Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 483 қаулысына толықтырулар енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 29 желтоқсандағы № 1401 Қаулысы
ҚР Үкіметінің 2010 жылғы 14 сәуірдегі № 302 Қаулысымен күші жойылды
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. «Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 мамырдағы № 483 қаулысына
мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен мақұлданған Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құру тұжырымдамасында:
«Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың миссиясы, міндеттері мен функциялары» деген 3-бөлімде:
мынадай мазмұндағы үшінші және төртінші абзацтармен толықтырылсын:
«рентабельділігінің төмендігіне және (немесе) көлемдік инвестициялардың қажеттілігіне байланысты дамымай қалған қоғамдық маңызды салаларда кәсіпкерлікті дамыту;
кооперацияны макроөңір ішінде дамыту.»;
мынадай мазмұндағы жиырма үшінші абзацпен толықтырылсын:
«жер қойнауын пайдалануға арналған құқықтарды іске асыру.»;
«Өңірлік әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды құру тұжырымдамасын іске асырудың негізі бағыттары мен тетігі» деген 4-бөлімде:
«Параграф 1. ӘКК-ні құрудың тетігі» деген параграф мынадай мазмұндағы отыз екінші абзацпен толықтырылсын:
«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес ӘКК-ге жер қойнауын пайдалану құқығы берілетін болады.»;
мынадай мазмұндағы 5-параграфпен толықтырылсын:
«Параграф 5. ӘКК-нің қызметін реттеу, бағдарламалық құжаттарды қабылдаудың қажеттілігі
ӘКК жоғарыда аталған мақсаттармен және міндеттермен бизнес-құрылымның жаңа және жеткілікті айрықша нысаны ретінде белгілі бір бағдарлама бойынша қызметті жүзеге асыруы тиіс, әрі билік органдары мен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің өзара іс-қимыл қағидаттарын, шешімдер қабылдаудың негізгі қағидаттарын және өзге де мәселелерді заңнамалық актімен және өзге де құқықтық актілермен реттеу болжанып отыр.
Жоғарыда айтылғанға байланысты Қазақстан Республикасының Үкіметі ӘКК-ны дамытудың орта мерзімді кезеңге арналған бағдарламасының жобасын, сондай-ақ бұдан басқа, ӘКК мен жергілікті атқарушы органдардың бірлескен жұмысының қағидаттары айқындалатын «Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлейді.
Осы Заңның жобасында сол сияқты мынадай ережелерді ескере отырып айқындылық және ашықтық қағидаттарына сәйкес келуге тиіс ӘКК қызметінің негізгі қағидаттарын айқындау қажет:
1) ӘКК мүлкі одан кейін әзірленетін жекешелендіру туралы заңнамаға ұқсас ережеге сәйкес иеліктен шығарылады;
2) ӘКК жеке кәсіпкерлік субъектілерімен жасасатын жаңа заңды тұлғалар құру туралы құрылтай шарттары Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетімен және Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігімен келісіледі.
Бағдарламаның жобасы заң жобасы сияқты ӘКК қызметінің шеңберінде алынған тәжірибені ескере отырып әзірленуге тиіс.
Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Үкіметі мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытуды көздейтін нормативтік құқықтық актілер кешенін әзірлейді.
Перспективада жергілікті атқарушы органдар мемлекеттік қызметтер көрсетуге бағдарланатын болады, кәсіпкерлікті дамыту ӘКК-нің жалпы басым міндеттерінің бірі болады.».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |