Осы редакция 2007 жылғы 20 қазандағы енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 26 сәуірдегі
№ 329 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің
Спорт комитеті туралы ереже
(2007.19.07. берілген толықтыруларымен)
1. Жалпы ережелер
1. Спорт комитеті (бұдан әрі - Комитет) мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз ететін, сондай-ақ заңнамада көзделген шектерде оның құзыретіне жатқызылған қызмет салаларындағы салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің ведомствосы болып табылады.
Комитеттің негізгі міндеті дене шынықтыру және спорт саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын бақылауды және қадағалауды іске асыру, жүзеге асыру болып табылады.
2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің кесімдеріне, өзге де нормативтік және құқықтық кесімдерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, өз атауы мемлекеттік тілде жазылған мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің қазынашылық комитеті органдарында шоттары болады.
Комитет азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
Егер Комитетке заңнамаға сәйкес уәкілеттілік берілген болса, оның мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарабы болуға құқығы бар.
4. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында міндетті күші болатын бұйрықтар шығарады.
5. Комитеттің штат санының лимиті мен құрылымын Қазақстан Республикасының Yкіметі бекітеді.
6. Комитеттің заңды мекен-жайы: 010000, Астана қаласы, Әуезов көшесі 126.
7. Комитеттің толық атауы -«Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт комитеті» мемлекеттік мекемесі.
8. Осы Ереже Комитеттің құрылтайшылық құжаты болып табылады.
9. Комитеттің қызметін қаржыландыру тек республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.
Комитеттің кәсіпкерлік субъектілерімен Комитеттің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау мәніне шарттық қатынастарға түсуіне тыйым салынады.
Егер Комитетке заңнамалық кесімдермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда мұндай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.
2. Комитеттің функциялары мен құқықтары
10. Комитет Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен мыналарды жүзеге асырады:
1) мемлекеттік саясаттың іске асырылуын мыналар бойынша қамтамасыз ететін функциялар:
спорттық қозғалысты, салауатты өмір салты қағидаттарын насихаттау;
спорт резервін және халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлау;
әлемдік спорт аренасында жоғары спорттық нәтижелерге қол жеткізу;
Комитеттің құзыретіне жататын мемлекеттік және салалық (секторалдық) бағдарламаларды іске асыру;
Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша спорт және дене шынықтыру саласындағы халықаралық шарттар мен келісімдерді іске асыру, халықаралық байланыстарды жүзеге асыру;
жетекші жаттықтырушылармен және спортшылармен келісім-шарттар жасасу;
дене шынықтыру және спорт саласында кадрлар даярлауды, қайта даярлауды, олардың біліктілігін арттыруды және кадрларды аттестаттауды ұйымдастыру;
мемлекеттік спорт ұйымдарына ұйымдастырушылық және әдістемелік басшылық жасау;
спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының құрама командаларын даярлау және олардың Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің, Әлем, Азия, Еуропа чемпионаттарына, Азия, Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындарға, Әлем және Азия кубоктарына, басқа да халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету;
спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық құрама командаларының мүшелерін ресми халықаралық жарыстарға дайындау және қатысу кезінде мемлекеттік қаражат есебінен біржолғы сақтандыру және олар республикалық жарыстарда жарақат алған және мертіккен кезде өтемақылық төлемдер, сондай-ақ еңбек сіңірген спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойғы ай сайынғы төлемдер төлеу;
ведомстволық статистикалық есептілікті жүзеге асыру;
басқа да мемлекеттік органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп ұйымдастырылатын спорттық, оның ішінде халықаралық іс-шаралардың жоспарларын үйлестіру және бекіту, спорттық іс-шаралардың, жарыстардың бірыңғай күнтізбелік жоспарын әзірлеу және бекіту;
техникалық реттеу және метрология жөніндегі уәкілетті органмен бірлесіп, дене шынықтыру және спорт саласындағы сәйкестікті растауға қатысу;
Комитетке ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындарға басшылық жасау;
халықаралық спорт ұйымдарында Қазақстанды білдіру және халықаралық іс-шараларға қатысу, халықаралық спорт жұртшылығымен байланыстарды нығайту;
халықаралық, республикалық және өңіраралық спорт жарыстары мен жиындарын өткізу;
көтермелеудің салалық жүйесін іске асыру, дене шынықтыру мен спорт қызметкерлеріне спорт және дене шынықтыру саласындағы арнаулы құрметті атақтар, спорттық атақтар мен разрядтар, төрешілік санаттар, санаттар беру; спорттық іс-шараларға қатысушыларды көтермелеу, сондай-ақ спортшылар мен спорт ұйымдарының қызметкерлерін, республикалық спорттық және басқа да іс-шаралардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін медальдармен, белгілермен, дипломдармен, грамоталармен, жүлделермен марапаттау;
Қазақстан Республикасының штаттық ұлттық командаларына қабылданған спортшыларды материалдық қамтамасыз етуге, оның ішінде тамақтандыруға, спортшыларды фармакологиялық қалпына келтіру құралдарымен қамтамасыз етуге, Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Азия, Шығыс Азия ойындары мен басқа да халықаралық жарыстарға қатысушылар үшін тәуліктік шығыстарға арналған теңге және шетел валютасындағы қаражатты жұмсау нормаларын бекіту;
дене шынықтыру және спорт саласына, оның ішінде спорт өнімдерін шығаруды дамыту үшін инвестициялар тарту жөніндегі бірыңғай саясатты қалыптастыруға және іске асыруға қатысу;
өз құзыретінің мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың және өзге ұйымдардың қызметін үйлестіру, сондай-ақ дене шынықтыру мен спорттың өзекті проблемаларын іс жүзінде шешуге қатысты мәселелер бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерімен өзара іс-қимыл жасау;
спорт және дене шынықтыру саласындағы ғылыми зерттеулерді үйлестіру және олардың нәтижелерін практикаға енгізу;
азаматтардың денсаулығын қорғау саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бірлесіп, спорт медицинасын дамытуды үйлестіру;
мүдделі органдармен және қоғамдық ұйымдармен бірлесіп спорт резервін және халықаралық дәрежедегі спортшыларды даярлау жөнінде жұмыс жүргізу, спорт клубтары, мектептері және құрылыстары, олимпиадалық резервті дайындау орталықтары желісінің дамуын үйлестіру, сондай-ақ оларда оқу-жаттығу үдерісін, медициналық-биологиялық (допингті бақылау) және ғылыми қамтамасыз етуді, психологиялық дайындауды ұйымдастыру;
2) мемлекеттік саясаттың іске асырылуын бақылауды және қадағалауды мыналар бойынша қамтамасыз ететін функциялар:
спорт және дене шынықтыру саласындағы, сондай-ақ ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау;
спорттағы допингке қарсы іс-шаралардың өткізілуін бақылау, допингке қарсы зертхананың қорытындысы бойынша тиісті шешім қабылдау;
республикалық бюджеттен қаржыландырылатын спорттық іс-шараларды, жарыстарды дайындау мен өткізуді және спорт объектілерін салуды бақылау;
спорт объектілерін пайдалану, оларға техникалық қызмет көрсету ережелерінің және спорт құрылыстарының өткізу қабілеттілігі нормаларының, спорттық іс-шараларды өткізу кезіндегі техникалық қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, спорт құрылыстарын пайдалануға қабылдап алуды және оқу-жаттығу сабақтары мен спорттық ойын-сауық іс-шараларын өткізуге дайындық актілерінің жасалуын бақылау;
Қазақстан Республикасында спортТық іс-шараларды өткізу және халықаралық жарыстарға қатысу ережелерінің сақталуын бақылау;
дене шынықтыру-сауықтыру және спорт қызметтерін көрсету жөніндегі қызметті лицензиялау, дене шынықтыру мен спорт жөніндегі қызметті жүзеге асыратын республикалық қоғамдық бірлестіктерді аккредиттеу және спорт костюмдері мен басқа да спорт керек-жарақтарын ресімдеу кезінде «Қазақстан Республикасының құрама командасы» деген атауды пайдалануға рұқсаттар беру;
спорт ғимараттарын салу және спорт мүкәммалы мен жабдықтар шығару жөніндегі қызметті үйлестіру.
11. Негізгі міндеттерді іске асыру және өз функцияларын жүзеге асыру мақсатында Комитеттің заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) дене шынықтыру және спорт саласындағы нормативтік құқықтық кесімдерді әзірлеу жөнінде ұсыныстар қалыптастыруға;
2) спорт ғимараттарының жіктемесіне сәйкес спорт ғимараттарына санаттар беруге;
3) халықаралық, республикалық және өңіраралық спорт жарыстары мен жиындарын өткізуге;
4) спорт және қызметті үйлестіру саласындағы неғұрлым маңызды проблемаларды шешу үшін ведомствоаралық, ғылыми-әдістемелік және сараптамалық кеңестер, сондай-ақ олармен келісім бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдардың, халықаралықты қоса алғанда, басқа да ұйымдардың өкілдерінен жұмыс топтарын көру жөнінде ұсыныстар қалыптастыруға;
5) Комитетке ведомстволық бағынысты ұйымдарды құру, қайта ұйымдастыру және тарату жөнінде ұсыныстар қалыптастыруға құқығы бар.
3. Комитеттің мүлкi
12. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мyлкі болады.
Комитеттің мүлкі оған мемлекет берген мүлік есебінен қалыптасады және негізгі қорлар мен айналымдағы қаражаттан, сондай-ақ құны Комитеттің теңгерімінде көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.
13. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады.
14. Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік жүргізуге құқығы жоқ.
Комитетке заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде мүлікке билік жүргізу құқығы берілуі мүмкін.
4. Комитеттің қызметін ұйымдастыру
15. Комитетті Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің ұсынысы бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
Комитет төрағасының, санын Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын орынбасарлары болады.
16. Төраға Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық жасайды, Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы және оның өз функцияларын жүзеге асыру үшін дербес жауапты болады.
17. Комитеттің төрағасы осы мақсатта:
1) Комитеттің штат кестесін, сондай-ақ Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;
2) өзінің орынбасарлары мен Комитеттің құрылымдық бөлімшелері және ведомстволық бағыныстағы ұйымдары басшыларының өкілеттіктері мен міндеттерін айқындайды;
3) заңнамаға сәйкес Комитеттің қызметкерлерін, ведомстволық бағыныстағы ұйымдардың басшыларын қызметке тағайындайды және босатады;
4) заңнамада белгіленген тәртіппен және өз құзыретінің шегінде Комитеттің қызметкерлерін және Комитеттің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағыныстағы ұйымдарының басшыларын көтермелеу, оларға материалдық көмек көрсету және тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
5) Комитеттің бұйрықтарына қол қояды;
6) мемлекеттік мекемелерде, өзге де ұйымдарда Комитетті білдіреді.
5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату
18. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 26 сәуірдегі
№ 329 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
Спорт комитетінің құрылымы
1. Басшылық
2. Жоғары жетістіктер спорты басқармасы
3. Ұйымдық-кадрлық жұмыс және қаржылық қамтамасыз ету басқармасы
4. Дене шынықтыру және спорт инфрақұрылымы басқармасы
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2006 жылғы 26 сәуірдегі
№ 329 қаулысымен
Бекітілген
Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі
Спорт комитетінің қарамағындағы ұйымдардың тізбесi
ҚР Үкіметінің 2007 жылғы 19 шілдедегі № 613 Қаулысымен 1-бөлім толықтырылды (бұр.ред.қара)
1. Мемлекеттік мекемелер
1. «Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернат» мемлекеттік мекемесі.
2. «Кәркен Ахметов атындағы спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернат» мемлекеттік мекемесі.
3. Риддер қаласындағы «Спортта дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернат» мемлекеттік мекемесі.
3-1. Алматы қаласының «Шаңырақ» шағын ауданындағы «Спорттағы дарынды балаларға арналған республикалық мектеп-интернаты» мемлекеттік мекемесі.
ҚР Үкіметінің 2007.04.05. № 359;ҚР Үкіметінің 2007.06.07. № 579 (бұр.ред.қара) қаулылармен 2-бөлім өзгертілді
2. Мемлекеттік кәсіпорындар
4. «Қысқы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
5. «Су спорты және қолданбалы спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
6. «Республикалық спорт колледжі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
7. «Спорттық медицина және оңалту орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
8. «Ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
9. «Нұркен Әбдіров атындағы спорт комбинаты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны.
10. «Олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
11. «Спортшылардың допингке қарсы зертханасы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
12. Астана қаласындағы «Олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
13. Өскемен қаласындағы «Олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
14. Алматы қаласындағы «Спорт ғимараттарын салу жөніндегі дирекция» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
15. «Олимп» спорттық-сауықтыру орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорны (шаруашылық жүргізу құқығында).
15-3. «Бұқаралық спорт түрлері бойынша республикалық жоғары спорт шеберлігі мектебі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
15-4. «Бокстан олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
15-5. «Күрес түрлері бойынша олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
15-6. «Велосипед спортынан олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;
15-7. «Ауыр атлетикадан олимпиадалық даярлау орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны.
3. Жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер
16. «Спорт & КS» газетінің редакциясы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.