Еуропа Одағының елдері сондай-ақ қалдықтарды басқаруда едәуір жетістіктерге қол жеткізді. Қалдықтарды жекелеп жинауды кеңінен енгізу, қалдықтарды қайталама қайта өңдеу және энергетикалық пайдалану көмуге жататын материалдардың санының тұрақты кемуіне әкеледі.
Әлемнің көптеген мемлекеттері экологиялық таза өнімді өндіруді «жасыл» деп аталатын мемлекеттік сатып алуларды - өнімдері (қызметтері) ең жақсы экологиялық стандарттарға сәйкес келетін жеткізушілерді басымды таңдау үдерісін жүзеге асыру арқылы ынталандырады.
3.2 Қоршаған ортаның сапасын басқарудың қолданыстағы жүйесін
бағалау
Республиканың қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнамасын реформалау үдерісі жалғастырылуда.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 14 қарашадағы Жарлығымен азақстан Республикасының 2007 - 2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасы мақұлданды. Тұжырымдама елдің 2030 жылға дейін дамуының ұзақ мерзімді стратегиясын және әлемнің барынша бәсекеге қабілетті елу елдерінің қатарына кіру міндетін іске асырудың ең маңызды құралдарының бірі болып табылады.
Орнықты дамуға көшудің негізгі функционалдық бағыттары болып мыналар табылады: жаһандық экологиялық проблемаларды шешу (шөлейттенумен күрес, биологиялық алуан түрлілікті сақтау, климаттың өзгеруі және Жердің озон қабатын сақтау), жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды пайдалану, радиациялық және химиялық қауіпсіздік және қалдықтарды басқару, ауыз суға қол жеткізуді қамтамасыз ету және трансшекаралық экологиялық проблемаларды шешу.
2007 жылғы 9 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексі Қазақстанда қабылданған қоршаған ортаны қорғау жүйесіне едәуір өзгерістер енгізеді. Әкімшілік-командалық тәсілдің, нормалаудың бұрынғы жүйесінің, айыппұл санкциялары басымдылығының орнына табиғи ресурстарды пайдалану және қорғау, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, жаңа технологияларды енгізуді ынталандыру жөніндегі шаруашылық қызметтерді реттеудің күшті фактор болып табылатын тиімді экономикалық құралдар келуі тиіс. Экологиялық әлеуметтік-экономикалық міндеттерді теңгерімді шешуді қамтамасыз ететін, қоршаған ортаны, биологиялық алуан түрлілікті және елдің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін кодекс қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың құқықтық негіздерін анықтайды.
Қазіргі уақытта Экологиялық кодекстің ережелерін іске асыруға, соның ішінде экологиялық нормалау жүйесін жетілдіру жөніндегі нормативтік әдістемелік құжаттарды әзірлеу жүргізіліп жатыр.
«Энергияның жаңартылатын кездерін пайдалануды қолдау туралы» Қазақстан Республикасының заң жобасының тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Қарастырылып жатқан заң жобасы электр энергиясын энергияның дәстүрлі емес көздерін (жел, геотермальді, биохимиялық, күн және т.б.) пайдаланумен өндіруді реттеуге және ынталандыруға бағытталған.
Мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде метеорологиялық мониторингті жүргізу жөніндегі мемлекеттік тапсырысты орындау шеңберінде «Қазгидромет» Республикалық мемлекеттік кәсіпорынға Метеорологиялық жүйені және бақылаулық желіні дамыту үшін қаражаттар бөлінеді. Алайда қазіргі уақытта бөлінетін қаржыландыру Қазгидрометті көпжылдық толық қаржыландырмауды өтеу және оның техникалық, ұйымдастырушылық және кадрлық әлеуетін республиканың экономикасы мен қоғамының қазіргі заманғы талаптарын қанағаттандыратын деңгейге дейін жеткізу үшін жеткіліксіз.
4. Бағдарламаның мақсаты мен міндеттері
Осы Бағдарламаның мақсаты қоршаған орта сапасының көрсеткіштерін тұрақтандыру және табиғат пайдаланушыларға экологиялық талаптарды жетілдіру болып табылады.
Бағдарламаның мақсатына қол жеткізу 2007 - 2024 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының орнықты дамуға көшу тұжырымдамасына сәйкес мына міндеттерді шешу арқылы жүзеге асырылатын болады:
1) қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін оңтайландыру, оның ішінде:
заңнаманы экологияландыру;
қоршаған ортаны қорғаудың рұқсаттық жүйесін, экономикалық құралдарын жетілдіру;
қоғамды экологияландыру;
қоршаған орта мониторингі жүйесін дамыту;
қоршаған ортаны қорғауды ғылыми қамтамасыз ету;
халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;
2) табиғи ортаны сақтау және қалпына келтіру:
климатқа және жердің озон қабатына антропогендік әсерді төмендету;
биологиялық алуан түрлілікті сақтау және орнықты пайдалану;
экологиялық зілзала аймақтарын, зымыран-ғарыш кешенінің полигондарын қалпына келтіру;
Каспий теңізінің шельфі мен жақын аумақтар ластануының алдын алу;
жер және су ресурстары тозуының, ластануының және ауа бассейні ластануының алдын алу;
қалдықтарды қайта өңдеу мен кәдеге жаратудың көлемін біртіндеп ұлғайту;
3) халық денсаулығына қоршаған ортаның қолайсыз әсерін төмендету.
5. Бағдарламаның негізгі бағыттары және іске асыру тетіктері
Бағдарламаны іске асыру мына бағыттар бойынша жүзеге асырылатын болады:
5.1. Қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін оңтайландыру
5.1.1. Заңнаманы экологияландыру
2008 - 2010 жылдар ішінде «Жасыл мұнай» жүйесін енгізу жөніндегі шаралар кешенін әзірлеу жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.
Шығарындылар бойынша халықаралық есеп беруді жақсарту үшін Ластаушы заттардың шығарындыларын түгендеу жөніндегі халықаралық нұсқаулыққа сәйкес есептелетін эмиссиялар мөлшері мен кәсіпорындардың нақты шығарындылары арасындағы сәйкессіздікті талдауды өткізу жоспарланып отыр.
Қазақстанда жер-су ресурстарын пайдаланудың шекті жол берілетін деңгейін экологиялық нормалау жүйесі әзірленетін болады.
Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 11 желтоқсандағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Климаттың өзгеруі туралы Негіздемелік конвенциясына Киото хаттамасы бойынша міндеттемелерін орындауды жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды дайындау жоспарланып отыр.
5.1.2. Рұқсаттық жүйені, қоршаған ортаны қорғаудың
экономикалық құралдарын жетілдіру
Қоршаған ортаның сапасын жақсарту жөніндегі іс-шаралар олардың орындалуын мемлекет тарапынан жеткіліксіз ынталандырмау себебі бойынша көбінесе толыққанды іске асырылмайды, осыған байланысты қоршаған ортаны қорғаудың экономикалық құралдарын мыналар арқылы жетілдіру жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет:
табиғат пайдаланудың және қоршаған ортаны қорғаудың жаңа экономикалық тетіктерін енгізу, жерлердің азып-тозуымен күрес жөніндегі іс-шараларды қос алғанда, табиғат ресурстарын басқару, қорғау және қалпына келтіру жөніндегі іс-шараларды қаржыландырудың экономикалық тетігін жетілдіру;
ірі өнеркәсіптік және энергетикалық объектілер үшін неғұрлым жақсы қолжетімді технологияларға көшудің мерзімдерін және тетіктерін анықтаумен орнықты дамудың нысаналық критерийлерін әзірлеу және белгілеу.
«Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы 6 сәуірдегі Жарлығын іске асыру мақсатында Энергияның қайта жаңартылатын көздері жөніндегі инновациялық жобаларының генерациясы үшін орталық және Бурабайдағы орнықты даму проблемалары жөніндегі орталық құру жөніндегі мәселелерді пысықтау жоспарлануда.
«Орнықты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясын ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 7 маусымдағы Заңын іске асыру мақсатында Орнықты органикалық ластағыштар туралы Стокгольм конвенциясы бойынша міндеттемелерді орындау жөніндегі Ұлттық орталықты құру жоспарланып отыр.
5.1.3. Қоғамды экологияландыру
Қазақстанның қалаларында экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі азаматтық қызметті белсендіру «экологиялық патрульдерді» құру және қызметін ұйымдастыру арқылы жоспарланып отыр.
Экологиялық туризм жөніндегі іс-шаралар шеңберінде табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану тәсілі ретінде экологиялық туризмді дамыту шарттарын және ұйымдастыру болжанады.
Ауқымдылығы және өсу қарқынымен қазіргі заманғы өндірістің дамуы бойынша экологиялық тиімді және ресурс үнемдеуші технологияларды әзірлеу және енгізу проблемалары үлкен өзектілікке ие болып отыр. Бірқатар елдерде оларды жедел шешу табиғат ресурстарын ұтымды пайдаланудың және қоршаған ортаны қорғаудың стратегиялық бағыты ретінде қарастырылды. Осыған байланысты Бағдарлама шеңберінде Қазақстан өнеркәсібінің әртүрлі салаларында неғұрлым қолжетімді экологиялық тиімді және ресурс үнемдеуші технологияларды көпшілікке тарату, қолдау, енгізу жөніндегі техникалық және ұйымдастырушылық жұмыстарды орындау жоспарланып отыр.
Экологиялық мазмұнды мерзімдік басылымдарды құруды және қолдауды орындауды жалғастыру жоспарланып отыр.
Мыналарды құру жөніндегі ұсыныстар дайындау жоспарлануда:
биологиялық алуан түрлілік, ағынды суларды тазарту, қалдықтарды басқару, гидроэкология, экологиялық заңнама проблемалары жөніндегі арнайы мамандандырылған ғылыми-аналитикалық орталықтарды құру қоршаған ортаны қорғау және табиғат пайдалану саласындағы ғылыми-аналитикалық жұмысты жақсартуға және реттеуге, стратегиялық және жедел шешімдерді қабылдау үшін қоршаған ортаның сапасын басқару жүйесін қамтамасыз етуге бағытталатын болады;
1998 жылғы 25 маусымдағы Ақпаратқа, жұртшылықтың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуына қолжеткізу және қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша әділ сотқа қол жеткізу туралы конвенцияның ережелерін көпшілікке тарату, халыққа экологиялық ақпаратты ұсыну үшін Орхус орталығын құру.
5.1.4. Қоршаған орта мониторингі жүйесін дамыту
Әр түрлі мемлекеттік органдар арасында ақпаратпен алмасуды қамтамасыз етуі тиіс Қоршаған орта мониторингінің бірыңғай мемлекеттік жүйесінің қызмет етуін және әрі қарай дамуын қамтамасыз ету қажет. Жұмыс мына негізгі бағыттар бойынша жүргізілетін болады:
мемлекеттік метеорологиялық мониторинг жүргізу;
қоршаған ортаның жай-күйі, оның ішінде Арал маңының, «Морпорт «Ақтау» арнаулы экономикалық аймағы аумағындағы; Балқаш көлі бассейнінің, Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінің, Щучинск-Бурабай курорт аймағының, Нұра өзені бассейнінің қоршаған ортасының жай-күйі мен халық денсаулығының, уытты компоненттерді трансшекаралық тасымалдаудың, Астана, Алматы қалаларының аэродинамикалық ахуалына мемлекеттік мониторингін жүргізу;
зымырандық-ғарыштық қызметтің әсеріне шалдыққан аумақтардың және ауылдық елді мекендердің бұзылған учаскелері жай-күйінің мониторингі;
ауылдық округтердің экологиялық паспорттарын құру мақсатында ауылдық аумақтарға экологиялық демографиялық зерттеу жүргізу;
агрометеорологиялық бақылау желісін дамыту, оның ішінде стационарлық агрометеорологиялық пункттерді құру.
Техникалық қайта жарақтандыру, ақпараттық технологияларды енгізу және болжамның жаңа құралдарын дамыту бағдарламасын, сондай-ақ білім беру және институционалдық даму бағдарламасын, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Ұлттық метеорология орталығын, өңірлік Метеорология және климаттың өзгеруі жөніндегі орталық салуды қоса алғанда, қоршаған ортаның жай-күйіне метеорологиялық мониторинг жүйесін кешенді жаңғырту бағдарламасын әзірлеу жоспарлануда.
Орнықты жер пайдалану үшін қоршаған орта туралы ақпараттың мониторингі және басқару жүйесін әзірлеу жоспарланып отыр.
5.1.5. Қоршаған ортаны қорғауды ғылыми қамтамасыз ету
2005 - 2007 жылдар кезеңінде республикада қоршаған ортаның жай-күйін бағалау жөніндегі ғылыми зерттеулердің едәуір көлемі орындалған, оның сапасын жақсарту жөніндегі ұсынымдар әзірленген. Келесі кезеңде орындалған ғылыми-зерттеулер нәтижесінде ұсынылған ұсынымдарды тәжірибелік енгізу жөніндегі жұмыстарды өткізумен қатар бұл салада зерттеулерді орындауды жалғастыру, оның ішінде Қазақстан Республикасы қоршаған ортасының сапасы туралы ұлттық баяндаманы дайындау жөніндегі жұмысты жалғастыру қажет, бұл мемлекеттік басқару органдарын, ғылыми, қоғамдық ұйымдарды және халықты қоршаған ортаның сапасы туралы объективтік ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Орнықты даму республикада аумақтық деңгейде тек қана әкімшілік-аумақтық бөлу субъектілері шеңберінде жүзеге асырылмайтындығына байланысты Орал-Каспий орнықты даму аймағы мысалында жеті экожүйелік аймақты құрудың ғылыми негіздемесін әзірлеу көзделіп отыр.
Су ресурстары жай-күйін зерттеу және қорғау саласындағы жұмыстар мыналарды қосатын болады:
Қазақстан Республикасының жер беті суларының жай-күйін, қорғауды және пайдалануды талдау;
экожүйеге биологиялық толыққанды суларды қайтарумен өнеркәсіптік және тұрмыстық сарқынды суларды тазарту үшін цеолитті фоторезонансты биобелсендіру қондырғысын әзірлеу;
ағынды және коллекторлық-кәріздік суларды зерттеу және оларды тиімді тазарту және суаруға қайталама пайдалану жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу;
Қытай Халық Республикасымен бірлесіп су тұтынуды, су бөлуді нормалау, су ресурстары сапасы, су үнемдеуші технологиялар, су пайдалануды оңтайландыру мәселелері жөніндегі екі елде бар материалдарды зерттеу мен зерделеу;
су бассейндерінің экологиясын, судың сапасы мен қасиеттерін зерттеуге кешенді тәсілді ғылыми негіздеу.
Елдің шөлейттену үдерістерін зерттеу мақсатында мына ғылыми жұмыстар жоспарланып отыр:
экологиялық дағдарыс ошақтарында шөлейттену үдерістерін бағалау әдістерін және күрес шараларын әзірлеу;
Қазақстанның құмды шөлейттерінде тегістелу үдерістердің қарқындылығын зерттеу және олардың дамуының неғұрлым қауіпті аудандарын анықтау;
тегістелген жамылғының үстіндегі шекаралық (жер үсті жағдайында) қабатында құмды жел ағынының серпінін зерттеу;
химиялау заттарын қолдану кезіндегі Оңтүстік Қазақстанның суармалы жерлерінің техногендік ластануын және олардың топырақтың жай-күйі мен өңірдің экологиялық ахуалына әсерін (Тасөткел суару массиві мысалында) зерттеу;
өңір климатының өзгеруін ескере отырып Сырдария өзені ағынын болжау әдістемесін әзірлеу;
Балқаш маңы шөлейтті агроландшафттардың экологиялық орнықтылығын жер асты суларын қолданумен базисті суару жүйелерімен жоғарылату тәсілдерін әзірлеу;
шөлейтті жайылымдарды фитомелиорациялауды агроклиматтық негіздеуді орындау;
Солтүстік Қазақстанның қара топырақты ұсақ сорларын химиялық мелиорациялау үшін фосфогипсті қолданудың экологиялық қауіпсіз технологияларын әзірлеу;
Биоалуан түрлілікті сақтау проблемасын шешу жөніндегі ғылыми зерттеулер шеңберінде оның орнықты даму жолдарын анықтау үшін Щучинск-Бурабай курорт аймағы аумағында кешенді экологиялық зерттеулерді орындау, орнықты даму мақсатында «Қаздардың ұшуы» табиғаттың палеонтологиялық ескерткіші объектісі мысалында табиғат ескерткіштерін қорғау моделін әзірлеу жөніндегі зерттеулерді өткізу жоспарланып отыр.
Республиканың радиациялық жағдайын зерттеу мына жұмыстар шеңберінде жоспарланып отыр:
сәулелену мөлшерін анықтау үшін аппаратуралық-әдістемелік қамтамасыз етуді әзірлеу;
радиоактивті қалдықтарды сақтау және консервациялаудың жай-күйін, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасында қоршаған орта жай-күйіне әсерін зерделеу;
Шаған өзенінің әлеуетті әсер ету аймағындағы радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
Қазақстан оңтүстігіндегі құрамында ураны бар өңірлердегі радиоэкологиялық жағдайды зерделеу;
термолюминесцентті дозиметрлік кешенді, жердің радио нуклидтермен радиациялық ластануының деңгейін бағалау әдістемесін әзірлеу және дайындау және Қазақстан Республикасының аумағы бойынша радиациялық фон картасын құру.
Қазіргі уақытта Қазақстанда полихлордифенилдер және басқа хлорлық органикалық заттардың өндірістің жоқ болуына қарамастан аумақтардың қалдықты ластауы, сондай-ақ әлі күнге дейін өнеркәсіпте қолданылып жатқан полихлордифенилдер бар жабдықтардың болуы проблемасы қалып отыр. Осыған байланысты Бағдарлама шеңберінде полихлордифенилдермен ластанған аумақтарды экологиялық бағалау жөніндегі зерттеулерді, сондай-ақ орнықты органикалық ластағыштары бар қалдықтардың экологиялық қауіпсіз ыдырауын зерттеуді орындау, полихлордифенил бар жабдықтарды және аспаптарды қолданудан алып тастау жөніндегі іс-әрекеттер жоспарын және ластанған аумақтарды, орнықты органикалық ластағыштары қасиеттері бар пестицидтерді сақтау үйінділері мен қоймаларын қалпына келтіру жоспарларын қоса органикалық ластағыштары қасиеттері бар полихлордифенилдерді және пестицидтерді экологиялық қауіпсіз басқару, мониторинг, бақылау, запастарының тиімді және орнықты қысқаруының жүйелерін әзірлеу жоспарланып отыр.
Трансшекаралық сипаттағы проблемаларды шешу мақсатында Қазақстанның шекара маңы аудандарының экологиялық жай-күйін зерттеуді орындау жоспарлануда.
Урбанизацияланған аумақтар ортасы сапасының қазіргі уақыттағы өзекті мәселесін шешу үшін мына зерттеулерді орындау жоспарланып отыр:
Қазақстан қалаларының экологиялық атласын әзірлеу;
Қазақстан Республикасының халықаралық стандарттарына көшу мүмкіндігін бағалаумен автомобиль көлігінің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ғылыми зерттеулерді өткізу;
Қазақстан Республикасының урбанизацияланған аумақтарындағы атмосфералық ауаның сапасын басқарудың ақпараттық моделін әзірлеу және енгізу.
Қоршаған орта сапасының стандарттарын және нормативтерін жетілдіру саласында мыналар жоспарланған:
ISO 14000 халықаралық экологиялық стандарттарына көшудің ғылыми негіздерін әзірлеу;
елді мекендер аумақтарындағы қоршаған орта сапасының санитарлық-гигиеналық нормативтерін халықаралық стандарттармен үйлестірудің ғылыми негіздеуді қамтамасыз ету;
республикалық деңгейдегі объектілер үшін қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу жөніндегі ғылыми зерттеулерді өткізу;
қалаларда және өнеркәсіптік орталықтарда ауа ортасы сапасының нысаналы көрсеткіштерін белгілеу жөніндегі критерийлерді әзірлеу;
Қазақстан Республикасы барлық өңірлері (салалары) үшін орнықты дамудың индикаторлары (нысаналы көрсеткіштерінің) жүйесінің ғылыми негіздемесін қамтамасыз ету.
Республикада төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі ғылыми зерттеулердің кешені мыналарды қосады:
Іле Алатауы таулы-тау бөктерлі аймағындағы селді және көшкінді құбылыстарының пайда болуының алдын алу жөніндегі инженерлік-техникалық іс-шараларды әзірлеу;
Бағдарлама шеңберінде Қазақстан Республикасындағы мұнайгаз кенорындарын өндіру ауданының экологиялық жай-күйін ғылыми-техникалық бағалау орындалатын, сондай-ақ Қарашығанақ мұнайгазконденсат кенорынының экожүйелеріндегі заттар және энергия айналымының орнықты сипаттамалары зерттелетін және баланстық математикалық моделі әзірленетін болады (50 жылдық мониторинг негізінде).
Жаңа экологиялық тиімді және ресурс үнемдеуші технологияларды енгізу жөніндегі жұмыстарды қамтамасыз ету шеңберінде Қазақстан Республикасында «серпінді технологияларды» енгізуді анықтау жөніндегі зерттеулер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жағдайлары үшін ресурстарды пайдалану тиімділігінің көрсеткіштерін арттыру моделін әзірлеу жоспарлануда.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының 1:1000 000 масштабтағы мамандандырылған карталар жиынтығын құрумен Қазақстан Республикасының аумағын экологиялық аймақтауды жүзеге асыру жоспарланып отыр.
5.1.6. Халықаралық ынтымақтастықты кеңейту
Қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты бұдан әрі кеңейту мыналарды көздейді:
халықаралық қатысумен Дунай, Альп, Анд және басқа келісімдердің жұмысын зерттеумен бассейндік негізде орнықты дамудың трансшекаралық аймақтарын құру жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу және енгізу;
шаруашылықтың әр түрлі секторындағы экологиялық саясатты қалыптастыруда Қазақстан Республикасын қолдау жөніндегі іс-шараларды орындау;
шөлейттенумен күрес мәселелері бойынша өңірлік және халықаралық ұйымдардың әлеуетін арттыру.
5.2. Табиғи ортаны сақтау және қалпына келтіру
5.2.1. Климат пен Жердің озон қабатына антропогендік әсерді
төмендету
Орнықты даму және экологиялық қауіпсіздік үшін Қазақстан климатының қазіргі заманғы және болашақтағы жай-күйін және оның салдарын бағалау жаһандық жылыну үдерістерімен байланысты. Парник газдары шығарындыларының мөлшерлік бағалауын орындау, парник газдары эмиссияларының сценарийін әзірлеу, Қазақстанның парник газдарының эмиссияларын төмендету жөніндегі ұлттық стратегиясын әзірлеу, парник газдарының шығарындыларына квоталарды лицензиялаудың ұлттық жүйесін құру үшін жағдайларды дайындау, парник газдарының эмиссиялары/ағыны бойынша мониторинг және есеп беру жүйесін жөнге келтіруді орындау жоспарланып отыр.
Бағдарлама шеңберінде климаттың өзгеруі және озон қабатын бұзатын заттарды тұтынушылардың секторларының қазіргі заманғы дамуы және олардың озон қабатына әсерін бағалауы, сондай-ақ озон қабатын бұзатын заттар туралы 1987 жылғы 16 қыркүйектегі Монреаль хаттамасы бойынша міндеттемелерді орындау үшін қабылданған шараларға секторлардың бейімделу мүмкіндігі орындалатын болады.
5.2.2. Биологиялық алуан түрлілікті сақтау және орнықты
пайдалану
Биологиялық алуан түрлілікті сақтау мақсатында биологиялық ресурстарды сақтау және ұтымды пайдалану саласындағы республиканың жанды мұраларын сақтау, халықаралық ынтымақтастықтың стратегиясын әзірлеу жөніндегі қызметтің нәтижелілігін бағалауға мүмкіндік беретін Биологиялық алуан түрлілік туралы тұжырымдаманы Қазақстан Республикасында 1992-2009 жылдары іске асыру нәтижелерін жалпылау жоспарланып отыр.
Батыс Қазақстанның жойылу қауіпі төніп тұрған флорасы мен фаунасының сирек, жергілікті, көне заманғы түрлерінің қазіргі заманғы жай-күйін бағалау негізінде Батыс Қазақстанның жанды мұрасын сақтаудың кешенді шаралары әзірленетін болады.
Алма тұқымдарының орман түзетін генофондың сақтау үшін жабайы өсетін алмаларды жедел көбейтудің, сауықтырудың, ұзақ культивациялаудың және қайта жерсіндірудің биотехникалық әдістерін әзірлеу де жоспарлануда.
Солтүстік Қазақстанда биологиялық алуан түрлілікті экологиялық бағалау және оны сақтау жөніндегі іс-шаралар әзірленетін болады.
2007 жылы басталған Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағының қарағай күйіктерінің орнына өсімдіктің пирогенді ауысуын зерделеу жөніндегі зерттеулер; Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркін (қазіргі заманғы геоэкологиялық жай-күйін бағалау, тиімді пайдалану және қорғау) ландшафты зерттеулер, сондай-ақ Баянауыл мемлекеттік табиғи паркінің орнықты дамуын қамтамасыз ету жөніндегі зерттеулер жалғастырылатын болады.
5.2.3. Экологиялық зілзала аймақтарын, зымырандық-ғарыштық
кешенінің полигондарын қалпына келтіру
Осы Бағдарламаны іске асыру шеңберінде Қазақстанның Қарулы Күштері қызметінің экологиялық қауіпін және экологиялық қауіпсіздігін бағалау жөніндегі зерттеулер жалғастырылатын болады.
Гептилмен ластануды бақылаудың тиімді технологиясын әзірлеу және Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшырылатын ғарыштық зымырандар сатыларының құлау орындарында гептилдің адамға, жануарларға және өсімдіктерге әсерін зерделеу жөніндегі жұмыстарды бастау жоспарланып отыр. Балқаш-9 қаласындағы «Дарьял-У» радиолокациялық станцияларының конденсаторларын кәдеге жаратуға алғашқы дайындау бойынша учаскені салуды қамтамасыз ету талап етіледі.
Арал маңы экологиялық зілзала аймағында тұратын халықтың әлеуметтік маңызды ауруларының себеп-салдарлық байланыстарын анықтау жөніндегі жұмыстарды орындау, сондай-ақ Арал көлі өңірінде халықты сауықтырудың экологиялық әдістерін әзірлеуді жалғастыру жоспарланып отыр.
5.2.4. Каспий теңізінің шельфі мен жапсарлас аумақтар
ластануының алдын алу
Солтүстік Каспий маңындағы аумақтарда ихтиофауна мен түптік омыртқасыз жануарлардың қауымдастықтары мен аууына мұнайгаз қызметінің әсерін бағалау жөніндегі зерттеулер, Қазақстан Республикасының Каспий маңы өңірлерін экологиялық аймақтау жөніндегі жұмыстар жалғастырылатын болады.
2007 жылғы 23 - 25 мамырда Баку қаласында (Әзірбайжан Республикасы) болған 2003 жылғы 4 қарашадағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі Келісілген Тараптары Негіздемелік Конвенция Конференциясының бірінші сессиясының шешімдерін орындау үшін Каспий теңізінің қоршаған ортасын қорғау жөніндегі Ұлттық әрекеттер жоспарын әзірлеу, 2003 жылғы 4 қарашадағы Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі Негіздемелік Конвенция тақырыптық Хаттамаларды дайындауға қазақстандық мамандардың өңірлік деңгейде қатысуын қамтамасыз ету, Каспийдің экологиялық бағдарламасын іске асыруда Қазақстанның қатысуын кеңейту қажет.