Елге экспорттық валюта түсімдері түрінде шетелден ресурстардың үлкен ағыны және жеке сектордың қарыз алулары, экономикаға инфляциялық қысым жасауда, айырбас бағамның нығаюына ықпал етуде, осылайша өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігіне әсер етіп, макроэкономикалық теңгерімді қолдау міндеттерін қиындатуда. Ақыр соңында шетел валютасының көптеп келуі экономиканың»қызып кетуіне алғы шарттар жасауы мүмкін.
Банк секторының сыртқы қарыз алуының едәуір көлемі банк жүйесінің шамадан тыс өтімділігіне ықпал жасайды, ол өз кезегінде экономиканы кредиттеудің жедел өсуімен қатар жүреді, осының нәтижесінде ақшалай ұсыныстың деңгейі ұлғаяды. Банктердің сыртқы қарыз алуының өсуі сонымен бірге банк секторының сыртқы тәуекелдерге бейімділік деңгейінің артуына алып келеді. Банктердің кредит қоржынының қарыштап өсуі де банк активтерінің сапасына қатер туғызады, 2006 жылы банктердің жалпы кредит қоржынындағы күмәнді кредиттердің үлесі жыл басындағы 39,6 %-дан жылдың соңында 45,8 %-ға дейін ұлғайды.
2007 жылдың бірінші жартыжылдығында мұнай мен табиғи газ өндіру (2007 жылдың қаңтар-маусым айларында негізгі капиталға инвестициялардың жалпы көлемінің 30,7%), сондай-ақ жылжымайтын мүлікпен операциялар жасау, жалдау және тұтынушыларға қызмет көрсету (28,3%) басым бағыттар болып табылады, негізгі капиталға инвестициялардың негізгі үлестері жіберіледі. Өңдеу өнеркәсібінің үлесіне үстіміздегі жылдың бірінші жартыжылдығында инвестициялардың жалпы көлемінің 11,3%-ы келді.
Яғни, негізгі капиталға инвестициялардың негізгі көлемі экспорттық-бағдарлау салаларына жіберіледі. Көлемі өсіп отырған кезде инвестициялау бағытын шектеу сұраныстың жекелеген секторларда басым түрде артуына ықпал жасауы және олардағы «қызып кетудің» әлеуетті көзі болып табылуы мүмкін.
Қазіргі уақытта Қазақстанның ұлттық инновациялық жүйесі даму сатысында және одан әрі жаңғыртуға мұқтаж. Инновациялық кәсіпкерлік және трансферттер технологиясын дамытуға, әсіресе ұлттық инновациялық жүйедегі осал буындар болып табылатын шетелдік ғылыми әлеуетті және технологияларды тартуға басты назар аудару қажет.
Энергияны көп жұмсайтын және энергияға тапшы өңірлер арасында электр энергиясын теңгерімді бөлу проблемасы сақталуда. Бүгінгі күні Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Қостанай облыстары мен Алматы қаласын электр энергиясымен қамтамасыз ету неғұрлым өзекті мәселе болуда.
Қазіргі уақытта көлік инфрақұрылымы экономика мен халықтың қажеттілігін толық көлемде қамтамасыз етпеуде.
Темір жол көлігінде әлеуметтік-маңызды жолаушылар тасымалы үшін жолаушылар вагондарын сатып алу, теміржол көлігімен жолаушылар тасымалдауды субсидиялау мәселелері мен Қазақстан Республикасының аумағында тасымалданатын әлеуметтік маңызды жүктер тізбесін айқындау қажеттігі шешілмей отыр.
Көптеген әуежайлар мен азаматтық авиацияның өзге де кәсіпорындарының техникалық жарақтану деңгейлері нашар. Бұл кәсіпорындарда қазіргі заманғы арнаулы техникаларға, әуе кемелерінің батыстық түрлеріне қызмет көрсету үшін аэронавигациялық және технологиялық жабдықтарға, жолаушыларға, жүк пен почтаға сапалы және тез қызмет көрсететін жабдықтарға, сондай-ақ қызметтер көрсетуге деген тапшылық байқалуда.
Тиісті әуеайлақ инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ жалпы мақсаттағы авиация саласында қызметтер көрсету республикада әлі де қалыпты деңгейде болмай отыр.
Су көлігіндегі проблемалар мемлекеттік техникалық өзен флотының тозуына және ішкі су жолдарымен жүк тасуды қамтамасыз етуге қажетті кеме шлюздерінің техникалық жай-күйінің төмендігіне байланысты болуда. Бұдан басқа, сервистік инфрақұрылымдар мен Каспий теңізінің қазақстандық секторында жүзетін кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі жоқ.
Автожол саласында жалпы пайдаланудағы автомобиль жолдарын жөндеу қайта жаңарту және салуды қаржыландырудың жеткіліксіздігі және автомобиль жолдарын жөндеу мен ұстауды қаржыландыру көлемін нормативтік деңгейге дейін жеткізу қажеттігі проблемалары орын алуда.
Ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік саласы, инвестициялық, сақтандыру, ақпараттық-маркетингтік, сауда-сатып алу және басқа сервистік ұйымдар, институционалдық инфрақұрылымды қалыптастыратын кадрлар даярлау әлі де тәуекелділігі жоғары және пайдасы төмен аграрлық сектор жұмысының ерекшелігіне толық бағдарланбаған.
Мал шаруашылығындағы негізгі проблема ұсақ тауарлық және соған байланысты өнімділігі төмен табындар проблемасы, мал өнімдерінің сапасын қамтамасыз ету болып табылады, соның салдарынан жем азықты өнеркәсіптік өндіру дамымаған және олардың құны өскен.
Макроэкономикалық тұрақтылық, экономикалық өсу қарқынының жоғарылығы жұмыспен қамтудың өсуімен және жұмыссыздық деңгейінің төмендеуімен сипатталатын еңбек нарығындағы жағдайға қолайлы әсер етуде. 2007 жылдың екінші тоқсанында 2006 жылдың екінші тоқсанымен салыстырғанда жұмыспен қамтылғандар саны 2,9%-ға ұлғайды, ал жұмыссыздар саны 3,4%-ға қысқарды.
Жұмыссыздық деңгейі төмендеуінің тұрақты үрдісі байқалады. Жұмыссыздық деңгейі екінші тоқсанда өткен жылдың екінші тоқсанындағы 7,7%-бен және тұтастай өткен жылдың қорытындысы бойынша 7,8%-бен салыстырғанда 7,3%-ды құрады.
Сонымен бірге, ішкі еңбек нарығында әлі де білікті жұмысшы күшінің жетіспеушілігі сезілуде. Бұдан басқа, техникалық бағыттағы мамандарға деген сұраныс жоғары.
Біліктілігі жоғары жұмысшы күшіне сұраныс пен жұмысшыларға кәсіптік талаптардың жоғары болуы бос жұмыс орындарының артуына әкелді. Жұмыспен қамту органдарының ай сайынғы бос орын банктері 21 мың бірлікті құрайды. Алайда, кәсіптік белгісі бойынша жұмысшы күшіне сұраныс пен ұсыныстың сәйкессіздігінен бір бос жұмыс орнына айына орташа 4, ауылдық жерлерде - 31 жұмыссыз үміттенеді.
Денсаулық сақтау саласында білікті кадрлардың тапшылығы, денсаулық сақтау ұйымдары объектілері жағдайының қанағаттанғысыздығы, аурухана ұйымдарының, әсіресе мамандандырылған үлгідегі ұйымдардың (диспансерлер, перзентханалар, жұқпалы аурулар ауруханалары) тиімсіз жұмысы мәселелері.
2.2. Қазақстан Республикасы дамуының 2008-2010 жылдарға арналған
шарттары және макроэкономикалық сценарийлері
Қолайлы экономикалық саясатты жүргізу 2008-2010 жылдары тұрақты серпінді экономикалық өсуді қамтамасыз ету мен бәсекеге қабілетті экономиканың негіздерін құрудың базалық факторы болып табылады.
Экономика елге шетел валютасының, шетел капиталының көптеп ағылуы жағдайларында өзінің дамуын жалғастыратын болады, бұл экономикаға инфляциялық қысым, оның нығаюына ықпал ететін теңгенің айырбас бағамына қысым жасайды.
Сондықтан макроэкономикалық саясаттың негізгі шаралары бір жағынан шетел капиталы ағынының кері әсерін азайтуға, екінші жағынан - оның жылыстауын тұрақтандыруға бағытталатын болады, бұл экономиканың «қызып кету» тәуекелін азайтады.
Макроэкономикалық қолайлы жағдай жасауға Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің тиімді және келісілген ақша-кредит, салық-бюджет саясатын жүргізуі есебінен қол жеткізілетін болады.
Халықтың табысын арттыруға бағытталған саясат халықтың ақшалай табысын ұлғайтуды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ол өз кезегінде елдегі ішкі сұраныстың артуына әсер етеді.
Тауарлар мен инвестициялық ресурстарға деген ішкі сұранысты кеңейту инвестициялық тауарлар импортын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Өткен кезеңдегі Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуын, дамудың ішкі және сыртқы факторларын бағалауды, Қазақстан Республикасы Үкіметінің орта мерзімді перспективаға арналған әлеуметтік-экономикалық саясатының негізгі бағыттарын, сондай-ақ басқа да стратегиялық бағдарламалық құжаттарды талдау негізінде экономиканы дамытудың бірнеше мүмкін нұсқалары көзделіп отыр.
Даму сценарийі мұнайға әлемдік бағаның ауытқу мүмкіндігі мен осыған байланысты ел экономикасындағы өзгерістерді ескереді.
Сценарийлік шарттар экономиканың дамуының негізгі макроэкономикалық өлшемдерін, елдің таяу үш жылдағы экономикалық және әлеуметтік даму факторларын айқындайды.
Базалық сценарий елдің экспортталатын өнімдерінің негізгі түрлеріне қалыпты бағаға негізделген ел экономикасы дамуының сақтық үрдістерін көздейді.
Базалық сценарийге сәйкес мұнайға әлемдік бағаның болжамды деңгейі бір барреліне 60 долларды құрайды.
Қазақстан экономикасының тұрақты өсу үрдісі сақталады, 2008 - 2010 жылдары ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 109,1% деңгейінде қалыптасады.
Оң үрдіс экономиканың барлық салаларында байқалатын болады.
Әлемдік тауар нарықтарындағы қолайлы жағдай экспорт өнімдері көлемінің және тұтастай сыртқы сауда айналымының ұлғаюына алып келеді.
Жоғары бағалар сценарийіне сәйкес мұнайға әлемдік бағаның деңгейі базалық сценарийге қарағанда біршама жоғары болжануда.
Мұнайға әлемдік баға бір баррелі үшін 70 АҚШ доллары деңгейінде болады.
Жоғары бағалар сценарийі бойынша 2008-2010 жылдары ЖІӨ-нің орташа өсуі 10,5%-ды құрайды.
Мұнай мен газ конденсаты экспорты көлемінің ұлғаюы және мұнайға бағаның жоғары болу нәтижесінде елдің сыртқы сауда айналымының жоғары өсу қарқыны сақталады.
Базалық сценариймен салыстырғанда осындай даму сценарийі кезінде құрылыс жедел қарқынмен дамитын болады деп көзделіп отыр.
Төмен бағалар сценарийі тауар нарығындағы жағдай ел үшін онша қолайлы болмайды, мұнайға әлемдік және экспорттық бағаның төмендеуіне алып келеді деген болжамдарға негізделеді.
Осы сценарий бойынша мұнайға әлемдік баға бір баррелі үшін 50 АҚШ доллары деңгейіне дейін төмендеуі күтіліп отыр.
Осы сценарийге сәйкес 2008-2010 жылдары ЖІӨ өсуі орташа жылдық қарқынмен 7,3%-да өтетін болады.
Мұнайға экспорттық бағалар деңгейінің төмендеуі салдарынан экспорт көлемі мен сауда теңгерімінің сальдосы азаяды деп күтілуде.
2008-2010 жылдарға арналған жоспарды әзірлеу кезінде дамудың базалық сценарий негізге алынды, ол әлемдік тауар нарықтарында қолайлы жағдай сақталған кезде экономика салаларының қалыпты өсу қарқынын көздейді.
2.3. Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2008-2010 жылдарға арналған мақсаттары мен міндеттері
2008-2010 жылдары әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттары ел Президенттің «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан» Қазақстан халқына Жолдауында, Үкіметтің бағдарламасында, Индустриялық-инновациялық даму стратегиясында айқындалған мақсаттар мен міндеттерге сәйкес болады.
2008-2010 жылдардағы әлеуметтік-экономикалық саясаттың басты мақсаты Қазақстанның халықаралық бәсекеге қабілеттілігін және оның азаматтарының тұрмыс сапасын арттыру үшін қолайлы институционалдық және экономикалық жағдай жасау болады.
Алға қойылған мақсаттарға қол жеткізу үшін мыналар бірінші кезектегі міндеттер болады:
2000 жылмен салыстырғанда 2010 жылы ЖІӨ-ні 2,5 есе ұлғайту;
инфляцияны 2008-2010 жылдары 6-8% деңгейде ұстап тұру;
еркін бәсекелі орта және нарықтың барлық субъектілеріне тең жағдай жасау;
халықты әлеуметтік қорғаудың көп деңгейлі жүйесін дамыту;
қазіргі заманғы білім берудің, кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың нақты экономикалық жағдайларға барабар бәсекеге қабілетті жүйесін дамыту;
денсаулық сақтаудың қол жетімді және бәсекеге қабілетті жүйесін құру;
үлкен мультипликативтік тиімділігі бар жаңа технологиялық және жүйе құрайтын өндірістерді дамыту, оның ішінде «серпінді» инвестициялық жобаларды іске асыру;
өндіруші сектор қызметінің тиімділігі мен экономикалық қайтарымын арттыру;
экономика мен халықтың көлік қызметтеріне қажеттілігін қанағаттандыруға қабілетті көлік-коммуникация инфрақұрылымын дамыту;
энергия үнемдейтін технологияларға көшуді ынталандыру;
өңірлердің бәсекеге қабілеттілігінің өсуін қамтамасыз ететін аумақтық даму;
қазақстандық экономиканың әлемдік экономикаға табысты кірігуін қамтамасыз ету;
жаңа жағдайларда әрекет етуге қабілетті мемлекеттік аппаратты қалыптастыру.
Әлеуметтік-экономикалық дамудың 2008 - 2010 жылдарға арналған басымдықтары болып мыналар айқындалды:
мемлекеттің экономикалық саясатын жүргізу тиімділігін көтеру;
адами капиталды дамыту және халықтың тұрмыс сапасын көтеру;
инфрақұрылымды дамыту;
экономиканы жаңғырту және әртараптандыру;
өңірлердің теңгерімді дамуы;
кәсіби үкімет.
2.4. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдарға арналған сандық индикаторлары
2008-2010 жылдары ЖІӨ-нің орташа жылдық өсу қарқыны 109,1% деңгейінде болжануда, ол ЖІӨ-нің 2000 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 2,5 есе ұлғаюына қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Қарқынды экономикалық дамуға жыл сайын еңбек өнімділігінің 9,1%-ға өсуі есебінен қол жеткізілетін болады.
Қазақстан халқы тұрмысының сапасы мен стандарттарын арттыру мақсатында халықтың жан басына шаққанда ЖІӨ 2010 жылы 10914 АҚШ долларына дейін жеткізілетін болады.
Өнеркәсіп өнімі көлемінің орташа жылдық өсімі 2008-2010 жылдары 8,1 %-ды, ауылшаруашылығының жалпы өнімінің өсімі 3%-ды құрайды.
Құрылыс жұмыстары көлемінің өсуі 19,3% деңгейінде күтілуде.
2008-2010 жылдары қызметтер көрсету салалары одан әрі өседі деп күтілуде. Көлік қызметтері орташа 6,7%-ға, көрсетілетін байланыс қызметтерінің көлемі 22%-ға өседі.
Инвестициялық сұраныстың көбеюі, бірінші кезекте кәсіпорындардың өз қаражат есебінен алынатын инвестицияларды қаржыландырудың ішкі көздеріне байланысты болады. Негізгі капиталға инвестициялар көлемінің өсу қарқыны жоспарлы кезеңде 110,8%-ды құрайды.
Республиканың сыртқы сауда айналымының өсуі жалғасады, сауда теңгерімінің сальдосы шамамен 4,4 млрд. АҚШ долларын құрайды.
2008-2010 жылдары нақты жалақының өсу қарқыны 7%-ды құрайды. Жұмыссыздық деңгейі 2010 жылға 6,9%-ға дейін төмендейді.
Инфляцияның орташа жылдық деңгейі 2008-2010 жылдары 6-8% межесінде жоспарлануда.
3. Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2008-2010 жылдардағы басымдықтары
3.1. 1-басымдық. Мемлекеттің экономикалық саясатын жүргізудің тиімділігін арттыру
3.1.1. 1-шара. Қолайлы макроэкономикалық жағдайды қамтамасыз ету
Инфляцияға қарсы саясат
Инфляцияның деңгейін берілген көрсеткіштерде ұстап тұру Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің бірлескен іс-қимылдарымен жүзеге асырылатын болады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі ақша-кредит саясатының құралдары мен операциялық негізін одан әрі жетілдіруге, банк жүйесінің шамадан тыс өтімділігі проблемасының өткірлігі сақталған жағдайда ақша-кредит саясатын қатаңдатуға бағытталған мемлекеттік ақша-кредит саясатын жүргізетін болады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі өз кезегінде, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі қызметінің негізгі мақсатын орындауға, оның ішінде мынадай бағыттар бойынша жәрдем көрсететін болады:
басым түрде өндірістің тиімділігін арттыру және еңбек өнімділігін өсіру есебінен экономиканың өсуін ынталандыру;
көрсеткіштері ақша-кредит саясатымен келісілетін қалыпты қатаң фискалдық саясат жүргізу;
шикізат ресурстарына жоғары баға кезеңінде Ұлттық қорда қаражатты жинақтау саясатын жүргізу;
орта мерзімді тарифтік жоспарлар шеңберінде табиғи монополиялар субъектілерінің тауарлары мен қызметтеріне бағаны реттеу;
артықшылық (монополиялық) жағдайға ие субъектілердің тауарлар мен қызметтерге баға белгілеуін бақылау;
баға жөнінде сөз байласу фактілерін, теріс пиғылды бәсекелестікті анықтау және жолын кесу;
бәсекелі ортаны, бәсекелі ішкі нарықтарды дамыту үшін жағдай жасау;
биржалық сауда-саттықты қалыптастыру және оны дамыту;
сауда инфрақұрылымын дамыту;
ішкі тауар нарықтарының теңгерімділігін қамтамасыз ету.
Нақты макроэкономикалық бағдарлар, оның ішінде ақша-кредит саясатының бағдарлары, сондай-ақ тараптардың оларға қол жеткізу жөніндегі бірлескен іс-қимылдары Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінің жыл сайынғы бірлескен мәлімдемелерінде айқындалатын болады.
Нәтижелер
Қолданылатын шаралар инфляцияны жылына 6-8% деңгейінде ұстауға мүмкіндік береді.
Қаржы секторын дамыту
Орта мерзімді перспективада банк секторын дамытудың негізгі мақсаттары мен міндеттері:
банк өнімдеріне тұрғындардың қол жеткізуін ұлғайту және қаржы қызметтерін тұтынушыларды қорғау деңгейін арттыру;
банк секторына тұрғындардың сенімін арттыру мақсатында екінші деңгейдегі отандық банктер қызметінің ашықтық деңгейін арттыру;
бәсекелестікті дамыту және отандық қаржы нарығына шетел банктерінің енуін ырықтандыру;
үздік халықаралық тәжірибе негізінде банктік қадағалауды жетілдіру және елдегі банк секторының сыртқы қарыз алуын басқару тиімділігін арттыру болып табылады.
Қойылған мақсаттарды және міндеттерді іске асыру жөніндегі негізгі шаралар:
Қазақстан Республикасының ДСҰ-ға кіруі мен жаһандану үрдісіне байланысты банк жүйесін ырықтандыру және бәсекелестікті арттыру жұмысы;
елдің қаржылай тұрақтылығын қамтамасыз етуге тартылған Қазақстан аумағында шетелдік қатысатын банктер филиалдарының қызметіне өтпелі кезеңді және талаптарды сақтаған жағдайға рұқсат беру мүмкіндігі қарау болып табылады.
Қалыптасқан жағдайға және экономикалық орындылыққа байланысты банктердің қызметін пруденциялық реттеуді жетілдіру мақсатында қажеттігіне қарай банк секторының сыртқы қарыз алуының жекелеген нормативтері мен лимиттері қайта қаралады.
Банк секторында шоғырландырылған қадағалауды және ашықтықты жетілдіру мақсатында банктердің шоғырландырылған қадағалау бөлігінде заңнаманың талаптарын орындауын қамтамасыз етуге бағытталған банктік қадағалау рәсімдері, меншік иелерінің құрылымы, аффилиирленген тұлғалармен қарым қатынастары жетілдірілетін болады.
Қажеттілігіне қарай екінші деңгейдегі банктердің кредиттік тәуекелдерін бағалау мақсатында және экономикалық орындылықты есепке ала отырып, іс-қолданыстағы банктік заңнама, әсіресе пруденциялық реттеу бөлігінде және екінші деңгейдегі банктердің активтерін жіктеу әдістемелері жетілдірілетін болады.
Депозиттерге кепілдік берудің қазақстандық жүйесін үздік халықаралық практикаға сәйкестендіру мақсатында мынадай негізгі шараларды жүзеге асыру қажет:
ең үздік әлемдік тәжірибе мен Депозиттерді сақтандыру жүйесінің халықаралық қауымдастығының (ІАВІ) ұсынымдарын ескеріп, депозиттерге кепілдік беру жүйесін одан әрі жетілдіру;
мәжбүрлеп таратылатын банктің міндеттемелері мен мүлкінің бір бөлігін бір мезгілде басқа банкке (банктерге) беру жөніндегі операциялар жүргізу мәселелері бойынша нормативтік құқықтық база әзірлеуге қатысу.
Таратылатын банктің салымшыларына шетелде тәуекелдерді қайта сақтандыру немесе кредиттік деривативтерді пайдалану түрінде өтем төлеу үшін ақша қаражатының тапшылығы жағдайында депозиттерге кепілдендік беру жүйесін қорландырудың балама жолдарын пайдалану мүмкіндігі зерттеледі.
Қазақстанның банк жүйесін реттеуді халықаралық стандарттарға жақындастыру мақсатында Қазақстанның банк жүйесін»«Капитал мен капиталдың стандарттарын есептеудің халықаралық конвергенциясы» Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитетінің капиталдың барабарлығының жаңа келісіміне (Базель II) көшіру жөніндегі жұмыс жалғасады.
Бұдан басқа, банктердің қызметіне қойылатын талаптарды арттыру, халықаралық практиканы ескере отырып, екінші деңгейдегі банктердегі тәуекелдерді басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.
Орта мерзімді кезеңде елдің банк секторының сыртқы қарыз алуын басқарудың тиімділігін арттыру мақсатында қажетіне қарай, қалыптасқан жағдай мен экономикалық орындылығына байланысты банк қызметін пруденциялық реттеуді жетілдіру шеңберінде банк секторының сыртқы қарыз алуының жекелеген нормативтері мен лимиттері қайта қаралатын болады.
Орта мерзімді перспективада сақтандыру нарығын дамытудың негізгі мақсаттары мен міндеттері:
халықты әлеуметтік қорғау құралы ретінде өмірді сақтандыруды дамыту;
міндетті сақтандыру жүйесін жетілдіру;
сақтандыру ұйымдарына халықтың сенімін және сақтандыру қатынастарының барлық субъектілерінің сақтандыру мәдениетін арттыру;
үздік халықаралық практиканың негізінде сақтандыруды қадағалауды жетілдіру болып табылады.
Мақсаттар мен міндеттерді іске асыру жөніндегі негізгі шаралар:
«Өмірді сақтандыру» саласында қызметін жүзеге асыратын компаниялардың қызметін жандандыруға байланысты республика тұрғындарының жинағы мен жинақтау құралы ретінде өмірді жинақтаушы сақтандырудың тартымдылығын арттыру мәселесі барынша өзекті болды.
Қазіргі уақытта өмірді сақтандыру жөніндегі сақтандыру ұйымдарының инвестициялық мүмкіндіктерін кеңейту өзекті мәселеге айналды.
Осыған байланысты өмірді сақтандыру жөніндегі сақтандыру компанияларының жинақтаушы зейнетақы қорларымен бірге мемлекеттік ұзақ мерзімді жинақталған және индекстелген қазынашылық міндеттемелеріне тең қол жеткізуін қамтамасыз ету қажет.
Деректердің жалпыұлттық базасын құру Ең маңызды міндеттердің бірі болуы тиіс: өлім-жітім; мүгедектік, аурушаңдық.
Міндетті сақтандыру жүйесін нақты ұйымдастыру мен жұмыс істеуі мақсатында мынадай бірқатар іс-шаралар жүргізілетін болады:
сақтандыру ұйымдарының міндетті сақтандыру түрлері бойынша қызметті жүзеге асыру құқығына лицензия алу үшін шарттар белгілеу;
қаржылық есептілік нысандарын жетілдіру жұмыстарын жалғастыру;
Қазақстан Республикасы Үкіметінің тарапынан сақтандырушылардың міндетті сақтандыру туралы заңнаманы сақтауына мемлекеттік бақылау жүйесін ұйымдастыру шараларын қабылдау.
Өмірді сақтандыру жөніндегі сақтандыру ұйымдары зейнеткерлік қамтамасыз ету (зейнеткерлік аннуитеті), сондай-ақ жұмыс берушінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру шеңберінде қоғамның әлеуметтік өмірінде маңызды, рөл атқаратынын ескере келе, сақтандыруды, әсіресе өмірді сақтандыруды танымал ету шараларын жүргізу қажет.
Бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимылды жандандыру, халықтың қалың жігі үшін білім беру мен оқыту бағдарламаларын, халықтың сақтандыру қызметтеріне сұранысын зерттейтін маркетингтік зерттеулер жүргізу және қажетіне қарай жаңа сақтандыру өнімдерін әзірлеу қажет.
Сақтандыру саласын дамытудың маңызды бағыты сақтандыру қызметтерін халықтың қалың жігін тұтынушылар ретінде тартуды көздейтін тұтынушылық сақтандыруды (бөлшек сақтандыруды) дамыту болуы қажет.
Ақпаратты ашудың ашық және нақты өлшемдерін әзірлеу қажет. Сақтандыру саласының ақпараттық ашықтығы тұрғындардың көп бөлігінің сақтандыру ұйымдарының қызметі мен қаржылық тұрақтылығы туралы мәліметтерге қол жеткізуін қамтамасыз етуі қажет.
Сақтандыру ұйымдары қызметінің ашықтық деңгейін арттыру мақсатында сақтандыру ұйымдары мен олар құрған топтарды шоғырландырылған негізде пруденциялық реттеу жүзеге асырылады.
Мыналар орта мерзімді перспективада бағалы қағаздар нарығын дамытудың мақсаттары мен міндеттері болып табылады:
қор нарығы арқылы несие капиталына қол жеткізуді ұлғайту;
бағалы қағаздар нарығында инвесторлар тізбесін, оның ішінде тұрғындар есебінен ұлғайту;
бағалы қағаздар нарығында инвесторлардың құқығын, оның ішінде миноритарлы акционерлердің құқығын қорғау;
бағалы қағаздар нарығында жаңа және өтімді қаржы құралдарын, оның ішінде бөлінген активтермен қамтамасыз етілген (секьюритилендіру тетіктері), облигация туынды бағалы қағаздар, инфрақұрылымдық облигациялар, мемлекеттік кепілдікпен қамтамасыз етілген борыштық бағалы қағаздар енгізу.
Мақсаттар мен міндеттерді іске асыру жөніндегі негізгі шаралар.
Акциялар нарығын дамыту мақсатында:
Қазақстан Республикасының корпоративтік заңнамасын жетілдіру, Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарын енгізу жолымен ақпараттарды ашу режимін оңтайландыруға бағытталған инвесторлардың мүдделеріне және қажеттіліктеріне сәйкес келетін іс-шаралар өткізу;
пәрменді корпоративтік заңнама мен корпоративтік басқару саласындағы заңнаманың сақталуын бақылау жүйесін құру, көзделіп отыр.
Қазақстандық бағалы қағаздар нарығының негізгі міндеттерінің бірі инвестициялау мүмкіндіктерін ұлғайту мақсатында ұсынылатын қаржы құралдарының аясын кеңейту болып табылады.