2. Шартта тауардың сапасы туралы талаптар болмаған жағдайда сатушы сатып алушыға әдетте осы сияқты тауар пайдаланылатын мақсаттарға жарамды тауар беруге міндетті.
Егер сатушы шарт жасасу кезінде сатып алушыға тауарды сатып алудың нақты мақсаттары туралы хабарламаған болса, сатушы сатып алушыға осы мақсаттарға сәйкес пайдалануға жарамды тауар беруге міндетті.
3. Тауарды үлгiсi бойынша және (немесе) сипаттамасы бойынша cатқан жағдайда сатушы сатып алушыға үлгіге және (немесе) сипаттамасына сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi.
4. Егер сатылатын тауардың сапасына заң актілерінде белгiленген тәртiпке сәйкес, мiндеттi талаптар көзделсе, кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыратын сатушы сатып алушыға осы мiндеттi талаптарға сәйкес келетiн тауар беруге мiндеттi.
Сатушы мен сатып алушы арасындағы келісім бойынша, заң актілерінде көзделген тәртіппен белгіленген міндетті талаптармен салыстырғанда, сапаға қойылатын жоғары талаптарға сәйкес келетiн тауар берiлуi мүмкiн.
5. Сатушы сатып алушыға беруге мiндеттi тауар оны сатып алушыға берер кезде, егер тауардың бұл талаптарға сәйкестiгiн айқындаудың өзгеше жағдайы шартта көзделмесе, осы бапта көзделген талаптарға сәйкес келуге тиiс және қисынды мерзiм шегінде әдетте осы тектес тауар пайдаланылатын мақсаттар үшін жарамды болуға тиіс.
423-бап. Тауардың жарамдылық мерзiмi
1. Заңдарда, мемлекеттік стандарттардың мiндеттi талаптарында немесе басқа да мiндеттi ережелерде бітуiне қарай тауар мақсаты бойынша пайдалануға жарамсыз деп саналатын уақыт кезеңi (жарамдылық мерзiмi), сондай-ақ тауарда оның жарамдылық мерзiмi көрсетiлетiн жағдайлар белгіленуi мүмкiн.
2. Сатушы жарамдылық мерзiмi белгiленген тауарларды сатып алушыға жарамдылық мерзiмi бiткенге дейiн олардың мақсаты бойынша пайдалануға болатындай есеппен беруге мiндетті.
424-бап. Тауардың жарамдылық мерзiмін есептеу
Тауардың жарамдылық мерзiмi оның дайындалған күнiнен бастап есептелетiн, осы мерзiм iшiнде тауар пайдалануға жарамды болатын уақыт кезеңiмен, не ол басталғанға дейін тауар пайдалануға жарамды болатын күнмен белгiленедi.
425-бап. Тауар сапасына кепiлдiк беру
1. Шартта сатушының тауар сапасына кепiлдiк беруi көзделген жағдайда сатушы шартта белгіленген белгiлi бір уақыт кезеңi (кепiлдi мерзiм) iшiнде сатып алушыға осы Кодекстiң 422-бабында көзделген талаптарға сәйкес келуге тиiстi тауар беруге мiндеттi.
2. Тауар сапасына кепiлдiк, егер шартта өзгеше көзделмесе, оның барлық құрамдас бөлiктерiне де (жиынтықтаушы бұйымдарына) қолданылады.
426-бап. Кепiлдi мерзiмдi есептеу тәртібі
1. Кепiлдi мерзiм, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауар сатып алушыға берiлген кезден (осы Кодекстiң 410-бабы) есептеле бастайды.
2. Егер сатып алушының сатушыға байланысты мән-жайлар бойынша шартта кепiлдi мерзiм белгiленген тауарды пайдалану мүмкiндiгi болмаса, сатушы тиісті мән-жайларды жойғанға дейін кепiлдi мерзiм өтпей тұрады.
Егер шартта өзгеше көзделмесе, осы Кодекстiң 436-бабында белгiленген тәртiп бойынша сатып алушыға тауардың кемшiлiктерi туралы хабарланған жағдайда, кепiлдi мерзiм тауар ондағы байқалған кемшiлiктер себептi пайдаланыла алмаған уақытқа ұзартылады.
3. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жинақтаушы бұйымға берiлген кепiлдi мерзiм негiзгi бұйымға берiлген кепiлдi мерзiмге тең болып есептеледі және негізгі бұйымға берілген кепілді мерзiммен бiр мезгiлде өте бастайды.
4. Егер шартта өзгеше көзделмесе тауарды (жиынтықтаушы бұйымды) алмастырған кезде кепілді мерзім қайтадан басталады.
427-бап. Тауар сапасын тексеру
1. Егер заңдарда немесе шартта тауардың сапасын тексеру көзделсе, ол соларда белгiленген талаптарға сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
Мемлекеттік стандарттарда, стандарттау жөніндегі өзге де нормативтiк құжаттарда тауарлардың сапасын тексеруге мiндеттi талаптар белгiленген жағдайларда сапаны тексеру оларда келтiрiлген нұсқауларға сәйкес жүзеге асырылуға тиiс.
2. Егер осы баптың 1-тармағында белгiленген тәртiппен тауар сапасын тексеру талаптары көзделмесе, тауар сапасын тексеру iскерлiк айналым дағдыларына немесе әдетте шарт бойынша берiлуге тиiс тауарды тексеру жағдайларына қолданылатын өзге де талаптарға сәйкес жүргізілуге тиiс.
3. Егер заң актілерінде, мемлекеттік стандарттардың мiндеттi талаптарында, стандарттау жөніндегі өзге де нормативтiк құжаттарда немесе шартта сатушының сатып алушыға беретін тауарының сапасын тексеру (сынақ өткізу, талдау, қарап шығу және т.б.) мiндетi көзделген болса, сатушы сатып алушының талап етуi бойынша оған тауар сапасын тексерудi жүзеге асырғандығы жөнiнде дәлелдемелердi табыс етуге тиiс.
428-бап. Тиiстi сапасы жоқ тауар берудiң зардаптары
1. Егер сатушы тауардың кемшiлiктерi туралы айтпаған болса, тиiстi сапасы жоқ тауар берiлген сатып алушы өз қалауы бойынша сатушыдан:
1) сатып алу бағасын сол мөлшерде кемiтудi;
2) қисынды мерзiмде тауардың кемшiлiктерiн тегiн жоюды;
3) тауардың кемшiлiктерiн жоюға жұмсаған өз шығындарын өтеуді;
4) тиiстi сапасы жоқ тауарды шартқа сәйкес келетiн тауармен алмастыруды;
5) шартты орындаудан бас тартуға және тауар үшiн төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
Шарттың сатып алушының осы тармақта көзделген құқықтардан бас тартуы туралы талаптары жарамсыз болып табылады.
2. Жиынтыққа кiретiн тауарлардың (осы Кодекстiң 432-бабы) бір бөлiгiнiң сапасы тиісті деңгейде болмаған жағдайда сатып алушы тауарлардың осы бөлiгiне қатысты, осы баптың 1-тармағында көзделген құқықты жүзеге асыруға құқылы.
3. Тиiстi сапасы жоқ тауарды сатушы оның дайындаушысы болмайтын жағдайда тауарды алмастыру немесе оның кемшiлiктерiн тегiн жою туралы талаптар сатып алушының таңдауы бойынша сатушыға не дайындаушыға қойылуы мүмкiн.
4. Егер осы Кодексте немесе басқа да заң актілерінде өзгеше белгіленбесе, осы бапта көзделген ережелер қолданылады.
429-бап. Тауардың сатушы жауап беретiн кемшiлiктерi
1. Егер сатып алушы тауардағы кемшiлiктердiң өзiне берiлгенге дейiн пайда болғанын немесе сол кезге дейiн пайда болған себептерден туындағанын дәлелдесе, тауардың кемшiлiктерi үшiн сатушы жауап бередi.
Сатушы сатылған тауардың кемшiлiктерi үшiн олар жөнiнде өзi бiлмеген кезде де жауап бередi. Сатушыны жауапкершiлiктен босату туралы немесе оны шектеу туралы келісім жарамсыз болады.
2. Егер тауардағы кемшiлiктердiң олар сатып алушыға берілгеннен кейін сатып алушының тауарды пайдалану немесе оны сақтау ережелерiн бұзуы не үшiншi бiр тұлғалардың әрекеттерi немесе дүлей күштiң салдарынан пайда болғанын дәлелдемесе, сатушы сапа кепiлдiгiн берген тауарға қатысты тауардың кемшiлiктерi үшiн жауап бередi.
430-бап. Берiлген тауардың кемшiлiктерiн анықтау мерзiмдерi
1. Егер заң актілерiнде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тауар кемшіліктері осы бапта белгіленген мерзімде анықталған жағдайда сатып алушы оның кемшiлiктерiне байланысты талаптар қоюға құқылы.
2. Егер тауарға кепiлдi мерзiм немесе жарамдылық мерзiмi белгiленбесе, сатылған тауардағы кемшiлiктер қисынды мерзiмде, бiрақ тауардың сатып алушыға берiлген күнiнен бастап екi жыл шегiнде табылған жағдайда, егер заң актілерінде немесе шартта неғұрлым ұзақ мерзiм белгiленбесе, сатып алушы тауардың кемшiлiктерiне байланысты талаптар қоя алады. Тасымалдануға немесе почта арқылы жөнелтiлуге тиiстi тауардың кемшiлiктерiн анықтауға арналған мерзiм тауардың жеткiзiлетiн жерiнде алынған күнiнен бастап есептеледi.
3. Егер тауарға кепілді мерзім белгіленсе, сатып алушы кепілді мерзім ішінде тауардың кемшiлiктерiне байланысты талаптар қоюға құқылы.
Шартта негiзгi бұйымға қарағанда жиынтықтаушы бұйымдарға ұзақтығы қысқа кепiлдi мерзiм белгiленген жағдайда сатып алушы негізгі бұйымға белгіленген кепілді мерзім ішінде кемшіліктер табылған кезде жиынтықтаушы бұйымның кемшіліктері туралы талаптар қоюға құқылы.
Егер шартта негiзгi бұйымға белгiленген кепiлдi мерзiмге қарағанда жиынтықтаушы бұйымға ұзағырақ кепiлдi мерзiм белгiленсе, сатып алушы негiзгi бұйымға белгiленген кепiлдi мерзiмнiң өткенiне қарамастан, жиынтықтаушы бұйымның кемшiлiктерi оған белгiленген кепiлдi мерзiм iшiнде табылса, тауар кемшiлiктерi туралы талаптар қоюға құқылы.
4. Егер кемшiлiктер тауардың жарамдылық мерзiмi iшiнде табылса, сатып алушы жарамдылық мерзiмi белгiленген тауарға қатысты тауардың кемшiлiктерi туралы талаптар қоюға құқылы.
5. Шартта көзделген кепiлдi мерзiм екi жылдан кем болып, сатып алушы тауардың кемшiлiктерiн кепiлдi мерзiм өткеннен кейін, бiрақ тауардың сатып алушыға берiлген күнiнен бастап екi жыл шегiнде тапқан жағдайда, егер сатып алушы тауардың кемшiлiктерi тауар сатып алушыға берiлгенге дейiн немесе сол кезге дейiн пайда болған себептерден туындағанын дәлелдесе, сатушы жауап бередi.
431-бап. Тауардың жиынтықтылығы
1. Сатушы сатып алушыға жиынтықтылық туралы шарттың талаптарына сәйкес тауар беруге мiндеттi.
2. Шартта тауардың жиынтықтылығы белгiленбеген жағдайда сатушы сатып алушыға жиынтықтылығы iскерлiк айналым дағдыларымен немесе әдетте қойылатын өзге де талаптармен белгiленетiн тауар беруге мiндеттi.
432-бап. Тауарлар жиынтығы
1. Егер шартта сатушының сатып алушыға белгiлi бiр жиынтықтағы тауарлар жинағын (тауарлар жиынтығын) беру мiндетi көзделсе, жиынтыққа енгiзiлген барлық тауарлар берiлген кезден бастап мiндеттеме орындалған болып есептеледi.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе және ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, сатушы сатып алушыға жиынтыққа енетiн барлық тауарды бiр мезгiлде беруге мiндеттi.
433-бап. Жиынтықталмаған тауарлар берудiң салдары
1. Жиынтықталмаған тауарлар берiлген жағдайда (осы Кодекстiң 431-бабы) сатып алушы өз таңдауы бойынша сатушыдан:
1) сатып алу бағасын сол мөлшерде кемiтудi;
2) тауарларды қисынды мерзiмде толымды жиынтықтауды;
3) жиынтықталмаған тауарды жиынтықталған тауармен алмастыруды;
4) шартты орындаудан бас тартуға және тауар үшін төленген ақша сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген салдарлар, егер заңдарда не шартта өзгеше көзделмесе немесе мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса сатушы сатып алушыға тауарлар жиынтығын (осы Кодекстiң 432-бабы) беру мiндеттемесiн бұзған жағдайда да қолданылады.
434-бап. Тауарды салатын ыдыс және оны буып-түю
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе және мiндеттеменiң мәнiнен немесе тауарлардың сипатынан туындамаса, сатушы сатып алушыға тауарды ыдысқа салып және (немесе) буып-түйiп беруге мiндеттi.
2. Егер шартта ыдыс пен буып-түюге талаптар белгiленбесе, тауар, осындай тауарға арналған әдеттегi әдiспен, ал бұлай болмағанда сақтау мен тасымалдаудың әдеттегi жағдайларында осы тектес тауарлардың сақталуын қамтамасыз ететiн әдiспен ыдысқа салынуға және (немесе) буып-түйiлуге тиiс.
3. Егер заңдарда белгiленген тәртiппен ыдысқа салынуға және (немесе) буып-түйiлуге мiндеттi талаптар көзделсе, кәсiпкерлiк қызметті жүзеге асыратын сатушы сатып алушыға тауарды осындай міндетті талаптарға сай келетiн ыдысқа салып және (немесе) буып-түйiп беруге мiндеттi.
435-бап. Тауарды ыдыссыз және (немесе) буып-түюсiз не тиiстi ыдысқа салмай және (немесе) буып-түймей берудiң салдары
1. Ыдысқа салынуға және (немесе) буып-түйiлуге тиіс тауар сатып алушыға ыдыссыз және (немесе) буып-түюсiз не тиiстi ыдысқа салынбай және (немесе) буып-түйiлмей берiлген жағдайда сатып алушы сатушыдан, егер шарттан, мiндеттеменiң мәнiнен немесе тауардың сипатынан өзгеше туындамаса, тауарды ыдысқа салып және (немесе) буып-түйiп берудi не тиiстi дәрежеде емес ыдысты және (немесе) буып-түйiлген орауышты алмастыруды талап етуге құқылы.
2. Сатушыға осы баптың 1-тармағында аталған талаптар қоюдың орнына, сатып алушы оған тиiстi сапасы жоқ тауар беруден туындайтын өзге де талаптар қоюға құқылы (осы Кодекстiң 428-бабы).
436-бап. Сатушыға шартты тиiсiнше орындамағаны туралы хабарлау
1. Сатып алушы шарттағы тауардың саны, түр-түрі, сапасы, жиынтықталуы, ыдысқа салынуы және (немесе) буып-түйiлуi туралы талаптардың бұзылғандығы жөнінде сатушыға заң актілерінде, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерде немесе шартта көзделген мерзiмде, ал егер мерзiм белгiленбесе тауарлардың сипаты мен мақсатын негiзге ала отырып, шарттағы тиiстi талаптың бұзылуы байқалуға тиiс болғаннан кейiн қисынды мерзiмде хабарлауға мiндеттi.
2. Сатып алушы осы баптың 1-тармағына көзделген мiндеттi орындамаған жағдайда, егер мұндай дер кезiнде хабарламау өзiнiң талаптарын қанағаттандырудың мүмкiн болмауына әкеп соққанын немесе шарт талаптарының бұзылуы туралы дер кезiнде хабарлаған жағдаймен салыстырғанда сатушыға өлшеусiз шығындар келтiретiнiн дәлелдесе, сатушы сатып алушының тиiстi талаптарын қанағаттандырудан толық немесе iшiнара бас тартуға құқылы.
3. Егер сатушы сатып алушыға берiлген тауарлардың шарт талаптарына сәйкес келмейтiндiгiн бiлсе немесе бiлуге тиiс болса, оның сатып алушының осы баптың 1-тармағында көзделген мiндеттi орындамауына сiлтеме жасауына құқығы жоқ.
437-бап. Сатып алушының тауарды қабылдау мiндетi
1. Осы тараудың ережелерiне сәйкес тауарды ауыстыруды талап етуге немесе шартты орындаудан бас тартуға өзi құқылы болатын жағдайларды қоспағанда, сатып алушы өзіне сатушы берген тауарды қабылдауға мiндеттi.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушы әдетте қойылатын талаптарға сәйкес, тиісті тауар беруді және алуды қамтамасыз ету үшiн өз тарапынан қажеттi iс-қимылдар жасауға міндеттi.
3. Сатып алушы заң актілерін немесе шартты бұза отырып, тауарды қабылдамаған не қабылдаудан бас тартқан жағдайларда, сатушы сатып алушыдан тауарды қабылдауды талап етуге немесе шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
438-бап. Тауардың бағасы
1. Сатып алушы тауарға шартта көзделген баға бойынша, не ол шартта көзделмесе және оны шарт талаптарын негiзге ала отырып белгiлеу мүмкiн болмаса, осы Кодекстiң 385-бабының ережелерiне сәйкес белгіленетін баға бойынша ақы төлеуге, сондай-ақ өз есебінен заң актілеріне, шартқа немесе әдетте қойылатын талаптарға сәйкес төлемді жүзеге асыру үшiн қажеттi iс-қимылдар жасауға мiндеттi.
2. Баға тауардың салмағына қарай белгiленген кезде, егер шартта өзгеше көзделмесе, ол ыдыссыз таза салмағы бойынша айқындалады.
3. Егер шартта тауар бағасын (өзiндiк құн, шығынды және т.б.) көрсететiн көрсеткiштерге қарай тауар бағасының өзгеруі тиiс екендігі көзделсе, бірақ бағаны қайта қарау әдісі белгіленбесе, баға көрсеткіштердің шарт жасасу кезіндегі және тауар беру жөніндегі мiндеттi орындау кезіндегі арақатынасын негiзге ала отырып белгiленедi. Сатушы тауар беру жөніндегі мiндеттiң орындалуын кешiктiрiп алған жағдайда бағам көрсеткiштердiң шарт жасасу кезіндегі және шартта көзделген тауар берiлетiн күндегi, ал шартта мұндай күн көзделмесе, осы Кодекстiң 277-бабына сәйкес белгiленген күнгi арақатынасын негiзге ала отырып белгiленедi.
Егер осы Кодексте, басқа да заң актілерінде өзгеше белгіленбесе не ол мiндеттеменiң мәнiнен туындамаса, осы тармақта көзделген ережелер қолданылады.
439-бап. Тауарға ақы төлеу
1. Егер шарт пен заң актілері талаптарынан бағаны белгiлi бiр мерзiмде төлеу мiндетi туындамаса, сатып алушы оны өзiне тауар немесе сол тауарға арналған тауарға билiк ету құжаттары берiлгеннен кейін кешiктiрмей төлеуге мiндеттi.
2. Егер шартта берiлген тауар ақысын бөлiп-бөлiп төлеу көзделмесе, сатушыға сатып алушы берiлген тауардың толық бағасы мөлшеріндегі соманы төлеуге мiндеттi.
3. Егер сатып алушы шартқа сәйкес берiлген тауарға ақы төлемесе, сатушы одан тауар ақысын төлеудi және басқа бiреудiң ақшасын пайдаланғаны үшiн тұрақсыздық айыбын төлеудi талап етуге құқылы (осы Кодекстiң 353-бабы).
4. Егер сатып алушы шартты бұза отырып, тауарды қабылдаудан және оған төлеуден бас тартса, сатушы өз таңдауы бойынша тауарға ақы төлеуді талап етуге не шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
5. Сатушы шартқа сәйкес сатып алушыға ақы төленбеген тауарлардан басқа да тауарлар беруге міндетті болған жағдайларда, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, ол бұрын берілген барлық тауарларға ақы толық төленгенге дейін сол тауарларды беруді тоқтата тұруға құқылы.
440-бап. Тауарға алдын ала ақы төлеу
1. Шартта сатушы тауарды бергенге дейін бағасын толық немесе ішінара төлеу (алдын ала төлеу) жөнінде сатып алушының міндеті көзделген жағдайларда сатып алушы ақыны шартта көзделген мерзімде, ал егер шартта мерзім көзделмесе, осы Кодекстің 277-бабына сәйкес белгіленген мерзімде төлеуге тиіс.
2. Сатып алушы тауарға алдын ала ақы төлеу жөнiнде шартта көзделген мiндеттi орындамаған жағдайда осы Кодекстiң 284-бабында көзделген ережелер қолданылады.
3. Алдын ала төленетiн ақы сомасын алған сатушы өзiнiң тауар беру жөніндегі мiндетiн белгiленген мерзiмде (осы Кодекстiң 409-бабы) орындамаған жағдайларда сатып алушы одан ақы төленген тауарды берудi немесе сатушы бермеген тауар үшiн алдын ала төленген ақы сомасын қайтаруды талап етуге құқылы.
4. Сатушы ақысы алдын ала төленген тауарды беру жөніндегі мiндетiн орындамаған және сатып алу-сату шартында өзгеше көзделмеген жағдайда осы Кодекстің 353-бабына сәйкес тауар беру жүргізілуге тиіс болған күннен бастап сатып алушыға тауар беретін немесе оның алдын ала төлеген сомасы қайтарылатын күнге дейiн алдын ала төленген ақы сомасына тұрақсыздық айыбы төленуге тиiс. Шартта сатушының осы соманы алған күннен бастап алдын ала ақы төлеу сомасына тұрақсыздық айыбын төлеу мiндетi көзделуі мүмкiн.
441-бап. Кредитке сатылған тауарға ақы төлеу
1. Шартта сатып алушыға тауар берiлген соң белгiлi бiр уақыттан кейiн оған ақы төлеу (тауарды кредитке сату) көзделген жағдайларда сатып алушы ақыны шартта көзделген мерзiмде, ал егер шартта мерзiм көзделмесе, осы Кодекстiң 277-бабына сәйкес белгiленген мерзiмде төлеуге тиiс.
2. Сатушы тауар беру жөніндегі мiндеттi орындамаған жағдайда осы Кодекстiң 284-бабында көзделген ережелер қолданылады.
3. Тауарды алған сатып алушы оның ақысын төлеу мiндетiн шартта белгiленген мерзiмде орындамаған жағдайларда сатушы берiлген тауарға ақы төлеудi немесе ақы төленбеген тауарларды қайтаруды талап етуге құқылы.
Сатып алушы берiлген тауарға ақы төлеу жөніндегі мiндетiн шартта белгiленген мерзiмде орындамаған және осы Кодекс пен шартта өзгеше көзделмеген жағдайларда мерзiмi өткiзiлген сомаға осы Кодекстiң 353-бабына сәйкес, сатып алушы тауарға ақы төлеуге тиiс болған күннен бастап, оның тауарға ақы төлеген күнiне дейiн тұрақсыздық айыбы төленуге тиiс.
4. Шартта сатушының тауар берген күнiнен бастап, тауардың бағасына сәйкес келетiн сомаға сатып алушының тұрақсыздық айыбын төлеу мiндетi көзделуі мүмкiн.
5. Кредитке тауар сату оның сатылған күнiнде қолданылған бағасы бойынша жүргiзiледi. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, кредитке сатылған тауардың бағасында кейiннен жасалған өзгеріс қайта есеп айырысуға әкеп соқпайды.
442-бап. Тауарды кредитке сату кезiнде төлемдi бөлiп-бөлiп төлеу
1. Тауарды кредитке сату туралы шартта төлемді бөліп-бөліп төлеу көзделуi мүмкiн.
Егер сатып алу-сату шартында басқа да елеулi талаптармен қатар, баға төлемдердiң тәртібі, мерзiмi мен мөлшерi көрсетiлсе, төлемдi бөлiп-бөлiп төлеу талабымен тауарды кредитке сату туралы шарт жасалған болып есептеледi.
2. Сатып алушы бөлiп-бөлiп төлеу арқылы сатылған тауар үшiн кезектi төлемдi шартта белгiленген мерзiмде төлемесе, егер шартта өзгеше көзделмесе, сатушы, сатып алушыдан алған төлем сомасы тауар бағасының жартысынан асатын жағдайларды қоспағанда, шартты орындаудан бас тартуға және сатылған тауардың қайтарылуын талап етуге құқылы.
443-бап. Тауарды сақтандыру
1. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе, сатып алу-сату шартында сатушының немесе сатып алушының тауарды сақтандыру мiндетi көзделуi мүмкiн.
2. Тауарды сақтандыруға мiндеттi тарап сақтандыруды шарт талаптарына сәйкес жүзеге асырмаған жағдайда, екiншi тарап тауарды сақтандыруға және міндетті тараптан сақтандыруға жұмсалған шығындарды өтеуін талап етуге не шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
444-бап. Сатушының тауарға меншiк құқығының сақталуы
1. Тауардың ақысы төленгенге дейiн немесе өзге бiр мән-жайлар басталғанға дейiн сатушының сатып алушыға берiлген тауарға меншiк құқығы сақталатындығы шартта көзделген жағдайларда, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе не ол тауардың мақсаты мен қасиеттерiнен туындамаса, сатып алушының өзiне меншiк құқығы көшкенге дейiн тауарды иелiктен айыруға немесе оған өзгеше түрде билiк етуге құқығы жоқ.
2. Берiлген тауардың ақысы шартта көзделген мерзiмде төленбеген немесе меншiк құқығы сатып алушыға көшетiн өзге де мән-жайлар басталмаған жағдайларда сатушы сатып алушыдан, егер шартта өзгеше көзделмесе, тауарды өзiне қайтаруды талап етуге құқылы.
2. Бөлшектеп сатып алу-сату
445-бап. Бөлшектеп сатып алу-сату шарты
Тауар сату жөніндегі кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын сатушы бөлшектеп сатып алу-сату шарты бойынша сатып алушыға кәсiпкерлiк қызметке байланысты емес, әдетте жеке өзiне, отбасында, үйiнде немесе өзге де пайдалануға арналған тауарларды беруге мiндеттенедi.
Бөлшектеп сатып алу-сату шарты жария болып табылады (осы Кодекстiң 387-бабы).
446-бап. Бөлшектеп сатып алу-сату шартының нысаны
Егер заң актілерінде немесе бөлшектеп сатып алу-сату шартында, соның iшiнде сатып алушы қосылатын (осы Кодекстiң 389-бабы) формулярлардың немесе өзге де стандарттық нысандардың талаптарында өзгеше белгiленбесе, сатушы сатып алушыға касса немесе тауар шегiн немесе тауарға ақы төленгенiн растайтын өзге де құжатты берген кезден бастап бөлшектеп сатып алу-сату шарты тиiстi нысанда жасалған болып есептеледi. Аталған құжаттардың сатып алушыда болмауы оны шарттың жасалғандығын және оның талаптарын растайтын куәлiк айғақтарға сүйену мүмкiндiгiнен айырмайды.
447-бап. Тауардың көпшiлiкке арналған офертасы
1. Тауарларды көруге қою, олардың үлгiлерiн көрсету немесе тауарлар сатылатын жерде сатылатын тауарлар туралы мәлiметтер (сипаттамалар, каталогтар, фотосуреттер және т.б.) беру, сатушы тиістi тауарлардың сатуға арналмағандығын айқын көрсеткен жағдайларды қоспағанда, бағаның және сатып алу-сату шартының басқа да елеулі талаптарының көрсетілгенiне қарамастан, көпшiлiкке арнаған оферта болып танылады.
2. Тауардың оның жарнамасында, каталогтарында, сондай-ақ тауар сатылмайтын жерлерде тауардың беймәлім адамдар тобына арналған және тауардың сатып алу-сату шартының елеулi талаптары болмаған басқа да сипаттамаларында көрсетiлген ұсынымы көпшiлiкке арналған оферта деп танылмайды.
448-бап. Сатып алушыға тауар туралы ақпарат беру
1. Сатушы сатуға ұсынылатын тауар туралы сатып алушыға қажетті және анық ақпарат беруге мiндеттi. Бұл ақпарат заң актілерінде белгiленген талаптарға және әдетте бөлшек саудада осындай ақпарат берудiң мазмұны мен әдiсiне қойылатын талаптарға сәйкес болуға тиiс.
2. Сатып алушы шарт жасалғанға дейiн, егер бұған тауардың сипатына байланысты тыйым салынбаса және бөлшек саудада қабылданған ережелерге қайшы келмесе, тауарды көруге, өзiнiң қатысуымен тауардың қасиеттерiн тексерудi немесе оның пайдаланылуын көрсетудi талап етуге құқылы.
3. Сатып алушыға тауар туралы тиісті ақпарат алуға мүмкіндік бермеген сатушы тауардың оны сатып алушыға бергеннен кейін пайда болған, сатып алушы өзiнде ақпараттың болжауына байланысты туындағанын дәлелдеген кемшiлiктерi үшiн де жауап бередi.
449-бап. Сатып алушының тауарды белгiлi бiр мерзiмде қабылдап алуы туралы талап қойылған шарт
1. Тараптар сатып алушының тауарды шартты белгiленген мерзiмде қабылдап алуы туралы талап қойылған шарт жасасуы мүмкiн, осы мерзiм iшiнде тауарды басқа сатып алушыға сатуға болмайды.
2. Егер шартта өзгеше көзделмесе, сатып алушының келмей қалуын немесе шартта белгiленген мерзiмде тауарды қабылдап алу үшiн өзге де қажеттi әрекеттер жасалмауын сатушы сатып алушының шартты орындаудан бас тартуы ретiнде қарастыруы мүмкiн.
3. Шартта белгiленген мерзiмде сатып алушыға тауар берудi қамтамасыз ету жөніндегі сатушының қосымша шығындары, егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, тауардың бағасына енгiзiледi.
450-бап. Тауарларды үлгiлерi бойынша сату
1. Бөлшектеп сатып алу-сату шарты сатып алушының сатушы ұсынған тауар үлгiсімен (оның сипаттамасымен, тауарлар каталогымен және т.б.) танысуы негiзiнде жасалуы мүмкiн.
2. Егер заң актілерінде немесе шартта өзгеше көзделмесе, шартта көрсетiлген жерге тауар жеткiзiлген кезден бастап, ал егер шартта тауар беретін орын белгіленбесе, азаматтың тұрғылықты жері немесе заңды тұлғаның орналасқан жерi бойынша сатып алушыға тауар жеткiзiлген кезден бастап шарт орындалған болып есептеледi.
3. Сатушы шартты орындау жөнiнде әрекет жасалуына байланысты қисынды шығындарды өтеген жағдайда сатып алушы тауар берiлгенге дейiн шартты орындаудан бас тартуға құқылы.
451-бап. Автоматтарды пайдалана отырып тауар сату
1. Тауар сату автоматтарды пайдалана отырып жүргiзiлген жағдайларда автоматтардың иесi сатып алушыларға тауар туралы (атауы, саны, бір тауардың бағасы және т.б.) автоматқа орналастыру арқылы тауардың сатушысы туралы ақпарат жеткізуге немесе сатып алушыларға сатушының атауы (фирмалық атауы), оның орналасқан жерi, жұмыс режимi, сондай-ақ сатып алушының тауар алу үшiн жасайтын қажеттi әрекеттерi туралы өзге де әдiстермен мәлiметтер беруге мiндеттi.
2. Сатып алушы тауар алуға қажеттi әрекеттер жасаған кезден бастап шарт жасалған болып есептеледi.
3. Егер сатып алушыға ақысы төленген тауар берiлмесе, сатушы тауардың сатып алушыға дереу берiлуiн немесе оның сатып алушының сол тауар үшiн төлеген ақша сомасының қайтарылуын қамтамасыз етуге міндетті.
452-бап. Сатып алушыға тауар жеткiзiп беру туралы талап қойылатын шарт
1. Сатып алушыға тауар жеткiзiп беру туралы талап қойылып шарт жасалған жағдайларда сатушы тауарды сатып алушы көрсеткен жерге шартта белгіленген мерзімде жеткізіп беруге міндетті.
2. Егер заң актілерінде, шартта өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнінен туындамаса, сатып алушыға, ал ол болмаған кезде шарттың жасалғандығын немесе тауарды жеткізіп берудің ресімделуін куәландыратын түбіртекті немесе өзге бір құжатты көрсеткен кез келген адамға тауар табыс етілген кезден бастап сатушы шартты орындады деп есептеледі.
453-бап. Тауардың бағасы және оған ақы төлеу
1. Егер заң актілерінде өзгеше көзделмесе немесе ол міндеттеменің мәнінен туындама, сатып алушы шарт жасасу кезінде сатушы жариялаған баға бойынша тауарға ақы төлеуге міндетті.