5. Білім алушыға құжатты тиісті шешім қабылданған күннен бастап он күннен кешіктірмей ол оқуын аяқтаған білім беру ұйымы салтанатты жағдайда, жеке өзіне береді. Құжатты жеке өзі алу мүмкіндігі болмаған жағдайда ол басқа адамға белгіленген тәртіппен ресімделген сенімхат бойынша беріледі.
6. Құжаттардың телнұсқалары және оларға қосымшалар жоғалған құжаттардың орнына беріледі.
Құжатты жоғалтқан азаматтың білім беру ұйымы басшысының атына жазылған оны жоғалтудың мән-жайы баяндалған өтініші телнұсқаны беру үшін негіздеме болып табылады.
Құжаттың телнұсқасын беру туралы шешімді білім беру ұйымының басшысы немесе оны алмастыратын адам қабылдайды.
Құжаттың телнұсқасы өтініш түскен күннен бастап бір айдан кешіктірмей беріледі.
Құжаттың телнұсқасы құжаттың түпнұсқасы берілген тегіне, атына және әкесінің атына беріледі.
Құжаттардың телнұсқалары телнұсқа беру туралы шешім қабылданған сәтте қолданыстағы үлгі бланкілерінде беріледі және оларға білім беру ұйымының басшысы және оның оқу жұмысы жөніндегі орынбасары қол қояды.
Берілетін құжаттың бланкісінде жоғары оң жақ бұрышында «Түпнұсқаның орнына берілген №____телнұсқа» деген мөртаңба қойылады.
7. Өзінің тегін (атын, әкесінің атын) өзгерткен азаматтар өздерінде бар құжаттарды жаңа тегі (аты, әкесінің аты) жазылған құжатқа айырбастай алады. Айырбастау білім беру ұйымы басшысының немесе оны алмастыратын адамның шешімі бойынша тегін (атын, әкесінің атын) өзгерткенін растайтын құжаттармен бірге өзінің тегін (атын, әкесінің атын) өзгерткен азаматтың өтініші негізінде жүргізіледі.
Білім беру ұйымы басшысының немесе оны алмастыратын адамның шешімі, азаматтың өтініші мен тегін (атын, әкесінің атын) өзгерткенін растайтын құжаттар бітірушінің жеке ісінде сақталады. Бұрынғы тегі (аты, әкесінің аты) жазылған құжаттарды білім беру ұйымы алып қояды және белгіленген тәртіппен жояды.
8. Берілген құжаттардың, оның ішінде телнұсқалардың көшірмелері білім беру ұйымының мұрағатында бітірушінің жеке ісінде белгіленген тәртіппен бір данада сақталуы тиіс.