77-бап. Жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуды шектеу
1. Жep учаскесiне немесе жер пайдалану құқығына қатысты мәмiлелер жасауға тыйым салынған жағдайларда (осы Кодекстiң 33-бабының 2-тармағы және 36-бабы) жер учаскесiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 2 тармақ өзгертілді
2. Егер жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн нысаналы мақсатына сәйкес дербес учаске ретiнде пайдалану мүмкiн болмаса, жер учаскесiнiң бұл бөлiгiн немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Кепiлге салуға берiлген жер учаскесiнде немесе оның кепiлге салуға берiлетiн бөлiгiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнетiн жер учаскесiн түгелдей немесе оның бiр бөлiгiн не бүкiл жер учаскесiне немесе оның бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) бiр мезгiлде кепiлге салмай, бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оны пайдалану үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiн немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне жер пайдалану құқығын қоса кепiлге салмай, не үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiн немесе бүкiл бөлiнбейтiн жер учаскесiне жер пайдалану құқығын бiр мезгiлде кепiлге салмай, ол үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салуға жол берiлмейдi.
Жер учаскесiнiң бiр бөлiгiне кепiлдi белгiлеген кезде осы Кодекстiң 51-бабының 3-тармағында көзделген талаптар сақталуға тиiс.
3. Жер учаскесiн жалдау нысанында ұзақ мерзiмдi уақытша жер пайдалану құқығын жалдау шартының қолданылу мерзiмiне кепiлге салуға жол берiледi.
Қысқа мерзiмдi өтеулi уақытша және өтеусiз уақытша жер пайдалану құқығын кепiлге салуға жол берiлмейдi.
78-бап. Үйлер (құрылыстар, ғимараттар) бар жер учаскесiн немесе сондай жер учаскесiне жер пайдалану құқығын кепiлге салу
1. Бөлiнетiн жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу, егер тараптардың келісімiмен жер учаскесiнiң көрсетiлгеннен үлкен бөлiгi немесе жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы не бүкiл жер учаскесi немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығы кепiлге берiлмесе, үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан және оған қызмет көрсету үшiн қажеттi, бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгi немесе бөлiнетiн жер учаскесiнiң бөлiгiне жер пайдалану құқығы бiр мезгiлде кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.
Бөлiнбейтiн жер учаскесiнде немесе онда орналасқан жылжымайтын мүлiкке қызмет көрсету үшiн арнайы белгiленген жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде бүкiл жер учаскесiнiң немесе бүкiл жер учаскесiне жер пайдалану құқығының кепiлге берiлетiнiн бiлдiредi.
Үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) кепiлге салу кезiнде тиiстi жер учаскесiнiң немесе оның бөлiнетiн бөлiгiнiң не жер учаскесiне немесе оның бөлiнетiн бөлiгiне жер пайдалану құқығының құны ескерiлуге тиiс.
2. Егер бөлiнбейтiн жер учаскесiнде ортақ меншiктегi (өзге де ортақ заттық құқықтағы) үйлер (құрылыстар, ғимараттар) орналасқан болса, үйдi (құрылысты, ғимаратты) кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде үйдi (құрылысты, ғимаратты) орналастыру, күтiп-ұстау және пайдалану үшiн қажеттi жер учаскесiнiң кепiлге салынатынын бiлдiредi. Егер аталған жағдайларда кепiл мәнi үйдiң (құрылыстың, ғимараттың) Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен бөлiнген бөлiгi немесе ортақ мүлiкке құқықтағы үлес болса, кепiлге берiлген үй (құрылыс, ғимарат) бөлiгiнiң көлемiне сәйкес келетiн жер учаскесіндегі үлеске кепiл бiр мезгiлде белгiленедi. Кондоминиум объектiсiнде орналасқан үй-жайды кепiлге салу сонымен бiр мезгiлде кондоминиумға қатысушылар арасындағы қатынастарды реттейтiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес айқындалатын ортақ мүлiктегi және жер учаскесіндегі үлестiң де кепiл мәнi болатынын бiлдiредi.
3. Мемлекеттік жер пайдаланушылар аталған жер учаскесiнде орналасқан үйдi (құрылысты, ғимаратты) және оның осы үй (құрылыс, ғимарат) орналасқан, оған қызмет көрсетуге арналған бөлiгiн кепiлге айналдырған жағдайда ғана өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы (осы Кодекстiң 39-бабының 2-тармағы).
79-бап. Жер учаскелерiн және жер пайдалану құқығын кепiлге салу тәртібі
1. Жеке меншiк құқығында немесе уақытша өтеулi ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығында жер учаскелерi бар жеке және мемлекеттік емес заңды тұлғалар кепiлге берушi бола алады.
Мемлекеттік жер пайдаланушылар осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда өздерiне тиесiлi тұрақты жер пайдалану құқығын кепiлге беруге құқылы.
2. Жеке және заңды тұлғалар кепiл ұстаушылар болуы мүмкiн.
3. Ортақ бiрлескен меншiктегi немесе ортақ бiрлескен жер пайдаланудағы бөлiнбейтiн жер учаскесiн кепiлге беруге ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға қатысушылардың барлығының жазбаша келісімi болған кезде жол берiледi.
Жер учаскесiне ортақ үлестiк меншiкке немесе ортақ үлестiк жер пайдалануға қатысушы өз үлесiн ортақ меншiкке немесе ортақ жер пайдалануға басқа қатысушылардың келісімiнсiз кепiлге салуға құқылы.
4. Ортақ меншiк құқығында жер учаскелерi бар тұлғалар ортақ меншiкке қатысушылардың жалпы жиналысының шешiмi негiзiнде жер учаскелерiн кепiлге сала алады.
Мемлекеттен төлеу мерзiмi ұзартылып жеке меншiкке сатып алынатын жер учаскелерiн кепiлге салуға осы Кодекстiң 24-бабының 4-тармағында белгiленген тәртiппен және жағдайларда жол берiледi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 5-тармақ өзгертілді; 2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
5. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу үшiн жеке және заңды тұлғалар ықтимал кепiл ұстаушыға:
жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттарын;
ортақ бiрлескен меншiкке немесе ортақ бiрлескен жер пайдалануға қатысушылардың нотариаттық тәртіппен куәландырылған жазбаша келісімiн;
жер учаскесіне тіркелген құқықтар (құқық ауыртпалықтары) туралы құқықтық кадастрдың мәліметтері
Жер учаскесiнiң бөлiгiн немесе оған жер пайдалану құқығын кепiлге беру кезiнде жер учаскесiнiң жалпы жоспарында оның кепiлге беруге көзделген бөлiгi көрсетiлуге тиiс.
6. 2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 7 тармақ өзгертілді
7. Жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны туралы екi жақты келісімге қол жеткiзiлген кезде, негiзгi міндеттемені қамтамасыз ету үшiн кепiлге берушi мен кепiл ұстаушы арасында жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу туралы шарт екi дана етiп жасалады.
8. Ипотека туралы шартта жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кредиторға немесе үшiншi тұлғаларға берудi, мақсатына сәйкес ипотека туралы шарт бойынша кепiлге салынған меншiктегi немесе жер пайдаланудағы жер учаскесiн кепiлге берушiнiң және (немесе) үшiншi тұлғалардың оны пайдалану құқықтарын шектеудi, сондай-ақ бұл учаскеден жемiс және табыс алуды көздеуге болмайды.
9. 2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара )
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 10-тармақ жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
10. Егер кепіл туралы шартта өзгеше белгіленбесе, жер учаскесіне құқық белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары кепіл ұстаушыға немесе сенім білдірілген тұлғаға беріледі.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 11-тармақ жаңа редакцияда; 2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 11-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
11. Кепіл жер учаскесі орналасқан жер бойынша жылжымайтын мүлікке құқықты және онымен жасалатын мәмілелерді тіркейтін органдарда мемлекеттік тіркеуден өткен кезден бастап жер учаскесін кепілге салу құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындайды.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 12-тармақ өзгертілді
12. Борышкер негiзгi мiндеттеменi орындамаған жағдайда кепiл ұстаушы Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өз талаптарын қанағаттандыруға құқылы.
2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 80-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
80-бап. Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салуды тiркеу
Жер учаскесiн немесе жер пайдалану құқығын кепiлге салу жылжымайтын мүлікке құқықты және онымен жасалатын мәмілелерді тiркеу үшін белгіленген тәртiппен мемлекеттік тiркелуге тиiс.
9-тарау. Жер учаскесіне меншік құқығын, жер пайдалану құқығын
және өзге де заттық құқықтарды тоқтату
81-бап. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығын немесе жер пайдалану құқығын тоқтату негiздерi
1. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы:
1) меншiк иесi - жер учаскесiн немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығын иелiктен шығарып басқа тұлғаларға берген;
2) меншiк иесi меншiк құқығынан немесе жер пайдаланушы жер пайдалану құқығынан бас тартқан;
3) жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген өзге де жағдайларда айырылған ретте тоқтатылады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 2 тармақ өзгертілді
2. Меншiк иесiнен, сатып алуды қоса алғанда, жер учаскесiн және жер пайдаланушыдан жер пайдалану құқығын олардың келісімісіз алып қоюға:
1) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу жүргiзiлген;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
2) жер учаскесі мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылған, оның ішінде сатып алу арқылы мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;
3) осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделген жағдайларда, мақсатына сай пайдаланылмай отырған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылып жүрген жер учаскесi меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылған;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
4) радиоактивті ластануға ұшыраған жер учаскесі оның меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан, құны тең жер учаскесі беріле отырып, мәжбүрлеп иеліктен шығарылған;
5) тәркiленген реттен басқа жағдайларда жол берiлмейдi.
3. Жер пайдалану құқығы бұдан басқа да мынадай негiздер бойынша тоқтатылуы мүмкiн:
1) учаске берiлген мерзiмнiң өтуi;
2) жер учаскесi кепiлде тұрған жағдайларды қоспағанда, жер учаскесiн жалға беру шартының немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану шартының мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы;
3) жер пайдаланушыға қызметтiк жер телiмiн берумен байланысты туындаған еңбек қатынастарының тоқтатылуы (осы Кодекстiң 41-бабы).
82-бап. Жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тарту
1. Меншiк иесi немесе жер пайдаланушы бұл туралы жария етiп, не жер учаскесiне қатысты өзiне тиесiлi құқықтарын сақтау ниетiнсiз олардан бас тартатынын айқын бiлдiретiн басқа да iс-әрекет жасап, өзiне тиесiлi жер учаскесiне меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан бас тарта алады.
Уақытша жер пайдалану құқығынан немесе жеке меншiктегi жер учаскесiн уақытша пайдалану құқығынан бас тарту жалдау шартын немесе өтеусiз уақытша жер пайдалану туралы шартты тоқтату үшiн белгiленген тәртiппен жүзеге асырылады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
2. Жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе жер пайдаланушы меншiк немесе жер пайдалану құқықтарынан бас тартқанын айқын бiлдiретiн iс-әрекет жасаған жағдайда (басқа жаққа кету, учаскенi ұзақ уақыт бойы пайдаланбау және басқалар), республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) уәкілетті органдары жылжымайтын мүлiкке құқықтарды мемлекеттік тiркеудi жүзеге асыратын органға хабарлай отырып, бұл учаскенi иесiз мүлiк ретiнде есепке алады.
Иесiз мүлiк ретiнде есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн тиiстi атқарушы орган жер учаскесiн мемлекеттік меншiкке түстi деп тану туралы талаппен сотқа жүгiне алады. Сот шешiмi бойынша мемлекеттік меншiкке түстi деп танылмаған иесiз жер учаскесiн қалдырып кеткен оның меншiк иесi немесе жер пайдаланушысы иеленуге, пайдалануға және билiк етуге қайтадан алуы не ол алу мерзiмiнiң өтуi себептi меншiкке немесе жер пайдалануға алынуы мүмкiн.
Иесiз мүлiк ретiнде есепте болған кезiнде мұндай учаске басқа тұлғаға уақытша жер пайдалануға берiлуi мүмкiн.
3. Жер учаскесiне жеке меншiк құқығынан немесе жер пайдалану құқығынан ерiктi түрде бас тартқан кезде, жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының нотариат куәландырған жазбаша өтiнiшi жер учаскесiн иесiз мүлiк ретiнде есепке алуға негiз болып табылады.
Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының аталған жер учаскесiн иесiз мүлiк ретiнде есепке алынған күннен бастап бiр жыл iшiнде қайтадан меншiкке немесе жер пайдалануға алуға құқығы бар.
Иесiз мүлiк ретiнде есепке алынған күннен бастап бiр жыл өткеннен кейiн тиiстi атқарушы орган жер учаскесiн мемлекет меншiгiне түстi деп тану туралы шешiм қабылдай алады.
83-бап. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу
Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының мiндеттемелерi бойынша жер учаскесiнен немесе жер пайдалану құқығынан өндiрiп алу кезiнде (осы Кодекстiң 63-бабы) меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы ауысатын тұлғаның алып қойылған жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындаған кезден бастап тоқтатылады.
Кепiлге берушiнiң өтiнiшi бойынша сот дәлелдi себептер болған кезде (дүлей апат және өзге де төтенше жағдайлар), сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер кепiлге салынған жағдайда, кепiлге салынған жер учаскесiнен (жер пайдалану құқығынан) өндiрiп алу туралы шешiмде оның сатылуын бiр жылға дейiнгi мерзiмге кейiнге қалдыруға құқылы.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 84- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
84-бап. Жер учаскесін мемлекет мұқтажы
үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару
1. Жер учаскесін ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшін, бұл мұқтажды басқа тәсілмен қанағаттандыру мүмкін болмаған және мүлікті тең құнымен өтеген жағдайда сот шешімі бойынша мәжбүрлеп иеліктен шығаруға болады.
2. Жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезіндегі ерекше жағдайлар:
1) халықаралық міндеттемелер;
2) қорғаныс қажетіне, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға, сауықтыру, рекреациялық және тарихи-мәдени мақсатқа арнап жер беру және арнайы экономикалық аймақтардың құрылуы мен олардың жұмыс істеуі;
3) пайдалы қазба кен орындарының (кең таралғандарынан басқасы) табылуы және оларды қазу;
4) жол, электр тарату желілерін, байланыс желілерін, магистральды құбырлар, елді мекендердің ортақ пайдаланудағы инженерлік-коммуникациялық желілерін салу, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар басқа да объектілерді салу;
5) құлау (қирау) қаупі бар авариялық және ескірген тұрғын үйлерді бұзу;
6) осы бапта белгіленген ерекше жағдайлардың тізбесіне жататын құрылыс объектілерінің бөлігінде елді мекендердің бас жоспарларын орындау, сондай-ақ мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларда көзделген объектілерді, мемлекеттік мүдделерді қамтамасыз ететін инвестициялық жобаларды салу және қоғамдық маңызы бар мақсаттарға қол жеткізу болып табылады.
3. Қазақстан Республикасының заңдарында жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарудың осы баптың 2-тармағында аталғаннан басқа да ерекше жағдайлары көзделуі мүмкін.
4. Уақытша жер пайдалануға берілген жер учаскесін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару, егер жер пайдаланушы берілген құқықты мемлекеттен сатып алмаған болса, жер пайдалану құқығы сатып алынбай жүзеге асырылады. Жер пайдаланушыларға шығындар толық көлемінде өтеледі, сондай-ақ олардың қалауы бойынша басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 85- бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
85-бап. Жер учаскесiн сатып алу
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
1. Егер меншiк иелерi және мемлекеттік емес жер пайдаланушылар жер пайдалану құқығын сатып алған болса, жер учаскелерiн олардан мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару осы Кодекске, ал онымен реттелмеген бөлiгiнде Қазақстан Республикасының өзге де заңдарына сәйкес сатып алу тәртібімен жүзеге асырылады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
2. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сатып алу туралы шешiм қабылдаған орган жер учаскесiнiң меншiк иесiне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға бұл жөнiнде осындай учаскенi сатып алудан кемiнде бiр жыл бұрын жазбаша түрде хабарлауға тиiс.
Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осындай хабарлама алған күннен бастап бiр жыл өткенге дейiн жер учаскесiн сатып алуға меншiк иесiнiң немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімiмен ғана жол берiледi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 86- бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
86-бап. Мемлекет мұқтажы үшiн сатып алынуға тиiстi жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының құқықтары
Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы сатып алу туралы шешiм қабылданғаны туралы хабарлама алған кезден бастап, осындай учаскенiң бағасы туралы келісім жасалғанға немесе оны сатып алу туралы сот шешiмi қабылданғанға дейiн жер учаскесiне қатысты өзiне тиесiлi құқықты жүзеге асыруы және осы учаскені оның нысаналы мақсатына сәйкес пайдалануды қамтамасыз ететiн қажеттi шығын шығаруы мүмкiн. Бұл ретте жер учаскесінің меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы аталған кезеңде осындай жер учаскесіндегі жаңа құрылысқа, үйлердi (құрылыстарды, ғимараттарды) кеңейтуге немесе қайта жаңғыртуға байланысты шығындар мен залалды өздерiне алуға тәуекел етедi.
Егер жер учаскесiнiң меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы жер учаскесiнiң бөлiгi мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылғаннан кейiн қалған бөлiгiн бұрынғы нысаналы мақсаты бойынша пайдалана алмаса, онда бүкiл жер учаскесi сатып алынады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 87- бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
87-бап. Сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасы
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 1 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
1. Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде сатып алынатын жер учаскесiне төленетiн баға, сатып алудың мерзiмi мен басқа да жағдайлары жер учаскесінің меншік иесінің немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушының келісімiмен айқындалады.
Осы Кодекстiң 24-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес жер учаскесінің меншiк иесi мемлекеттен сатып алған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскесiнiң және мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасы (шығынды есептемегенде) мемлекетке төленген сома мөлшерiнде айқындалады.
Мемлекет төлеу мерзiмiн ұзартып сатқан жер учаскесi үшiн сома толық төленбеген кезде (шығынды есептемегенде) және оны мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде сатып алған кезде, сатып алынатын , жер учаскесiнiң бағасы мемлекетке төленген соманың мөлшерiнде айқындалады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
2. Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде сатып алынатын жер учаскесiнiң бағасын айқындау кезiнде оған жер учаскесiнiң немесе оған құқықтардың, онда орналасқан жылжымайтын мүлiктiң меншік немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі нарықтық құны, сондай-ақ үшiншi тұлғалар алдындағы мiндеттемелердiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуына байланысты өзi шеккен шығындарды қоса алғанда, жер учаскесін мәжбүрлеп иеліктен шығаруға байланысты жер учаскесінің меншік иесіне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыға келтірілген барлық шығын толық көлемде қосылады.
Жер учаскесінің нарықтық құны Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес айқындалады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 3 тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
3. Жер учаскесінің меншік иесімен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушымен келісім бойынша оған мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығару кезінде сатып алынатын жер учаскесінің орнына берілетін жер учаскесінің немесе оған құқықтардың құнын сатып алынатын жер учаскесінің немесе оған құқықтардың меншік немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған кездегі нарықтық құнына есептей отырып, басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.
Мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен шығарылатын жер учаскесі немесе оған құқық мемлекеттен сатып алынуға тиіс болып, бірақ сатып алу жүргізілмеген жағдайларда, жер учаскесінің нарықтық құны бағаға қосылмайды, оның орнына мемлекеттік емес жер пайдаланушыға онымен келісім бойынша құны тең басқа жер учаскесі берілуі мүмкін.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 88- бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
88-бап. Жер учаскесiн сот шешiмi бойынша сатып алу
Егер меншiк иесi немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы өздерiнен жер учаскесiн мемлекет мұқтажы үшiн сатып алу туралы шешiммен келiспесе не сатып алынатын жер учаскесi үшiн төленетiн баға немесе сатып алудың басқа да жағдайлары туралы онымен келісімге қол жеткiзiлмесе, сатып алу туралар шешiм қабылдаған жергілікті атқарушы орган сотқа жер учаскесiн сатып алу туралы талап-арыз бере алады.
Егер Қазақстан Республикасының заң актілерінде өзгеше көзделмесе, мұндай талап-арыз учаскенiң меншiк иесiне немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы осы Кодекстiң 85-бабының 2-тармағында аталған хабарлама жiберiлген кезден бастап бiр жыл өткен соң, бiрақ екi жылдан кешiктiрiлмей берiлуi мүмкiн.
Жер учаскесінің меншік иесі немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушы сотта өзінен жер учаскесін (жер пайдалану құқығын) сатып алу туралы жергілікті атқарушы органның шешімін даулауға құқылы.
89-бап. Мемлекет мұқтажы үшiн мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою
Мемлекет мұқтажы үшiн мемлекеттік жер пайдаланушыдан жер учаскесiн алып қою оны алып қоюды жүзеге асыратын атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүргiзiледi.
Мұндай шешiмге жоғары тұрған органға не сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкiн. Шағым беру алып қою туралы шешiмнiң орындалуын тоқтата тұрады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 90- бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
90-бап. Жекелеген санаттағы жердi алып қоюды шектеу
Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарын, ауыл шаруашылығы, биологиялық және ирригациялық-мелиорациялық, балық шаруашылығы бағдарындағы ғылыми-зерттеу және оқу орындарының тәжiрибелiк алаңдарының, орман және су қорларының жерлерiн алып қоюға ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды құру мен кеңейтуге, халықаралық мiндеттемелердi орындауға, учаскенiң астынан бағалы пайдалы қазбалардың кен орнының табылуына, жол, электр тарату желiлерiн, байланыс желiлерi мен магистральды құбырларды , елді мекендердің ортақ пайдаланудағы инженерлік-коммуникациялық желілерін салуға, сондай-ақ мемлекеттік маңызы бар объектілерді ықтимал орналастырудың басқа нұсқалары болмаған кезде оларды салуға байланысты ерекше жағдайларда ғана жол берiледi.
91-бап. Төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесiн уақытша алып қою
1. Дүлей апаттар, соғыс жағдайындағы режим, авариялар, эпидемиялар, iндеттер жағдайында және өзге де төтенше жағдайлар кезiнде жер учаскесi жергiлiктi атқарушы органдардың шешiмiмен меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға олардың шеккен шығыны өтеле отырып, олардан қоғам мүддесi үшiн уақытша алып қойылуы мүмкiн. Меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының шеккен шығынын өтеу бағасы сот тәртібімен даулануы мүмкiн.
2. Төтенше жағдайдың қолданылуы тоқтатылған кезде жер учаскесi меншiк иесiне (жер пайдаланушыға) қайтарылуға тиiс және дау туындаған жағдайда ол сот тәртібімен оның қайтарылуын талап етуге құқылы.