Қазақстан Республикасының Заңы
«Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы туралы»
Осы редакция 2007 ж. 21 шілдедегі енгізілген өзгерістеріне дейін қолданылды
Осы Заң Алматы қаласы өңірлік қаржы орталығының жұмыс істеуінің ерекше құқықтық режимін айқындайтын құқықтық негіздерді белгілейді.
1-бап. Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы және оның
мәртебесі
Алматы қаласының өңірлік қаржы орталығы (бұдан әрі - қаржы орталығы) қаржы орталығының қатысушылары мен мүдделі тұлғалардың өзара қатынасын реттейтін, Қазақстан Республикасының қаржы нарығын дамытуға бағытталған ерекше құқықтық режимді білдіреді.
2-бап. Қазақстан Республикасының қаржы орталығы туралы
заңнамасы
1. Қазақстан Республикасының қаржы орталығы туралы заңнамасы Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді, осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгіленсе, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Қаржы орталығын құру мақсаттары және оның жұмыс
істеу принциптері
Қаржы орталығын құрудың мақсаттары бағалы қағаздар нарығын дамыту, оның халықаралық капитал нарықтарымен ықпалдасуын қамтамасыз ету, Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тарту, қазақстандық капиталдың шетелдік бағалы қағаздар нарығына шығуы болып табылады.
Қаржы орталығы:
1) қазақстандық және шетелдік қатысушылардың теңдігі;
2) капиталдың Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасына сәйкес қозғалуы принциптерімен жұмыс істейді.
4-бап. Қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі
уәкілетті орган
1. Қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) - қаржы орталығының жұмыс істеуін мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.
2. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынады және есеп береді және Қазақстан Республикасының Президенті бекітетін ол туралы Ереженің негізінде жұмыс істейді.
3. Уәкілетті органның құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.
5-бап. Уәкілетті органның міндеттері мен функциялары
1. Уәкілетті органның негізгі міндеттері:
1) осы Заңда айқындалған мемлекеттік өкілеттіктерді жүзеге асыру;
2) қаржы орталығын одан әрі дамыту болып табылады.
2. Уәкілетті органның функциялары:
1) заңды тұлғаларды - қаржы орталығының қатысушыларын мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу);
2) қаржы орталығында қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келетін шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен визалар беру туралы өтініш жасау;
3) қаржы орталығының қатысушыларына қызметкерлер іріктеуде жәрдемдесу;
4) қаржы орталығының қатысушыларына олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру;
5) қаржы орталығы қатысушыларының Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасын сақтауын мемлекеттік бақылау;
6) қаржы орталығының атынан мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда өкілдік ету;
7) қаржы орталығы қатысушыларының мемлекеттік тізілімін жүргізу;
8) қаржы орталығында еңбек қызметін жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды есепке алу және шетелдік жұмыс күшін тарту туралы халықты жұмыспен қамту саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды үйлестіретін орталық атқарушы орган белгілеген нысан бойынша Алматы қаласының жергілікті атқарушы органына тоқсан сайын ақпарат ұсыну;
9) қаржы орталығының қатысушыларына брокерлік және дилерлік қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алуда жәрдемдесу болып табылады.
6-бап. Уәкілетті органның өкілеттіктері
Өз міндеттері мен функцияларын іске асыру мақсатында уәкілетті органның мынадай өкілеттіктері болады:
1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік, статистикалық карточкалар, салық төлеушінің куәлігін беру;
2) заңды тұлғаларды - қаржы орталығының қатысушыларын мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) ережесін бекіту;
3) үшінші тұлғалармен қатынастарда қаржы орталығының атынан әрекет ету;
4) мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;
5) қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып бағалы қағаздары қаржы орталығының арнайы сауда алаңының тізіміне енгізіледі деп көзделген немесе енгізілген эмитенттерге, сондай-ақ осындай бағалы қағаздарға қойылатын талаптарды белгілеу;
6) рейтингтік бағаларын уәкілетті орган танитын рейтингтік агенттіктердің тізбесін бекіту;
7) қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберу үшін бағалы қағаздар мен олардың эмитенттерінің рейтингтік бағаларына қойылатын талаптарды белгілеу;
8) қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберілген қаржы құралдары эмитенттерінің аудитіне жұмсалған шығындарды Қазақстан Республикасының бюджеттік заңнамасында белгіленген тәртіппен өтеу;
9) қаржы құралдарын қаржы орталығының арнайы сауда алаңына жіберу үшін қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган мен аудиторлық қызмет саласындағы қызметті реттеу және аудиторлық және кәсіби аудиторлық ұйымдардың қызметіне бақылау жасау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісе отырып аудиторлық ұйымдарға біліктілік талаптарын бекіту;
10) қаржы орталығы танитын қор биржаларының тізбесін белгілеу;
11) қаржы орталығымен өзара іс-қимыл жасау мәселелері бойынша шетелдік мемлекеттердің қор биржаларымен келісімдер жасау;
12) қаржы орталығы қатысушыларының Қазақстан Республикасының еңбек туралы заңнамасын сақтауына тексерулер жүргізу.
7-бап. Уәкілетті органның басшысы
1. Уәкілетті органның басшысы:
1) үшінші тұлғалармен қатынастарда уәкілетті органның атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
2) уәкілетті органның қызметкерлерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жұмысқа қабылдауды, ауыстыруды және жұмыстан босатуды жүзеге асырады;
3) өзі болмаған жағдайда міндеттерін атқаруды орынбасарларының біріне жүктейді.
2. Уәкілетті органның басшысын Қазақстан Республикасының Президенті лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
8-бап. Уәкілетті органның Халықаралық кеңесі
1. Халықаралық кеңес тұрақты жұмыс істейтін консультативтік-кеңесші орган болып табылады және уәкілетті органның жанынан құрылады.
2. Халықаралық кеңестің негізгі міндеттері:
1) қаржы орталығының қызметіне қатысты мәселелерде әлемдік тәжірибені пайдалану жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
2) уәкілетті органның басшы лауазымдарына кандидатуралар ұсыну;
3) қаржы орталығының даму стратегиясын әзірлеуге қатысу болып табылады.
3. Халықаралық кеңестің құрамына қаржы секторының жетекші сарапшылары кіреді. Шетелдіктер Халықаралық кеңестің мүшесі бола алады.
4. Халықаралық кеңес туралы ережені, оның құрылу және қызмет ету тәртібін уәкілетті орган айқындайды.
5. Халықаралық кеңес мүшелерінің қызметі уәкілетті органды қаржыландыруға көзделген қаражат есебінен жүзеге асырылады.
9-бап. Дауларды шешу
Қаржы орталығына қатысушылардың дауларын Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мамандандырылған қаржылық сот шешеді.
10-бап. Уәкілетті органның мемлекеттік органдармен өзара
қатынасы
1. Қаржы орталығының қатысушыларына қатысты функциялары осы Заңмен уәкілетті органға берілетін Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары бірлескен бұйрықтар негізінде уәкілетті органмен өзара іс-қимыл жасауды жүзеге асырады.
2. Уәкілетті орган өз функцияларын жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардан қажетті ақпарат сұратуға құқылы.
3. Уәкілетті орган Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен қаржы орталығының қызметі туралы ақпарат береді.
4. Мемлекеттік органдардың уәкілетті органмен қатынастардағы өзге де өкілеттіктері Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
11-бап. Қаржы орталығының қатысушылары
1. Брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыратын және:
1) заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы уәкілетті орган берген куәлігі;
2) бағалы қағаздар нарығында жұмыс істеуге арналған, қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган берген лицензиясы бар бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары қаржы орталығының қатысушылары болып табылады.
Қаржы орталығының қатысушылары қаржы құралдарымен қаржы орталығының арнайы сауда алаңында ғана мәмілелер жасауға құқылы.
2. Заңды тұлғаның Алматы қаласының аумағында тұрақты жұмыс істейтін органының болуы бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушы - заңды тұлғаны уәкілетті органның мемлекеттік тіркеуінің міндетті шарты болып табылады.
12-бап. Қаржы орталығының арнайы сауда алаңы
1. Қор биржасының Алматы қаласының аумағында жұмыс істейтін және уәкілетті орган белгілеген сауда алаңы қаржы орталығының қатысушылары қаржы құралдарымен сауда-саттықты жүзеге асыратын қаржы орталығының арнайы сауда алаңы болып табылады.
2. Сауда-саттықты ұйымдастырушының қаржы орталығының арнайы сауда алаңына қатысты қабылданатын ережесі уәкілетті органмен және қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органмен келісілуге тиіс.
13-бап. Шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың
визалық режимі
1. Қаржы орталығында қызметін жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының аумағына келген шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Алматы қаласының халықаралық әуежайына келген кезде кіру визасын алады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген тұлғаларға визалардың қолданылу мерзімін ұзарту, сондай-ақ визалардың санатын өзгерту уәкілетті органның өтініш жасауы бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қазақстан Республикасының шегінен шықпай жүзеге асырылуы мүмкін.
14-бап. Қаржы орталығының қатысушыларын салықтық бақылау
Қаржы орталығының қатысушыларын салықтық бақылау Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
15-бап. Құжаттама мен мәмілелерді жүргізу тілдері
Қаржы орталығының қатысушылары құжаттама жүргізуді және мәмілелер жасауды мемлекеттік тілде және (немесе) орыс және (немесе) ағылшын тілдерінде жүзеге асыруға құқылы.
Қаржы орталығының органдарын қоспағанда, қаржы орталығының қатысушылары құжаттаманы мемлекеттік органдарға беруі қажет болған жағдайда ағылшын тілінен мемлекеттік және орыс тілдеріне аударуды уәкілетті орган жүзеге асырады.
16-бап. Қаржы орталығы қатысушыларының ақшалай
міндеттемелері
Қаржы орталығы қатысушыларының ақшалай міндеттемелері теңгемен және шетелдік валютамен көрсетілуі мүмкін.
17-бап. Қаржы орталығы туралы заңнаманы бұзғаны үшін
жауаптылық
Қазақстан Республикасының қаржы орталығы туралы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылыққа әкеп соғады.
18-бап. Қолданысқа енгізу
Осы Заң ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Н. Назарбаев
Астана, Ақорда, 2006 жылғы маусымның 5-і.
№ 145-III ҚРЗ