Қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік туралы
2002 ж. 3 сәуірдегі № 314-ІІ
Қазақстан Республикасының Заңы
(2007.27.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
Осы редакция 2008 жылғы 26 мамырдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
1-тарау. Жалпы ережелер (1 - 5 баптар)
2-тарау. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының (6 - 9 баптар)
өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құзыреті
3-тарау. Заңды және жеке тұлғалардың өнеркәсіптік (10 - 12 баптар)
қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
4-тарау. Аварияларды жоюға әзірлікті қамтамасыз ету және (13 - 14 баптар)
олардың себептерін тексеру
5-тарау. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау мен (15 - 17 баптар)
қадағалау
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен мәтіндегі «мен қадағалау» деген сөздер алып тасталды, «бақылау мен қадағалауды» деген сөздер «бақылауды» деген сөзбен ауыстырылды (бұр. ред. қара)
Осы Заң қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы құқықтық қатынастарды реттейді және қауіпті өндірістік объектілерде авариялардың алдын алуға, олардың салдарын шектеуге және зардаптарын жоюға ұйымдардың әзірлігін, авариялардың жеке және заңды тұлғаларға, қоршаған орта мен мемлекетке келтірілген залалдарын кепілдікпен өтеуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Еңбек қатынастары мен еңбекті қорғау, экологиялық, өрт қауіпсіздігі саласындағы, атом энергиясы мен ғарыш кеңістігін пайдалану, химиялық және ядролық қаруды жою, оқ-дәрілерді пайдалану мен кәдеге жарату кезіндегі қауіпсіздік саласындағы құқықтық реттеу Қазақстан Республикасының арнайы заңдарымен жүзеге асырылады.
1-тарау. Жалпы ережелер
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 1-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
1-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негізгі ұғымдар
Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авария - ғимараттардың, құрылыстардың және (немесе) қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың бұзылуы, бақыланбайтын жарылыс және (немесе) қауіпті заттардың шығарындысы;
2) инцидент - қауіпті өндірістік объектіде қолданылатын техникалық құрылғылардың істен шығуы немесе бұзылуы, технологиялық процестің режимінен ауытқуы, Қазақстан Республикасы заңнамасының бұзылуы;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік - жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаның қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардан және аталған авариялардың салдарларынан қорғалуының жай-күйі;
4) уәкілетті орган - өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2-бап. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдары
1. Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заң мен Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 3-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3-бап. Қауіпті өндірістік объектілер
1. Қауіпті өндірістік объектілерге мынадай:
1) тұтанғыш - қалыпты қысым және ауамен қосылу жағдайында тұтанғыш болатын және қайнау температурасы қалыпты қысым жағдайында 20 немесе одан төмен Цельсий градус құрайтын заттар;
2) жарылғыш - сыртқы әсердің белгілі бір түрлері кезінде жылу бөліп, газ құрап, өз-өзінен жылдам тарайтын химиялық өзгерістерге ұшырай алатын заттар;
3) жанғыш - өздігінен тұтанып, сондай-ақ от алдыру көзінен от алып, оны алып тастағаннан кейін өздігінен жанатын заттар;
4) тотықтандырғыш - жануға көмектесетін, тұтануды тудыратын және (немесе) тотықтандыру-қалпына келтірудің экзотермиялық реакциясы нәтижесінде басқа заттардың тұтануына себеп болатын заттар;
5) уытты - тірі организмдерге әсер ету кезінде олардың өліміне әкеп соқтыруға бейім және мынадай сипаттамасы бар заттар:
асқазанға енгізілген кезде бір килограмм салмаққа қоса алғанда 15-тен 200 миллиграмға дейін келетін өлтіретін орташа доза;
теріге енгізген кезде бір килограмм салмаққа қоса алғанда 50-ден 400 миллиграмға дейін келетін өлтіретін орташа доза;
ауадағы өлтіретін орташа шоғырлануы бір литрге қоса алғанда 0,5-тен 2 миллиграмға дейін келетін мөлшердегі;
6) жоғары уытты - тірі организмдерге әсер ету кезінде олардың өліміне әкеп соқтыруға бейім және мынадай сипаттамасы бар заттар:
асқазанға енгізілген кезде бір килограмм салмаққа қоса алғанда кемінде 15 миллиграмнан келетін өлтіретін орташа доза;
теріге енгізген кезде бір килограмм салмаққа қоса алғанда кемінде 50 миллиграмнан келетін өлтіретін орташа доза;
ауадағы өлтіретін орташа шоғырлануы бір литрге қоса алғанда кемінде 0,5 миллиграмнан келетін мөлшердегі;
7) қоршаған табиғи орта үшін қауіп тудыратын заттар, соның ішінде су ортасында мынадай өте уытты көрсеткіштермен сипатталатын заттар:
балыққа тоқсан алты сағат бойына ингаляциялық әсер ету жағдайында орташа өлімге әкеп соғатын мөлшерге литріне 10 миллиграмнан аспайтын;
дафнииге қырық сегіз сағат бойына әсер ету жағдайында нақты әсер тудыратын удың орташа шоғырлануы литріне 10 миллиграмнан аспайтын;
балдырларға жетпіс екі сағат бойына әсер ету жағдайында орташа тежейтін шоғырлануы литріне 10 миллиграмнан аспайтын қауіпті заттардың бірі өндірілетін, пайдаланылатын, қайта өңделетін, түзілетін, сақталатын, тасымалданатын, жойылатын объектілер жатады.
2. Қауіпті өндірістік объектілерге сонымен қатар мынадай:
1) 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен немесе судың қайнау температурасы кезінде 115 Цельсий градусынан жоғары температурада жұмыс істейтін техникалық құрылғы;
2) қара және түсті металдардың балқымалары және осы балқымалардың негізіндегі қорытпалар;
3) тау-кен, геологиялық барлау, бұрғылау (соның ішінде теңіз шельфтері мен ішкі тоғандарындағы), жарылыс жұмыстары, пайдалы қазбаларды өндіру және байыту жөніндегі жұмыстар, жер асты жағдайындағы жұмыстар;
4) құрамында адам денсаулығы мен қоршаған орта үшін қауіпті заттары бар өндіріс қалдықтары;
5) жүк көтергіш механизмдер, эскалаторлар, аспалы жолдар, фуникулерлер, лифтілер;
6) қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын электр қондырғыларының барлық түрлері;
7) қауіпті өндірістік объектілердің гидротехникалық ғимараттары;
8) радиоактивті және ионды сәулелену көздері;
9) қару-жарақ пен олардың оқ-дәрілерін әзірлеу, өндіру, жөндеу, сату, сақтау және кәдеге жарату жатады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 4-бап өзгертілді (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 4-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
4-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету
1. Өнеркәсіптік қауіпсіздік:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің міндетті талаптарын белгілеу және орындау;
2) қауіпті өндірістік объектілерде өнеркәсіптік қауіпсіздік нормаларына сәйкестігін растау рәсімдерінен өткен технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға жіберу;
3) қауіпті өндірістік объектінің қауіпсіздігін декларациялау;
4) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау, сондай-ақ өндірістік қадағалау;
5) қауіпті өндірістік объектілердің өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама жасау;
6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізуге ұйымды аттестаттау;
7) өнеркәсіптік қауіпсіздікке мониторинг жүргізу арқылы қамтамасыз етіледі.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары өнеркәсіптік қызметкерді, халық пен аумақтарды төтенше жағдайлардан қорғау, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы, қоршаған табиғи ортаны қорғау, экологиялық қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау, құрылыс саласындағы нормаларға, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы техникалық регламенттер талаптарына сәйкес болуға тиіс.";
5-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ақпарат
Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары, жеке және заңды тұлғалар қауіпті өндірістік объектілері бар ұйымның әкімшілігінен қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы толық және дұрыс ақпарат алуға құқылы.
2-тарау.
Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының
өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құзыреті
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 6-баптың тақырыбы өзгертілді (бұр. ред. қара)
6-бап. Қазақстан Республикасы Үкіметінің құзыреті
Қазақстан Республикасының Үкіметі:
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын әзірлейді және іске асыруды қамтамасыз етеді;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара)
2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бағдарламаларды бекітеді;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгерді (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
3) техникалық регламенттерді бекітеді;
4) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 5) тармақшамен толықтырылды
5) уәкілетті органның ведомстволары жанында екі немесе бірнеше әкімшілік-аумақтық бірліктерде арнайы бақылау функцияларын жүзеге асыратын аумақтық бөлімшелер құрады.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 7-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
7-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның құзыреті
Уәкілетті орган:
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды қамтамасыз етеді;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 1-1) тармақшамен толықтырылды
1-1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) орталық және жергілікті атқарушы органдарының қызметін үйлестіреді;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2) меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан барлық ұйымдардағы қауіпті объектілерде төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
2004.20.12. № 13-III (бұр. ред. қара); 2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара); 2006.29.12. № 209-III (бұр.ред.қара) ҚР Заңдарымен 3) тармақша жаңа редакцияда; 2006.29.12. 209-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) техникалық регламенттерді бекітуді қоспағанда, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы, оның ішінде мамандандырылған мемлекеттік ғылыми-зерттеу ұйымдарын тарту арқылы нормативтік құқықтық актілерді әзірлейді, аталған нормативтік құқықтық актілерді бекітеді немесе келіседі;
4) қауіпті өнеркәсіптік объектілердегі авариялардың себептерін тексеруді ұйымдастырады;
5) егер өнеркәсіптік қауіпсіздік ережелеріне сәйкес әзірленген аварияларды жою жоспарында өзге тәртіп көзделмеген болса, қауіпті өндірістік объектілердегі авариялардың салдарын шектеу және зардаптарын жою жөніндегі жұмысқа бақылау жасайды;
6) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ведомстволық бағыныстағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының қызметіне басшылық жасайды, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша мамандандырылған ғылыми-зерттеу және жобалау-конструкторлық ұйымдардың жұмысын үйлестіреді;
7) ғылыми зерттеулерді, білімді насихаттауды, халықты, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ұйымдардың лауазымды адамдары мен қызметкерлерін оқытуды ұйымдастырады;
8) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңдарының сақталуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырады;
9) әскерилендірілген тау-кен құтқару, газдан құтқару және фонтандарға қарсы қызметтер мен құралымдар қызметіне басшылық жасайды;
10) қауіпті өндірістік объектілерді есепке алу ісін жүзеге асырады;
11) қауіпті өндірістік объектілерді бірдейлендірудің - объектіні ұйымдардың құрамында қауіпті өндірістік объектілер санатына жатқызудың негізгі талаптарын белгілейді;
12) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпарат беру тәртібін айқындайды;
13) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады, шетелдік ұйымдар мен азаматтардың қызметін реттейді;
14) қауіпті өндірістік объектіде сөзсіз аварияға ұрындыру қаупі бар қызметті осы қауіп жойылғанға дейінгі кезеңге тоқтата тұруға құқығы бар.
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 15) тармақшамен толықтырылды
15) мүдделі орталық атқарушы органдармен бірлесе отырып, олардың құзыреті шегінде авариялардың себептерін тексеруді жүргізеді;
2006.31.01. № 125-III ҚР Заңымен 16) тармақшамен толықтырылды; 2006.29.12. № 659 ҚР Заңымен 16) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
16) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген құзырет шегінде әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізуді жүзеге асырады;
2006.29.12. 209-III ҚР Заңымен 17) - 27) тармақшалармен толықтырылды
17) техникалық регламенттерді әзірлейді немесе келіседі;
18) өндірістік қадағалау тиімділігін, ұйымдардың аварияларды және оның салдарын жоюға дайындығын, қауіпті өндірістік объектілерде авария салдарын оқшаулау және жою жөніндегі жұмыстарды бақылайды;
19) жұмыстың қауіпті түрлерін жүргізген кезде технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды (оның ішінде шетелдік) қолдануға, дайындауға рұқсаттар береді;
20) өнеркәсіптік қауіпсіздік мониторингін жүргізеді;
21) қауіпті өнеркәсіптік объектілерді есепке алуды жүзеге асырады;
22) қауіпті өндірістік объектілерде ғимараттарға, құрылыстарға, техникалық құрылғыларға, материалдарға қазіргі заманғы техникалық растаудың жүргізілуін бақылайды;
23) ұйымдарды өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізу құқығына аттестаттауды және олардың қызметін бақылауды жүзеге асырады;
24) әскерилендірілген тау-кен құтқару, газдан құтқару, бұрқақты тоқтату қызметтері мен құралымдарының қызметіне басшылық жасайды;
25) техникалық құрылғыларды, материалдарды қабылдап алу сынақтарын жүргізуді келіседі;
26) өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясына сараптама жүргізеді;
27) өзінің жекелеген өкілеттіктерін жүзеге асыруды аумақтық бөлімшелерге береді.
8-бап. 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
9-бап. Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы құзыреті
Жергілікті мемлекеттік басқару органдары өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өздерінің өкілеттігі шегінде:
1) 2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен алып тасталды (бұр. ред. қара)
2) қауіпті өндірістік объектілерді авариялар болған жағдайларда қолда бар күшті, құралдар мен ресурстарды тарта отырып, салдарын шектеу, адамдардың өмірін құтқару, олардың денсаулығын, құқықтары мен мүдделерін қорғау, меншікті күзету, қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі іс-шараларды орындау жағынан қажетті көмек көрсетеді;
2004.20.12. № 13-III ҚР Заңымен 3) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
3) қауiптi өндiрiс объектiлеріндегі авариялардың алдын алу және жою жөніндегі шаралар туралы халықты және ұйымдарды хабардар етедi.
2006.29.12. 209-III ҚР Заңымен 4) тармақшамен толықтырылды
4) жерлерді қауіпті өндірістік объектілерге беруді уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен келіседі.
3-тарау. Заңды және жеке тұлғалардың өнеркәсіптік
қауіпсіздікті қамтамасыз ету
жөніндегі міндеттері
2006.29.12. 209-III ҚР Заңымен 10-бап өзгертілді (бұр.ред.қара)
10-бап. Жұмыскерлердің өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі міндеттері
Қауіпті өндірістік объектілердегі жұмыскерлер:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға;
2006.29.12. 209-III ҚР Заңымен 2) тармақша жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
2) ұйымның әкімшілігін қауіпті өндірістік объектідегі авариялар, инциденттер туралы дереу хабардар етуге;
2006.29.12. 209-III ҚР Заңымен 3) тармақша өзгертілді (бұр.ред.қара)
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша оқытуға және нұсқама алуға, қайта даярлаудан, аттестаттаудан өтуге;
4) авариялар себептерін тексеру кезінде көмек көрсетуге міндетті.
2004.20.12. № 13-III ; 2006.31.01. № 125-III (бұр. ред. қара) ҚР Заңдарымен 11-бап өзгертілді; 2006.29.12. 209-III ҚР Заңымен 11-бап жаңа редакцияда (бұр.ред.қара)
11-бап. Қауіпті өнеркәсіптік объектіге ие жеке және заңды
тұлғалардың міндеттерi
Қауіпті өнеркәсіптік объектілердің иелері:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің талаптарын сақтауға;
2) Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға жол берілген технологияларды, техникалық құрылғыларды, материалдарды қолдануға;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына өндірістік қадағалауды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға;
4) нормативтік құқықтық актілерде белгіленген мерзімдерде немесе мемлекеттік инспектордың ұйғарымы бойынша ғимараттың өнеркәсіптік қауіпсіздігіне сараптама жүргізілуін, тау-кен жұмыстарын дамыту жоспарының келісілуін, қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын құрылыстар мен техникалық құрылғыларға, материалдарға диагностика, сынақ, растау жүргізілуін қамтамасыз етуге;
5) әрі қарай пайдаланудың ықтимал мерзімін анықтау үшін пайдаланудың нормативтік мерзімінен өткен техникалық құрылғыларға, материалдарға сараптама жүргізуге;
6) белгіленген талаптарға сай келетін лауазымды тұлғалар мен жұмыскерлерді қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа жіберуге;
7) қауіпті өндірістік объектілерге бөгде адамдардың кіруін болғызбауға;
8) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне өндірістік қадағалауды ұйымдастыру тәртібі туралы және оны жүзеге асыруға уәкілетті жұмыскерлер туралы мәліметтерді ұсынуға;
9) авариялардың туындау себептеріне талдау жүргізуге, авариялардың және олардың зардаптарының алдын алуға, оларды жоюға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға;
10) уәкілетті мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесін, жергілікті мемлекеттік басқару органдарын, халықты және жұмыскерлерді авариялар туралы дереу хабардар етуге;
11) авариялардың есебін жүргізуге;
12) мемлекеттік инспекторлар берген өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын бұзуды жою жөніндегі ұйғарымды орындауға;
13) қауіпті өндірістік объектінің қаржы-экономикалық қызметінің жоспарларын әзірлеу кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған шығындарды көздеуге;
14) уәкілетті органның аумақтық бөлімшелеріне авариялар, жарақат алу және кәсіби аурулар туралы ақпарат ұсынуға;
15) қызметі үшінші тұлғаларға залал келтіру қаупіне байланысты декларациялануға жататын қауіпті өндірістік объектілер иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыруға;
16) мемлекеттік органдарға, азаматтарға қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы дұрыс ақпарат ұсынуға;
17) тексерудің тағайындалғаны туралы құжатты және қызметтік куәлікті көрсеткен кезде осы Заңмен жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік инспекторды қауіпті өндірістік объектілерге кедергісіз кіргізуге;
18) өзінің нормативтік мерзімін өтеген техникалық құрылғылардың, материалдардың уақтылы жаңартылуын қамтамасыз етуге;
19) осы Заңмен айқындалған қауіпті өндірістік объектілерді декларациялауға;
20) жұмыстардың қауіпсіз орындалуын қамтамасыз ететін ұйымдық-техникалық іс-шаралардың белгіленген талаптарына сәйкес қауіпті өндірістік объектінің жұмыскерлер штатының жасақталуын қамтамасыз етуге;
21) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыскерлерді даярлауды, қайта даярлауды, біліктілігін арттыруды және аттестаттауды қамтамасыз етуге;
22) өнеркәсіптік қауіпсіздіктің декларациясына сараптама жүргізуді қамтамасыз етуге;
23) кәсіби авариялық-құтқару қызметтерімен және құрылымдарымен қызмет көрсетуге шарт жасасуға немесе жеке кәсіби авариялық-құтқару қызметтерін және құрамаларын құруға;
24) аварияның зардаптарын оқшаулау және оларды жою үшін материалдық резервтер мен қаржы ресурстарының болуы;
25) жұмыскерлерді қауіпті өндірістік объектілерде авария болған жағдайда қорғану және әрекет ету әдістерін оқытуға;
26) қауіпті өндірістік объектілерде авария болған жағдайда қадағалау, хабарлау, байланыс және іс-әрекетті қолдау жүйелерін жасауға және олардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етуге;
27) қауіпті заттардың өнеркәсіптік объектіде болуы осы Заңның қосымшасына сәйкес декларациялану үшін негіз болып табылатын, олардың тасымалданатыны туралы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне үш тәулік бұрын хабарлауға;
28) қауіпті өндірістік объектілерді уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерінде есепке алуды, есептен шығаруды жүзеге асыруға;
29) қауіпті өндірістік объектілердің құрылысына, оларды реконструкциялауға, жаңғыртуға, жоюға (соның ішінде таратуға) арналған жобаларды уәкілетті органмен келісуге;
30) қауіпті өндірістік объектілерді пайдалануға беру кезінде уәкілетті орган өкілінің қатысуымен қабылдау сынақтарын жүргізуге міндетті.
2006.29.12. 209-III ҚР Заңымен 11-1-баппен толықтырылды
11-1-бап. Өнеркәсіптік қауіпсіздікті міндетті декларациялау
1. Міндетті декларациялануға осы Заңның қосымшасына сәйкес қауіпті заттар әзірленетін, өндірілетін, пайдаланылатын, қайта өңделетін, түзілетін, сақталатын, тасымалданатын, жойылатын объектілер, қара және түсті металл қорытпалары мен осы қорытпалар негізіндегі балқымалары, кен, геологиялық барлау, бұрғылау (оның ішінде теңіз шельфтері мен ішкі су қоймаларында), пайдалы қазбаларды игеру және байыту жөніндегі жарылыс жұмыстары, жер асты жағдайындағы жұмыстар, радиоактивті және ионды сәулелену көздері, қауіпті өндірістік объектілердің гидротехникалық құрылыстары, қару-жарақ және оқ-дәрілер жатады.
2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясы (бұдан әрі - декларация) қауіпті өндірістік объектіні салуға, кеңейтуге, реконструкциялауға, техникалық жарақтандыруға, сақтауға және жоюға арналған жобаның құрамында әзірленеді, қайта қаралады.
3. Декларация мынадай мәліметтерді:
1) қауіпті заттар (оның ішінде өндірілетін) тізбесін және олардың сипаттамаларын;
2) қауіпті әсер ету факторларын (әр фактор жеке; басқа факторлармен өзара әрекетте; қоршаған ортамен өзара әрекетте);
3) қауіпті факторлардың таралуы туралы технологиялық деректерді;
4) қауіптілік пен тәуекелге талдауды;
5) қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі техникалық шешімдерді;
6) авариялық жағдайлардың туындау жағдайына талдауды;
7) қызметкерлерді авария жағдайында іс-әрекетке дайындауды;
8) авариялардың туындауы мен дамуының ықтимал сценарийлерінің схемасын;
9) аварияны жою жоспарын (хабарлау жүйесі; адамдарды қорғау жөніндегі құралдар мен шаралар; аварияларды, төтенше жағдайларды жоюға арналған резервтік ресурстар; зардап шеккендерге көмек көрсету бойынша медициналық қамтамасыз ету) қамтуға тиіс.
4. Декларацияны әзірлеуді қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйым не өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізуге аттестатталған ұйым жүзеге асырады. Декларацияны әзірлеу ережесін уәкілетті орган белгілейді.
5. Декларация ондағы өндірістік қауіпсіздік мәліметтері өзгерген немесе өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары өзгерген кезде өзгерістер пайда болған кезден бастап үш ай ішінде нақтыланады.
6. Декларацияны қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымның басшысы бекітеді.
Қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйымның иесі декларациядағы мәліметтердің уақтылы ұсынылуына, оның толықтығы мен дұрыстығына Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапты болады.