен салу тапсырыс берушiнiң қаражаты есебiнен жүзеге асырылады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 4-1-тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
4-1. Кабельдік кәрізді қоса алғанда, кварталдар ішіндегі желілер мен байланыс жолдарын, инженерлік инфрақұрылымның басқа да объектілерін жобалау және тарту байланыс ғимараттарын, телекоммуникация жолдарын және инженерлік инфрақұрылымның басқа да объектілерін салу жоспарларына сәйкес жүзеге асырылады.
5. Үйлердi, ғимараттарды, жолдарды, көпiрлердi және басқа да объектiлердi салу немесе қайта жаңарту кезiнде байланыс желiлерiн қайта салу мен көшiру жөніндегі жұмыстар стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерiнiң меншiк иелерi және (немесе) пайдаланушылар беретiн техникалық шарттар бойынша құрылысқа тапсырыс берушiнiң есебiнен орындалады.
6. Жалпыреспубликалық магистральдық, халықаралық байланыс жолдары мен желiлерiн жобалауды, салуды құрылыс саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган беретiн лицензия негiзiнде жеке және заңды тұлғалар уәкiлеттi органмен келiсе отырып жүзеге асырады.
7. Қызметкерлерi үкiметтiк байланыс желісінiң абоненттерi болып табылатын мемлекеттік органдардың және ұйымдардың ғимараттарын, құрылыстары мен объектiлерiн салу кезiнде, сондай-ақ олар орналасқан жерiн ауыстырған кезде қосу желiлерiн және арнаулы мақсаттағы iшкi байланыс желiлерiн жобалау мен тартуды құрылысқа тапсырыс берушiлер өз қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен Заң 29-1 баппен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
29-1-бап. Тікелей сым-өткізгішті пайдалануға беру
Жергілікті телекоммуникация желісінің иесі телекоммуникация желісі иелерінің және (немесе) байланыс операторларының өтініші бойынша шарттық талаптарымен тікелей сым-өткізгіштерді, оның ішінде Интернет желісіне қол жеткізу қызметін көрсету үшін абоненттік жолдардың бір бөлігі болып табылатын тікелей сым-өткізгіштерді пайдалануға бере алады.
Абонент Интернет желісіне қол жеткізу қызметін көрсететін байланыс операторын таңдауға құқылы.
30-бап. Көлiк құралдарын пайдалану
1. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiне шарт талаптарымен темір жол, теңiз, iшкi су, әуе және автомобиль көлiгiнiң барлық бағдарлары мен жолдары бойынша почта байланысы қызметкерлерiнiң, фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерiнiң алып жүруiмен почта және арнаулы жөнелтiмдердi тасымалдауға, сондай-ақ почта жөнелтiмдерiн Қазақстан Республикасының азаматтық заңдарына сәйкес тасымалдау үшiн тапсыруға құқық берiледi.
2. Облыс iшіндегі қалааралық, қалааралық, облысаралық және халықаралық бағдарлар бойынша тұрақты тасымалдауды жүзеге асыратын көлiк ұйымдары, Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тасымалдау жөніндегі қызметтердi көрсетуге мүмкiндiгi болмаған жағдайларды қоспағанда, почта және арнаулы жөнелтiмдердi тасымалдауға шарт жасасудан бас тартуға құқылы емес, сонымен қатар:
1) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметкерлерiнiң қызметтiк мiндеттерiн орындау кезiнде кезексiз билет сатып алу;
2) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерi автомобиль көлiгi құралдарының темір жол, теңiз, iшкi су, әуе және автомобиль көлiктерi тұрақтарына өту;
3) фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерi қарулы қызметкерлерiнiң жолаушыларды жаппай отырғызуға дейiн көлiкке отыру құқығын қамтамасыз етедi.
3. Фельдъегерлiк және арнаулы байланыс қызметтерiнiң автомобиль көлiгi құралдары қандай да бiр ерекше жазбаларсыз "арнаулы" санатқа жатқызылады және соғыс жағдайын енгізу немесе соғыс уақытын жариялау жағдайларын, сондай-ақ төтенше жағдай енгізу кезiн не табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдай болған кездi қоспағанда, оларды осы қызметтердiң келісімiнсiз мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдардың мүдделерiне пайдалануға болмайды.
4. Бүлiнген байланыс желiлерi мен құралдарында авариялық ахуал туындаған жағдайда байланыс ұйымдары тасымалдаушыдан көлiк құралдарын бiрiншi кезекте жалға алуға құқылы.
Байланыс ұйымдарына тиесiлi автомобиль көлiгi құралдарының арнаулы рәмiздерi болуы мүмкiн және оларды байланыс ұйымдарының келісімiнсiз байланыс саласындағы қызметке жатпайтын қызметтер көрсету мен жұмыстарды орындау үшiн пайдалануға болмайды.
31-бап. Байланыс жерiн беру және пайдалану
1. Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес байланыс операторларына меншiкке, тұрақты немесе уақытша жер пайдалануға берiлген, сондай-ақ жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану (сервитут) құқығымен берiлген жер учаскелерi байланыс жерiне жатады.
2. Автостанциялар мен темір жол станциялары, әуежайлар, теңiз, өзен порттары мен айлақтары жанынан почта тасымалдау бөлiмшелерi үшiн үйлер, құрылыстар немесе ғимараттар салуға арналған жер учаскелерi вокзал үйiне таяу жерден, ал қалалық почтамттар мен почта байланысы тораптарын салуға - автомобиль көлiгi құралдарымен, почта вагондарымен, ұшақтармен, теңiз және өзен кемелерiмен жеткiзiлген почта жөнелтімдерін алмастыруға жағдай туғыза отырып, қаланың орталық бөлiгiнен бөлiнуге тиiс.
3. Байланыс операторларына берiлетiн жер учаскелерiнiң, оның iшiнде күзетiлетiн аймақтар мен соқпақтардың көлемi Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен осы қызмет түрi үшiн жер учаскелерiн бөлудiң нормаларына және жобалау-техникалық құжаттамаға сәйкес айқындалады.
4. Байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыратын тұлғалар Қазақстан Республикасының заңдарында ұсынылатын талаптар сақталған жағдайда көпiрлер, туннельдер, көшелер, автомобиль және темір жолдар, құрылыстар, коллекторлар, тыйым салынған аймақтар, ормандар мен сулар арқылы байланыс желiлерiн тартуға құқылы.
5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерiне және жердi ерекше шарттармен пайдалану аймақтарына телекоммуникация желiлерi мен объектiлерiн салу Қазақстан Республикасының жер туралы заңдарына сәйкес аталған жерде (аумақтарда) жер пайдаланудың белгiленген режимiн ескере отырып жүзеге асырылады.
6. Жер учаскесіндегі, үйдегi, құрылыстағы немесе ғимараттағы жұмыстар аяқталғаннан кейiн байланыс операторы немесе тапсырыс берушi жер учаскесiн, үйдi, құрылысты немесе ғимаратты өз есебiнен бастапқы қалпына келтiруге не жер учаскесiнiң меншiк иесiне, жер пайдаланушыға немесе үйдiң, құрылыстың немесе ғимараттың меншiк иесiне келтiрiлген шығындарды өтеуге мiндеттi.
7. Байланыс операторлары желiлер мен объектiлердi салу кезiнде табиғат қорғау технологияларын қолдануға және қызметiн жүзеге асыру кезiнде экологиялық жағдайдың нашарлауына жол бермеуге мiндеттi. Бұл орайда қоршаған ортаға және халықтың экологиялық қауiпсiздiгiне келтiрген залалы үшiн операторлар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауаптылықта болады.
8. Елдi мекендердi жаңадан салуға, кеңейтуге, қайта жаңартуға, жердi игеруге, мелиорация жүйелерiн қайта орналастыруға, пайдалы қазбаларды шығаруға байланысты байланыс ғимараттарын көшiрудi немесе қайта орналастыруды құрылыс тапсырысшылары стандарттарға сәйкес және байланыс желiлерiн иеленушiлердiң және (немесе) пайдаланушылардың техникалық шарттары бойынша өз есебiнен жүргiзедi. Бұл ретте байланыс құралдарының қуатын ұлғайту байланыс ғимараттары меншiк иелерiнiң есебiнен жүзеге асырылады.
9. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы өзiне меншiк немесе жер пайдалану құқығымен тиесілі жер учаскесiн шектеулі нысаналы пайдалану құқығын мүдделi байланыс операторларына табыстауға мiндеттi.
10. Байланыс объектiлерi үшiн жер учаскелерiне құқықтар табыстау жергiлiктi атқарушы органдар шешiмiнiң, жер учаскесiн сатып алу-сату шартының, жер учаскесiн жалдау шартының негiзiнде, сондай-ақ жер учаскесiн шектеулi нысаналы пайдалану туралы шарт (сервитут шарты) бойынша жүзеге асырылады.
7-тарау. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтері
32-бап. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi
1. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерi - дауыстық телефония мен жеткізу жолдарын пайдалану секторында бекітілген байланыс қызметтерi, оларды уәкiлеттi орган белгiлеген қызмет көрсету сапасының параметрлерiмен халыққа беру мiндеттi болып табылады.
2. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн берудiң негiзгi өлшемдерiне:
1) байланыс қызметтерiн пайдаланушылар үшiн бағаның қолжетiмдiлiгi;
2) тұрған жерi бойынша елдi мекен санатын және тұрғындар санын ескере отырып айқындалатын қолжетiмдiлiк;
3) белгiленген уақыт кезеңi iшiнде жеке телефондар орнатуға немесе қолжетiмдi жолдың белгiлi бiр санын енгізуге (қоғамдық телефондар орнатуға) өтiнiмдердi қанағаттандыруды ескере отырып айқындалатын уақыт бойынша қолжетiмдiлiк жатады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (2009 ж.1 қаңтарда қолданысқа енді) ( бұр.ред. қара)
3. Қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысын, сондай-ақ ұялы байланысты беру құқығы үшін республикалық бюджетке қалааралық және (немесе) халықаралық телефон байланысы, сондай-ақ ұялы байланыс берiлгенi үшiн Қазақстан Республикасының салық заңдарында айқындалатын тәртiппен төлемақы енгiзiледi.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 3-1 тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
3-1. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтеріне тарифтерді қайта баланстау жоспарын уәкілетті орган бекітеді.
2007.27.07. № 316-III ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
4. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiне тарифтер мiндеттi мемлекеттік реттеуге жатады және оларды уәкілетті орган бекiтедi.
33-бап. Әмбебап қызмет көрсету операторы
1. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсетудi байланыс операторлары конкурстық негiзде жүзеге асырады немесе ол осы баптың 2-тармағына сәйкес айқындалады.
2. Облыстағы (республикалық маңызы бар қаладағы, астанадағы) аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл (село), ауылдық (селолық) округ аумағында (оның ерекшелiктерiн ескере отырып) жұмыс iстейтiн телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсету жөніндегі байланыс операторларының саны барлық ықтимал пайдаланушыларды телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiмен қамтамасыз ету қажеттілігiн негiзге ала отырып айқындалады.
Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсету құқығы Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртiппен, ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерi байланыс операторларының арасында жүргiзiлген конкурс нәтижелерi бойынша берiледi.
Конкурсқа қатысуға өтiнiмдер болмаған немесе жеңiмпазды анықтау мүмкiн болмаған жағдайда, уәкiлеттi орган телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсетудi осы аумақта ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң қызметтерiн көрсететiн басым байланыс операторына жүктейдi.
3. Басым байланыс операторы өзiне жүктелген әмбебап байланыс қызметтерiн көрсету жөніндегі мiндеттерден бас тартуға құқылы емес.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 34 -баптын тақырыбы өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
34-бап. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн субсидиялау
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
1. Селолық елдi мекендерде телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсететiн байланыс операторларының шығындары, егер бұл конкурс нәтижелерiмен немесе телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсету жөніндегі мiндеттемелердi осы аумақта ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң басым байланыс операторына шарт негiзiнде жүктеу талаптарымен айқындалған болса, субсидиялануға тиiс.
Қалаларда телекоммуникацияның әмбебап қызметтерiн көрсететiн байланыс операторларының шығындары субсидиялануға жатпайды.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
2. Субсидиялау мөлшерiн айқындау кезiнде әмбебап қызмет көрсету операторы қызмет түрлерi бойынша, көрсетiлетiн байланыс қызметтерi және осы қызметтердi көрсету үшiн пайдаланылатын байланыс желісінiң бөлiктерi бойынша кiрiстер мен шығыстардың бөлек есебiн жүргiзуге мiндеттi.
Қызмет түрлерi, көрсетiлетiн байланыс қызметi және осы қызметтердi көрсету үшiн пайдаланылатын байланыс желісінiң бөлiктерi бойынша кiрiстер мен шығыстардың бөлек есебiн жүргiзуге мүмкiндiк болмаған жағдайда, субсидиялау мөлшерi конкурс нәтижелерi немесе басым байланыс операторына әмбебап телекоммуникация қызметтерiн беру жөнiнде мiндеттемелер жүктеу шарттары бойынша айқындалады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 3 тармақ жаңа редакцияда (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
3. Телекоммуникацияның әмбебап қызметтерінің тізбесін және телекоммуникацияның әмбебап қызметтерінің құнын субсидиялау ережелерін Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.
4. 2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен алып тасталды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
8-тарау. Байланыс қызметтерін пайдаланушылардың құқықтары
35-бап. Байланыс қызметтерiнiң сапасы
1. Байланыс операторлары пайдаланушыларға сапасы жағынан стандарттарға, техникалық нормаларға, байланыс қызметiн көрсету шартының талаптарына сәйкес келетiн байланыс қызметтерiн көрсетуге мiндеттi.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 1-1- тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
1-1. Телекоммуникация желілері мен құралдарының техникалық үйлесімділігін қамтамасыз ететін нормаларды, байланыс қызметтерінің сапа көрсеткіштерін, тарифтеу бірліктері мөлшерлерін уәкілетті орган бекітеді.
2. Байланыс қызметтерi пайдаланушылардың барлық санаттарына (тұрғын халыққа, бюджеттік ұйымдарға, шаруашылық жүргiзушi субъектiлерге) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жеңiлдiктер мен артықшылықтар ескерiле отырып, уәкiлеттi орган бекiтетiн байланыс қызметтерiн көрсету ережелерiне сәйкес тең жағдайларда көрсетiледi.
36-бап. Байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың құқықтарын қорғау
1. Пайдаланушылардың өздерiне тиiстi сападағы байланыс қызметтерiнiң көрсетiлуiне құқығын, осындай қызметтер туралы және оларды орындаушылар туралы ақпарат алу құқығын қорғау, сондай-ақ осындай құқықтарды iске асыру тетiгi Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
2. Байланыс операторлары хат-хабар алысу, телефонмен сөйлесу, почта жөнелтiмдерi, телекоммуникация желiлерi бойынша берiлетiн телеграфтық және өзге де хабарламалар құпиясын қамтамасыз етедi, бұған Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен осы құқықты шектеу жағдайлары қосылмайды.
3. Жергiлiктi телефон байланысының қызметтерiн көрсететiн ортақ пайдаланылатын телекоммуникация желiлерiнiң байланыс операторлары анықтама қызметтерiн құру немесе телефон нөмiрлерiнiң анықтамалығын жариялау мақсатында сұрау салу бойынша бiр-бiрiне өз желісінiң пайдаланушылары туралы деректерге рұқсат беруге құқылы. Ақпарат осы Заңның және Қазақстан Республикасының пайдаланушылар құқықтарын қорғау туралы заңдарының талаптары ескерiле отырып берiледi.
4. Байланыс операторынан абоненттер туралы қызметтiк ақпарат алуға пайдаланушының келісімiмен ғана және осы Заңның 15-бабында көзделген жағдайларда рұқсат етiледi.
Телефонмен сөйлесудi тыңдауға, телекоммуникация хабарламаларымен танысуға, почта жөнелтiмдерi мен құжаттамалық хат-хабарларды кiдiртуге, қарауға және алуға, олар туралы мәлiметтер алуға, сондай-ақ байланыс құпияларын өзге де шектеулерге Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана рұқсат етiледi.
5. Байланыс операторлары байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың хат-хабар алысу, телефонмен сөйлесу, почта, телеграф арқылы жiберiлетiн және өзге де хабарламаларының құпиясын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылықта болады.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 6- тармақ өзгертілді (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді) (бұр. ред. қара)
6. Байланыс операторының жергiлiктi телефондық қосылыстарды уақытына қарай есепке алуды жүзеге асыруға техникалық мүмкiндiктерi болған жағдайда, байланыс қызметiн пайдаланушы - жеке тұлға қызметтерге абоненттік, уақытына қарай немесе аралас ақы төлеу жүйесiн таңдап алуға құқылы.
Уақытына қарай ақы төлеу жүйесi кезiнде пайдаланушының талабы бойынша байланыс операторы ақы төленуге тиiстi, жүзеге асырылған жергiлiктi телефондық қосылыстар туралы жазбаша ақпаратты тегiн беруге мiндеттi.
Мұндай ақпарат берiлмеген жағдайда байланыс қызметтерiн пайдаланушы байланыс қызметтерiне абоненттiк жүйе бойынша төлем жүргiзуге құқылы.
Байланыс қызметтерiн пайдаланушы - заңды тұлға жергiлiктi телефондық қосылыстарға уақытына қарай ақы төлеу жүйесi бойынша есеп айырысуды жүзеге асырады. Байланыс қызметтерiн пайдаланушы телефондық қосылыстарды есепке алудың сертификатталған есептегiшiн орнатуға құқылы.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 7- тармақпен толықтырылды (2009 ж. 1 қаңтарда қолданысқа енді)
7. Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің мөлшері мен тәртібін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайды.
9-тарау. Байланыс қызметтерін көрсету ерекшеліктері
37-бап. Байланыс операторларының қызметiнде тiлдер мен әлiпбилердi пайдалану
1. Қазақстан Республикасының аумағында байланыс желiлерiнде байланыс операторларының қызметтiк iс жүргiзуi мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жүзеге асырылады.
2. Қазақстан Республикасының шегiнде жiберiлетiн жеделхаттар мен почта жөнелтiмдерiн жөнелтушi мен алушының мекен-жайлары жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде ресiмделуге тиiс.
3. Жеделхаттың мәтiнi жөнелтушiнiң қалауы бойынша мемлекеттік тiлде немесе орыс тілінде жазылуға тиiс.
2008.21.11 № 89-ІV ҚР Заңымен 3-1- тармақпен толықтырылды (ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік жиырма күн өткен соң қолданысқа енгізілді)
3-1. Ұялы байланыс операторы ақпараттық, шағын мәтіндік хабарламалардың мемлекеттік тілде және орыс тілінде берілуін қамтамасыз етеді.
4. Байланыс желiлерi арқылы берiлетiн халықаралық хабарламалар Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары мен келісімдерiнде айқындалатын тiлдерде өңделедi.
5. Байланыс операторларының қызметiне қатысты ақпараттық, анықтамалық және басқа да мәлiметтер, сондай-ақ бланкiлiк өнiмнiң үлгiлерi мемлекеттік тiлде және орыс тілінде, байланыс қызметтерiн пайдаланушылар үшiн қолайлы жерге орналастырылады.
38-бап. Байланыс саласындағы есепке алу-есеп беру уақыты
1. Байланыс операторлары Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жерiне қарамастан, хабарламалар мен ақпаратты берудiң немесе қабылдаудың технологиялық процестерiнде байланыс саласындағы қызметтi жүзеге асыруы кезiнде уәкiлеттi орган белгiлейтiн бiрыңғай есепке алу-есеп беру уақытын қолданады.
2. Байланыс қызметтерiн пайдаланушыларға байланыс қызметтерiн көрсету уақыты туралы хабарлау жергiлiктi уақыт бойынша жүргiзiледi.
3. Халықаралық байланыстағы есепке алу-есеп беру уақыты Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарымен айқындалады.
39-тарау. Халықаралық ынтымақтастық
1. Байланыс саласындағы халықаралық ынтымақтастық халықаралық шарттардың негiзiнде жүзеге асырылады.
2. Халықаралық қызметте уәкiлеттi орган Қазақстан Республикасының байланыс әкiмшiлiгi ретiнде өз құзыретi шегiнде халықаралық одақтар мен байланыс ұйымдарында Қазақстан Республикасының мүдделерiне өкiлдiк етедi және қорғайды.
10-тарау. Қорытынды ережелер
40-бап. Байланыс операторлары мен байланыс қызметтерiн пайдаланушылардың жауапкершiлiгi
1. Байланыс операторлары:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тiркелетiн почта жөнелтiмдерiнiң жоғалғаны, жетiспеушiлiгi, бүлiнгенi (бұзылғаны) үшiн;
2) жеделхат мәтiнi оның мағынасы өзгеретiндей бұрмаланғаны үшiн;
3) жеделхаттың жеткiзiлмегенi немесе жеделхаттың белгiленген мерзiм өтiп кеткен соң жолданым иесiне табыс етiлгенi үшiн Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен Mүлiктiк жауапкершiлiкте болады.
Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарын бұза отырып байланыс қызметтерiн көрсеткен байланыс операторлары байланыс қызметтерiн пайдаланушыға осындай бұзушылықтан болған шығындарды өтеуге мiндеттi.
2009.10.07. № 178-ІV ҚР Заңымен мазмұн 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Байланыс операторлары абоненттер туралы қызметтік ақпаратты жинау және сақтау жөніндегі міндетін бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жауаптылықта болады.
2. Байланыс қызметiн пайдаланушы шарт талаптарын, жабдықтарды пайдалану ережелерiн бұзған, телекоммуникация желісінде сертификатталмаған жабдықтарды пайдаланған жағдайда, сондай-ақ байланыс қызметтерiне уақтылы ақы төлемеген жағдайда, жазбаша хабардар етiлгеннен кейiн он күн өткен соң, байланыс операторы, осы Заңның 15-бабы 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, байланыс қызметiн пайдаланушы байланыс операторының кiрiс шығындарын және жабдықтардың бүлiнуi немесе тоқтап тұруы салдарынан байланыс операторына келтiрiлген зиянды өтей отырып, кемшiлiктердi жойғанға дейiн пайдаланушының байланыс желісіне қол жеткізуiн Қазақстан Республикасының Заңдарына сәйкес тоқтата тұруға құқылы.
3. Байланыс операторы хабарламаларды беру немесе қабылдап алу не почта жөнелтiмдерiн жөнелту немесе жеткізу жөніндегі мiндеттемелердi орындамағаны немесе тиiсiнше орындамағаны үшiн, егер мiндеттемелердiң осылайша орындалмауы немесе тиiсiнше орындалмауы байланыс қызметiн пайдаланушының кiнәсiнен не еңсерiлмейтiн күштiң салдарынан болғаны дәлелденсе, жауап бермейдi.
41-бап. Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарын бұзғаны үшiн жауаптылық
Қазақстан Республикасының байланыс саласындағы заңдарын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.
42-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі туралы
1. Осы Заң, 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiлетiн 26-бабының 3-тармағын, 5-тармағының 2) тармақшасын және 6-тармағының 2) тармақшасын қоспағанда, ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.