2) қарудың әр бірлігiн қайта тiркеу үшiн мемлекеттік баж төленгенi туралы түбiршектi;
3) көру қабiлетiнiң бұзылуына, психикалық ауруға, алкоголизмге немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға қарсылық жоқ екені туралы медициналық қорытындыны және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжатты ұсына отырып, жергiлiктi iшкі істер органына өтiніш білдiруге мiндеттi.
Ескерту. Атыс қаруын сақтау, сақтау мен алып жүру құқығын беретін рұқсаттың қолданылу мерзімі әрдайым үш жылға ұзартылады.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 91-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
91. Атыс қаруы мен оның патрондары қабырғаларының қалыңдығы кемiнде 3 мм болатын, сенiмдi ішкi құлпы бар, еденге немесе қабырғаға берiк бекітілген металл шкафта (сейфте) немесе қаруды бөгде адамдардың алуын болдырмайтын өзге де құрылыста, иесiнің тұрғылықты тұратын жерінде сақталуы тиiс. Атыс қаруларын тұрғын бөлмелердің қабырғаларына iлiп қоюға рұқсат етiлмейдi. Қаруды иесiнiң тұрақты тұратын жерiнен тыс орындарда (саяжайларда, бақтағы үйлерде, гараждарда, сарайларда, вагондарда, лашықтарда, шатырларда және т.б.), сондай-ақ жатақханаларда (бiр отбасының мүшелерi жеке бөлмеде тұратын отбасылық жатақханаларды қоспағанда), уақытша вахталық үй-жайларда, туысқандарында, таныстарында сақтауға тыйым салынады. Қару иесiнiң ұзақ (үш айдан астам) кезеңде iссапарда болуы немесе әскери қызмет өткеруі кезеңіндегі ерекше жағдайларда қару иесінің тұрғылықты жеріндегі iшкi iстер органына уақытша сақтауға тапсырылады.
92. Көліктің барлық түрлерiмен алып жүру немесе тасымалдау кезінде атыс қаруы оқталмаған күйде қабына салынуы тиiс. Атыс қаруын алып жүру немесе тасымалдау кезіндегі барлық жағдайларда иесі бір мезгілде қаруды алып жүрудiң рұқсаты болып табылатын, iшкi істер органының оны сақтау мен алып жүруге берген рұқсатын өзiмен бірге алып жүруге мiндеттi. Қаруды сақтаудың, алып жүрудiң, тасымалдаудың және пайдаланудың белгіленген ережелерiн бұзғаны үшiн кінәлі адамдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жауапқа тартылады.
Аңшылық суық қару қапталған күйде тек қана аңшылық билетi болған жағдайда тасымалданады.
93. Қаруды сақтаудың немесе сақтау мен алып жүрудiң рұқсаттары мынадай жағдайларда:
рұқсаттан ерікті түрде бас тартқанда не қарудың иесi қайтыс болғанда;
қоғамдық тәртіпке немесе басқарудың белгiленген тәртібіне қол сұғатын әкімшілiк құқық бұзушылықтар бiр жыл ішiнде қайта жасалғанда;
қару айналымының белгiленген ережелерi бұзылғанда;
адам қылмыстық жауапқа тартылғанда;
иесі азаматтық немесе қызметтiк қаруды баллистикалық сипаттамаларының өзгеруіне әкелiп соққан конструкциялық жағынан қайта жасағанда күшін жояды.
Рұқсаттың күші жойылған жағдайда күшi жойылған күннен бастап үш жыл өткеннен кейін оны алу үшiн қайта өтiнiш бiлдiрiлуi мүмкін. Рұқсаттан ерікті түрде бас тарту жағдайында оны қайта алуға мерзім белгіленбейді.
94. Рұқсаттың күшін жою туралы дәлелді қорытынды шығарылады, оны ішкі істер органының бастығы бекiтедi. Қорытындыда мұндай шешім қабылдаудың негiздерi мен себептерi жазылады.
95. Рұқсаттың күшi жойылған жағдайда ол атыс (суық) қаруы және оның патрондарымен бiрге алынып қойылады. Қару иелерi немесе олардың заңды өкiлдерi алынып қойылған қару мен оның патрондарын iшкi iстер органдарының жолдамасы бойынша комиссиялық сатуға тапсырады не қаруды сатып алуға немесе сақтауға және алып жүруге iшкi iстер органдарының рұқсаты бар адамға бөлек берiлуi мүмкiн.
Ескерту. Қылмыстық iстер бойынша айып тағылған адамдардың атыс (суық) қаруы мен оның патрондары рұқсатпен бiрге алынып қойылады және тергеу органдарының немесе соттық қылмыстық iс бойынша түпкiлiктi шешiмiне дейiн iшкі iстер органдарында сақталады. Егер аталған адамға қатысты қылмыстық iс тоқтатылған болса немесе сот ақтау үкiмін шығарса, оған қаруы мен оның патрондары, қаруды сақтау немесе сақтау мен алып жүру рұқсаты қайтарылады.
96. Iшкi iстер органдары:
ұңғысының немесе ұңғылы қорапшасымен қоса, ұңғысының ұзындығы 500 мм-ге жетпейтiн және қарудың жалпы ұзындығы 800 мм-ге жетпейтiн, сондай-ақ конструкциясы оның ұзындығын 800 мм-ге жетпейтiн етiп жасауға мүмкiндiк беретiн және сонымен бiрге бұл ретте ату мүмкiндiгi жойылмайтын ұзын ұңғылы атыс қаруын;
оқты түйдектете атуға мүмкiндiк беретiн азаматтық атыс қаруын;
нөмiрi жоқ, қолдан жасалған немесе нөмiрлерi қисайған атыс қаруын сатып алуға, сақтауға немесе сақтау мен алып жүруге рұқсаттар бермейдi.
97. Азаматтық қарудың иесi қайтыс болған жағдайда отбасы мүшелерi бiр айлық мерзiмде бұл қаруды қайта тiркеуге немесе комиссиялық өткізуге тапсыруға мiндеттi немесе олар оны азаматтық қаруды сатып алуға iшкi iстер органдарының рұқсаты бар адамға бөлек беруi тиiс. Мұраға қалдыру, сыйға тарту Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес белгiленедi.
98. Iшкi iстер органдарында аңшылық атыс қаруын бір адамнан екiншi адамға тапсыруға құжаттар ресiмдеуге рұқсат беріледi. Мұның өзi, рұқсат ету жүйесiн жүзеге асыратын ішкi істер органының қызметкерi қару иесiнiң және қарудың бұл түрiн сатып алуға iшкi iстер органының рұқсаты бар адамның қатысуымен, тапсырылатын қарудың есепке алынған жерiнде жүргiзедi. Мұндай жағдайда тапсырылатын қарудың маркасы, калибрі мен нөмірі рұқсат қағазға және сатып алу рұқсатының төлнұсқасына жазылады. Жазбаларды ішкі істер органының бастығы қол қойып және "Лицензиялық-рұқсат ету жүйесi" деген бедерi бар арнайы мөрмен куәландырады. Рұқсаттың төлнұсқасы қаруды тұрғылықты жерінде есепке қою үшін жаңа иесіне қайтарылады. Сонымен бiр мезгiлде, қаруды тапсыруды жүргізудің негізінде қаруды есептен шығару туралы тиiстi жазбалар қару иелерiн есепке алу журналына енгізіледі.
99. Атыс қаруының иесi тұрғылықты жерiн өзгерткен кезде iшкi істер органына қаруды есептен шығару туралы өтiнiш жасауға және жаңа тұрғылықты мекен-жайын көрсетуге міндетті. Қару иесi жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейiн он күндік мерзiмде (шекаралық аймақта 24 сағат iшiнде) тұрғылықты жерi бойынша қолындағы қаруын есепке қоюға міндеттi.
100. Қарудың техникалық күйiн анықтау жөніндегі комиссия атыс қаруын жарамсыз (жөндеуге келмейдi) деп тапса, қару тiркелмейді (қайта тіркелмейдi) және дереу қару айналымын бақылау саласындағы уәкілетті орган белгiлеген тәртiппен жойылуы тиіс.
Ескерту. Қарудың техникалық күйiн анықтау жөніндегі комиссия ішкі істер органында құрылады, оның құрамы 3-4 адамнан: iшкi iстер органының рұқсат ету жүйесiн жүзеге асыраушы қызметкерiнен, криминалистен, қару шеберi-техниктен тұрады және Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың ІІББ, ІІБ мен көлiктегi ІІБ бастығының бұйрығымен бекітіледi. Азаматтардың iшкi iстер органдарына ұсынған атыс қаруын тiркеу (қайта тіркеу) кезiнде оның техникалық күйiн анықтау үшiн атыс қаруына тексеру жүргiзу комиссияның мiндетi болып табылады. Жұмыс барысында комиссия аңшылық атыс қаруының техникалық санатталу нормаларын басшылыққа алады.
Алынып қойылған, ерiктi түрде тапсырылған, тауып алынған қару мен оқ-дәрілердiң iшкi iстер органдарында сақталуын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тәртібін Қазақстан Республикасының Iшкіiсминi белгілейді.
101. Атыс қаруы жоғалған немесе ұрланған жағдайда иесi ол жөнінде ішкі істер органына дереу хабарлауға мiндеттi.
Жауынгерлік қол атыс қаруы мен оның патрондарын, сондай-ақ суық қаруды сатып алудың, сақтаудың, алып жүрудiң және тасымалдаудың тәртібі заңнамада белгiленедi.
17. Марапаттық қаруды сақтаудың және алып қоюдың тәртібі
102. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы, Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы негiзiнде Қазақстан Республикасының азаматтары алған қару марапаттық қаруға жатады.
Қазақстан Республикасының азаматтары шет мемлекеттер басшыларының, шет мемлекеттер үкiметтерiнің басшылары мен мүшелерiнiң марапаттау құжаттары негiзiнде марапаттық қару алуы мүмкiн.
Қазақстан Республикасының азаматтарына марапаттық қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсатты Қазақстан Республикасының Iшкiiсмині береді.
Түйдектете атуға мүмкiндiк беретiн, сыйымдылығы 10 патроннан асатын оқжатары (барабаны) бар, сондай-ақ осы заңмен Қазақстан Республикасының аумағында айналымына тыйым салынған қару марапаттық қаруға жатпайды.
103. Марапаттық атыс (суық) қаруы бар адамдарға Қазақстан Республикасы Iшкiiсминi қарудың қолданылу мерзiмiн көрсетпей, "марапаттық" деген белгiсi бар сақтау және алып жүруге рұқсаттар бередi.
Марапаттық қаруды сақтау мен алып жүрудiң рұқсаты бiр мезгiлде оны тасымалдаудың рұқсаты болып табылады.
104. Марапаттық атыс (суық) қаруы жетi күндiк мерзiм iшiнде Қазақстан Республикасының Iшкiiсминiнде тiркелiп, оны сақтау мен алып жүрудiң рұқсаты алынуы тиiс.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 105-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
105. Марапаттық қаруды сақтауға рұқсат алу үшiн Қазақстан Республикасының Iшкiiсминiне мынадай құжаттар:
1) толтырылған өтiнiш-карточка;
2) қарумен марапаттау туралы құжаттың түпнұсқасы немесе нотариалды тәртiппен куәландырған көшiрмесi;
3) көру қабiлетiнiң бұзылуына, психикалық ауруға, алкоголизмге немесе нашақорлыққа байланысты қару ұстауға қарсылық жоқ екені туралы медициналық қорытынды;
4) Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат;
5) қаруды қауiпсiз ұстаудың ережелерiн бiлетiндiгiн тексеру туралы анықтама;
6) алынып тасталды
7) қару мен оның патрондарын сақтауға және алып жүруге рұқсат берiлу үшiн мемлекеттік баждың төленгенi туралы түбіртек;
8) көлемi 3х4 см екі фотосурет ұсынылады.
106. Лауазымды адамдардан алынған, осы Ереженiң 102-тармағында көрсетiлмеген атыс (суық) қаруы марапаттық қару қатарына жатпайды және аумақтық iшкi істер органына:
1) әскери қол атыс және суық қару - оны берген тиiстi ведомствоға кейiннен табыс ету арқылы тегiн тапсырылуы тиіс;
2) аңшылық қару - осы Ережелердің 77-80 және 89-тармақтарына сәйкес оны сақтау мен алып жүруге рұқсат беру арқылы тiркелуi немесе оны сатып алу рұқсаты бар адамға бөлек берiлуi мүмкiн.
Ескерту. Марапаттық қаруға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының "Жекелеген қару түрлері айналымын мемлекеттік бақылау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы күшiне енгенге дейін атаулы қарумен марапаттау құқығы болған лауазымды адамдардың, өкiлдi және атқарушы органдардың бұйрықтары негiзiнде алынған, заңнамада белгiленген тәртiпте оны алып жүру мен сақтауға ішкі iстер органдарының рұқсаты бар қарулар жатады.
107. Марапаттық қаруды ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының қолданылып жүрген заңнамасына сәйкес сақтаудың, тасымалдаудың және пайдаланудың ережелерін бұзғаны үшін азаматтардан алып қоюы мүмкін.
108. Марапаттық атыс (суық) қарудың иесi қайтыс болған жағдайда аталған қару бiр айлық мерзiмде iшкi iстер органдарына өткiзiледi.
109. Марапаттық қару iшкi істер органдары оны тиiсiнше қайта тiркеп, қайта жасағаннан кейiн сақтау үшiн мұражайларға тапсырылуы мүмкiн.
18. Республика аумағына азаматтық және қызметтiк қару мен
оның патрондарын әкелудiң және оны шетелге әкетудiң тәртібі
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 110-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
110. Ұйымдарға азаматтық және қызметтiк қару мен оның патрондарын әкелуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Iшкiiсминi мынадай құжаттар:
1) қару мен оның патрондарының саны, әкелуге жауапты адамның тегi, аты-жөнi, төлқұжатының немесе жеке бас куәлiгiнiң сериясы мен нөмiрi, қару мен оның патрондары әкетiлетiн мемлекет, ол арқылы әкелу жүзеге асырылатын кеден пунктi көрсетiлген ұйым басшысының өтiнiштерi;
2) қару мен оның патрондарын сатып алуға Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың IIББ, IIБ берген лицензиялардың көшiрмелерi;
3) қаруды импорттауға Қазақстан Республикасының Индустрия және сауда министрлігі берген лицензиялардың көшiрмелері;
4) әкелiнетiн қару мен оның патрондары сертиФикатының көшiрмелерi немесе қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелгеннен кейiн сертификаттау жүргiзудiң шарты негiзiнде бередi.
Ескерту. Қару мен оның патрондарын сату үшiн әкелу мен әкету рұқсаты тек қана азаматтық және қызметтiк қарулардың саудасына лицензиясы бар ұйымдарға Қазақстан Республикасының Энергетика, индустрия және сауда министрлігінiң тауарлар экспорты мен импортының лицензиясында белгiленген мерзiмге берiледi.
111. Қазақстан Республикасының азаматтарына аңшылық атыс және газды қарудың бірлі-жарым даналарын әкелуге рұқсатты Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың IIББ, IIБ өтiнiштiң, аңшылық немесе газды қаруды сатып алу құқығын беретiн рұқсаттың көшiрмесiнiң, әкелiнетiн қару сертификаты көшiрмесiнiң немесе қаруды Қазақстан Республикасының аумағына әкелгеннен кейiн сертификаттауды жүргiзу шартының негiзiнде береді.
112. Шетел азаматтарына аңшылық атыс қаруының бірлі-жарым даналарын, олардың патрондары мен аңшылық пышақтарды әкелуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Iшкiiсминi жануарлар дүниесiнiң қорғалуына, ұдайы өсiп-өнуi мен пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асырушы облыстық органдармен келісілген шақырушы тарап ұйымының өтiнiшi негiзінде бередi, онда: қару әкелетiн азаматтың тегi, аты, әкесiнiң аты, оның төлқұжатының сериясы мен нөмiрi, әкелiнетiн қарудың жүйесі, калибрi мен нөмiрi, патрондар саны, қай елден, қай кеден пунктi арқылы, республиканың қай облысына және қандай мерзiмге әкелiнетiнi, аң аулаумен айналысушының шетелдiктермен спорттық-әуесқойлық аң аулау жүргiзуiнiң шарты, заңды тұлғаны тiркеу туралы куәлiгi, жабайы аңдарды атуға жануарлар дүниесiнiң қорғалуы, ұдайы өндiрiсі мен пайдаланылуы, аң және балық шаруашылығының жүргiзiлуiн бақылау саласындағы уәкiлеттi мемлекеттік орган берген арнайы рұқсаты көрсетiлуi тиіс.
Ескерту. Шетелдiктер әкелген қару мен патрондарды әкету әкелу рұқсатына сәйкес және онда көрсетiлген мерзiмдерде жүзеге асырылады.
113. Ұйымдарға республикадан атыс, газды, суық қару мен патрондарды әкетуге рұқсатты Қазақстан Республикасының Iшкiiсминi қару мен оқ-дәрiлердiң саны, әкетуге жауапты адамның тегi, аты-жөні, жеке бас куәлiгiнiң (төлқұжатының) сериясы мен нөмiрi, қару мен патрондар әкетiлетiн мемлекет, ол арқылы әкету жүзеге асырылатын кеден пунктi көрсетiлген ұйым басшысының өтiнiшi негiзінде бередi.
ҚР Үкіметінің 11.11.03 ж. № 1127 қаулысымен 114-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
114. Шетелге тұрақты тұруға шығатын Қазақстан Республикасының азаматтарына аңшылық және газды қарудың бірлі-жарым даналарын, оның патрондарын әкетуге рұқсатты Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың IIББ, IIБ шығу құжаттарын көрсеткен жағдайда аумақтық iшкі iстер органының қаруды есептен шығару туралы белгiсi бар өтiнiш негiзiнде бередi.
Қару мен оның патрондарын Қазақстан Республикасынан әкетуге және Қазақстан Республикасына әкелуге рұқсат беру үшiн заңды және жеке тұлғалардан мемлекеттік баж алынады.
115. Халықаралық спорт жарыстарын өткізуге арналған атыс қаруын, оның жарақталған патрондарын, оқ-дәріні шетелге әкетуге және Қазақстан Республикасына әкелуге рұқсатты Астана және Алматы қалаларының IIББ, облыстардың ІІББ, ІІБ мүдделі ұйымдардың өтініштері бойынша береді.
116. Қару мен патрондарды әкелу (әкету) рұқсаттарының бланкілері қатаң есептегі құжат болып табылады және реттiк нөмiрлерiнiң қойылумен баспаханада дайындалады. Дайын бланкiлер қару мен патрондарды әкелу (әкету) рұқсаттарын беру есепке алу кітабына тіркеледі.
117. Әкелiнетін (әкетілетiн) қарудың әр данасы кеден пунктінде тексерiледi. Ол туралы деректер әкелiнетiн (әкетiлетiн) қару мен патрондарды есепке алу журналына енгiзiледi және қорытылған мәліметтер ай сайын Қазақстан Республикасының Iшкiiсминiне ұсынылады.
Ескерту. Әкелiнетiн (әкетiлетiн) патрондар туралы деректер журналға: жарақталған патрондар саны бойынша, ал оқ-дәрi - салмағы бойынша жазылады.
19. Шетелдiк құқық қорғау органдарының арнаулы қызметтерi мен
әскерилендiрiлген ұйымдары қызметкерлерiнiң жауынгерлiк
қол атыс қаруын Қазақстан Республикасының аумағына әкелу
және Қазақстан Республикасынан әкету тәртібі
118. Жауынгерлiк және жедел қызметтiк мiндеттердi шешу үшiн жауынгерлiк қол атыс қаруы мен суық қарудың бірлі жарым даналарын Қазақстан Республикасынан әкетудi және Қазақстан Республикасының аумағына әкелудi Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттік органдары мен олардың бөлiмшелерiнiң (бұдан әрi - Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрамалар, арнаулы органдар) әскери қызметшiлерi және қызметкерлерi қаруды алып жүру құқығын растайтын құжат пен әкетiлетiн (әкелiнетiн) қару жазылған iссапар куәлiгiнiң негiзiнде жүзеге асырылады. Аталған құжат iссапар куәлiгiнiң көшiрмесiмен бiрге Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктiнде орналасқан кеден органына ұсынылады. Іссапар куәлiгiнiң көшiрмесiн кеден органының қызметкерi түпнұсқасымен салыстырғаннан кейiн нөмiрлiк мөр басу арқылы куәландырады және ол әкетiлетiн (әкелiнетiн) қарудың кедендiк ресiмделуiн жүзеге асырған кеден органының iсiнде қалады.
119. Қазақстан Республикасына шақыру бойынша немесе қызметтiк тапсырмаларды орындауына байланысты келген шетелдiк құқық қорғау органдары, арнаулы қызметтерi мен әскерилендiрiлген ұйымдары қызметкерлерiнiң жауынгерлiк қол атыс қаруын Қазақстан Республикасының аумағына әкелуi мен Қазақстан Республикасы аумағынан әкетуi тиiстi Қарулы Күштер, басқа әскерлер мен әскери құрамалар, арнаулы органдар басшыларының рұқсаты бойынша жүзеге асырылады.
120. Рұқсатта шетелдiк құқық қорғау органдары, арнаулы қызметтерi мен әскерилендiрілген ұйымдары қызметкерлерiнің тегi, аты, әкесiнiң аты, қарудың типi (маркасы), нөмiрi және калибрі, әкелiнетiн қарудың әрбiр бірлігiне арналған оқ-дәрiлердiң саны көрсетiледi. Рұқсатқа тиiстi Қарулы Күштердiң, басқа әскерлер мен әскери құрамалардың, арнаулы органдардың басшысы немесе оның орнындағы адам қол қояды. Рұқсатты және оның көшiрмесiн қабылдаушы тараптың өкiлi Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктiнде орналасқан кеден органына ұсынады.
121. Рұқсатты және оның көшiрмесiн кеден органының қызметкерi оларды салыстырғаннан кейiн нөмiрлiк мөр басу арқылы куәландырады және ол әкелiнетiн қарудың кедендiк ресiмделуiн жүзеге асырған кеден органының iсiнде қалады. Қаруды Қазақстан Республикасына әкелу кезiнде кеден органы растаған рұқсаттың түпнұсқасы қаруды әкету кезiнде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу пунктiнде орналасқан кеден органына ұсынылады және оның iсiнде қалады.
122. Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген қару Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
123. Қазақстан Республикасының аумағына әкелiнген қаруды сақтау, алып жүру және пайдалану тәртібін бақылауды Қазақстан Республикасының тиiстi мемлекеттік органдары мен олардың бөлiмшелерi жүзеге асырады.
20. Атыс тирлерi мен стендiлерiн ашуға рұқсат
берудiң тәртібі
124. Ұйымдар атыс тирлерi мен стендiлерiн iшкi iстер органдарының рұқсаттары бойынша, маңындағылардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету шарттары сақталған жағдайда ашады.
125. Шағын калибрлi қарудан атуға арналған ашық тирлердi елдi мекендерге 2 шақырымнан жақын қашықтықта, ал iрі калибрлi қарудан атуға арналған тирлердi - 6 шақырымнан жақын қашықтықта жабдықтауға тыйым салынады.
Жартылай ашық тирлердi қалаларда және қала үлгiсіндегі кенттерде орналастыруға тыйым салынады.
126. Атыс аймағының сыртқы қоршаулары мен оқтарды ұстап қалу құрылғыларының сипатына қарай нысана ату спортына арналған құрылыстардың бiрнеше үлгiлерi: бiрнеше ашық тирлерден тұратын атыс алаңдары-кешендерi; көлденең және бүйiрiнен ұстап қалатын қалқандар көзделмеген оқ өтпейтiн қабырғалары мен төбесi бар жабылған (жабық) тирлер; оқ өтпейтiн қабырғалары және төбесiнде көлденең ұстап қалатын қалқаны бар жартылай ашық тирлер; оқ қабылдағыштары және бүйiрiнде топырақ үйiндiлерi мен қажеттi қауiпсiздiк аймақтары бар ашық жер учаскелерi белгiленген.
127. Тирдiң, атыс алаңының немесе атыс-аңшылық стендiсiнiң пайдаланылу жарамдылығы iшкi істер органдарының, өртке қарсы қызмет, санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдарының өкілдерi жасаған актiлерде айқындалады.
128. Атыс қаруы мен патрондарды Астана және Алматы қалаларында, облыс орталықтарында, аудандарға бөлiнетiн iрi өнеркәсiптi қалаларда орналасқан спорт қоғамдарының қарамағындағы спорттық-атыс клубтарындағы, балалар-жасөспiрiмдер спорт мектептеріндегі тирлердегi iшкi iстер органдарының орталықтандырылған күзет пультiне тартылған немесе орталықтандырылған бақылау пультiне қосылған бiрнеше шепті күзету белгі беру құралдары бар, жұмыс уақытында белгi беру құралдары ажыратылған кезде қарулы күзет қойылатын және әкiмшiлiк қатаң өткізу режимi жүзеге асырылатын, осы Ереженің 7-9-тармақтарының талаптарына жауап беретін арнайы жабдықталған қоймада сақтауға жол берiледi. Тир үй-жайының күзетi ондағы қарудың сақталуын қамтамасыз ету, атыс қаруын иелену мақсатындағы шабуылға тойтарыс беру үшін қойылады және қызметтік қарумен (тапаншалармен немесе револьверлермен) қаруланады.
129. Өткізу және объект iшіндегі режим жөніндегі нұсқаулықты тир әкiмшiлiгi күзетiлетiн объект ерекшелiктерiн ескере отырып әзiрлейдi, ол аумақтық iшкi iстер органымен келісiледi және жоғары тұрған ұйымның басшысы бекiтедi. Тирге өткізу режимi кіру мен шығудың, қаруды, патрондарды және басқа материалдық құндылықтарды алып кірудiң, алып шығудың, (әкетудiң) қатаң тәртібін орнатуды көздеуi керек. Объект iшіндегі режим тир жұмысының iшкi тәртібін сақтауды (қызметкерлердiң жұмыс уақытының режимiн, қаруды, патрондарды беру мен тапсырудың тәртібін, тұрақты және бiр жолғы материалдық рұқсаттамалар енгізудi) қамтамасыз ететiн iс-шараларды қамтиды. Өткізу және объект iшіндегі режимдi қамтамасыз ету мақсатында атыс тирiне (атыс галереясына) кіру есiктерi берiк iлмекпен, электр қоңыраумен және көру саңылауымен жабдықталады. Қызметкерлерді, атқыш-спортшыларды тирге өткізу кiлттер мен құжаттарды сақтауға арналған қажеттi жәшiктермен, рұқсаттамалардың, нұсқаулықтардың, секциялардағы сабақ кестелерiнiң және тағы басқаларының үлгiлерi бар стендтермен жабдықталатын бақылау-өткізу пунктi арқылы жүргiзiледi.
130. Атыс галереясы мен қару-жарақ бөлмесi, егер олар бiр ғимаратта орналасқан болса, қосалқы үй-жайлардан (оқу сыныптарынан, демалыс бөлмелерiнен, жаттықтырушылардың кабинеттерi мен шаруашылық үй-жайлардан) болат торлы қалқандармен ажыратылады. Бұл қалқандар ұдайы құлыппен жабылатын торлы есiктермен жабдықталады және сүргiленедi немесе пломба салынады. Қалқандар диаметрi кемiнде 15 мм болатын болат шыбықтардан жасалады. Торлы қалқандар шыбықтары көлемi 150 х 150 мм-ден аспайтын тор көз құрып, олардың әрбiр қиылысқан жерi дәнекерленедi. Тор шыбықтарының ұштары қабырғаға, төбеге, еденге кемiнде 80 мм тереңдiкке бекітілiп, бетонмен құйылады.
131. Атыс арасындағы үзiлiс кезінде атыс галереяларында, тирлерде атыс қаруын сақтауға, сондай-ақ қару мен патрондарды атыс шебiнде қадағалаусыз қалдыруға тыйым салынады.
132. Тирде, атыс алаңында, атыс-аңшылық стендiнде спорттық қаруды ашуға, сақтауға және пайдалануға рұқсат беру үшiн олардың орналасқан жерi сипатталатын ұйым басшысының өтiнiшi негiз болып табылады. Өтiнiште, сондай-ақ жауапты адам туралы мәлiметтер (тегi, аты, әкесiнiң аты, туған күнi мен жерi, тұрғылықты мекен-жайы) көрсетiледi. Оған қаруға қол жеткізу мүмкіндігі бар адамдардың тiзiмi, қару мен патрондар сақталатын үй-жайдың күзетi туралы мәлiметтер қоса берiледi. Өтiнiшке ашылатын тирдiң, атыс алаңының, атыс-аңшылық стендiнің сызба-жоспары, жабдықтардың сипаттамасы, сондай-ақ олардың пайдалануға жарамдылығы туралы комиссия қорытындысы қоса тiркеледi.