Осы редакция 2009 жылғы 19 ақпандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2001 жылғы 19 маусымдағы № 836 қаулысымен
бекітілген
Жұмыссыздарды кәсiби даярлауды, біліктiлiгiн
арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру мен қаржыландырудың
ережесi
Осы Ереже білiм беру ұйымдарында не білім беру қызметіне құқығы бар кәсіпорындарда жұмыссыздарды кәсіби даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру мен қаржыландырудың тәртібін айқындайды.
1. Жалпы ережелер
1. Жұмыссыздарды кәсiби даярлау, олардың біліктiлiгiн арттыру және қайта даярлау жұмыссыздарды әлеуметтiк қорғау шарасы болып табылады және олардың еңбек рыногындағы бәсекеге қабiлеттілігін арттыруға бағытталған.
2. Жұмыссыздарды кәсiби даярлау, олардың біліктiлiгiн арттыру және қайта даярлау:
1) мамандығы жоқ, мамандық алғысы және сол мамандық бойынша жұмыс iстегiсi келетiн адамдарды даярлауды (бастапқы кәсiби білім беру);
2) жұмыссыздардың кәсiби шеберлiгiн жетілдiру, неғұрлым жоғары разрядтар (сыныптар, санаттар) алу, өндiрiстiк қажеттілiкті ескере отырып, үдемелі техника мен технологияны зерттеу және игеру мақсатында біліктілiгiн арттыруды (қосымша білім беру);
3) егер жұмыссыздарға кәсiптерi (мамандықтары) бойынша лайықты жұмыс ұсынылмайтын болса, не олар белгілі бір кәсіптер (мамандықтар) бойынша жұмысты орындау қабілетін жоғалтқан болса, оларды жаңа кәсіптер (мамандықтар) алу мақсатында қайта даярлауды (қайта оқыту) қамтиды.
Оқытудың әртүрлі түрлері мен нысандарын ұйымдастырудың мақсаттары, міндеттері мен ерекшеліктері "Халықты жұмыспен қамту туралы" , "Білім беру туралы" Қазақстан Республикасы Заңдарының және басқа да нормативтік құқықтық кесімдердің шеңберінде айқындалады.
2. Жұмыссыздарды кәсiби даярлауды, олардың біліктілігін
арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру мен жүргiзу
3. Жұмыспен қамту мәселелерi жөніндегі уәкiлеттi орган (бұдан әрi уәкiлеттi орган) жұмыссыздарға кәсiби бағдар беруде ақысыз қызметтер көрсетедi және халықты жұмыспен қамтудың аймақтық бағдарламасына сәйкес жұмыссыздарды кәсiби даярлауға, олардың біліктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға жiберудi жүзеге асырады.
4. Жұмыссыздарды кәсiби даярлау, олардың біліктiлiгiн арттыру және қайта даярлау уәкiлеттi органның жолдамасы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім беру ұйымдарында не білім беру қызметiне құқығы бар кәсiпорындарда (бұдан әрi - ұйымдар) жүргiзiледi.
5. Уәкiлеттi орган жұмыссыздарды кәсiби даярлаудан, олардың біліктілiгiн арттырудан және қайта даярлауды жүргiзу үшiн ұйымдарды iрiктеудi Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен жүргiзедi.
Уәкiлеттi орган жұмыссыздарды кәсiби даярлауды, біліктiлiгiн арттыруды және қайта даярлауды жүзеге асыру үшiн ұйымдарды iрiктеу кезiнде:
1) ұйымдардың білім беру қызметiн мемлекеттік жалпыға бiрдей мiндеттi стандарттардың талаптарына сәйкес жүзеге асыруын;
2) жұмыс берушiнiң жұмыс күшiнiң сапасына, сондай-ақ жұмыссыздарды кәсiби даярлауға, олардың біліктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға қоятын талаптарына сәйкестiгiн;
3) өндiрiстiк практиканы ұйымдастыруға қатысуын;
4) білім беру қызметiне лицензиясының болуын ескередi.
6. Жұмыссыздарды кәсiби даярлау, олардың біліктiлiгiн арттыру және қайта даярлау уәкiлеттi органдар жiберетiн жұмыссыздарды даярлау жағдайларын қоспағанда, шарт негiзiнде мемлекеттік білім беру мекемелерiнде жүзеге асырылады. Жұмыссыздарды кәсiби даярлау, олардың біліктiлiгiн арттыру және қайта даярлау жөніндегі қызметтер көрсетуге арналған Yлгi шарттың нысанын жұмыспен қамту мәселелерi жөніндегі орталық атқарушы орган бекiтедi.
7. Жұмыссыздарды кәсiби даярлауға, олардың біліктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға жiберу, егер өздерiнде қажеттi кәсiби біліктiлiгi болмауынан лайықты жұмыс табуы мүмкiн болмаған жағдайда жүзеге асырылады. Уәкiлеттi органның кәсiби даярлауға, біліктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға жiберiлген жұмыссызбен Үлгi шартының нысанын жұмыспен қамту мәселелерi жөніндегі орталық атқарушы орган бекiтедi.
8. "Халықты жұмыспен қамту туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мақсатты топтарға енетін жұмыссыздардың кәсiби даярлаудан, біліктiлiгiн арттырудан және қайта даярлаудан басым тәртiппен өтуге құқығы бар.
9. Жұмыссыздарды кәсiби даярлаудың, олардың біліктiлiгiн арттырудың және қайта даярлаудың ұзақтығы, тараптардың құқықтары мен міндеттері шартқа сәйкес оқу бағдарламасына қарай белгіленеді және ол:
1) жұмыссыздарды бастапқы даярлауды және қайта даярлауды жүргізу кезінде - алты айдан;
2) жұмыссыздардың біліктілігін арттыру кезінде үш айдан аспауы тиіс.
10. Ұйымдар жұмыссыздарды:
- дәлелді себепсіз сабақтан қалған;
- үлгермеген;
- оқу орнының ішкі тәртібін бұзған;
- заңнамада көзделген басқа да тәртіп бұзушылық жағдайларында оқудан шығаруға құқылы.
11. Кәсіби даярлауда, біліктілігін арттыруда және қайта даярлауда жүрген жұмыссыздарды оқудан шығарған жағдайда, ұйым уәкілетті органды алдын ала хабардар етеді. Жұмыссызды оқудан шығарған кезде ұйым оқу ақысына қайта есептеу жүргізеді, бұл ретте көрсетілген қызметтердің нақты орындалған көлемі ғана ақы төлеуге жатады.
12. Кәсiби даярлауды, білiктiлiгiн арттыруды және қайта даярлауды дәлелдi себепсiз тоқтатқан, сондай-ақ ұйымнан шығарған кезде жұмыссыз уәкiлеттi органда қайта тiркелген күнiнен бастап бiр жыл өткеннен кейiн ғана оқуға қайтадан жiберіледi.
13. Жұмыс берушi жұмыс орындарын (бос орындарды) білiктi кадрлармен жасақтау және қызметкерлердiң біліктiлiк деңгейiн арттыру мақсатында кәсiби даярлау мен қызметкерлердi жеке қаражаты есебiнен өндiрiс ішiнде оқыту жүйесiн дамыту жөніндегi шараларды жүзеге асырады.
14. Шетелдiк инвесторлар шетелдік мамандарды жұмыссыздармен ауыстыру мақсатында оларды кәсіби даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жыл сайын уәкілетті органға ұсынылатын, кадрларды даярлаудың бекітілген бағдарламасының негізінде жүзеге асырады.
3. Жұмыссыздарды кәсiби даярлауды, олардың біліктілігін
арттыруды және қайта даярлауды қаржыландыру
15. Жұмыссыздарды уәкілетті органның жолдамасы бойынша кәсіби даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жүргізіледі.
Жұмыссыздарды кәсiби даярлауға, олардың біліктiлiгiн арттыруға және қайта даярлауға жергілікті бюджет қаражатынан қаражат бөлу аймақтық жұмыспен қамту бағдарламасының негізінде жүзеге асырылады.
Жұмыссызды кәсiби даярлау, олардың біліктілiгiн арттыру және қайта даярлау құнына оқытумен тікелей байланысты шығындардан басқа, тұруға, тамақтануға, медициналық куәландыруға және аймақ шегіндегі оқу орнына баратын жолға арналған шығындар енгізіледі.
Шетелдік мамандарды қазақстандық кадрлармен ауыстыру мақсатында шетелдік инвесторлар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған құзыретті органмен жасалатын жер қойнауын пайдалануға арналған келісім-шарттарда жұмыссыздарды кәсіби даярлауға, олардың біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға арналған қаражат көздейді.
16. Уәкілетті органдар білім беру ұйымдарына немесе кәсіпорындарына жіберген жұмыссыздарды (мемлекеттік білім беру мекемелеріндегі оқуды қоспағанда) кәсіби даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау шығыстары жұмыссыздарды кәсіби даярлау, олардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау жөнінде қызмет көрсетуге арналған шарттарға сәйкес белгіленген тәртіппен жұмыспен қамтудың жергілікті бюджеттік бағдарламасы шеңберінде қаржыландырылады.
Уәкілетті органдар мемлекеттік білім беру мекемелеріне жіберген жұмыссыздарды бастапқы кәсіби даярлаумен байланысты шығыстар осы мемлекеттік мекемелерді ұстауға арналған шығыстар сметасында ескеріледі.
4. Бақылау және есептілік
17. Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық атқарушы орган және уәкілетті органдар ұйымдардың оқыту мерзімдері мен конкурстық шарттарды сақтауын бақылауды жүзеге асырады. Жергілікті білім беруді басқару органдары ұйымдардың оқу жоспарлары мен бағдарламаларын орындауын бақылауды жүзеге асырады, жұмыссыздарды кәсіби даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру жөніндегі жұмысқа талдау жүргізеді және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті органдарға ақпарат береді.
18. Кәсіби даярлауды, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру кезінде уәкілетті орган:
1) кәсіби даярлауға, біліктілігін арттыруға және қайта даярлауға жіберілген жұмыссыздардың есебін жүзеге асырады;
2) белгіленген нысан бойынша айлық, тоқсандық, жарты жылдық, жылдық статистикалық есептілікті жүргізеді;
3) белгіленген мерзімдерде кәсіби даярлауды, біліктілігін арттыруды және қайта даярлауды ұйымдастыру жөніндегі статистикалық есептілікті жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі орталық атқарушы органға ұсынады.