Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 маусымдағы № 683 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 31 желтоқсандағы № 1347 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2020 жылғы 21 тамыздағы № 530 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 21 маусымдағы № 683 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2004 ж., № 25, 323-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік аударымдарды есептеу және аудару ережесінде:
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«8. Салық кодексінің 155-бабы 3-тармағының 1), 2), 3), 4), 7), 9), 10), 11), 12) тармақшаларында, 156-бабы 1-тармағының 12), 18), 24), 30), 32) тармақшаларында және 357-бабы 3-тармағының 4), 5), 6) тармақшаларында белгіленген кірістерден Қорға әлеуметтік аударымдар төленбейді.»;
9-тармақ мынадай мазмұндағы он үшінші абзацпен толықтырылсын:
«Бұл ретте өзін-өзі жұмыспен қамтыған адамдар үшін әлеуметтік аударымдардың ең жоғары мөлшері есепті кезеңде есептелген әлеуметтік салық сомасынан аспауға тиіс.»;
10-тармақта:
бірінші абзацтағы «15» деген сандар «25» деген сандармен ауыстырылсын;
үшінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:
«Арнайы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермерлік қожалықтар, арнайы салық режимін оңайлатылған декларация негізінде қолданатын шағын бизнес субъектілері, арнайы салық режимін патент негізінде қолданатын жеке кәсіпкерлер әлеуметтік аударымдар сомасын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында көзделген мерзімдерде төлейді.»;
17-тармақта:
бірінші абзацтағы «хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде» деген сөздер алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы үшінші абзацпен толықтырылсын:
«Төлеушілер хабарламаны алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде салық органына міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тізімін ұсынады.»;
18-тармақта:
екінші абзацтағы «банктік шотында» деген сөздер «банктік шоттарында» деген сөздермен ауыстырылсын;
«жағдайда,» деген сөзден кейін «міндетті» деген сөзбен толықтырылсын;
18-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«18-1. Төлеуші оларға әлеуметтік аударымдар жүргізілетін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушылардың тізімдерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген мерзімде ұсынбаған жағдайда, салық органдарының өкімі бойынша банктер мен банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар төлеушілердің банктік шоттарындағы барлық шығыс операцияларын тоқтата тұруға және міндетті әлеуметтік аударымдарды, зейнетақы жарналары мен салық берешегін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен аударуға қатысты нұсқауларды орындауға міндетті.
Салық органының банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру өкімінің күшін шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім шығарған салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларының тоқтатыла тұру себептері жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірмей жояды.»;
18-2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«18-2. Төлеушінің банктік шоттары болмаған немесе төлеушінің банктік шоттарындағы ақша жеткіліксіз болған жағдайда салық органы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен касса бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұрады.»;
28-тармақта:
«кейінгі» деген сөзден кейін «екінші» деген сөзбен толықтырылсын;
«(тұратын)», «тіркеуін ескере отырып» және «және аударылған» деген сөздер алып тасталсын.
2. Осы қаулы 2009 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |