10. Әділет біліктілік алқасының осы баптың 2-тармағының
5) тармақшасында аталғандарын қоспағанда шешімі мен ұсынымына олар жария етілгеннен кейін он күннің ішінде Республиканың Жоғарғы Сот Кеңесіне шағым жасалуы мүмкін.
11. Әділет біліктілік алқасы мен оның аппаратының жұмысын материалдық-техникалық және ұйымдық қамтамасыз етуді Әділет министрлігі жүзеге асырады.
II Тарау. Судьялардың тәртіптік жауапкершілігі
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 52-бап өзгертілді
52-бап. Тәртіптік жауапкершілік негіздері және жазаның түрлері
1. Судья:
1) сот істерін қараған кезде заңдылықты бұзғаны үшін.
Сот шешімінің күшін жою немесе оны өзгерту, егер судья бұл ретте заңның өрескел бұзылуына жол бермеген болса, бұл шешімді шығарған немесе шығаруға қатысқан судьяның жауапты болуына әкеп соқпайды;
2) теріс қылық жасағаны үшін;
3) істі қараудың заңда белгіленген іс жүргізу мерзімдері өрескел бұзғаны үшін;
4) еңбек тәртібін бұзғаны үшін тәртіптік жауапқа тартылады.
2. Соттардың төрағалары, сот алқаларының төрағалары және сот учаскелерінің аға судьялары осы Жарлықта көзделген өздерінің лауазымдық міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
3. Судьяларға мынадай тәртіптік жазалар қолданылады:
1) ескерту;
2) сөгіс;
3) қатаң сөгіс;
4) қызметтен босату.
4. Әрбір тәртіп бұзушылық үшін бір ғана тәртіптік жаза беріледі.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 53-бап жаңа редакцияда
53-бап. Тәртіптік іс қозғау құқығы
Тәртіптік іс қозғауға:
1) Әділет министрінің - облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына, осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сондай-ақ сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты осы Жарғының 52-бабының 1-тармағының 2),3) және 4) тармақшаларында және 2-тармағында көзделген негіздер бойынша; әділет басқармасы бастығының - аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты дәл сол негіздер бойынша;
2) Жоғарғы Соттың Төрағасының - Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты осы Жарлықтың 1-тармағында, ал сот алқалары төрағаларына қатысты - сол сияқты 52-бабының 2-тармағында көзделген негіздер бойынша; облыстық және оларға теңестірілген соттар төрағаларына, осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағаларымен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты осы Жарлықтың 52-бабының 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша;
3) облыстық және оған теңестірілген сот төрағасының - осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына қатысты осы Жарлықтың 52-бабының 1-тармағында, ал сот алқаларының төрағаларына қатысты сол сияқты 2-тармағында көзделген негіздер бойынша; аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты осы Жарлықтың 52-бабы 1-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша құқығы бар.
54-бап. Тәртіптік іс қозғау және қарау мерзімі
1. Судья жөнінде тәртіптік іс қызметтік тексеру және судьяның дәлелді себептермен жұмыста болмау уақытын есептемегенде, теріс қылық жасалған күннен бастап кемінде бір айдан кешіктірілмей, бірақ теріс қылық жасалған күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей қозғалады.
2. Тәртіптік іс ол келіп түскен күннен бастап бір ай мерзім ішінде қаралуға тиіс.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 55-бап толықтырылды және өзгертілді
55-бап. Тәртіптік істерді қарау жөніндегі органдар
1. Жоғарғы Сот Кеңесі Жоғарғы Соттың тәртіптік алқасының шешімдеріне жасалған арыздарды қарайды.
2. Жоғарғы Сот Кеңесінің тәртіптік алқасы Жоғарғы Соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына, осы соттардың сот алқаларының төрағаларына қатысты тәртіптік істерді, сондай-ақ облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалардың шешімдеріне шағымдарды қарайды.
Жоғарғы Соттың тәртіптік алқасы Жоғарғы Соттың пленумында екі жыл мерзімге сайланады.
3. Облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалар облыстық және оларға теңестірілген соттардың судьяларына, сондай-ақ аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына қатысты тәртіптік істерді қарайды.
4. Облыстық және оларға теңестірілген тәртіптік алқалар облыстар мен оларға теңестірілген әкімшілік-аумақтық бөліністер судьяларының және әскери судьялардың конференцияларында үш жыл мерзімге сайланады.
5. Тәртіптік алқалардың сандық құрамы, тәртіптік істерді қараудың, олар бойынша шешім шығарудың және оларды орындаудың тәртібі, есеп беру, ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету тәртібі Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен Ережемен белгіленеді.
56-бап. Тәртіптік істер бойынша қабылданатын шешімдер
Тәртіптік іс бойынша мына шешімдердің бірі шығарылады:
1) тәртіптік жаза қолдану туралы;
2) тәртіптік іс жүргізуді тоқтату туралы;
3) судьяны қызметтен босату туралы мәселе қойып, тәртіптік іс жүргізу материалдарын істі қозғаған лауазымды адамдарға немесе қылмыстық жауапкершілікке тарту үшін Бас Прокурорға жіберу туралы.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 57-бап толықтырылды және өзгертілді
57-бап. Тәртіптік жазаның қолданылу мерзімі
1. Егер судья жаза қолданылған күннен бастап бір жыл бойы жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, ол тәртіптік жазаға тартылмаған деп танылады.
2. Судьяның мінез-құлқы мінсіз болған және ол міндеттерін атқаруға адал қараған жағдайда тәртіптік жаза қолданылған күннен бастап алты ай өткен соң ол мерзімнен бұрын алынып тасталуы мүмкін.
Тәртіптік жазаны оны белгілеген тәртіптік алқа мерзімінен бұрын алып тастауы мүмкін.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 58-бап жаңа редакцияда
58-бап. Тәртіптік алқаның шешімдеріне шағымдану
1. Облыстық және оған теңестірілген тәртіптік алқаның шешіміне өзі жөнінде шешім шығарылған судья, сондай-ақ іс қозғаған адам он күн мерзімде Жоғарғы Соттың тәртіптік алқасына шағымдануы мүмкін.
2. Жоғарғы Сот тәртіптік алқасының шешіміне өзі жөнінде шешім шығарылған судья, сондай-ақ іс қозғаған адам он күн мерзімде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сот Кеңесіне шағымдана алады.
III Тарау. Судьяларды материалдық және әлеуметтік
қамтамасыз ету
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 59-бап өзгертілді
59-бап. Судьяны материалдық қамтамасыз ету
1. Судьяның еңбекақысы: лауазымдық жалақыдан, біліктілік сыныбы үшін үстемеақыдан, кемітуге болмайтын, қызмет өткерген жылдары үшін үстемеақыдан, ал әскери судья үшін - әскери атағы бойынша жалақыдан да, сондай-ақ сыйақылардан тұрады. Судьяға, сондай-ақ заңдарда және басқа нормативтік құқықтық актілерде көзделген өзге де төлемдер жасалады.
2. Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларының, төменгі соттар судьяларының лауазымдық жалақыларын Республика Конституциясының 44-бабының 9-тармақшасына сәйкес Республика Президенті белгілейді.
3. Барлық соттардың судьялары арнаулы киім нысаны - мантиямен тегін қамтамасыз етіледі, оның үлгілері мен тиесілік нормаларын Республика Президенті бекітеді.
4. Қазақстан Республикасы соттардың судьяларына біліктілік сыныптары беріледі.
Судьяларға біліктілік сыныптарын беру және олардан айыру мәселелері Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін Ережемен белгіленеді.
5. Қазақстан Республикасының әскери соттары мен әскери сот алқасының судьяларына Әскери қызмет өткеру туралы ереже қолданылады және олар заңдармен белгіленген үлестің барлық түрімен қамтамасыз етіледі.
6. Әскери судьяларға әскери атақтар беруді Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде әскери қызметті өткеру тәртібін реттейтін заңдарға сәйкес Әділет министрі, ал жоғары әскери атақтар беруді - Әділет министрінің ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Президенті жүргізеді.
60-бап. Қызмет өткерген жылдары үшін берілетін үстемеақылар
Судьяларға біліктілік сыныбы үшін үстемеақыларды қоса лауазымдық жалақысының жалпы мөлшеріне процент есебімен және қызмет өткерген жылдарына қарай ай сайын қызмет өткерген жылдары үшін мынадай мөлшерде: үш жылдан астам қызмет өткергені үшін - он бес, бес жылдан асса - жиырма, он жылдан асса - отыз, он бес жылдан асса - қырық, жиырма жылдан асса - елу процент үстемеақы төленеді.
61-бап. Бұрынғы жұмысты қызмет өткерген жылдарға
есептеу
Үстемеақы алуға құқық беретін қызмет өткерген жылдарына мыналар есептеледі:
1) жоғары заң білімі бар мамандар атқаруға тиіс лауазымдарда соттарда жұмыс істеген уақыт;
2) жоғары заң білімі бар мамандар атқаруға тиіс лауазымдарда әділет органдарында, мекемелерінде және адвокаттар алқалары мен нотариалдық кеңселерде жұмыс істеген уақыт;
3) төрелік сот төрешілері мен судьялары ретінде мемлекеттік төрелік органдарында жұмыс істеген уақыт;
4) Конституциялық соттың судьясы (Конституциялық Кеңес мүшесі) ретінде жұмыс істеген уақыт;
5) сыныптық шен беруді көздейтін қызметке тағайындалған күннен бастап прокуратура органдарында қызмет еткен уақыт;
6) ішкі істер, ұлттық (мемлекеттік) қауіпсіздік және Мемлекеттік тергеу комитетінің органдарында офицерлік оперативтік тергеу лауазымдарында қызмет еткен уақыт;
7) жоғары заң білімі бар мамандар атқаратын лауазымдарда заң мамандығы бойынша мемлекеттік органдарда, ұйымдарда жұмыс істеген уақыт;
8) заң мамандығы бойынша ғылыми және педагогтік жұмыс уақыты.
62-бап. Жұмыс стажын анықтау жөніндегі комиссия
1. Республиканың Жоғарғы Соты судьяларының жұмыс стажын құрамын Республика Жоғарғы Сотының Төрағасы бекітетін комиссия анықтайды. Комиссияның шешімі түпкілікті болып табылады.
2. Облыстық және оларға теңестірілген соттар судьяларының жұмыс стажын құрамын тиісті соттардың төрағалары бекітетін комиссиялар анықтайды.
3. Аудандық (қалалық) соттар судьяларының жұмыс стажын құрамын әділет басқармалары бастықтарының шешімімен бекітілетін комиссиялар анықтайды.
4. Әскери соттар судьяларының жұмыс стажын құрамын Әділет министрлігінің әскери соттар басқармасының бастығы бекітетін комиссия анықтайды.
5. Осы баптың 2, 3, 4-тармақтарында көрсетілген комиссиялардың шешімдеріне шағымдарды құрамын Қазақстан Республикасының Әділет министрі бекітетін Орталық комиссия қарайды.
63-бап. Судьяны тағайындау, сайлау және ауыстыру кезінде
орташа еңбекақы мен жеңілдіктерді сақтау
Мемлекеттік органдарда, ұйымдарда қызмет атқаратын адамдарды судья қызметіне тағайындау, сайлау кезінде, сондай-ақ судьяны ауыстыру кезінде оларға, егер қазіргі қызметі бойынша белгіленген деңгейден артатын болса, бұрынғы қызметтегі еңбекақысы мен жеңілдіктері екі жыл бойы сақталады.
64-бап. Судьялардың жыл сайынғы демалыстары
1. Республика соттарының судьяларына ұзақтығы отыз күнтізбелік күн болатын жыл сайынғы демалыс беріледі.
2. Судьяларға кезекті еңбек демалысына шыққан кезінде сауықтыру үшін айлық еңбекақысының екі мәрте мөлшерінде жәрдемақы төленеді.
65-бап. Ауыстыру кезіндегі өтемақылар
Қызметі бойынша республиканың бір аймағынан екінші аймағына ауыстырылатын судьялар мен олардың отбасы мүшелеріне көшіп-қону жөніндегі шығыстары толық көлемде төленеді.
66-бап. Жол жүру жөніндегі жеңілдіктер
Қызметтік куәліктерін көрсеткен ретте судьялардың мыналарға:
1) ҚР 1999.03.12. № 348 Заңымен алынып тасталды
2) қызметтік іссапарларға жіберілген кезде - жүріп-тұру құжаттарын және қонақүйлерде орынды кезектен тыс алуға құқығы бар.
ҚР1997.04.11. № 91 Заңымен; ҚР 1999.03.12. № 348 Заңымен 67-бап өзгертілді және толықтырылды
67-бап. Тұрғын үй жеңілдіктері
1. Судьялар қызметтік тұрғын үй қорынан тұрғын алаңмен бірінші кезекте қамтамасыз етілу құқығымен пайдаланады.
2. Судьялық қызметте он күнтізбелік жылдан астам істейтін судья тұрақты тұру үшін алған қызметтік тұрғын үй-жайды өзінің қалауымен оның қалдық құны бойынша сатып ала алады.
3. Басқа тұрғын үй-жай берілмейінше судьяларды қызметтік тұрғын үй-жайлардан шығаруға болмайды.
4. Тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж судьяларға жеке тұрғын үй салу үшін жер учаскесі тегін беріледі.
5.
6.
7. Қызметтік міндеттерін атқару кезінде судья қаза тапқан жағдайда қаза болған судьяның отбасының судья қаза болған күннен бастап бір жылдан кешіктірмей мемлекеттік тұрғын үй қорынан заңдарда белгіленген шарттарда және тәртіппен тұрғын алаң алуға құқығы бар.
8. Судья тұратын тұрғын үй-жайда кезектен тыс тәртіппен телефон орнатылады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 68-бап өзгертілді
68-бап. Судьяларды медициналық және санаторий-курорттық қамтамасыз ету
1. Судьялар және олармен бірге тұратын отбасы мүшелері тиісті мемлекеттік денсаулық мекемелерінде медициналық және санаторий-курорт қызметімен белгіленген тәртіп бойынша қамтамасыз етіледі.
2. Судьяларға медициналық қызмет көрсету мен санаторий-курорттық емдеудің тәртібі мен ережелері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
ҚР 1997.04.11. № 91 Заңымен; ҚР 1997.06.17. № 128 Заңымен; ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен; ҚР 1999.03.12. № 348 Заңымен 69-бап өзгертілді және толықтырылды
69-бап. Судьяларды сақтандыру
1. Судьялар республикалық бюджет қаражаты есебінен міндетті жеке мүліктік және медициналық сақтандырылуға тиіс.
2. Судьяларды және олардың мүлкін міндетті сақтандырудың тәртібі мен ережелері Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерімен белгіленеді.
3. Судья қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) жағдайда оның асырауындағылар мен мұрагерлеріне соңғы атқарған қызметі бойынша он жылдық еңбекақысы мөлшерінде бір жолғы сақтандыру сомасы төленеді.
4. Судьяға қызметтік міндеттерін атқару кезінде зақымдану, жарақаттану (контузия), мертігу, ауруға шалдығу салдарынан мүгедектік белгіленген жағдайда:
1) І топтағы мүгедекке - бесжылдық еңбекақы;
2) II топтағы мүгедекке - үшжылдық еңбекақы;
3) III топтағы мүгедекке - жылдық еңбекақы мөлшерінде бір жолғы сақтандыру сомасы төленеді.
5. Егер судьяның қаза табуы (қайтыс болуы), зақымдануы, жарақаттануы (мертігуі), науқасқа шалдығуы қызметтік міндеттерін атқарумен байланысты емес жағдаяттарға орай болғаны белгіленген тәртіппен дәлелденсе, сақтандыру сомасы төленбейді.
6. Қаза тапқан адамның отбасына немесе оның асырауындағы адамдарға Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әлеуметтік жәрдемақы тағайындалады.
70-бап. Жерлеуге жұмсалатын шығындардың өтемақысы
Қайтыс болған немесе қаза тапқан судьяларды және судья қызметінде зейнетке шыққан зейнеткерлерді жерлеу үшін үш айлық үлес мөлшерінде біржолғы ақшалай өтемақы төленеді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 71-бап өзгертілді
71-бап. Судьяның орнынан түсуі
1. Судьяның орнынан түсу нысанында қызметінен босату осы Жарлықтың 47-бабының 1-тармағының 1), 2)-тармақшаларында көзделген негіздер бойынша жүзеге асырылады.
2. Бұл ретте судьяға:
1) сот қоғамдастығының мүшесі болуы және жеке басына ешкімнің тиіспеушілігі жөніндегі кепілдіктер сақталады;
2) осы Жарлықтың 67, 69, 70-баптарында көзделген жеңілдіктер судья ретінде кемінде он бес жыл жұмыс стажы болған жағдайда сақталады;
3) судья болып жұмыс істеген әрбір толық жыл үшін соңғы қызметі бойынша айлық жалақысы есебінен біржолғы шығу жәрдемақысы төленеді;
4) зейнет жасына толуы бойынша және тиісті стажы мен қызмет өткерген жылдары бар болған жағдайда судьяның қалауымен осы Жарлықтың 72-бабында көзделген шарттар негізінде зейнетақы тағайындалады.
3. Судьяның орнынан түсуі мынадай жағдайларда:
судья қызметіне тағайындалғанда;
ол қылмыс немесе сот билігінің беделін түсіретін келеңсіз әрекет жасағанда;
өз еркімен өтініш бергенде;
Қазақстан Республикасының азаматтығынан айрылғанда;
ол қайтыс болғанда тоқтатылады.
ҚР 1997.06.17. № 128 Заңымен 72-бап жаңа редакцияда
72-бап. Судьяларды зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру
Судьяларды зейнетақымен және әлеуметтік қамсыздандыру Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асырылады.
IV Бөлім. Сот аппараты және оның қызметін
ұйымдастыру
73-бап. Сот аппараты
1. Сот аппараты төрелігін қамтамасыз ету, сот практикасын қорыту және сот статистикасын талдау, судьяларды және басқа да процеске қатысушыларды қорғау, сондай-ақ соттың басқа да функцияларын орындау жөніндегі жұмысты қамтамасыз етеді.
2. Аппарат қызметкерлерінің құқықтық жағдайы және олардың еңбегіне ақы төлеу, техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және сот органдарының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін, тізбесін Республика Үкіметі белгілейтін адамдарды қоспағанда, "Мемлекеттік қызмет туралы" Заңға сәйкес белгіленеді.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 74-бап өзгертілді
74-бап. Сот аппаратының құрылымы мен штаттары
1. Аудандық (қалалық) және оған теңестірілген сот аппаратының құрылымы мен штаттарын облыстық және оған теңестірілген әділет басқармасының бастығы Республиканың Әділет министрлігі бекіткен штат саны мен еңбекақы қоры шегінде белгілейді.
2. Облыстық және оған теңестірілген сот аппаратының құрылымы мен штаттарын тиісті сот төрағасының ұсынуы бойынша Республиканың Әділет министрі белгілейді.
3. Жоғарғы Сот аппаратының құрылымы мен штаттарын оны ұстауға бөлінген қаражат шегінде Жоғарғы Соттың Төрағасы бекітеді.
V Бөлім. Қорытынды ережелер
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 75-бап толықтырылды және өзгертілді
75-бап. Соттардың қызметін ұйымдық және
материалдық-техникалық қамтамасыз ету
1. Облыстық және оған теңестірілген соттардың, аудандық (қалалық) және оған теңестірілген соттардың қызметін ұйымдық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуді судьялардың тәуелсіздігі және олардың тек қана Конституция мен заңдарға бағыну принципін қатаң сақтай отырып, Республиканың Әділет министрлігі мен оның басқармалары жүзеге асырады.
2.
2. Әділет министрлігі және жергілікті жерлердегі әділет басқармалары:
1) облыстық және оларға теңестірілген соттарды, аудандық (қалалық) және оған теңестірілген соттарды ұйымдастыру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлейді;
2) Жоғарғы Сотпен не тиісінше облыстық және басқа төменгі соттармен бірлесіп сот жұмысын жалпы және мақсатты тексеруді жүзеге асырады;
3) судьяларға жұмыс жүктеу нормативтерін анықтау және олардың нақты жұмыс көлеміне талдау жасау арқылы соттардың кадрлар жөніндегі қажеттігін анықтайды;
4) судьялыққа кандидаттарды іріктеуге байланысты осы Жарлықпен белгіленген іс-қимылдарды жүзеге асырады, сот кадрларының біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
5) осы Жарлықпен белгіленген тәртіп бойынша облыстық және оған теңестірілген соттардың, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың судьяларын ауыстыруды жүзеге асырады;
6) соттарды материалдық-техникалық қамтамасыз етуді ұйымдастырады;
7) соттарды нормативтік материалдармен қамтамасыз етеді;
8) Республиканың барлық соттарында құқықтық статистиканы жүргізу жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;
9) сот шешімдерін орындау жөніндегі жұмысқа басшылық жасайды;
10) судьялар мен олардың отбасы мүшелерінің тәуелсіздігін, құқықтық және әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етуге бағытталған шараларды жүзеге асырады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 76-бап жаңа редакцияда
76-бап. Сот отырысының хатшысы
1. Азаматтық, шаруашылық және қылмыстық істерді бірінші инстанция бойынша қараған кезде сот отырысының хатшысы сот отырысының хаттамасын жүргізеді және төрағалық етушінің ұйғаруы бойынша басқа да тапсырмаларды орындайды.
2. Жоғарғы Соттың сот отырысының хатшыларын Жоғарғы Соттың Төрағасы, ал жергілікті соттарда - әділет басқармалары қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
3. Аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың сот отырыстары хатшыларының сан құрамы осы соттар судьяларының сан құрамына сәйкес болуға тиіс.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен ; 1999.11.16. № 478 Заңымен ; 2000.07.03. № 63 Заңымен 77-бап толықтырылды және өзгертілді
77-бап. Сот орындаушылары
1. Сот орындаушылары азаматтық, шаруашылық даулар жөніндегі шешімдердің, ұйғарымдардың; қаулылардың, қылмыстық істер бойынша мүлік өндіріп алуға қатысты бөлігінде үкімдердің, ұйғарымдар мен қаулылардың орындалуын, сондай-ақ заңдарда көзделген жағдайларда басқа да шешімдер мен қаулылардың атқарылуын қамтамасыз етеді.
2. Сот орындаушылары Жоғарғы Соттан басқа барлық соттар жанында болады.
Сот орындаушыларын қызметке тағайындау мен қызметтен босатуды әділет басқармасы жүзеге асырады.
Сот орындаушыларының сан құрамы судьялардың сан құрамына сәйкес болуға тиіс.
3. Соттардың шешімдерін, үкімдерін, ұйғарымдары мен қаулыларын, сондай-ақ орындауға жататын басқа да шешімдер мен қаулыларды атқаруға қатысты сот орындаушыларының ұсынатын талаптары Республика аумағында орналасқан мемлекеттік органдар, ұйымдар, лауазымды адамдар мен азаматтар үшін міндетті.
4. Қажет болған жағдайларда Әділет министрі соттардың шешімдері мен қаулыларының бұлжытпай атқарылуын қамтамасыз ету үшін ішкі істер органдарының қызметкерлерін немесе бөлімшелерін қатыстыру туралы Ішкі істер министріне мағлұмхат жөнелтуге хақылы.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 78-бап толықтырылды және өзгертілді
78-бап. Сот приставтары
1. Сот жасауылдары барлық соттар жанында болады.
Жоғарғы Соттың сот жасауылдарын Жоғарғы Сот Төрағасының ұсынуы бойынша Әділет министрлігі, жергілікті соттарда - әділет басқармалары қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
2. Сот приставтарының құзыретіне:
1) бостандығынан айыруға байланысты емес жазалардың орындалуын бақылау;
2) орындалатын құжаттарды еріксіз атқаруда сот орындаушыларына көмек көрсету;
3) сотта іс қарау уақытында залда қоғамдық тәртіпті сақтау;
4) соттардың үйлерін, судьялар мен процеске басқа да қатысушыларды қорғау;
5) соттардың қауіпсіз қызметін қамтамасыз ететін басқа да функцияларды орындау кіреді.
3. Сот приставтарының қызметі заңмен реттеледі.
79-бап. Соттарды қаржыландыру
1. Республиканың барлық соттарын қаржыландыру жеке жазылған жолмен республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
2. Соттардың бюджеті соттардың конституциялық өкілеттіктерін орындауын толық қамтамасыз етуге тиіс және оны кемітуге болмайды.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 80-бап өзгертілді
80-бап. Сот билігінің нышандары
1. Сот үйінің үстінде Республиканың Мемлекеттік туы көтеріледі, ал сот отырыстары залында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленеді және Мемлекеттік туы орнатылады.
2. Судьялар сот төрелігін мантияларда жүзеге асырады.
3. Жоғарғы Соттың Төрағасына, осы соттың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына Қазақстан Республикасының Президенті белгіленген үлгідегі куәліктер береді.
Облыстық және оларға теңестірілген соттардың төрағаларына, осы соттардың сот алқаларының төрағалары мен судьяларына, аудандық (қалалық) және оларға теңестірілген соттардың төрағалары мен судьяларына, сот учаскелерінің аға судьяларына Әділет министрі белгіленген үлгідегі куәліктер береді.
81-бап. Қазақстан Республикасы соттарының мөрі
Республиканың Жоғарғы Соты, облыстық және оларға теңестірілген соттар, аудандық (қалалық) соттар заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген, қазақ және орыс тілдерінде өз атауы жазылған мөрі болады.
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 82-бап жаңа редакцияда
82-бап. Баспасөз органдары
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты мен Әділет министрлігінің өз баспасөз органдары болады.
VI Бөлім. Өтпелі ережелер
ҚР 1997.07.01. № 143 Заңымен 83-бап толықтырылды және өзгертілді
83-бап. Осы Жарлықтың күшіне енуі және қолданылуы
1. Осы Жарлық 1996 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді.
2. Осы Жарлықтың 71-бабының 4) тармақшасының күші "Қазақстан Республикасы Соттарының судьяларын материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету жөніндегі қосымша шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1994 жылғы 18 сәуірдегі Жарлығына сәйкес судья қызметін атқара жүріп орнынан түскен адамдарға қолданылады.