Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы № 1039 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 1 маусымдағы № 811 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 қарашадағы № 1039 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2007 ж., № 42, 489-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі бірінші кезектегі іс-қимылдар жоспарында:
«Мақсатқа қол жеткізу және қойылған міндеттерді іске асыру тетіктері» деген 2-бөлімде:
«Елдің ипотекалық нарығындағы тұрақтылықты, үлескерлердің құқықтарын қорғауды және құрылыс объектілерін аяқтауды қамтамасыз ету» деген 3-кіші бөлімде:
2-кезеңде 2008 жыл:
отыз үшінші абзацтағы «тұрғын үй объектілерінің» деген сөздер «тұрғын үй құрылысы объектілерінің» деген сөздермен ауыстырылсын;
мынадай мазмұндағы отыз төртінші абзацпен толықтырылсын:
«Осылайша, Астана қаласының әкімдігіне үлескерлер қатысқан аяқталмаған тұрғын үй объектілерінің құрылысына қатысу үшін республикалық бюджеттен 17200000000 (он жеті миллиард екі жүз миллион) теңге сомасында нысаналы даму трансферттері бөлінетін болады.»;
2-тетікте:
бірінші абзацтағы «тұрғын үй» деген сөздерден кейін «құрылысы» деген сөзбен толықтырылсын;
екінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«Уәкілетті ұйымдар мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен комиссия белгілеген тізбеге енгізілген құрылысы аяқталмаған тұрғын үй объектілерінің нақты жай-күйін тексеруді жүргізеді.
Тұрғын үй құрылысы объектілерінің санын оңтайландыруды есепке ала отырып жүргізілген тексеру нәтижелері және үлескерлердің саны мен олардың келісуіне, дайындық өлшемдеріне және құрылыстың экономикалық орындылығына байланысты комиссия қарауына ұсынылатын болады. Комиссия қарауының нәтижелері бойынша уәкілетті ұйымдар үлескерлердің мұқтаждығы үшін объектілер құрылысын қамтамасыз ететін болады. Объектілердің құрылысы аяқталғаннан кейін, бос алаңдар болған кезде, олар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес нарықтық құны бойынша сатылады не коммуналдық меншікке беріледі.
Үлескерлер қатысқан тұрғын үй құрылысы объектілері бойынша ұсыныстарды енгізу мен қарау, сондай-ақ құрылысты аяқтау үшін оларды іріктеу тәртібін республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары белгілейді.».
2. Астана және Алматы қалаларының әкімдері осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдасын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |