Осы редакция 2007 жылғы 28 қазандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы Үкіметінiң
2005 жылғы 6 сәуірдегі
№ 310 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы
министрлігінiң Орман және аңшылық шаруашылығы
комитетi туралы ереже
(2007.02.03. берілген өзгерістерімен)
1. Жалпы ережелер
1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Орман және аңшылық шаруашылығы комитетi (бұдан әрi - Комитет) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң құзыретi шегінде және Қазақстан Республикасының Конституциясымен, заңдарымен, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдерiмен және осы ережемен өзiне жүктелген ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орман шаруашылығы, жануарлар дүниесiн (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы арнайы атқарушылық және бақылау-қадағалау функцияларын жүзеге асыратын ведомствосы және уәкілетті органы болып табылады.
Комитеттiң аумақтық органдары - облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық басқармалары болады.
2. Комитеттiң негізгі мiндеттерi:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орман шаруашылығы, жануарлар дүниесiн (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мәселелерi жөніндегі мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ету;
2) өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiнiң ресурстарын сақтау және ұтымды пайдалану, сондай-ақ мемлекеттік табиғи-қорық қорының биологиялық сан алуандығы мен объектілерiн сақтау;
3) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орман ресурстарының және жануарлар дүниесi ресурстарының күзетілуiн, қорғалуын, өсiмiнiң молайтылуын және пайдаланылуын, жай-күйiн және қызметiн мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету болып табылады.
3. Комитет өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президентi мен Yкіметінiң кесiмдерiн, өзге де нормативтiк құқықтық кесiмдердi, сондай-ақ осы ереженi басшылыққа алады.
4. Комитет мемлекеттік мекеменiң ұйымдастырушылық-құқықтық нысанындағы Министрлiкке ведомстволық бағынысты заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тiлде өз атауы жазылған мөрлерi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгідегi бланкілерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгі Қазынашылық комитетінің органдары мен банктерде шоттары болады.
Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседi.
Егер Комитетке заңнамаға сәйкес, уәкілеттік берiлген болса, Комитеттiң мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
5. Комитеттiң құрылымын және штат санының лимитiн Қазақстан Республикасының Үкіметі бекiтедi.
ҚР Үкіметінің 2007.02.03. № 164 қаулысымен 6-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
6. Комитеттің заңды мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Абай даңғылы, 25.
7. Комитеттің толық атауы - "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң Орман және аңшылық шаруашылығы комитетi" мемлекеттік мекемесi.
8. Осы ереже Комитеттiң құрылтайшы құжаты болып табылады.
9. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Комитетке өз функциялары болып табылатын міндеттердi орындау мәнiне кәсiпкерлiк субъектілерінен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
Комитетке заңнамалық кесiмдермен кiрiстер әкелетiн қызметті жүзеге асыру жөніндегі құқықтар берiлген жағдайда, онда мұндай қызметтен алынған кiрiстер республикалық бюджеттің кiрiсiне жiберiледi.
2. Комитеттiң функциялары мен құқықтары
10. Комитет мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ететiн мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орман шаруашылығы, жануарлар дүниесiн (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы мемлекет саясатын, стратегиялық жоспарларды, мемлекеттік және өзге де бағдарламалар мен жобаларды iске асырады;
2) орман ресурстарын, жануарлар дүниесінiң ресурстарын және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды пайдалану жөніндегі шаруашылық, ұйымдастырушылық, қорғау және рұқсат беру iс-шараларын жүзеге асыруды ұйымдастырады және үйлестіредi;
3) сирек кездесетін және құрып кету қаупi төнген жануарлар мен өсiмдiктер түрлерiн қоса алғанда, жануарлар мен өсiмдiктер дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асырады;
4) ормандарды өрттерден авиациямен күзетудi, ормандарды зиянкестер мен аурулардан қорғауды жүзеге асыруды ұйымдастырады;
5) орман селекциясы мен тұқым шаруашылығы саласындағы, соның iшiнде тұрақты орман тұқымы базасын қалыптастыру, орман тұқымдарын сертификаттау жөнiндегі жұмыстарды ұйымдастырады;
6) орман және аңшылық шаруашылығы мамандарының біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
7) орман пайдалануға рұқсат беру құжаттарын дайындауды ұйымдастырады;
8) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бойынша мемлекеттік инспекцияны ұйымдастырады;
9) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың орман ресурстарын, жануарлар дүниесiн (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану, сондай-aқ мемлекеттік табиғи қорық қорының объектiлерiн сақтау жөніндегі iс-шаралар жүргізудi ұйымдастырады;
10) халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздары, гранттары қаражатының және техникалық көмегiнiң есебiнен қаржыландырылатын инвестициялық жобалардың iске асырылуын басқарады;
11) орман шаруашылығы, жануарлар дүниесiн (балық ресурстарынан және өзге су жануарларынан басқа) қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану, аңшылық шаруашылығын жүргізу саласындағы ғылыми зерттеулердi және жобалау-iздестіру жұмыстарын ұйымдастырады;
12) ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы әдiстемелiк басшылықты жүзеге асырады;
13) Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабын жүргізедi және оны басып шығаруды жүзеге асырады;
14) ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың паспорттарын және мемлекеттік орман қоры учаскелерiнде ұзақ мерзiмдi орман пайдаланудың шарттарын тiркейдi;
15) өзiнiң қарамағындағы ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жұмыс iстеуiн ұйымдастырады және қамтамасыз етедi, оларда заңнамада көзделген барлық қажеттi іс-шараларды жүргізудi қамтамасыз етедi, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар желісін дамыту жөнiнде ұсыныстар дайындайды;
16) есептiк кеспеағаш және орманды кесудiң жыл сайынғы көлемдерiн бекiтедi;
17) аң аулайтын алқаптардың резервтiк қорында жануарлар дүниесiн қорғауды, өсiмiн молайтуды ұйымдастырады және қамтамасыз етедi;
18) орман орналастыруды, аң аулауды экономикалық жағынан зерттеудi және шаруашылықаралық аңшылық iсiн ұйымдастыруды, орман қорының мемлекеттік есебiн, орман мониторингін, мемлекеттік орман кадастрын және ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың кадастрларын жүргізеді;
19) жануарлардың (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) мемлекеттік есебiн ұйымдастырады және жануарлар дүниесiнiң (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) мемлекеттік кадастрын жүргiзедi;
20) жануарлар дүниесiнiң объектілерiн (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды енгiзедi;
21) аңшы куәлігін бередi.
11. Комитет мемлекеттік саясаттың iске асырылуын бақылауды қамтамасыз ететін мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) орман заңнамасы, жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану мен ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылайды;
2) мемлекеттік орман қоры учаскелерінде сүрек дайындау жөніндегі, орман пайдаланушылар жүзеге асыратын қызметтi және дөңгелек орманды кесу жөніндегі жұмыстарды лицензиялауды жүзеге асырады;
3) ерекше қауiптi орман зиянкестерi мен ауруларына патологиялық орман қадағалауын және олармен күресті жүзеге асырады;
4) бекітілген лимиттер негізiнде жануарлар дүниесiнің объектiлерiн (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) алуға арналған квоталарды бөледi;
5) аңшы куәлігін беру тәртібін айқындайды;
6) аңшылық шаруашылықтарының санаттарын анықтайды;
7) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатқызылған жануарларды қоспағанда, жануарлар дүниесi түрлерiнiң (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) санаттарын айқындайды және оларды бiр санаттан басқа санатқа ауыстырады;
8) жануарлар дүниесін (балықтан және өзге су жануарларынан басқа) пайдалануға арналған биологиялық негiздеме дайындау тәртібін айқындайды;
9) әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iстердi қарайды, хаттамалар жасайды және нұсқамалар бередi;
10) өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн пайдалануға рұқсаттар береді;
11) жануарлар дүниесiнің объектілерiн (балықтан және өзге су жануарларынан басқа), олардың бөліктepi мен бөлшектерiн, соның iшiнде сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген жануарлар санатына жатқызылған жануарлар түрлерiн әкелуге және әкетуге рұқсаттар бередi.
12. Комитет негiзгi міндеттерді iске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру үшін өз құзыреті шегiнде заңнамада белгiленген тәртіппен:
1) өз құзыреті шегiнде нормативтік құқықтық кесiмдер шығаруға;
2) Комитеттің қарамағындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың мемлекеттік басқару органы болуға;
3) Қазақстан Республикасының орман қорының бүкiл аумағында ормандарды күзету, қорғау, өсiмiн молайту және орман пайдалану жөніндегі жұмыстар мен iс-шаралардың барлық түрлерiн тексерудi жүзеге асыруға;
4) орман шаруашылығын жүргізу, орман пайдалану, ормандардың өсiмiн молайту, оларды күзету және қорғау ережелерiн, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы заңнаманы бұзушылықтарды жою туралы орындау үшiн мiндетті нұсқаулар беруге;
5) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес орман пайдалану құқығын тоқтата тұруға, шектеуге, тоқтатуға;
6) Қазақстан Республикасының аумағында тұратын немесе оған келген азаматтардан, лауазымды тұлғалардан жануарлар дүниесiн пайдалануда белгіленген ережелер мен нормаларды, тыйым салулар мен шектеулердi сақтауды талап етуге, тәртiп бұзушылықтарды тоқтату туралы орындау үшiн мiндетті нұсқаулар беруге;
7) жануарлар дүниесiн өз бетiнше пайдалануды тоқтатуға, оны жүргiзу кезiнде жануарлар дүниесін қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану жөніндегі ережелер, нормалар және өзге де талаптар бұзылатын жұмыстарды тоқтатуға;
8) өсiмдiктер мен жануарлар дүниесiн пайдалануға шарттар жасасуға;
9) облыстық атқарушы органмен бiрлесiп аң аулайтын алқаптарды бекітіп беру жөнiнде конкурстық комиссия құруға;
10) мемлекеттік органдардан, өзге де ұйымдардан өзiнiң функцияларын орындау үшiн қажетті ақпаратты сұратуға және алуға;
11) болжанатын жобалардың редакцияларын қоса берiп, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық кесiмдерiн әзiрлеу немесе оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстар енгізуге;
12) сотқа талаптарымен жүгiнуге, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртiппен оларды қарауға қатысуға құқығы бар.
3. Комитеттің мүлкi
13. Комитеттiң оқшауланған мүлiктi жедел басқару құқығы бар.
Комитеттiң мүлкi оған мемлекет берген мүлiктiң есебiнен қалыптасады және негiзгi әрi айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерiмiнде көрсетілген өзге де мүлiктен тұрады.
14. Комитетке бекітілiп берілген мүлiк республикалық меншiкке жатады.
15. Комитеттiң өзiне бекiтілiп берiлген мүлiктi өз бетiнше иелiктен шығаруға немесе оған өзгеше тәсілмен билiк етуге құқығы жоқ.
4. Комитеттің қызметiн ұйымдастыру
16. Комитетті Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрiнiң ұсынуы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
Комитет төрағасының ұсынуы бойынша Төрағаның Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын орынбасарлары болады.
17. Төраға Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды және Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы мен оның өз функцияларын жүзеге асыру үшiн жеке жауап бередi.
18. Төраға осы мақсаттарда:
1) Комитеттің қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
2) Министрлiкпен келісім бойынша Комитеттің аумақтық органдарының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
3) өзiнiң орынбасарларының, Комитеттің құрылымдық бөлiмшелерi, аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының міндеттері мен өкілеттіктерiн белгiлейдi;
4) заңнамада белгіленген тәртiппен Комитет қызметкерлерiн, Комитеттің аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының басшыларын көтермелейдi және тәртіптік жаза қолданады;
5) бұйрықтарға қол қояды;
6) Комитеттiң құрылымдық бөлiмшелерi туралы ережелердi, сондай-ақ өз құзыретінiң шегiнде Комитеттiң ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелерінің ережелерiн бекiтедi;
7) мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Комитетті бiлдiредi.
19. Комитет қабылдайтын шешiмдер Комитет төрағасының бұйрықтарымен ресімделеді.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
20. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң
2005 жылғы 6 сәуірдегі
№ 310 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң
Құрылымы
Басшылық
Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасы
Жануарлар дүниесі басқармасы
Қаржы және ұйымдастыру бөлімі
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң
2005 жылғы 6 сәуірдегі
№ 310 қаулысымен
бекітілген
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Орман және аңшылық шаруашылығы комитетiнiң аумақтық
органдары - мемлекеттік мекемелерiнiң
тiзбесi
1. Ақмола облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
2. Ақтөбе облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
3. Алматы облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
4. Атырау облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
5. Шығыс Қазақстан облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
6. Жамбыл облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
7. Батыс Қазақстан облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
8. Қарағанды облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
9. Қостанай облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
10. Қызылорда облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
11. Маңғыстау облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
12. Павлодар облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
13. Солтүстік Қазақстан облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
14. Оңтүстiк Қазақстан облыстық орман және аңшылық шаруашылығының аумақтық басқармасы
Қазақстан Республикасы Yкіметінiң
2005 жылғы 6 сәуірдегі
№ 310 қаулысымен
бекітілген
ҚР Үкіметінің 2006.26.01. № 52; 2007.07.02. № 88; 2007.14.02. № 109 қаулыларымен тізбе толықтырылды
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі
Орман және аңшылық шаруашылығы комитетінiң
қарамағындағы ұйымдардың
тiзбесi
1. "Ақсу Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
2. "Алакөл мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
3. "Алматы мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
4. "Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
5. "Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркi" мемлекеттік мекемесi
6. "Алтынемел" мемлекеттік ұлттық табиғи паркi" мемлекеттік мекемесi
7. "Көкшетау" мемлекеттік ұлттық табиғи паркi" мемлекеттік мекемесi
8. "Ертіс орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты" мемлекеттік мекемесi
9. "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерваты" мемлекеттік мекемесi
9-1. «Ырғыз-Торғай мемлекеттік табиғи резерваты» мемлекеттік мекемесі
10. "Батыс Алтай мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
11. "Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркi" мемлекеттік мекемесi
12. "Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
13. "Қазақ мемлекеттік республикалық ағаш тұқымы мекемесi" мемлекеттік мекемесi
14. "Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" мемлекеттік мекемесi
15. "Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
16. "Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі" мемлекеттік мекемесi
17. "Марқакөл мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
18. "Наурызым мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
19. "Сандықтау оқу-өндiрiстiк орман шаруашылығы" мемлекеттік мекемесi
20. "Үстiрт мемлекеттік табиғи қорығы" мемлекеттік мекемесi
21. «Шарын мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесi
21-1. «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мемлекеттік мекемесі
21-2. «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» мемлекеттік мекемесі
22. "Алматы орман селекциялық орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсiпорны
23. "Қазақ ормандарды авиациялық қорғау және орман шаруашылығына қызмет көрсету базасы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсiпорны
24. "Қазақ орман орналастыру кәсiпорны" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны
25. "Көкшетау орман селекциялық орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсiпорны
26. "Охотзоопром" ӨБ" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсiпорны
27. "Жасыл Аймақ" шаруашылық жүргiзу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсiпорны
28. "Қазақ мемлекеттік орман шаруашылығын жобалау жөніндегі жобалау-iздестiру институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны.