3. Жер учаскесiн меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға қайтару мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесiнiң немесе жер пайдалану құқығының құны өтеледi.
4. Жер учаскесiн уақытша алып қойған кезде мүлiктi, соның iшiнде жылжымайтын мүлiктi реквизициялау тәртібі Қазақстан Республикасы азаматтық заңдарының нормалары бойынша жүзеге асырылады.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ); 2007.21.07. № 297-III ҚР Заңымен (бұр.ред.қара) 92- бап өзгертілді
92-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған жер учаскесiн меншiк иесiнен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою
Ауыл шаруашылығы өндірісіне не тұрғын үй құрылысына немесе өзге де құрылысқа арналған жер учаскесі екі жыл ішінде (егер Қазақстан Республикасының заңдарында неғұрлым ұзақ мерзім көзделмесе) тиісті мақсатында пайдаланылмаған жағдайларда, ондай жер учаскесі осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен меншік иесінен және жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады.Бұл мұндай учаскенi игеруге қажеттi уақыт, сондай-ақ дүлей апаттар салдарынан немесе осылайша пайдалануға мүмкiндiк бермеген өзге де мән-жайларға байланысты аталған учаскенi мақсаты бойынша пайдалану мүмкiн болмаған уақыт кiрмейдi. Жер учаскелерін игерудің шарттары мен мерзімдері Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған тәртіппен белгіленеді.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 93- бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара )
93-бап. Қазақстан Республикасының
заңнамасын бұза отырып пайдаланылған жер
учаскесін меншік иесінен және жер
пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қою
Егер жер учаскесін пайдалану осы Кодексте немесе Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген жерді ұтымды пайдалану ережелерін өрескел бұза отырып жүзеге асырылса, атап айтқанда, егер жер учаскесі нысаналы мақсатына сәйкес пайдаланылмаса немесе оны пайдалану ауыл шаруашылығы жері құнарлылығының едәуір төмендеуіне не экологиялық жағдайдың едәуір нашарлауына әкеп соғатын болса, ондай жер учаскесі Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан кейін, осы Кодекстің 94-бабында көзделген тәртіппен меншік иесінен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойылуға жатады.
Төтенше және ырық бермейтін ахуал кезінде (еңсерілмейтін күш әрекеті) туындаған жағдайларды қоспағанда, осы баптың бірінші бөлігінде көзделген жағдайларда жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы мемлекетке келтірілген залалды Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес өтеуге міндетті.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 94- бап өзгертілді (бұр. ред. қара )
94-бап. Мақсаты бойынша пайдаланылмаған не Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою тәртібі
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ; 2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
1. Меншiк иелерiнен және жер пайдаланушылардан жер учаскесiн осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында көзделгендей мәжбүрлеп алып қою жер учаскесі орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органының талап-арызы бойынша сот тәртібімен жүргiзiледi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
2. Осы Кодекстiң 92-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға талап-арыз қойылғанға дейiн кемiнде бiр жыл бұрын жер учаскесін нысаналы мақсаты бойынша пайдалану қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн және осы уақыт iшiнде жер учаскесiнiң меншiк иесi не жер пайдаланушы осындай учаскенi нысаналы мақсаты бойынша пайдалану жөнiнде қажеттi шаралар қолданбаған жағдайда ғана берiлуi мүмкiн.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді) ; 2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен (бұр. ред. қара ) 3-тармақ өзгертілді
3. Осы Кодекстiң 93-бабында көзделген жағдайда жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген жазалау шаралары қолданылғаннан, талап-арыз беруден кемiнде үш ай бұрын жер учаскесінің меншік иесіне немесе жер пайдаланушыға Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жою қажеттiгi туралы жазбаша ескерту жасалғаннан кейiн ғана және осы мерзiм iшiнде жер учаскесінің меншік иесі немесе жер пайдаланушы учаскенi пайдалану кезiнде Қазақстан Республикасы заңдарының бұзылуын жоймаған жағдайда берiлуi мүмкiн.
Егер жер учаскесінің меншік иесінің немесе жер пайдаланушының Қазақстан Республикасының заңдарын бұзуы учаскенi нысаналы мақсатқа сай пайдаланбауында болса, мәжбүрлеп алып қою туралы талап-арыз бергенге дейiн облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жер ресурстарын басқару жөніндегі аумақтық органы меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының өтiнiшi бойынша жер учаскесiнiң нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе бойынша осындай учаске орналасқан жердегі облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) ауданның (облыстық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органына аудандық маңызы бар қаланың, кенттің, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтің әкіміне) ұсыныстар жіберуге мiндеттi. Бұл жағдайда осындай учаскенің нысаналы мақсатын өзгерту туралы мәселе оң шешiлмеген кезде ғана талап-арыз берiлуi мүмкiн.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 4-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
4. Осы Кодекстiң 92 және 93-баптарында аталған негiздер бойынша сот шешiмiмен жер учаскесін меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан мәжбүрлеп алып қойған жағдайда жер учаскесiне меншiк құқығы немесе жер пайдалану құқығы (жер учаскесiнiң мемлекеттен сатып алынған жалдау құқықтарына қатысты) Қазақстан Республикасының азаматтық iс жүргiзу және атқарушылық заңдарында белгiленген тәртiппен сауда-саттықта (конкурстарда, аукциондарда) сатылады.
Сатудан түскен сома, жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою шығыстары шегерiле отырып, жер учаскесінің бұрынғы меншiк иесiне немесе жер пайдаланушыға төленедi. Бiр жыл iшiнде кемiнде үш рет сауда-саттыққа шығарудан сауда-саттық (конкурстар, аукциондар) жүргізілгеннен кейiн ондай жер учаскесiн немесе оларға жер пайдалану құқығын сату мүмкiн болмаған жағдайда жер учаскесi сот шешiмiмен арнайы жер қорына қосылады.
2006.22.06. № 147-III ҚР Заңымен 95-бап өзгертілді
95-бап. Тәркiлеу
Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда, қылмыс немесе өзге де құқық бұзушылық жасағаны үшiн меншiк иесiнен немесе жер пайдаланушыдан жер учаскесi сот тәртібімен санкция түрiнде өтеусiз алып қойылуы мүмкiн.
Сотталған адам мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, сотталған адамға жеке меншiк құқығымен тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын, онда үйi мен шаруашылық қора-жайлары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ өзiндiк қосалқы шаруашылық жүргiзу үшiн қажеттi жер учаскелерi Қазақстан Республикасының қылмыстық-атқару заңдарында көзделген тiзбеге сәйкес тәркiленбеуге тиiс.
Тәркiленген жер учаскелерi мемлекеттік меншiкке қайтарылады. Тәркiлеу объектiсi болып табылатын мұндай жер учаскелерi не жер пайдалану құқығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен сатылуы немесе одан әрі пайдаланылуы мүмкiн.
96-бап. Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесiн бағалау
Меншiк немесе жер пайдалану құқығы тоқтатылған жағдайда жер учаскесi немесе жер пайдалану құқығы нарықтық құны бойынша бағаланады.
3-бөлiм. Жер санаттары
10-тарау. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер
97-бап. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер ұғымы және оның құрамы
1. Ауыл шаруашылығының қажеттерi үшiн берiлген немесе осы мақсаттарға арналған жер ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер деп танылады.
2. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер құрамына ауыл шаруашылығы алқаптары мен ауыл шаруашылығының жұмыс iстеуiне қажеттi iшкi шаруашылық жолдары, коммуникациялар, тұйық су айдындары, мелиорациялық жүйе, қора-жайлар мен ғимараттар орналасқан жер, сондай-ақ басқа да алқаптар (сор, құм, тақыр және ауыл шаруашылығы алқаптарының алабына қосылған басқа да алқаптар) жатқызылады.
3. Ауыл шаруашылығы алқаптары айрықша қорғалуға тиiс. Бұл жердi ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты емес мақсаттарға пайдалануға ерекше жағдайларда жол берiледi (осы Кодекстiң 90-бабы).
4. Ауыл шаруашылығы алқаптарына егiстiктер, тыңайған жер, көп жылдық екпелер егiлген жер, шабындықтар мен жайылымдар жатады.
Егiстiк - жүйелi түрде өңделетiн және көп жылдық шөптердiң егiстiгiн қоса алғанда, ауыл шаруашылығы дақылдарының егiстiгiне пайдаланылатын жер учаскелерi, сондай-ақ сүрi жер. Алдын ала егiлетiн дақылдардың егiстiгi орналасқан (үш жылдан аспайтын уақыт аралығында), түбегейлi жақсарту мақсатында жыртылған шабындықтар мен жайылымдардың жер учаскелерi, сондай-ақ бақтардың егiске пайдаланылатын қатар аралығы егiстiкке жатпайды.
Тыңайған жер - бұрын егiстiк құрамында болған және күзден бастап бiр жылдан аса ауыл шаруашылығы дақылдарын егуге пайдаланылмайтын және пар айдауға әзiрленбеген жер учаскесi.
Көп жылдық екпелер - жемiс-жидек, техникалық және дәрi-дәрмек өнiмдерiнiң түсiмiн алуға, сондай-ақ аумақты сәндеп безендiруге арналып қолдан отырғызылған көп жылдық ағаш, бұта екпелерiне пайдаланылатын жер учаскелерi.
Табиғи шабындықтар мен жайылымдар - шөп шабуға және жануарларды жаюға жүйелi түрде пайдаланылатын жер учаскелерi.
Түбегейлi жақсартылған шабындықтар мен жайылымдар - шөп егу арқылы жаңадан отайған шабындық және жайылым учаскелерi.
Суландырылған жайылымдар - тиiстi мал басын сапасы ойдағыдай сумен қамтамасыз ете алатын су көздерi (көлдер, өзендер, тоғандар, апандар, суару және суландыру каналдары, құбырлы немесе шегендi құдықтар) бар жайылымдар.
5. Ауыл шаруашылығы алқаптары суармалы және суарылмайтын болуы мүмкін.
Суармалы ауыл шаруашылығы алқаптарына ауыл шаруашылығында пайдалануға және суаруға жарамды, су ресурстары жүйесiнiң қазiргi пайдалы жұмыс коэффициентiнде суару нормаларының жобалау немесе қолданыстағы нормативтерi бойынша осы жердi сумен қамтудың қолайлы мерзiмi iшiнде қамсыздандырудың кемiнде 75 процентiнен кем емес су ағынымен қамтамасыз ететiн суару көзiмен байланысты тұрақты және уақытша суару жүйесi бар жер жатады.
Жайылма суару жерi қар суын және көктемгi тасқын суды, сондай-ақ топырақты ылғалдандыру үшiн суару және суландыру каналдарынан берiлетiн суды осы учаскелер аумағында ұстап қалуды және қайта бөлудi қамтамасыз ететiн су бөгейтiн белдеулерi, суды реттейтiн бөгеттерi мен басқа да гидротехникалық құрылыстары бар учаскелер болып табылады.
6. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер:
1) жеке меншiкке - Қазақстан Республикасының азаматтарына өзiндiк қосалқы шаруашылығын, бағбандықты, саяжай құрылысын дамыту үшiн;
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 2) тармақша өзгертілді (бұр. ред. қара )
2) жеке меншiкке немесе жер пайдалануға - Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзуге, тауарлы ауыл шаруашылығы өндiрiсi, орман өсiру, ғылыми-зерттеу, тәжiрибе жүргiзу және оқыту мақсатында, қосалқы ауыл шаруашылығын, бақша және мал шаруашылығын жүргiзу үшiн;
Аталған мақсаттар үшін жер учаскесін жер пайдалану құқығымен беру мерзімі кемінде бес жыл болады, оны бес жылдан аз мерзімге беруге жер учаскесін алуға мүдделі өтініш берушінің келісімімен ғана жол беріледі;
3) шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарға 10 жылға дейiнгi мерзiмге жалдау шарттарымен уақытша жер пайдалануға берiледi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 7 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
7. Азаматтар мен заңды тұлғаларға жер пайдалануға немесе меншiкке берiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарының сапасын мемлекеттік бақылау мақсатында бюджет қаражаты есебiнен топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық зерттеулер мен топырақты бағалау материалдары деректерiнiң негiзiнде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерiнiң паспорты жасалады.
Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерi паспортының нысанын жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган бекiтедi.
Жер учаскесінің паспортын жасау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруды және оны беруді жер учаскесі орналасқан жердегі облыстардың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) уәкілетті органдары жүзеге асырады.
98-бап. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру тәртібі
1. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру (трансформациялау) қажеттiгi табиғи факторларға, оларды бұдан кейiн де басқа жер алқаптарының құрамында пайдаланудың экономикалық тұрғыдан орындылығына негiзделедi.
2. Жер учаскесi меншiк иесiнiң немесе жер пайдаланушының жер учаскесiнiң орналасқан орны бойынша тиiстi жергiлiктi атқарушы органға берген өтiнiмi, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органның бастамасы ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі жұмыстарды жүргiзуге негiз бола алады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
3. Жергiлiктi атқарушы органның шешiмi бойынша жүргiзiлетiн ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі жерге орналастыру жұмыстарын қаржыландыру - бюджет қаражаты есебiнен, ал жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылардың өтiнiштерi бойынша - олардың өз қаражатының есебiнен жүзеге асырылады.
4. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жер учаскесi, учаскелер тобы, суармалы алап, жер пайдалану бойынша жүргiзiлуi мүмкiн.
Топырақ-мелиорациялық жай-күйi оларды басқа алқап түрiне ауыстыруды қажет ететiн ауыл шаруашылығы алқаптарының болуы қолда бар жоспарлау-картографиялық материалдарды, жерге орналастыру, мелиорациялық құрылыс жобаларын, топырақты зерттеу, топырақ-мелиорациялық, геоботаникалық iзденiстер материалдарын, тұзданудың түсiрiлген суреттерiн, жер кадастрының, жердi түгендеудiң деректерiн зерделеу негiзiнде алдын ала анықталады.
5. Неғұрлым бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстыруға:
егiстiк үшiн - жердiң агроөндiрiстiк топырақ сипаттамасының олардың нақты пайдаланылуына сәйкес келмеуi, улы заттармен ластанудың жоғары деңгейi;
көп жылдық екпелер үшiн - екпелердiң шектi жасы, олардың сиреуi, жердiң кен құрамының жұтаңдығы, қолайсыз топырақ-мелиорациялық сипаттамасы;
шабындықтар үшiн - жердiң шөлейттенуi, шалғындық өсiмдiктердiң сиреуi, жердiң мелиорациялық күйiнiң нашарлауы;
жайылымдар үшiн - тапталып бүлiнуi негiз болып табылады.
Суармалы жердi суарылмайтын жерге ауыстыру кезiнде жоғарыда санамаланған факторлардан басқа, суару көзiмен байланыстың үзiлуi, сумен қамтылмауы, шаруашылық iшіндегі суару жүйелерiнiң техникалық жай-күйi, ал жайылма суармалы жер үшiн - су ағынын қайта бөлу салдарынан су басудың тоқтауы немесе су ресурстарының болмауы, құрылыстардың техникалық жай-күйi ескерiледi.
Қажет болған кезде жергiлiктi атқарушы органдар бағалы ауыл шаруашылығы алқаптарын бағасы төменгiлерiне ауыстырудың басқа да көрсеткiштерiн: ауыл шаруашылығы алқаптарының өнiмдiлiгiнiң тым төмен болуы, топырақтың тұздану, сортаңдану, ластану деңгейiн және алқаптардың сапалық сипаттамасына әсер ететiн басқа да өлшемдердi белгiлейдi.
6. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі материалдарда:
қорытындылар мен ұсыныстары бар түсiндiрме жазба;
бiр түрден екiншiсiне ауыстыру көзделген жерлердiң экспликациясы;
трансформацияға жататын анықталған ауыл шаруашылығы алқаптары көрсетiлген далалық зерттеу актiсi мен сызбасы;
жер учаскелерiнiң сапалық сипаттамасы;
суару жүйесiнiң, жайылма суару жүйесiнiң, суландыру құрылыстарының техникалық жай-күйi, сондай-ақ негізгі қорлардың құны туралы мәлiметтер болуға тиiс.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 7 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
7. Ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі материалдар ауданның уәкілетті органына аудан бойынша жинақтап қорыту, ауыл және су шаруашылығының аудандық органдарымен келiсу үшiн жiберiледi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 8 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
8. Ауданның уәкілетті органы осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескерiп жасаған қорытындысымен бiрге:
неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын бiр түрден екiншiсiне ауыстыру жөніндегі материалдарды - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
суармалы жердi - суарылмайтын жерге, суарылмайтын егiстiктi ауыл шаруашылығы алқаптарының басқа неғұрлым бағасы төменiне ауыстыру жөніндегі материалдарды облыстық ауыл және су шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау органдарымен келiсу үшiн облыстың уәкілетті органына жiбередi.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 9 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
9. Келiсу нәтижелерi бойынша облыстың уәкілетті органы материалдарды тұтастай алғанда облыс бойынша тұжырымдайды және өз қорытындысымен бiрге оларды:
суарылмайтын егiстiктi неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарының түрiне ауыстыру бойынша - түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн аудандық атқарушы органға;
суарылатын егiстiктi алқаптардың суарылмайтын түрiне ауыстыру бойынша келiсу үшiн орталық уәкiлеттi органға жiбередi.
10. Жер ресурстарын басқару жөніндегі орталық уәкiлеттi орган суармалар егiстiктi суарылмайтын алқап түрлерiне ауыстыру жөніндегі ұсынылған материалдарды ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау жөніндегі орталық уәкiлеттi органдармен келiседi және өзiнiң жинақталған қорытындысымен қоса, осы мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм қабылдау үшiн облыстық атқарушы органға жiбередi.
11. Неғұрлым бағасы төмен ауыл шаруашылығы алқаптарын неғұрлым бағасы жоғары алқаптарға ауыстыру туралы шешiмдi, осы баптың 7-тармағында санамаланған органдардың ұсыныстарын ескере отырып, аудандық (қалалық) атқарушы орган қабылдайды.
99-бап. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы
жердi пайдалану
1. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын өсiруге арнайы әзiрленген суландыру, тоспа-кәрiз жүйесiмен және ауыл шаруашылығы дақылдарын кезектестiрудiң (ротациялаудың) ғылыми негiзделген схемасы белгiленген құрылғылармен жабдықталған, инженерлiк тұрғыда жоспарланған жер жатады.
2006.10.01. № 116-III ҚР Заңымен 2 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара) (2006.01.01. бастап қолданысқа енгізілді)
2. Инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiру (ротациялау) схемасын облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың), ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) жергілікті атқарушы органы бекiтедi. Дақылдарды кезектестiрудiң (ротациялаудың) бiрыңғай схемасымен және суармалы тоспа-кәрiз жүйесiмен байланыстырылған жер учаскелерi бөлiнбейтiн болып танылады. Осы ереже инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердiң құрамынан осы Кодекс күшіне енгенге дейiн таратылып берiлген жер учаскелерiне де қолданылады.
3. Бұрын таратылып берiлген және бөлiнбейтiн болып танылған инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жердi пайдалану ортақ (үлестiк, бiрлескен) меншiк (ортақ (үлестiк, бiрлескен) жер пайдалану) құқығымен жүзеге асырылады және үлестi нақтылы қалпында бөлiп шығаруға жол берiлмейдi. Қатысушылар құрамынан шыққан ортақ үлестiк меншiкке қатысушы ортақ үлестiк меншiктiң басқа қатысушыларынан өз үлесiнiң құнын төлетiп алуға не осы Кодекстiң 55-бабының 2-тармағында белгiленген ережелерге сәйкес оны басқа тұлғаға сатуға құқылы.
4. Жер учаскелерiнiң меншiк иелерi мен жер пайдаланушылар инженерлiк тұрғыда әзiрленген суармалы жерде дақылдарды кезектестiрудiң белгiленген схемасын ұстануға, қажеттi мелиорациялық және қалпына келтiру жұмыстарын жүргiзуге, соның iшiнде учаскеде бар суландыру және тоспа-кәрiз жүйелерiн тиiсiнше тәртiппен күтiп-ұстауға мiндеттi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 5 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
5. Осы баптың 4-тармағында белгiленген талаптарды бұзу, Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңдарында көзделген әкiмшiлiк жазалау шараларына әкеп соғады (ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi тиiмдi пайдаланбау), сондай-ақ осы Кодекстiң 93-бабының нормаларына сәйкес жер учаскесiн мәжбүрлеп алып қоюға негiз болуы мүмкiн.
100-бап. Арнайы жер қоры
1. Жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiрушiлердiң арасында қайта бөлу мақсатымен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мен босалқы жер есебiнен арнайы жер қоры құрылады. Санитарлық нормалар мен талаптарға сай келетiн ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiруге мүмкiндiк бермейтiн жер учаскелерi арнайы жер қорына енгiзiлмейдi.
2. Арнайы жер қоры:
1) жер учаскесiнен ерiктi түрде бас тартқан кезде;
2) осы Кодекстiң 92, 93 және 95-баптарына сәйкес жер учаскелерiн мәжбүрлеп алып қойған кезде;
3) егер заң бойынша да, өсиет бойынша да мұрагерлерi жоқ, не бiрде бiр мұрагер мұраны қабылдамаған, не өсиет қалдырушы барлық мұрагерлердi мұрадан айырған, не мұрагер мемлекет пайдасына мұрадан бас тартқан немесе мұрадан кiмнiң пайдасына бас тартатынын атамай, мұрадан бас тартқан жағдайда, осы қорға ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерден түсетiн жер учаскелерi есебiнен құралады.
3. Осы баптың 2-тармағында аталған жер учаскелерiн арнайы жер қорының құрамына енгізу ауданның (қаланың) атқарушы органының шешiмi бойынша жүргiзiледi.
4. Арнайы жер қорының құрамына мемлекеттік жер пайдаланушылардың мақсаты бойынша пайдаланылмаған немесе Қазақстан Республикасының заңдарын бұза отырып пайдаланылған жер учаскелерiн енгізу аудандық (қалалық) атқарушы органның бiржақты шешiмi негiзiнде жүзеге асырылады.
Аудандық (қалалық) атқарушы органның шешiмiне осы Кодекстiң 89-бабында көзделген тәртiппен шағымдануға болады.
5. Осы жер учаскелерiн жаңа меншiк иелерi мен жер пайдаланушыларға бергенге дейiн оларды аудандық (қалалық) атқарушы орган белгiлеген тәртiппен және жағдайларда бұрынғы мемлекеттік жердi пайдаланушылар пайдаланады.
6. Арнайы жер қорының жерлерiн пайдалану осы Кодекстiң 97-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
Жерi бөлiсуге жатпайтын мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шыққан және шартты жер үлесi құқығы бұрын берiлмеген осы аумақта тұратын азаматтардың, сондай-ақ оралмандардың шаруа немесе фермер қожалығын немесе ауыл шаруашылығы өндiрiсiне байланысты өзге де қызметтi жүргiзуi үшiн арнайы жер қорының жерiнен бiрiншi кезекте жер учаскесiн алуға құқығы бар.
7. Арнайы жер қорынан жер учаскелерiн беру жерге орналастыру тәртібімен, әдетте, тұтас алаппен беру және жердi пайдалануда қолайлы жағдай жасау ескерiле отырып жүргiзiледi.
8. Арнайы жер қорында жердiң бар екендiгi туралы мәлiметтер баршаға қолжетiмдi болып табылады.
Осы баптың 5-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, арнайы жер қорының жерi босалқы жер құрамында есептеледi.
101-бап. Шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзуге арналған жер учаскелерi
1. Жер учаскелерi шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтарына жеке меншiк құқығымен немесе өтеулi уақытша жер пайдалану құқығымен 49 жылға дейiнгi мерзiмге, ал шалғайдағы мал шаруашылығын жүргiзу үшiн (маусымдық жайылым) уақытша өтеусiз жер пайдалану құқығымен осы Кодекске және Қазақстан Республикасының шаруа (фермер) қожалығы туралы заңдарына сәйкес берiледi.
Жер учаскесiн шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн алуға басым құқықты жеке еңбегiмен қатысу негiзiнде шаруашылық жүргiзетiн, арнаулы ауыл шаруашылығы білімi мен біліктiлiгi бар, ауыл шаруашылығында iс жүзіндегі жұмыс тәжiрибесi бар және осы ауданда, қалада, ауылда (селода), кентте тұратын азаматтар пайдаланады.
2. Қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік ауыл шаруашылығы ұйымдарының құрамынан шаруа немесе фермер қожалығын жүргiзу үшiн шығатын азаматтарға аталған ұйымдардың жерiнен кадастрлық бағасы шаруашылық бойынша (алқаптар бойынша) орта деңгейде болуға тиiс жер учаскелерi берiледi.
2007.06.07 № 279-ІІІ ҚР Заңымен 3 тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара )
3. Жер учаскелерiне қатысты өздерiне тиесiлi құқықтарын, оның iшiнде шартты жер үлестерiне құқықтарын шаруашылық серiктестiктердiң жарғылық капиталына салым ретiнде немесе өндiрiстiк кооперативтерге жарна ретiнде берген азаматтар шаруа немесе фермер қожалығын не тауарлы ауыл шаруашылығы өндірісін ұйымдастыру үшiн қатысушылар (мүшелер) құрамынан шыққан кезде үлесiн немесе пайын, жер учаскесiн қоса алғанда, нақтылы бөлiп шығаруға (бөлiсуге) не өз қалауы бойынша үлесiнiң немесе пайының құнын төлетiп алуға құқылы.