2) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желілер саласындағы бағдарламалар мен жобаларға қоғамдық экологиялық сараптама жүргізуге;
3) табиғат қорғау ұйымдарымен жасалған шарт бойынша мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілерін күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі іс-шараларға қатысуға;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту үшін қызметі өтеусіз қаржылай көмек көрсетуге бағытталған қорлар құруға және олардың қызметі мен оларды басқаруға қатысуға;
5) тиісті мемлекеттік органдардан ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен экологиялық желілердің жұмыс істеуі, оларды күзету, қорғау және пайдалану мәселелеріне қатысты қажетті ақпарат сұратуға және алуға;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ғылыми-техникалық кеңестерінің жұмысына қатысуға құқылы.
2. Қызметі ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамытуға бағытталған, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды дамыту үшін гранттар, қаржылай және техникалық көмек беруге маманданған заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын гранттар беретін үкіметтік емес ұйымдар мен қорлардың тізбесіне енгізіледі.
3. Заңды тұлғалар өз қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асыруға міндетті.
4-тарау.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру
14-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың
санаттары мен түрлерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің маңыздылығына байланысты республикалық немесе жергілікті маңызы бар санаттарға жатқызылады.
2. Республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылу мақсаттарына және қорғалу режимінің түрлеріне байланысты мынадай түрлерге бөлінеді:
1) мемлекеттік табиғи қорықтар;
2) мемлекеттік ұлттық табиғи парктер;
3) мемлекеттік табиғи резерваттар;
4) мемлекеттік зоологиялық парктер;
5) мемлекеттік ботаникалық бақтар;
6) мемлекеттік дендрологиялық парктер;
7) мемлекеттік табиғат ескерткіштері;
8) мемлекеттік табиғи қаумалдар;
9) мемлекеттік қорық аймақтары.
3. Жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрылу мақсаттарына және қорғалу режимінің түрлеріне байланысты мынадай түрлерге бөлінеді:
1) мемлекеттік өңірлік табиғи парктер;
2) мемлекеттік зоологиялық парктер;
3) мемлекеттік ботаникалық бақтар;
4) мемлекеттік дендрологиялық парктер;
5) мемлекеттік табиғат ескерткіштері;
6) мемлекеттік табиғи қаумалдар.
4. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерімен ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың өзге де түрлері көзделуі мүмкін.
5. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды республикалық маңызы бар санатқа жатқызуды - уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Yкіметі, жергілікті маңызы бар санатқа жатқызуды - уәкілетті органмен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары жүргізеді.
6. Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты оның мәртебесін төмендетуге әкеп соғатын бір түрден басқа түрге ауыстыру, табиғи және (немесе) техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан оның ерекше құндылығы мен бірегейлігі сипатының ішінара немесе толық жоғалуына байланысты жүргізіледі.
Заңды тұлға мәртебесі бар ерекше қорғалатын табиғи аумақты оның мәртебесін төмендетуге немесе арттыруға әкеп соғатын бір түрден басқа түрге ауыстыру туралы шешімді жаратылыстану-ғылыми негіздеме жасалған мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы негізінде:
1) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша - уәкілетті органмен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органы қабылдайды.
15-бап. Табиғат қорғау мекемелерінің құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттік мекеме нысанында құрылады.
2. Табиғат қорғау мекемелеріне жер учаскелері тұрақты жер пайдалану құқығымен беріледі.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар (құрылыстар және ғимараттар), тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлік объектілері табиғат қорғау мекемелеріне жедел басқару құқығымен беріледі.
4. Табиғат қорғау мекемесін қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
16-бап. Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат
қорғау ұйымдарының құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттік зоологиялық парктер, мемлекеттік ботаникалық бақтар және мемлекеттік дендрологиялық парктер заңды тұлғалар болып табылады және мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылады.
2. Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарына жер учаскелері тұрақты жер пайдалану құқығымен беріледі.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орналасқан үй-жайлар (құрылыстар мен ғимараттар), тарихи-мәдени және басқа да жылжымайтын мүлік объектілері мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарына шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығымен беріледі.
4. Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдары өздерінің міндеттемелері бойынша өзінің иелігіндегі ақшамен жауаптылықта болады.
Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарының қалған мүлкін өндіріп алуға жол берілмейді.
5. Мемлекеттік кәсіпорын нысанында құрылған табиғат қорғау ұйымдарын қайта ұйымдастыру Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
17-бап. Заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын
табиғи аумақтардың құқықтық жағдайы
1. Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың және мемлекеттік қорық аймақтарының заңды тұлға ретінде мәртебесі болмайды және олар мемлекет қорғауында болады.
Заңды тұлға болып табылмайтын ерекше қорғалатын табиғи аумақта мемлекет меншігінде болатын жылжымайтын мүлік объектілерін жедел басқару құқығы өзінің қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ болатын табиғат қорғау мекемесіне немесе мемлекеттік орман шаруашылығы мекемесіне беріледі.
2. Мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдар олардың негізінде мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер құру кезінде республикалық немесе жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізбелерінен алынып тасталуға тиіс.
18-бап. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік
ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи
резерваттардың және мемлекеттік өңірлік табиғи
парктердің қорғау аймақтары
1. Қолайсыз сыртқы әсерлерден ерекше күзету мен қорғауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың және мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің айналасында, бұл аймақтар шегінде осы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың экологиялық жүйелері мен оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне және оларды қалпына келтіруге теріс әсер ететін кез келген қызметке тыйым салынады және (немесе) шектеу жасала отырып, қорғау аймақтары белгіленеді.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың және мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің қорғалу аймақтарының аумағында табиғат пайдаланудың мөлшері, шекарасы, режим түрлері және тәртібі оларды құрудың жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерімен айқындалып, осы Заңға және Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарының шешімдерімен айқындалады.
Бұл орайда меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерінің шекарасы бойынша немесе табиғи географиялық шептер бойынша белгіленетін және жер бетінде арнайы белгілер қойылатын қорғау аймағының ені екі километрден кем болмауға тиіс.
19-бап. Табиғат қорғау ұйымдарының рәміздерi
1. Табиғат қорғау ұйымдарының рәміздері (эмблемасы мен туы) болады.
2. Табиғат қорғау ұйымдары өздерінің рәміздерін пайдаланудың ерекше құқығына ие болады және оларды жеке және заңды тұлғаларға ақылы негізде пайдалануға рұқсат етуі мүмкін.
20-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды
құру немесе кеңейту
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту туралы шешім экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелердің негізінде қабылданады.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақты құрудың немесе кеңейтудің жаратылыстану-ғылыми және техникалық-экономикалық негіздемелерінің жобаларын әзірлеуді уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-іздестіру) ұйымдары екі кезеңде жүргізеді.
2. Бірінші кезеңде ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөніндегі жаратылыстану-ғылыми негіздемесі (бұдан әрі - жаратылыстану-ғылыми негіздеме) әзірленеді, онда:
1) зерттеліп отырған аумақтың табиғи кешендерінің және онда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің бірегейлігі, маңыздылығы және репрезентативтілігі;
2) зерттеліп отырған аумақтағы әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың жай-күйін бағалау;
3) зерттеліп отырған аумақтың мемлекеттік табиғи-қорық қорының экологиялық жүйелері мен объектілерінің жай-күйі, оларды сақтау жөніндегі тәуекелдер, қауіптер және оларды күзету, қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі шаралар;
4) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың ұсынылатын санаты мен түрі;
5) ұсынылатын шекарасы, ауданы, сондай-ақ функционалдық аймақтары және олардың қорғалу режимінің түрлері және пайдалану айқындалады.
3. Екінші кезеңде уәкілетті орган бекіткен немесе онымен келісілген жаратылыстану-ғылыми негіздеменің негізінде ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөніндегі техникалық-экономикалық негіздеме (бұдан әрі - техникалық-экономикалық негіздеме) әзірленеді, ол:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың шекарасы, координаттары сипатталған жерлерді бөлудің жерге орналастыру жобасын, меншік иелері мен жер пайдаланушылардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына алып қойылатын (сатып алынатын) жер учаскелерінің санаттары мен аудандарын, меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелерін алып қоймай олардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтың құрамына қосылатын санаттары мен аудандарын, сондай-ақ күзет аймағының шекарасы мен аудандарын;
2) меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жер учаскелерін сатып алуға және (немесе) оларды алу жөніндегі залалдарды жабуға, қорғалу аймақтарында шаруашылық қызметті шектеуге байланысты, сондай-ақ жерді алып қоймай, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрған жағдайларда жұмсалатын шығындарды;
3) инфрақұрылым құруға және ерекше қорғалатын табиғи аумақты күтіп ұстауға, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін күзету, қорғау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды орындауға жұмсалатын шығындарды;
4) аумақты белгіленген функционалдық аймақтарға бөлуді, қорғалу режимінің түрлері мен рекреациялық жүктемелер нормаларын айқындай отырып, осы аймақтар шегінде табиғи кешендерді реттелмелі туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық мақсаттарда пайдалану шарттарын;
5) экологиялық туризмді дамытуды ескере отырып, ерекше қорғалатын табиғи аумақты жоспарлау жобасын және оның инфрақұрылымын (инфрақұрылымды дамытудың бас жоспарын), туристік соқпақтарды, қарап көру алаңдарын, демалу алаңқайларын, көлікке арналған тұрақтарды, кемпингтерді, шатырлы лагерьлерді, қонақ үйлерді, мотельдерді, туристік базаларды, қоғамдық тамақтандыру, сауда және басқа да мәдени-тұрмыстық мақсаттағы объектілерді, құбырларды, электр және байланыс желілерін, жолдарды қамтиды.
4. Техникалық-экономикалық негіздеме жер учаскелерінің меншік иелерімен және жер пайдаланушылармен, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдарымен, жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкілетті органның аумақтық органдарымен келісіледі және осы Заңда белгіленген тәртіппен бекітіледі.
21-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен
экологиялық желілерді дамыту бағдарламалары
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламалары экологиялық желілерді қалыптастыру және олардың жұмыс істеу принциптерінің негізінде әрбір табиғи аймақ шегінде олардың оңтайлы алқабы деңгейіне дейін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді қалыптастырудың мемлекет жоспарлап отырған кезеңдерін айқындайтын негізгі құжаттар болып табылады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларын мүдделі мемлекеттік органдардың, жеке және заңды тұлғалардың, оның ішінде қоғамдық бірлестіктердің ұсыныстарын ескере отырып, оларды әзірлеуге мамандандырылған ғылыми (ғылыми-зерттеу) және жобалау (жобалау-іздестіру) ұйымдарын тарта отырып, табиғат қорғау қызметі саласындағы бағдарламаларды ескеріп, уәкілетті орган әзірлейді.
22-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлеріне мемлекеттік табиғи қорықтардың, мемлекеттік ұлттық табиғи парктердің, мемлекеттік табиғи резерваттардың, мемлекеттік өңірлік табиғи парктердің, мемлекеттік зоологиялық парктердің, мемлекеттік ботаникалық бақтардың, мемлекеттік дендрологиялық парктердің және мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің жерлері жатады.
2. Мемлекеттік табиғи қорықтарды, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді, мемлекеттік табиғи резерваттарды, мемлекеттік өңірлік табиғи парктерді, мемлекеттік зоологиялық парктерді, мемлекеттік ботаникалық бақтарды, мемлекеттік дендрологиялық парктер мен мемлекеттік табиғат ескерткіштерін құру кезінде жер учаскелері басқа санаттардағы жерлер құрамынан бөлініп, оларды осы жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларынан алып қою жолымен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің санатына ауыстырылады.
3. Мемлекеттік қорық аймақтары мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың, мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер, мемлекеттік өңірлік табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар қорғалу аймақтарының жер учаскелері, оларды жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан алмай және жер санатын өзгертпей, басқа жер санаттарының құрамында бөлінеді.
Мемлекеттік табиғи қорықтар мен мемлекеттік табиғи қаумалдардың және оларда орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің жай-күйіне және олардың экологиялық жүйелерін қалпына келтіруге теріс әсер ететін кез келген қызметке ерекше қорғалатын табиғи аумақтар аумағы шегінде шектеу жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың жер учаскелеріне ауыртпалық болып енгізіледі және жерге орналастыру құжаттамасында ескеріледі.
4. Жер учаскелерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің санатына жатқызу туралы шешімдерді:
1) республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ үшін - уәкілетті органның ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі;
2) жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақ үшін - уәкілетті органмен келісе отырып, облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары қабылдайды.
Мемлекеттік орман қоры жерінде мемлекеттік өңірлік табиғи парк құрылған жағдайда осы жердің учаскелерін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінің санатына жатқызу туралы шешімді Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік орман қорының жерін ауыстыру туралы шешімінің негізінде облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары қабылдайды.
5. Мемлекеттік табиғи қорықтарды, мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді, мемлекеттік табиғи резерваттарды, мемлекеттік өңірлік табиғи парктерді, мемлекеттік зоологиялық парктерді, мемлекеттік ботаникалық бақтарды, мемлекеттік дендрологиялық парктерді және мемлекеттік табиғат ескерткіштерін құру және кеңейту үшін жер учаскелерін алып қою Қазақстан Республикасының Жер кодексіне сәйкес жүзеге асырылады, бұл ретте жылжымайтын мүлік меншігіне құқық тоқтатылған жағдайда мүлікті меншік иесінен алып қою Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың табиғи кешендері толық немесе ішінара, мерзімсіз немесе белгілі бір мерзімге шаруашылық пайдаланудан алып қойылады және олардың ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық маңызы ескеріле отырып, осы Заңда белгіленген тәртіппен төлем шартымен пайдаланылады.
23-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерінің
құқықтық режимi
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлері, сондай-ақ мемлекеттік табиғи-қорық қорының объектілері орналасқан өзге де санаттардағы жерлердің жер учаскелері мемлекеттік меншікте болады және жекешелендіруге жатпайды.
2008.01.12. № 94-III ҚР Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін алып қоюға жол берілмейді.
Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген тәртіппен мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде, шаруашылық қызметтің шектеулі режимі белгіленген учаскелерді ғана және ықтимал орналастырудың басқа жолдары болмаған кезде, мемлекеттік бағдарламаларда көзделген туризм объектілерінің құрылысына және жұмыс істеуіне арналған босалқы жерге ауыстыру жағдайларын қоспағанда, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін ауыстыруға жол берілмейді.
3. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерлерінде олардың нысаналы мақсатына сәйкес келмейтін кез келген қызметке тыйым салынады.
24-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру
және кеңейту үшін жерді резервте қалдыру
1. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жүйесі мен экологиялық желілерді дамыту бағдарламаларына және бекітілген жаратылыстану-ғылыми негіздемелерге сәйкес облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) атқарушы органдары Қазақстан Республикасының Yкіметі белгілеген тәртіппен республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға және кеңейтуге арналған жер учаскелерін резервте қалдыру туралы шешімдер қабылдайды.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін жерлерді резервте қалдыру жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардан жерді алып қоймай жүргізіледі.
Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар жерлерінің құрамына бергенге дейін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен резервте қалдырылған жерлерді бұрынғы мемлекеттік немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушылар мен жер учаскелерінің меншік иелері пайдаланады, сондай-ақ олар жеке және заңды тұлғаларға уақытша жер пайдалануға берілуі мүмкін.
3. Мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін сақтауды қамтамасыз ету мақсатында резервте қалдырылатын аумақтағы жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың шаруашылық қызметі ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту туралы шешім қабылданғанға дейін шектелуі мүмкін. Бұл ретте жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың резервте қалдырылатын жер учаскелеріндегі шаруашылық қызметін шектеуге байланысты орын алған ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы өндірістерінің залалдарына өтем алуға құқығы бар.
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құруға немесе кеңейтуге арналған резервте қалдырылатын учаскелердегі шаруашылық қызметті шектеуге байланысты орын алған залалдарды жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушыларға өтеу Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес жүргізіледі.
5. Қалалар шекараларының шегінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру немесе кеңейту кезінде жерлерді резервте қалдыру белгіленген тәртіппен бекітілген бас жоспарларды ескере отырып, не қолданыстағы бас жоспарларға, қала салу регламенттеріне және базалық деңгейдегі мемлекеттік қала салу кадастрына қажетті өзгерістер мен толықтырулар енгізіле отырып жүзеге асырылады.
25-бап. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспорты
1. Қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар мемлекеттік органдар әрбір осындай аумақ бойынша белгіленген үлгідегі паспортты толтырады және оны уәкілетті органда тіркейді.
Тіркелген паспорттың әрбір данасы түпнұсқа болып табылады.
2. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың паспортында:
1) түрі мен санаты көрсетілген ерекше қорғалатын табиғи аумақтың атауы;
2) ерекше қорғалатын табиғи аумақты құру немесе кеңейту жөніндегі мемлекеттік орган актісінің атауы, нөмірі және қабылданған күні;
3) қарауында ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар мемлекеттік органның атауы;
4) заңды тұлға мәртебесі жоқ ерекше қорғалатын табиғи аумақты қорғау жүктелген ұйымның атауы;
5) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың туристік инфрақұрылымы, географиялық координаттары, шекарасының сипаттамасы, аумағының көлемі және күзет аймағы көрсетілген карта-схемасымен бірге орналасқан жері;
6) ерекше қорғалатын табиғи аумақта орналасқан мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерінің сандық және сапалық сипаттамасымен бірге олардың тізбесі;
7) ерекше қорғалатын табиғи аумақтың функционалдық аймақтары және олардың күзет режимі түрлері, жер учаскелерінің аралас меншік иелері мен жер пайдаланушылар, олардың күзет аймағындағы табиғат пайдалану жөніндегі міндеттемелері мен ауыртпалықтары туралы мәліметтер;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда қызметтің рұқсат етілген және тыйым салынған түрлері, сондай-ақ жекелеген қызмет түрлеріне қойылған шектеулер;
9) келіп көру ережесі, жұмыс режимі, рекреациялық жүктеме көрсетіледі.
3. Табиғат қорғау ұйымының паспорты табиғат қорғау ұйымында, өзінің қарауында осы табиғат қорғау ұйымы болатын мемлекеттік органда және уәкілетті органда болады.
Мемлекеттік табиғат ескерткіштерінің, мемлекеттік табиғи қаумалдардың, мемлекеттік қорық аймақтарының паспорты ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың аталған түрлерін қорғау бекітіліп берілген ұйымда, өзінің қарауында осы ұйым болатын мемлекеттік органда және уәкілетті органда сақталады.
4. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтың нысаналы мақсаты өзгерген, ол қайта ұйымдастырылған, кеңейтілген жағдайларда оның паспорты қайта тіркеуден өткізіледі.
26-бап. Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары
1. Табиғат қорғау ұйымдары өз қызметін мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған жағдайда, олар қарауында болатын мемлекеттік орган бекітетін басқару жоспарына сәйкес жүзеге асырады.
Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары уәкілетті орган бекіткен ережелерге сәйкес бесжылдық кезеңге жасалады.
2. Табиғат қорғау ұйымын басқару жоспары:
1) табиғи және әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың осының алдындағы кезеңдегі өзгерістеріне жасалған талдауды;
2) табиғат қорғау ұйымының осының алдындағы кезеңдегі қызметіне берілген бағаны;
3) табиғат қорғау ұйымының осыдан кейінгі кезеңдегі табиғат қорғау, экологиялық-ағартушылық, ғылыми, туристік, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызметінің әрбір түрі бойынша іс-шараларды;
4) мемлекеттік орман қоры жерлерінде құрылған ерекше қорғалатын табиғи аумақтар үшін - өткен кезеңдегі орман шаруашылығын жүргізудің және орман пайдаланудың кешенді бағасы берілетін және алдағы кезеңге арналған осы орман учаскелерін күзету, қорғау, молықтыру және оларға күтім жасау жөніндегі іс-шаралар әзірленетін бөлімді;
5) басқару құрылымын, нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, кадрлармен қамтамасыз ету және олардың біліктілігін арттыру, жергілікті халықпен және жергілікті өкілетті және атқарушы органдармен бірлесіп іс-қимыл жасау арқылы басқару жоспарын іске асыру тетіктерін қамтиды.