Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 1220 және 2007 жылғы 2 мамырдағы
№ 356 қаулыларына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 31 қазандағы № 1017 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
1) «2007 жылға арналған республикалық бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 1220 қаулысында:
көрсетілген қаулыға 282-1-қосымшада:
«Бюджеттік бағдарламаны іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары» деген 6-тармақ кестесінің 5-бағаны мынадай редакцияда жазылсын:
«Оңтүстік Қазақстан облысының, Астана және Алматы қалаларының бюджеттеріне мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде 44 мектеп салу үшін «Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық дамуының 2007-2009 жылдарға арналған орта мерзімді жоспары (екінші кезең) туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 25 тамыздағы № 822 қаулысымен бекітілген тізбеге сәйкес аванстық ақы төлеуге нысаналы даму трансферттерін беру»;
«Бюджеттік бағдарламаны орындаудан күтілетін нәтижелер» деген 7-тармақ мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
«Республикалық бюджеттен берілетін трансферттерді игеру шеңберінде іске асыру жөніндегі іс-шаралар тізбесі, күтілетін нәтижелерді сипаттайтын сандық және сапалық көрсеткіштер тиісті бюджеттік бағдарламаның паспортында көрсетіледі.»;
2) «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде 100 мектеп және 100 аурухана салу» жобасын іске асырудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 2 мамырдағы № 356 қаулысында:
4-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтау объектілерін салуда тапсырыс берушінің функцияларын жүзеге асырады, Оңтүстік Қазақстан облысының, Астана және Алматы қалаларының әкімдері мектептер салуда тапсырыс берушінің функцияларын жүзеге асырады, қоғам жобаны операциялық сүйемелдеуді жүзеге асырады;».
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |