597. Республикалық бюджет тапшылығының көлемі, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер, ұлттық валюта бағамы ағымдағы жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарының өлшемдерімен анықталады.
598. Жоспарланып отырған жылы үкіметтік ішкі қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету көлемдерін есептеуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді, жоспарланып отырған жылы үкіметтік сыртқы қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету көлемдерін есептеуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мынадай түрде жүргізеді:
1) әрбір қолданыстағы үкіметтік қарыз бойынша қарыз қаражатының игерілмеген көлемдерін жылдар бойынша болжамдық бөлуді жүргізеді;
2) қарыз шартының талаптары, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру негізінде үкіметтік қарыз бойынша борышты өтеу мерзімі мен көлемі анықталады;
3) үкіметтік қарыз бойынша борыш сомасының өзгеру серпінінің есептемесі жүргізіледі;
4) қарыз шартының талаптары, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру негізінде сыйақыларды (мүдде), комиссиялық төлемдер мен өзге да төлемдерді төлеу бойынша төлемдердің мерзімдері мен көлемінің есептемелері жүргізіледі. Егер, қаржы шартында өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көрсетілген есептеулер қарыз беру валютасында жүзеге асырылады;
5) шетелдік валютада тартылған үкіметтік қарыздарды өтеу мен қызмет көрсету теңгелік баламада қайта есептеледі. Бұл ретте жоспарланған жылға арналған теңгеге тоқсанның алдындағы есептемелердің соңында және АҚШ долларының болжамды орташа жылдық бағамында Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамдары пайдаланылады;
6) үкіметтік қарыздарды тартуды көздейтін қаражатты игеру көлемінің болжамы негізінде қарыз беру мен сыйақы (мүдде) ставкасының орта шарттарын пайдалана отырып үкіметтік қарыздарды тартуды көздейтін өтеу мен қызмет көрсету мерзімінің және көлемінің есептемесі жүргізіледі.
599. Жоспарланған жылы үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдердің мерзімі мен көлемін есептеуді үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер шарттарының негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді.
600. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асыратын үкіметтік ішкі қарыздарды, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді өтеу мен оларға қызмет көрсету, сондай-ақ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асыратын үкіметтік сыртқы қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету мерзімдері мен көлемдерін есептеу негізінде үкіметтік қарыздарды, сондай-ақ жоспарланып отырған жылы үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді өтеу мен оларға қызмет көрсетудің жалпы көлемі анықталады.
601. Жоспарланып отырған жылғы үкіметтік қарыздарға және үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерге қызмет көрсетудің жалпы көлемі жеке бюджеттік бағдарлама бойынша тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңында көрсетіледі. Үкіметтік қарыздарды өтеудің жалпы көлемі "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану)" бөлімі бойынша республикалық бюджетте көрсетіледі.
602. Жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын алдағы өтеу мен қызмет көрсету көлемін жоспарлауды жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын алдағы өтеу мен қызмет көрсету көлемінің болжамдық есептемелер негізінде тиісті қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттердің жобасын әзірлеу шеңберінде жергілікті атқарушы органдар жүргізеді.
603. Жүргізілетін есептемелер тоқсанның алдындағы есептемелердің соңындағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар борышы мониторингінің, жергілікті атқарушы органдардың ағымдағы және жоспарланатын жылы қолданылатын және тартуға көзделетін қаражатты игеру болжамының, жергілікті бюджеттердің болжамдық көрсеткіштерінің деректеріне негізделеді.
604. Алдағы қаржы жылына арналған жергілікті бюджеттердің болжамдық көрсеткіштері жергілікті уәкілетті органдар бекіткен аумақтардың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының өлшемдерімен анықталады. Жоспарланып отырған жылғы ұлттық валюта бағамы Қазақстан Республикасының Үкіметі қабылдаған тиісті жылға арналған Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының орта мерзімді жоспарының өлшемдері ескеріле отырып анықталады.
605. Жоспарланып отырған жылы жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен қызмет көрсету көлемдерінің есептемелері мынадай түрде жүргізіледі:
1) жергілікті атқарушы органның әрбір қолданыстағы қарызы бойынша игерілмеген қарыз қаражатын игеру көлемдерін жылдар бойынша болжамдық бөлу жүргізіледі;
2) қарыз шартының талаптары негізінде жергілікті атқарушы органның қарызы бойынша борышты өтеу мерзімдері мен көлемі анықталады;
3) жергілікті атқарушы органның қарызы бойынша борыш сомасының серпінін есептеу жүргізіледі;
4) қарыз шартының талаптары негізінде сыйақыларды (мүдделерді), комиссиялық төлемдер мен өзге де төлемдерді төлеу бойынша төлемдердің мерзімдері мен көлемінің есептемелері жүргізіледі. Егер, қарыз шартында өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көрсетілген есептемелер қарыз берілген валютада жүзеге асырылады;
5) шетелдік валютада тартылған жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен қызмет көрсету теңгелік баламада қайта есептеледі. Бұл ретте, жоспарланған жылға арналған теңгеге тоқсанның алдындағы есептемелердің соңында және болжамды жылдық орта АҚШ долларының бағамында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен анықталған валюталардың нарықтық айырбас бағамы пайдаланылады;
6) қарыздарды берудің орташа шарттарын және сыйақы (мүдде) ставкасын пайдалана отырып жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын тартуға ұйғарылатын қаражатты игерудің көлемдерін болжау негізінде тартуға болжамдалатын жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу және оларға қызмет көрсету мерзімі мен көлемін есептеу жүргізіледі.
606. Жергілікті атқарушы органның қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету мерзімінің және көлемінің есептемесі негізінде жоспарланып отырған жылғы жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен қызмет көрсетудің жалпы көлемі анықталады.
607. Жоспарланып отырған жылғы жергілікті атқарушы органдардың қарыздарына қызмет көрсетудің жалпы көлемі жеке бюджеттік бағдарлама бойынша тиісті жылға арналған жергілікті бюджеттерде көрсетіледі. Жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеудің жалпы көлемі "Бюджет тапшылығын қаржыландыру (профицитті пайдалану)" бөлімі бойынша жергілікті бюджеттерде көрсетіледі.
608. Республикалық бюджеттен мемлекет кепілдік берген қарызды алдағы өтеу мен қызмет көрсету көлемін жоспарлауды мемлекет кепілдік берген қарыздарды республикалық бюджеттен алдағы өтеу мен қызмет көрсету көлемінің болжамдық есептемелер негізінде тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет жобасын әзірлеу шеңберінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүргізеді.
609. Жүргізілетін есептемелер тоқсанның алдындағы есептемелердің соңындағы жағдай бойынша мемлекет кепілдік берген борыш мониторингінің, қолданыстағы мемлекет кепілдік берген қарыз қаражатын игеру болжамының, мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелердің орындалу мүмкіндігін бағалау деректеріне негізделеді.
610. Жоспарланып отырған жылы республикалық бюджеттен мемлекет кепілдік берген қарызды өтеу мен қызмет көрсету көлемдерінің есептемелерін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мынадай түрде жүргізеді:
1) агенттердің әрбір қолданыстағы мемлекет кепілдік берген қарыз жөніндегі ақпаратының негізінде қарыз қаражатын игеру көлемін жылдар бойынша болжамдық бөлу жүргізіледі;
2) қарыз шартының талаптары негізінде мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша борышты өтеу мерзімі мен көлемдері анықталады;
3) мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша борыш сомасының серпінін есептеу жүргізіледі;
4) қарыз шартының талаптары негізінде сыйақыны (мүддені), комиссиялық төлемдер мен өзге да төлемдерді төлеу бойынша төлемдердің мерзімдері мен көлемінің есептемелері жүргізіледі. Егер, қарыз шартында өзгеше белгіленбесе, осы тармақтың 1)-4) тармақшаларында көрсетілген есептемелер қарыз берілген валютада жүзеге асырылады;
5) шетелдік валютада тартылған мемлекет кепілдік берген қарыздарды өтеу мен қызмет көрсету теңгелік баламада қайта есептеледі. Бұл ретте, жоспарланған жылға арналған теңгеге тоқсанның алдындағы есептемелердің соңында және болжамды жылдық орта АҚШ долларының бағамында Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен анықталған валюталардың нарықтық айырбас бағамы пайдаланылады.
611. Мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындаудың белгіленген мерзімі мен көлемінің, мүмкіндігін бағалаудың негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекет кепілдік берген қарыздарды жоспарланып отырған жылы өтеу мен қызмет көрсетуге арналып республикалық бюджеттен бөлінетін шығыстардың жылдық көлемін анықтайды.
612. Жоспарланып отырған жылы мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындауға арналған республикалық бюджет шығыстарының жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте жеке бюджеттік бағдарлама бойынша көрсетіледі.
69-тарау. Үкіметтік қарыздарды, жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын және мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі, сондай-ақ мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыру тәртібi
613. Үкіметтік қарыздарды өтеуді және оларға қызмет көрсетуді, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеуді тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджетте көзделген қаражат есебінен ҚР ҰБ арқылы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жүзеге асырады.
614. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Ережеге 65-қосымшаға сәйкес белгіленген нысан бойынша алдағы айға республикалық бюджет қаражатынан Қазақстан Республикасының үкіметтік және мемлекет кепілдік берген борышына қызмет көрсетуге, оны өтеуге, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді жүзеге асыруға арналған өтінімді (бұдан әрі - өтінім) ай сайын ағымдағы айдың жиырма бесінші күніне дейін жасайды, оған сәйкес республикалық бюджет ақшасын осыларға жұмсауға белгіленген тәртіппен рұқсат ашылады. Өтінім үкіметтік қарыздарды, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдерді өтеу және оларға қызмет көрсетудің нақтыланған мерзіміне және көлеміне негізделе отырып жасалады және төлем түрін, валютасын және төлемді алушыларды көрсете отырып, әр қарыз және үкіметтік қарыздарды хеджирлеу мәмілесі бойынша төлем болжамдарын қамтиды.
615. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет түсімдері мен қаржыландырудың жиынтық жоспарының тиісті айында үкіметтік қарыздарды өтеу мен қызмет көрсету бойынша, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша алдағы төлемдер көлемінің сәйкестігін тексереді. Жоспармен бекітілген көлемге сәйкес келмеген жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық бюджет түсімдері мен қаржыландырудың жиынтық жоспарына тиісті өзгерістер енгізеді.
616. Белгіленген мерзімде және қажетті көлемде үкіметтік қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету бойынша, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша даярлықты қамтамасыз ету және төлемді жүзеге асыру мақсатында бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган кредит берушілерден, контрагенттерден төлеуге шоттардың, төлем тізімдерінің және төлем жасау үшін басқа да қажетті құжаттардың уақытылы түсуін ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүргізеді.
617. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган кредит берушілер, контрагенттер ұсынған шоттар мен төлем тізімдеріндегі көрсетілген төлем күнінің, сомасының, түрінің, валютасының, қарыз шартының, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелердің талаптарымен төлемдерді алушылардың мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру нәтижелеріне сәйкестігін тексеруді жүзеге асырады.
618. Төлемге ұсынылған шоттар мен төлем тізімдеріндегі көрсетілген төлем күнінің, сомасының, түрінің, валютасының, қарыз шартының, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелердің талаптарымен төлемдерді алушылардың, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру нәтижелерінің сәйкес келмеуі анықталған жағдайда бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган кредит берушілермен, контрагенттермен өзара әрекет ете отырып, кредит берушілердің төлемге ұсынылған шоттар мен төлем тізімдерін нақтылау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастырады.
619. Қарыз шартында және үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелерде, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру шарттарында анықталған үкіметтік қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету бойынша, сондай-ақ үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша төлемдер мерзімінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган төлем құжаттарын ресімдейді және ҚР ҰБ-ға береді, онда үкіметтік қарыздың, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәміленің бірегейлендіру нөмірі, бенефициар, төлем деректемелері, түрі, сомасы, валютасы, қарыз шартының, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелердің талаптарына сәйкес төлем күні, мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарды орналастыру нәтижелері көрсетіледі.
620. Ұсынылған төлем құжаттарының негізінде ҚР ҰБ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның банктік шотынан кредит берушінің, сондай-ақ контрагенттердің банктік шотына қажет етілетін көлемде және валютада ақша аударады және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға төлем жасалған факті туралы жазбаша хабарламаны ұсынады.
621. Үкіметтік қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша операцияларды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджеттің орындалуы туралы есептілікте ұлттық валютада көрсетеді. Бұл ретте үкіметтік қарыздар өтеу мен оларға қызмет көрсету, үкіметтік қарыздарды хеджирлеу жөніндегі мәмілелер бойынша операцияларды шетелдік валютада жүзеге асырған жағдайда осы операцияларды жүзеге асыру үшін қажетті валютаны сатып алу күніне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен анықталған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен жүргізіледі.
622. Жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен оларға қызмет көрсетуді олар тиісті жылға арналған жергілікті бюджеттерде көзделген қаражат есебінен жүзеге асырады.
623. Белгіленген мерзімде және қажетті көлемде жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен оларға қызмет көрсету бойынша даярлықты қамтамасыз ету және төлемдерді жүзеге асыру мақсатында жергілікті атқарушы органдар кредит берушілерден төлеуге шоттардың, төлем тізімдерінің және төлемдерді жүргізу үшін қажетті басқа да құжаттардың уақытылы түсуін ұйымдастыру бойынша жұмыстарды жүргізеді.
624. Жергілікті атқарушы органдар ұсынылған шоттар мен төлем тізімдеріндегі көрсетілген төлем күнінің, сомасының, түрінің, төлем валютасының, төлем алушылардың қарыз шартының талаптарына сәйкес келуін бақылауды жүзеге асырады.
625. Ұсынылған шоттар мен төлем тізімдеріндегі көрсетілген төлем күнінің, сомасының, түрінің, төлем валютасының, төлем алушылардың қарыз шартының талаптарына сәйкес келмеуі анықталған жағдайда жергілікті атқарушы органдар кредит берушілермен өзара іс-қимыл жасай отырып, ұсынылған шоттар мен төлем тізімдерін нақтылау бойынша жұмыстарды ұйымдастырады.
626. Қарыз шарттарында анықталған төлем мерзімінде жергілікті атқарушы органдар кредит берушінің шоттарына қажет етілетін көлемде ақша аударуды қамтамасыз етеді.
627. Осы операцияларды жергілікті атқарушы органдар республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептілікте теңгемен көрсетеді. Бұл ретте, төлемдерді шетел валютасында жүзеге асырған жағдайда операцияларды жүзеге асыру үшін қажетті валютаны сатып алу күніне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен анықталған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен жүргізіледі.
628. Жергілікті атқарушы органдар жергілікті атқарушы органдар борышының мониторингін жүзеге асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдардың қарыздарын өтеу мен оларға қызмет көрсету бойынша жүргізілген төлемдердің есебін жүргізеді.
629. Республикалық бюджеттен, оның ішінде мерзімінен бұрын мемлекет кепілдік берген қарыздарды өтеу мен оларға қызмет көрсету Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы бар болған кезде жүзеге асырылады.
630. Тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңы күшіне енгеннен кейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті қаржы жылының 1 наурызына дейін Қазақстан Республикасы Үкіметінің мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген, мемлекеттік емес қарыздар бойынша қарыз алушылардың тізбесін бекіту туралы қаулысының жобасын белгіленген тәртіппен әзірлейді және енгізеді. Көрсетілген тізбеге енген, мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қарыз алушылар үшін өтеу мен қызмет көрсетуді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган қарыз шартында белгіленген мерзім мен көлемде кредит берушілердің төлем шоттарының негізінде, республикалық бюджеттен тиісті қаржы жылының ішінде жүзеге асырады.
Көрсетілген тізбеге енбеген, мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қарыз алушылар үшін республикалық бюджеттен төлеу туралы шешім мынадай тәртіппен қабылданады:
1) Банк республикалық бюджеттен мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша кезекті төлемдерді жүргізу қажеттілігі туралы қорытындыларды мұндай төлемдер басталатын күнге дейін отыз күннен кешіктірмей бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынады;
2) ұсынылған қорытындылардың негізінде он бес күн ішінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша көрсетілген қарыз алушылар үшін төлемдерді республикалық бюджеттен төлемдер жүргізуді көздейтін Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының жобасын белгіленген тәртіппен әзірлейді және енгізеді;
3) бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның, агенттің, мемлекет кепілдік берген қарыз бойынша қарыз алушылардың арасында республикалық бюджеттен оқшауландырылған ақшаны қайтару шарттары, мерзімі, тәртібі анықталған (нақтыланған) тиісті қосымша келісімдер жасалады.
631. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тиісті айда мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелерді орындау жөнінде алдағы төлемдер көлемінің түсімдер мен республикалық бюджетті қаржыландырудың жиынтық жоспарына сәйкестігін тексереді және жоспармен бекітілген көлемге сәйкес келмеген жағдайда түсімдер мен республикалық бюджетті қаржыландырудың жиынтық жоспарына тиісті өзгерістер енгізіледі.
632. Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы болған жағдайда, кредит берушілер ұсынған және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган тексерген төлеуге шоттар негізінде бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган төлем құжаттарын ресімдейді және ҚР ҰБ-ға жібереді, онда қарыз шарттарының талаптарына сәйкес мемлекет кепілдік берген қарыздың сәйкестендіру нөмірі, бенефициар, төлем деректемелері, төлем түрі, сомасы, валютасы, күні көрсетіледі.
633. Ұсынылған төлем құжаттарының негізінде ҚР ҰБ бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның банк шотынан кредит берушілердің банк шоттарына талап етілетін көлемде және валютада ақша аударуды жүргізеді және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға төлем жүргізу фактісі туралы жазбаша хабарлама ұсынады.
634. Мемлекет кепілдік берген қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі операцияларды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы есептілікте ұлттық валютада көрсетеді. Мемлекет кепілдік берген қарыздарды өтеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі төлемдерді шетел валютасында жүзеге асырған жағдайда көрсету операцияларды жүзеге асыру үшін қажетті валютаны сатып алу күніне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен анықталған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша теңгемен жүргізіледі.
70-тарау. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыш мониторингінің тәртібi
635. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыш мониторингі (бұдан әрі - борыш мониторингі) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты қалыптастыру, өзгерту және оған қызмет көрсету үдерісін есепке алу, талдау және бақылау бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган атынан мемлекет қызметін білдіреді.
636. Барлық мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздар борыш мониторингінің объектілері болып табылады, оның ішінде:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің қарыздары;
2) ҚР ҰБ қарыздары;
3) жергілікті атқарушы органдардың қарыздары;
4) мемлекеттік кепілдіктермен қамтамасыз етілген мемлекеттік емес қарыздар.
637. Борыш мониторингі:
1) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды тіркеу және есепке алу;
2) қарыз шартымен бекітілген кестеге сәйкес борышты өтеу және қызмет көрсету есебіне төлемдерді жүзеге асыруды қамтамасыз ету және бақылау;
3) қарыздар қаражатының түсімдерін қадағалау және есепке алу; борышты өтеу және оған қызмет көрсету жөніндегі төлемдерді есепке алу; борыш көлемінің өзгеруін есепке алу; сондай-ақ қажет болған жағдайда, мерзімі өткен төлемдерді есепке алуды қоса алғанда әрбір қарыз бойынша қарыз валютасында барлық операцияларды есепке алу;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен анықталған валютаны айырбастаудың нарықтық бағамын есепке алу;
5) қарыз алудың құбылмалы ставкаларының өзгеруін есепке алу жөніндегі жұмыстарды қамтиды.
638. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздар бойынша операцияларды есепке алу үшін мынадай құжаттар пайдаланылады:
несие шотынан қаражатты алуды растайтын шетел кредит берушісінің үзінді көшірмесі;
борыштың негізгі сомасын өтеу және ол бойынша сыйақы (мүдделер) төлеу жөніндегі төлем құжаты;
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі бекіткен нысан бойынша ҚР ҰБ өз қарыздарын алу, қызмет көрсету және өтеу туралы есептілігі;
Қазақстан Республикасы Статистика агенттігі бекіткен нысан бойынша үкіметтік және мемлекет кепілдік берген қарыздарға қызмет көрсетуге өкілеттік берілген банк операцияларының жеке түрлерін жүзеге асыратын екінші деңгейдегі банктердің және ұйымдардың есептілігі;
осы Ереженің 580-тармағында көрсетілген нысандар бойынша өз қарыздарын алғаны, оларға қызмет көрсеткені және өтегені туралы жергілікті атқарушы органдардың есептілігі.
639. Борыш мониторингін жүргізу үшін мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыш жағдайы туралы деректерді ағымдағы жаңарту үшін мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздар бойынша ақпараттар жинау жүзеге асырылады.
640. Алынатын ақпаратты бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органның тиісті бөлімшелері қорытындылайды және талдайды, ол автоматтандырылған ақпарат жүйесінің дерекқорында жинақталады және сақталады.
641. Борыш мониторингінің нәтижелері мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борыштың ағымдағы жағдайы туралы есептер, кестелер, диаграммалар, мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыздарды алу, қызмет көрсету және өтеу түрінде қағаз тасығыштарда да, ақпаратты жинау, өңдеу және сақтаудың электрондық жүйелерін пайдаланып та ресімделеді.
71-тарау. Yкіметтік сыртқы қарыздар, байланысты гранттар қаражаты және бірлесіп қаржыландыру қаражаты есебінен қаржы операцияларын жүзеге асыру тәртібi
642. Несие шоты - донор-бейрезидентте ашылған ағымдағы шот, онда тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) жеткізушіге, сондай-ақ арнайы шотты толықтыруға тікелей төлемдер жүзеге асырылатын үкіметтік сыртқы қарыз немесе грант сомасы орналастырылады.
643. Үкіметтік сыртқы қарыздар немесе гранттар есебінен несие шотынан және/немесе арнайы шоттан жасалатын қаржы операцияларын бюджеттік бағдарлама әкімшісі шетел кредит берушісінің немесе донордың атына жіберілетін нысан бойынша қаражатты алуға арналған өтінімдердің негізінде және қарыз шартына немесе байланысты грант туралы келісімге сәйкес, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады. Бұл ретте, үкіметтік сыртқы қарыздар немесе гранттар қаражатын бюджеттік бағдарлама әкімшісі тиісті қарыз шартында немесе байланысты грант туралы келісімде көзделмеген мақсаттарға ала алмайды.
644. Несие шотынан қаражатты алуға арналған өтінімдерге екі қолтаңбалар тобы бұрыштама соғады, онда қолтаңбалардың бірінші тобы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға, қолтаңбалардың екінші тобы бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне бекітілген. Бұл ретте, қолтаңбалардың бірінші тобы мәртебесіне ие болу бюджеттік бағдарламалар шеңберінде үкіметтік сыртқы қарыз қаражатын немесе грантты пайдалануды реттеумен және олардың мақсатты пайдаланылуын бақылаумен, екінші қолтаңбалар тобы иегерлерінің мәртебесі - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың мақсатты пайдаланылуына, сондай-ақ төлемді алушы - ақшаны алушы деректемелерінің дұрыстығына және растығына толық жауапкершілікпен анықталады.