Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамытудың
2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын бекіту туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 6 тамыздағы № 673 Қаулысы
Осы редакция 2009 жылғы 22 қаңтардағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
«Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі № 310 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) бекітілсін.
2. Орталық және жергілікті атқарушы органдар, Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдар:
1) Бағдарламаны іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне жыл сайын, жарты жылдық қорытындылары бойынша 10 қаңтар мен 10 шілдеге қарай Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
3. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі жыл сайын, жарты жылдық қорытындылары бойынша 15 қаңтар мен 15 шілдеге қарай Қазақстан Республикасының Үкіметіне Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы ақпарат берсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2007 жылғы 6 тамыздағы
№ 673 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған
БАҒДАРЛАМАСЫ
Астана, 2007 жыл
Мазмұны
1. Бағдарламаның паспорты
2. Кіріспе
3. Қылмыстық-атқару жүйесінің қазіргі жай-күйін талдау
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
5. Дамытудың негізгі бағыттары және Бағдарламаны іске асыру тетігі
6. Қажетті ресурстар және оларды қаржыландыру көздері
7. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер
8. Бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары
1. Бағдарламаның паспорты
Атауы | Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы |
Әзірлеу үшін негіздеме | «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі № 310 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 қаулысымен бекітілген Мемлекет басшысының 2005 - 2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспары |
Әзірлеуге жауапты | Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі |
Мақсаты | Қылмыстық-атқару жүйесі жұмысының тиімділігін арттыру |
Міндеттері | ҚАЖ-ды басқарудың ұйымдастырылуын жетілдіру және ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдардың жағдайын жақсарту Қылмыстық жазаларды орындау тиімділігін арттыру, сотталғандардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтік оңалту үшін жағдай жасау Сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін арттыру Кадр құрамын нығайту, қызметкерлердің кәсіби даярлығын жетілдіру, ҚАЖ мекемелері қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын арттыру, ҚАЖ қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық санын төмендету |
Қаржыландыру көздері | 2007 жылдан бастап 2009 жылға дейін 25 млрд. 100 млн. 613 мың теңге сомасындағы республикалық бюджет қаражаты |
Күтілетін нәтижелер | ҚАЖ жұмысының тиімділігін арттыру, оның ішінде жедел және режимдік жұмысты ұйымдастыру, бас бостандығынан айыру орындарында қылмыстың деңгейі мен қайталануын, өлімді төмендету бөлігінде тиімділігін арттыру Еңбекпен қамтылған сотталғандар санын көбейту Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтік оңалту үшін жағдай жасау Жазалаудың балама шараларын орындау тиімділігін арттыру. Бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталғандар арасында қайталама қылмысты төмендету ҚАЖ қызметкерлерінің сапалық құрамын жақсарту, ҚАЖ қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлық көріністерін төмендету үшін жағдай жасау |
Іске асыру мерзімі | 2007-2009 жылдар |
2. Кіріспе
Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасы (бұдан әрі - Бағдарлама) «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі № 310 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 20 сәуірдегі № 319 қаулысымен бекітілген Мемлекет басшысының 2005-2007 жылдардағы Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларын іске асыру жөніндегі негізгі бағыттардың (іс-шаралардың) жалпыұлттық жоспарын және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007-2009 жылдарға арналған бағдарламасын орындау жөніндегі іс-шаралар жоспарының 195-тармағын орындау үшін әзірленді.
Соңғы он жыл ішінде Қазақстан Республикасында ҚАЖ-ды жетілдіру аясында бірқатар бағдарламалар іске асырылды, олардың арасындағы сабақтастық бірқатар басым мәселелерді кезең-кезеңмен шешуге және белгілі бір оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Осылайша, сотталғандардың құқықтары едәуір кеңейген, олардың әлеуметтік және құқықтық қорғалуы анағұрлым тиімді бола түсті, жазаны өтеудің ілгерілеу жүйесі заңды түрде бекітілді, ТМ мен ТИ-дың материалдық-техникалық базасы нығайтылуда, түрме тұрғындарының тығыздығы төмендеді.
Қылмыстық-атқару саясатын тиімді іске асыруға байланысты проблемаларды шешудің мемлекет пен қоғам үшін елеулі маңызы бар, өйткені ол елдегі жалпы криминогендік жағдайға да, тұтастай алғанда қоғамның криминалдану деңгейіне де, яғни азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерінің қорғалу сапасы мен деңгейіне әсер етеді. Осылайша, қылмыстық жазаларды атқарудың тиімді жүйесін ұйымдастыру, уәкілетті мемлекеттік органның қызметі мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды оңалтудың пәрменді жүйесін тиісінше ұйымдастыру мәселелері ерекше кекейкесті болмақ.
Осыған байланысты, қылмыстық-атқару жүйесін одан әрі дамыту жөніндегі міндеттер кешенін іске асыру мемлекеттің тұрақты қолдауынсыз, өзге де мемлекеттік органдармен өзара әрекет пен халықаралық ұйымдармен белсенді ынтымақтастық жасаусыз мүмкін емес, ол Бағдарламаны әзірлеу қажеттілігін негіздейді, оны іске асыру жөніндегі іс-шаралар халықаралық тәжірибені және шетелдік мемлекеттердің осы саладағы озық практикасын қолдана отырып жазаны орындау саласында бұрын қолданылған бағдарламаларға қатысы жағынан сабақтастық қағидатын сақтай отырып, қоғам дамуының осы кезеңде тән проблемалар мен басымдықтардың тиімді шешімін табуға ықпал етуі тиіс.
3. Қылмыстық-атқару жүйесінің қазіргі жай-күйін талдау
Қылмыстық-атқару кодексін 1998 жылдан бастап қолданысқа енгізумен мемлекетімізде жазаны өткерудің құрылымы және мазмұны қағидатты түрде өзгерді, сөйтіп жазаларды орындаудың ұлттық моделі жасалды.
Осыған байланысты ТМ мен ТИ қызметін регламенттейтін ведомстволық актілерге жазаларды орындау кезінде заңдылықты сақтау кепілдігін күшейтуге, сотталғандарды құқықтық және әлеуметтік қорғауға, шектеулер мен тыйымдар санын төмендетуге, мерзімінен бұрын босатуға негіздерді кеңейтуге бағытталған түзетулер енгізілді.
Алдыңғы бағдарламалық құжаттарды іске асыру сотталғандарды ұстау жағдайларын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді.
Халықаралық құқық қорғау ұйымдарымен бірлесіп, шет елдердің пенитенциарлық мекемелерінде қамаудағыларды ұстау жағдайларына қатысты халықаралық нормалармен және стандарттармен ТМ мен ТИ қызметкерлерін таныстыру бойынша жұмыс жүргізілді.
2003 жылы онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды жазалауды ізгілендіруге бағытталған "Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық іс жүргізу және Қылмыстық-атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын қабылдау, сондай-ақ Мемлекет Басшысы жекелеген санаттағы сотталғандарға рақымшылық жасау туралы актілерге қол қоюы ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын сотталғандар санын төмендетуге мүмкіндік берді.
Осылайша, егер 2002 жылы ҚАЖ мекемелерінде 76707 сотталған, сезікті мен айыпталушы ұсталса, ал 2006 жылы олардың саны 51685-ті құрады.
Мемлекеттің ізгілендіру саясатын жүргізуі нәтижесінде сотталғандардың криминогендік құрамы өзгерді.
Бүгіндері ТМ-де аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін сотталғандардың жалпы санының 52 пайызы, аса ауыр қылмыстар жасағаны үшін 32 пайызы жазасын өтеуде. Бұл ретте, қасақана кісі өлтіргені үшін жазасын өтеп жүрген адамдардың үлесі 22 пайызды, қарақшылық жасағаны - 14 пайызды, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені - 9 пайызды, тонау жасағаны - 8 пайызды құрайды.
Дегенмен, Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару саясатын іске асыру аясында қол жеткізген белгілі бір жетістіктеріне қарамастан оның тиімділігіне әсер ететін шешілмеген проблемалар әлі де болса қалып отыр.
Өткен ғасырдың басы мен ортасында, ал кейбірі - 18 және 19 ғасырларда салынған қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің ғимараттары мен құрылыстарының көпшілігі ескірген, көбінесе апатты жағдайда тұр, санитарлық және техникалық талаптарға, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай келмейді.
Инженерлік және техникалық күзет құралдары қанағаттанғысыз күйде, осыған орай ҚАЖ мекемелерінің тиісінше қауіпсіздігі қамтамасыз етілмей тұр.
Сондай-ақ, күзет қызметін шетелдік пенитенциарлық жүйелердегідей күзетшілерді бейнебайқау жүйелерімен ішінара алмастыру жолымен жаңғырту қажет.
Мекемелердің жағрафиялық жағынан орналасуы, біріншіден, елде жүргізіліп жатқан қылмыстық саясатты ізгілендіруге толық ықпал етпейді, екіншіден, халықаралық стандарттар мен қолданыстағы ұлттық заңнамаға сәйкес келмейді. Осылайша, Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 68-бабына сәйкес бас бостандығынан айыруға сотталған адамдар жазаны қамалғанға дейін өздері тұрған немесе өздері сотталған облыстың түзеу мекемелерінде өтеуі тиіс. Дегенмен, облыстардың бәрінде бірдей колонияның барлық түрлері жоқ, ол сотталғандарды жазаны өтеу орындарына, соттың апелляциялық сатысының отырыстарына тасымалдауға, сондай-ақ оларды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған бюджет қаражатын жұмсауды арттыруға әкеп соғады. Бұл ретте, әйелдер мен кәмелетке толмағандар неғұрлым кемсітілген жағдайда қалып отыр, себебі, елімізде әйелдер ұсталатын бар болғаны төрт тәрбиелеу колониясы мен үш жалпы режимдегі колония бар.
Бұдан басқа, экстремистік және террористік сипаттағы қылмыстары үшін сотталған адамдар елеулі проблемалар туғызуда. Бас бостандығынан айыру орындарында бола тұра, олар діни экстремистік және террористік идеяларын таратып, басқа сотталғандарға теріс ықпал көрсетіп өздерінің қылмыстық әрекеттерін жалғастыруда.
Осыған байланысты ТМ режім түрі, сондай-ақ олардың орналасуы бойынша ҚАЖ-дың жұмысын өңірлік деңгейде ұйымдастыруды оңтайландыру қажеттігі туындайды.
Тиісті өңірдің барлық (ТМ тығыз орналасқан) аумағында орын алып отырған ҚАЖ органдарына кешенді жедел ден қою жөніндегі проблемалар, тұтастай алғанда, қылмыстық-атқару жүйесі жұмысын ұйымдастыруда теріс көрініс табады. ҚАЖ аумақтық басқармалары ведомстволық бағынысты мекемелердің санитарлық-эпидемиологиялық жай-күйіне тиісті бақылау жасауды қамтамасыз ете алмауда.
ҚАЖ өңірлік басқармасының болмауы, сезіктілерді, айыпталушыларды және сотталғандарды есепке алудың көп салалы заманауи жүйесінің болмауы, басқаруды бірдей бөлінбеген жүктеме, тұтастай алғанда қылмыстық жазаларды орындау мен қамауда ұстауды тиімді ұйымдастыру жөніндегі жұмысты қиындатып отыр.
Жеке-тәрбиелік ықпал ету тетіктері жеткілікті түрде әзірленбегендіктен, тәрбие жұмысын босаң ұйымдастыру байқалуда. Бас бостандығынан айырылғандар Қазақстан Республикасының азаматтары және өз елінің тұрғындары болып қала беретініне қарамастан, жергілікті атқарушы органдар жаза басқан азаматтарды қоғамға қайтару жөніндегі жұмысқа қатыспай отыр: ҚАЖ мекемелеріне сотталғандарды ұстау мәселелерінде, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған, сондай-ақ бас бостандығынан айыруды өтеген адамдарды еңбекке орналастыруда жеткілікті түрде жәрдем көрсетпейді.
Сотталғандардың қоғамдық-пайдалы еңбекпен айналысу төмендігі (еңбекке жарамды сотталғандардың 39,1 пайызы) түзеу мекемелерінде тәртіптің төмендеуіне ықпал етпейді және жалпы алғанда ҚАЖ мекемелерінің алдында тұрған мәселелерді шешуде кері әсер етуде. Жүйеде сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды атқару бойынша күрделі жағдай қалыптасты. Дегенмен, мемлекет жүргізіп отырған қылмыстық саясатты ізгілендіруге байланысты бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға сотталған адамдардың саны тек арта түспек.
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған сотталғандарды бейімдеу жүйесі, сондай-ақ қылмыстық-атқару инспекцияларының базасында жұмыс істейтін және бас бостандығынан айыруға байланысты емес қылмыстық жазаларды атқарумен қатар, аталған оңалту жүйесін, сондай-ақ сотқа әлеуметтік зерттеу есебін бере отырып қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысында құқық бұзушыларды әлеуметтік зерттеу жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыра алатын пробация қызметі жоқ.
Қоғамнан оқшауламай жазаларды атқаратын ұйымдарда пробация қызметін және сотталғандарға постпенитенциарлық бақылау жасауды қолдану Америка, Батыс Еуропа және Жапония елдерінде көптен бері және табысты түрде пайдаланылып келеді. Бұл қызметтердің кеңінен дамуы салдарынан бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазалардың үлесі, жазалардың жалпы құрылымында елеулі бөлігін Швецияда, Англияда - 70 пайыздан, Жапонияда 90 пайызға дейін алады, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш 52 пайызды құрайды.
Репрессияны үнемдеу бюджет қаражатын едәуір үнемдеуге әкеледі, өйткені сотталғанды пробациялық бақылау арқылы ұстау шамамен түрме мекемелеріндегі ұстаудан 10 есе арзанға түспек.
Бұдан басқа, ҚАЖ-ды кадрлық қамтамасыз ету проблемалары орын алуда. ТМ-нің көпшілігі облыс орталықтарынан және үлкен қалалардан тысқары орналасқан, ол өз кезегінде жүйені сапалы қызметкерлермен толықтыру қиындығына әкеп соғады, ол криминалдық субмәдениеттің әсер ету, түрлі жұқпалы аурулармен науқастану қаупімен, мекеме қызметкерлері жалақысының төмендігімен (орта есеппен 32 мың теңге шамасында), өз оңалту-сауықтыру жүйесінің болмауымен, іс жүзінде тұрғын үй және кәсібінің беделді болмау проблемасының шешім таппауымен шиеленісе түседі.
Соның нәтижесінде тиісті кадрлық қамтамасыз етудің жоқтығынан көбінесе жұмысқа осы саладағы кәсіптік даярлығының деңгейі жеткіліксіз азаматтар қабылданады. Тиісінше, кәсіпқойлығының төмендігі мен жұмысқа ынтасының болмауы ҚАЖ-да кадрдың көп тұрақтамауына әкеп соғады, ҚАЖ-да құрылған кадрлардың қажетті біліктілігін даярлау жүйесі қазақстандық білім беру ұйымдарының арта түскен талаптарына толық сай келмейді.
ҚАЖ-дың мекемелерін күзету мәселесі ашық күйінде қалып отыр.
Жоғарыда аталған проблемаларды шешу ҚАЖ-ды одан әрі дамытудың негізгі бағыттарын айқындайды.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Бағдарламаның мақсаты ҚАЖ қызметінің тиімділігін арттыру болып табылады.
Бағдарламаның міндеттері:
ҚАЖ-ды басқарудың ұйымдастырылуын жетілдіру және ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдардың жағдайын жақсарту;
қылмыстық жазаларды орындау тиімділігін арттыру, сотталғандардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтік оңалту үшін жағдай жасау;
сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін арттыру;
кадр құрамын нығайту, қызметкерлерінің кәсіби даярлығын жетілдіру, ҚАЖ мекемелері қызметкерлерінің құқықтық және әлеуметтік қорғалуын арттыру, ҚАЖ қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық санын төмендету.
5. Дамытудың негізгі бағыттары және Бағдарламаны іске асыру тетіктері
ҚАЖ-ды басқарудың ұйымдастырылуын жетілдіру және ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдардың жағдайын жақсарту
Бағдарламаны іске асыру тетігінің тиімділігі қызметтің барлық бағыттары бойынша ҚАЖ орталық және аумақтық органдарының мақсатты және келісілген іс-әрекеттерімен, сондай-ақ белгіленген тәртіпте Үкіметке қажетті нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу және енгізу жолдары арқылы қамтамасыз етіледі.
ҚАЖ органдары жұмысының тиімділігін, ҚАЖ-ға жүктелген міндеттерді шешудің үйлестірілуі мен жеделдігін арттыру мақсатында мекемелердің саны мен олардың орналасуын есепке ала отырып ҚАЖ комитетінің облыстық аумақтық басқармаларының базасында өңірлік басқармалардың құрылуын (Орталық, Оңтүстік, Батыс, Солтүстік, Шығыс және Алматы), сондай-ақ сотталғандарды есепке алу жүйесінің көп деңгейлі автоматтандырылған тарату жүйесін қайта қарау қажет.
Бұдан басқа, ҚАЖ мекемелерін күзету функцияларын қайта бөлу мәселесін уәкілетті органдар арасында пысықтау қажет.
ҚАЖ комитетінің әкімшілік корпусын құпиялылық режимін қамтамасыз ету талаптарына, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға, сондай-ақ қару және арнайы құралдарды арнайы үй-жайларда сақтауды қамтамасыз етуге сәйкес келтіру мақсатында қолданыстағы ҚАЖ комитетінің ғимараты жанынан жаңа әкімшілік корпустың құрылысын салу қажет.
Халықаралық нормалар мен стандарттардың талаптарына сай келетін сотталғандар мен тергеу-тұтқындағыларды ұстауға жағдай жасау үшін ҚАЖ-дың материалдық-техникалық базасын жақсартуға бағытталған бірқатар шаралар қабылдау қажет.
Қылмыстық заңнаманы ізгілендіру жағдайында сотталғандарды жасақтап ұстау түзеу мекемелерінен камералап және жасақтап ұстаудың аралас үлгісіне біртіндеп көшіру жөніндегі шаралар кешенін қабылдаған жөн.
ҚАЖ мекемелерін заманауи инженерлік-техникалық күзет құралдарымен жарақтандыру, автокөлікпен, сондай-ақ қолда барын күрделі жөндеу, қоғамның, сондай-ақ қызметкерлер мен сотталғандардың қауіпсіздігінің артуына ықпал ететін болады.
Сотталғандардың медициналық қамтамасыз етілуін жақсарту үшін:
ауруханалардың, емдеу құқығындағы ТМ-нің, соның ішінде туберкулездің белсенді түрімен ауыратын сотталғандарды ұстау мен амбулаторлық емдеуге арналған ауруханалардың материалдық-техникалық базасын жақсарту жөнінде шаралар қабылдау;
ҚАЖ-ға ведомстволық бағынысты мекемелердің штат санын қайта бөлу есебінен ҚАЖ басқармалары органдарының аумақтық бөлімшелерінің құрамында санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер құру жөнінде ұсыныстар енгізу қажет.
Қылмыстық жазаларды орындау тиімділігін арттыру, сотталғандардың еңбекпен қамтылуын қамтамасыз ету, бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әлеуметтік оңалту үшін жағдай жасау
Қылмыстық жазаларды орындау мен қылмыстық-атқару қызметінің тиімділігін арттыру сотталғандармен қарым-қатынастың негізгі қағидаттары мен тәртібін айқындайтын халықаралық актілер ережелерін ескере отырып, жазаларды өтеу тәртібі мен жағдайларын одан әрі жетілдіру, ҚАЖ мекемелері персоналының құқықтық және әлеуметтік қорғалуын арттыру жолымен көзделеді.
Сотталғандардың жүріс-тұрысын қадағалау мен бақылауды ұйымдастырудың нысандары мен әдістерін жетілдіру, сондай-ақ ҚАЖ түзеу мекемелерінде режім талаптарын сақтау мақсатында оларды заманауи бейнебайқау жүйелерімен қамтамасыз ету шараларын қабылдау қажет.
Жедел-режим қызметтерін ҚАЖ мекемелерінде ұсталып отырған адамдардың дайындап жатқан қылмыстық ниеті және сотталғандар арасындағы ауыр және аса ауыр қылмыстар деңгейінің төмендеуі туралы хабардар болуы үшін ҚАЖ-дағы жедел жұмыс бойынша іс-шаралар жиынтығын әзірлеу қажет.
Экстремистік және террористік әрекеттері үшін сотталған адамдардың ҚАЖ мекемелерінде ұсталып отырған басқа адамдарға әсер етуіне байланысты осы санаттағы адамдарды арнайы контингенттен бөлек ұстау мәселесін пысықтау қажет.
Сотталғандарды айдауылдауға байланысты материалдық, қаржылық және өзге де шығындарды қысқарту, сотталғандарды аппеляциялық саты соттарына қатысу үшін тергеу изоляторларына этаппен айдауылдау қажеттігін болдырмау, сондай-ақ аса қауіпті қылмыскерлерді және өлім жазасына және өмір бойы бас бостандығынан айыруға сотталған адамдарды этаппен айдауылдауға байланысты қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында Жоғарғы Сот, облыс орталықтарында және Астана және Алматы қалаларында орналасқан облыстық және оларға теңестірілген соттар мен тергеу изоляторларының арасында бейнеконференция байланысы жүйесін енгізу қажет.
Сотталғандардың еңбегін сапалы ұйымдастыру және барлық еңбекке жарамды сотталғандарға жұмыс орындарын көбейту бойынша жағдай жасау мақсатында ҚАЖ "Еңбек" республикалық мемлекеттік кәсіпорындарының ұйымдық-құқықтық нысаны қайта қарауды қажет етеді. Сондай-ақ, ҚАЖ мекемелерінде ұсталатын адамдарды барынша еңбекке орналастыруды, бәсекеге қабілетті өнім шығаруды қамтамасыз ету үшін ҚАЖ кәсіпорындарының өндірістік қуатын жаңарту мүмкіндігінің орындылығы туралы талдау жүргізу қажет. Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар үшін ҚАЖ кәсіпорындарымен өндірілетін жұмысты, тауарларды және қызмет көрсетуді мемлекеттік сатып алуды конкурстан тыс жүзеге асыру бойынша ұсыныстар енгізу.
Қылмыстық жазаны өтеп жүрген сотталғандарға әлеуметтік және басқа да көмек көрсету, оларды оңалту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін, сондай-ақ жергілікті атқару органдарының құзыретіне жатқызылған барлық атқарушы органдарда (республикалық маңызы бар қалалар, астана) органдарында консультациялық-кеңесші орган құру қажет.
Сонымен қатар, сотталғандарды босатуға дайындау және бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғаннан кейін оларды еңбекке және тұрмыстық орналасуда жәрдемдесу, адамдарға босатылғаннан кейін алты ай ішінде құқықтық және психологиялық көмек көрсетуге арналған оңалту орталықтарын құру бойынша іс-шаралар кешенін өткізу қажет.
Сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларының тиімділігін арттыру
Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын тиімді орындауға жағдай жасау мақсатында қылмыстық-атқару инспекцияларының штат санын 1183 бірлікке арттыру туралы мәселені пысықтау қажет.
Сотталғандарды қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды орындайтын қылмыстық-атқару инспекцияларының функцияларын кеңейту, олардың негізінде мемлекеттік мекеме ұйымдастыру-құқықтық нысанындағы пробация қызметін құру.
Қоғамнан оқшаулауға байланысты емес жазаларды және өзге де қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын орындау бойынша нұсқаулық әзірлеу.
Кадр құрамын нығайту, қызметкерлерінің кәсіби даярлығын арттыру, ҚАЖ мекемелері персоналының құқықтық және әлеуметтік қорғалуын арттыру, ҚАЖ қызметкерлерінің арасында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық санын төмендету
Жұмыстың абыройын арттыру, қылмыстық жазаны орындау саласындағы мамандықтың тартымдылығын қамтамасыз ету мақсатында ҚАЖ қызметкерлерінің жағдайын жақсартуға бағытталған мынадай шаралар кешенін қабылдау қажет: