сумен жабдықтаудың жаңа жүйелерiн салуға, қазiргi жүйелерді жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына мемлекеттік инвестициялардың жеткiлiксiздiгi;
шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау үшiн арнайы барланған жер асты сулары көздерiн пайдаланудың жеткiлiксiздiгi;
жер асты тұщы суларын мақсатқа сай пайдаланбау;
республиканың жекелеген аймақтарында жергiлiктi ауыз сумен жабдықтау көздерiнiң болмауы.
Халық тұтынатын ауыз судың сапасын және қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз етумен байланысты қалыптасқан ахуал себептерiн жою жөнiнде мақсатты бағытталған шаралар қабылдамау мынадай жағымсыз салдарларға алып келедi:
ел халқы денсаулығының нашарлауы;
аудандарда медициналық-экологиялық ортаның нашарлауына байланысты халықтың бей-берекет көшiп-қонуы;
коммуналдық сектор кәсiпорындарында ескiрген өндiрiстiк қорлар көлемiнiң өсуi;
пайдалану шығындарының өсуiмен қатар коммуналдық қызметтердi ұсыну сапасының және iркiлiссiздiгiнiң төмендеуi;
жер асты сулары көздерi мен ашық су қоймаларын ауыз суға пайдалану мәнiнiң жоғалуы;
суды тазалауға және суды дайындауға кететiн шығындардың артуы.
ҚРYкіметінің 2006.22.08. № 799 Қаулысымен 2-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
2. Бағдарламаның мақсаты мен негізгi мiндеттерi
Бағдарламаның мақсаты - халықты қажеттi мөлшерде және кепiлдi сапалы ауыз сумен тұрақты қамтамасыз ету.
Бағдарламаның негiзгi мiндеттерi:
халықты қажеттi мөлшерде және кепiлдi сапалы ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған iс-шаралар кешенiн айқындау және әзiрлеу, сондай-ақ оларды iске асыру жөніндегі басымдықтарды айқындау;
Бағдарламаны iске асыру үшiн инвестициялардың қажеттi көлемi мен қаржыландыру көздерiн айқындау.
Халықты ауыз сумен ұдайы қамтамасыз ету мынадай негiзгi принциптер негiзiнде жүзеге асырылуы тиiс:
1) мемлекет бүкiл халықтың суға тең қол жеткізуi негiзiнде сумен жабдықтау саласындағы бағдарламаларды жүзеге асыру үшiн жауапты болуы тиiс;
2) суды экономикалық, әлеуметтiк және экологиялық құндылығы бар шектеулi табиғи ресурс ретiнде қараудың қажеттiгi;
3) жер асты су көздерiн пайдалануды күшейту Бағдарламаның негiзгi басымдықтарының бiрi болып табылады және мыналарды көздейдi:
жұмыс iстеп тұрған су алғыштарды кеңейту және қайта ұйымдастыру;
жер асты су көздерiнiң санитарлық ахуалын сауықтыру;
жер асты су көздерiн сарқылудан және ластанудан қорғауды жүзеге асыру;
4) су шығару және жеткізу құралдары шаруашылық жүргiзушi түрлi субъектiлердiң меншiгi болуы мүмкiн;
5) суды тұтыну коммерциялық принциптерге негiзделуi тиiс, суды пайдаланудың ақылы болуы суды ұтымды пайдалануға қол жеткізуге, сақтауға және кәсiпкерлiк қызметке ынталандыруы тиiс;
6) меншiк нысандарының сан алуандығы жағдайында инвестициялық процестi кейiннен орталықсыздандыра отырып, ауыртпалық орталығын қайтарымсыз бюджеттік қаржыландырудан қайтарымды негiзде несиелеуге бiрте-бiрте көшiру;
7) барлық су тұтынушының су заңнамасы талаптарын сақтауы.
Бағдарламаның негiзгi мақсаттары мен мiндеттерiн қамтамасыз етуге арналған шаралар кешенi мыналарды қамтиды:
1) халықтың түрлi әлеуметтiк топтарын ауыз сумен қамтамасыз етуге мүмкiндiк беретiн бiрiншi кезектегi аз шығынды iс-шараларды iске асыру;
2) суды залалсыздандыру және тазалау жөніндегі ғылыми-техникалық жетiстiктердi әзірлеу және енгізу;
3) ауыз сумен жабдықтау көздерi - жер үстi және жер асты су объектiлерiнiң тиiстi экологиялық жай-күйiн қамтамасыз етуге бағытталған табиғат қорғау iс-шараларын өткізу;
4) су рыногын дамыту үшiн жағдай жасау және кәсiпкерлердiң ауыз суды шығару мен жеткізу жөніндегі бастамаларын қолдау әрi оның бүкiл халыққа қол жетiмділiгiн ынталандыру;
5) ауыз сумен қамтамасыз ету проблемаларын шешуде, халықтың экологиялық мәдениетiн қалыптастыруда қоғамдық институттарды дамыту мен олардың рөлiн күшейту;
6) Республиканы сумен қамтамасыз етудiң бас схемасын әзiрлеу, онда тиiстi мөлшерде және қажеттi сападағы ауыз сумен қамтамасыз етiлмеген аймақтар мен тұтынушылардың жекелеген топтарын анықтау, сумен жабдықтаудың ықтимал көздерiн белгiлеу, техникалық iс-шараларды, оларды iске асыру кезектілігiн және қажеттi күрделi қаржыны болжамдау қажет.
ҚРYкіметінің 2006.22.08. № 799 Қаулысымен 3-бөлім өзгертілді (бұр.ред.қара)
3. Бағдарламаны iске асырудың негізгі бағыттары мен тетiгi
Ел халқын сумен қамтамасыз етудiң жай-күйiн талдау бiрқатар елеулi проблеманы анықтады, оларды шешуге мынадай негiзгi бағыттар ықпал етуi тиiс:
қазiргi сумен жабдықтау жүйелерiн оларды пайдалану жай-күйiн қолдау үшiн қалпына келтiру және жетiлдiру;
сумен жабдықтаудың жаңа көздерiн игеру және балама көздерi мен нұсқаларын дамыту;
тұтынатын су сапасын жақсарту;
ауыз суды ұтымды пайдалану;
су объектiлерiнiң экологиялық жай-күйiн жақсарту;
халықтың ауыз суды ұтымды пайдалану проблемаларын түсiнуге септiгiн тигiзетiн ақпараттық орта жасау;
сумен қамтамасыз ету және суды қорғау қызметiн басқаруды, үйлестiрудi жетiлдiру әрi оның тиiмдiлiгiн арттыру.
Бағдарламаны iске асыру жөніндегі iс-шаралар жоспары 3-қосымшада келтiрiлген.
Қазiргi сумен жабдықтау жүйелерiн оларды пайдалану жай-күйiн қолдау
үшiн қалпына келтiру және жетiлдiру
Осы бағыт су жинауыш және су құбырлары желiлерi мен құрылыстарын жөндеу әрi тиiстi қалпында ұстау, су алғыш құбырларды қалпына келтiру, төтенше жағдайларда резервтiк сумен жабдықтауды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жүзеге асыруды қамтиды.
Бағдарламаның осы бағытын дамыту үшін аз шығын жұмсай отырып, халықты ауыз сумен қамтамасыз етуге, материалдық және энергетикалық жабдықтаумен байланысты пайдалану шығыстарын қысқартуға мүмкiндiк беретiн мынадай iс-шараларды iске асыруды көздейдi:
1) Алматы, Астана, Қызылорда, Арал, Ақтөбе, Талдықорған, Атырау Шалқар, Көкшетау, Қарағанды, Теміртау және басқа да көптеген қалалардың қазiргi сумен жабдықтау жүйелерiн жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарының кешенi;
2) Солтүстiк Қазақстан, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының сумен жабдықтау көздерiн ауыстырудың нақты баламалары жоқ жерлерiнде топтық жүйелердi жаңарту;
3) Ақмола облысында - Нұра, Ақтөбеде - Ырғыз топтық су құбырларының су алғыштарын кеңейтiп, Атырау облысында - Индер-Миялы және Майкөмген-Шұбыртпалы су құбырларын, Батыс Қазақстан облысында - Орда және Камен су құбырларын темірсiздендiру станциясын салып, қайта құру;
4) кенттерде бұрын салынған жергiлiктi су құбырларын оңалту, олардың жұмыс тиiмділігiн арттыру, залалсыздандыру және су тазалау технологиялық процестерiн жаңғырту.
Бұл жұмыстарды бiр жарым мыңнан астам қала мен кентте жүргiзу болжанып отыр.
Сумен жабдықтаудың жаңа көздерiн игеру және балама көздерi мен
нұсқаларын дамыту
Осы бағыт ауыз сумен жабдықтаудың қорғалған көздері жоқ елді-мекендерде жер асты суларының барланған қорларын неғұрлым толық пайдалану есебінен сумен жабдықтауды жақсарту жөніндегі іс-шаралар кешенін көздейді.
Жекелеген аймақтарда балама көздер ретiнде мына мүмкiндiктер қарастырылып отыр:
мейлiнше төмен сапа деңгейiмен жол берiлетiн жер асты суларын (минералдылығы 1,0 - 1,5 г/л минералдылығы әлсiз жер асты сулары) пайдалану;
ауыз судың жеткiзiлуiн ұйымдастыруды жетiлдiру;
жергiлiктi су тазалау құрылғыларын орнату.
Бұдан әрi балама көздердi таңдау әрбiр нақты кенттi сумен қамтамасыз етудiң нұсқаларын техникалық-экономикалық салыстыру нәтижесiнде жүргiзiлетiн болады.
Бағдарламаның осы бағытын iске асыруда бiрiншi кезектегi iс-шаралар ретiнде мыналар белгiленедi:
Қызылорда облысында Арал-Сарыбұлақ, Жиделi және Октябрь топтық су құбырларын салуды (2002 жылы 73 километрiн пайдалануға бере отырып) жалғастыру;
Қостанай облысында Лихачев және Ұзынкөл топтық су құбырларын салу;
Оңтүстiк Қазақстан облысында Арыс және Шәуiлдiр топтық су құбырларын салу;
Солтүстiк және Батыс Қазақстан топтық су құбырларының жұмысын қайта ұйымдастыру.
Ақмола, Батыс Қазақстан, Павлодар және Солтүстiк Қазақстан облыстарының сумен жабдықтаудың сенiмдi көзi жоқ бес жүзден астам елдi мекенi үшiн сумен жабдықтау сапасын жақсарту жөніндегі iс-шаралар, сондай-ақ сумен жабдықтау желілері мен құрылыстарын салу көзделуде.
Тұтынатын судың сапасын жақсарту
Бағыт су сапасын жақсарту жөніндегі мынадай шаралар кешенiн қамтиды: 1) ауыз су сапасын жақсарту жөніндегі жаңа отандық та, шетелдiк те озық технологияларды әзiрлеу және енгізу;
2) судың екiншi қайта ластану мүмкiндiгiн жою мақсатында су құбыры желiсiнiң тозған учаскелерiн жаңарту және ауыстыру;
3) бастапқы суды тазалаудың технологиялық схемасын белгiлеу және суды дайындаудың тиiстi өлшемдерiн қамтамасыз ету;
4) ауыз су сапасын бақылаумен айналысатын қызметтердi материалдық-техникалық, кадрлық және қаржылық қамтамасыз етудi нығайту.
Суды дайындаудың белгiлi бiр технологиялары әрбiр нақты жағдайда судың сапасына қарай қолданылатын болады.
Су дайындау жөніндегі iс-шараларды үш жүзден астам елдi мекенде iске асыру болжанып отыр.
Ауыз суды ұтымды пайдалану
Бағыт ауыз суды үнемдi де тиiмдi пайдаланудың, оны техникалық, ауыл шаруашылық және басқа да мұқтаждарға мақсатсыз пайдалануды болдырмау, сонымен қоса экономиканы құрылымдық қайта құруды, технологиялық жаңғыртуды және су үнемдеушi технологияларды енгізудi ескере отырып табиғи су объектiлерiнен су алуды қысқарту, сондай-ақ желiнiң тасқынды нүктелерi мен тұтынушыларда су есептеуiш аспаптар орнату, мәселелерiне де қатысты iс-шаралардың кең ауқымын қамтиды.
Жекелеген аймақтарда судың тапшылығы, тұщы су көздерiнiң бiрте-бiрте сарқылуы және ластануының күшеюi су ресурстарын ұтымды пайдаланудың кешендi жоспарлануын қамтамасыз етудi талап етедi.
Тұтас алғанда су пайдаланудың жай-күйi су ресурстарын ұтымды пайдалануды дамыту және оған жағдайлар жасау, су үнемдеушi технологияларды ғылыми негiздеу, ауыз суды мақсатсыз пайдалануды болдырмау жөнiнде кезек күттiрмейтiн шаралар қабылдауды талап етедi.
Су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау алғы-шарттарын жасау, су объектiлерiнiң ластануына жол бермеу үшiн елеулi нәрсе халықтың экологиялық білімiн тереңдету арқылы оның жалпы санитарлық-гигиеналық және экологиялық мәдениетiн көтеру болып табылады.
Су объектiлерiнiң экологиялық жай-күйiн жақсарту
Бағыт су ресурстарын пайдалану, қалпына келтiру және қорғау процестерiнiң теңдестiрілуiн қамтамасыз ету негiзiн қалайтын iс-шаралар кешенiн қамтиды.
Қоршаған ортаның қазiргi жай-күйi және экономика салаларының күтіліп отырған экономикалық өсуi су ресурстарын қорғау және қалпына келтiру жөнiнде тиiстi алдын алу iс-шараларын қабылдап, енгiзбесе, су объектiлерiнiң экологиялық жай-күйiнiң нашарлауына алып келедi.
Республикада қоршаған ортаны қорғауды және табиғат пайдалануды мемлекеттік басқару жүйесiн қалыптастыру жүрiп жатыр, қоршаған ортаны және оның су объектiлерi сияқты маңызды құрамдасын қорғауды жақсартуға, шаруашылық және өзге де қызметтiң табиғи экологиялық жүйелерге зиянды әсерiн болдырмауға бағытталған бiрқатар заңнамалық және нормативтiк-әдiстемелiк құжаттар жұмыс iстейдi. Экономикалық қауiптi қызметке талаптар мен бақылау қатайтылған, экология мәселелерi бойынша халықаралық ынтымақтастық нығайып келедi.
Қолданыстағы Су кодексiне сәйкес су көздерiн жергiлiктi қорғау және шаруашылық-ауыз сумен жабдықтау құрылыстарын жобалауға қойылатын санитарлық талаптар әрбiр нақты жобада көзделедi.
Ауыз суды ұтымды жұмсауға ынталандыратын экономикалық құралдарды әзiрлеу және iске асыру қажет.
Бағдарлама су экологиясы саласында iргелi және қолданбалы зерттеулер жүргiзуге арналған ғылыми-зерттеу институттарының қалыптасуын әрi олардың желiсiн қолдауды көздейдi.
Халықтың ауыз суды ұтымды пайдалану проблемаларын түсiнуге септiгiн тигiзетiн ақпараттық орта жасау.
Таза ауыз суды алу, оны ұтымды пайдалану халықтың барлық жiктерiнiң өмiрлiк мүдделерiн қозғайтын болғандықтан, тек мемлекеттік ғана емес, жалпыадамзаттық проблема болып табылады. Өкiнiшке қарай, жұртшылықпен жұмыс тиiстi деңгейге қойылмаған. Осы проблеманы шешумен байланысты iс-шаралардың тиiмсiздiгiнiң себебi көбiнесе оны шешумен айналысатын мемлекеттік органдар арасында үйлестiрудiң және қалың жұртшылықпен өзара iс-қимылының нашарлығы.
Халықты сумен қамтамасыз ету мәселелерi жұртшылықты кеңiнен тарта отырып, ашық шешiлуi тиiс. Судың табиғи су объектiлеріндегі, сонымен қатар сумен жабдықтау жүйелеріндегі де сапасы туралы ақпарат, оны тазалау мен жеткізу құны әрбiр азаматқа мәлiм болуы тиiс, бұл ауыз суды ұтымды пайдалану проблемаларын түсiнуге септiгiн тигiзедi.
Халықты осы проблемалар бойынша кеңiнен хабардар ету әрi білім беру халықта экологиялық және санитарлық-гигиеналық мәдениеттi қалыптастыру үшiн Бағдарламада мыналар көзделедi:
1) су ресурстарын, әсiресе ауыз суды ұқыпты пайдалану мәселелерiне кiтапшалар, топтамалар шығаруды, радио және телехабарлардың тұрақты циклiн жасауды, бұқаралық ақпарат құралдарында (БАҚ) жария етудi қамтамасыз ету;
2) ауыз суды ұтымды пайдалану саясатын айқындауға қоғамдық бiрлестiктер мен үкiметтiк емес ұйымдарды тарту.
Қазақстан азаматтары суды тұтыну және су ресурстарын қорғауды ұйымдастыру саласын басқару процестерiне осы проблемаға қатысты мәселелер талқыланатын немесе шешiлетiн референдумдарға, "дөңгелек үстелдерге" және басқа да iс-шараларға қатысу арқылы ықпал ете алады.
Сумен қамтамасыз ету және суды қорғау қызметiн басқаруды, үйлестiрудi
жетiлдiру әрi оның тиiмдiлiгiн арттыру
Бағыт халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласында мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз етуге арналған өзара байланыстырылған шаралар кешенiн көздейдi.
Халықты сумен қамтамасыз ету процесiн бақылау және жоспарлауды мемлекет жүзеге асырады.
Халықты ауыз сумен қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты iске асыруды қамтамасыз ету жөніндегі негiзгi шаралар:
Үкiмет, жергiлiктi атқарушы органдар мен суды пайдаланушылардың мемлекеттік емес бiрлестiктерi арасындағы ауыз сумен жабдықтау жүйесіндегі өндiрiс құралдарына меншiктi нақты бөлудi көздейтiн сумен жабдықтау инфрақұрылымын басқару жүйесiн жетiлдiру;
су шаруашылығы объектiлерiнiң құқықтық мәртебесiн айқындау;
суды ақылы пайдалану жүйесiн жетiлдiру және бастапқы кезеңде суды пайдалануға мемлекеттік субсидиялауды енгізудiң негiзiнде суды пайдаланудың экономикалық тетiгiн жасау;
халықты ауыз сумен қамтамасыз ету, оның сапасын жақсарту жұмыстарымен қамтылған ұйымдардың, соның iшiнде мемлекеттік емес ұйымдардың қалыптасуына қолдау көрсету;
су объектiлерi мониторингi жүйесiн дамыту болып табылады.
Облыстар бойынша бағдарламаны iске асырудың негiзгi бағыттарын дамыту iс-шаралары төменде келтiрiлген:
Қызылорда облысы Арал өңiріндегі экологиялық апат аймағы ретiнде басым аймақтардың қатарына жатқызылған. "Арал теңiзi ауданындағы экономикалық және санитарлық жағдайды түбегейлi жақсарту жөніндегі шаралар туралы" қаулыны орындау үшiн ауыл шаруашылығын сумен жабдықтаудың бiрқатар объектiлерi салынды, Арал және Қазалы аудандарының қала және ауыл халқын сумен қамтамасыз ету үшiн Арал-Сарыбұлақ топтық су құбырын салу жалғастырылуда. Оң жағалау және Жиделi топтық су құбырын салу басталды. Бағдарламада халықты сумен қамтамасыз етудiң бұрын көзделген iс-шараларын одан әрi iске асыру көзделуде. Оң жағалау, Талап және Сырдария топтық су құбырларын салу көзделуде. Облыстың бұрыннан берi сумен қамтамасыз етiлмеген 60 кентi үшiн жергiлiктi су құбырларын салу көзделуде. Минералданған жер асты сулары басым аудандарда суды тұщыту қондырғыларын салу көзделедi. Қызылорда қаласында, басқа да қалалар мен ауылдық кенттерде сумен жабдықтаудың қазiргi жүйелерiнде жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарының кешенi көзделуде.
Маңғыстау облысының халқын сумен қамтамасыз ету проблемасы Астрахань-Маңғышлақ суағарынан толық тұрақтандырылады. Оны қайта жаңарту жөніндегі жұмыстар кешенiн жүргiзу тасымалданатын судың қажеттi көлемi мен сапасын қамтамасыз етуге, су берудiң сенiмдiлiгiн арттыруға әрi оны беруге арналған пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкiндiк бередi.
Ақтау қаласын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мiндеттерiн iске асыру үшiн ұзындығы 105 км Жетiбай-Ақтау су тартқышын және су тазарту құрылыстарын қосымша салу қажет.
Жаңаөзен қаласын сумен қамтамасыз ету үшiн тұщытылған теңiз суын беретiн Фетисово-Жаңаөзен су тартқышын салу көзделген ал, қала үшiн баламалы нұсқа ретiнде Едiл суын беру қарастырылуда.
Бағдарламада кенттердi топтық су құбырлары магистральдарына қосу үшiн жаңа су құбыры жүйелерi мен құрылыстарын салу әрi қазiргiлерiн қайта жаңарту көзделуде.
Шығыс Қазақстан облысы халықтың сумен қамтамасыз етiлу деңгейi бойынша неғұрлым тәуiрлерiнiң қатарына жатады. Барлық қалалар мен iрi ауылдық кенттерде сумен қамтамасыз етудiң орталықтандырылған жүйелерi бар. Бағдарламада шағын ауылдық кенттердiң халқын ауыз сумен орталықтандырылған қамтамасыз ету үшiн жөндеу-қалпына келтiру жұмыстары және жекелеген су жинаушы құрылыстарды салу көзделген.
Алматы облысы. Су құбырлары жүйелерiнiң көпшілiгiнiң техникалық жай-күйi оларды жұмыс iстейтiн күйде ұстау үшiн шұғыл шараларды қабылдауды талап етедi. Алматы қаласының 2200 км құрайтын қалалық су құбыры желiлерiнiң 1380 км-нiң жұмыс iстеу мерзiмi өткен. Облыстың басқа қалаларындағы желiлер де қажеттi жөндеусiз ұзақ мерзiм бойы пайдаланылуда.
Бағдарламада жалпы ұзындығы 1000 км-дан астам қалалық және кенттiк желiлерде жөндеу-қалпына келтiру жұмыстары көзделген. Экономикасы тоқырауға ұшыраған Ақсу және Райымбек аудандарын қоса алғанда, 360 ауылдық кентте жергілiктi су құбырларын салу әрi қайта жаңарту көзделуде. Оңтүстiк Қазақстан облысының қаладағы халқын ауыз сумен қамтамасыз етудiң жай-күйiн жақсарту үшiн Шымкент, Шардара, Сарыағаш, Түркiстан және Шолаққорған қалаларының су құбыры желiлерiн қайта жаңарту көзделуде. Бағдарламада Түркiстан - Кентау су тартқышын салу көзделуде. 2002 жылғы басым объектiлердiң тiзбесiне халқының саны 25 мыңнан астам Шолаққорған қаласындағы су құбыры енгiзiлген.
Шәуілдiр және Арыс топтық су құбырларын салу жалғастырылуда, оған республикалық бюджеттен 260 миллион теңге көзделуде.
Оңтүстiк Қазақстан облысы Сарығаш және Қазығұрт аудандарының халқы сапалы ауыз су тапшылығын сезiнуде. Бұл проблема Өгем топтық су құбыры бойынша Өгем өзенiнен су беру есебiнен шешiлуi мүмкiн. Бұл аймақта ауыз судың басқа баламалы көзi жоқ.
Ақмола облысы халқын сумен жабдықтаудың ең өткiр проблемасы республиканың елордасы Астана қаласының сумен қамтамасыз етiлуiн ұлғайту болып табылады. Ертіс-Қарағанды арнасынан Есіл өзенiне суды бұру үшiн құрылыстар мен суағар салу, сондай-ақ Вячеслав су қоймасынан қалаға дейiн суағардың 3-i желiсiн салу аяқталды. Су құрылыстарын кеңейту және жаңаларын салу көзделуде. Қаланың iшкi желiсіндегі 94 км желiнi ауыстыру көзделуде.
Бағдарламада Көкшетау қаласы мен Бурабай курорт аймағы халқын сапалы ауыз сумен толық қамтамасыз ету үшiн Көкшетау өнеркәсiптiк су құбырын салуды жалғастыру көзделген.
20 жылдан астам пайдаланып келген Сiлетi және Нұра топтық су құбырлары да оларды қалпына келтiру үшiн шұғыл шаралар қабылдауды талап етуде. Бағдарламада тоқыраудағы әрi сумен нашар қамтамасыз етiлген Жарқайың және Қорғалжын аудандарын қоса алғанда, облыстың ауылдық кенттерiнде сумен жабдықтаудың жергілiктi жүйелерiн жұмыс істейтiн күйде ұстауға және жаңаларын салуға шығындар көзделген.
Солтүстiк Қазақстан облысы орталықтандырылған жүйеде ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейi мен қамтылуы жөнiнде әрқашанда алда болатын, оған жалпы ұзындығы 5 мың километрден астам топтық су құбырларының тармақтанған желiсiнiң жолға қойылуы жәрдемдестi. Оларды ұзақ уақыт пайдаланудың нәтижесiнде (кейбір тармақтары 25-30 жыл бойы қызмет етуде) және жекелеген учаскелеріндегі қолайсыз факторлардың әсерiнен су құбырлары толық жарамсыз күйге келдi. Сорғыш станцияларының сорғы және электротехникалық жабдықтары әбден ескiргендiктен, ауыстырылуы тиiс. Бiр-бiрiмен байланыстырылған жүйелерден орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету, нарық экономикасы жағдайында пайдалану шығындарының өсуi, ұзақ уақытқа ажыратып тастау және соның салдарынан көптеген судың ысырап болуынан тиiмсiз болып шықты. Халықты ауыз сумен кепiлдi қамтамасыз ету мақсатында Бағдарламада сумен жабдықтау жүйелерiн қайта ұйымдастыру жөнiнде мынадай iс-шаралар көзделуде:
топтық су құбырларының бас учаскелерiнiң қазiргi жұмыс iстеу схемасын сақтау;
жалпы жүйедегi топтық су құбырларының соңғы және жекелеген тұйықталған учаскелерiн сегменттеу (ажырату);
Булаев және Беловодск топтық су құбырларының жекелеген тармақтарына жаңа көздердi - жер асты суларының барланған қорларын қосу;
жер асты суларының жергiлiктi ресурстары есебiнен топтық желiлерге бұрын қосылғаны және қосылмағаны бар 220 кенттi жергiлiктi сумен жабдықтауды ұйымдастыру;
шағын кенттерге сапасы iшуге жарамды суды су құбырларымен жеткізу.
Аталған iс-шаралар қазiрдiң өзiнде жүзеге асырылуда, оған 2001-2002 жылдарға арналған республикалық бюджеттен 238 млн. теңге көзделген.
Павлодар облысының аумағындағы су ресурстарының әркелкi бөлiнуi және олардың сапасы оның жекелеген аудандары халқының сумен қамтамасыз етiлуi деңгейiн айқындайды.
Ауыл халқының үштен бiрiне жуығы минералдануы жоғары суды пайдалануда.
Бағдарламада бiрiншi кезектегi шара ретiнде жұмыс iстеп тұрған сумен жабдықтау жүйелеріндегі тұщыту станцияларын орнату және 115 кентте тұщыту қондырғыларымен бiрге жаңа блок-жүйелерiн салу көзделуде. Май ауданы халқын сумен қамтамасыз етудiң жай-күйiн жақсарту үшiн Май топтық су құбырын қайта жаңарту көзделуде.
Елдi мекендердiң 70%-тен астамы сапасына кепiлдiк жоқ суды пайдаланатын Ақтоғай ауданында проблема күрделi күйiнде қалуда.
Сумен жабдықтаудың баламалы көздерi жоқ кенттер үшiн Беловодск топтық су құбырының бiр бөлiгiнiң жұмыс iстеуiн қалпына келтiру қажет. Бағдарламада ауыл халқының 265 мыңнан астам адамын сумен жабдықтау қамтылады. Бағдарламада жер асты суларын пайдалану, сондай-ақ облыстың басқа да қалаларында су құбырларын жөндеу-қалпына келтiру жұмыстары есебiнен Павлодар қаласын сумен жабдықтауды жақсарту көзделедi.
Қостанай облысы. Су көздерi бойынша нақты балама жоқ топтық су құбырларына таяу жылдары кенттердi бiртiндеп қоса отырып, жөндеу-қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзу қажет. Тоқырауға ұшыраған Амангелдi және Жангелдин аудандарын қоса алғанда, облыстың 275 кентiнде сапасына кепiлдiк жоқ жердiң бетіндегі және жер асты су көздерiнен бұрын орталықтандырылмай берiлген жергiлiктi жүйелердi салу және қайта жаңарту арқылы халықты сапалы ауыз сумен жабдықтау көзделуде. Олар iске қосылғаннан кейiн 12 мыңнан астам ауыл тұрғыны сапасы сенiмдi ауыз су алатын Лихачев және Ұзынкөл топтық су құбырларын салуды таяу жылдары аяқтау көзделуде.
Бiрқатар кенттер үшiн суы тиiсiнше тазартылған және дайындалған жер бетіндегі сулар баламалы көз ретiнде айқындалған. Бағдарламада қалалар мен қалалық кенттердiң халқын сумен қамтамасыз етудiң жай-күйiн жақсарту көзделуде.
Ақтөбе облысының халқын сумен қамтамасыз ету толық дерлiк жер асты суларынан негiзделген. Ауыз сумен қамтамасыз етудiң жай-күйiн жақсарту жөніндегі шаралар бағдарламасы:
қосымша ұңғымалар бұрғылау, сорғы станцияларын салу - су жинауыштарды кеңейту жолымен қалалар және ауылдық кенттер халқын сумен қамтамасыз етiлудi арттыруды;
баламалы су көздерiн iздестiру немесе қазiргi бар минералданған жер асты суларын тұщыту жолымен тұтынылатын судың сапасын жақсарту неғұрлым iрi кенттерде жергiлiктi су құбырларын салу;
сапалы ауыз суды шағын кенттерге жеткізу.
Жер асты суларының сапасы жақсы Сарыбұлақ су көздерi тобынан су алуды ұлғайту жоспарлануда. Ырғыз ауданындағы кенттердiң сумен жабдықталуының жай-күйiн жақсарту үшiн Ырғыз және Нұра топтық су құбырларын қайта жаңарту көзделуде.
Атырау облысы халқын сумен қамтамасыз ету проблемасы күрделi күйiнде қалуда. Облыс халқының 20%-тен астамы шаруашылық-ауыз суға ашық көздердегi тазартылмаған және зарарсыздандырылмаған суды пайдаланады. Атырау қаласының және Атырау-Мақат-Сағыз су құбыры бойынша су алатын ауылдық кенттердiң халқы ауыз су тапшылығын сезiнуде. Қазiргi уақытта Атырау қаласында су құбыры және кәрiз желiлерiн қайта жаңарту жүргiзiлуде. Бағдарламада халықты сумен қамтамасыз ету жағдайын тұрақтандыру жөнiнде бiрқатар шаралар көзделген. Атырау және Маңғыстау облыстарында мұнай кен орындарына ауыз су мұқтаждары үшiн дайындаумен қатар, су беру үшін салынған Астрахань-Маңғышлақ су құбырын қайта жаңартуды жүргiзу қажет. Индер кентiнде су тазарту құрылыстарын күрделi жөндеуден өткізу Құлсары кентiнде кентiшілік желiнi ауыстыру талап етілуде. Жер үстi суларын тазартуға арналған шағын құрылыстарымен бiрге 37 ауылдық кент үшiн жергiлiктi су құбырларын салу көзделуде.