Ұлттық Банктің ақша-кредит саясаты тетіктерінің негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге, оның ішіңде инфляцияға әсерін бағалауға мүмкіндік беретін ақша-кредит саясаты трансмиссиялық тетігінің үлгісі жетілдірілетін болады.
Шамадан тыс өтімділік проблемасының өткірлігін төмендету үшін Ұлттық Банктің олар бойынша нормативтерді сақтауға тиісті банктердің міндеттемелерін кеңейту жолымен ең төменгі резервтік талаптарды есептеу тетігін одан әрі жетілдіруді жүзеге асыру ниеті бар. Өтімділікті шектеу жөніндегі көзделген шараларға қарамастан, ақша ұсынысы экономикалық өсудің жеткілікті жоғары қарқынын қамтамасыз ететін болады.
Ұлттық Банк ұзақ мерзімге бекітілген әлде бір дәлізді айқындамай, валюта курсының қалыптасуына валюта курсының қысқа мерзімді және алыпсатарлық ауытқуының зардаптарын жұмсарту мақсатымен ғана араласуды жүзеге асырып, айырбастың айнымалы курсын жүргізу саясатын жалғастырады. Курстың ауытқуы валюта нарығындағы ақшаға сұраныс пен ұсыныс қатынасына байланысты болады. Шетел валютасы ағынының мониторингі жүргізіледі.
Қаржы емес корпорациясы секторындағы, қалыптасқан экономикалық конъюнктураның және кәсіпорындардың қаржылық жағдайындағы, өтем қабілетінің деңгейі және капиталды тартуға қажеттілігінің, кредит ресурстарына сұранысына, кәсіпорынның инвестициялық саясатындағы үрдістер мен бағыттарының дамуына баға беру мақсатында экономиканың нақты секторындағы кәсіпорындардың мониторингі бойынша жұмыстар жалғасатын болады.
Инфляцияны тежеу жөніндегі шаралары Ұлттық Банк пен Қазақстан Республикасы Үкіметінің бірлескен іс-қимылының күшейе түсуін қажет етеді.
Валюталық реттеу және валюталық бақылау саласында Қазақстанда валюта режимін одан әрі ырықтандыруға, капиталдың қозғалысына байланысты тәуекелдерді реттеуге жаңа ұстанымдарды тұжырымдауға бағытталған саясат жалғасатын болады. Сыртқы экономикалық операциялар бойынша ақпараттық база жетілдірілетін болады, бұл 2007 жылдан бастап валюталық операцияларды жүргізудің рұқсат беру тәртібінен кейіннен мониторинг жүргізу және іріктемелі бақылау жүйесіне тиімді ауысуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Төлем жүйесінің қызметін қамтамасыз ету саласында төлем жүйесінің тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру, тәуекелдерді басқарудың қауіпсіздік және төлем жүйелерін қадағалау үшін тиімді жүйе жасау жөніндегі шаралар қолданылатын болады.
Төлем жүйелерінің кідіріссіз және үзіліссіз қызмет істеуін, қуатын арттыру мен қауіпсіздік деңгейін көтеруді қамтамасыз ету мақсатында төлем жүйелерінің жаңа резервтік орталығын жасау жөнінде жұмыс жүргізіледі.
Төлем карточкалары нарығының даму саласында 2007-2009 жылдарда төлем карточкаларының Ұлттық банкаралық жүйесін одан әрі енгізу және дамыту басым бағыт болады. Оны енгізу шеңберінде ел ішінде "KazCard" төлем карточкаларын қолдануды кеңейтуге және оларға қызмет көрсету инфрақұрылымдарын дамытуға ерекше назар аударылатын болады.
Қолма-қол ақша айналымы саласында Ұлттық Банк жаңа дизайндағы банкноттарды айналымға енгізетін болады, бұл полиграфиялық және компьютерлік технологиялардың дамуымен байланысты болып отыр. Банкноттардың жаңа қорғаныс және машинамен оқылатын элементтері болады.
Қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етуге жәрдемдесу шеңберінде Ұлттық Банк өз қызметін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау агенттігімен тығыз үйлестіріп отыратын болады.
Халықаралық қаржы ұйымдарымен белсенді ынтымақтастық жалғасады (Халықаралық Валюта Қоры, Дүниежүзілік Банк, Еуропа Қайта Құру және Даму Банкі, Азия Даму Банкі, Ислам Даму Банкі және басқалар).
Интеграциялық бірлесу шеңберінде Ұлттық Банк ЕурАзЭҚ-қа мүше елдердің интеграцияланған валюта нарығын құру, сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістікті (БЭК), Шанхай Ынтымақтастығы Ұйымын (ШЫҰ) қалыптастыру жөніндегі мемлекетаралық және ведомствоаралық топтардың жұмысына қатысу бойынша жалпы төлем жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды жалғастырады.
Қаржы секторын дамыту
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау
Орта мерзімді перспективада қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу және қадағалау осы саладағы мемлекеттік саясат мүдделерін, ел экономикасының қазіргі заманғы дамуын және халықаралық ынтымақтастық жағдайларын ескере отырып, жүзеге асырылады.
Банк секторының бәсекелестігін ырықтандыру және арттыру
Шетелдік банктердің отандық қаржы нарығына қол жетімдігін ырықтандыру, банктердің сыртқы қарыз алуларының өсуін басқарудың тиімділігін арттыру, банктер активтерінің сапасына сыртқы қарыз алулардың өсу әсерінің мониторингі, банк секторы активтерінің сапасына жылжымайтын мүлік нарығын тұрақсыздандыру ықтимал теріс әсерін азайтуға жәрдемдесу, екінші деңгейдегі отандық банктер қызметінің ашықтық деңгейін арттыру мақсатында алдағы жылдары экономиканың банк секторын мемлекеттік реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру жалғасатын болады.
2007-2009 жылдары мынадай іс-шараларды орындау керек:
шетелдік банктердің отандық қаржы нарығына қол жетімділігін ырықтандыру мақсатында республиканың қолданыстағы банк заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;
осы бағыттағы қалыптасқан ахуалды, экономикалық орнықтылықты және халықаралық іс-тәжірибені ескере отырып, сыртқы қарыз алулардың оңтайлы көрсеткіштерін айқындауға, жылжымайтын мүлікке бағалардың төмендеуіне байланысты тәуекелдерге банктердің орнықтылығын арттыруға; екінші деңгейдегі отандық банктер қызметінің ашықтық деңгейін арттыруға; активтерді жіктеу ережесін жетілдіруге және олар бойынша провизиялар құруға ықпал ететін нормативтік құқықтық кесімдер қабылдау.
Сақтандыру нарығы
2007-2009 жылдары сақтандыру ұйымдары қызметінің ашықтық деңгейін арттыруға, сақтандыру қызметтерінің отандық нарығының сыйымдылығын ұлғайтуға, қайта сақтандырудың ішкі секторын, жинақтау сақтандыру жүйесін дамытуға, шаруашылық субъектілерінің және ел тұрғындарының сақтандыру мәдениетін, міндетті сақтандыру жүйесінің тиімділігін арттыруға экономиканың сақтандыру секторын мемлекеттік реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру жолымен қол жеткізілетін болады.
Экономиканың сақтандыру секторын мемлекеттік реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру мақсатында алдағы кезеңде:
сақтандыру ұйымдары қызметінің ашықтық деңгейін арттыруға ықпал ететін нормативтік құқықтық кесімдер қабылдау;
міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру;
түсіндіру жұмыстарын жүргізуді қоса алғанда, республика халқының сақтандыру мәдениетінің деңгейін арттыру жөніндегі шаралар қабылдау ұйғарылып отыр.
Бағалы қағаздар нарығы
Акционерлік қоғамдар қызметінің ашықтық деңгейін арттыру, қор нарығының өтімділігін қамтамасыз ету, халықтың жеке жинақтарын жұмылдыру акцияларын нарығын дамыту, ұсынылатын қаржы құралдарының спектрін кеңейту мақсатында жоспарланатын кезеңде бағалы қағаздар нарығын мемлекеттік реттеу жүйесін одан әрі жетілдіру қажет.
Акционерлік қоғамдар қызметінің ашықтық деңгейін арттыруға корпоративтік басқару қағидаттарын енгізу арқылы қол жеткізілетін болады.
Алматы қаласында өңірлік қаржы орталығын құру қор нарығының өтімділігін қамтамасыз етеді.
Қазақстандық бағалы қағаздар нарығында жоспарланып отырған инвесторларды - заңды тұлғаларды оқыту және инвестициялаудың ұжымдық нысанын дамыту халықтық жеке жинақтарын жұмылдыруға ықпал ететін болады.
Корпоративтік басқару жүйесін енгізу мақсатында:
бағалы қағаздар нарығына қатысушыларды мемлекеттік реттеуді өздерінің қызметі туралы ақпаратты ашу, бағалы қағаздар бойынша кірістерді аудару және төлеу кезінде төлем тәртібін арттыру жөніндегі талаптарды олардың орындауы бөлігінде күшейтуді;
бағалы қағаздарды иеленушілердің құқықтарын бұзғаны үшін компаниялар басшыларының әкімшілік жауапкершілігін күшейту, акциялардың бақылау пакетін иеленбеген акционерлердің құқықтарын қорғайтын нормативтік кесімдер қабылдауды көздейтін корпоративтік басқару мәселелері бойынша Қазақстан Республикасы заңнамасын жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау қажет.
Сондай-ақ, қазақстандық компаниялардағы корпоративтік басқару деңгейін корпоративтік басқару нормалары мен қағидаттарын сақтауын бағалауға жетекші рейтингтік агенттіктерді тарту қажет.
Мыналар:
бұқаралық ақпарат құралдарында бағалы қағаздар нарығындағы қызметті жариялау;
мамандандырылған әдебиет шығару;
бағалы қағаздардың әлеуетті эмитенттері үшін семинарлар өткізу арқылы халықтың бағалы қағаздар нарығы туралы хабардар болуының деңгейін арттыру жөніндегі шаралар жүзеге асырылады.
Қаржы құралдарын инвестициялау үшін ұсынылатын спектрді кеңейту мақсатында мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын одан әрі дамыту, секьюритилендіру тетіктерін шығару, мемлекеттің толық және ішінара кепілдігімен облигациялар шығару жолымен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетіктерін дамыту көзделіп отыр.
Жинақтаушы зейнетақы жүйесi
Жинақтаушы зейнетақы жүйесі саласында 2007-2009 жылдары мыналарға қол жеткізу қажет:
халықтың зейнетақы қызметтеріне қол жетімділігін және оның сапасын арттыру;
зейнетақы активтерін инвестициялау үшін қаржы құралдарының спектрін кеңейту;
жинақтаушы зейнетақы қорларының зейнетақы активтерін басқарушылардың қызметін бағалаудың тиімділігін арттыру;
салымшылар мен алушылардың құқықтарын қорғау;
міндетті зейнетақы жарналарын төлеу жүйесінің жұмыс істеуінің тиімділігін арттыру.
Орта мерзімді перспективада алға қойылған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізу жөніндегі негізгі бағыттар жинақтаушы зейнетақы жүйесін одан әрі дамыту және оның барынша ашықтығын, тұрақтылығын қамтамасыз ету, реттеу мен қадағалаудың тиімділігін арттыру болады.
Осы бағыттарды іске асыруда:
жинақтаушы зейнетақы жүйесінің жұмыс істеуі мәселелерін peттeйтін заңнаманы одан әрі жетілдіру;
жинақтаушы зейнетақы қорлары мен компаниялардың зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кірістілігін айқындау әдістемесін жетілдіру, шынайы "эталондық портфельді" ("бенчмарк" сияқты) тұжырымдау;
өздігімен жұмыс істейтін халықты жинақтаушы зейнетақы жүйесіне тарту;
жинақтаушы зейнетақы қорларына төлемдер жүйесін оңтайландыру;
салымшылардың әртүрлі топтары үшін зейнетақы активтерінің портфелінде қаржы құралдарының құрамымен, инвестициялық тәуекелдің кірістілігімен және деңгейімен бір-бірінен ерекшеленетін зейнетақы жоспарларын енгізу;
корпоративтік басқару және тәуекелдерді басқару жүйесін жетілдіру көзделіп отыр.
Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу және қадағалаудың отандық жүйесін жетілдіру жөніндегі бағыттар мен шараларды іске асыру:
қаржы ұйымдарының мемлекеттің инвестициялық саясатының басым бағыттарына қатысуын кеңейтуге;
қаржылық қызметтерімен сауда-саттықты ырықтандыру жолымен отандық қаржы нарығының ашықтық, тұрақтылық және бәсекеге қабілеттілік деңгейін арттыруға;
бағалы қағаздар нарығын жандандыруға және ұсынылатын қаржылық қызметтерді кеңейтуге, тәуекелдерді әртараптандыруға;
ішкі және сыртқы тұрақсыздандырғыш факторларға қаржы нарығының тұрақтылық деңгейін арттыруы тиіс қаржылық қадағалаудың халықаралық стандарттары мен нормаларына сәйкестігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ қаржылық қызметтердің отандық нарығының халықаралық экономикалық кеңістікке толыққанды кіруіне;
қаржылық қызметтерді отандық жеткізушілер үшін келеңсіз салдарды азайта отырып, Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі үшін жағдайды қамтамасыз етуге ықпал ететін болады.
Қаржылық қызметтер нарығындағы бәсекелестіктің және тиісінше ұсынылатын қызметтердің сапасы деңгейінің артуына және олардың құнының төмендеуіне әкелетін Қазақстан Республикасы қаржы ұйымдарының резиденттерінің қатысуын кеңейту жоспарланып отыр. Бұл ретте, халықтың, инвесторлардың, рейтингтік агенттіктердің отандық қаржы секторына сенім деңгейі артады.
§ 2. Экономиканы мемлекеттік басқару
Фискалдық саясат
Салық саясаты
2007-2009 жылдары салық саясатының негізгі бағыттары мыналар болады:
жалақыны көлеңкелі төлеуді азайту мақсатында әлеуметтік салықтың ставкасын азайту;
өндірісті кейіннен дамыту және кеңейту мақсатында қосылған құн салығының ставкасын азайту;
қосылған құн салығын экспорт бойынша және ел ішінде өтеу тетігін жетілдіру;
халықтың әл-ауқатының өсу жағдайы кезінде қазақстандық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін күшейту мақсатында салық ауыртпалығын заңды тұлғалардың кірістерінен жеке тұлғалардың кірістеріне біртіндеп қайта бөлу мүмкіндігін қарау;
салық төлеушінің салық салынатын кірісін айқындаған кезде әлеуметтік сипаттағы шығыстар шегерімдерінің қосымша тізбесін ұсыну мақсатында жеке тұлғалардың табыстарын жалпы декларациялауға көшу мүмкіндігін қарау;
сыбайлас жемқорлықты азайту салық төлемеушілерге шараларды бір мезгілде қатаңдата отырып, есептілігін жеңілдету мақсатында салықтық әкімшілендіру бөлігінде заңнаманы одан әрі жетілдіру.
Бюджет саясаты
2007-2009 жылдарға арналған бюджет саясатының негізгі мақсаты қатаң бюджет тәртібін сақтай отырып, мемлекеттің қаржылық міндеттерінің тиімді және толық орындалуын қамтамасыз ету болып табылады.
2007-2009 жылдары бюджет саясатының негізгі бағыттары мыналар болады:
бюджет заңнамасын және бюджеттік жоспарлау жүйесін жетілдіру жолымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Қорының қаражатын қалыптастырудың және пайдаланудың орта мерзімді перспективаға арналған тұжырымдамасын іске асыру;
перспективалы бюджеттік жоспарлаудың рөлін арттыру;
шектеуші бюджет саясатын жүргізу жолымен мемлекеттік шығыстардың тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру, мұнда ағымдағы шығыстардың өсуі мұнай емес кірістердің өсуіне тікелей байланысты болады;
ұлттық қауіпсіздікті нығайту;
адам денсаулығының жай-күйін және өмір сүру ұзақтығын жақсарту, білім және мәдени деңгейін арттыру жөніндегі жүргізілетін әлеуметтік реформаларды қаржылық қамтамасыз ету;
бюджетаралық қатынастардың ашықтығы мен тұрақтылығын қамтамасыз ету, басқарудың әрбір деңгейінің дербестігін күшейту.
§ 3. Инвестициялық саясат
2007-2009 жылдары экономиканың басым секторларына отандық және тікелей шетелдік инвестициялардың ағынын ынталандыру, мемлекеттік инвестицияларды пайдаланудың тиімділігін ұтымды ету және арттыру саясаты мен ішкі жинақ ақшаны жұмылдыру жалғасатын болады.
Елдің инвестициялық тартымдылығын арттыру және инвестициялық климатты жақсарту үшін қолданыстағы нормативтік құқықтық базаны жетілдіру жөнінде жұмыс жалғасатын болады.
Басым өндірістердің инвестициялық тартымдылығын арттыру шеңберінде мемлекет іске асыратын одан арғы шаралар мыналарға:
миноритарлық акционерлердің құқықтарын қорғауды күшейтуге;
кәсіпорындарды тіркеудің жеңілдетілген жүйесін енгізуге;
қызмет түрлерін лицензиялаудың транспаренттік жүйесін құруға;
қаржы есептілігінің халықаралық стандарттарына кәсіпорындардың өтуін жылдамдатуға (ISO-9000, ISO-14000);
Ұлттық инновациялық жүйенің экономикалық дамуын басқарудың жаңа жүйесін дамыту жөнінде жұмыстың жалғасуына;
мемлекеттік даму институттарының жұмысын үйлестіруді күшейту жөніндегі іс-әрекетті, олардың қызметінің ашықтығын арттыруды жандандыруға;
инвестицияларға жәрдемдесу және шетелдегі инвестициялық сауда өкілеттіктерінің желісімен бірге экспорттың жылжуы жөніндегі мамандандырылған құрылымын құру;
отандық бизнестің, әсіресе экспорттаушылардың мүддесін ескере отырып, ірі халықаралық жобаларды синдицирленген қаржыландыруда қазақстанның қатысуын қамтамасыз ету бөлігінде халықаралық қаржы институттарымен бірге жұмысты жандандыру;
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің тұсаукесері және шетелдік, оның ішінде трансұлттық компанияларды іздеу жөнінде жұмыстарды жалғастыруға бағытталады.
Алдағы кезеңде бюджеттік инвестициялардың басымдықтары мыналар:
мемлекеттік басқарудың функцияларын тиімді іске асыруды қамтамасыз ету;
әлеуметтік секторды дамыту;
базалық инфрақұрылымды дамыту;
аграрлық сектордың дамуына жәрдемдесу;
Астана қаласының дамуы болып қалуда.
Сондай-ақ, экономиканың басым секторларында және инновациялық жүйенің дамуында қосылған құны жоғары жобаларды қаржыландыру үшін даму институттары қосымша капиталдандырылатын болады.
Жалпы алғанда, бюджеттік инвестициялардың көлемін бөлу 2007-2009 жылдарға арналған мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламалардың тізбесі шеңберінде жүзеге асырылады.
§ 4. Мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен
борышты басқару саласындағы саясат
2007-2009 жылдары Қазақстан Республикасы Үкіметінің саясаты мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген қарыз алу мен борыш саласында мынадай бағыттар бойынша іске асатын болады:
мемлекеттік борышты басқару жөніндегі жүйені жетілдіру;
қалыптасқан мұнай емес бюджет тапшылығының мөлшеріне негіздей отырып, жүргізілетін жинақтар саясатын есепке ала отырып, республикалық бюджет пен үкіметтік борыш тапшылығының көрсеткіштерін айқындау;
үкіметтік борыштың құрылымындағы сыртқы борыштың үлесін біртіндеп төмендету.
Үкіметтік борыштың құрылымында сыртқы борыштың үлесін біртіндеп төмендету республикалық бюджет тапшылығын қаржыландырудың жалпы құрылымында сыртқы қарыздар есебінен республикалық бюджет тапшылығын қаржыландыру үлесін қысқарту жолымен жүзеге асырылады.
Үкіметтің борыштық портфелін әртараптандыру мақсатында ішкі нарықта қарызға алуды бір уақытта ұлғайту кезінде сыртқы қарыз беру көлемі қысқартылатын болады.
Ішкі қарыз алу көлемінің ұлғаюы жинақтаушы зейнетақы қорларына зейнетақы активтерін орналастыру үшін сенімді және өтімді қаржы құралдарын (оның ішінде мемлекеттік бағалы қағаздарды) беру қажеттігіне байланысты.
Үкіметтік қарыз алу қор нарығында тиісті бағдарларды бекіту үшін айналымдағы мемлекеттік бағалы қағаздардың жеткілікті көлемін қолдау мақсатымен де пайдаланылатын болады. Орта мерзімді перспективада нақты жинақтамалар мақсатында үкіметтік қарыз алу саясаты Ұлттық қор активтерінің нарықтық құнына қарағанда кепілдік берілген борышты есепке алғанда, үкіметтік қарыздың ара қатынасы 50-70 %-ға жеткізуге бағдарланатын болады.
Бұдан басқа Қазақстан Республикасының мемлекеттік борышын басқару жүйесі қайта қаралатын болады. Мемлекеттік борыш бойынша ғана емес, мемлекет басым түрде қатысатын акционерлік қоғамдардың борышының міндеттемелерін өзіне қамтитын мемлекеттік сектордың бәрінің борышы бойынша да мониторинг жүргізілетін болады. Мониторингті жақсарту үшін тиісті мемлекеттік органдар арасындағы ақпарат алмасу жүйесін дұрыс жолға қою қажет.
Шартты міндеттемелер бойынша қауіп-қатерлерді азайту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі мониторингті күшейту және үшінші адамдар алдындағы борыштық міндеттемелері мемлекеттік кепілдіктер мен кепілдемелермен қамтамасыз етілген заңды тұлғалардың қаржылық жай-күйін бақылау жөнінде шаралар қабылдайды. Сондай-ақ, осы мақсатта үшінші адамдар алдындағы борыштық міндеттемелері мемлекеттік кепілдіктер мен кепілдемелермен қамтамасыз етілген заңды тұлғалардың борыштарын басқарудағы кемшіліктерге уақтылы ден қою және жою жөнінде шаралар қабылдау қажет.
Мемлекеттік ішкі және сыртқы борышты басқару жүйесін жетілдіру 2006 жылы әзірлеуге жоспарланып отырған Мемлекеттік және жалпы ішкі борышты басқару жөніндегі тұжырымдамаға сәйкес жүргізіледі. Тұжырымдамада борышты басқару стратегиясы, мемлекеттік борыш құрылымдарының, мемлекеттік борышты басқарудың ұйымдық негіздері, ішкі берешек нарығын дамыту мәселелері көрсетіледі.
Мемлекеттік және мемлекет - кепілдік берген қарыз алу мен борыш саласында жүргізіліп отырған саясат шеңберінде 2007-2009 жылдары мынадай міндеттерді шешу көзделіп отыр:
жинақтар саясаты шеңберінде үкіметтік борыштың оңтайлы мөлшерін айқындау;
ішкі қарыз алу бөлігінде:
жылдар мен қағаз түрлері бойынша бөліністе мемлекеттік бағалы қағаздар эмиссиясының орта мерзімді кезеңге арналған кестесін жасау;
ішкі қарыздарды тарту мерзімдеріне қарай қарыз алудың түрлі құралдарын қолдану;
нарықтағы ахуалға қарай қарыз алудың жалпы көлеміндегі индекстелген және купондық міндеттемелер арасындағы оңтайлы ара қатынасты белгілеу арқылы пайыздық тәуекелдерді азайту;
бағалы қағаздар нарығындағы бағдарларды ("бэнчмарк") белгілеу;
шығарылымдардың жалпы санын қысқарту кезінде мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару көлемін ұлғайту;
айналыс мерзімін ұлғайта отырып, пайыздарды төлеу кезеңділігін азайту;
міндеттемелердің орындалмау тәуекелін азайту және қысқа және орта мерзімді перспективада үкіметтік ішкі борышты өтеу жөніндегі төлемдердің ең жоғары шегін төмендету, бұл үшін орта мерзімді және ұзақ мерзімді міндеттемелерді шығаруға қайта бағдарлану көзделіп отыр;
сырттан қарыз алу бөлігінде:
жаңа жобаларды іріктеуге және Қазақстан Даму Банкінің өтемдік негізде қаржыландыруға ұсынылатын инвестициялық жобалардың банктік сараптамасын жүзеге асыруға талаптарды күшейту;
озық тәжірибе трансферті және сыртқы донорлармен жобаларды іске асыруды бақылау рәсімдері мақсатында экономиканың басым салаларында инвестициялық жобаларды қаржыландыру үшін жеңілдік шарттарында сыртқы қарыздарды тарту;
республикалық инвестициялық жобалар тізбесіне енгізілетін жобалардың дайындалу сапасы мен сараптамасын жақсарту арқылы қарыз қаражатын тиімді пайдалану;
теңгенің айырбас бағамы өзгерген жағдайда теріс салдарды азайту мақсатында Қазақстан Республикасы Yкіметінің сыртқы қарыздар портфелін қарыздардың валюталары бойынша әртараптандыру;
борышты өтеу және оған қызмет көрсету бөлігінде:
неғұрлым қымбат қызмет көрсетілетін үкіметтік қарыздарды мерзімінен бұрын өтеу жолымен үкіметтік борышты белсенді басқару;
жергілікті атқарушы органдардың мерзімі өткен борыштық міндеттемелерді өтеу және реттелмеген борыштық міндеттемелер проблемаларын жедел шешу жөнінде белсенді шаралар қабылдау;
фискалдық тәуекелдерді болжау.
Мемлекеттік активтерді басқару
2007-2009 жылдары мемлекеттік активтерді басқару саласындағы саясат мемлекетті тиімді меншік иесі ретінде қалыптастыру жөніндегі күш-жігерді шоғырландыруға бағытталады. Осы мақсаттарда мемлекеттік активтерді басқарудың тиімділігін елеулі түрде жақсартуға мүмкіндік беретін тетік жасалады.
Мемлекеттік меншікті басқару саласындағы басым міндеттер:
мемлекеттік активтерді басқарудың айқын және анық жүйесін жасау;
мемлекеттік меншікті түгендеу жүргізу және дерекқор жасау;
рентабельді емес мемлекеттік кәсіпорындарды оңалту немесе банкроттық туралы шешім қабылдағанда бірыңғай өлшемдерді қолдану, конкурстық басқарушыларды іріктеу тетігін жетілдіру болып табылады.
Мемлекет активтерін басқарудың айқын және анық жүйесін жасау үшін мемлекеттік активтерді басқарудың қазіргі жүйесін жаңартуға, мемлекеттік активтерді басқару саласындағы заңнама мен әдіснамалық базаны жүйелеуге бағытталған шараларды дәйекті қабылдау жүзеге асырылатын болады. Қоғамдық маңызы бар қызметтерді көрсету және мемлекеттік қолдауды қажет ететін қызмет саласын дамыту үшін осы ұйымдар жұмыс істеуге тиіс қызмет салаларын анықтау мақсатында бақылау акцияларының пакеті (қатысу үлестері) мемлекетке мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың қызмет саласына талдау жүргізілетін болады.
Мемлекеттік меншікті түгендеуді жүргізу және бүкіл ел үшін тиесілі бірыңғай дерекқор жасау үшін мыналарға бағытталған шараларды дәйекті түрде іске асыру керек:
бақылау акцияларының пакеті (қатысу үлесі) мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың мүлкін түгендеу жұмыстарын жүргізу;
осы ұйымдарға оларға жүктелген міндеттерді іске асыру үшін қажетті мүлік құрамын анықтау (зияткерлік меншікті және жылжымайтын мүлік объектілерін ескере отырып);
мемлекетке тиесілі акциялар пакеті (қатысу үлестері) бәсекелес ортаға берілуге тиісті мемлекеттік заңды тұлғаларға, ұйымдарға бекітілген мемлекеттік кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелер мен мүліктің тізбесін анықтау;
жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстары бойынша жарғылық капиталына мемлекет қатысатын мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелер, заңды тұлғалар тізіліміне (одан әрі - Тізілімін) қол жетімді жұмыстарды жергілікті бюджеттен қаржыландыру және оған «on-line» режимінде қолдау көрсету;
есепке алу объектілері бойынша Тізілім деректерін өзекті ету мақсатында жасалып жатқан "электрондық үкіметтің" "Заңды тұлғалар" мемлекеттік дерекқорының Тізілімді ұстаушыға электронды нысанда ақпарат беру.