2) дизельді-генератор және дизельді жетегі бар қондырғыларды қолдана отырып, бұрғылау және жер қойнауын пайдалану жөніндегі басқа да операциялар кезінде атмосфераға осындай қондырғылардан тазартылмаған газдардың шығарылуы олардың техникалық сипаттамасына және экологиялық талаптарға сәйкес келуге тиіс;
3) құнарлы жерде және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерде жер қойнауын пайдалану жөніндегі құрылыстарды салу кезінде жабдықтарды монтаждауға дайындық жұмыстарын жүргізу процесінде аумақтың құнарлылығын кейіннен қалпына келтіру үшін құнарлы қабат алынады және жеке сақталады;
4) уытты заттардың табиғи объектілерге көшуін болғызбау үшін технологиялық алаңдарды гидрологиялық оқшаулай отырып, жер қойнауын пайдаланудың қалдықтарын ұйымдасқан түрде жинау мен сақтаудың инженерлік жүйесі көзделуге тиіс;
5) ұңғыма құрылысы ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда салынған жағдайларда, тек қана ұрасыз технологияны қолдану қажет;
6) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар кезінде шламдарды кәдеге жарату және бұрғылау процесінде қайтадан пайдалану, қоршаған ортаға қайтару үшін, пайдаланылған бұрғылау ерітінділерін, бұрғылаудан, карьерлерден және шахтадан шыққан сарқынды суды бейтараптандыру жөніндегі жұмыстар белгіленген талаптарға сәйкес жүргізілуге тиіс;
7) бұрғылау ерітінділерін көмірсутегі (әк-битум, инверт-эмульсия және басқалары) негізінде қолданған кезде ауаның газдануының алдын алу жөніндегі шаралар қолданылуға тиіс;
8) жану мүмкіндігін немесе адамдардың улану ықтималдығын болғызбау мақсатында пирофорлық шөгінділер, шлам мен керн жобаға сәйкес және қоршаған ортаны қорғау, өрт қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті органдардың, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органы мен жергілікті атқарушы органдардың келісімі бойынша көміледі;
9) жер қойнауын пайдалану жөніндегі құрылыстарды пайдалануға беру жобада көзделген барлық экологиялық талаптар толық көлемде орындалған жағдайда жүргізіледі;
10) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар мен жабдықтарды бөлшектеу аяқталғаннан кейін жобалық шешімдерге сәйкес жер учаскесін қалпына келтіру (рекультивациялау) жөніндегі жұмыстар жүргізіледі;
11) жер қойнауын пайдаланушы бұрғылайтын, оның ішінде өздігінен ағып шығатын ұңғымаларды, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе пайдаланылуы тоқтатылған ұңғымаларды реттегіш құрылғылармен жабдықтауға, консервациялауға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоюға тиіс;
12) қызметі жер асты суы объектілерінің жай-күйіне зиянды әсер ететін немесе зиянды әсер етуі мүмкін жеке және заңды тұлғалар су объектілерінің ластануын және тартылуын болғызбайтын шаралар қабылдауға міндетті;
13) ауызсу және шаруашылық-тұрмыстық сумен жабдықтау мақсатында пайдаланылатын немесе пайдаланылуы мүмкін жерасты суы объектілерінің су жинау алаңдарында қалдықтарды көмуге, қорымдар, өлген малды көметін орындар және жерасты суының жай-күйіне әсер ететін басқа да объектілер салуға жол берілмейді;
14) сіңірме ұңғымаларды бұрғылауға қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, жер қойнауын зерделеу және пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдардың, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органының осы ұңғымалар бұрғыланатын ауданда арнайы тексерулер жүргізілгеннен кейін беретін оң қорытындылары болған кезде жол беріледі;
15) өнеркәсіптік, емдік минералды суларды пайдаланғаннан кейін ағызып жіберу Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес жүргізілуге тиіс;
16) ұңғымаларды тоқтатып қою және жою келісімшарттық аумақтар шегінде Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады;
17) пайдаланудан шығарылған суды сіңірме ұңғымаларға айдау жүргізілетін ауданда жақын жердегі ұңғымалардағы, бұлақтардағы, құдықтардағы судың сапасына қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен келісілген жоспар бойынша су пайдаланушылардың күшімен жүйелі зертханалық байқаулар ұйымдастырылуға тиіс.
2. Жер қойнауын пайдаланушылар жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде:
1) қоршаған ортаны қорғау саласындағы, жер қойнауын зерделеу және пайдалану, өнеркәсіп қауіпсіздігі жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдармен, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті органмен келісім бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген жерасты су объектілеріне шекті жол берілетін зиянды әсерлердің нормативтерін сақтауға;
2) «Техникалық реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген тәртіппен аккредиттелген өзінің немесе өзге де лабораторияларға ағызылатын сулардың химиялық құрамын анықтауды қамтамасыз етуге;
3) қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдарға және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет органдарына ластаушы заттардың авариялық ағызылғаны туралы, сондай-ақ жерасты суларын алудың белгіленген режимінің бұзылуы және оларға суларды ағызу (айдау) объектісі туралы шұғыл ақпаратты беруге міндетті.
3. Мыналарға:
1) құрылыс салуға бөлінген учаскенің шегінен тыс жерлерде өсімдіктерді және топырақ жабынын зақымдауға;
2) жер қойнауын пайдалану қалдықтарын жерүсті су объектілеріне және жер қойнауына төгуге;
3) егер жерасты сулары объектілерінің жай-күйіне әсер етсе немесе әсер ететін болса, жерді сарқынды сумен суландыруға;
4) шаруашылық-ауыз суларын қамтитын қабаттарға ерітінділер мен материалдарды жіберуге;
5) өнеркәсіптік, емдік минералдық және жылу-энергетикалық сарқынды суларды ағызуға арналған сіңірме ұңғымалар шаруашылық ауыз суымен жабдықтау немесе емдік мақсаттарға жарамды немесе сол үшін пайдаланылатын су тұтқыш жиектерді ластайтын көздер болуы мүмкін жағдайларда оларды бұрғылауға;
6) сумен жабдықтау көздерін санитарлық қорғау аймақтарында сіңірме ұңғымалар мен құдықтар орнатуға;
7) құрамында радиоактивті заттары бар, пайдаланудан шығарылған суды сіңірме ұңғымалар мен құдықтарға ағызуға тыйым салынады.
4. Шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшін пайдаланылатын, сондай-ақ ресурстарының табиғи емдік қасиеттері бар жерасты су объектілерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының Су кодексіне сәйкес санитарлық қорғау аймақтары белгіленеді.
221-бап. Жер асты суларын барлау және (немесе) шығару кезіндегі экологиялық талаптар
1. Жер асты суларын өндіруге арналған келісімшарт, сондай-ақ суды арнайы пайдалануға оған қол қойылғанға дейін рұқсат алу қоршаған ортаны қорғау және халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдармен келісіледі.
2. Жер асты сулары кенін игеруді жүзеге асыру негізге алынатын жоба (технологиялық схема) мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткізілуге тиіс.
3. Табиғат пайдаланушылар барлау және (немесе) су шығару кезінде өз есебінен жерасты сулары кенін игерудің жаңа тәсілдері мен технологиялық схемаларын іздестіру және қолданыстағыларды жетілдіру жөніндегі ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық жұмыстарды жүргізуге, технологиялық жабдықты, үздіксіз және мерзімді бақылау құралдарын жетілдіруге, жер асты суларының ұтымды пайдаланылуын және оның тартылу мен ластанудан сақталуын, жер қойнауы мен қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.
4. Келісімшарт талаптарында және суды пайдалануға арнайы рұқсатта көзделмеген мақсатта немесе осы талаптарды бұза отырып жер асты суларының кенін игеруге тыйым салынады.
5. Жер асты суларының кенін барлау мен игеру келісімшарт және суды арнайы пайдалануға арналған рұқсат талаптарына сәйкес, сондай-ақ Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасында көзделген нормалар мен талаптар сақталып жүзеге асырылуға тиіс.
6. Жер асты суларына барлау және (немесе) оны шығару жұмыстарын жүргізетін табиғат пайдаланушылар:
1) жер асты суларының кенін ұтымды барлау мен игеруге, сөйтіп судың толық кешенді зерделенуіне және ұңғымаларды пайдаланудағы кемшіліктер есебінен судың орны толмас шығын болмауына және олардың сапалық қасиетінің жойылмауына қол жеткізілуін;
2) су тұтқыш жиектердің ластану ықтималдығын болғызбауды;
3) егер бұл жобада көзделмеген болса, әртүрлі жиектегі судың араласып кету, бір жиектен екінші жиекке құйылу ықтималдығын болғызбауды;
4) жер асты суларының бақылаусыз, реттелмей шығарылуына жол берілмеуін, ал авариялық жағдайларда судың шығын болуын жою жөнінде жедел шаралар қабылдануын;
5) пайдалы құрауыштары бар жер асты суларының кешенді пайдаланылуын;
6) атмосфералық ауаның, жердің беткі қабатының, ормандардың, сулардың және басқа да табиғи объектілердің, сондай-ақ ғимараттар мен құрылыстардың жер қойнауын пайдаланумен байланысты жұмыстардың зиянды әсерінен қорғалуын;
7) барлау және (немесе) өндіру процесінде жарамсыз күйге келтірілген жер учаскелерінде кешенді қалпына келтіру жұмыстарының жүргізілуін қамтамасыз етуге тиіс.
7. Жер қойнауын пайдаланушы гидрогеологиялық, оның ішінде өздігінен ағып шығатын және барлау ұңғымаларын, сондай-ақ пайдалануға жарамсыз немесе пайдаланылуы тоқтатылған ұңғымаларды реттегіш құрылғылармен жабдықтауға, консервациялауға немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жоюға тиіс.
8. Егер жер қойнауы басқа пайдалы қазбаларды барлау және өндіру үшін пайдаланылған кезде су тұтқыш жиектер ашылса, табиғат пайдаланушы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жер асты сулары объектілерін қорғау жөнінде шаралар қабылдауы қажет және бұл жөнінде қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау саласындағы, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органдарға және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органына хабарлауға тиіс.
9. Жер астының ашылған су тұтқыш жиектері олардың ластануын болғызбайтындай сенімді оқшаулаумен қамтамасыз етілуге тиіс.
10. Шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау көздері ретінде пайдаланылуы мүмкін су тұтқыш жиектер ашылған кезінде бұрғылау мен цемент ерітінділерін дайындау үшін (өңдеу үшін) қолданылатын химиялық реагенттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органмен және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органымен келісілген уыттылық сипаттамасы болуға тиіс.
11. Қазақстан Республикасының Су кодексінде және Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, ауыз суға жарамды сапасы бар жер асты суларын шаруашылық-ауыз сумен жабдықтауға байланыссыз қажеттіліктер үшін пайдалануға жол берілмейді.
12. Жер асты суларының су тартқыштарын оларды суды реттейтін құрылғылармен, су өлшегіш аспаптармен жабдықтамай, сондай-ақ санитарлық қорғау аймақтарын белгілемей және жер асты сулары объектілерінің жай-күйі көрсеткіштерін қадағалайтын бекеттер құрмай пайдалануға беруге тыйым салынады.
13. Табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы, жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті органдармен, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органымен және өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен келісім бойынша су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган белгілеген жер асты сулары объектілеріне зиянды әсер етудің жол берілетін шекті нормативтерін сақтауға міндетті.
14. Жер асты сулары объектілерін пайдалануға байланысты су тартқыштарды орналастыру, жобалау, салу, пайдалануға беру және пайдалану кезінде олардың жоғарғы қабаттағы су объектілері мен қоршаған ортаға зиянды әсерін (аумақты су басуын, шөлейттенуін, жердің батпақтануын, топырақтың көшуі мен шөгуін) болғызбайтын шаралар көзделуге тиіс.
15. Табиғат пайдаланушылар жер асты суларының мемлекеттік есебін, оның пайдаланылуын бақылау және қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ету мақсатында:
1) жер асты сулары объектілерінен алынатын және оларға ағызып жіберілетін судың бастапқы есебін қоршаған ортаны қорғау, су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың келісімі бойынша жер қойнауын зерделеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен және мерзімде жүргізеді;
2) су тарту және су құю құрылыстарын су шығындарын өлшейтін құралдармен жабдықтайды, сондай-ақ өздігінен ағатын ұңғымаларға реттегіш құрылғылар орнатады;
3) жер асты сулары кен орындарының ағымдағы игерілуіне бақылау, ұңғымалардың жұмысын жедел бақылау және кен орындарын игерудің бекітілген жобасы немесе технологиялық схемаға сәйкес, технологиялық режимнің орындалуына бақылау жасайды. Бақылаудың мерзімділігі игеру жобасында (технологиялық схемада) белгіленеді;
4) статистика жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган бекітетін нұсқаулыққа сәйкес және нысан бойынша жер асты суларын пайдалану туралы есептілікті табыс етеді.
222-бап. Су асты кабельдері мен құбырларын жобалау, төсеу және пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
1. Әрбір нақты объектіні салу мен пайдалануға арналған трассалар, конструкциялар, жабдықтар, технологиялар мен техникалық құралдар орналастырылатын жерлерді таңдау қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді азайту мақсатында баламалы негізде жүргізілуге тиіс.
2. Құбыр трассасына немесе су асты кабельдеріне бес жүз метрден жақын арақашықтықта бұрғылау-жару жұмыстарына және пневматикалық және басқа да қуатты толқындар (сейсмикалық дабыл) тудыру көздерімен сейсмикалық барлауға тыйым салынады.
3. Құбырлар мен су асты кабельдері трассаларын кесіп өтетін жолмен сейсмикалық косты сүйреуге және балық аулау кемелеріне тралмен балық аулауға тыйым салынады.
4. Салынуға тиіс құбырлар мен соған ілеспе инженерлік құрылыстарды жобалау:
1) олардың беріктігінің, қауіпсіздігінің, олардың техникалық жай-күйін қорғау мен бақылаудың жоғары деңгейі;
2) кездейсоқ ахуалдарға жедел ден қою мүмкіндігі;
3) жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарының жеделдігі мен сапасы;
4) қоршаған ортаға теріс әсердің неғұрлым аз болуы қамтамасыз етілуге тиіс.
5. Жобада міндетті түрде құрылыс, санитарлық-эпидемиологиялық нормалар мен ережелердің талаптарына, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның нұсқамалық құжаттарына сәйкес келетін дербес "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімі болуға тиіс.
6. Жобалау-сметалық құжаттамалардың толықтығы мен дұрыстығына тапсырыс беруші мен жобаны әзірлеуші жауап береді.
7. Бекітілген жобаны қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерді арттыратындай өзгерту және одан ауытқу мемлекеттік экологиялық сараптамадан қайта өтуді талап етеді.
8. Құбыр төсеу жобаларында құрылыстарды салған және кейіннен пайдаланған кезде оларды қорғау жөніндегі шаралар көзделу қажет. Құрылыстың әрбір кезеңінде және көмірсутегі шикізаты мен оның өңделген өнімдері тасымалданатын құбырды пайдаланған кезде қоршаған ортаны, сондай-ақ тәуекелі жоғары объектілерге жататын құбырларды қорғау жөнінде шаралар қабылдануға тиіс.
9. Құбырлардың кеме жүзетін өзендермен және каналдармен қиысу орындары жағалауларда навигациялық белгілермен белгіленеді. Навигациялық белгілер магистральдық құбыр салған кезде Қазақстан Республикасының ішкі су көлігі саласындағы заңнамасына сәйкес орнатылады.
10. Құбырлардың зақымдану ықтималдығын болғызбау үшін оларды төсеудің кез келген түрінде күзет аймағы:
1) су асты өтпе жолдарының бойымен - өтпе жолдардың шеткі сызықтарының осінен әрбір жағынан жүз метр қашықтықтағы, параллель жазықтар арасында орналасқан, су үстінен түбіне дейінгі су кеңістігінің учаскесі түрінде;
2) өнімді тасымалдауға дайындаудың технологиялық қондырғыларының, басты және аралық, қайта айдайтын және құятын насос станцияларының, резервуарлық парктердің, компрессорлық және газ бөлетін станциялардың, өнім өлшейтін тораптардың құятын және ағызатын эстакадалардың, мұнай мен мұнай өнімдерін қыздыратын пункттердің айналасында - аталған объектілер аумағы шекараларының жан-жағынан жүз метр қашықтықта орналасқан тұйық сызықпен шектелген жер учаскесі түрінде белгіленеді.
11. Күзет аймақтарын, оның құрамына кіретін коммуникациялар мен объектілерді қоса, құбырлардың нақты жағдайының материалдары оларды аудандық жер пайдалану карталарына енгізу үшін тиісті жергілікті атқарушы органдарға берілуге тиіс. Жергілікті атқарушы органдар мүдделі заңды тұлғаларға олардың сұраулары бойынша құбырлардың орналасқан жері туралы мәліметтер береді.
12. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында олардың қалыпты пайдаланылуының бұзылуына не бүлінуіне әкеп соғуы мүмкін іс-әрекет жасауға:
1) навигациялық айырым белгілерін, бақылау-өлшеу пункттерінің орнын ауыстыруға, оларды көмуге және сындыруға;
2) кабель байланысының қызмет көрсетілмейтін пункттерінің люктерін, қақпалары мен есіктерін, тораптық арматуралар тораптарының қоршауларын, катодтық және сорғыту қорғаныс қондырғыларын, желілік және қарап көруге арналған құдықтар мен басқа да желілік қондырғыларды ашуға, крандар мен жылжытқыштарды ашып, жабуға, байланыс, энергиямен жабдықтау және құбырлар телемеханикасы құралдарын қосуға немесе ажыратуға;
3) қоқыс үйінділеріне айналдыруға, қышқылдар, тұздар мен сілтілер ерітінділерін төгуге;
4) жағалауларды бекітетін құрылыстарды, су өткізетін қондырғыларды, құбырларды бұзылудан, ал іргелес аумақтар мен айналадағы жерді тасылатын өнімдердің авариялық жайылып төгілуден сақтайтын топырақтан жасалған немесе өзге құрылыстарды (қондырғыларды) бұзуға;
5) зәкір тастауға, түсірілген зәкірлермен, шынжырлармен, лоттармен, ысырғыштармен және тралдармен өтуге, түбін тереңдететін және топырағын аршитын жұмыстар жүргізуге;
6) от жағуға және ашық немесе жабық от көздерін орналастыруға тыйым салынады.
13. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында магистральдық құбыр желісі меншік иесінің жазбаша рұқсатынсыз кез келген жұмысты атқаруға, оның ішінде ұңғымалар, шурфтар орнатумен және топырақ сынамасын алумен байланысты геологиялық-түсіру, геологиялық-барлау, іздеу, геодезиялық және басқа іздестіру жұмыстарына, сондай-ақ жару жұмыстарын жасауға тыйым салынады. Құбырлардың күзетілетін аймақтарында жару жұмыстарын жүргізуге жазбаша рұқсат осы жұмыстарды жүргізетін ұйым Жару жұмыстары кезіндегі қауіпсіздіктің бірыңғай ережелерінде көзделген тиісті материалдарды табыс еткеннен кейін ғана беріледі.
14. Құрамында күкіртті сутегі бар мұнай және су авариялық жағдайда төгілген кезде оларды дереу жинау және сол жерде залалсыздандыру немесе көмуге алып кету керек.
15. Газ-, мұнай-, конденсат құбырлары қиылысатын темір және су жолдарына, автомобиль жолдарына, жыраларға және басқа да табиғи кедергілерге, бұрылыс бұрыштарына, адамдар көп жиналуы мүмкін пункттерге, газ-, мұнай-, конденсат құбырлары технологиялық тораптарына тиісті қауіпсіздік белгілері мен жазбалар қойылады. Аталған жерлер үшін жобада шығарындылардың қауіптілігін болғызбайтын немесе азайтатын қосымша іс-шаралар көзделуге тиіс.
223-бап. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу кезіндегi экологиялық талаптар
1. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы оларды су деңгейі көтерілген жағдайда теңіздің ластануын болғызбайтындай немесе барынша азайтатындай етіп жүргізуге міндетті.
2. Сақтық аймағы шегінде жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүзеге асыратын жер қойнауын пайдаланушы, өзінің келісімшарт аумағында теңіз ластанған жағдайда, жер қойнауын пайдаланушының кінәсі болмаса да, қоршаған ортаға, жеке немесе заңды тұлғаларға келтірілген залал мен шығындар үшін жауаптылықта болады.
33-тарау. Суды пайдалану кезіндегі экологиялық талаптар
224-бап. Су объектілерін пайдалану кезіндегi экологиялық талаптар
1. Су объектілерінде суды ортақ пайдалану Қазақстан Республикасының су заңнамасында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
2. Жеке және заңды тұлғалар облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті өкілді органдары белгілеген суды ортақ пайдалану ережелерін сақтауға міндетті.
3. Су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды орналастыру қоршаған ортаны қорғаудың, жер қойнауын қорғаудың, санитарлық-эпидемиологиялық, өнеркәсіптік қауіпсіздікті, су ресурстарын молайту мен ұтымды пайдаланудың талаптары мен ережелерін сақтай отырып, сондай-ақ аталған объектілер қызметінің экологиялық салдарлар ескеріле отырып жүргізіледі.
4. Су объектілерінің жай-күйіне әсер ететін кәсіпорындар мен басқа да құрылыстарды салу, реконструкциялау, пайдалану, консервациялау, жою, қоршаған ортаны қорғау, су қорын пайдалану және қорғау, өнеркәсіп қауіпсіздігі саласындағы уәкілетті мемлекеттік органдардың және санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің мемлекеттік органының оң қорытындылары болған кезде жүзеге асырылады.
225-бап. Сарқынды суды ағызып жіберу кезіндегi экологиялық талаптар
1. Табиғи су объектілерін сарқынды суды ағызып жіберу үшін пайдалануға осы баптың 2-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, тыйым салынады.
2. Қоршаған ортаға эмиссияға тиісті экологиялық рұқсат бар болған кезде сарқынды суды жер үсті су объектілеріне және жер қойнауына ағызып жіберуге жол беріледі.
Бұл ретте, сарқынды суды жер үсті су объектілеріне ағызып жіберуге - су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша, сарқынды суды жер қойнауына ағызып жіберуге Қазақстан Республикасының жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заңнамасына сәйкес жүргізілген сараптаманың оң қорытындысы болған кезде жол беріледі.
3. Сарқынды суды жинақтаушысы бар табиғат пайдаланушылар оның қоршаған ортаға әсерін болғызбайтын қажетті шаралар қабылдауға, сондай-ақ оларды пайдалану тоқтатылғаннан кейін осы жинақтаушылар орналасқан жердің қайта өңделуін жүзеге асыруға міндетті.
4. Табиғат пайдаланушы ластаушы заттардың сарқынды суда белгіленген шоғырлану нормативтерін асыра немесе сарқынды судың құрамына экологиялық рұқсатта көзделмеген жаңа заттарды қоса алмайды. Аталған талаптар бұзылған кезде сарқынды суды ағызып жіберу тоқтатылуға тиіс. Ашық су айдынына ағызылатын су мөлдір, бояусыз, иіссіз болуға, құрамында ауру тудыратын бактериялар және гигиеналық нормативтерден асатын шоғырлануларда адамның денсаулығы мен жануарлар үшін зиянды заттар болмауға тиіс. Ағызылатын судың температурасы Цельсий бойынша 30 градустан аспауға тиіс.
5. Ағызылатын суда бетон мен металды бүлдіріп-бұзатын заттар болмауға тиіс.
6. Сарқынды суды, олардың тазалану деңгейіне қарамастан, орталықтандырылған ауыз сумен жабдықтау көздерінің санитарлық қорғалу аймақтарындағы, курорттардағы, суға түсуге арналған жерлердегі су айдындарына ағызып жіберуге жол берілмейді.
34-тарау. Ормандарды және өзге де өсімдіктерді пайдалану
кезіндегі экологиялық талаптар
226-бап. Аралық пайдалану мақсатында ағаш кесуді жүзеге асырған кезіндегі экологиялық талаптар
Мемлекеттік орман қоры санатындағы ормандарда бағалылығы төмен және қорғаныштық, су сақтау және басқа экологиялық функцияларын жоғалта бастаған екпелерді реконструкциялаумен байланысты ағаш кесу мемлекеттік экологиялық сараптаманың оң қорытындысы болған кезде орман шаруашылығы саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның рұқсаты бойынша ғана жүргізіледі.
227-бап. Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асыру кезіндегі экологиялық талаптар
Мемлекеттік орман қоры учаскелерінде орман пайдалануды жүзеге асырған кезде орман пайдаланушылар:
1) жұмысты топырақ эрозиясының пайда болуына жол бермейтін, ормандардың жай-күйі мен молықтырылуына, сондай-ақ су және басқа да табиғи объектілердің жай-күйіне теріс әсерді болдырмайтын немесе оны шектейтін және жануарлар дүниесі мен олардың тіршілік ету ортасының сақталуын қамтамасыз ететін тәсілдермен жүргізуге;
2) ағаш сүрегін дайындаған кезде мемлекеттік экологиялық сараптамадан өткен жобаларда көзделген техника мен технологияны пайдалана отырып, ормандарды табиғи түрде молықтыру үшін оңтайлы жағдайларды сақтау жөніндегі талаптарды ұстануға;
3) ағашы кесілетін жерлерде оны дайындау мен тасып әкетудің белгіленген мерзімі аяқталған соң кесілмеген және дайындалған ағаш сүректерін қалдырмауға;
4) ағаш сүрегін дайындаумен бір мезгілде кеспеағаш аймағын кесілген ағаштардың қалдықтарынан тазартуды жүргізуге;
5) мемлекеттік орман қорының орман пайдалануға бөлінген учаскелерінде ағаштың заңсыз кесілуіне және Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасын өзгедей бұзуға жол бермеуге;