Қазақстан Республикасында республикалық және жергілікті деңгейлерде ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру ережесін бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 2 наурыздағы № 235 Қаулысы
(2012.26.06. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
ҚР Үкіметінің 2016 жылғы 18 ақпандағы № 76 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің 136-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында республикалық және жергілікті деңгейлерде ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру ережесі бекітілсін.
2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2009 жылғы 2 наурыздағы
№ 235 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен бүкіл мәтін бойынша «бақылау актісі», «бақылау актісіне», «Бақылау актісіне», «бақылау актісін», «бақылау актісінің» деген сөздерден кейін «(ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытынды)», «(ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға)», «(ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға)», «(ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыны)», «(ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындының)» деген сөздермен толықтырылды (бұр.ред.қара)
Қазақстан Республикасында республикалық және жергілікті деңгейлерде ішкі мемлекеттік
қаржылық бақылауды жүзеге асыру
ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 1-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
1. Осы Қазақстан Республикасында республикалық және жергілікті деңгейлерде ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 136-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында республикалық және жергілікті деңгейлерде ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды (бұдан әрі - ішкі бақылау) жүзеге асыру тәртібін белгілейді.
Ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыру Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 7 сәуірдегі № 788 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына (бұдан әрі - Cтандарттар) және осы Ережеге сәйкес жүргізілуі тиіс.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен 2-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аралық акт - бақылау жүргізу барысында жасалатын және дереу (жекелеген) құжаттамалық ресімдеуді талап ететін бақылау актісі (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытынды);
1-1) бақылау актісі (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытынды) - бақылау нәтижелері бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган жасаған құжат;
1-2) ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытынды - ішкі бақылау қызметі және ішкі бақылау объектісі қол қоятын, жүргізілген бақылау нәтижелері бойынша жасалатын құжат;
1-3) ішкі бақылау нәтижелері туралы есеп - жұмыс тиімділігін арттыру, мемлекеттік органның басшысына ұсынылатын ішкі бақылау объектісі қызметінің тікелей және түпкі нәтижелеріне қол жеткізу мақсатында ішкі рәсімдерді, ережелерді, процестерді жақсарту бойынша ұсынымдары бар ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытынды негізінде жасалған құжат;
2) бақылау материалдары - бақылау іс-шараларын жүргізу үшін қажетті құжаттар, сондай-ақ бақылау нәтижесі бойынша жасалған құжаттар және анықталған бұзушылықтардың қоса берілетін дәлелдемелері және жұмыстағы кемшіліктерді;
3) бақылау объектісінің лауазымды тұлғалары - бақылау объектісінің басшысы, сондай-ақ бақылау объектісінің басшысы анықтайтын, бақылау объектісінің бухгалтерлік және өзге де құжаттарына қол қою құқығы бар тұлғалар;
4) бақылау іс-шарасы (бұдан әрі - бақылау) - Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнамасына және өзге де заңнамасына сәйкестігі мәніне ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті орган, сондай-ақ бақылау объектілеріндегі бұзушылықтарды анықтау, жою және оған жол бермеу мақсатында Қазақстан Республикасының бюджет және өзге де заңнамасына сәйкестігі мәніне ішкі бақылау қызметтері жүзеге асыратын өзара байланысты бақылау іс-қимылдарының кешені;
5) бақылау ауқымы - мәселелер тізбесі, тексерілетін кезең және бақылау жүргізу мерзімі;
6) маман - мемлекеттік органдардың мамандары және уәкілетті орган бақылау іс-шараларын жүргізуге тартқан сарапшылар;
7) ревизор - бақылау іс-шарасын жүзеге асыратын ішкі бақылау органының қызметкері;
8) тексеруші топ - екі және одан көп ревизор, сондай-ақ қажеттілігіне карай тартылған мамандар;
9) ішкі бақылау органдары - Қазақстан Республикасының Үкіметі уәкілеттік берген ішкі бақылау жөніндегі орган (бұдан әрі - уәкілетті орган), орталық мемлекеттік органдардың ішкі бақылау қызметтері және облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қаланың, астананың бюджеттерінен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметтері (бұдан әрі - ішкі бақылау қызметтері);
10) бақылау жүргізу жоспары - бақылау объектісін алдын ала зерделеу деректері негізінде әзірленген, бақылау тұрпаттары, түрлері, мақсаттары, объектілері және ауқымы, оның ішінде бақылауды жоспарлау процесінде туындайтын басымдықтар мен мәселелер, бақылауды жүзеге асыруға арналған қажетті ресурстар мен бақылау органдары қызметкерлерінің құрамы кіретін құжат;
11) бақылау бағдарламасы - бақылауға жататын мәселелер тізбесін құрайтын, әрбір бақылау объектісі бойынша дербес жасалатын, егжей-тегжейлі әзірленген құжат.
3. Осы Ережеде пайдаланылатын басқа да ұғымдар Кодексте айқындалатын мәндерде қолданылады.
2-тарау. Ішкі бақылауды жүзеге асыру тәртібі
§ 1. Бақылау іс-шараларын жоспарлау
4. Ішкі бақылау органдары объектінің атауын, бақылаудың ауқымын және түрін қамтитын тиісті қаржы жылына бекітілген бақылау іс-шараларының жоспары бойынша бақылау жүргізеді.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Бақылау іс-шараларын жоспарлау процесі мынадай сатылардан тұрады:
1) бақылау объектілерінің қызметін, оның ішінде бақылау объектісінің өткен қаржы жылы үшін республикалық және (немесе) жергілікті бюджеттерді атқаруын алдын ала зерделеу;
2) бақылау объектілерін, бақылау жүргізу мерзімдері мен бақылау іс-шараларын аяқтау нысандарын көрсете отырып, бақылау іс-шараларының жоспарын әзірлеу.
6. Бақылау іс-шараларын жоспарлау бақылау объектісін таңдау кезінде Кодексте көзделген тәуелсіздік және объективтілік принциптері бойынша жүзеге асырылады.
7. Кешенді бақылауды жоспарлау Кодексте анықталған кезеңділік негізінде жүзеге асырылады.
Тақырыптық бақылауды жоспарлау тиісті өкілді және атқарушы органдардың бастамашылық мәселелері, тапсырмалары мен сұратулары негізінде және басқа негіздемелер бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жоспарлау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында анықталған кезеңділік негізінде жүзеге асырылады.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 8-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
8. Уәкілетті органның бақылау іс-шараларының жоспары жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 15 желтоқсанына дейін бекітіледі және күнтізбелік үш күн ішінде ішкі бақылау қызметтеріне жіберіледі.
Ішкі бақылау қызметтерінің бақылау іс-шараларының жоспары уәкілетті органның жоспарын ескере отырып, жоспарланған жылдың алдындағы жылдың 20 желтоқсанына дейін бекітіледі.
9. Бақылауды жүргізу мақсатында ішкі бақылау органдары ақпарат алмасу мерзімдері көзделуі тиіс жазбаша сұрау салудың негізінде жоспарлары және жүргізілген бақылау іс-шаралары туралы ақпарат алмасуды жүзеге асырады.
10. Уәкілетті орган жоспардан тыс бақылауды Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, осыған уәкілеттік берілген мемлекеттік органдардың тапсырмалары бойынша, оның ішінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген жағдайларда, депутаттық сауалдар бойынша жүргізеді.
§ 2. Ішкі бақылауды жүргізуді ұйымдастыру
11. Ережеге 1-қосымшаға сәйкес бақылауды тағайындау туралы үлгі бұйрықтың негізінде уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы, ішкі бақылау қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысы шығарған бақылауды тағайындау туралы бұйрық ішкі бақылау жүргізу үшін негіздеме қызметін атқаратын құжат болып табылады.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 11-1-тармақпен толықтырылды
11-1. Уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне қылмыстық іс жүргізу заңнамасының талаптарына сәйкес шығарылған құқық қорғау органдарының тексеру жүргізу және (немесе) маман тарту туралы қаулылары келіп түскен жағдайда жоспардан тыс бақылау тағайындалады және (немесе) бақылау объектісі қызметінің Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы мен мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне жоспардан тыс бақылау жүргізу және (немесе) қорытынды беру үшін осы құқық қорғау органдарының қарамағына Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасы және мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы саласында арнайы білімі бар ревизор жіберіледі.
Уәкілетті органға немесе оның аумақтық бөлімшелеріне тексеру жүргізу туралы өкілеттік шеңберінде шығарылған құқық қорғау органдарының өтініштері (сауалдары) келіп түскен жағдайда, жоспардан тыс тақырыптық бақылау тағайындалады.
Жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша жоспардан тыс бақылау жүргізу кезінде уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшелерінің ревизоры бақылау объектісінде бақылауды Ереже мен Cтандарттарға сәйкес жүзеге асырады.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.26.06. № 851 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 12-тармақ өзгертілді
12. Бақылауды жүргізу мерзімі алдағы жұмыстардың көлемі, қойылған міндеттері, тексеру тобы мүшелерінің саны, сондай-ақ бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) қол қоюға қажетті уақыт ескеріле отырып белгіленеді және отыз күнтізбелік күннен аспауы тиіс.
Объективті себептер болған кезде бақылау жүргізу мерзімі бақылау іс-шарасына басшылық ететін ревизордың дәлелденген ұсынысы бойынша уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесі басшысының, ішкі бақылау қызметі құрылған мемлекеттік орган басшысының бұйрығы негізінде отыз күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге ұзартылады.
13. Ішкі бақылау органы бақылауды тағайындау туралы бұйрықтар бойынша бұйрықты тіркеу нөмірі және күні, бақылау объектісінің атауы, бақылау түрі, бақылауды жүргізуге тағайындалған лауазымды тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты, бақылау ауқымы көрсетілетін жеке журнал жүргізеді.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.26.06. № 851 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 14-тармақ жаңа редакцияда
14. Бақылау жүргізу мерзімі басталғанға дейін ішкі бақылау органының немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы немесе оның орынбасарлары, сондай-ақ орталық мемлекеттік органның және облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органның ішкі бақылау қызметінің басшысы бақылауды жүргізуге жауапты лауазымды адамның ұсынысы бойынша ішкі бақылау органының немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысы немесе оның орынбасарлары, сондай-ақ орталық мемлекеттік органның және облыстық бюджеттен, республикалық маңызы бар қала, астана бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы органның ішкі бақылау қызметінің басшысы бақылау жүргізу процесінде өзгертетін немесе толықтыратын бақылау жүргізу жоспарын бекітеді.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен 15-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 15-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
15. Бақылау бағдарламасын ішкі бақылау органының бақылау жүргізу үшін жауапты лауазымды тұлғасы немесе бақылау органы бөлімшесінің басшысы бекітеді және бақылау объектісіндегі бұзушылықтар туралы қосымша алынған ақпараттың негізінде олар орын алған нақты кезеңді және бұзушылықтардың жалпы сомасын анықтау үшін бақылау жүргізу процесінде өзгеріске және (немесе) толықтыруға ұшырайды.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 16-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
16. Бақылау іс-шарасына басшылық ететін ревизор бақылау жүргізуді бастар алдында:
1) бақылау объектісінің басшысына бақылауды тағайындау туралы бұйрықты ұсынады, онда бақылау мақсаты, уақыты, ұзақтығы көрсетіледі.
2) бақылау объектісінің басшысын тексеруші топтың мүшелерімен таныстырады.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 17-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
17. Рсвизорлар бақылау жүргізу кезінде:
1) бақылау жүргізуге байланысты мәселелер бойынша қажетті құжаттарды, анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді бақылау объектілерінен өздері белгілеген мерзімде сұратады және алады;
2) мемлекеттік құпиялар туралы заңнама талаптарының және заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, бақылау объектісінің бақылау іс-шарасы мәселелеріне қатысты құжаттамасымен кедергісіз танысады;
3) Қазақстан Республикасының заңдарына және Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне сәйкес ішкі бақылау органының құзыретіне кіретін өзге де іс-әрекеттерді жүзеге асырады;
4) бақылау объектілерінде анықталатын бұзушылықтарды анықтаған кезде Бұзушылықтар сыныптауышын басшылыққа алады.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 17-1-тармақпен толықтырылды
17-1. Бақылау объектісінің басшысы мемлекеттік қаржылық бақылау органының қызметкерлерін жұмыс орындарымен, бақылауды жүзеге асыруға қажетті барлық сұрау салынған ақпаратпен қамтамасыз етеді, оның дұрыстығы, объективтілігі және толықтығы үшін дербес жауап береді; мемлекеттік қаржылық бақылау органы қызметкерлерінің іс-қимылына араласпайды, бақылау жүргізуге кедергі жасамайды және оның ауқымын шектемейді; бақылау органдарының жоғары тұрған лауазымды адамдарының объективті және толық бақылау жүргізуі мақсатында бақылау объектісінде жүріп қызметкерлерді жүйелі түрде бақылауды жүзеге асыруына кедергі жасамайды, мемлекеттік қаржылық бақылау тексерушілеріне кедергі жасаған жағдайда бақылау объектісінің басшысына заңнамада белгіленген тәртіппен жауапкершілік жүктеледі.
18. Бақылау іс-шарасын мамандарды немесе аудиторлық ұйымды тарта отырып жүргізу қажет болған кезде ішкі бақылау қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысы уәкілетті органға бақылау объектісін уәкілетті органның ағымдағы немесе келесі қаржы жылының бақылау іс-шаралары жоспарына енгізу туралы өтініш жібереді.
Ішкі бақылау қызметтері бақылау іс-шараларын жүргізуге қатысуға ішкі бақылау қызметі құрылған мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдарының, құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінің басқа да қызметкерлерін тарта алады.
19. Тексеруші топтың мүшелері бақылауды тағайындау туралы бұйрыққа және бақылау бағдарламасына енгізілген барлық мәселелер бойынша бақылау жүргізеді.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен 20-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара); ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 20-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
20. Бақылау іс-шараларының нәтижелері бойынша ревизор Ережеге 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада бақылау актісін жасайды, Ережеге 2-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша тексеру тобының мүшесі ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытынды жасайды. Бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) ревизор (тексеруші топтың мүшелері) қол қояды және әр парағын дәйектейді.
Бірлескен бақылау жүргізілген жағдайда, бақылау актісінің (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындының) даналар санын ревизор айқындайды.
Бақылау іс-шарасы аяқталғанға дейін бақылау актісінің (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындының) бір данасы бақылау объектісінің басшысына танысу үшін беріледі, бұл ретте тексерушінің қатысуымен бақылау объектісінің басшысы бақылау актісінің (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындының) екі данасына оны алған күнді тіркей отырып белгі қояды.
Бақылау актісін (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыны) жүргізілген бақылау нәтижесімен танысуға берілген күннен бастап үш күн ішінде бақылау объектісінің басшысы бақылау актісінің (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындының) екі данасына қол қояды және әр парағын дәйектейді.
Бақылау объектісі басшысының бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) қол қоймауы бақылау материалдарын одан әрі іске асыруға кедергі болып табылмайды.
Бақылау объектісінің басшысы бақылау нәтижелерімен келіспеген жағдайда бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) қол қойылғаннан кейін он күн ішінде ішкі бақылау органына бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) қарсылық жібереді.
21. Анықталған бұзушылықтарды жою немесе көрсетілген бұзушылықтарға жол берген лауазымды тұлғаларды жауапкершілікке тарту бойынша жедел шаралар қабылдау қажет болған кезде дереу бұзушылықтар дәлелдері қоса берілген аралық акт жасалады.
Бақылау іс-шарасына басшылық ететін уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің ревизоры аралық актіні (бақылау материалдарын) осы Ереженің 29-тармағына сәйкес шаралар қабылдау туралы шешім шығару үшін дереу уәкілетті органның немесе оның аумақтық бөлімшесінің басшысына жібереді.
Бақылау іс-шарасына басшылық ететін ішкі бақылау қызметінің ревизоры аралық актіні (бақылау материалдарын) осы Ереженің 29-тармағына сәйкес шаралар қабылдау туралы мәселені шешу үшін ішкі бақылау қызметі құрылған мемлекеттік органның басшысына жіберуін қамтамасыз ететін ішкі бақылау қызметі басшысына дереу жібереді.
Аралық актілер мамандар, сондай-ақ ішкі бақылау қызметі құрылған мемлекеттік органның ведомстволық бағынысты ұйымдарынан, құрылымдық және аумақтық бөлімшелерінен тартылған қызметкерлер жүзеге асыратын тексерістер бойынша да жасалады.
Аралық актілер бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) қоса беріледі.
22. Уәкілетті орган бірлескен бақылауды жүзеге асырған кезде бірлескен бақылауға қатысушы барлық мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғалары бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) қол қояды.
Бақылау нәтижелері бақылау іс-шараларын жүргізген мемлекеттік органдар арасында анықталған бұзушылықтарды алдын ала бөле отырып бақылау материалдарына енгізіледі.
23. Бақылау бағдарламасында анықталған мәселелер бойынша бұзушылықтар болмаған кезде бақылау актісіне (ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға) бақылау бағдарламасында белгіленген қатаң сәйкестікте және көлемде бақылау жүргізілді, бұл ретте бұзушылықтар анықталған жоқ деген сілтеме жасалады.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 23-1-тармақпен толықтырылды
23-1. Ішкі мемлекеттік қаржылық бақылау органдары тиімділікті бақылауды мемлекеттік органдардың стратегиялық жоспарларында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілуін бағалауды жүргізу, нәтижелілік, бюджеттік бағдарламалар тиімділігі көрсеткіштеріне қол жетімділік дәрежесін және оларды өлшеудің дұрыстығын талдау негізінде, сондай-ақ сәйкестік пен қаржылық есептілік тұрғысынан бақылау негізінде жүзеге асырылады.
Тиімділікті бақылауды жүргізу кезінде тексерушілер бюджет жүйесінің нәтижелілік және тиімділік принциптерін басшылыққа алуы тиіс.
ҚР Үкіметінің 2012.26.06. № 851 Қаулысымен 23-2-тармақпен толықтырылды
23-2. Сонымен қатар ішкі мемлекеттік қаржылық бақылау органдары квазимемлекеттік сектор субъектілерінің бюджет қаражатын пайдалануының қаржылық-экономикалық негіздемеге сәйкестігіне бақылау жүргізу кезінде жүргізілген инвестицияларға сәйкес тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізілуіне, бюджеттік инвестициялар мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілуіне, жүргізілген инвестициялар нәтижесінде қол жеткізілген сапа мен тиімділік көрсеткіштеріне баға береді.
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен 24-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
24. Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарының сақталуын Бақылауды жүзеге асыру мақсатында уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшелері ішкі бақылау қызметтерінің бақылау материалдарының сапасын бақылауды жүргізеді.
Ішкі бақылау қызметтерінің ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындылар мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес келмеген жағдайда бақылау объектісі уәкілетті органның ағымдағы немесе келесі қаржы жылының бақылау іс-шаралары жоспарына енгізіледі.
Бақылау материалдары мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес келмеген жағдайда, уәкілетті органның басшысы оның қызметкерлері қызметінің, олар, оның ішінде мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес бақылау объектісінде бола отырып жүргізген бақылаудың жекелеген бағыттарының сапасына бақылау жүргізудің қажеттілігін айқындайды.
§ 3. Бақылау материалдарын іске асыру
ҚР Үкіметінің 2010.03.07. № 685 Қаулысымен (бұр.ред.қара); 2012.26.06. № 851 Қаулысымен (бұр.ред.қара) 25-тармақ жаңа редакцияда
25. Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын, мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын және өзге де заңнамасын бұзушылықтар, бақылау объектісінің немесе оның құрылымдық бөлімшесінің жұмысында кемшіліктер анықталған жағдайда, уәкілетті орган немесе оның аумақтық бөлімшесі бақылау актісіне қол қойылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде бақылау объектісіне анықталған бұзушылықтар мен жұмыстағы кемшіліктерді жою үшін міндетті ұсыну жібереді.
Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын және өзге де заңнамаларын бұзушылықтар, бақылау объектісінің жұмысында кемшіліктер анықталған жағдайда ішкі бақылау қызметі ішкі бақылау нәтижелері бойынша қорытындыға қол қойылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде мемлекеттік органның басшысына нақты кезеңдегі бақылау объектісінде анықталған бұзушылықтар, жұмыстағы бұзушылықтар мен кемшіліктерді жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлардың нәтижелері туралы ақпаратты, сондай-ақ оларды жою жөніндегі ұсыныстарды қамтитын ішкі бақылау нәтижелері туралы есепті енгізеді.
Есепті қарау нәтижелері бойынша ішкі бақылау қорытындысы бойынша мемлекеттік органның басшысы ішкі бақылау объектісінің жұмысында анықталған бұзушылықтар мен кемшіліктерді жоюға, сондай-ақ онда қамтылған бақылау объектісінің жұмысындағы кемшіліктерді түзетуге бағытталған ұсынымдарды орындау үшін міндетті ұсыну жобасын енгізеді.
Облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың ішкі бақылау қызметі облыстық бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда және аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінен қаржыландырылатын тиісті атқарушы органдарда, сондай-ақ олардың ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асырады.
Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдарында ішкі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу кезінде облыстық деңгейдегі ішкі бақылау қызметі аудан (облыстық маңызы бар қала) бюджетінен қаржыландырылатын ішкі мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізілген мемлекеттік органның бірінші басшысына бақылау нәтижелері туралы есеп пен ұсыну жобасын береді.
Ұсынуда анықталған бұзушылықтарды, заңнаманы бұзушылықтарды жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою туралы, сондай-ақ бақылау объектісінің бұзушылықтарды жасауға кінәлі тұлғаларына шаралар қолдану туралы міндетті талаптар болуға тиіс.
Ұсынуда жұмыстағы бұзушылықтар мен кемшіліктерді жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жоюға бағытталған ұсынымдар баяндалуы тиіс.
Бақылау объектісіне берілген ұсынымдар бюджет қаражаты мен мемлекет активтерін пайдалану кезіндегі түсімдер бойынша міндеттемелерді (салықтық емес түсімдерді, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдерді бюджетке аудару жөніндегі міндеттемелерді) орындау бойынша бұзушылықтарды жою және келешекте жол бермеу, бюджеттік рәсімдер мен мемлекеттік сатып алу туралы Қазақстан Республикасы заңнамасының рәсімдерін орындаудың белгіленген мерзімдерін, тәртібін сақтау бөлігінде бухгалтерлік есепті жүргізумен қаржылық есептілікті жасау, ақпараттық жүйелерді қоса алғанда, персоналды басқарудың ішкі жүйелерін жетілдіру, бақылау объектісі қызметінің нақты бағыттарының және басқалардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру бойынша ұсыныстарды қамтуға тиіс.