Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің комитеттерін Астана қаласына көшіру туралы
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2007 жылғы 17 тамыздағы № 700 Қаулысы
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. 2007 жылдың соңына дейін Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің саны 24 адам Атом энергетикасы комитетін Алматы қаласынан және Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің саны 50 адам Геология және жер қойнауын пайдалану комитетін (бұдан әрі - комитеттер) оның саны 47 адам «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы (бұдан әрі - «Қазгеоақпарат» РГАО) ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемесімен бірге Көкшетау қаласынан Астана қаласына көшіру туралы Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің ұсынысына келісім берілсін.
2. Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы (келісім бойынша) және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті комитеттер мен «Қазгеоақпарат» РГАО-ны Астана қаласында орналастыру үшін қызметтік үй-жайлар бөлуді қамтамасыз етсін.
3. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі комитеттер мен «Қазгеоақпарат» РГАО-ны көшіру, көшірілетін қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелері үшін тұрғын үй-жайлар сатып алу және өтемақы төлемдерін өтеу жөніндегі қажетті ұйымдастыру іс-шараларын заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырсын.
4. Комитеттердің көшіп келген қызметкерлеріне тұрғын үй беру және сатып алу Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1998 жылғы 22 сәуірдегі 377-26 ҚПҮ және 1998 жылғы 3 тамыздағы № 736-56 ҚПҮ қаулыларына сәйкес жүзеге асырылсын.
5. «2007 жылға арналған республикалық бюджеттік бағдарламалардың паспорттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 15 желтоқсандағы № 1220 қаулысына мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулыға 352-қосымшада:
5-тармақта «Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті» деген сөздерден кейін «оның «Қазгеоақпарат» республикалық геологиялық ақпарат орталығы (бұдан әрі - «Қазгеоақпарат» РГАО) ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемесімен бірге,» деген сөздермен толықтырылсын, «мен» деген сөз «және» деген сөзбен ауыстырылсын;
6-тармақтың 5-бағанында «Комитеттердің» деген сөзден кейін «және «Қазгеоақпарат» РГАО-ның» деген сөздермен толықтырылсын;
7-тармақта «жер қойнауын пайдалану комитеті» деген сөздерден кейін «, «Қазгеоақпарат» РГАО» деген сөздермен толықтырылсын.
6. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі | К. Мәсімов |