310. Мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспардың бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органмен келіскеннен кейін бюджеттік бағдарламалар әкімшісі әрбір мемлекеттік мекеме бойынша жоспарды 3 данада бекітеді, оның бірі бюджеттік бағдарламалар әкімшісінде қалады, екеуі - мемлекеттік мекемеге беріледі.
Мемлекеттік мекеме бекітілген жоспардың бір данасын өзінде қалдырады, екіншісін - аумақтық қазынашылық бөлімшесіне береді.
311. Қаржы жылының 15 қаңтарына дейін жоспарды бекітпеген жағдайда, мемлекеттік мекемелер ағымдағы қаржы жылының 1 ақпанына дейінгі мерзімде жаңа қаржы жылының 1 қаңтарындағы тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақша қалдығы шеңберінде жасалған шығыстар сомасын ағымдағы қаржы жылының жоспарына міндетті қосу арқылы шығыстар жүргізе алады.
312. Егер мемлекеттік мекемелер бойынша жоспар 15 ақпанға дейін бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органға немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органға келісуге ұсынылмаса және 1 наурызға дейін келісілмесе, онда қаржы жылының 1 қаңтарынан бастап 1 наурызына дейін түскен ақша және есептіден кейінгі қаржы жылының 1 қаңтарындағы жағдай бойынша қалыптасқан және 1 ақпандағы жағдай бойынша пайдаланылмаған қаражат қалдығы 1 наурыздан кейін үш жұмыс күні ішінде тиісті бюджет кірісіне аударуға жатады.
Мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне белгіленген мерзімде ағымдағы жылдың 1 наурызындағы ҚБШ-дағы ақша қалдығын тиісті бюджеттің кірісіне аударуға арналған төлеуге берілетін шотты ұсынбаған жағдайда, аумақтық қазынашылық бөлімшесі белгіленген мерзім аяқталған күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік мекеменің төлемдері мен ақша аударымын жүзеге асыруды тоқтатады.
313. ҚБШ бойынша қолма-қол ақшамен жасалатын операциялар жөніндегі банктік қызметтерге ақы төлеуді мемлекеттік мекеме тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақша есебінен, мемлекеттік мекеме мен банк арасындағы кассалық қызмет көрсетуге арналған шарт негізінде жүргізеді. Банктік қызметтерге ақы төлеуге арналған шығындар қолма-қол ақшамен операциялар жүргізілетін тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) коды бойынша бюджет шығыстарының экономикалық сыныптамасының тиісті ерекшелігі бойынша жоспардың шығыстар бөлігінде көрсетіледі.
314. Бекітілген және келісілген жоспарлардың жұмыс істеуі қаржы жылының 31 желтоқсанында тоқтатылады.
40-тарау. Мемлекеттік мекемелер өздерінің билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақшаның түсімі мен жұмсалу жоспарларына өзгерістер енгізу
315. Қаржы жылы ішінде жоспарда көзделген сомадан тыс түскен кірістер жоспарды және мемлекеттік мекемелер бойынша жоспарды нақтылау шартымен оларға өзгерістер енгізу арқылы ағымдағы жылы жұмсалуы мүмкін.
Жоспарда көзделген сомадан тыс кіріс түскен кезде жоспарға және мемлекеттік мекемелер бойынша жоспарға өзгерістер, әрбір ақылы қызмет түрлері бойынша жылдық сома шеңберінде ерекшеліктер мен тоқсандар арасында өзгерістер енгізу мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:
мемлекеттік мекеме бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне енгізілетін өзгерістер бойынша негіздемелер мен есептерді қоса бере отырып, осы Ережеге 53-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жоспарға өзгерістер енгізу туралы анықтама береді;
бюджеттік бағдарламалар әкімшісі олар түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде енгізілетін өзгерістер бойынша негіздемелер мен есептерді тексереді, осы Ережеге 54-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарға өзгерістер енгізу туралы анықтаманы бекітеді және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға келісуге береді.
316. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган немесе бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті орган олар түскен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарға өзгерістер енгізу туралы ұсынылған анықтаманы қарастырады, енгізілетін өзгерістер бойынша негіздемелер мен есептерді тексереді.
317. Мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарға өзгерістер енгізу туралы анықтама екі данада бекітіледі және келісіледі.
318. Анықтаманың бір данасы бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органда қалады, екінші данасы бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне беріледі.
319. Мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарға өзгерістер енгізу туралы бекітілген және келісілген анықтаманың негізінде бюджеттік бағдарламалар әкімшісі жоспарға өзгерістер енгізу туралы анықтаманы үш данада бекітеді.
Бекітілген анықтаманың бір данасы бюджеттік бағдарламалар әкімшісінде қалады, екі данасы мемлекеттік мекемеге беріледі.
Мемлекеттік мекеме жоспарға өзгерістер енгізу туралы бекітілген анықтаманың бір данасын өзіне қалдырады, екіншісін аумақтық қазынашылық бөлімшесіне береді.
320. Мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарларды және бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бекітілген және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органмен келісілген мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарға өзгерістер енгізу туралы анықтаманы тіркеуді бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асырады, ал жоспарлар мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен бекітілген жоспарға өзгерістер енгізу туралы анықтамаларды тіркеуді бюджеттік бағдарламалар әкімшілері жүзеге асырады. Тіркеу жоспарларға және мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарларға, жоспарларға және мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарларға өзгерістер енгізу туралы анықтамаларға хронологиялық тәртіппен нөмір бере отырып еркін түрде журналда жүргізіледі.
321. Сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) түрлерін сақтаған кезде қаржы жылы ішінде мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарларды бекіткеннен және келіскеннен кейін және жоспарларды бекіткеннен кейін ББС-нің бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының кодтарын өзгерткен жағдайда, жоспарлар мен мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарлар Сыныптаушыға тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін бір ай ішінде осы Ережеде белгіленген тәртіппен қайта бекітіледі және қайта келісіледі.
Қаржы жылы ішінде ББС-нің бюджет шығыстарының функционалдық сыныптамасының жаңа кодтары енгізілген жағдайда жоспарлар мен мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарлар осы Ережеде белгіленген тәртіппен жаңа кодтар бойынша бекітіледі және келісіледі.
322. Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Сыныптаушыға тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) жаңа түрлері енгізілген жағдайда, осы Ережеде белгіленген тәртіппен жаңа жоспар мен мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспар жасалады, келісіледі және бекітіледі.
323. Жоспар мен мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспар бекітілгеннен және келісілгеннен кейін қаржы жылы ішінде жаңа мемлекеттік мекеме құрылған немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қосу немесе бөлу арқылы мемлекеттік мекемелерді қайта ұйымдастырған және мұндай мемлекеттік мекемелерге оларды сатқаннан түсетін ақша өздерінің билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатуға арналған құқық берілген жағдайда (бұдан әрі - құрылған немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік мекеме), мынадай іс-әрекеттер жүзеге асырылады:
құрылған немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік мекеме бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне осы Ереженің 279-тармағында белгіленген нысан бойынша және тәртіппен жоспар береді;
бюджеттік бағдарламалар әкімшісі олар түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде кірістер мен шығыстар бойынша негіздеме мен есептерді тексереді, жоспардың негізінде осы Ережеге 52-қосымшаға сәйкес нысан бойынша мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарға тиісті өзгерістер енгізу туралы анықтаманы жасайды және бекітеді және құрылған немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік мекеменің жоспарына сәйкес бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға келісуге береді;
бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган осы Ережеде белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекемелер жөніндегі жоспарға өзгерістер енгізу туралы ұсынылған анықтаманы қарайды және келіседі;
бекітілген және келісілген анықтаманың негізінде бюджеттік бағдарламалар әкімшісі әрбір құрылған немесе қайта ұйымдастырылған мемлекеттік мекеме бойынша жоспарды бекітеді және береді.
41-тарау. Мемлекеттік мекемелердің билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақшаны есепке алу және бақылау
324. Тауарларды сатудан түсетін ақшаның есебінен тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алу Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу жөніндегі заңнамасының талаптарын ескере отырып, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мемлекеттік мекеменің билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақша есебінен жасалатын шарт тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) түрлері бойынша шығыстардың бюджеттік сыныптамасының тиісті коды бойынша көзделген сома шеңберінде жасалады.
Бұл ретте, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі бекітетін ерекшеліктер тізбесіне енгізілген шығыстардың экономикалық сыныптамасының ерекшеліктері бойынша жасалған мемлекеттік мекемелердің шарттары осы Ереженің 81-тармағының екінші абзацына сәйкес аумақтық қазынашылық бөлімшесінде тіркеуге жатады.
Мемлекеттік мекеме өзінің билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақша есебінен жасаған шартты тіркеу осы Ереженің 15-20-тарауларында белгіленген тәртіппен ресімделген және ұсынылған міндеттемелерді тіркеуге арналған өтінім негізінде жүзеге асырылады.
325. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақша төлеушілерден қолма-қол емес не қолма-қол ақша түрінде тікелей мемлекеттік мекеменің кассасына түсе алады.
326. Мемлекеттік мекеме өзінің билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақшаның орынды пайдаланылуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік мекеменің билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақша есебінен жасалатын төлемдер:
олар бойынша шарттар жасалған және тіркелген шығыстар түрлері бойынша - тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлері бойынша ҚБШ-дағы нақты қолма-қол ақшаның және тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлері бойынша шығыстардың бюджеттік сыныптамасының коды бойынша шарт сомасы шеңберінде;
қалған шығыстар түрлері бойынша - тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлері бойынша ҚБШ-дағы нақты қолма-қол ақшаның және тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлері бойынша шығыстардың бюджеттік сыныптамасының тиісті коды бойынша бекітілген сома шеңберінде жүзеге асырылады.
Тауарларды сатудан түсетін түсімдерді жұмсау осы Ережеде белгіленген тәртіппен ресімделген және ұсынылған төлеуге берілетін шот негізінде жүзеге асырылады.
327. Тауарларды сатудан түсетін түсімдер жоспармен бекітілген сомадан тыс түскен кезде мемлекеттік мекеме жоспарды нақтылағанға дейін жұмсау құқығынсыз ҚБШ-ға оған өзгерістер енгізу арқылы есептеледі.
Ағымдағы қаржы жылының аяғына дейін аумақтық қазынашылық бөлімшесіне жоспарға өзгерістер енгізуге арналған анықтаманы бермеген жағдайда, мемлекеттік мекеме жаңа қаржы жылының он күнтізбелік күні ішінде оларды тиісті бюджеттің кірісіне аударуға төлеуге берілетін шотты береді.
Мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне белгіленген мерзімде төлеуге берілетін шотты ұсынбаған жағдайда, аумақтық қазынашылық бөлімшесі белгіленген мерзім өткен күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік мекеменің төлемдері мен ақша аударымын тоқтата тұрады.
328. Бекітілген жоспарда көзделмеген тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлері бойынша ақша түскен кезде түсімдер сомасы 902 "Анықталғанға дейін өзара есеп айырысу бойынша ұлттық валютада аударылған сома" деген шотта (бұдан әрі - 902-шот) есепке алынады. Түсімдерді 902-шотқа есептеген күннен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірмей аумақтық қазынашылық бөлімшесінің жауапты орындаушысы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен 2-38 нысан бойынша төлем тапсырмасын екі данада басып шығарады және ақша алушы болып көрсетілген мемлекеттік мекемеге аумақтық қазынашылық бөлімшесінің құрылымдық бөлімшесі басшысының қолы және өз мөртабанының бедері және қолы бар бір дананы жібереді.
Мемлекеттік мекеме төлем құжатының көшірмесін алған күннен бастап жеті жұмыс күні ішінде түсімнің негізділігін анықтау және түсім сомасы есептелуі тиіс тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) түрлерін анықтау және хатты аумақтық қазынашылық бөлімшесіне беру жөнінде жұмыс жүргізеді. Хатта мемлекеттік мекеме соманы ҚБШ-ға есептеу қажеттілігі туралы тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлерінің кодын көрсете отырып не оларды бюджет кірісіне аударуды растайды.
Мемлекеттік мекеменің хаты негізінде аумақтық қазынашылық бөлімшесінің жауапты орындаушысы төлеуге берілетін шотты ҚБАЖ-да қалыптастырады және бекітеді:
аумақтық қазынашылық бөлімшесінің 902-шотынан жоспарда көзделмеген түсімдер сомасын есептен шығару жөнінде операция жүргізу үшін және хатта көрсетілген тауарлар (жұмыстар, қызметтер) түрлерінің коды бойынша оны ҚБШ-ға есептеу бойынша;
жоспарда көзделмеген түсімдер сомасын тиісті бюджет кірісіне аудару үшін.
Мемлекеттік мекеме хатты уақтылы беруді және хат деректерінің растылығын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік мекеме аумақтық қазынашылық бөлімшесіне белгіленген мерзімде хат бермеген жағдайда аумақтық қазынашылық бөлімшесі белгіленген мерзім өткен күннен бастап келесі жұмыс күнінен кешіктірмей билігінде қалатын тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақша есебінен мемлекеттік мекеменің төлемдері мен ақша аударымын жүзеге асыруды тоқтата тұрады.
329. Мемлекеттік мекеме басқа мемлекеттік мекемелерге тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатуды жүзеге асыра алады.
330. Мемлекеттік мекемеге бюджет қаражатын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған ашылатын шоттардан қаражатты ҚБШ-ға ақылы қызмет бойынша аударуға тыйым салынады.
331. Мемлекеттік мекемелер мен бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган анықтаған тәртіппен, нысанда және мерзімде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатудан түсетін ақшаның түсімі мен жұмсалу жоспарларының орындалуы туралы есеп жасайды.
8-бөлім. Сайлауларды қаржыландыру және бөлінетін бюджеттік бағдарламаларды бөлу тәртібi
42-тарау. Сайлауларды мемлекеттік қаржыландыру
332. Партиялық тізімдер негізінде сайланатын Парламент Мәжілісінің, мәслихаттардың депутаттарын, жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін қоспағанда, Президентті, Парламент депутаттарын, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдерін сайлау осы мақсаттар үшін ашылатын жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шотынан басқа жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шоты арқылы республикалық бюджет қаражатынан қаржыландырылады.
333. Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган жергілікті атқарушы органның жергілікті бюджеттердің қолма-қол ақшаны бақылау шотынан басқа және Қазақстан Республикасының Президентін, Парламент, мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау кезінде сайлау іс-шараларын жүргізуге арналған шығыстар жөніндегі операцияларды есепке алуға арналған жергілікті атқарушы органның ҚБШ (бұдан әрі - сайлауларды қаржыландыру үшін шоттар) ашуын жүзеге асырады. Сайлауларды қаржыландыру үшін шоттар Орталық сайлау комиссиясының қолдаухаты негізінде ашылады. Сайлауларды қаржыландыру үшін шоттар сайлау іс-шараларын қаржыландыру аяқталғанға дейінгі мерзімге ашылады.
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган сайлауларды қаржыландыру үшін шоттарды ашқаннан кейін Орталық сайлау комиссиясы сайлауларды қаржыландыру үшін ашылған шоттардың нөмірі мен күні туралы әрбір аумақтық сайлау комиссиясына жазбаша хабар береді. Сайлауларды қаржыландыру үшін шот бойынша операциялар жүргізу үшін аумақтық сайлау комиссиясы аумақтық қазынашылық органына сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау туралы мәслихат шешімінің көшірмесі мен нотариалды куәландырылған қолдар мен мөр бедерінің үлгілері бар құжатты береді.
334. Сайлауларды мемлекеттік қаржыландыру міндеттемелерді қабылдауға рұқсат беру арқылы жүзеге асырылады:
Бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган - міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспарына сәйкес - Орталық сайлау комиссиясына электрондық түрде, қағаз тасығыштағы рұқсаттың бір данасы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органда қалады;
жеке қаржыландыру жоспарларына сәйкес - облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органына тиісті аумақтық қазынашылық бөлімшелері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган ҚБАЖ-да қалыптастырған рұқсатты екі данада басып шығару және қол қою арқылы. Рұқсаттың бір данасы аумақтық қазынашылық бөлімшесінде қалады, екінші данасы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың, қалалардың жергілікті атқарушы органына беріледі.
335. Бекітілген жеке қаржыландыру жоспары шеңберінде сайлау компаниясын жүргізу үшін бөлінетін бюджет қаражатын бөлушілер тиісті сайлау комиссиясының төрағалары болып табылады. Сайлау өткізуге арналған бюджет қаражатын жұмсау республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын операцияларды есепке алу үшін ашылған жергілікті атқарушы органдардың қолма-қол ақшаны бақылау шотынан жүргізіледі. Жергілікті атқарушы органдар тиісті сайлау комиссиясының төрағаларына азаматтық-құқықтық мәмілелер жасауға және төлемдерді жүзеге асыруға берілген рұқсаттарды жеткізеді. Тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) жеткізуге арналған шарттарды "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті атқарушы органдарына берілген рұқсаттар шеңберінде тиісті сайлау комиссиясының төрағалары ақша алушылармен жасалады.
336. Сайлау өткізу уақытында жергілікті атқарушы органдар тиісті аумақтық қазынашылық бөлімшелеріне қол мен мөр бедерінің үлгілері бар құжатты береді. Бұл ретте, бірінші қол қою құқығы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасына беріледі. Екінші қол қою құқығы тиісті аппарат әкімінің бас бухгалтеріне (қаржы қызметінің басшысына) тиесілі.
Құжат жергілікті атқарушы органның елтаңбалы мөрінің үлгісін, аумақтық сайлау комиссиясының сайлауы туралы тиісті мәслихат шешімінің (жоғары тұрған сайлау комиссиясының аумақтық сайлау комиссиясының мүшесін - оны мәслихат сайлағанға дейін шығып кеткеннің орнына аумақтық сайлау комиссиясының төрағасын тағайындау туралы шешімінің) нөмірі мен күнін көрсете отырып ресімделеді. Жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шотынан 001 "Сайлау өткізуді ұйымдастыру" бағдарламасының "Сайлау өткізу" кіші бағдарламасы бойынша қаражатты жұмсауға аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының өкілеттілігі сайлау өткізу не қайта дауыс беру не қайта сайлау мерзіміне және олар аяқталғаннан кейін отыз күнтізбелік күнге дейін ғана белгіленеді.
337. Аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының қаражатты жұмсауға арналған өкілеттік мерзімі қаржы жылының соңына келген жағдайда, сайлау бойынша төлемдер жүргізу Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының қаулысымен бекітілген мерзімде және қазынашылық бөлімшелерімен қаржы жылы аяқталған соң ҚБЕО төлем жүйесінің жұмысын ұйымдастыру үшін белгілеген мерзімде жүзеге асырылады.
338. Аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары ақша қаражатына билік етеді және қаржылық құжаттардың қаржы мәселелері бойынша сайлау комиссияларының шешімдеріне сәйкес келуіне жауап береді.
339. Республикалық бюджет қаражатынан мыналарға арналған шығыстар жабылады:
1) сайлау комиссияларын ұйымдастыру мен қызметі:
сайлау комиссияларының босатылған мүшелерінің жалақысы;
сайлау комиссиялары мүшелерінің қосымша еңбекақысы;
жалақыға есептеу;
техникалық қамтамасыз ету (компьютерлер, ұйымдастыру техникаларын сатып алу, жабдықтарды жалға алу және жабдықтарға техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ дауыс беруге арналған құрал-жабдықты сатып алу және жасау);
көлік шығыстары;
бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;
байланыс қызметтері, почта-телеграф шығыстары;
еңбек келісімдері негізінде штаттан тыс қызметкерлер орындалатын жұмыстар;
полиграфиялық шығыстар;
кеңсе және шаруашылық тауарларын, ұрандар, плакаттар, мемлекеттік рәміздер үшін материалдар сатып алу;
2) үй-жайларды жалға алу;
3) іссапар шығыстары;
4) консультанттардың, сарапшылардың, лингвистикалық комиссия мүшелерінің еңбегіне ақы төлеу;
5) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 28-бабының 3-тармағына сәйкес партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін кандидаттардан басқа, кандидаттардың бұқаралық ақпарат құралдарында сөйлейтін сөздері;
6) "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңының 28-бабының 4 және 5-тармақтарына сәйкес кандидаттардың көпшілікке сайлау алдында іс-шаралар өткізу және партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін кандидаттардан басқа, кандидаттардың үгіт материалдарын шығару;
7) партиялық тізімдер бойынша дауысқа түсетін кандидаттардан басқа, кандидаттардың Орталық сайлау комиссиясы белгілеген мөлшерде көлік шығыстары.
340. Аумақтық және округтік сайлау комиссияларының төрағаларына тұрғын үй-жайды жалға алу бойынша іссапар шығыстарын өтеу мемлекеттік мекемелердің басшылары және басшыларының орынбасарларына белгіленген мөлшерде, ал учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен сайлау комиссияларының мүшелеріне - мемлекеттік мекемелердің қызметкерлеріне белгіленген мөлшерде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2000 жылғы 22 қыркүйектегі № 1428 қаулысымен бекітілген Мемлекеттік бюджеттің есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттарының Қазақстан Республикасының шегіндегі қызметтік іссапарлары туралы ережемен жүзеге асырылады.
341. Жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шотынан қаражатты жұмсау аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының шешімі бойынша мынадай тәртіппен жүргізіледі:
аумақтық сайлау комиссияларын қаржыландыру жоспарларының шегінде ақша аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары есеп беретіндей етіп беріледі, орындалған жұмыстар және сайлау учаскелеріне сатып алынған материалдық құндылықтар үшін шығыстар төленеді. Пайдаланылмаған есеп берілетін сомалардың қалдығын сайлаулар аяқталғаннан кейін үш күн мерзімде аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары шығыстардың экономикалық сыныптамасының тиісті ерекшеліктері бойынша жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына есепке алу үшін әкім аппаратының кассасына тапсырады;
аумақтық сайлау комиссияларының шығыстары Орталық сайлау комиссиясы бекіткен олардың қаржыландыру жоспары шегінде аумақтық сайлау комиссияларының төрағалары бекіткен, оның негізінде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алу жүзеге асырылатын құжат ұсынылғаннан кейін төленеді. Аумақтық сайлау комиссиясының шығыстарына арналған қолма-қол ақшаны беру осы комиссияның төрағасының өкімі бойынша жүргізіледі. Аванстық есепті алғаннан кейін әкім аппаратының бас бухгалтері (қаржы қызметінің басшысы) растайтын, оның негізінде тауарларды (жұмыстарды, қызметтерді) сатып алу жүзеге асырылатын құжаттардың ресімделу дұрыстығын тексереді және оларды осы комиссия төрағасының бекітуіне береді.
Есеп берілетін соманың пайдаланылмаған қалдығын аумақтық сайлау комиссиясының төрағалары сайлау аяқталғаннан кейін үш күндік мерзімде шығыстардың экономикалық сыныптамасының тиісті ерекшеліктері бойынша жергілікті атқарушы органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына есептеу үшін әкім аппаратының кассасына тапсырады.
342. Сайлау науқандарына, оның ішінде кандидаттарға бөлінген республикалық бюджет қаражатын жұмсауды бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
343. Кандидатурасын алып тастауға немесе кандидатты ұсыну туралы шешімнің күшін жоюға байланысты және сайлау комиссиясының республикалық бюджет қаражатынан сайлау науқанын өткізуге жұмсалған шығыстар бөлігін кандидаттың, оны ұсынған мәслихаттың немесе қоғамдық бірлестіктің шотына жатқызу туралы шешімі болған кезде, егер республикалық бюджеттен шығыстар және қаражатты қалпына келтіру бір қаржы жылында жүргізілсе, соңғысы жергілікті атқарушы органдардың қолма-қол ақшаны бақылау шоттарына сайлауларды өткізу жөніндегі кассалық шығыстарды қалпына келтіруге қаражат аударады. Республикалық бюджеттен шығыстарды бір, ал қаражатты қалпына келтіру келесі қаржы жылында жүзеге асырылған жағдайда, бұл қаражатты кандидат "Республикалық бюджетке түсетін өзге салықтық емес түсімдер" коды бойынша республикалық бюджеттің кірісіне аударады. Бұл ретте көрсетілген шешімді: Президентті сайлау кезінде - Орталық сайлау комиссиясы, Сенат депутаттарын сайлау кезінде - аумақтық сайлау комиссиялары, Мәжіліс және Мәслихат депутаттарын сайлау кезінде округтік сайлау комиссиялары қабылдайды.