4. Аудиторлық ұйым жазбаша нұсқаманы орындамаған жағдайда қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган лицензияның қолданылуын тоқтата тұру қажеттілігі туралы өтінішхатпен уәкілетті органға жүгінуге құқылы.
19-бап. Сапаны бақылау және оның түрлерi
1. Сапаны бақылау аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың аудит стандарттарының талаптарын сақтауына бағытталған.
2. Сапаны ішкі және сыртқы бақылау сапаны бақылау түрлері болып табылады.
Сапаны ішкі бақылауды аудиторлық ұйым аудит стандарттарына сәйкес дербес жүзеге асырады.
Сапаны сыртқы бақылауды кәсіби ұйым өз мүшелеріне қатысты үш жылда бір рет жүзеге асырады.
3. Сапаны сыртқы бақылауды жүргізудің ережесін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті кәсіби ұйымдар әзірлейді.
Сапаны сыртқы бақылауды аудитті жүзеге асырушы аудиторлар ғана жүргізе алады.
4. Аудиторлық ұйым кәсіби ұйымның қорытындысына сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
20-бап. Аудиторлардың құқықтары мен міндеттерi
1. Аудиторлар:
1) аудиттелетін субъектінің аудит жүргізуге арналған шарттың талаптарын орындау үшін қажетті бухгалтерлік және өзге де қаржы-шаруашылық құжаттамасын алуға және тексеруге;
2) аудиттелетін субъектінің лауазымды адамдарынан аудит барысында туындаған мәселелер бойынша ауызша және жазбаша нысандарда түсіндірме алуға;
3) кәсіби ұйымдардың шешіміне сот тәртібімен шағымдануға құқылы.
2. Аудиторлар:
1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексін сақтауға;
2) үш жылда кемінде бір рет кәсіби ұйымдарда біліктілігін арттыру курсынан өтуге;
3) бухгалтерлік есеп жүргізу мен қаржылық есептілік жасауда анықталған елеулі кемшіліктер туралы ақпаратты аудиттелетін субъектіге беруге;
4) "аудитор" біліктілік куәлігін алғаннан кейін үш ай ішінде кәсіби ұйымға кіруге және өзінің кіргені туралы Біліктілік комиссиясына хабарлауға міндетті.
21-бап. Аудиторлық ұйымдардың құқықтары мен міндеттерi
1. Аудиторлық ұйымдар:
1) аудит жүргізу әдістерін дербес анықтауға;
2) аудит жүргізуге арналған шарттың талаптарын орындау үшін қажетті бухгалтерлік және өзге де қаржы-шаруашылық құжаттамаларын сұратып алуға және тексеруге;
3) осы Заңның 24-бабында көрсетілген тұлғаларды қоспағанда, әр түрлі бейіндегі мамандарды аудит жүргізуге қатысуға шарттық негізде тартуға;
4) аудиттелетін субъект аудит жүргізуге арналған шарттың талаптарын бұзған жағдайда аудит жүргізуден не аудиторлық есепті беруден бас тартуға;
5) аудиттелетін субъектінің қаржы-шаруашылық қызметтеріне байланысты құжаттамаларды толық көлемде, сондай-ақ осы құжаттамада есепке алынған мүліктің нақты бар-жоғын тексеруге құқылы.
2. Аудиторлық ұйымдар:
1) Қазақстан Республикасының аудиторлық қызмет туралы заңнамасын, аудит стандарттарын, Әдеп кодексін сақтауға;
2) сапаны сыртқы бақылауды жүргізу үшін жағдайлар жасауға, сондай-ақ аудиторлық ұйымның аудиторына, аудиторлық ұйымның қызметкерлеріне қатысты тағайындалған тексеру кезінде жәрдемдесуге;
3) мемлекеттік тіркелуден кейін үш ай ішінде кәсіби ұйымға кіруге;
4) кәсіби ұйымнан ерікті түрде шыққаннан кейін бір ай ішінде басқа кәсіби ұйымға кіруге;
5) осы Заңның 24-бабында көрсетілген мән-жайлардың салдарынан аудит жүргізудің мүмкін еместігі туралы хабарлауға;
6) бухгалтерлік есеп жүргізу мен қаржылық есептілік жасауда анықталған елеулі кемшіліктер туралы ақпаратты аудиттелетін субъектіге беруге;
7) өздері мүшесі болып табылатын кәсіби ұйымды аккредиттеуден айырған кезде үш ай ішінде басқа кәсіби ұйымға кіруге;
8) аудит жүргізу міндетті болып табылатын қаржылық ұйымдарға аудит жүргізу нәтижесінде айқындалған Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтар туралы аудиттелетін субъектілерді хабардар ете отырып, қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органға хабарлауға;
9) Лицензиялау ережесіне сәйкес уәкілетті органға есептілікті, сондай-ақ уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша өзінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру жөніндегі ақпаратты беруге міндетті.
3. Мемлекеттік органдардың, аудиттелетін субъектілердің және кез келген үшінші тұлғалардың аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың қызметіне заңсыз араласуына жол берілмейді.
22-бап. Аудиторлық қызметті сақтандыру
1. Аудиторлық ұйымдар аудитті жүзеге асыру кезінде мүліктік зиян келтірудің салдарынан туындайтын міндеттемелер бойынша азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шартын жасасуға міндетті.
2. Аудиторлық ұйымдардың азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
23-бап. Аудиторлар мен аудиторлық ұйымдардың
жауапкершілігi
Аудиторлық қызмет туралы заңнаманы, сондай-ақ шарт талаптарын бұзғаны үшін аудиторлар мен аудиторлық ұйымдар Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
24-бап. Аудит жүргізу құқығын шектеу
Аудиторлық ұйымдардың:
осы аудиторлық ұйым немесе осы аудитті жүзеге асырушы оның қызметкерлері өздерінің қатысушысы, кредиторы болып табылатын тапсырыс берушілерге;
өздерімен азаматтық-құқықтық жауапкершілікті сақтандыру шартын жасасқан ұйымдарға;
осы Заңның 3-бабы 2-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген өзінің қызмет бейіні бойынша соңғы үш жылда қызметтер көрсеткен ұйымдарға;
орындаушылары аудиттелетін субъектімен еңбек қатынастарында тұрған немесе оның лауазымды тұлғаларының, сондай-ақ аудиттелетін субъекті акцияларының он және одан да астам процентін (жарғылық капиталға қатысу үлесін) иеленген акционердің (қатысушының) жақын туыстары немесе жекжаттары болып табылатын аудиторлық ұйымдардың;
аудиттелетін субъектіде жеке мүліктік мүдделері бар орындаушылардың;
егер, аудит жүргізу жөніндегі міндеттемелерді қоспағанда, оның аудиттелетін субъектінің алдында немесе аудиттелетін субъектінің оның алдында ақшалай міндеттемелері бар болса, аудит жүргізуіне тыйым салынады.
25-бап. Аудиттелетін субъектінің құқықтары
Аудиттелетін субъект:
аудиторлық ұйымнан аудит жүргізуге қатысты заңнаманың талаптары туралы қажетті ақпарат алуға;
аудиторлық ұйымның ескертпелері мен қорытындыларына негіз болған нормативтік құқықтық актілермен танысуға;
аудиторлық ұйымнан қаржылық есептіліктің, басқа да ақпарат пен өзге де құжаттардың заңнамаға сәйкес келмейтіні анықталғаны туралы ақпарат алуға;
аудиторлық ұйым шарт талаптарын бұзған жағдайда оның көрсететін қызметінен бас тартуға құқылы.
26-бап. Аудиттелетін субъектінің міндеттерi
1. Аудиттелетін субъект:
аудиторлық ұйымға уақтылы және сапалы аудит жүргізуі үшін жағдай жасауға, қажетті құжаттамаларды табыс етуге, ауызша немесе жазбаша нысанда түсіндірме және түсінік беруге;
егер шартта өзгеше көзделмесе, аудитке тиісті мәселелер ауқымын шектеу мақсатында аудиторлық ұйымның қызметіне араласпауға;
аудиторлық ұйымның талап етуі бойынша қажетті ақпарат алу үшін үшінші тұлғалардың атына өз атынан жазбаша сауал жолдауға міндетті.
2. Аудиторлық ұйымның шарт бойынша міндеттемелерден туындайтын талаптарын орындау аудиттелетін субъект үшін міндетті.
27-бап. Аудиттелетін субъектінің жауапкершілігi
1. Аудиттелетін субъект аудиторлық ұйымға аудит жүргізу үшін берген қаржылық есептілік пен өзге де ақпараттың толымдылығы мен дұрыстығы үшін жауапты болады.
2. Міндетті аудит жүргізуден жалтарған не оны жүргізуге кедергі жасаған, не оны жүргізуді Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес қамтамасыз етпеген заңды тұлғаның басшысы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.
3. Аудит жүргізу аудиттелетін субъектіні табыс етілген қаржылық есептіліктің және өзге де құжаттардың Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмегені үшін жауаптылықтан босатпайды.
28-бап. Дауларды қарау
Аудиторлар, аудиторлық ұйымдар арасында, сондай-ақ олар мен аудиттелетін субъектілер арасында туындайтын даулар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.
29-бап. Өтпелі ережелер
1. Дара кәсіпкерлер болып табылатын аудиторлар Осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай ішінде аудиторлық қызметті жүзеге асыра алады.
2. Қаржы нарығы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган берген лицензияларды қоспағанда, аудиторлық ұйымдардың уәкілетті орган берген лицензиялары және осы Заң қолданысқа енгізілгенге дейін берілген "аудитор" біліктілік куәлігі жарамды болады.
30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібi
Осы Заң, осы Заң қолданысқа енгізілген күннен бастап алты ай өткен соң қолданысқа енгізілетін 9-баптың 4, 5-тармақтарын, 10, 12 және 14-баптарын қоспағанда, ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының