2. Теңіз деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының әсер ету аймағы шегінде:
1) су объектілерінің және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануы мен қоқыстануын болдырмайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа және реконструкцияланатын объектілерді жобалауға, салуға және пайдалануға беруге;
2) мұнай өнімдерін сақтауға арналған қоймаларды, техникаларға техникалық қызмет көрсету пункттерін, механикалық шеберханаларды, жуу орындарын елді мекендер шегінен тысқары жерде орналастыруға және салуға, қалдықтарды орналастыру орындарын ұйымдастыру мен жайластыруға, сондай-ақ судың сапасына теріс әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға;
3) мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобалары болмаса, құрылыс, түбін тереңдететін және жару жұмыстарын жүргізуге, пайдалы қазбалар өндіруге, кабельдер, құбырлар мен басқа да коммуникациялар тартуға және бұрғылау, ауылшаруашылық және өзге де жұмыстарға тыйым салынады.
262-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында шаруашылық және өзге де қызметті жүзеге асыру кезіндегі жалпы экологиялық талаптар
1. Топырақты қазып алумен және басқа жерге апарумен байланысты жұмыстарға жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган беретін арнаулы рұқсат болған кезде жол беріледі.
2. Құрылыстарды салу, монтаждау және оларды қайта бөлшектеу ластаушы заттардың барлық түрлерін жинауды қамтамасыз ететін технологиялар пайдаланылған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін.
3. Келісімшарттық аумақ шегінде бұрын бұрғыланған ұңғымалар табылған кезде жер қойнауын пайдаланушы оларды өз балансына қабылдауға және олар бойынша мониторинг жүргізуге міндетті.
4. Мұнай операцияларының барлық сатысында қоршаған ортаға эмиссия олар үшін белгіленген ластаушы заттардың шығарындылары мен төгінділеріне жол берілетін шекті нормативтерінен аспауға тиіс.
5. Ұңғымаларды пайдалану кезінде, авариялық ахуалдың қауіп төндіру жағдайларын қоспағанда, флюидтерді алау етіп жағуға тыйым салынады.
6. Ұңғымаларды сынау кезінде көмірсутегін алау етіп жағу барынша азайтылуға тиіс. Осы тармақта көрсетілген әдіс, экологиялық сараптама қорытындысында қоршаған ортаға неғұрлым қауіпсіз деп танылған жағдайда, оны түтінді шлейфтің сейілуіне ықпал ететін табиғи қолайлы жағдайларда ғана қолдану қажет, бұл ретте, алау қондырғыларының конструкциясы көмірсутегілердің толық жануын қамтамасыз етуге тиіс. Ұңғымалар құстардың өріс аудару жолдарына орналастырылған жағдайда, орнитофаунаға залалды болғызбау үшін ұйымдастыру-техникалық шаралар қабылдануға тиіс.
7. Мұнай операцияларын жүргізген кезде атмосфераға шығарындылар Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына, қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық практикада қабылданған, байқаудан өткізілген принциптер мен әдістерге сәйкес бақылануға тиіс.
8. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағы шегінде, ластанбаған немесе тазартылған сарқынды сулардың шектеулі тізбесін, оның ішінде салқындату және өрт сөндіру жүйесіндегі сулар мен қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органның рұқсаты бойынша ағызылатын балластық суларды қоспағанда, сарқынды суларды ағызуға және қалдықтарды тастауға тыйым салынады. Судың бақылау жақтауы шегінен тыс ағызылуы нәтижесіндегі температурасы соңғы он жыл ішіндегі ағызу кезеңіндегі орташа айлық су температурасымен салыстырғанда бес градустан жоғары аспауға тиіс.
9. Бұрғылау қалдықтарын оларды залалсыздандыру жөніндегі алдын ала операцияларсыз жер қойнауына айдауға тыйым салынады және ол мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобаға сәйкес жүзеге асырылады.
10. Айналымға тартылмайтын және жер қойнауына айдалмайтын бұрғылау қалдықтарын (шламдар мен қоспаларды) залалсыздандыру мен сақтау жөніндегі барлық операциялар Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағынан тысқары жерде, арнайы полигонда жүзеге асырылуға тиіс. Аталған операциялар полигон құрылысының бұрғылау жұмыстары басталар кезге қарай аяқталуын қамтамасыз етуге және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның келісімі бойынша жүзеге асырылуға тиіс.
11. Бұрғылау платформасы (баржа) және оған қызмет ететін кемелер сарқынды суларды тазарту мен залалсыздандыруға немесе сарқынды суларды жинауға, сақтауға және кейін арнаулы кемелерге немесе жағалаудағы қабылдау құрылғыларына беруге арналған қондырғылармен жабдықталуға тиіс. Қоқысты жинау немесе өңдеу (ұнтақтау немесе сығымдау) үшін тиісті құрылғылар көзделуге не қоқысты жағуға арналған қондырғы көзделуге тиіс.
12. Кез келген құрылыс және өзге де жұмыс түрлерін жүргізген кезде судың терең қабаты мен теңіз түбінде жару жұмыстарын пайдалануға тыйым салынады. Теңіз түбіндегі жару жұмыстары қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану мен қорғау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы және жер қойнауын зерттеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
13. Суда жүзетін және су маңдарындағы құстардың ұя салатын орындарын бұзуға, сондай-ақ бекіре балықтарының уылдырық шашу орындарына баруына кедергі орнатуға тыйым салынады.
14. Су тарту құрылыстары балық қорғау құрылғыларымен жарақтандырылған жағдайда ғана теңізден су тартуға жол беріледі. Су тарту құрылыстарында балық қорғау құрылғылары жұмысының тиімділігін үздіксіз бақылауға арналған техникалық құрылғылар орнатылуға тиіс.
15. Мұнай өндіру жөніндегі жұмыстарды бастар алдында жер қойнауын пайдаланушының қаржылай қаражаты есебінен Каспий теңізі солтүстік бөлігінің мемлекеттік қорық аймағында уылдырық шашылуын қорғау және бағалы кәсіпшілік балықтарын молайту жөніндегі іс-шараларды қоса алғанда, қоршаған ортаны, сондай-ақ итбалықтардың тіршілік ету ортасын қорғау жөнінде кешенді бағдарламалар көзделуге тиіс.
16. Көліктің бағыттары олардың теңіз сүт қоректілеріне, балықтар мен құстарға әсерін болдырмайтындай немесе оны азайтатындай етіп таңдалуға тиіс.
17. Арнаулы талаптар қолданылатын аймақта жобада көзделмеген темір жолдарды, автомобиль жолдарын төсеуге және магистральдық құбырларды тартуға тыйым салынады.
18. Таяз суларда жұмыс жүргізу үшін жоғары өнімді түптік топтасу мен уылдырық шашудың сақталуын қамтамасыз ететін көлік құралдары пайдаланылуға тиіс. Қажет болған жағдайда, қоршаған ортаның жай-күйіне мониторинг жүргізу кезінде топырақ-өсімдік жамылғысының тұтастығын және сол жердегі биоценоздарды барынша аз бұзатын жалпақ шынжыртабанды, қысымы төмен шиналармен, ауа жастықшаларымен жүретін арнаулы көлік құралдарын пайдалануға жол беріледі.
19. Бұрғылық және тампонаждық сұйықтар құрамында техникалық жобада келісілмеген заттар қолданылмауға тиіс. Өзге заттарды пайдаланған жағдайда жер қойнауын пайдаланушы оларды қолдануды қоршаған ортаны қорғау саласындағы және жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдармен келіседі.
20. Бұрғылау қондырғылары Халықаралық теңіз ұйымының тұншықтыратын газ шығарындыларының шекті мәндері жөніндегі талаптарына сай келетін іштен жану двигательдерімен жарақтандырылуы қажет.
21. Энергия қондырғылары іштен жану двигательдерімен немесе қосарлы отын (дизельді отын-газ) турбиналарымен жарақтандырылуға тиіс.
22. Теңізде барлау жүргізудің алдында, қоршаған ортаға әсерді толық көлемінде бағалауды қоса алғанда, жұмыс жобасы әлемдік тәжірибе ескеріле отырып әзірленуге тиіс. Көзделіп отырған шаруашылық қызмет жүргізілетін, бұрын зерделенген ауданның қазіргі жай-күйін талдау қоршаған ортаға әсерді бағалау табыс етілгенге дейін кемінде төрт жыл бұрын жүргізілген далалық зерттеу нәтижелеріне негізделуге тиіс.
23. Қоршаған ортаға әсерді бағалау кезінде, теңіз акваторий мен жағалау аймақтарының айрықша осал учаскелерінде барлау жүргізуден бас тартуды қоса алғанда, балама нұсқаларды талдау міндетті элемент болып табылады.
24. Су қорғау аймағында және теңіздің жағалау бойындағы тереңдігі 5-10 метрге дейінгі таяз сулы учаскелерінде ұңғымаларды бұрғылау сыртқы желілерден электр жетекті бұрғылау қондырғыларының көмегімен жүзеге асырылады. Егер бұрғылау дизельді отыны және дизельді жетегі бар генератордан бұрғылау қондырғысымен жүргізілсе, онда мұндай қондырғылардан тазартылмаған шығарынды газдардың атмосфераға шығуы барынша төмендетілуге тиіс.
263-бап. Геофизикалық жұмыстар жүргізу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Геофизикалық операциялар жүргізу кезінде:
1) сейсмикалық толқындардың жару көздерін және ихтиофауна мен олардың тіршілік ету ортасына зиянды әсер ететін параметрлері бар пневматикалық көздерді пайдалануға;
2) қауіпсіздігі құжаттармен немесе тәжірибелік геофизикалық жұмыстар негізінде расталмаған аппаратуралар мен әдістерді қолдануға;
3) теңізде сейсмикалық шығанақтардың бөлініп қалуы мен су ағызып кетуін болдырмау үшін оларды қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оларды су түбімен сүйретуге тыйым салынады.
2. Каспий итбалығының популяциясын сақтау мақсатында қазан айынан мамыр айына дейінгі кезеңде сейсмикалық жұмыстар мен өзге де шаруашылық қызметті жүргізу аралдағы және мұздақтардағы жатақтарда итбалықтардың шоғырланған жерінен кемінде бір теңіз милі қашықтығында сейсмикалық бөліктер бөліп беру арқылы үйлестіріледі. Итбалықтардың көп шоғырланған жерлерін анықтау үшін, жатақтардың жиі орын ауыстырылатыны ескеріле отырып, алдын ала авиациямен шолып ұшу көзделуге тиіс.
3. Сейсмикалық барлау процесінде балықтарды жұмыс аймақтарынан үркітіп кетіру құралдарын пайдалану көзделуі мүмкін.
264-бап. Теңізде барлау мен өндіру кезіндегі экологиялық талаптар
1. Мұнай операцияларын жүргізген кезде ұңғымаларды бұрғылау қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық практикада қабылданған, байқаудан өткізілген озық принциптер мен әдістер негізінде жүзеге асырылуға тиіс.
2. Келісімшарттық аумақ шегінде теңіз бұрғылау платформаларын орналастыруға арналған орындар балық аулау кәсіпшілігі, балықтардың бағалы түрлерін және су кәсіпшілігінің басқа да объектілерін сақтау және өсімін молайту үшін перспективалық маңызы бар теңіз аудандарын барынша сақтау мүмкіндігі ескеріле отырып таңдалуға тиіс.
3. Кеме қатынауға болатын акваторийде мұз қабаты болған жағдайда бұрғылау баржасынан немесе платформасынан бұрғылау жұмыстарын жүргізу, көмірсутегінің ықтимал төгілуін тұмшалау үшін қажетті жабдықтары бар мұзжарғыш түріндегі кеменің ұдайы бірге болуымен жүзеге асырылуға тиіс. Осы тармақта көрсетілген талап жасанды аралдарда жүргізіліп жатқан бұрғылау жұмысына қолданылмайды.
4. Теңізде мұз қатқан қиын жағдайларда болжанған төтенше қысыммен және күкіртсутегінің өте жоғары мөлшерімен қалың тұз астындағы өнім беретін қабатты ашуға және ұңғымаларды сынауға тыйым салынады.
5. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағы экожүйесінің тұрақты тіршілігін қамтамасыз ету үшін теңізде барлау мен өндіруді жобалау кезінде бұрғылық негіздер салу, ұңғымаларды сынау мен кемеде жүзу барынша шектеледі.
6. Жер қойнауын пайдаланушы мұнай операцияларын жүргізу кезінде авариялық төгілулердің алдын алу, шектеу және оларды жою жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз етуге тиіс.
265-бап. Мұнай-газ құбырларын жобалау мен салу кезіндегі экологиялық талаптар
1. Мұнай-газ құбырларын және оларды сүйемелдеу объектілерін теңіз деңгейінің көтеріліп-қайтып ауытқуының әсер ету аймағында жобалау мен салу олардың ең жоғары ауытқу шегі ескеріле отырып жүргізілуге тиіс.
2. Мұнай-газ құбырларындағы автоматты бекіту ысырмаларын жобалау мұнай-газ құбыры тұтастығының бұзылу ықтималдығына байланысты тәуекелдердің бағалануы ескеріле отырып жүргізілуі қажет.
3. Мұнай-газ құбырларын салу кезінде теңіз түбі бұзылу көлемінің барынша аз болуын қамтамасыз ететін техникалық құралдар мен жабдықтар қолданылуға және қалқыма заттардың су қабатында таралуын тұмшалайтын технологиялар мен әдістер пайдаланылуға тиіс.
4. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында мұнай-газ құбырларын жылжымалы мұздардан, кемелер зәкірінен және техногендік сипаттағы басқа да сыртқы әсерден зақымданудан қорғауды қамтамасыз ететін тереңдікте тарту міндетті болып табылады.
5. Мұнай-газ құбырларының бойымен құбырдың шеткі сызықтарының осінен әрбір жағынан бес жүз метр қашықтықтағы, параллель жазықтықтар арасында орналасқан, су үстінен түбіне дейінгі су кеңістігінің учаскесі түрінде күзет аймағы белгіленуге тиіс.
6. Мұнай-газ құбырларын гидрологиялық сынау кезінде суды ағызу Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағы шекарасынан тысқары жерде жүргізілуге тиіс.
266-бап. Жағалаудағы жарақтандыру базалары мен жағалау инфрақұрылымы объектілеріне арналған экологиялық талаптар
1. Порттар мен айлақтарды қоспағанда, жағалаудағы базаларды, оның ішінде жанар-жағар май материалдары қоймаларын, көлік құралдарына техникалық қызмет көрсету станцияларын салу, қолда бар инфрақұрылымдар пайдаланыла отырып, Каспий теңізі жағалауының су қорғау аймағынан тысқары жүзеге асырылуға тиіс. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген су қорғау аймағында объектілер салуға және жұмыстар орындауға жол беріледі.
2. Жарақтандыру айлақтары мен базаларының аудандары, жарақтандыру, техникалық қызмет ету мен май құю жөніндегі операциялар қоршаған ортаның қауіпсіздігі мен халық денсаулығын қамтамасыз ететін барлық талаптар сақтала отырып жүзеге асырылатындай етіп жоспарлануға тиіс.
3. Жағалау инфрақұрылымы объектілері жұмыс істеуін аяқтап, олар қайта бөлшектелгеннен кейін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен келісілген жобалау құжаттамасына сәйкес жерді рекультивациялау жүргізілуге тиіс.
267-бап. Кеме жүзуіне қойылатын экологиялық талаптар
1. Каспий теңізіне жануарлар және өсімдіктер дүниесі объектілерінің кездейсоқ кіруін болғызбау үшін бұрын өзге су бассейндерінде жұмыс істеген жабдық пен аппаратураны, сондай-ақ кемелерді мемлекеттік экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық сараптамалардан өткізбей пайдалануға тыйым салынады.
2. Су көлігімен орын ауыстырудың барлық түрлері жобалау алдындағы және жобалау құжаттамасы құрамында табыс етілуге тиіс. Егжей-тегжейлі жобалау сатысында және жұмысты ұйымдастыру кезінде кемелердің жүзу бағыттарының маусымдар бойынша кестесі белгіленуге және ол картографиялық материалдарда көрсетілуге тиіс. Орын ауыстыру бағыттары таңдалған кезде, мұз қату жағдайларын қоса алғанда, гидрометеорологиялық жағдайлар, сондай-ақ балықтардың бағалы түрлерінің уылдырық шашу және өріс аудару кезеңдері мен орындары, итбалықтардың жатақтары, құстардың ұя салуы ескерілуге тиіс.
3. Барлық кемелер отынды жабық алып жүру жүйелерімен, ластанған сулар мен тұрмыстық қоқыстарды жинайтын ыдыстармен жабдықталған, ашық су айдынына төгінділер мен шығарындыларға мүмкіндік бермейтін құрылғыларда жарақталған болуға тиіс.
4. Сусыма материалдарды, химиялық реагенттер мен қауіпті жүктерді тасымалдау олардың қоршаған ортаға жайылуын болдырмайтын жабық контейнерлерде және арнаулы ыдыстарда жүзеге асырылуға тиіс.
5. Кемелердің, басқа да жүзуші құралдардың, теңіз бұрғылау қондырғылары мен платформаларының корпустары қазіргі заманғы сертификатталған коррозияға қарсы материалдармен жабылуға тиіс.
6. Теңізде кемелерге май құю отынның және жанар-жағар май материалдарының төгілуі мен ағып кетуін болдырмайтын жүйелердің көмегімен жүргізілуге тиіс.
7. Кемелерден шығатын шу мен діріл санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен нормаларда, гигиеналық нормативтерде белгіленген шудың жол берілетін шекті деңгейінен аспауға тиіс.
8. Арнаулы мақсаттағы кемелердің құрылыс жабдықтары шу мен діріл деңгейін азайтуға арналған құралдармен жабдықталуға тиіс.
9. Көмірсутегілерді және өзге де қауіпті заттарды танкермен тасымалдау үшін Каспий теңізі акваторийінде тек қана қосарлы корпусты танкерлерді пайдалануға көшуді қамтамасыз етуге тиіс.
10. Кемелер кеме палубаларының мұнай өнімдерімен ластануына, су айдындарына ластанған сарқынды сулардың ағуына жол бермейтін жабдықпен жарақталуға тиіс.
11. Кеменің жүзу режимі жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану және су қорын пайдалану мен қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімі бойынша белгіленеді.
268-бап. Мұнай операциялары объектілерін консервациялау мен жоюға қойылатын экологиялық талаптар
1. Теңіздегі мұнай операциялары, барлау, оның ішінде қатты пайдалы қазбаларды, минералдық және (немесе) ауыз суды барлау объектілерін консервациялау немесе жою Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
2. Сынау аяқталғаннан кейін ұңғымалар консервацияланатын жағдайда жер қойнауын пайдаланушы оны консервациялау жөніндегі жұмысты жүргізуге, жұмыс қайта басталатын кезге дейін бұрғылау негіздерінің сақталуын және ұңғымалардың берік бекітілуін қамтамасыз етуге міндетті.
3. Үйінді негізден (су асты бермадан немесе аралдан) бұрғыланған ұңғымаларды жою кезінде жер қойнауын пайдаланушы олардың берік бекітілуін және көмірсутегілермен және өзге де химиялық заттармен ықтимал ластанудан тазартуды алдын ала жүргізе отырып, жасанды негіздің жай-күйін бақылауды қамтамасыз етуге міндетті. Аралды (берманы) су шайып кеткен жағдайда жер қойнауын пайдаланушы негізді түбегейлі тегістегенге дейін оны қадамен немесе қалқымамен белгілеуге және кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында теңіз карталарына түсіру үшін оның координаттарын жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі, ішкі су көлігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға беруге міндетті.
4. Кез келген үлгідегі платформадан бұрғыланған ұңғымаларды жою кезінде олардың конструкциялары толық қайта бөлшектенуге және жойылуға, ал берік бекітілген ұңғымалардың шығып тұрған шеттері балық аулауға және кемеде жүзуге кедергі келтірмеуі үшін түбінен кесіп тасталуға тиіс.
5. Пайдаланудан шығарылған өнім өндірілетін үйінді аралдар жойылуға тиіс. Металл немесе бетон конструкциялар пайдаланылған жағдайда, бетон конструкциялар алып тасталуға, ал металл конструкциялар теңіз түбі деңгейінде кесілуге тиіс.
6. Су басып қалған және батып кеткен ескі ұңғымаларды консервациялау мен жою қоршаған ортаға әсерді бағалау қамтылған, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік экологиялық сараптамадан, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар саласындағы сараптамадан және Қазақстан Республикасының жер қойнауын зерттеу мен пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін сараптамадан өткен жобалар бойынша орындалуға тиіс. Бұл ретте, міндетті түрде мұнайдың төгілуіне авариялық ден қою жоспары әзірленіп, бекітілуге тиіс. Жұмыстарды қажетті жабдықтармен, мамандармен, көліктермен және мұнайдың төгілуіне авариялық ден қою жоспарына сәйкес авариялық ахуалды болдырмау мен оларға ден қою жөніндегі өзге де құралдармен қамтамасыз етпей жүргізуге жол берілмейді.
269-бап. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағындағы қоршаған ортаның мониторингі
1. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында міндетті түрде мемлекеттік экологиялық мониторингті жүзеге асырады.
2. Каспий теңізінің солтүстік бөлігіндегі мемлекеттік қорық аймағында шаруашылық қызметін жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы қоршаған ортаның өндірістік мониторингін жүргізуге міндетті.
3. Мұнай операцияларының әрбір кезеңінің қоршаған ортаға әсерін бағалау материалдарында өндірістік мониторинг жүргізу көзделуге тиіс, онда:
1) мұнай операцияларының (геофизикалық зерттеулер, барлап бұрғылау, көмірсутегін өндіру, сондай-ақ объектіні жойғаннан кейін) әрбір кезеңі басталғанға дейін қоршаған орта жай-күйінің жалпылама зерттелуі;
2) ластану көздерінің мониторингі;
3) қоршаған орта жай-күйінің мониторингі;
4) қоршаған ортаны авариялық ластау салдарының мониторингі қамтылады.
4. Қоршаған ортаның мемлекеттік экологиялық және өндірістік мониторингі мына параметрлерді:
1) Каспий теңізінің мәртебесі (режимі) бойынша әртүрлі учаскелерінде судың, сондай-ақ су түбіндегі шөгінділердің физикалық, химиялық және гидробиологиялық көрсеткіштер бойынша ластану деңгейін;
2) Каспий теңізінің белгілі бір учаскелерінде (ашық теңізде, шығанақтарда, сағалық учаскелерде, теңізге құятын өзендерде, мұнай операцияларын жүргізетін аудандарда сынамаларды іріктеп алудың бақылау нүктелерінде) атмосфера - су бөліну шекарасында ластаушы заттардың балансы мен түрленуін және олардың су түбі шөгінділерінде (тұнбаларда) жинақталуын;
3) табиғи циркуляциялық процестерді, гидрометеорологиялық көрсеткіштерді (судың температурасын, ағысын, желдің жылдамдығы мен бағытын, атмосфералық жауын-шашынды, атмосфералық қысымды, ауаның ылғалдығын) байқауды қамтуға тиіс.
5. Жер қойнауын пайдаланушы қажет болған жағдайда және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның талап етуімен қоршаған ортаның жай-күйіне қосымша зерттеулер жүргізуге тиіс.
6. Жер қойнауын пайдаланушы қоршаған ортаның жай-күйін қадағалаудың түрлері мен әдістерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен айқындайды.
7. Өндірістік мониторинг өткізу кезінде жер қойнауын пайдаланушы өткен жылдардағы қадағалаулардың нәтижелерін ескеруі және қадағалауды ұзақ мерзім қатарынан жалғастыру мақсатында жұмыс алаңында (келісімшарттық аумақ шегінде және оның айналасында) орналасқан, жұмыс істеп тұрған станциялардың көрсеткіштерін пайдалануға тиіс.
8. Авариялық жағдайлар туындаған жағдайда қоршаған ортаның авариялық ластану салдарының мониторингі кідіріссіз ұйымдастырылуға тиіс.
9. Жер қойнауын пайдаланушы өндірістік мониторинг нәтижелерін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органға беруге міндетті.
39-тарау. Радиациялық материалдарды, атом энергиясын
пайдалануға және радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге
қойылатын экологиялық талаптар
270-бап. Радиоактивті қалдықтар мен материалдарды трансшекаралық ауыстыру
1. Өңдеу үшін басқа мемлекеттерге әкетілген Қазақстан Республикасының өз радиоактивті қалдықтарын қоспағанда, радиоактивті қалдықтарды сақтау немесе көму мақсатында басқа мемлекеттерден Қазақстан Республикасына әкелуге тыйым салынады. Радиоактивті заттардың қоршаған ортаға таралуына жол бермеу жөніндегі іс-шараларды жүргізбей радиоактивті қалдықтар мен материалдарды жер бетіне және жер қойнауына көмуге (орналастыруға) тыйым салынады.
2. Қазақстан Республикасына радиоактивті материалдарды, радиациялық қауіпсіздік нормаларында белгіленген алып қою деңгейінен жоғары радиоактивтік заттарды қамтитын жартылай фабрикаттарды, шикізаттарды, жинақтаушы бұйымдарды әкелу мемлекеттік экологиялық сараптаманың алдын ала оң қорытындысына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметі қаулысының негізінде жүзеге асырылады.
3. Радиоактивті материалдарды трансшекаралық ауыстыру кезінде табиғат пайдаланушы халықаралық құқық нормаларын сақтай отырып ауыстыруды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға міндетті. Бұл ретте:
1) табиғат пайдаланушы межелі мемлекеттің рұқсаты және алдын ала хабардар етілуі, сондай-ақ келісімі бойынша ауыстыруды қамтамасыз ету үшін шаралар қабылдауға міндетті;
2) транзит мемлекеттері арқылы трансшекаралық ауыстыру нақты пайдаланылатын көлік түрлеріне сәйкес келетін халықаралық міндеттемелерді орындау шартымен жүзеге асырылуға тиіс;
3) пайдаланылған отынды немесе радиоактивті қалдықтарды сақтау немесе көму үшін оңтүстік ендіктен оңтүстікке қарай 60 градус межелі орынға жөнелтуге тыйым салынады.
271-бап. Радиоактивті материалдарды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жеке және заңды тұлғалар радиоактивті материалдарды өндірудің, сақтаудың, тасымалдаудың, пайдаланудың, кәдеге жаратудың және жоюдың белгіленген ережелерін сақтауға, радиациялық әсердің жол берілетін шекті деңгейі нормативтерінің бұзылуына жол бермеуге, қоршаған ортаның радиациялық ластануының алдын алу және оны жою жөнінде шаралар қабылдауға міндетті.