53. Желiлiк маркетинг, қоғамдық таратушылар, почта бойынша және басқа да тәсiлдермен сату арқылы атқарылатын сауда орындарынан тыс бөлшек сауда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiлеген тәртiппен реттеледi.
54. Егер заңнамалық кесiмдерде немесе бөлшек саудада сатып алу-сату шартында, оның iшiнде сатып алушы қосылатын формулярлардың немесе өзге де стандартты нысандардың шарттарында өзгеше белгiленбесе, сатушы сатып алушыға кассалық немесе тауарлық чектi немесе тауар төлемiн растайтын өзге де құжатты берген сәтiнен бастап бөлшек саудада сатып алу-сату шарты лайықты нысанда жасалған болып саналады.
§ 3. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң сауданы жүзеге асыру тәртібі
55. Сауда қызметiнiң субъектiлерi өз өнiмiн, сондай-ақ басқа да азық-түлiк тауарларын өндiру, қайта өңдеу, сату және тұтынуды ұйымдастыру және қоғамдық тамақтану өнiмдерiн тұтынуды ұйымдастыру мен қызметтер көрсету үшiн мүлiктiк кешендi - мейрамхананы, дәмхананы, асхананы, барды пайдаланады.
56. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiн орналастыруға, жер учаскелерiн беруге, құрылыс салу мен қайта жаңалауға арналған жобалық құжаттаманы бекітуге, пайдалануға енгiзуге санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды болған жағдайда рұқсат етiледi.
57. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерi жеке тұрған және жалғас салынған ғимараттарда, тұрғын үйге және қоғамдық ғимараттарға іргелес салынған үй-жайларда, ғимараттың бiрiншi және одан төменгi қабаттарында, сондай-ақ өнеркәсiптiк және өзге де объектiлердiң аумақтарында орналасуы мүмкін.
58. Тұрғын үй ғимараттарында орналасқан қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң ғимараттың тұрғын үй бөлiгiнен оқшауланған кіру және эвакуациялық шығу есіктері болуы тиiс. Азық-түлiктiк шикiзатты және тағам өнiмдерiн тұрғын үйдiң аула жағынан қабылдауға жол берiлмейдi. Жүк тиеудi тұрғын үйдiң терезелерi жоқ бүйiр жағынан, арнайы жүк тиейтiн үй-жайлар болған жағдайда магистралдар жағынан жер асты туннелдерiнен атқару қажет.
Шағын өнiмдiлiгi бар объектiлер үшiн оның жұмысы басталғанға дейiн негiзгi кiрер есік жағынан жүк тиеуге рұқсат етiледi.
59. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң жаздық алаңдарын тұрғын үй ғимараттарының бiрiншi қабаты терезелерiнiң алдына және тротуарларға орналастыруға, тамақ дайындайтын технологиялық жабдық пен дыбыс шығаратын аппаратураны орнатуға жол берiлмейдi.
60. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнде қоғамдық тамақтандырумен байланысты емес тұруға, жұмыстар мен қызметтер көрсетуге арналған үй-жайларды орналастыруға, сондай-ақ жануарлар мен құстар ұстауға рұқсат етiлмейдi.
61. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң аумағы абаттандырылуы, таза ұсталуы тиiс, онда көлiктi уақытша қоюға арналған алаңдар, қоқыс жинау үшiн қақпағы бар контейнерлер орнатуға арналған асфальтталған немесе бетондалған алаң көзделуi тиiс. Қоқыс жинау алаңы объектiлерден және тұрғын үйлердің терезелерi мен есiктерiнен кемiнде 25 метр қашықтықта орналастырылады.
62. Сауда қызметiнiң субъектiлерi өз қызметiн қоғамдық тамақтандыру объектiсiнiң сауда залдарында да, олардан тысқары жерлерде де жүзеге асырады.
Қоғамдық тамақтандыру объектiсiнiң үй-жайлары Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген нормалар мен ережелерге сәйкес орналасады және жабдықталады.
63. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерi сатып алушыға осы Ереженiң 13-тармағында көрсетiлген ақпараттан басқа мынадай:
1) ұсынылатын өнiмнiң түр-түрi туралы;
2) ұсынылатын қызметтердiң тiзбесi туралы мәлiметтердi бередi.
64. Сатып алушылардың белгiлi бiр контингентiне (жұмысшылар, оқушылар, жолаушылар, көрермендер және басқалар) қызмет көрсететiн қоғамдық тамақтандыру объектiлерi жанында өздерi орналасқан ұйымдардың, мекемелердiң әкiмшiлiктерiмен келісім бойынша жұмыс режимiне, сабақтар кестесiне, ұшақтардың, пойыздардың, автобустардың қозғалыс кестесiне сәйкес жұмыс режимiн белгiлейдi.
65. Қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнде келушiлерге ас мәзiрiн ұсыну қоғамдық тамақтандырудың ас мәзiрiнде көрсетiлген тауарларын бөлшек саудада сатып алу-сату шартын жасасуына ұсыныс (жария оферта) болып танылады.
66. Санаттар бойынша қоғамдық тамақтандыру объектiлерiнiң қызметiн жүзеге асыруға қойылатын жалпы талаптар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.
5. Сауданың өзге де түрлерiн жүзеге асыру тәртібі
§ 1. Аукциондық сауда
67. Тауарларды сату жөніндегі аукциондық сауда жария сауда жүргiзу жолымен жүзеге асырылады.
Бастапқы баға сатушының сауда-саттық жүргiзу сәтіндегі тауардың рыноктық құны негiзге алына отырып айқындалуы мүмкiн, түпкiлiктi бағаны сатып алушы сауда-саттық жүргiзудiң нәтижесiнде айқындайды.
68. Аукцион нысанындағы конкурстық сауда-саттық кезiнде сатушы аукционның затын ол үшiн неғұрлым жоғары баға ұсынатын аукционға қатысушыға сатуға мiндеттенедi.
69. Аукциондық сауда сатушы жариялаған бағаны арттыру немесе кемiту шарттарында өткiзiлуi мүмкiн.
70. Бағаны төмендетумен өткiзiлетiн аукциондық сауда шарттарында ол бойынша заттың сатылуы мүмкiн болатын ең төменгi баға көзделуi мүмкiн.
71. Осы Ереженiң 18-тармағында көрсетiлген тауарлардан басқа кез келген жылжымалы немесе жылжымайтын мүлiк аукциондық сауданың нысанасы болуы мүмкiн.
72. Аукциондық саудаға қатысу туралы ұсыныстар аукцион заты, оны өткізудiң орны мен уақыты туралы мәлiметтердi қамтиды.
73. Аукциондық саудаға қатысуға тiлек бiлдiрген тұлғалар, егер оны өткізудiң шарттарында өзгеше белгiленбесе, аукцион басталғанға дейiн, аукционға қатысуға өтiнiш бередi және кепiлдiк жарнаның белгiленген сомасын енгізедi.
74. Егер аукционның затын оған қатысушылардың бiр де бiрi сатып алуға тiлек бiлдiрмесе, бастапқы бағаның төмендетiлуi немесе аукционның заты осы аукционнан алып тасталуы мүмкiн.
75. Егер аукцион шарттарында өзгеше белгiленбесе, ең жоғары баға ұсынған аукционға қатысушымен оған аукционның затын сату туралы шарт жасалады.
76. Егер сатып алушы осы Ереженiң 75-тармағында көзделген шартты жасасудан бас тартса, ол аукционға қатысушылардың қатарынан шығарылады, оған кепiлдiк жарна қайтарылмайды, ал сатып алушы оны сатып алудан бас тартқан аукционның заты сауда-саттыққа қайтадан шығарылуы мүмкiн.
77. Аукционға қатысқан, бiрақ онда ештеңе сатып алмаған тұлғаларға кепiлдiк жарнаның сомасы қайтарылады.
Аукционның қандай да бiр затын сатып алған тұлғаларға кепiлдiк жарнаның сомасы төленген сатып алу бағасының есебiне есептеледi.
§ 2. Комиссиялық сауда
78. Комиссияға тауарлар Қазақстан Республикасының азаматтарынан, шетелдiк азаматтардан, азаматтығы жоқ тұлғалардан қабылданады.
79. Егер Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында меншiк құқығы ауысуының өзге тәртібі көзделмеген болса, комиссияға қабылданған тауарға меншiк құқығы ол сатып алушыға сатылған (берiлген) сәтке дейiн комитентте қалады.
80. Комиссионер комитенттiң алдында өзіндегі комитент сату үшiн берген тауардың жоғалғаны, жетпегенi немесе бүлiнгенi үшiн жауап бередi.
81. Комиссионер мен комитент арасындағы келісім бойынша комиссияға жаңа және бұрын тұтынылған азық-түлiк емес тауарлар қабылданады.
82. Комиссияға тауарларды қабылдау комиссионер және комитент қол қоятын мынадай мәлiметтердi қамтитын жазбаша нысандағы комиссия шартын жасау жолымен ресiмделедi:
1) шарттың нөмiрi, оның жасалған күнi;
2) тараптардың атауы және деректемелерi (мекен-жайы, есеп шоты, комиссионердiң телефоны, паспорт деректерi немесе комитенттiң жеке басын куәландыратын өзге де құжаттың деректерi);
3) тауардың атауы;
4) бұрын тұтынылған тауардың тозу деңгейi және кемшiлiктерi;
5) тауардың бағасы;
6) комиссиялық сыйақының мөлшерi және төлеу тәртібі;
7) тауарды комиссияға қабылдау шарттары; тауарға арзандату жүргiзудiң тәртібі мен мөлшерi; тауарды сатудың оны арзандатқанға дейiнгi және кейiнгi мерзiмдерi; комиссионер сатпаған тауарды комитентке қайтарудың шарттары мен тәртібі;
8) комиссионер мен комитент арасында есеп айырысу шарттары мен тәртібі; егер тараптардың келісімi бойынша бұл шығыстар өтелуге жатса, комиссияға қабылданған тауарды сақтау бойынша комиссионердiң шығыстарын төлеу мөлшерi.
Тауарларды комиссияға қабылдау ресiмделетiн шартқа тараптардың келісімi бойынша комитенттiң құқықтарын шектемейтiн қосымша шарттар енгiзiлуi мүмкiн.
Егер комиссияға бiрнеше тауарлар тапсырылса, олардың атаулары мен бағалары тауарларды комиссияға қабылдау ресiмделетiн шарттың ажырамас бөлiгі болып табылатын тауарлар тiзбесiнде көрсетiлуi мүмкiн. Көрсетiлген шарт екi данада жасалады. Бiр данасы комитентке тапсырылады, екiншiсi комиссионерде қалады.
83. Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен мемлекеттік тiркелуге жататын отандық та, шетелдiк те өндiрiстiң автомобильдерi, мотоциклдерi және мототехниканың басқа да түрлерi (бұдан әрi - көлiк құралдары деп аталады), олардың нөмiрлi агрегаттары көлiк құралдарына және олардың агрегаттарына меншiк құқығын, сатуға байланысты олар есептен шығарылғандығын куәландыратын құжаттар болған жағдайда комиссияға қабылданады.
84. Қымбат бағалы металдардан және қымбат бағалы тастардан жасалған бұйымдар осы Ережеде көзделген оларға қойылатын талаптарға сәйкес комиссияға қабылданады.
85. Комиссияға осы Ереженiң 18-тармағында көзделген тауарлар, сондай-ақ үй жағдайларында аурулардың алдын алу мен емдеуге арналған тауарлар; жеке гигиена заттары; парфюмерлiк-косметикалық тауарлар;
полимерлiк материалдардан жасалған тамақ өнiмдерiмен жанасатын, соның iшiнде бiр рет пайдалануға арналған бұйымдар мен материалдар; тұрмыстағы химия тауарлары; дәрiлiк заттар қабылданбайды.
86. Тауарды комиссияға қабылдау кезiнде оған тауарлық жапсырма, ал ұсақ бұйымдарға (сағаттар, моншақтар, сәндi түйреуiштер және басқа да соған ұқсас бұйымдар) - тауарды қабылдау кезiнде ресiмделетiн құжаттың нөмiрi мен бағасы көрсетiлген баға көрсеткiшi бекітіледi.
Комиссияға қабылданған тауарлардың тiзбесiнде және тауарлық жапсырмада тауардың жай-күйiн сипаттайтын мәлiметтер көрсетiледi (жаңа, бұрын тұтынуда болған, тозу дәрежесi, негiзгi тауарлық белгiлерi, тауардың кемшiлiктерi). Комиссияға қабылданған көлiк құралдарына қатысты бұл мәлiметтерге көлiк құралының сәйкестендiру нөмiрi, маркасы, моделi, атауы (түрi), шығарылған жылы, двигателiнiң, шассиiнiң (рамасының), шанағының (тiркемесiнiң), "транзит" тiркеу белгiсiнiң нөмiрлерi, шанағының (кабинаның) түсi, спидометр деректерi бойынша жүрiлгенi, көлiк құралы паспортының сериясы және нөмiрi енгiзiледi, ал Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген көлiк құралына қатысты оның Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кедендiк ресiмделгенiн растайтын құжаттың нөмiрi мен күнi көрсетiледi.
Комиссияға қабылданған тауарлардың тiзбесi мен тауарлық жапсырмаға комиссионер және комитент қол қояды.
87. Комиссионер комитентке оның келісімiмен қосымша қызметтер (тауарды үйде қабылдау және бағалау, iрi көлемдi тауарды комитенттен сауда объектiсiне жеткізу бойынша және басқа) ұсынуы мүмкiн.
88. Комитент кез келген уақытта комиссионерге берiлген тапсырманы бұза отырып, комиссияның шартын орындаудан бас тартуға құқылы. Комиссионер тапсырманы бұзудан туындаған шығындарды өтеудi талап ете алады.
Комитент комиссияның шартында белгiлеген мерзiмде, ал егер мұндай мерзiм белгiленбесе, комиссионердiң қарауындағы өз мүлкiне дереу иелiк етедi.
Егер комитент өз мүлкiне иелік етпесе, комиссионер тауарды комитент есебiнен сақтауға тапсыруы не оны комитент үшiн мүмкiндiгiнше неғұрлым тиiмдi бағаға сатуы мүмкiн.
89. Комиссионер мен комитенттiң арасында комиссия шартының талаптарын орындау жөнiнде туындаған даулар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қаралады.
90. Тауардың бағасы комиссионер мен комитенттiң келісімiмен айқындалады.
91. Комитент комиссионерге комиссиялық сыйақы төлейдi, оның мөлшерi тараптардың келісімiмен айқындалады.
Егер шартта сыйақы мөлшерi немесе оны төлеудiң тәртібі көзделмеген болса және сыйақы мөлшерiн шарттың талаптарына сүйенiп айқындау мүмкiн болмаса, сыйақы комиссия шартын орындағаннан кейiн әдетте осыған ұқсас қызметтер үшiн салыстырмалы жағдайлар кезiнде алынатын мөлшерде төленедi.
92. Комиссияға қабылданған тауар демалыс және мерекелiк күндердi қоспағанда, оны қабылдағаннан кейiн келесі күннен кешiктiрмей сатуға түседi.
Комиссионердiң кiнәсi бойынша тауардың түсуi кешiктiрiлген жағдайда соңғысы комитентке мерзiмi өткен әрбiр күн үшiн сыйақы сомасының үш пайызы мөлшерiнде тұрақсыздық төлемiн төлейдi. Тараптардың келісімi бойынша тұрақсыздық төлемнiң неғұрлым жоғары көлемі белгiленуi мүмкiн.
93. Қабылданған тапсырманы комиссионер комитенттiң нұсқауларына сәйкес, ал шартта мұндай нұсқаулар болмаған жағдайда - комитент үшiн неғұрлым тиiмдi шарттарда, iскерлiк айналымының дәстүрлерiне немесе әдетте қойылатын өзге де талаптарға сәйкес орындайды.
94. Комиссионер, егер iс жағдаяттары бойынша бұл комитенттiң мүддесi үшiн қажет болса және комиссионер комитентке алдын ала сұрау сала алмаса не өз сұрау салуына ақылға қонымды мерзiмде жауап ала алмаса комитент нұсқауынан ауытқуы мүмкiн. Комиссионер жол берілген ауытқулар туралы, хабарлау мүмкiн болған бойда, комитентті хабардар етедi.
Комитент комиссионерге алдын ала сұрау салусыз оның нұсқауларынан ауытқу мүмкiндiгiн беруi мүмкiн. Мұндай жағдайда комиссионер, егер комиссия шартында өзгеше көзделмесе, жол берiлген ауытқулар туралы ақылға қонымды мерзiмде комитенттi хабардар етедi.
95. Оны комиссияға қабылдау кезінде анықталмаған және сатып алушыға сатуға (беруге) дейiн айқындалмаған кемшiлiгi бар жаңа тауар, егер кемшiлiктер комиссионердiң кiнәсi бойынша туындағаны дәлелденбесе, комиссионердiң тауарды сақтау жөніндегі шығыстары төленбестен сатудан алынады және комитентке қайтарылады. Тараптардың келісімi бойынша бұл тауарды пайдаланудың өзге тәртібі айқындалуы мүмкiн.
96. Кепiлдiк мерзiмi бар тауарды сату кезiнде, егер ол мерзiм өтiп кетпесе, сатып алушыға комитенттен алынған кепiлдiк талоны, техникалық паспорты, сервистiк кiтапша немесе оны алмастыратын сатып алушының қалған кепiлдiк мерзiмiн пайдалану мүмкiндiгiн растайтын өзге де құжат берiледi.
97. Егер оның кемшiлiктерi комиссионермен келісілмесе, оған тиiстi сапасы жоқ жарамайтын тауар сатылған сатып алушы, өз қалауы бойынша:
1) соған ұқсас маркадағы (модельдегi, артикулдегi) тауарға ауыстыруды;
2) сатып алу бағасын тиiсiнше қайта есептей отырып басқа маркадағы (модельдегі, артикулдегi) осындай тауарға ауыстыруды;
3) сатып алу бағасын мөлшерлеп кемiтудi;
4) тауардың кемшiлiктерiн дереу тегiн жоюды;
5) тауардың кемшiлiктерiн жоюға жұмсалған шығыстарды өтеудi талап ете алады.
Бұл ретте сатып алушы өзiне тиiстi сапасы жоқ тауарды сату салдарынан келтiрiлген залалдың толық өтелуiн талап ете алады.
Сатып алушының осы тармақтың 1), 4) және 5) тармақшаларында көрсетiлген талаптары комиссионердiң келісімiмен қанағаттандырылуы тиiс.
Сатып алушы, осы тармақта көрсетiлген талаптарды ұсынудың орнына, сатып алған тауардан бас тартуы және тауар үшiн төленген ақшалай соманы қайтаруды талап етуi мүмкiн.
Бұл ретте сатып алушы алынған тиiстi сапасы жоқ тауарды комиссионердiң талабы бойынша және оның есебiнен қайтаруы тиiс.
98. Комиссияға қабылданған тауарларды арзандатудың тәртібі мен мөлшерi комиссия шартын жасасу кезiнде комиссионермен және комитентпен келісіледi.
Шақырту туралы комитенттi хабардар ету тәсiлi және оның келу мерзiмi тараптардың келісімiмен айқындалады.
Комитент арзандатудан бас тартқан жағдайда, егер ол шартта көзделсе, комиссионерге оны сақтау жөніндегі шығыстарды өтей отырып, тауар оған қайтарылады.
Тауарға бағалау жүргiзу шартқа қоса берiлетiн комиссияға қабылданған тауарлардың тiзбесiнде, тауар жапсырмасында немесе баға көрсеткiшiнде көрсетiледi.
99. Комиссионер комитенттiң көрсеткенiнен де неғұрлым тиiмдi шарттарда мәмiле жасаған жағдайда, егер тараптардың келісімiнде өзгеше көзделмесе, қосымша пайда комитент пен комиссионердiң арасында тең бөлiнедi.
100. Мүлікті комитентпен келісілгеннен төмен баға бойынша сатқан комиссионер, егер ол мүлiктi келісілген баға бойынша сатуға мүмкiндiгi болмағанын және мейiлiнше төмен бағамен сату көбірек шығынға әкелетiнiн, сондай-ақ оның комитент нұсқауынан бас тартуға комитенттің алдын ала келісімiн алу мүмкiндiгi болмағанын дәлелдесе, комитентке айырманы өтейдi.
101. Комиссионер сатылған тауар үшін ақшаны комитентке тауар сатылғаннан кейiн үшiншi күннен кешiктiрмей төлейді.
Сатылған тауар үшiн ақша төлеу, сондай-ақ комиссияға қабылданған, бірақ сатылмаған тауарды қайтару комитент комиссия шартының жасалғанын растайтын құжатты, паспортты немесе комитенттiң жеке басын куәландыратын өзге де құжатты ұсынғаннан кейін жүргiзiледi.
Комитенттiң қалауы бойынша, оған сатылған тауар үшiн ақша төлеуді комиссионер қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша жүргiзуi мүмкiн.
102. Комитент уәкiлеттiк берген тұлғаға сатылған тауар үшiн ақша төлеудi, сондай-ақ сатылмаған тауарды қайтаруды комиссионер белгiленген тәртіппен ресімделген сенімхат және комиссия шартының жасалғанын растайтын құжат ұсынылғаннан кейін жүргізуі мүмкiн.
103. Егер тараптардың келісімiнде өзге мерзім белгiленбесе, сатылған тауар үшiн комитентке ақша төленген не оған сатылмаған тауар қайтарылған күннен бастап 30 күннің iшiнде комитенттiң комиссия шартының тиiстi дәрежеде орындалмауымен байланысты талаптары комиссионерге ұсынылуы мүмкін.
§ 3. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауда
104. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауда сатушының жарнама және тауарлар туралы ақпарат таратудың өзге де тәсiлдерi негiзiнде мәліметтер беру жолымен жүзеге асырылады.
105. Тауарларды тапсырыс бойынша сату жиынтық (стандарттық) жөнелтілімдер арқылы да жүзеге асырылуы мүмкiн. Жиынтық (стандарттық) жөнелтілімдер әр түрлі мақсаттағы тауарлар жиынтықтарын қамтуы мүмкiн.
106. Тапсырыстар бойынша жасалатын сауданы сауда қызметінің субъектiлерi сатып алушының көшпелi сауда орындарында, тiкелей, телефон немесе почта тапсырысы арқылы тапсырыстар беруi және (немесе) қабылдауы арқылы жүзеге асырады.
107. Тапсырысты қабылдау және орындау жөніндегі қызметтердiң бағасы, ақы төлеу тәртібі, жеткізу мерзiмi шартпен айқындалады.
108. Тауарларды тапсырыс бойынша босату оралған түрде жүргiзiледi.
Онсыз тауар сатылмайтын ораманың (қағаз, пергамент, целлофан және басқалары) құны тауар бағасына кiредi.
Сатып алушының тiлегi бойынша сатушы тауарды арнайы ыдысқа (себеттер, қораптар, полиэтилен сөмкелер және басқалар) салу, тапсырыстарды сыйлықтық безендiрумен жиынтықтау бойынша қосымша қызметтер көрсетуі тауарларды үйге жеткізу бойынша қызметтер көрсетуі мүмкін.
Арнайы ыдыстардың үлгiлерi олардың құны көрсетiле отырып сатып алушылардың назарына шығарылып қойылады. Тауарлардың орамасы және жеткізу құралдары санитарлық ережелер мен нормалардың талаптарына жауап беруi және тауарлардың сақталуын қамтамасыз етуi тиiс.
109. Тапсырысты жинақтағаны үшiн төлем, тауарларды сатып алушының үйiне жеткізу бойынша, сондай-ақ басқа да қосымша қызметтер көрсеткені үшiн шығыстар тапсырыс құнына кiредi және оларды прейскуранттың негiзiнде сатушы айқындайды.
110. Тауарды елдi мекен шегiнде жеткізу қолма-қол жүзеге асырылады, тауарларды басқа орындардан жеткізу көлік немесе почта ұйымымен шарт жасасу арқылы да жүзеге асырылуы мүмкін.
Тауарлар басқа елді мекеннен жеткiзiлген жағдайда тауар үшін есеп айырысуды, сондай-ақ көлік немесе почта ұйымы көрсеткен қызметтерге ақы төлеудi сатушының агентi жүзеге асырады.
111. Тапсырыстарды қабылдау, беру және жеткізу сатып алушымен келісілген уақытта жүргiзiледi. Сатып алынған тауарларға төлемдi қолма-қол және қолма-қол ақшасыз түрде жүргізуге рұқсат етiледi.
112. Қабылданған тапсырысты жиынтықтау кезiнде сатушы сатып алушының келісімiнсiз тауарлардың түр-түріне өзгерістер енгiзбейдi. Тапсырыс берiлген тауарлардың қандай да бірі болмаған жағдайда сатушы сатып алушыны ескертедi және оған тиiстi ауыстыру ұсынады.
113. Тауарларға тапсырыстар Қазақстан Республикасының заңнамалық кесiмдерiмен қандай да бiр тауарларды сату кезiнде тұтынушының жасы бойынша шектеу белгiленетiн жағдайларды қоспағанда, тауар сатып алу үшiн жүгiнген әрбiр адамнан қабылданады. Тапсырыстарды қабылдау және беру, егер заңнамада өзгеше көзделмесе телефон бойынша, азаматтардың жұмыс орны бойынша және өзге де орындарда жүзеге асырылады.
114. Сатып алушыға шарттасқан мерзімде тапсыру мүмкiндiгiнiң болмауына байланысты қайтарылған тапсырысты сатушы өзiнiң қалауы бойынша пайдаланады.
115. Тапсырыс беруші шарттың талаптары бұзылмастан орындалған тапсырысты қабылдаудан бас тартқан жағдайда, тапсырыс беруші тауарды тапсырыс берушіге дейiн және керi қарай тасымалдау жөніндегі қызметтiң құнын өтейдi.
116. Сатушы шарттың талаптарын бұзған жағдайда сатып алушы өз таңдауы бойынша тапсырысты орындаудың жаңа мерзімін белгiлеуге, тауар үшiн төлемді азайтуды талап етуге, шартты бұзуға және залалдарды өтеудi талап етуге немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де шаралар қабылдауға құқылы.
§ 4. Шекара маңындағы сауда
117. Шекара маңындағы сауданы Қазақстан Республикасының шекара маңы аумағы мен шектес мемлекеттiң тиісті шекара маңы аумағындағы жеке және заңды тұлғалар жүзеге асырады.
118. Шекара маңындағы сауданы жүзеге асыру тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасы бекіткен шектес мемлекеттермен жасасқан халықаралық шарттарда белгiленген талаптарға сәйкес айқындалады.
§ 5. Көшпелi сауда
119. Көшпелi сауда тиістi аумақта жоқ тауарларға тұтынушылық қажеттіліктi қанағаттандыру үшiн не осы аумақта сауда объектiлерi болмаған жағдайда жүзеге асырылады.
120. Сауда қызметiнiң субъектілері көшпелi сауданы жергiлiктi атқарушы органдар белгiлеген арнайы бөлінген орындарда жүзеге асырады.
Көшпелi сауда автодүкендерде және (немесе) шатырларда жүзеге асырылады.
Көшпелi сауданы жүзеге асыру кезiнде сауда қызметiнiң субъектiлерi осы Ереженiң нормаларын басшылыққа алады.
§ 6. Көрме-жәрмеңкелік сауда
121. Көрме-жәрмеңкелiк сауда орталық атқарушы органдардың, олардың құрылымдық бөлiмшелерiнiң немесе жергiлікті атқарушы органдардың, сондай-ақ сауда қызметі субъектiлерiнiң рынок конъюнктурасын зерделеу, тауарларды сатып алу-сатуды ұйымдастыруға жәрдемдесу, шарттар жасасу және жаңа сауда байланыстарын орнату мақсатында көрмелер және жәрмеңкелер ұйымдастыруы жолымен жүзеге асырылады. Көрме-жәрмеңкелiк сауда тауарлар үлгілерiн көрсетумен байланысты болады.
Сауда қызметі субъектiлерi қоғамдық орындарда көрме-жәрмеңкелiк сауданы өткізудi тиiстi аумақтың жергілікті атқарушы органымен өткізу уақытын және орнын келiсу арқылы жүзеге асырады.
Көрме-жәрмеңкелiк сауданы жүзеге асыратын сауда қызметiнiң субъектiлерi өз қызметінде осы Ереженің нормаларын басшылыққа алады.
122. Шартта белгiленген жағдайларда және мерзiмде қайта әкелуге жататын тауарды көрме-жәрмеңкелік сауданы жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерге әкету Қазақстан Республикасының кедендiк заңнамасына сәйкес реттеледi.
§ 7. Электрондық сауда
123. Электрондық сауда электрондық саудаға қатысушылардың электрондық байланыс құралдарын пайдалана отырып, тауарларды сатып алу-сатуға арналған келісімiнiң (шартының) негiзiнде сауда мәмiлелерiн жасасу жолымен жүзеге асырылады.
124. Электрондық саудаға қатысушылардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қорғау сауда қызметi субъектiлерi үшiн көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
125. Электрондық сауданы жүзеге асырудың тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалады.
§ 8. Тауарлардың биржалық саудасы
126. Биржалық сауда Қазақстан Республикасының тауар биржалары туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
127. Биржа биржалық тауарлардың көтерме саудасын жүргiзумен тiкелей байланысты ұйымдастыру және реттеу қызметiн жүзеге асырады.
128. Биржалар биржалық саудаға тiкелей байланысты емес сауда, сауда-делдалдық және кез келген өзге де қызметтi жүзеге асырмайды.
129. Көпшiлiк сауда-саттыққа биржа шығаратын биржалық тауар нормативтiк құжаттаманың талаптарына және қолданыстағы стандарттарға жауап бередi.
130. Биржалық сауда-саттық барысында биржа тiркеген биржалық саудаға қатысушылар биржалық тауарға қатысты жасасатын шарт (келісім, келісім-шарт) биржалық мәмiле болып табылады. Биржалық мәмiлелердi тiркеу және ресiмдеу тәртібін қолданыстағы заңнамаға сәйкес биржа белгілейдi.
131. Биржада белгiленбеген тәртiппен жасалған мәмiлелерге биржаның кепiлдiктерi қолданылмайды.
132. Биржалық сауда-саттық барысында биржалық саудаға қатысушылар:
1) нақты тауарға қатысты құқықтар мен мiндеттердi өзара табыстауға;
2) жеткiзiлу мерзiмi кейiнге қалдырылған нақты тауарға қатысты құқықтар мен мiндеттердi өзара табыстауға (форвардтық мәмiлелер);
3) биржалық тауарды болашақта жеткізуге арналған стандартты келісім-шарттарға қатысты құқықтар мен мiндеттердi өзара табыстауға (фьючерстiк мәмiлелер);