ІҮ. Қорытынды ережелер
Құжаттарды беру тәртібi
96. Тіркеу әрекеттерін жасағаннан кейін өтініш иесіне мыналар қайтаруға жатады:
тіркеу органының жасалған тіркеу туралы белгісімен бірге құқық белгілеуші құжаттардың түпнұсқасы (нотариалды куәландырылған көшірме);
құқық иеленушінің өтініші болған кезде жылжымайтын мүлікке құқықтарды немесе олармен жасалатын мәмілелерді тіркеу туралы куәлік;
тіркеу бойынша қызметтерге ақы төленгендігін растайтын құжат.
97. Тіркеуден бас тартылған кезде өтініш иесіне мыналар беріледі:
уәкілетті лауазымды тұлға қол қойған жазбаша түрдегі бас тарту және құжаттардың құқық қорғау органдарына жіберілген жағдайларынан басқа кезде, құқық белгілеуші құжаттың түпнұсқасы;
тіркеу бойынша қызметтерге ақы төленгендігін растайтын құжат.
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
1997 жылғы 20 ақпандағы
№ 236 қаулысымен
бекітілген
Жер учаскесінде орналасқан жылжымайтын мүлік
объектілеріне кадастрлық нөмірлер берудің
УАҚЫТША ТӘРТІБІ
1. Жалпы ережелер
1. Осы Тәртіп жер учаскесіне орналасқан жылжымайтын мүлік объектілеріне кадастрлық нөмірлер беру ережелерін айқындайды.
2. Жылжымайтын мүлік объектілеріне кадастрлық нөмірлер беруді уәкілетті органдар жүзеге асырады.
3. Кадастрлық нөмірлер беру мақсаты үшін жылжымайтын мүлік объектілері екі топқа бөлінеді:
ғимараттар, құрылыстар, құрылымдар (бастауыш объектілер);
ғимараттардың, құрылыстардың, құрылымдардың құрамындағылар: тұрғын, тұрғын емес үй-жайлар, соның ішінде бөлмелер, жанама салынған және ішінен салынған тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар және ғимараттардың, құрылыстардың, құрылымдардың басқа да құрамдары (екінші қатардағы объектілер).
2. Жер учаскесіне орналасқан жылжымайтын мүлік
объектілеріне кадастрлық нөмірлер құру принциптері
4. Жылжымайтын мүлік объектілерінің кадастрлық нөмірін құру негізіне облыс немесе республикалық мәні бар қала кодынан бастап жылжымайтын мүліктің нақты объектісінің кодына дейінгі иерархиялық принцип қойылған.
5. Жер учаскесіне орналасқан жылжымайтын мүліктің әрбір бастауыш және екінші қатардағы объектісінің бірегей кадастрлық нөмірі болуға тиіс, жер учаскелерінің, әкімшілік-аумақтық бірліктердің немесе есептік кварталдардың бірігуіне немесе бөлінуіне байланысты кадастрлық нөмір құрамының өзгертілу жағдайларын қоспағанда, ол аталған жылжымайтын мүлік объектісінің бірыңғай құқық объектісі ретінде бүкіл өмір сүру уақыты ішінде өзгертілмеуге тиіс.
6. Бірігу немесе бөліну нәтижесінде бастауыш немесе екінші қатардағы объект бірыңғай құқық объектісі ретінде өмір сүруін тоқтатқан кезде жаңадан құрылған объектілерге жаңа кадастрлық нөмірлер беріледі.
7. Бастауыш немесе екінші қатардағы объект өмір сүруін тоқтатқан кезде оларға берілген кадастрлық нөмір басқа объектіге беріле алмайды.
8. Жер учаскесі кадастрлық нөмірінің болмауы бастауыш объектіге кадастрлық нөмір беруден бас тарту үшін негіз бола алмайды.
Бұндай жағдайда бастауыш объектіге кадастрлық нөмір беру үшін уақытша кадастрлық нөмір құрылады, онда жер учаскесі кадастрлық нөмірінің орнына 0 (ноль) қойылады, ал ғимараттарға, құрылымдарға, құрылыстарға есептік квартал шегінде бірегей нөмірлер беріледі.
9. Екінші қатардағы объектілерді және олардың бөліктерін тіркеу кезінде барлық жағдайларда ғимараттардың, құрылыстардың, құрылымдардың кадастрлық нөмірлерінің болуы талап етіледі.
Егер ғимаратқа, құрылымға, құрылысқа кадастрлық нөмір берілмеген болса, онда бұл нөмір ғимаратқа, құрылысқа, құрылымға оның құрамындағы алғашқы екінші қатардағы объектіні есепке алу кезінде осы Тәртіпте белгіленген ережелер бойынша беріледі.
10. Әртүрлі есептік кварталдарда орналасқан ғимаратқа, құрылысқа немесе құрылымға ғимаратты, құрылыстың немесе құрылымның үлкен немесе негізгі бөлігі орналасқан квартал нөмірі көрсетіліп бір кадастрлық нөмірмен беріледі.
11. Бастауыш және екінші қатардағы жылжымайтын мүлік объектілеріне кадастрлық нөмір беру үшін мыналардың болуы негіз болады:
осы Тәртіптің 2.5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, жер кадастрының деректері бойынша жер учаскесінің шекаралары және оның кадастрлық нөмірі туралы ақпарат;
жылжымайтын мүліктің бастауыш объектісінің (1:200 - 1:400 масштабында) жоспары (қажет болған жағдайда әр қабаттың);
қажет болған жағдайда жылжымайтын мүліктің екінші қатардағы объектінің жоспары (1:200 - 1:400 масштабында).
12. Жылжымайтын мүлікке меншік құқығының немесе басқа құқықтың бір адамнан екінші адамға ауысуы оның кадастрлық нөмірін қайта қарау үшін негіз болып табылмайды.
3. Кадастрлық нөмір құрылымы
13. Жылжымайтын мүлік объектісі кадастрлық нөмірінің құрылымын Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1996 жылғы 6 маусымдағы № 710 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында мемлекеттік жер кадастрын жүргізу тәртібі айқындайды.
14. Жылжымайтын мүліктің бастауыш және екінші қатардағы объектісі кадастрлық нөмірінің құрылымы мынадай болады:
АА:ВВВ:ССС:ДДД:И...И:К...К,
мұнда:
: - кадастрлық нөмірдің құрылымдық бөліктерін бөлуші;
АА - облыстың немесе республикалық маңызы бар қаланың кодын көрсетеді;
ВВВ - әкімшілік ауданның немесе облыстық (аудандық) мәні бар қаланың кодын көрсетеді;
ССС - есептік квартал кодын білдіреді;
ДДД - есептік квартал және/немесе әкімшілік аудан, облыстық (аудандық) мәні бар қала ішіндегі жер учаскесінің реттік нөмірін көрсетеді;
И...И - ғимарат, құрылыс немесе құрылым нөмірін білдіреді;
К...К - бастауыш объект ішіндегі екінші қатардағы объект нөмірін көрсетеді, яғни: пәтер, ішінен салынған үй-жайлар, бөлмелер, тұрғын емес немесе тұрғын ғимараттары тұрғын емес үй-жайдың немесе жылжымайтын мүліктің басқа құрамдарының бөліктері.
15. Жер учаскесінің кадастрлық нөмірі болмаған жағдайда, жылжымайтын мүліктің бастауыш және екінші қатардағы объектілеріне кадастрлық нөмірлер беруді жүзеге асыратын орган жер учаскесінің нөміріне сәйкес келетін кадастрлық нөмір бөлігінде (ДДД) үш ноль қояды.