21-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
169-бап. Осы Кодекстiң қолданылу тәртібі
Осы Кодекс ол қолданысқа енгiзiлгеннен кейiн туындаған жер құқығы қатынастарына қолданылады.
Осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн қабылданған жер қатынастарын реттейтiн нормативтiк құқықтық актiлер осы Кодекске қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады.
170-бап. Өтпелi ережелер
1. Шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскелерi уақытша жер пайдалану құқығымен табысталған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғаларының осы Кодексте белгiленген тәртiппен және жағдайларда жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алуға құқығы бар.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Өздерiне жер пайдалану құқығымен тиесiлi жер учаскелерiн шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн кейiнгi жер пайдалануға (қосалқы жалға) берген азаматтар және мемлекеттік емес заңды тұлғалар 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шарттарын бұзуға мiндеттi.
Бұл ретте, аталған тұлғалардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу жөніндегі қызметпен дербес айналысуына не жер пайдалану құқығын салым немесе жарна ретiнде шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң жарғылық қорына беруге құқығы бар.
Жалға берушiлердiң аталған құқықтары iске асырылмаған жағдайда, кейiнгi жер пайдалану (қосалқы жалдау) туралы шарттарды бұзу және жер пайдаланушылар (жалға берушiлер) құқықтарының тоқтатылуы республикалық маңызы бар қаланың (астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдарының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүзеге асырылады, ал кейiнгi жер пайдалануға берiлген жер учаскелерi алып қойылады және ауданның арнайы жер қорына енгiзiледi.
3. Мәмiлелер жасалған кезде қолданыста болған заңдарға сәйкес шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн жүргiзу үшiн жер учаскесiне тұрақты жер пайдалану құқығын (ұзақ мерзiмдi жер пайдалану құқығын) мемлекеттен бұған дейiн сатып алған Қазақстан Республикасының азаматтары мен мемлекеттік емес заңды тұлғалары, осы Кодекс қолданысқа енгiзiлген кезден бастап осы Кодексте белгiленген жер учаскелерi нормаларының шегiнде жеке меншiк құқығын сатып алуға қосымша төлемақы алынбай, жер учаскелерiнiң меншiк иелерiне айналады.
Аталған тұлғалардың жер учаскесiне жеке меншiк құқығын iске асыруы осы Кодекстiң 24-бабының 3-тармағында көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
4. Өздерiне тиесiлi құқықты бұған дейiн жалға берген шартты жер үлесiне құқық иелерi 2005 жылдың 1 қаңтарына дейiн бұл құқығын осы Кодексте көзделген тәртiппен және шарттарда төменде көрсетiлген iс-әрекеттiң бiрiн жасау арқылы iске асыруға мiндеттi:
1) жер учаскесiн жеке меншiкке сатып алу;
2) жеке шаруа немесе фермер қожалығын және тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсiн дербес жүргiзу үшiн жер учаскесiн уақытша ортақ немесе бөлек жер пайдалануға алу;
3) шаруашылық серiктестiгiнiң жарғылық капиталына салым ретiнде акционерлік қоғамның акцияларын төлеуге немесе өндiрiстiк кооперативке жарна ретiнде беру.
Бұл ретте жер учаскесiн шартты жер үлестерiнiң есебiне бөлiп беру (түзу) жерге орналастыру тәртібімен жүзеге асырылады.
Жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы туындаған сәттен бастап бұрынғы шарттар (шартты жер үлесiне құқығын жалға беру шарты және жер учаскесiн жалға алынған үлестер есебiне жалдау шарты (өтеусiз жер пайдалану) күшiн жояды.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 5- тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
5. Өздеріне тиесілі құқықтарды шаруашылық серіктестіктерінің жарғылық капиталына салым ретінде немесе өндірістік кооперативтерге жарна ретінде берген шартты жер үлесінің иелері шаруа немесе фермер қожалығын құру үшін қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде, үлесті немесе пайды, жер учаскесін қоса, нақтылы бөліп алуға (бөлісуге) құқығы бар. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы ұйымының кепілде жатқан жерлерінің құрамынан жер учаскесін бөліп шығаруға кепіл ұстаушының келісіміне немесе бөліп шығару кезінде жер учаскесіне қатысты кепілмен қамтамасыз етілген міндеттемелерге сәйкес жол беріледі.
Ауыл шаруашылығының егіс жұмыстары жүргізіліп жатқан кезеңде жер учаскесін нақтылы бөліп шығаруға, мұндай бөліп шығару ауыл шаруашылығы ұйымының немесе ортақ меншікке (ортақ жер пайдалануға) қатысушылардың келісімімен жүргізілетін жағдайды қоспағанда, жол берілмейді.
Бұл ретте нақтылы бөлінетін жер учаскесінің орналасқан жері шаруашылық серіктестіктерінің, өндірістік кооперативтердің құрылтай құжаттарында көзделген тәртіппен немесе тараптардың келісімімен айқындалады. Құрылтай құжаттарында жер учаскелерін бөліп алу (бөлісу) тәртібі болмаған жағдайда, осы Кодекстің 101-бабының 3 және 4-тармақтарында белгіленген ережелер қолданылуы мүмкін.
6. Егер өзiне тиесiлi құқықты жалға берген шартты жер үлесi құқығының иесi осы баптың 4-тармағында белгiленген мерзiм iшiнде жер учаскесiн алу құқығын iске асырмаса, оның шартты жер үлесiне құқығы күшiн жояды және жер учаскесi аудандық (қалалық) атқарушы органның шешiмiмен, сатылмаған шартты жер үлестерi есебiне ауданның арнайы жер қорына енгiзiледi.
7. Шартты жер үлесi құқығымен байланысты барлық даулар сот тәртібімен қаралады.
8. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасының күзетiлетiн аймағына iргелес жатқан (3 шақырымдық аймақ) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi, егер Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы туралы заңдарында өзгеше көзделмесе, олар делимитацияланғанға және демаркацияланғанға дейiн, Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына ғана уақытша жер пайдалану құқығымен берiледi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара ); 2007.26.07. № 311-III ҚР Заңымен 9-тармақ өзгертілді (бұр.ред.қара)
9. Азаматтар мен заңды тұлғаларға осы Кодекс қолданысқа енгiзiлгенге дейiн бұрын қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес берiлген жер учаскелерiне құқықты белгілейтін және сәйкестендіру құжаттары Қазақстан Республикасының жер заңдарында белгiленген жер учаскелерiне құқықтардың өзгеруi ескерiле отырып, заңдық күшiн сақтайды.
Мұндай құжаттарды жер учаскелерiне меншiк құқығын немесе жер пайдалану сәйкестендіру құжаттарға осы Кодекске сәйкес ауыстыру құқық иелерiнiң қалауы бойынша жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасының