Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы континентаралық баллистикалық ракеталардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты
Келісімге түзетулер
(Вашингтон қ. 2007 жыл 13 желтоқсанда)
2009.02.06 № 161-IV ҚР Заңымен ратификацияланды
2009 жылғы 16 маусымда күшіне енді
Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттары төмендегілер жайында келісті:
Тараптар 1993 жылы он үшінші желтоқсанда қол қойылып, 2000 жылы бесінші желтоқсанға дейін мерзімі ұзартылған Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы континентаралық баллистикалық ракеталардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты Келісімнің (бұдан әрі Келісім деп аталатын) ХІV-бабына сәйкес Келісімге төмендегі түзетулерді енгізуге және оның қолданыс мерзімінің ұзартылуына төмендегілер жайында келісті:
1. Тақырыптағы «ядролық қару» деген сөздердің орнына «жаппай қырып-жоятын қару-жарақтар» деген сөздер қолданылады;
2. Алғы сөздің үшінші тармағындағы және І-баптың (ә) тармағындағы «Қазақстан Республикасынан ядролық қарудың» деген сөздердің орнына «жаппай қырып-жоятын қару-жарақтар, соның ішінде ядролық, биологиялық, химиялық, және радиологиялық жаппай қырып-жоятын қару-жарақтар» деген сөздер қолданылады;
3. І-баптың басындағы «ядролық қаруды жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге... сонымен бірге:» деген сөздердің орнына «жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды жоюға және таралуына жол бермеуге сондай-ақ қатысты материалдар, технологиялар мен мағлұматтарға... сонымен бірге, бірақ бұлармен шектелмей:» деген сөздер қолданылады;
4. І-баптың (в) тармағындағы «Қазақстан Республикасында тұрған стратегиялық шабуыл қаруларын жоюға» деген сөздердің орнына «жаппай қырып-жоятын қару-жарақтарды жоюға және таралуына жол бермеуге сондай-ақ қатысты материалдар, технологиялар мен мағлұматтарға» деген сөздер қолданылады;
5. ХІІ-баптың 1-тармағының соңына «Қазақстан Республикасы Үкіметі осы жеңілдіктерді жүзеге асыру үшін қажетті рәсімдерді атқарды» деген сөйлем қосылады; және
6. ХІV-бап төмендегідей болып өзгертіледі:
«Осы Келісім оған қол қойылған сәттен бастап күшіне енеді және жеті жыл бойы өз күшінде қалады. Тараптардың кез келгенінің екінші Тараптан оның осы Келісімнің қолданысын тоқтатқысы келетіні жөнінде кем дегенде қатысты жеті жылдық мерзімінің аяқталуынан 6 ай бұрын жазбаша мәлімдемесін бермеген жағдайда осы Келісім өзінен-өзі одан соңғы жеті жылдық мерзімге ұзартылады. Осы Келісімнің қолданысы сондай жазбаша мәлімдемені алғаннан кейін 3 айдан соң тоқтатылады. Тараптардың жазбаша келісімі бойынша осы Келісімге түзетулер енгізу мүмкін. Осы Келісімнің немесе жүзеге асыру жөніндегі келісімдердің қолданысының тоқтатылуына қарамастан, егер Тараптардың арасында өзара басқалай жазбаша Келісім болмаса, Қазақстан Республикасының міндеттемелері осы Келісімнің VI-ші және VІІ-ші баптарына сәйкес уақыты шектеусіз мерзімге қолданыла береді.
Осы Түзетулер оған кол қойылған күннен бастап уақытша қолданылады, және Америка Құрама Штаттары Үкіметі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жүзеге асыру үшін қажетті ішкі үкіметтік рәсімдерді атқарып болдық деген жазбаша мәлімдемесін тапсырып алған күннен бастап күшіне енеді және осы Келісім күшіне енгеннен бастап қолданылады.»
Қойылған қолды куәландырып, төмендегі қол қойғандар, лайықты жолымен өздерінің Үкіметтерінен уәкілдік алғандар, осы Келісімге қолдарын қойған.
Вашингтонда 2007 жылы желтоқсанның 13-нде екі дана етіп, әрқайсысы қазақ және ағылшын тілінде жасалды. Қазақ тіліндегі және ағылшын тіліндегі мәтіндердің арасында алшақтық болған жағдайда ағылшын тіліндегі мәтіннің күші басым болады.
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҮШІН: | АМЕРИКА ҚҰРАМА ШТАТТАРЫ ҮШІН: |
2007 жылғы 13 желтоқсанда Вашингтон қаласында қол қойылған Қазақстан Республикасы мен Америка Құрама Штаттарының арасындағы континентаралық баллистикалық ракеталардың шахталық ұшыру қондырғыларын, апатты жағдайлардың салдарын жоюға және ядролық қарудың таралуына жол бермеуге қатысты келісімге түзетулердің бұл көшірмесінің дәлдігін куәландырамын.