4. Белгiлi бiр уақытқа берiлген адам өзi берiлген қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу әрекеттерi жүргiзiлген соң, бiрақ адамды берген уақытынан бастап үш айдан кешiктiрiлмей қайтарылуы тиiс. Өзара уағдаластық бойынша бұл мерзiм ұзартылуы мүмкiн, бiрақ сот кескен жазасының мерзiмiнен немесе Қазақстан Республикасының аумағында жасаған қылмысы үшiн заңға сәйкес кесiлуi мүмкiн мерзiмнен аспайды.
5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе уәкiлеттi прокурордың ұстап беру туралы нұсқауын алғаннан кейiн қамауда ұстау орнының әкiмшiлiгi ұстап берiлетiн адамның ол ұстап берiлген мемлекеттiң органына айдап жөнелтiлуi мен берiлуiн отыз тәулiк iшiнде ұйымдастыруға және орындалғаны туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарлауға мiндеттi.
532-бап. Ұстап беруден бас тарту
1. Егер:
1) Қазақстан Республикасы осы адамға саяси баспана берсе;
2) Ұстап беру туралы талапқа негiз болған әрекет Қазақстан Республикасында қылмыс деп танылмайтын болса;
3) ол адамға қатысты дәл сол қылмысы үшiн заңды күшiне енген үкiм шығарылып үлгерсе немесе iс бойынша iс жүргiзу тоқтатылса;
4) Қазақстан Республикасының заңдары бойынша қылмыстық iс қозғалмайтын болса немесе ескіру мерзiмiнiң өтуi нәтижесiнде немесе өзге заңды негiз бойынша үкiмнiң орындалуы мүмкiн болмаса, ұстап беруге жол берiлмейдi.
2. Егер ұстап беру туралы талап мәлiмденген қылмыс Қазақстан Республикасының аумағында немесе оның шегiнен тыс жерде жасалған болса, бiрақ Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталған болса ұстап беруден бас тартылуы мүмкiн.
533-бап. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң
азаматтарына қатысты қылмыстық iзге түсудi
жалғастыру және оларды ұстап беру
1. Азаматтығы жоқ адамдарға, үшiншi бiр елдiң азаматтарына қатысты қылмыстық iзге түсу материалдарын жiберудiң және қылмыстық iзге түсудi жалғастыру туралы немесе қылмыстық iс қозғау туралы өтiнiштердi орындау тәртібі осы Кодекстiң 527, 528-баптарының ережелерiмен айқындалады.
2. Азаматтығы жоқ адамдарды, үшiншi бiр елдiң азаматтарын ұстап беру тәртібі осы Кодекстiң 529, 530, 531, 532-баптарының ережелерiмен айқындалады.
2008.05.07. № 65-IV ҚР Заңымен 534-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
534-бап. Әдеттен тыс қамау (ұстап беру үшiн тұтқындау
және қамап қою)
1. Шетел мемлекетiнiң құзыреттi органынан тиiстi түрде ресiмделген талапты алу кезiнде және адамды ұстап беру үшiн заңды негiздер болған ретте ол ұсталуы мүмкiн және оған әдеттен тыс қамау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылады. Сұраушы мемлекеттiң өтiнiшi бойынша адам ұстап беру туралы талап алынғанға дейiн де қамалуы мүмкiн. Өтiнiште қамауға алу туралы қаулыға немесе заңды күшiне енген үкiмге сiлтеме болуы және ұстап беру туралы талаптың қосымша табыс етiлетiндiгi айтылуға тиiс. Ұстап беру туралы талап мәлiмделгенге дейiн қамауға алу туралы өтiнiш почта, телеграф, телекс немесе факс бойынша берiлуi мүмкiн. Табыс етілген материалдар зерделеніп, ұсталған адамды іздеу жарияланған адам деп санауға жеткілікті негіздер болғанда және осы Кодекстің 532-бабында жазылған негіздер жоқ болған кезде прокурор аудандық және оған теңестірілген сотқа экстрадициялық қамауға алу туралы өтініш енгізеді. Аудандық және оған теңестірілген соттың судьясы осы Кодекстің 150-бабында көзделген ережелер мен мерзімдерді сақтай отырып, өтінішті қарайды және мынадай: экстрадициялық қамау туралы; экстрадициялық қамаудан бас тарту туралы қаулылардың бірін шығарады. Судьяның осы қаулысына шағымдану, наразылық білдіру және оны апелляциялық қарау осы Кодекстің 110-бабында көзделген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Адам, егер оның басқа мемлекеттiң аумағында ұстап беруге әкеп соғатын қылмыс жасағандығына сезiк келтiретiн заңмен көзделген негiздер болса, осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген өтiнiшсiз-ақ үш тәулiкке дейiнгi мерзiмге ұсталуы мүмкiн.
3. Прокурор адамның қамауға алынғаны туралы ұстап беру туралы өтiнiштi, қамау туралы өтiнiштi жiберген немесе жiберуi мүмкiн шетел мемлекетiнiң мекемесiне ұстап беру уақыты мен орнын ұсына отырып, дереу хабарлайды.
4. Егер отыз тәулiк iшiнде ұстап берiлмесе, қамауда отырған адам прокурордың қаулысы бойынша босатылуға тиiс. Осы баптың екiншi бөлiгiне сәйкес тұтқындалған адам оны ұстап беру туралы талап Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тұтқындалу мерзiмiнiң iшiнде келiп түспесе, босатылуы тиiс. Қайта қамауға алуға осы баптың бiрiншi бөлiгiне сәйкес ұстап беру туралы жаңа талапты қараған соң ғана жол берiледi.
5. Осы Кодекстiң 531-бабына сәйкес ұсталған адамды әдеттен тыс қамауды сот бiр айға дейiнгi мерзiмге жүзеге асырады.
6. Бұл мерзiмде iздеу жариялаған мемлекеттiң құзыреттi органынан ұстап беру туралы өтiнiш түспеген жағдайда, бiрақ қамауға алу туралы өтiнiш және ұстап беру туралы кейiннен өтiнiш жiберуге кепiлдiк болған ретте, прокурордың өтініші бойынша экстрадициялық қамау мерзімін сот екi айға дейiн ұзартуы мүмкiн, бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарланады.
7. Осы баптың екiншi бөлiгiнде аталған жағдайлар болған ерекше реттерде облыс прокурорының немесе оған теңестiрiлген прокурордың өтiнiшi бойынша әдеттен тыс қамау мерзiмiн сот үш айға дейiн ұзартуы мүмкiн.
8. Қамауда ұстау орнының әкiмшiлiгi қамалушының қамауда ұстау мерзiмi өткенге дейiн жетi тәулiктен кешiктiрмей бұл жөнiнде прокурорға хабарлауға мiндеттi.
9. Қамалған адамды оны ұстап беру үшiн босату прокурордың қаулысы негiзiнде, соның iшiнде осы бапта аталған мерзiм өткеннен кейiн де, егер бұл мерзiмде адам ұстап берiлмеген болса, жүзеге асырылып, бұл жөнiнде дереу Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына немесе уәкiлеттi прокурорға хабарланады.
535-бап. Транзиттiк тасымалдау
1. Шетел мемлекетi мекемесiнiң осы мекемеге үшiншi бiр мемлекеттiң ұстап берген адамын Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзиттiк тасымалдау жөніндегі өтiнiшi оны ұстап беру туралы талап қаралған тәртiппен қаралады.
2. Транзиттiк тасымалдаудың тәсiлiн тиiстi ведомстволардың келісімi бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры айқындайды.
536-бап. Заттарды беру
1. Адамды шет мемлекеттiң мекемесiне ұстап беру кезiнде қылмыс жасау құралдары болып табылатын заттар, сондай-ақ қылмыс iзi бар немесе қылмыстық жолмен алынған заттар берiледi. Бұл заттар өтiнiш бойынша және адамды ұстап беру оның қайтыс болуы салдарынан немесе басқа себептер бойынша iске аспаған жағдайда берiледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген заттар басқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу үшiн қажет болса, белгiлi бiр уақытқа кiдiртiлуi мүмкiн.
3. Үшiншi адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету үшiн осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған заттарды беру шетел мемлекетi мекемесiнiң iс бойынша iс жүргiзудi аяқтаған соң заттарды қайтару туралы кепiлдiктерi болған ретте ғана жүргiзiледi.
56-тарау. Жазасын өзі азаматы болып табылатын
мемлекетте өтеу үшін бас бостандығынан
айыруға сотталған адамды беру
537-бап. Жазасын өзi азаматы болып табылатын мемлекетте
өтеу үшiн бас бостандығынан айыруға сотталған
адамды беру негiздерi
Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамды жазасын өзi азаматы болып табылатын мемлекетте өтеу үшiн беруге, нақ сол сияқты шетел мемлекетiнiң соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматын жазасын Қазақстан Республикасында өтеу үшiн беру Қазақстан Республикасының тиiстi шетел мемлекетiмен халықаралық шарты не Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының шетел мемлекетiнiң құзыреттi органдарымен және лауазымды адамдарымен өзара шарттағы жазбаша келісімi негiз болып табылады.
538-бап. Өзi азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын
өтеу үшiн сотталушыны берудiң шарттары мен тәртібі
1. Өзi азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн Қазақстан Республикасында сотталған адамды беруге сотталушының, оның заңды өкiлiнiң немесе жақын туған-туыстарының өтiнiшi бойынша, сондай-ақ сотталушының келісімiмен тиiстi мемлекеттiң құзыреттi органының өтiнуi бойынша оның бас бостандығын айыру туралы жазасын өтеуiне дейiн жол берiледi.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адамды беру Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының немесе оның орынбасарының шешiмi бойынша үкiм заңды күшiне енген соң ғана жүзеге асырылуы мүмкiн, олар үкiм шығарған сотқа осы адамның берiлгенiн хабарлайды.
539-бап. Бас бостандығынан айыруға сотталушыны жазасын
өтеу үшiн беруден шет мемлекетке бас тарту
Қазақстан Республикасының соты бас бостандығынан айыруға соттаған адамды ол азаматы болып табылатын мемлекетте жазасын өтеу үшiн беруден, егер:
1) адам сол үшiн сотталған әрекеттерiнiң бiрде бiрi сотталушы азаматы болып табылатын мемлекеттiң заңдары бойынша қылмыс болып танылмаса;
2) жаза шет мемлекетте ескіру мерзiмiнiң өтуi салдарынан немесе осы мемлекеттiң заңдарында көзделген өзге негiз бойынша орындалмайтындай болса;
3) сотталушыдан немесе шет мемлекеттен азаматтық талап бөлiгiнде үкiмнiң орындалуына кепiлдiк алынбаса;
4) сотталушыны халықаралық шартта көзделген жағдайларда беру туралы келісімге қол жеткiзiлмесе;
5) сотталушының Қазақстан Республикасында тұрақты тұрғылықты жерi болса, бас тартылуы мүмкiн.
540-бап. Қазақстан Республикасының азаматын жазасын өтеу
үшiн қабылдау туралы өтiнiштi қарау
1. Шет мемлекеттiң соты бас бостандығынан айыруға соттаған Қазақстан Республикасының азаматы, оның заңды өкiлi немесе жақын туған-туыстары, сондай-ақ шет мемлекеттiң құзыреттi органдары сотталушының келісімiмен Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына сотталушының жазасын Қазақстан Республикасында өтеуi туралы өтiнiш жасай алады.
2. Өтiнiш қанағаттандырылған жағдайда Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры шет мемлекет сотының үкімін атқару туралы облыстық немесе оған теңестiрiлген сотқа сотталушының Қазақстан Республикасынан кеткенге дейiнгi тұрақты тұрғылықты жерi бойынша ұсыныс енгiзедi. Сотталушының тұрақты тұрғылықты жерi болмаған кезде ұсыныс Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотына енгiзiледi.
541-бап. Соттың шет мемлекет сотының үкімін атқаруға
байланысты мәселелердi шешу тәртібі
1. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынысын судья сот отырысында сотталушыны қатыстырмай үкiмдi атқаруға байланысты мәселелердi шешуге байланысты осы Кодекспен белгiленген тәртiп пен мерзiмдерде қарайды.
2. Шет мемлекет сотының үкімін атқару туралы судьяның қаулысында:
1) шет мемлекет сотының атауы, үкiмнiң шығарылған уақыты мен жерi;
2) сотталушының Қазақстан Республикасындағы соңғы тұрғылықты жерi, оның жұмыс орны және сотталғанға дейiнгi айналысқан кәсiбi туралы мәлiметтер;
3) азамат жасағанына кiнәлi деп таныған қылмыстың саралануы және оның қандай қылмыстық заңның негiзiнде сотталғандығы;
4) сотталушының жасаған қылмысы үшiн жауаптылық көздейтiн Қазақстан Республикасының қылмыстық заңы;
5) жазаның (негiзгi және қосымша) түрi мен мерзiмi, сотталушы Қазақстан Республикасында өтеуi тиiс жазаның басталу және аяқталу мерзiмi; қылмыстық түзеу мекемесiнiң түрi, қуыным бойынша залалды өтеудiң тәртібі көрсетiлуi тиiс.
3. Егер Қазақстан Республикасының заңы бойынша осы қылмыс үшiн бас бостандығынан айырудың шектi мерзiмi шет мемлекет судьясы тағайындаған үкiм бойынша тағайындалғаннан аз болса, судья осы қылмысты жасағаны үшiн бас бостандығынан айырудың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде көзделген ең жоғары мерзiмiн белгiлейдi. Егер бас бостандығынан айыру жаза ретiнде көзделмеген болса, судья Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнде белгiленген шекте осы қылмыс үшiн және шет мемлекет сотының үкімі бойынша тағайындалғанға мейлiнше сәйкес келетiн жазаны айқындайды.
4. Егер үкiм екi немесе бiрнеше әрекетке қатысты болса, Қазақстан Республикасында бәрi бiрдей қылмыс деп танылмаса, судья шетел мемлекетi сотының үкімі бойынша қылмыс болып табылатын әрекетке жазаның қай бөлiгi қолданылатындығын айқындайды.
5. Судьяның қаулысы ол шығарылған күннен бастап күшiне енедi және орындалуын қамтамасыз ету үшiн Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына жiберiледi.
6. Шет мемлекеттiң соты үкiмнiң күшiн жойған немесе өзгерткен жағдайда не шет мемлекетiнде шығарылған рақымшылық ету немесе кешiрiм жасау актiсiн жазасын Қазақстан Республикасында өтеп жүрген адамға қолданылған ретте қайта қаралған үкiмдi орындау, сондай-ақ рақымшылық етудi немесе кешiрiм жасауды қолдану мәселелерi осы баптың ережелерi бойынша шешiледi.
2006.16.01. № 122-III ҚР Заңымен 13-бөліммен толықтырылды (2007.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
13-бөлім.
Алқабилердің қатысуымен істер бойынша іс жүргізу
57-тарау. Жалпы ережелер
542-бап. Алқабилердің қатысуымен істер бойынша іс
жүргізу тәртібi
Сот алқабилердің қатысуымен қарайтын қылмыстық істер бойынша іс жүргізу осы бөлімде белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, осы Кодекстің ережелеріне сәйкес жүргізіледі.
543-бап. Облыстық және оған теңестірілген сотта
алқабилердің қатысуымен соттың қарауына
жататын істер
1. Сот алқабилердің қатысуымен, осы Кодекстің 291-бабының екінші бөлігінде көрсетілген әрекеттерді есі дұрыс емес күйінде жасаған не оларды жасағаннан кейін жан күйзелісі ауруымен ауырған адамдарға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы істерді қоспағанда, осы Кодекстің 291-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қылмыстар туралы істерді қарайды.
2. Егер адам Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің бірнеше бабында көзделген қылмыстар жасаған деп айыпталып жатса, егер қылмыстардың осындай жиынтығына осы Кодекстің 291-бабының екінші бөлігінде көрсетілген қылмыстардың ең болмағанда біреуі кірсе, айыпталушының өз ісінің сотта алқабилердің қатысуымен қаралуына құқығы бар.
3. Егер іс бойынша бірнеше адам айыпталып жатса, егер олардың ең болмағанда біреуі қылмыстық істі алқабилердің қатысуымен қарау туралы өтініш білдірсе, алқабилердің қатысуымен сотта оны қарау барлық сотталушыларға қатысты осы бөлімде көзделген ережелер бойынша жүргізіледі.
544-бап. Алқабилер қатысатын сот құрамы
Облыстық және оған теңестірілген сотта алқабилердің қатысуымен сот екі судьяның және тоғыз алқабидің құрамында әрекет етеді.
545-бап. Алқабиге ықпал етуге жол бермеу
Алқабилердің қатысуымен бүкіл сот талқылауы барысында мемлекеттік айыптаушыға, жәбірленушіге, сотталушыға және оның қорғаушысына, сондай-ақ процестің басқа да қатысушыларына осы істі қарауға қатысушы алқабилермен белгілеген тәртіптен тыс араласуға тыйым салынады.
546-бап. Соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы
туралы өтініш
1. Осы бөлімде көзделген ережелерге сәйкес, қылмыстық сот ісін жүргізуді жүзеге асыру айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші бойынша жүргізіледі.
2. Тергеуші алдын ала тергеу аяқталғаннан кейін айыпталушыға істің барлық материалдарын таныстыру кезінде оған соттың оның ісін алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш беру құқығын, сондай-ақ соттың алқабилердің қатысуымен шығарған үкіміне шағым жасау және шағымды қарау ерекшеліктерін қоса, осындай өтінішті қанағаттандырудың құқықтық салдарын түсіндіруге міндетті.
3. Айыпталушы өзіне алдын ала тергеудің аяқталғаны туралы хабарланған және істің барлық материалдары танысу үшін ұсынылған кезде ғана аталған өтінішті беруге құқылы.
4. Тергеуші айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы не өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауына құқығын пайдаланудан бас тартуы туралы өтінішін айыпталушыға тергеу әрекеттері мен оның құқығын түсіндірудің аяқталғандығын хабарлау жөніндегі хаттамада көрсетуге міндетті.
5. Бұдан әрі айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші қабылданбайды.
6. Айыпталушы алдын ала тыңдау жүргізілгенге дейін және алдын ала тыңдау барысында өз ісін алқабилердің қатысуымен қарау туралы мәлімдеген өтінішінен бас тартуға құқылы. Айыпталушының өз ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтінішінен бас тартуы алдын ала тыңдау барысында өтініш расталғаннан кейін қабылданбайды.
58-тарау.
Сот отырысын тағайындаудың ерекшеліктерi
547-бап. Сот отырысын соттың істі алқабилердің
қатысуымен қарауы туралы өтініш болған кезде
тағайындау
Айыпталушының істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші болған кезде судья алдын ала тыңдау жүргізеді.
548-бап. Алдын ала тыңдау жүргізудің ерекшеліктерi
1. Судья алдын ала тыңдауды міндетті түрде прокурордың, соттың істі алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініш білдірген сотталушының және оның қорғаушысының қатысуымен жабық сот отырысында жеке дара жүргізеді.
2. Егер іс бойынша сотталушылардың ең болмағанда біреуінің істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өтініші болса, алдын ала тыңдау іс бойынша барлық сотталушылардың және олардың қорғаушыларының қатысуымен жүргізіледі.
3. Судья сот отырысы басталарда қай істің қарауға жататынын жариялайды, отырысқа қатысушы адамдарға өзін таныстырады, кімнің мемлекеттік айыптаушы, қорғаушы, хатшы екенін хабарлайды, сотталушының жеке басын анықтайды, мәлімделген қарсылықтарды шешеді. Мемлекеттік айыптаушы айыптау қорытындысының қарар бөлігін жария етеді. Судья сотталушыға айыптаудың түсінікті болғанын-болмағанын анықтайды, қажет жағдайларда оған айыптаудың мәнін түсіндіреді және ол ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы берген өз өтінішін растайтынын-растамайтынын сұрайды.
4. Егер сотталушы ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өз өтінішін растаса, онда судья осы өтініштің қанағаттандырылғаны туралы шешім қабылдайды және мемлекеттік айыптаушы, жәбірленуші, сотталушы және оның қорғаушысы мәлімдеген басқа өтініштерді қарауға көшеді.
5. Қажет жағдайда дәлелдемелер ретінде пайдалануға болатындығын тексеру үшін іс материалдары алдын ала тыңдауда жария етілуі мүмкін.
6. Егер сотталушы ісін соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы өз өтінішін растамаса, осы Кодекстің 301-бабының бірінші бөлігінде көзделген басқа да негіздер болмаған кезде, судья алдын ала тыңдау аяқталды деп жариялайды. Істі бұдан әрі жүргізу осы Кодекстің 40-тарауында көзделген ережелер бойынша жүзеге асырылады.
7. Судьяның істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауы туралы қаулысы түпкілікті болып табылады. Қаулы бұдан әрі істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауынан сотталушының бас тарту себептері бойынша қайта қаралмауға тиіс.
549-бап. Алқабилердің қатысуымен сот отырысын
тағайындау кезінде алдын ала тыңдау тәртібімен
шығарылатын шешімдердің ерекшеліктерi
1. Алдын ала тыңдау қорытындылары бойынша судья осы Кодекстің 302-307-баптарында көзделген шешімдердің бірін қабылдайды.
2. Судья сот отырысын тағайындау туралы қаулыда сот істі алқабилердің қатысуымен қарайтындығын көрсетеді және осы сот отырысына шақырылуға тиіс алқабиге кандидаттардың санын анықтайды, олардың саны жиырма бестен кем болмауға тиіс.
3. Судья алдын ала тыңдау нәтижелері бойынша, осы Кодекстің 116-бабына сәйкес, іс материалдарынан дәлелдемелер ретінде жол беруге болмайды деп танылған нақты деректерді алып тастайды.
550-бап. Сот талқылауына қатысу үшін алқабиге
кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдаудың
тәртібi
1. Істі соттың алқабилердің қатысуымен қарауын тағайындау туралы қаулы шығарылғаннан кейін судья сот отырысының хатшысына, алқабилерге іріктеу үшін, осы сот отырысына саны қаулыда көрсетілген алқабиге кандидаттардың келуін қамтамасыз ету туралы өкім береді.
2. Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейін төрағалық етушінің өкімі бойынша сот отырысының хатшысы соттағы бірыңғай және қосалқы (жылдық) тізімдерден алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдауды жүргізеді.
3. Бір адам алқаби ретінде сот отырыстарына жылына бір реттен артық қатыса алмайды.
4. Қылмыстық істі қарауға қатысу үшін алқабиге кандидаттарды алдын ала кездейсоқ таңдау аяқталғаннан кейін, олардың тегі, аты, әкесінің аты және мекенжайы көрсетіле отырып, алдын ала тізім жасалады, оған сот отырысының хатшысы қол қояды.
5. Алдын ала тізімге енгізілген алқабиге кандидаттарға, сот талқылауы басталғанға дейін жеті тәуліктен кешіктірілмей сотқа келетін күні мен уақыты көрсетілген хабарлама тапсырылады.
6. Хабарлама алған азаматтар алқабилерді іріктеу рәсіміне қатысу үшін сотқа келуге міндетті.
59-тарау. Сот талқылауына қатысу үшін алқабиге
кандидаттарды іріктеу
551-бап. Жалпы ережелер
1. Кандидаттар арасынан алқабилерді іріктеу осы Кодекстің 331-344-баптарының талаптары орындалғаннан кейін:
1) төрағалық етушінің алқабиге кандидаттарды істі қарауға қатысудан босатуы;
2) өздігінен бас тарту туралы мәселелерді шешу;
3) қарсылық білдіру туралы мәселелерді шешу;
4) алқабиге кандидаттарға дәлелсіз қарсылық білдіру арқылы жүзеге асырылады.
2. Сот отырысының хатшысы төрағалық етушіге алқабиге кандидаттардың сот отырысына келуі туралы баяндайды және алқабиге кандидаттың әрқайсысына оның тегін көрсете отырып билет жазып береді.
3. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардың алдында:
1) өзін таныстырып;
2) тараптарды таныстырып;
3) қандай іс қаралуға жататынын хабарлап;
4) алқабилердің міндеттері мен олардың осы қылмыстық істі қарауға заңға сәйкес қатысу тәртібі туралы хабарлап, қысқаша сөз сөйлейді.
4. Алқабиге кандидатты істі қарауға қатысудан босату туралы мәселені объективті шешу мақсатында төрағалық етуші алқабилерді іріктеу кезінде кандидаттарға жазбаша нысанда прокурор, жәбірленуші, айыпталушы және оның қорғаушысы ұсынған сұрақтарды, сондай-ақ өзінің қалауы бойынша, алқабилер алқасын құру үшін маңызы бар басқа да сұрақтар қоюы мүмкін.
5. Алқабиге кандидат істі қарауға қатысу үшін іріктеу кезінде төрағалық етуші қойған сұрақтарға шын жауап беруі, сондай-ақ оның талабы бойынша өзі туралы және іске қатысушы басқа адамдармен қатынастары туралы қажетті өзге де ақпараттар беруге тиіс.
6. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардың ар-намысы мен қадір-қасиетін кемсітетін сұрақтар қоймайды.
7. Алқабиге кандидатты істі қарауға қатысудан босатуға байланысты барлық мәселелерді, сондай-ақ өздігінен бас тартуларды және алқабиге кандидаттарға мәлімделген қарсылық білдірулерді төрағалық етуші кеңесу бөлмесіне кетпей жеке-дара шешеді.
8. Егер сотқа шақырылған алқабиге кандидаттардың жиырма бесінен азы келсе не сот талқылауына қатысудан олардың кейбіреулерін босатқаннан кейін немесе төрағалық етуші судья өздігінен бас тартулар мен қарсылық білдірулерді қанағаттандырғаннан кейін олар он алтыдан азайып қалса, төрағалық етуші сот отырысының хатшысына алқабиге кандидаттар құрамының жетіспейтін санын қосалқы тізімнен толықтыру туралы өкім етеді. Бұл жағдайда алқабиге қосалқы кандидаттарды шақыру үшін сот отырысында үзіліс жарияланады.
552-бап. Төрағалық етушінің алқабиге кандидаттарды істi
қарауға қатысудан босатуы
1. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттарға олардың осы Кодексте белгіленген міндеттерін түсіндіреді, содан кейін алқабиге кандидаттардан алқаби ретінде істі қарауға қатысуда оларға кедергі келтіретін мән-жайлардың бар-жоғы туралы сұрайды.
2. Төрағалық етуші:
1) қылмыс жасады деген күдіктілерді немесе айыпталушыларды;
2) сотта ілеспе аударма қамтамасыз етілмеген кезде, сот ісі жүргізілетін тілді білмейтін адамды;
3) сот отырысына толыққанды қатысуын қамтамасыз етуге ұйымдастырушылық не техникалық мүмкіндіктер болмаған кезде мылқау, саңырау, зағип және мүгедек болып табылатын басқа да адамдарды алқаби міндеттерін атқарудан босатады.
3. Төрағалық етуші судья алқабилердің ауызша немесе жазбаша өтініші бойынша:
1) алпыс бес жастан асқан адамдарды;
2) үш жасқа толмаған балалары бар әйелдерді;
3) өзінің діни нанымына байланысты сот төрелігін жүзеге асыруға қатысу өзі үшін мүмкін емес деп есептеген адамдарды;
4) қызметтік міндеттерін атқарудан алаңдатылуы қоғамдық және мемлекеттік мүдделерге едәуір зиян келтіруі мүмкін адамдарды (дәрігерлер, мұғалімдер, әуежолдарының пилоттары және басқалар);
5) сот отырысына қатыспау үшін дәлелді себептері бар өзге де адамдарды алқаби міндеттерін атқарудан босата алады.
4. Төрағалық етуші алқабиге кандидаттардан сотта қаралатын істің мән-жайлары туралы олардың хабардарлығын анықтайды.
5. Төрағалық етуші кез келген алқабиге кандидатты осы адамға заңсыз көрсетілген ықпал ету, онда ағат пікір болуы, ол істің мән-жайын іс жүргізу көздерінен емес, басқа көздерден білуі салдарынан оның объективтілігіне негізді күмән келтірілсе, сондай-ақ алқабиге кандидаттың алқаби ретінде істі қарауға қатысуы кезінде объективті болмау мүмкіндігін көрсететін басқа да себептермен іс бойынша алқабидің міндеттерін атқарудан босатады.
553-бап. Алқабиге кандидаттардың өздігінен бас тартуы