Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 қыркүйектегі № 785 қаулысына толықтырулар мен өзгеріс енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 26 маусымдағы № 614 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 31 желтоқсандағы № 1525 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Ұшуды және авиациялық электр байланысын радиотехникалық қамтамасыз ету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 10 қыркүйектегі № 785 қаулысына мынадай толықтырулар мен өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Ұшуды радиотехникалық қамтамасыз ету және авиациялық электр байланысы ережесінде:
72-тармақ мынадай мазмұндағы екінші абзацпен толықтырылсын:
«ҰРТҚ және байланыс құралдарын жердегі тексерулер Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға (1944 жыл, Чикаго қаласы) 10-қосымшада және Радионавигациялық құралдарды сынау жөніндегі басшылықта (Doc 8071 Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) белгіленген мерзімділікпен және көлемде жүргізіледі.»;
мынадай мазмұндағы 73-1, 73-2, 73-3 және 73-4-тармақтармен толықтырылсын:
«73-1. Міндеттерге байланысты ҰРТҚ және байланыс құралдарын ұшулар кезіндегі тексерулер мынадай түрлерге бөлінеді:
1) пайдалануға беру кезінде;
2) кезеңдік;
3) арнайы.
73-2. Пайдалануға беру кезіндегі ұшулар кезінде тексерулер құралдар жұмысының сапасы туралы толық және жан-жақты ақпарат алу мақсатында және жабдықтың пайдалану құжаттамасының талаптарына сәйкестігін анықтау үшін ҰРТҚ және байланыс құралдарының параметрлері мен сипаттамаларын жердегі тексерулерден кейін жүргізіледі. Осы тексерулердің нәтижелері жердегі тексерулермен бір кешенде ҰРТҚ және байланыс құралдарының пайдалануға жарамдылығын анықтауға негіз болады.
73-3. Кезеңдік ұшулар кезіндегі тексерулер ҰРТҚ және байланыс құралдарының параметрлері мен сипаттамаларының пайдалану құжаттамаларының талаптарына сәйкестігін бақылау мақсатында, тұрақты негізде жүргізіледі.
73-4. Арнайы ұшулар кезіндегі тексерулер ҰРТҚ және байланыс құралдарының параметрлері мен техникалық сипаттамаларының пайдалану құжаттамасының талаптарына сәйкестігін растау мақсатында жүргізіледі және мынадай жағдайларда орындалады:
1) жабдықтың кеңістіктік сипаттамасына әсер ететін бюлеттеньдер бойынша құралдарды жетілдіруді (жаңғыртуды) жүргізу - пайдалануға беру бағдарламасы бойынша;
2) алты айдан астам мерзімге регламенттен алынып тасталғаннан кейін жабдықтың жұмысын қалпына келтіру және оны пайдалануға беру - пайдалануға беру бағдарламасы бойынша;
3) құралдың антенна-фидерлік қондырғысын ауыстыру, жөндеу немесе оның орнатылған орнын өзгерту - пайдалануға беру бағдарламасы бойынша;
4) әуе кемелерінің қонуға аспаптық кіруінің радиомаяк жүйесін (РМС/ILS), азимуттық-алыстан өлшеуіш радиомаяктарды (VOR, DМЕ), жетекті радиостанцияларды (ПРС, NDB) жаңа жұмыс жиілігіне ауыстыру - жабдықтың негізгі және резервтік жиынтығын тексере отырып, кезеңдік бағдарлама;
5) әуе кемелерінің қонуға аспаптық кіруінің радиомаяктік жүйесі глиссадасының көлбеу бұрышын өзгерту - жабдықтың негізгі және резервтік жиынтығын тексере отырып, кезеңдік бағдарлама;
6) жердегі немесе ұшу кезіндегі бақылау нәтижелері бойынша құралдардың техникалық сипаттамаларының сәйкессіздігін анықтау - ҰРТҚ және байланыс құралдарын техникалық пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдардың басшысы бекіткен бағдарлама бойынша;
7) авиациялық оқиғалар мен оқыс оқиғаларды тексеру - тексеру жөніндегі комиссияның басшысы бекіткен бағдарлама бойынша;
8) радиокедергілердің көздерін және құралдардың тұрақсыз жұмысының басқа да себептерін анықтау - ҰРТҚ және байланыс құралдарын техникалық пайдалануды жүзеге асыратын ұйымның басшысы бекіткен бағдарлама бойынша.»;
74-тармақ мынадай редакцияда баяндалсын:
«74. ҰРТҚ және байланыс құралдарын ұшулар кезіндегі тексерулер Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияға (1944 жыл, Чикаго қаласы) 10-қосымшада және Радионавигациялық құралдарды сынау жөніндегі басшылықта (Doc 8071 Халықаралық азаматтық авиация ұйымы) белгіленген мерзімділікпен және көлемде жүргізіледі.».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |