2) айыптау актiсiнде көрсетiлген айыптауды бастапқы тағылған айыптаудан неғұрлым ауыр немесе елеулi түрде өзгеше айыптауға өзгерту қажеттiгi болған жағдайларда қосымша тергеуге жiберуге құқылы.
2. Судья iстi алдын ала тыңдауды өткізу нәтижелерi бойынша тараптың өтiнiшi бойынша да, өз бастамашылығы бойынша да iс дұрыс бiрiктiрiлмеген немесе бөлiнбеген, не басты сот талқылауын тағайындауға кедергi келтiретiн қылмыстық iс жүргiзу заңын басқа да елеулi бұзушылық анықталған жағдайларда, басты сот талқылауын тағайындамай-ақ iстi қосымша тергеуге жiберуге құқылы.
3. Іс қосымша тергеуге прокурор арқылы жiберiледi. Бұл ретте судья қаулыда iстiң қандай негiз бойынша қайтарылып отырғанын көрсетуге, сондай-ақ айыпталушыға қатысты бұлтартпау шарасы туралы мәселенi шешуге мiндеттi.
304-бап. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзудi уақытша тоқтату
1. Судья iс бойынша iс жүргiзудi уақытша тоқтату туралы қаулыны осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген негiздер бойынша шығаруы мүмкiн.
2. Iс бойынша iс жүргiзу бiрнеше айыпталушылардың бiреуiне қатысты қорғануға арналған оның құқығына немесе басқа да айыпталушылардың құқығына нұқсан келтiрмеуi шартымен уақытша тоқтатылуы мүмкiн. Оларға қатысты iс жүргiзу тоқтатылмаған айыпталушылар қамауда болған және судья оларға бұлтартпау шарасын өзгертудi мүмкiн деп таппаған жағдайда iс жүргiзу отыз тәулiктен аспайтын мерзiмге тоқтатылуы мүмкiн. Егер осы уақыт iшiнде айыпталушылардың бiреуiне қатысты iс жүргiзудi уақытша тоқтатуға негiздер жойылмаса, онда басқа айыпталушыларға қатысты iс жүргiзу жаңартылуы және басты сот талқылауының күнi белгiленуi тиiс.
3. Осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында көзделген негiздерге сәйкес iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру кезiнде осы Кодекстiң 315-бабының екiншi бөлiгiнде және 321-бабының екiншi бөлiгiнде көрсетiлген жағдайларды қоспағанда iс прокурорға қайтарылады.
305-бап. Азаматтық талапты және мүлiктi тәркiлеудi
қамтамасыз ету шаралары
Анықтаушы, тергеушi немесе прокурор қылмыспен келтiрiлген залалды өтеудi және мүлiктi ықтимал тәркiлеудi қамтамасыз ететiн шаралар қабылдамаған жағдайда судья қылмыстық iзге түсу органдарына оларды қамтамасыз етуге қажеттi шаралар қолдануды мiндеттейдi.
306-бап. Қылмыстық iстi соттың қарауына жататындығы
бойынша жiберу
Егер судья iстiң өзi соттауына жатпайтынын анықтаса, онда ол мұндай шешiмнiң заңдық негiздерiн келтiре және iс жолданатын сотты көрсете отырып, iстi соттың қарауына жататындығы бойынша жiберу туралы қаулы шығарады, ол туралы процеске қатысушыларға хабарлайды.
307-бап. Қылмыстық iстi қысқарту
Судья осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1-12-тармақтарында және 38-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша, сондай-ақ мемлекеттік айыптаушы айыптаудан бас тартқан жағдайда iстi қысқарту туралы қаулы шығарады. Iстi қысқарту туралы шешiм қабылдағаннан кейiн судья бұлтартпау шарасын, азаматтық талапты және мүлкiн тәркiлеудi қамтамасыз ету шараларын тоқтатады және заттай айғақтар туралы мәселенi шешедi. Судьяның iстi қысқарту туралы қаулысының көшiрмесi прокурорға жiберiледi, сондай-ақ қылмыстық жауапқа тартылған адамға және жәбiрленушiге тапсырылады.
308-бап. Тараптардың iс материалдарымен танысу мүмкiндiгiн
қамтамасыз ету
Басты сот талқылауы тағайындалғаннан кейiн судья тараптарға iстiң сотқа дейiнгi iс жүргiзу сатысында өздерi таныстырылмаған барлық материалдарымен танысу және олардан қажеттi мәлiметтердi жазып алу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
309-бап. Құжаттардың көшiрмелерiн тапсыру
Егер сот отырысын тағайындау туралы мәселенi шешу кезiнде бұлтартпау шарасы немесе сотқа шақыруға жататын адамдардың тiзiмi өзгертiлсе, не прокурор айыптауды өзгертсе, онда сотталушы адамға судьяның қаулысының көшiрмесi тапсырылады.
310-бап. Сот отырысына шақырту
Судья өзiнiң қаулысында көрсетiлген адамдарды сот отырысына шақырту туралы өкiм бередi, сондай-ақ сот отырысын әзiрлеу үшiн шаралар қолданады.
40-тарау. Басты сот талқылауының жалпы шарттары
311-бап. Сот талқылауының тiкелей және ауызша болуы
1. Сот талқылауында iс бойынша барлық дәлелдер тiкелей зерттелуге тиiс. Сот сотталушы адамның, жәбiрленушiнiң, куәлардың айғақтарын тыңдауы, сарапшылардың қорытындыларын жария етуi және зерттеуi, заттай дәлелдемелердi тексеруi, хаттамалар мен өзге де құжаттарды оқуы, осы Кодексте көзделген жағдайларды қоспағанда, дәлелдемелердi зерттеу жөнiнде басқа да сот iс-әрекеттерiн жүргiзуi тиiс.
2. Алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде берiлген айғақтарды жария ету тек осы Кодексте көзделген ерекше жағдайларда ғана мүмкiн болады.
3. Соттың үкімі тек сот отырысында зерттелген дәлелдемелерге, ал сот тергеуiнiң қысқартылған түрi кезiнде - анықтау жүргiзу кезiнде алынған және сотта тараптар дауға салмаған дәлелдемелерге ғана негiзделуi қажет.
312-бап. Iстi талқылау кезiнде сот құрамының өзгертiлмеуi
1. Iстi бiр судья немесе судьялардың сол бiр құрамы қарауы тиiс.
2. Судьялардың бiрiнiң сот талқылауына қатысуды жалғастыруы мүмкiн болмаған кезде ол басқа судьямен ауыстырылады, ал iстi талқылау осы Кодекстiң 313-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда қайтадан басталады.
313-бап. Запастағы судья
1. Талқылау үшiн ұзақ уақытты қажет ететiн iстi алқалы қарау кезiнде запастағы судья тағайындалуы мүмкiн.
2. Запастағы судья басты сот талқылауында сот отырысы ашылғаннан бастап немесе сот оның қатысуы туралы шешiм қабылдаған кезден бастап қатысады және судьялардың бiрi шығып қалған жағдайда оны алмастырады. Бұл ретте iстi талқылау жалғастырыла бередi. Запастағы судья судьялардың бiрi шығып қалған жағдайда соттың құрамына кiрген кезден бастап судьяның құқықтарын пайдаланады. Шығып қалған судьяның орнына кiрген запастағы судья кез келген сот әрекетiн жаңартуды талап етуге құқылы.
314-бап. Төрағалық етушiнiң басты сот талқылауындағы өкiлеттiгi
1. Басты сот талқылауында осы соттың төрағасы немесе оны сот төрағасы тапсырған судья төрағалық етедi.
2. Төрағалық етушi iстi талқылауда және шешiм қабылдау кезiнде басқа судьялармен бiрдей құқықтарды пайдаланады.
3. Төрағалық етушi сот отырысына басшылық жасайды, әдiл соттың мүддесiнде объективтілік пен бейтараптылықты сақтай отырып, тараптар құқықтарының теңдiгiн қамтамасыз ету үшiн осы Кодексте көзделген барлық шараларды қолданады, iстiң жай-күйiн жан-жақты және толық зерттеу үшiн қажеттi жағдайлар жасайды. Төрағалық етушi сондай-ақ сот отырысы күн тәртібінiң сақталуын қамтамасыз етедi, сот талқылауының барлық қатысушыларына олардың құқықтары мен мiндеттерiн және оларды жүзеге асырудың тәртібін түсiндiредi. Сот талқылауына қатысушы адамдардың бiрi төрағалық етушiнiң iс-әрекетiне қарсылық бiлдiрген жағдайда бұл қарсылық бiлдiру сот отырысының хаттамасына енгiзiледi.
315-бап. Сотталушы адамның басты сот талқылауына қатысуы
1. Басты сот талқылауы осы баптың екiншi бөлiгiнде көзделгеннен басқа жағдайларда сотталушының мiндеттi түрде қатысуымен өтедi. Сотталушы келмеген кезде iс кейiнге қалдырылуы тиiс. Сот дәлелдi себептерсiз келмеген сотталушыны келтiруге, сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасын қолдануға немесе өзгертуге құқылы. Күзетпен ұстаудағы сотталушы сот отырысына келуден бас тартқан кезде сот iстi қорғаушының мiндеттi түрде қатысуымен ол болмағанда қарауға құқылы.
2. Сотталушы болмағанда iстi талқылауға:
1) ауырлығы шағын қылмыс жасағаны үшiн айыпталған сотталушы iстi оның қатысуынсыз қарау туралы өтiнiш берген;
2) сотталушы Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде болған және сотқа келуден жалтарған жағдайларда ғана жол берiлуi мүмкiн.
316-бап. Қорғаушының басты сот талқылауына қатысуы
1. Сотталушының қорғаушысы дәлелдердi зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәнi және оның дәлелденгендiгi жөнiнде, сотталушының жауаптылығын жеңiлдететiн немесе оны ақтайтын мән-жайлар туралы, жазалау шарасы туралы, сондай-ақ сот талқылауында туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн айтады.
2. Қорғаушы келмеген және оны осы сот отырысында ауыстыру мүмкiн болмаған кезде iстi талқылау кейiнге қалдырылады. Сот отырысына келмеген қорғаушыны ауыстыруға тек сотталушының келісімімен ғана жол берiледi. Егер сотталушы шақырған қорғаушының қатысуы ұзақ уақыттың iшiнде мүмкiн болмаса, сот басты сот талқылауын кейiнге қалдыра отырып, айыпталушыға басқа қорғаушыны таңдауды ұсынады, ал ол бас тартқан жағдайда жаңа қорғаушыны тағайындайды.
3. Iске жаңадан кiрiскен қорғаушыға сот талқылауына қатысуға дайындалу үшiн қажеттi уақыт берiледi. Ол өзi iске кiрiскенге дейiн iстi соттың қарауы кезiнде жасалған кез келген әрекеттiң қайталануы туралы өтiнiш жасауға құқылы.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 317-бап өзгертілді
317-бап. Мемлекеттік айыптаушының басты сот
талқылауына қатысуы
1. Прокурордың жеке айыптау iстерiн қоспағанда, мемлекеттік айыптаушы ретiнде бас сот талқылауына қатысуы мiндеттi.
2. Күрделi және көп эпизодты iстер бойынша мемлекеттік айыптауды бiрнеше прокурор қолдауы мүмкiн.
3. Егер сот талқылауы кезiнде прокурордың одан әрi қатысуының мүмкiн еместiгi анықталса, ол алмастырылуы мүмкiн. Iске жаңа прокурордың кiрiсуi осы уақытқа дейiн сотта жасалған iс-әрекеттердi қайталауға әкеп соқтырмайды, бiрақ прокурордың өтiнiшi бойынша сот оған iстiң материалдарымен танысу үшiн уақыт бере алады.
4. Прокурор дәлелдердi ұсынады және оларды зерттеуге қатысады, сотқа айыптаудың мәнi бойынша, сондай-ақ сот талқылауы кезiнде туындаған басқа да мәселелер бойынша өзiнiң пiкiрiн баяндайды, сотқа қылмыстық заңды қолдану және сотталушыға жаза қолдану туралы ұсыныс айтады.
5. Егер мұны азаматтардың құқықтарын, мемлекеттік немесе қоғамдық мүдделердi қорғау талап етсе, прокурор iс бойынша азаматтық талап қояды немесе оны қолдайды.
6. Айыптауды қолдай отырып, прокурор заң талаптарын және iстiң барлық жағдайларын қарау нәтижелерiне негiзделген өзiнiң iшкi көзқарасын басшылыққа алады. Сотталушының жағдайын нашарлатпайтын және оның қорғалу құқығын бұзбайтын болса, прокурор айыптауды өзгерте алады. Прокурор, егер айыптау сот талқылауында қолдау таппады деген қорытындыға келсе, айыптаудан бас тартуға (толық немесе iшiнара) мiндеттi. Мемлекеттік айыптаушының айыптаудан бас тартуына сот тергеуi немесе сот жарыссөзi кезiнде жол беріледi.
7. Прокурор айыптаудан толық бас тартқан жағдайда, егер айыптаудан жәбiрленушi де бас тартса, сот өз қаулысымен iстi қысқартады. Ал егер жәбiрленушi айыптауды талап етсе, сот iстi талқылауды жалғастырып, оны жалпы тәртiппен шешедi. Бұл жағдайда прокурор процеске одан әрi қатысудан босатылады, ал айыптауды жәбiрленушiнiң өзi немесе өкiлi арқылы қолдайды. Жәбiрленушiнiң өтiнiшi бойынша сот оған өкiл шақыру үшiн уақыт беруге тиiс. Прокурор мен жеке айыптаушы айыптаудан iшiнара бас тартқан кезде сот айыптаудың тарап айыптаудан бас тартқан бөлiгiнде iстi қысқартады, айыптаудың қалған бөлiгіндегі iс жалпы тәртiппен қаралады. Егер прокурор айыптауды өзгертсе және жәбiрленушi бұрынғы айыптауды талап етпесе, сот iстi жаңа айыптау бойынша қарайды.
318-бап. Жәбiрленушiнiң басты сот талқылауына қатысуы
1. Басты сот талқылауы жәбiрленушiнiң немесе оның өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
2. Жәбiрленушi келмеген жағдайда сот iстi талқылау немесе оны жәбiрленушiнiң болмауынсыз iстiң барлық жағдайларын толық анықтаудың және оның құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғаудың мүмкiн болуына қарай оны кейiнге қалдыру туралы мәселенi шешедi. Егер сот отырысына жәбiрленушiнiң өкiлi келсе, сот бұл мәселенi өкiлдiң пiкiрiн ескере отырып шешедi.
3. Жәбiрленушiнiң өтiнiшi бойынша сот оны айғақ беру үшiн белгiлi уақытта келуге мiндеттей отырып, сот отырысына қатысудан босата алады.
4. Жеке айыптау iсi бойынша жәбiрленушiнiң сот отырысына дәлелсiз себептермен келмеуi iстi қысқартуға әкеп соғады, бiрақ сотталушының өтiнiшi бойынша iс мәнiсi жөнiнде жәбiрленушiнiң қатысуынсыз қаралуы мүмкiн.
319-бап. Азаматтық талапкердiң немесе азаматтық жауапкердiң
басты сот талқылауына қатысуы
1. Сот талқылауына азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер немесе олардың өкiлдерi қатысады.
2. Азаматтық талапкер немесе оның өкiлi сотқа келмеген кезде азаматтық талап қаралмауы мүмкiн. Азаматтық талапкердiң азаматтық сот iсiн жүргiзу тәртібімен талап қою құқығы сақталады.
3. Сот азаматтық талапкердiң немесе оның өкiлiнiң өтiнiшi бойынша азаматтық талап қоюды азаматтық талапкердiң қатысуынсыз қарауға құқылы.
4. Сот қажет деп тапқан жағдайда немесе талап қоюды прокурор қолдағанда сот азаматтық талапты азаматтық талапкердiң немесе оның өкiлiнiң келу-келмеуiне байланыссыз қарайды.
5. Азаматтық талапкердiң немесе оның өкiлiнiң келмеуi азаматтық талап қоюды қарауды тоқтатпайды.
320-бап. Басты сот талқылауының шегi
1. Басты сот талқылауы тек айыпкерге қатысты және сотқа берiлген айыптаудың шегiнде ғана жүргiзiледi.
2. Айыптауды өзгертуге бұл арқылы сотталушының жағдайы нашарламаған және оның қорғауға деген құқығы бұзылмаған жағдайда ғана жол берiледi.
3. Егер басты сот талқылауы барысында алдын ала тыңдау сатысында бастапқы айыптауды негiзсiз өзгертуге байланысты айыптауды неғұрлым ауыр айыптау етiп өзгерту қажет болса, онда iстi тағылған айыптау шегiнде қарау үшiн сот айыптаушы тараптың бұл жөніндегі өтiнiшi бойынша, процестiң басқа қатысушыларының пiкiрiн ескере отырып, сот талқылауын жетi тәулiкке дейiн мерзiмге кейiнге қалдырып, iстi жаңадан алдын ала тыңдау өткiзе алады.
321-бап. Басты сот талқылауын кейiнге қалдыру
және қылмыстық iстi тоқтата тұру
1. Сот отырысына шақырылған адамдардың бiрiнiң келмеуi салдарынан немесе жаңа дәлелдер алдыру қажеттiгiне байланысты iстi талқылау мүмкiн болмаған кезде сот iстi талқылауды кейiнге қалдыру туралы қаулы шығарады. Осымен бiрге сот келмеген адамдарды шақыру немесе жаңа дәлелдердi алдыруға шаралар қолданады. Сот iстi талқылау кейiнге қалдырылатын мерзiмдi белгiлейдi.
2. Осы Кодекстiң 50-бабының бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген негiздер болған кезде сот бiр немесе бiрнеше сотталушыға қатысты iс бойынша iс жүргiзудi осы жағдайлар жойылғанға дейiн уақытша тоқтатады және басқа сотталушыларға қатысты сот талқылауын жалғастыра бередi.
3. Жасырынып жүрген сотталушыны iздеу сот-қаулысымен жарияланады.
322-бап. Бұлтартпау шарасы туралы мәселенi шешу
1. Басты сот талқылауы кезiнде сот сотталушыға қатысты бұлтартпау шарасын таңдап алуға, өзгертуге немесе оның күшiн жоюға құқылы.
2. Сотталушыны бұлтартпау шарасы ретiнде қамауға алу мерзiмi iстiң сотқа түскен күнiнен бастап үкiм шығарылғанға дейiн алты айдан аспауға тиiс.
3. Ауыр қылмыстар туралы iстер бойынша осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген мерзiм өткеннен кейiн сот өзiнiң қаулысымен қамауға алу мерзiмiн он екi айға дейiн ұзартуға құқылы.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген қамау мерзiмдерi аяқталғаннан кейiн сот сотталушыға бұлтартпау шарасын үйде қамауда ұстау немесе ешқайда кетпеу туралы қолхат беруге ауыстыруға тиiс.
5. Осы баптың екiншi және төртiншi бөлiктерiнде белгiленген шектеулер аса ауыр қылмыстар туралы iстерге қолданылмайды.
323-бап. Iстi қосымша тергеуге жiберу
1. Сот осы Кодекстiң 303-бабында көзделген талаптарды ескере отырып, iстi қосымша тергеуге жiбередi.
2. Iс қосымша тергеу аяқталғаннан кейiн сотқа келiп түскен кезде сот отырысын тағайындау туралы мәселе жалпы тәртiппен шешiледi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 324-бап толықтырылды
324-бап. Басты сот талқылауында iстi тоқтату
Егер басты сот талқылауы барысында осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 3-12-тармақтарында көрсетiлген жағдайлар анықталса, сондай-ақ айыптаушы осы Кодекстiң 317-бабының алтыншы бөлiгiнiң ережелерiне сәйкес айыптаудан бас тартқанда, iс басты сот талқылауында қысқартылуға тиiс. Iс осы Кодекстiң 38-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген негiздер бойынша да басты сот талқылауында қысқартылуы мүмкiн.
325-бап. Басты сот талқылауында қаулы шығару тәртібі
1. Басты сот талқылауы кезiнде сот шешетiн барлық мәселелер бойынша сот қаулы шығарады, ол сот отырысында жариялануға тиiс.
2. Iстi қосымша тергеуге жiберу туралы, iстi қысқарту туралы, iс бойынша iс жүргiзудi тоқтата тұру туралы, бұлтартпау шарасын таңдау, өзгерту немесе оның күшiн жою туралы, бас тарту туралы, сараптама тағайындау туралы қаулылар және жеке қаулылар кеңесу бөлмесiнде шығарылады және жеке құжат түрiнде жазылады.
3. Өзге қаулылар соттың қалауынша не осы баптың екiншi бөлiгiнде көрсетiлген тәртiппен, не сол орнында - сот отырысы залында қаулыны сот отырысының хаттамасына енгiзе отырып шығарылады.
326-бап. Басты сот талқылауының тәртібі
1. Басты сот талқылауы соттың қалыпты жұмысын және процеске қатысушылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жағдайда өтедi.
2. Соттың сот отырысы залына кіруiнiң алдында сот приставы: "Сот келе жатыр" деп хабарлайды, сот отырысына қатысып отырғандардың бәрi орындарынан тұрады, мұнан соң төрағалық етушiнiң ұсынуы бойынша өз орындарына отырады.
3. Сот талқылауына қатысушылардың бәрi сотқа қарап сөйлегенде, айғақтар бергенде және мәлiмдеме жасағанда орындарынан тұрады. Бұл ережелерден ауытқуға төрағалық етушiнiң рұқсатымен жол берiледi.
4. Басты сот талқылауының барлық қатысушылары, сондай-ақ сот отырысы залында қатысып отырған азаматтардың барлығы төрағалық етушiнiң сот отырысының тәртібін сақтау туралы өкіміне бағынуға тиiс.
5. Он алты жасқа дейiнгi адамдар, егер олар тарап немесе куә болмаса, сот отырысы залына жiберiлмейдi. Қажет болғанда сот приставы азаматтан оның жасын куәландыратын құжатты талап етуге құқылы. Залға сондай-ақ мас адамдар жiберiлмейдi.
6. Сот отырысы залында суретке түсiруге, дыбыс бейнежазбаларды қолдануға және киноға түсiруге төрағалық етушiнiң рұқсатымен ғана жол берiледi.
2007.29.06. № 270-III ҚР Заңымен 327-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
327-бап. Басты сот талқылауында тәртiптi қамтамасыз
ету мақсатында қолданылатын шаралар
1. Сот отырысында тәртіп бұзған, төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбаған, сол сияқты сотты құрметтемеуді анық куәландыратын өзге де іс-әрекеттер (әрекетсіздік) жасаған кезде төрағалық етуші сот отырысы залынан адамды шығарып жіберуге немесе сотты құрметтемеу фактісінің анықталғаны туралы жариялауға және кінәлі адамға әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамада белгіленген тәртіппен әкімшілік жаза қолдануға құқылы. Шығарып жіберу айыптаушы мен қорғаушыдан басқа, процестің кез келген қатысушысына немесе өзге адамға қатысты жүргізілуі мүмкін. Әкімшілік жаза сотталушыға қолданылмайды.
2. Егер сот отырысы залынан сотталушы шығарып жiберiлсе, онда үкiм оның көзiнше жариялануға немесе ол жарияланғаннан кейiн дереу қолхат алып хабарлануға тиiс.
3. Сот отырысы залынан процеске қатысушыны шығарып жiберу және әкiмшiлiк жаза қолдану туралы сот қаулы шығарады.
4. Сот отырысы залында қатысып отырған, бiрақ процеске қатысушы болып табылмайтын адамдар тәртiп бұзған жағдайда олар төрағалық етушiнiң өкімі бойынша сот отырысы залынан шығарылады. Бұған қоса сот оларға әкiмшiлiк жаза қолдануы мүмкiн.
5. Егер тәртiп бұзушының сот отырысындағы iс-әрекетiнде басқа әкiмшiлiк құқық бұзушылықтың не қылмыстық белгiлерi болса, сот тиiстi тәртiппен қылмыстық немесе әкiмшiлiк iс қозғау үшiн материалдар жiбередi.
6. 2007.29.06. № 270-III ҚР Заңымен 327-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
328-бап. Басты сот талқылауының хаттамасы
1. Басты сот талқылауы кезiнде сот отырысының хатшысы хаттама жүргiзедi.
2. Хаттама қолдан жазылуы немесе мәшинкелiк, не компьютерлiк әдiспен дайындалуы мүмкiн. Хаттаманың толық болуын қамтамасыз ету үшiн стенография қолданылуы мүмкiн.
3. Хаттамада: басты сот талқылауының күнi, оның басталу және аяқталу уақыты; қандай iс қаралып жатқаны; соттың атауы мен құрамы, хатшы, аудармашы, айыптаушы, қорғаушы, сотталушы, сондай-ақ жәбiрленушi, азаматтық талапкер, азаматтық жауапкер және олардың өкiлдерi, сот шақырған басқа да адамдар; сотталушының жеке басы туралы деректер және бұлтартпау шарасы; соттың жүргiзiлген реттегi iс-әрекетi, iске қатысушы адамдардың арыздары, қарсылық бiлдiрулерi және өтiнiштерi; соттың кеңесу бөлмесiне бармай шығарылған қаулылары, қаулылардың кеңесу бөлмесiнде шығарылуына нұсқау; iске қатысушы адамдарға олардың құқықтары мен мiндеттерiнiң түсiндiрiлуi; айғақтардың егжей-тегжейлi мазмұны; сарапшыға қойылған сұрақтар және оның жауаптары; сот мәжілісiнде жүргiзiлген тексерулер мен дәлелдердi зерттеу жөніндегі басқа iс-әрекеттердiң нәтижелерi; iске қатысушы адамдар хаттамада куәландыруды өтiнген фактiлерге нұсқамалар; тараптардың сот жарыссөзiнде сөйлеген сөздерiнiң және сотталушының соңғы сөзiнiң негiзгi мазмұны; үкімінiң жарияланғаны және оған шағымдану тәртібі мен мерзiмi түсiндiрiлгенi туралы нұсқама көрсетiледi. Бұған қоса, хаттамада егер орын алған болса, сотты сыйламаушылықты куәландыратын фактiлер және тәртiп бұзушының жеке басы мен соттың тәртiп бұзушыға қолданған ықпал ету шаралары да атап көрсетiледi.
4. Хаттама сот отырысы аяқталғаннан кейiнгi бес тәулiктен кешiктiрiлмей жасалып, оған төрағалық етушi мен хатшы қол қоюға тиiс. Сот талқылауы барысында хаттама бөлiп-бөлiп жасалуы мүмкiн, оларға және бүтiндей хаттамаға сот отырысына төрағалық етушi мен хатшы қол қояды.
5. Сот талқылауы хаттамасының дұрыс жазылуы туралы сот отырысының төрағалық етушiсi мен хатшысының арасында түсiнiспеушiлiк болған кезде соңғысы өзiнiң келiспеушiлiктерiн жазбаша түрде сот отырысы барысында жасалған жазбалармен бiрге хаттамаға қоса тiркеуге құқылы.
6. Басты сот талқылауы кезiнде киноға түсiру, бейне, дыбыс жазбасы қолданылуы мүмкiн, олардың материалдары сот отырысы хаттамасына қоса берiледi, оларға сүргiш салынып, iспен бiрге сақталады. Хаттамада аталған техникалық құралдардың қолданылғаны туралы белгi қойылады.
7. Төрағалық етушi тараптарға басты сот талқылауының хаттамасы дайындалғаны туралы хабарлауға және онымен танысуға мүмкiндiк беруге мiндеттi.
8. Басты сот талқылауында жауап алынған адам хаттамадағы өз айғақтарының жазылуымен таныстыру жөнiнде өтiнiш жасауға құқылы. Мұндай мүмкiндiк өтiнiш мәлiмделгеннен кейiнгi күннен кешiктiрiлмей берiлуге тиiс.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 329-бап толықтырылды
329-бап. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертпелер
Басты сот талқылауының хаттамасына қол қойылғаннан кейiнгi бес тәулiктiң iшiнде тараптар, сондай-ақ осы Кодекстiң 328-бабының сегiзiншi бөлiгiнде көрсетiлген өзге де адамдар хаттамаға ескертпелер беруге құқылы. Аталған мерзiмді iс бойынша төрағалық етушi тараптардың өтiнiшi бойынша он тәулiкке дейiн ұзарта алады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 330-бап толықтырылды
330-бап. Басты сот талқылауының хаттамасына
ескертпелердi қарау
1. Басты сот талқылауының хаттамасына ескертпелердi төрағалық етушi, ал ол ұзақ уақыт бойы болмаған кезде осы соттың басқа судьясы қарайды, ол нақтылау үшiн ескертпе берген адамдарды шақыртуға құқылы.
2. Ескертпелердi қарау нәтижелерi бойынша судья олардың дұрыстығын куәландыру туралы не оларды қабылдамау туралы дәлелдi қаулы шығарады. Хаттамаға және судьяның қаулысына жасалған ескертпелер басты сот талқылауының хаттамасына қоса тiгiледi.
41-тарау. Басты сот талқылауының дайындық бөлімі
331-бап. Басты сот талқылауының ашылуы
Басты сот талқылауы үшiн белгiленген уақытта төрағалық етушi сот отырысын ашады және қандай қылмыстық iстiң қаралатынын, сондай-ақ iстiң ашық немесе жабық сот отырысында талқыланатыны туралы хабарлайды.
332-бап. Басты сот талқылауына шақырылған
адамдардың келуiн тексеру
Сот отырысының хатшысы сот отырысына қатысуға тиiстi адамдардың келгенi туралы баяндайды және келмегендердiң келмеу себептерiн хабарлайды.
333-бап. Аудармашыға оның құқықтары мен мiндеттерiн
түсiндiру
1. Төрағалық етушi аудармашы ретiнде кiмнiң қатысып отырғанын хабарлайды және оған осы Кодекстiң 85-бабында көзделген құқықтарын, мiндеттерiн түсiндiредi.
2. Төрағалық етушi аудармашыға әдейi дұрыс аударма жасамағаны үшiн қылмыстық жауаптылығы туралы ескертедi, бұл туралы одан қолхат алынып, ол сот отырысының хаттамасына қоса тiгiледi. Аудармашыға, сондай-ақ өз мiндеттерiн орындаудан жалтарған жағдайда оған заңдарда белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк жаза қолданылуы мүмкiн екенi туралы ескертiледi.
334-бап. Аудармашыдан бас тарту туралы
мәселенi шешу
Төрағалық етушi келген тараптарға, куәларға, сарапшыға, маманға олардың аудармашыдан бас тартуын мәлiмдеу құқықтарын түсiндiредi және аудармашыдан бас тартуға әкеп соғатын заңдарда көзделген негiздердi түсiндiредi. Мәлiмделген бас тартуды сот осы Кодекстiң 89-бабында белгiленген ережелер бойынша шешедi. Егер аудармашыдан бас тарту қанағаттандырылса, сот басқа аудармашыны шақырады.