Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден қорғау
жөніндегі ереженi бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2003 ж. 1 тамыздағы № 773 қаулысы
Осы редакция 2008 жылғы 13 мамырдағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
"Өсiмдiктep карантинi туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпандағы Заңын iске асыру және Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден қорғау жөніндегі мемлекеттік шараларды жүзеге асыру мақсатында Қазақстан Республикасының ?кіметi қаулы етеді:
1. Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден қорғау жөніндегі ереже бекітілсiн.
2. "Қазақстан Республикасы аумағын карантиндiк объектiлерден қорғау жөніндегі ереженi және Карантиндiк объектiлердiң тiзбесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінiң 2000 жылғы 30 желтоқсандағы № 1960 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПYКЖ-ы, 2000 ж., № 56, 630-құжат) күшi жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулы қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі | Д. Ахметов |
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2003 жылғы 1 тамыздағы
№ 773 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк
объектiлерден қорғау жөнiндегі ереже
Осы Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден қорғау жөніндегі ереже (бұдан әрi - Ереже) "Өсiмдiктер карантинi туралы" Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 11 ақпандағы Заңына сәйкес әзiрлендi.
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ережеде пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
1) алу актiсi - Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен және жағдайларда залалданған карантинге жатқызылған өнiмдi (жүктi) алуға өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспектор беретiн құжат;
2) карантиндiк тексеру актiсi - карантинге жатқызылған өнiмдi тiкелей тексерген өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспектор беретiн және растайтын карантинге жатқызылған өнiмнiң (жүктiң) және көлiк құралдарының карантиндiк тексеру сәтіндегі карантиндiк жай-күйi туралы куәландыратын құжат;
3) өсiмдiктердiң iшкi карантинi - карантиндiк объектiлердiң Қазақстан Республикасының iшiнде таралуының алдын алуға, карантиндiк объектiлердiң ошақтарын уақтылы анықтауға, оқшаулауға және жоюға бағытталған өсiмдiктер карантинi;
4) өсiмдiктердiң сыртқы карантинi - карантиндiк объектiлердiң импортталған карантинге жатқызылған материалмен (жүкпен) әкелiнуiнiң және экспортталған өнiммен әкетiлуiнiң алдын алуға бағытталған өсiмдiктер карантинi;
5) карантиндiк хабарлама - алдағы уақытта өнiмнiң келiп түсетiндiгi, оның жай-күйi және (немесе) тағайындалған пунктте егжей-тегжейлi тексеру қажеттiгi туралы өсiмдiктер карантинi жөніндегі аумақтық органды хабардар етушi құжат;
6) карантиндiк зертхана - импорттық және отандық карантинге жатқызылған өнiмнiң үлгiлерiне ондағы карантиндiк объектiлердi анықтауға сараптама жүргiзетiн және объектілердiң карантиндiк түрлерге жататындығын белгiлейтiн, карантиндiк объектiлер жөніндегі аспаптармен және әдебиетпен жабдықталған мемлекеттік мекеменiң стационарлық зертханасы;
7) карантиндiк тексеру - карантиндiк және басқа аса қауiптi объектiлердi анықтау мақсатында көлiктi, карантинге жатқызылған өнiмдi ресми түрде сыртқы байқау, қажет болған кезде шекарада, сондай-ақ осы өнiмнiң келiп түсетiн соңғы орнында үлгiлерiн iрiктеу және оларды сараптау;
8) карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыру - карантинге жатқызылған өнiмдi пестицидтермен, соның iшiнде фумиганттармен өңдеу (газды дезинсекция), карантиндiк және басқа зиянды организмдердi жою мақсатында рефрижерациялау, жемiстердi салқындату, сондай-ақ жүктердi және көлiк құралдарын арамшөптерден босату үшiн оларды тазалаудың механикалық тәсiлдерiн қолдану;
9) өсiмдiк тектес өнiм - өзiнiң табиғаты және (немесе) қайта өңдеу тәсiлi бойынша Қазақстан Республикасының аумағына карантиндiк объектiлердiң енуi және (немесе) онда тарауы қатерiн төндiретiн қайта өңделмеген өсiмдiк тектес материал (шикiзат);
10) карантинге жатқызылған өнiмнiң топтамасы - өздерiнiң құрамымен шыққан жерiнiң және бiркелкiлiгiмен ерекшеленетiн сауда және басқа мақсаттарда ауыстырылатын, бiр мезгiлде бiр пункттен келе жатқан және бiр жүк алушының мекен жайына бағытталған, фитосанитарлық немесе карантиндiк сертификатпен, бiр жүк құжатымен куәландырылған карантинге жатқызылған өнiмнiң бiр түрiнiң бiрнеше саны;
11) өсiмдiк салымы - өсiмдiктер карантинi жөніндегі бақылауға жататын почта жөнелтiмдеріндегі, жолаушылардың қол жүктерi мен жолжүгіндегі өсiмдiк тектес өнiм;
12) өсiмдiктер - тұқымдарын қоса алғанда, тiрi өсiмдiктер және олардың бөлiктерi;
13) керi экспорт елi - үшiншi елге экспорттау алдында сақтауға салынған, бөлiктерге бөлiнген, қайта оралған немесе басқа әдiспен карантиндiк объектiлермен әлуеттi залалдануға ұшыраған карантинге жатқызылған өнiм импортталған ел;
14) транзит елi - карантинге жатқызылған өнiм сақтаусыз, бөлiктерге бөлiнусiз, қайта оралусыз өтетiн және осы елде карантиндiк объектiлермен залалдану қатерiне ұшырамайтын ел;
15) карантинге жатқызылған өнiмнiң сараптамасы - карантиндiк объектiлердi, бөтен тектi түрлердi және басқа зиянды организмдердi анықтау және олардың түрлiк құрамын айқындау мақсатында карантинге жатқызылған өнiмнiң топтамаларынан ірiктелген үлгiлердi зерттеу;
16) рефрижерация - жемiс шыбындарынан залалсыздандыру мақсатында жаңа пiскен цитрус жемiстерiн арнайы ыдыстарда суыту.
2. Өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік iс-шараларды жүргiзу Қазақстан Республикасының аумағын карантиндiк объектiлерден қорғауға, оларды анықтауға, оқшаулауға және жоюға, өсiмдiктер карантинi саласындағы заңнаманың сақталуын бақылауды жүзеге асыруға бағытталған.
3. Өсiмдiктер карантинi жөніндегі iс-шаралар:
1) ауыл шаруашылығы, орман және сәндiк дақылдардың тұқымдарына және отырғызылатын материалға, өсiмдiктерге және олардың бөлiктерiне (қалемшесi, жуашығы, түйнегi, жемiсi), басқа өсiмдiк тектес өнiмге;
2) жәндiктердiң, өсiмдiктер ауруларын қоздырушылардың коллекцияларына, гербарийлерге және тұқымдар коллекцияларына;
3) почта жөнелтiмдеріндегі, жолаушылардың қол жүктердегi және жолжүгіндегі өсiмдiк салымына;
4) көкөнiстерге, жемiстерге, жидектерге, саңырауқұлақтарға, сондай-ақ жаңғақтарға, жер жаңғағына, ұнға, жармаға, дәндегi кофеге, какао-бұршаққа, кептiрiлген жемiстер мен көкөнiстерге, темекiге және шикi қантқа;
5) азық-түлiктiк, жемдiк және техникалық астыққа және оның қайта өңдеу өнiмдерiне, копраға, солодқа, шротқа, күнжараға, мақтаның, зығырдың және басқа жiп иiретiн дақылдардың талшықтарына, өсiмдiк тектi дәрiлiк шикiзатқа, сондай-ақ былғары шикiзатына және жүнге;
6) ыдысқа, ағашқа, буып-түю материалдарына (синтетикалықтарды қоспағанда), топырақ құймалары мен үлгiлерiне;
7) басқа мемлекеттерден немесе карантиндi аймақтардан келген көлiк құралдарына;
8) өсiмдiк тектес өнiмдi өсiретiн, дайындайтын, жинайтын, қайта өңдейтiн және өткiзетiн ұйымдардың, шаруа (фермер), үй жанындағы және саяжай қожалықтарының аумағына және үй-жайларына;
9) ведомстволық бағыныстылығы мен меншiк нысанына қарамастан, ауыл шаруашылығына, орманға, суға және басқа мақсатқа арналған жерлерге қолданылады.
4. Жеке тұлғалар, қызметi өсiмдiк тектi өнiмдi өндiруге, дайындауға, сатуға, тасымалдауға байланысты кәсiпорындар мен ұйымдардың басшылары осы ұйымдарда карантиндiк iс-шаралардың орындалуына жауапты адамдарды айқындайды және олардың жұмысы үшiн жағдаймен қамтамасыз етедi.
2. Карантинге жатқызылған өнiмдi әкелу, оның транзитiнiң
тәртібі мен шарттары (өсiмдiктердiң сыртқы карантинi)
5. Жеке және заңды тұлғалар карантинге жатқызылған өнiмдi жеткізуге немесе оның Қазақстан Республикасының аумағы бойынша транзитiне шарттар жасасу кезiнде уәкiлетті органнан немесе оның аумақтық органдарынан карантиндiк объектiлердiң әкелiнуiнiң алдын алу жөніндегі карантиндiк шаралар туралы қажеттi ақпарат алады және уәкiлеттi орган белгiлеген әкелу шарттарының орындалуын қамтамасыз етедi.
6. Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасына әкелу, сондай-ақ оның транзитi өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз ету ережелерi мен нормалары талаптарына сәйкес жабдықталған шекаралық пункттер мен бекеттер бар Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерiнде:
1) уәкiлеттi мемлекеттік органның импорттық карантиндiк рұқсаттары 1-қосымша сәйкес;
2) экспорттаушы елдердiң ұлттық карантиндiк қызметтерiнiң карантинге жатқызылған өнiмнiң әрбiр топтамасына берiлген фитосанитарлық сертификаттары болғанда жүзеге асырылады.
7. Импорттық карантиндiк рұқсаттар карантинге жатқызылған өнiмнiң топтамасына жеке және заңды тұлғалардың жазбаша өтiнiмдерiнiң негiзiнде берiледi.
8. Импорттық карантиндiк рұқсат алу үшiн жеке және заңды тұлғалар карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуге дейiн 30 күннен кешiктiрмей немесе Қазақстан Республикасы арқылы транзиттi жүзеге асырғанға дейiн 5 күн iшiнде уәкiлеттi органға мынадай мәлiметтермен өтiнiм бередi:
1) карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасына әкелудiң (оның транзитiнiң) мақсаты және әкелiнетiн жүктi өлшеп ораудың әдiсiн және буып-түюдiң түрiн көрсете отырып, оның әр түрi бойынша жеке саны;
2) өнiмнiң тағайындалуы және пайдалану орны (мекен-жайы, ал транзиттi жүктер үшiн - бағыты және тағайындалған елi);
3) карантинге жатқызылған өнiмдi импорттау немесе оның транзитi ұйғарылған экспорттаушы елдiң атауы, сондай-ақ карантинге жатқызылған өнiмдi шығарушы елдiң атауы;
4) карантинге жатқызылған өнiмнiң әкелiнуi белгiленген мерзiмдер немесе транзиттiк тасымалдаудың мерзiмдерi;
5) карантинге жатқызылған өнiм Қазақстан Республикасына әкелiнетiн шекаралық пункттің (бекеттiң) атауы.
9. Карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуге (транзитiне) импорттық карантиндiк рұқсатты алуға арналған өтiнiмiнде өтiнiм берушi карантиндiк шаралардың өз есебiнен орындалуына кепiлдiк бередi.
10. Қазақстан Республикасына Қазақстан Республикасының ?кіметi немесе өсiмдiктер карантинi саласындағы ынтымақтастық туралы мемлекетаралық шарттармен бекітілген Карантиндiк объектiлердiң тiзбесiне сәйкес карантиндiк объектiлермен залалданған карантинге жатқызылған өнiмдi, сондай-ақ көлiк құралдарын әкелуге (оның транзитiне) рұқсат етiлмейдi.
11. Импорттық карантинге жатқызылған өнiм Қазақстан Республикасының аумағы бойынша жабық немесе изотермиялық, жарамды және пломбаланған контейнерлерде, герметикалық орамаларда, вагондарда, автофургондарда, авторефрижераторларда және басқа көлiк құралдарында алып өтiледi.
12. Мыналар Қазақстан Республикасына әкелiнуге жатпайды:
1) карантинге жатқызылған өнiмдi уәкiлеттi органның импорттық карантиндiк рұқсатынсыз және экспорттаушы елдердiң ұлттық карантиндiк қызметтерiнiң фитосанитариялық сертификатынсыз;
2) карантиндi организмдермен залалданған карантинге жатқызылған өнiм;
3) топырақ, тамыр жайған тiрi өсiмдiктер топырағымен;
4) уәкiлеттi органмен келісім бойынша ғылыми мақсаттар үшiн әкелiнетiн үлгiлерден басқа, өсiмдiктер ауруларын қоздырғыштар - тiрi саңырауқұлақтардың, бактериялардың, вирустардың дақылдары, сондай-ақ өсiмдiктердi зақымдайтын жәндiктер, кенелер, нематодалар, карантиндiк арамшөптердiң тұқымдары.
13. Уәкiлеттi органның рұқсатымен, оларды жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктерде мiндеттi тексеру шартымен, карантиндiк объектiлермен залалданудың жасырын нысанын алып келетiн карантинге жатқызылған өнiмдi:
1) ғылыми-селекциялық мақсаттар және сортты сынау үшiн тұқымдардың үлгiлерi мен отырғызу материалын;
2) ғылыми-зерттеу мекемелерi және ботаникалық бақтар арасында алмасу тәртібімен тұқымдардың үлгiлерi мен отырғызу материалын әкелуге рұқсат етiледi.
14. Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм, карантинге жатқызылған өнiм өткiзiлетiн көлiк, карантиндiк бақылауға шекаралық пункттерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы шекаралық өту пункттерiнде өсiмдiктердiң карантинi бойынша бақылауға және керек болған жағдайда карантиндiк тексеруге, сондай-ақ тиiстi актiлердi ресiмдей отырып 2-қосымшаға сәйкес жүктiң тағайындалу орны бойынша карантиндiк тексеруге жатады.
15. Карантинге жатқызылған өнiмдi кедендiк ресiмдеу өсiмдiктер карантинi бойынша уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлiмшелерiнiң келісімiнен кейiн ғана аяқталуы мүмкiн.
16. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында немесе Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өзге көзделмеген болса, Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан шетелдiк дипломатиялық өкiлдiктердiң, консулдық мекемелердiң, халықаралық ұйымдар өкiлдiктерiнiң, сондай-ақ жеңiлдiктер мен иммунитеттi пайдаланатын тұлғалардың карантинге жатқызылған өнiмдi әкелуi осы Ережеге сәйкес жүргiзiледi.
3. Карантинге жатқызылған өнiмді шекаралық
пункттер мен бекеттерде, сондай-ақ тағайындалу
пункттерiнде өсiмдіктер карантинi жөнiндегі бақылау
17. Карантинге жатқызылған өнiмдi өсiмдiктердiң карантинi жөніндегі бақылауды уәкiлеттi органның және оның аумақтық органдарының, шекаралық пункттер мен бекеттерiнiң өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады.
18. Өсiмдiктер карантинi жөніндегі бақылау, сондай-ақ шекаралық пункттер мен бекеттерде, карантинге жатқызылған өнiмнiң тағайындалу пункттерiнде тексеру кедендiк тексерудiң алдында немесе онымен бiр мезгiлде жүзеге асырылады.
19. Өсiмдiктер карантинi жөніндегі шекаралық пункттiң және бекеттiң мемлекеттік инспекторы жүктердiң иелерiне Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi жөніндегі қолданылып жүрген заңнамасын түсiндiреді, импорттық карантиндiк рұқсаттың және экспорттаушы елдiң ұлттық карантиндiк қызметiнiң фитосанитарлық сертификатының болуын тексередi, көлiктi, карантинге жатқызылған өнiмдi (жүктi), ыдысты сыртқы байқауды жүргiзедi. Карантинге жатқызылған өнімнен үлгiлер iрiктеудi, оларға орнында карантиндiк зиянкестердi, өсiмдiктер ауруларын және арамшөптердi анықтау мақсатында зерттеу жүргiзедi. Қажет болған кезде үлгiлер және объектiлер Республикалық карантиндiк зертханаға объектiлердiң карантиндiк түрлерге жататындығын растауға жiберiледi.
20. Егер, жүктi тасымалдаушы карантинге жатқызылған өнiмдi карантиндiк бақылау үшiн беруден бас тартқан жағдайда, онда бұл өнiм экспорттаушы елге оның иесiнiң есебiнен қайтарылуға жатады, бұл туралы өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспектор Қазақстан Республикасының аумақтық, шекаралық және кеден органдарына хабарлайды.
21. Карантиндiк объектiлер табылған карантинге жатқызылған өнiм қайтарылуға, залалсыздандырылуға, карантиндiк арамшөптерден тазартылуға немесе техникалық қайта өңделуге жатады. Карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыруға, тазартуға немесе қайта өңдеуге байланысты шығыстарды жүктiң иелерi төлейдi.
Егер карантиндiк объектiлермен залалданған карантинге жатқызылған өнiм залалсыздандыруға, тазартуға немесе қайта өңдеуге жатпайтын болса, онда бұл өнiм белгiленген тәртiпке сәйкес алынуға және жойылуға жатады.
Ерекше ғылыми немесе өзгеше құндылығы бар карантиндiк объектiлермен залалданған тұқымдар мен отырғызатын материал олардың иелерiнiң өтiнiштерi бойынша тексеру үшiн жерсiндiру-карантиндiк көшеттiктерге берiлуi мүмкiн. Карантиндiк объектiлермен залалдануын жойғаннан кейiн тұқымдар мен отырғызылатын материал олардың иелерiне қайтарылады.
Карантинге жатқызылған өнiмдi алуды (соның iшiнде почта жөнелтiмдерiнен, қол жүгiнен және жолжүктен) өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспектор жүзеге асырады, ол туралы 3-қосымшаға сәйкес алу актiсi жасалады.
22. Карантинге жатқызылған өнiм карантиндiк тексеруден өткiзiлгеннен және қажеттi карантиндiк iс-шаралар жүргiзiлгеннен кейiн өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспектор тауар-көлiк iлеспе құжаттарын тағайындалған пунктке әкелуге немесе транзитке арналған рұқсатпен карантиндiк бақылаудан өткенi туралы белгiленген үлгiде мөртабан қояды және жүк иесiне 2-қосымшаға сәйкес карантиндiк тексеру актiсiн бередi.
Барлық жағдайларда өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспектор жүктiң келiп түсетiн орны бойынша өсiмдiктер карантинi жөніндегі аумақтық органның мекен-жайына 4-қосымшаға сәйкес карантиндiк хабарлама жiбередi.
Шекарада карантинге жатқызылған өнiмдермен (жүктермен) жүк операцияларын (әкелiнген жүктi басқа көлiк құралдарына қайта тиеу) өсiмдiктер карантинi жөніндегі бақылау және мiндеттi карантиндiк тексеру өткiзiлгеннен кейiн өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспектордың рұқсаты бойынша жүктердiң иелерi жүргiзедi.
23. Шекаралық пункттер мен бекеттерде карантиндiк тексеруден өткен әкелiнетiн карантинге жатқызылған өнiм (жүктер), сондай-ақ көлiк құралдары карантинге жатқызылған өнiм тағайындалған соңғы пунктте карантиндiк тексеруге тап болады.
24. Жүктiң тағайындалған пунктiнде карантинге жатқызылған өнiмдi және көлiк құралдарын тексеруді, талдау мен сараптауға үлгiлер iрiктеудi, кейiннен зиянкестердiң, өсiмдiк ауруларының және арамшөптерiнiң түрлiк құрамын белгiлеуге сараптай отырып аумақтық органның өсiмдiктердiң карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүзеге асырады, олардың нәтижелерi бойынша осы өнiмдi пайдалану шарттары туралы жазуымен 2-қосымшаға сәйкес тексеру актici жасалады. Қажет болғанда кезде карантинге жатқызылған өнiмдi талдауға және объектiлердiң түрлiк құрамын сараптауға жабдықталған зертханалары және өсiмдiктер карантинi жөніндегі біліктi кадрлары бар ұйымдар тартылуы мүмкiн.
Объектiлердiң карантиндiк түрлерге жататындығын Республикалық карантиндiк зертхана растайды.
25. Карантинге жатқызылған өнiмнiң соңғы келiп түсу пунктiнде карантиндiк объектiлердiң анықталуы жағдайында аумақтық органның өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторы осы Ереженiң 21-тармағында көрсетiлген шараларды қолданады.
4. Карантинге жатқызылған өнiмдi әкетудiң тәртібі
26. Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасынан әкету Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi саласындағы мемлекетаралық шарттарында және келісімдерiнде, сондай-ақ импорттық карантиндiк рұқсаттамада жазылған импорттаушы елдердiң өсiмдiктер карантинi жөніндегі ұлттық қызметтерiнiң талаптарында көзделген шарттарда жүзеге асырылуға тиiс.
27. Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасынан әкетуге 5-қосымшаға сәйкес өсiмдiктер карантинi жөніндегі аумақтық органның фитосанитарлық сертификаттары болғанда ғана рұқсат етiледi.
28. Жеке және заңды тұлғалар фитосанитарлық сертификат алу үшiн өсiмдiктер карантинi жөніндегі аумақтық органдарға жүктi жөнелтудiң болжамды мерзiмiне дейiн 15 күн бұрын мынадай мәлiметтердi көрсетiп өтiнiм бередi:
1) карантинге жатқызылған өнiмнiң атауы және оның саны; 2) импорттаушы елдiң атауы және карантинге жатқызылған өнiмнiң тағайындалған мекен-жайы;
3) импорттық карантиндiк рұқсаттамада немесе экспортталатын карантинге жатқызылған өнiмге шартта көрсетiлген импорттаушы елдiң өсiмдiктер карантинi жөніндегі ұлттық қызметiнiң өсiмдiктер карантинi саласындағы талабы;
4) карантинге жатқызылған өнiмнiң жөнелту мерзiмдерi және орны;
5) жүктiң әкелiнуi болжанып отырған импорттаушы елдiң шекаралық пунктiнiң атауы.
29. Әкетiлетiн карантинге жатқызылған өнiмнiң карантиндiк жай-күйiн бастапқы жөнелту орындарында және екiншi рет, теңiз және өзен порттарында (айлақтарда), темір жол станцияларында, әуежайларда, почта байланысының кәсiпорындарында, базарларда, автовокзалдарда (автостанцияларда) және өзге объектiлерде экспорттық топтамаларды қайта тиеу (қалыптастыру) кезiнде өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторлар белгiлейдi. Қайта тиеусiз әкетiлгенде шекаралық пункт пен бекетте жөнелту орнында берiлген фитосанитарлық сертификаттың дұрыс ресiмделуiне ғана бақылау жүзеге асырылады.
30. Фитосанитарлық сертификатты карантинге жатқызылған өнiмдi карантиндiк объектiлердiң болуына тексерген өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспектор бередi және өз қолымен және белгіленген үлгiдегi мөрмен (мөртабанмен) растайды. Фитосанитарлық сертификат карантинге жатқызылған өнiмнiң топтамасына берiледi және оның карантиндiк жай-күйiн куәландыратын, жүргiзiлген залалсыздандыру, осы өнiмдi жеткізу жөніндегі басқа қосымша карантиндiк талаптардың орындалғаны туралы мәлiметтердi қамтитын болуы тиiс.
31. Фитосанитарлық сертификаттың түпнұсқасы жүк жөнелтушiге берiледi, көшiрмесi өсiмдiктер карантинi жөніндегі аумақтық органның iс қағазында сақталады.
32. Карантинге жатқызылған өнiмнiң керi экспорты кезiнде оған әкетуге арналған өнiмге айқындалған барлық карантиндiк талаптар таралады. Керi экспортталушы карантинге жатқызылған өнiмге Қазақстан Республикасының аумағында өндiрiлген карантинге жатқызылған өнiмдi басқа елдiң аумағынан әкету жағдайларынан басқа, өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспектор 6-қосымшаға сәйкес фитосанитарлық сертификат бередi.
5. Карантинге жатқызылған өнiмдi
мемлекетiшiлiк тасымалдау және сату тәртібі
(өсiмдiктердiң iшкi карантинi)
33. Карантинге жатқызылған өнiмдi облысаралық тасымалдауды уәкiлеттi органның аумақтық органдарының өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторы беретiн 7-қосымшаға сәйкес карантиндiк сертификат болғанда жүзеге асырылады.
Карантинге жатқызылған өнiмдi Қазақстан Республикасының карантиндiк аймақтарынан әкетуге карантиндiк сертификат берудi аумақтық органдардың өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторлары жүргiзедi.
34. Карантиндiк сертификат алу үшiн жеке және заңды тұлғалар өсiмдiктер карантинi жөніндегі аумақтық органға өтiнiмдер бередi, сондай-ақ жүктi жөнелтудiң болжамды мерзiмiне дейiн 5 күн бұрын карантиндiк жай-күйiн анықтау үшiн өнiмдi өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторға тапсырады.
Өтiнiмде карантинге жатқызылған өнiмнiң атауы, тағайындалған пунктi және пайдалану мақсаты көрсетiледi.
35. Карантинге жатқызылған өнiмнiң жүру жолында немесе тағайындалған пунктiнде мекен-жайын өзгерту осы операциялар жүзеге асырылатын аумақтың өсiмдiктер карантинi жөніндегі аумақтық органының рұқсатымен жүргiзiледі. Қазақстан Республикасының карантиндiк аймағынан әкетiлген карантинге жатқызылған өнiмнiң жүру жолында мекен-жайын өзгертуге тыйым салынады.
36. Әкелiнген карантинге жатқызылған өнiм жүктiң тағайындалған пунктiнде қайталама карантиндiк тексеруге жатады.
37. Карантинге жатқызылған өнiмдi базарларда сату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
6. Карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыруды
жүргізу тәртібі және көлiк құралдарын тазарту
38. 3алалсыздандыруға карантиндiк объектiлермен залалданған көлiк құралдары және карантинге жатқызылған өнiм, импорттық карантиндiк рұқсатнамада оны залалсыздандыру көзделген өнiм, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өсiмдiктер карантинi жөніндегі бас мемлекеттік инспекторының ұйғарымы бойынша карантиндiк тұрғыдан әлуеттi қауiптi өнiм жатады.
39. Импорттық карантиндiк рұқсаттамада көзделген, сондай-ақ уәкiлеттi органның және оның шекарадағы шекаралық пункттерi мен бекеттерi бар аумақтық органдарының өсiмдiктердiң карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторларының ұйғарымдары бойынша карантиндiк тексерудiң нәтижелерi бойынша карантинге жатқызылған өнiмдi залалсыздандыруды өсiмдiктер карантинiн қамтамасыз ету жөніндегі республикалық мемлекеттік кәсiпорындардың фумигациялық жасақтарымен шарттық негiзде жүктердiң иелерi жүргiзедi.
Шекаралық пункттер мен бекеттерде карантинге жатқызылған өнiмде карантиндiк объектiлер анықталған кезде залалсыздандыру жөнiндегі жұмыстар Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пункттерiнде фумигациялық камераларда, штабельдерде, кемелер мен баржалардың трюмдерiнде, вагондарда, контейнерлерде және көлiктiң басқа түрлерiнде жүргiзiледi.
Цитрус дақылдарының жемiстерiн рефрижерациялауды тоңазытқыш камераларда өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың бақылауымен жүк иелерi жүргiзедi.
40. Көлiк құралдарының барлық түрлерi импорттық карантинге жатқызылған өнiмдi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының карантиндiк аймақтарынан алынған өнiмдi тасымалдағаннан кейiн мiндеттi түрде қалдықтарды жойып тазартылуға, ал қажет болғанда өсiмдiктер карантинi жөніндегі мемлекеттік инспекторлар белгiлеген орындарда фумигациялануға жатады.
Көлiк құралдарын және жүктердi фумигациялауға дайындауды жүктердiң немесе көлiктiк ұйымдардың иелерi фумигациялық жасақтар мамандарының басшылығымен орындайды.