Активтерді, мемлекеттік коммуналдық меншіктегі ғимараттар мен жерді, рентабельді емес кәсіпорындарды ӘКК-ге беру кезінде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары өз қызметінде пайдалана алатын активтердің ғана берілетіні маңызды аспект болып табылады.
ӘКК-ге жүктелуі мүмкін функциялар мен міндеттердің орасан зор көлемі бар екенін атап өту қажет, бұл ретте олардың функциялары мен міндеттерін бір бірімен араластырмау айрықша маңызды.
Кәсіпорынды оңалту ӘКК-ге таңылмауға тиіс, өйткені, оның міндетіне міндеттердің мейілінше кең ауқымы кіреді. Оңалту кәсіпорынды қайта құрылымдауды және оның базасында бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді дамытуды білдіреді.
Мемлекеттік рентабельді емес кәсіпорындарды оңалтуды және қайта құрылымдауды талдау жөніндегі функцияны өңірдің орталық даму институты ретінде ӘКК орындауға тиіс. Бұл ретте олар бұл процестің ерікті қатысушылары болуға тиіс. ӘКК-нің қызметі неғұрлым икемді және мемлекет тарапынан мейлінше аз реттелетін болса, олардың қызметі соғұрлым тиімді болмақ.
ӘКК активтерді басқаруы, жобаларға бастама білдіруі және нақты өңірді дамыту мүддесіне қосымша инвестицияларды тартуы мүмкін.
ӘКК-ні дамыту мемлекеттік рентабельді емес кәсіпорындар негізінде жаңа өндірістер мен технологияларды құруға да мүмкіндік береді.
Орталық және жергілікті уәкілетті органдардың акцияларының бақылау пакеттері (қатысу үлестері) мемлекетке тиесілі мемлекеттік кәсіпорындардың, мекемелер мен ұйымдардың мүлкін түгендеуді жүргізуі осы процестегі алғашқы қадам болып табылады. Жүргізілген түгендеудің нәтижелері бойынша ӘКК-ге берілуге тиіс рентабельді емес активтердің тізбесі айқындалатын болады.
Рентабельді емес мемлекеттік кәсіпорындарды, сондай-ақ мемлекет қатысатын кәсіпорындарды талдау мынаны көрсетті.
Республикалық меншікке қатысты.
2005 жылдың қорытындылары бойынша республикалық мемлекеттік меншіктің жұмыс істеп тұрған 515 кәсіпорнының ішінде 41 кәсіпорын шығынға жол берген. Олардың ішінде 22 кәсіпорын ауыл шаруашылығы саласында, атап айтқанда тәжірибе шаруашылықтары (10), ауыл шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталықтары, су шаруашылығы жүйесінің қызметі саласындағы кәсіпорындар. 2005 жылғы көрсеткіш деректерін 2004 жылғы осындай деректермен салыстыра отырып, 2004 жылы ауыл шаруашылығы саласында 6 шығынды кәсіпорын болғанын атап өту керек, яғни 16 кәсіпорынға немесе 3,5 есеге өсім болған. Түзеу мекемелерінің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тауарлар (жұмыстар, қызметтер) өндіру жөніндегі шаруашылық қызметті жүзеге асыру саласында 2005 жылдың қорытындылары бойынша 5 республикалық мемлекеттік кәсіпорын шығынды болып табылды.
Республикалық мемлекеттік кәсіпорындардың жалпы санының басым бөлігі қызметтер көрсету саласындағы (ғылым және білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет пен спорт және басқалары) қызметті жүзеге асырады.
2004 жылдың қорытындылары бойынша білім беру, трактор жасау, инновациялық қызмет, асыл тұқымды мал шаруашылығы, ауыл шаруашылығы машиналарын сынау, логистика, электр энергетикасы, банк қызметі, энергетика аясындағы зерттеулер саласындағы қызметпен сипатталатын мемлекет қатысатын рентабельді емес акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер - 12.
Коммуналдық меншікке қатысты.
2004 жылдың қорытындылары бойынша 4 255 коммуналдық мемлекеттік кәсіпорынның 208-і рентабельді емес болып табылды, олар негізінен коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы, көшелер мен жолдарды, жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, инженерлік желілерді абаттандыру және ұстау, ауыл шаруашылығы өнімін дайындау, қайта өңдеу және өткізу саласындағы шаруашылық қызметті, сауда-коммерциялық және делдалдық қызмет, баспа және полиграфия, елді мекендердің бас жоспарларын әзірлеуді, жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, прокат пункттерін құру сияқты қызмет түрлері бар кәсіпорындар. Қонақ үй қызметтері, шыны-пластикалық балық аулау қайықтарын шығару және өткізу, жүк вагондарын жөндеу және бірқатар басқа да қызмет түрлері бар кәсіпорындар сирек кездеседі.
Жолаушылар тасымалы, жөндеу-құрылыс және монтаждау жұмыстары, жылу энергиясын беру және тарату жөніндегі қызметтер, АӨК кәсіпорындарын материалдық-техникалық және өндірістік қамтамасыз ету, тауарлар өндіру және өткізу, алтын өндіру, үй-жайларды жалға беру, жарнама, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өткізу, әуежай қызметін жүзеге асыру, коммуналдық және тұрғын үй шаруашылығы саласындағы, астықты сақтау және қайта өңдеу сияқты қызмет түрлерімен айналысатын мемлекет қатысатын рентабельді емес акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер 30 компания болып табылады.
Рентабельді емес мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың қызмет түрлерін талдау нәтижелері бойынша бұл кәсіпорындар, негізінен елді мекендердің тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін қызметтер (жұмыстар) көрсету саласында маманданғаны байқалады.
Осылайша, кәсіпорындардың мүлкін (ғимараттарды, жерді, техникалық қамтамасыз етуді және т.б.) ӘКК-нің өзге де өндірістік мақсаттарында пайдалану не кәсіпорынды ӘКК тарапынан бастама бойынша оңалту мақсатында кейбір мемлекеттік кәсіпорындарды ӘКК-ге беру орынды. Бұл ретте осы ереже табиғи монополиялардың субъектілеріне қатысты болмауы тиіс.
Сондай-ақ республикалық және коммуналдық мекемелерге, республикалық және коммуналдық қазыналық кәсіпорындарға бекітілген мүлік, акционерлік қоғамдардың акциялары және бағдарламалық құжаттарда көзделген міндеттерді орындау үшін құрылған жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің қатысу үлестері, сондай-ақ республикалық және коммуналдық меншікке қалдырылатын объектілерге жатқызу өлшемдеріне сәйкес келмейтін және жекешелендірілуге немесе шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау ретінде берілуге тиіс жер учаскелері мен объектілер ӘКК-гe берілмейтін болады.
ӘКК-ге берілетін рентабельді емес кәсіпорындарды оңалту мәселелері Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды дамытудың орта мерзімді жоспарында көзделетін қаржылық инвестициялар көлемінің шеңберінде шешілетін болады. Бұл ретте қаржыландыру көздері ретінде мемлекеттік бюджеттен басқа, ӘКК-нің өзінің, сондай-ақ «Қазына» орнықты даму қоры» АҚ-ның қаражаты алынуы мүмкін.
§ 4. Жеке секторды ӘКК-ге қатысуға
тарту үшін уәждеме
ӘКК өңірдің инновациялар орталығына, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы өнімін ішкі және сыртқы нарықтарға ірі жеткізушіге айналады әрі шағын және орта кәсіпкерлік өнімдерін жылжытуға, сондай-ақ табысы аз жеке кәсіпорындарды шоғырландыруға ықпал етеді.
ӘКК жобаларына қатысу отандық бизнес құрылымдар үшін қаржы, жер, технологиялық ресурстарға, сыртқы нарықтарға қол жетімділікпен, ӘКК тарапынан кепілдік мүліктік кепілдемені қамтамасыз етумен, бірлескен кәсіпорындар құру жолымен қызметті кеңейту мүмкіндігімен тартымды болады.
ӘКК арқылы отандық өндірушілер Қазақстанда шетелдік әріптестердің қатысуымен шетелдік технологиялар мен отандық шикізатты пайдалану шығарылатын өнімнің бәсекеге қабілетін арттыруға мүмкіндік беретін бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндігін иеленеді. Шетелдік технологиялар мен жергілікті шикізатты пайдалана отырып, тоқыма өнеркәсібінің жергілікті және шетелдік кәсіпорындарының бірлескен өндірістерін құру, сондай-ақ әлемге танымал таңбалы киімдерді өндіруші шетелдік компаниялардың жергілікті шикізат пен еңбек ресурстарын пайдалана отырып, тоқыма өнімдерін өндіру жөніндегі филиал-кәсіпорындар құру кеңінен дамыған Қытай, Ресей, Қырғызстан сияқты көрші елдердің тәжірибесін үлгі етуге болады.
Сондай-ақ заңнамаға сәйкес өндірістік шоғырлануды қайта бағдарлау және инвестициялық преференциялар түрінде жаңа тауар номенклатурасын енгізу базасында табысы аз кәсіпорындарды дамытуға жәрдемдесетін жобаларды ӘКК-нің іске асыруы кезінде салық салудың уақытша жеңілдікті шарттары енгізілуі мүмкін.
Алда тұрған Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі аясында олардың өнімі нарыққа импортпен бәсекеге түсе алуы үшін отандық кәсіпкерлердің белсенді шоғырлану қажеттігін түсіну қажет және бұл жағдайда мемлекеттің ӘКК-ге қатысуы отандық өндірушілерді қолдаудың белгілі бір кепілі болып табылады.
5. Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтиже
Өңірлік ӘКК-лерді құру нәтижесінде бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру, өңірлерде жұмыс орындарының санын ұлғайту, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өнімділігін арттыру, қосылған құны жоғары экспортқа бағдарланған отандық өнімді сату, рентабельді емес мемлекеттік кәсіпорындардың санын қысқарту, кәсіпкерлік субъектілері өнімінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру күтіледі, бұл Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі алдында айрықша өзекті.