3) түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларындағы адамдардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз етуге байланысты мәселелер жөнiнде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының әкiмшiлiгiне және (немесе) прокуратура органдарына өтiнiш жасауға құқылы.
2. Түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларында ерекше режим енгiзiлген кезеңде қоғамдық байқау комиссиясының аталған мекемелерге бару жөніндегі өкiлеттiгi тоқтатыла тұрады.
3. Қоғамдық байқау комиссиясының мүшелерi өз өкiлеттiктерiн орындау кезiнде түзеу мекемелерi мен тергеу изоляторларының қызметiн қамтамасыз ететiн нормативтiк құқықтық актiлердiң ережелерiн сақтауға, сондай-ақ аталған мекемелер әкiмшiлiгiнiң заңды талаптарына бағынуға мiндеттi. Қоғамдық бақылау iс-шараларын өткізу iс жүргiзу әрекеттерiн жүзеге асыруға кедергi келтiрмеуге тиiс.
20-бап. Қылмыстық-атқару iсiн жүргiзудегi қадағалау
Жазаны атқарушы мекемелер мен органдар әкiмшiлiгiнiң заңдарды сақтауын қадағалауды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған бағынышты прокурорлар жүзеге асырады.
2004.29.12 № 25-III ҚР Заңымен 21-бап өзгертілді (бұр.ред. қара) (ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі)
21-бап. Қылмыстық-атқару жүйесiнiң мекемелерiнде болу
1. Жазаларды атқарушы мекемелерде, тергеу изоляторларында арнаулы рұқсатсыз болуға мыналардың құқығы бар:
1) Қазақстан Республикасының Президентi, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң депутаттары, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi, сондай-ақ тиiстi аумақтардың шегiнде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және республика астанасының әкiмдерi;
2) Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры мен оған бағынысты прокурорлар;
3) Қылмыстық-атқару жүйесiнiң жоғары тұрған органдарының қызметкерлерi.
2. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкiлдерi мен өзге де адамдардың жазаны атқарушы мекемелерге ,тергеу изоляторларына сол мекемелер әкiмшiлiгiнiң немесе қылмыстық-атқару жүйесiнiң жоғары тұрған органдарының арнаулы рұқсаты бойынша қылмыстық-атқару жүйесiнiң уәкiлеттi органы белгiлеген тәртiппен болуға құқығы бар.
3. Сезiктiлердiң, айыпталушылардың және сотталғандардың қауiпсiздiгi мен олардың күзетiн қамтамасыз етушi объектiлердi кино, фото және бейнекөрiнiске түсiру түзеу мекемесi , тергеу изоляторы әкiмшiлiгiнiң рұқсатымен жүзеге асырылады.
4. Сотталғандарды кино, фото және бейнекөрiнiске түсiру, олармен сұхбат жүргiзу, соның iшiнде аудиобейнетехника құралдарын пайдаланып жүргiзу сотталғандардың өз келісімiмен жүзеге асырылады.
Ерекше бөлім
2-Бөлім. Сотталушыны қоғамнан оқшаулауға
байланысты емес жазаларды атқару
4-тарау. Айыппұл түріндегі жазаны атқару
22-бап. Айыппұл түріндегі жазаны атқару тәртібі
1. Сотталушы үкiм заңды күшiне енген соң бiр айдан кешiктiрмей айыппұл төлеуге мiндеттi.
2. Сотталушының айыппұлды бiр жолғы төлеуге мүмкiндiгi болмаған жағдайда, сотталушының өтiнiшi бойынша төлемнiң мерзiмiн ұзартуға немесе алты айға дейiн бөлiп-бөлiп төлетуге жол берiледi.
3. Сотталушы айыппұлды ерiктi түрде төлемеген кезде жазаны атқару сот берген атқару парағының негiзiнде мәжбүрлеп жүргiзiледi. Айыппұл сотталушының мүлкiнен, соның iшiнде оның сотта айқындалған ортақ меншiк құқықтарындағы мүлiктегi үлесiнен өндiрiп алынуы мүмкiн.
4. Айыппұлды өндiрiп алу кезiнде осы Кодекске қосымшамен белгiленген тiзбеге сәйкес тәркiлеуге жатпайтын мүлiктi алып қоюға болмайды.
23-бап. Айыппұл төлеуден қасақана жалтару
1. Айыппұлды осы Кодекстiң 22-бабының 1-тармағында белгiленген мерзiмде төлемеген және өзiнiң кiрiстерi мен мүлкiн мәжбүрлеп өндiрiп алудан жасырушы сотталушы айыппұл төлеуден қасақана жалтарушы деп танылады.
2. Айыппұл төлеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде сот атқарушысы сотқа айыппұлды Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 40-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес жазаның басқа түрiмен ауыстыру туралы ұсыныс жiбередi.
5-тарау. Белгілі бір лауазымда болу немесе белгілі
бір қызметпен айналысу құқығынан айыру
түріндегі жазаны атқару
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 24 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
24-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу түріндегі жазаның атқарылуын ұйымдастыру
1. Негiзгi жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі, сондай-ақ негiзгi жазаға қосымша ретiнде айыппұл, түзеу жұмыстары , бас бостандығын шектеу немесе қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі, сондай-ақ шартты соттау кезіндегі жазаның атқарылуын ұйымдастыруды сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады.
2. Қамау, бас бостандығынан айыру немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түріндегі негiзгi жазаға қосымша ретiнде тағайындалған бұл жазаның атқарылуын ұйымдастыруды негiзгi жазаны атқарушы орган, ал негiзгi жазаны өтеген соң - сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясы жүзеге асырады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциясы:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
сотталғандардың сот үкімінде көзделген белгiлi бiр лауазымда болуына немесе белгiлi бiр қызметпен айналысуына тыйым салудың сақталуын бақылайды;
сотталушының жұмыс орны бойынша ұйым әкiмшiлiгiнiң, сондай-ақ сотталушыға тыйым салынған қызметтiң тиiстi түрлерiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқығы бар органдардың үкiмдi орындауын тексередi;
жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы іздестіру іс-шараларын жүргізеді және сотқа іздестіру жариялау туралы ұсыным енгізеді.
3-1. Тұратын жері үш күннен астам уақыт ішінде анықталмаған сотталған адам жазаны өтеуден жалтарған деп танылады.";
4. Өзiнде жазаның негiзгi түрiн өтеп жүрген, сондай-ақ белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаға сотталған адамды мекеменiң (ұйымның) әкiмшiлiгi сотталушының орындауына тыйым салынған жұмыстарға тарта алмайды.
5. Сотталғандар әскери қызметке шақырылған немесе олар баламалы арнайы мемлекеттік қызметке кiрген жағдайларда қылмыстық-атқару инспекциялары жергілікті әскери басқару органына немесе сотталғандардың тұрғылықты жерi бойынша қызмет өткеру кезiнде сол жазаны атқаруға арналған сот үкімінiң көшiрмесiн жiбередi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 25 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
25-бап. Ұйымдар әкiмшiлiктерiнiң сот үкімін атқару жөніндегі мiндеттерi
1. Белгілі бір лауазымдарда болу құқығынан айыру туралы сот үкімінің талаптары мемлекеттік мекемелер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының әкімшіліктері үшін міндетті. Белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінің талаптары сотталған адамның жұмыс орнындағы ұйымның әкімшілігі үшін міндетті.
2. Сотталушының жұмыс орны бойынша ұйымның әкiмшiлiгi:
сот үкімінiң көшiрмесiн не қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыны лауазымынан немесе ол айналысу құқығынан айырылған қызмет түрiнен босатуға; қылмыстық-атқару инспекциясына сот үкімінiң талаптарын орындау туралы хабарлауға;
қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша жазаны атқаруға байланысты құжаттарды табыс етуге;
сотталушымен еңбек шарты өзгерген немесе тоқтатылған жағдайда бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына үш күн мерзiм iшiнде хабарлауға мiндеттi.
26-бап. Белгiлi бiр қызметпен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдардың мiндеттерi
1. Сотталғандарды белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімінiң талаптары қызметтiң тиiстi түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға құқықты органдар үшiн мiндеттi.
2. Аталған органдар сот үкімінiң көшiрмесiн немесе қылмыстық-атқару инспекциясының хабарламасын алған соң үш күннен кешiктiрмей сотталушыға тыйым салынған қызмет түрiмен айналысуға берiлген рұқсатты қайтып алуға, осы адамға қызметтiң көрсетiлген түрiмен айналысуға құқық беретiн тиiстi құжатты қайтарып алуға және бұл туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлама жiберуге мiндеттi.
27-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаны атқару мерзiмдерiнiң есептелуi
1. Негiзгi жаза ретiнде немесе айыппұлға, қоғамдық жұмыстарға немесе түзеу жұмыстарына тарту, сондай-ақ шартты соттау кезiнде қосымша жаза түрi ретiнде тағайындалған белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру мерзiмi, егер бұл жағдайда қосымша жазаның атқарылуы кейiнге қалдырылмаса, сот үкімі заңды күшiне енген кезден бастап есептеледi.
2. Бас бостандығын шектеуге, қамауға, бас бостандығынан айыруға немесе тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жаза қолдану кезiнде ол жазаның аталған негiзгi түрлерiн өтеудiң бүкiл уақытына қолданылады, бiрақ бұл орайда оның мерзiмi оларды өтеу кезiнен бастап есептеледi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 28 -бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
28-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталушының мiндеттерi
Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі жазаға сотталғандар сот үкімінiң талаптарын орындауға, қылмыстық-атқару инспекциясының талап етуi бойынша аталған жазаны атқаруға байланысты құжаттарды беруге, жұмыс орны және тұрғылықты жері мен олардың өзгергенi және одан босағаны туралы инспекцияға хабарлауға, сондай-ақ шақыру бойынша инспекцияға келуге мiндеттi. Сотталушы келмей қалған жағдайда оған ерiксiз келтiру қолданылуы мүмкiн.
29-бап. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы сот үкімін орындамаудың салдары
Соттың белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру туралы үкімінiң орындалмауына кiнәлi өкiмет өкiлдерi, мемлекеттік қызметшiлер, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органының қызметшiлерi, мемлекеттік мекемелердiң, коммерциялық немесе өзге де ұйымдардың қызметшiлерi, сондай-ақ сот үкімінiң талаптарын бұзушы сотталғандар Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен жауапты болады.
6-тарау. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі
жазаны атқару
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) (бұр. ред. қара) ; 2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен (бұр. ред. қара) 30-бап өзгертілді
30-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқару тәртібі
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны сотталушының тұрғылықты жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясының келісімiмен облыстық маңызы бар қаланың жергiлiктi атқару органдары, республикалық маңызы бар қаладағы (астанадағы) ауданның, аудандық маңызы бар қаланың, кенттiң, ауылдың (селоның), ауылдық (селолық) округтiң әкiмдерi белгiлейтiн объектiлерде қылмыстық-атқару инспекциясы атқарады.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза жөніндегі сот үкімі соттың тиiстi өкімі үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесiмен қоса қылмыстық-атқару инспекциясына келiп түскен күннен бастап он күн мерзiмнен кешiктiрiлмей атқарылады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциясы:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
оларға жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн түсiндiредi;
аудандардың (қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарында қоғамдық жұмыстардың объектiлерiн сұратып алады;
сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды;
жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы іздестіру іс-шараларын жүргізеді және сотқа іздестіру жариялау туралы ұсыным енгізеді;
олардың атқарған уақытының жиынтық есебiн жүргiзедi және сотталғандардың орындаған жұмыстары үшiн қаржы қаражатының тиiстi бюджеттерге уақытылы түсуiн бақылайды.
31-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны атқару ережелерi
1. Сотталғандар:
жазаны өтеудiң белгiленген тәртібі мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға;
өздерiне белгiленген объектiлерде жұмыс iстеуге және сот белгiлеген қоғамдық жұмыстардың мерзiмiн атқаруға;
тұрғылықты жерiнiң өзгергенi туралы қылмыстық-атқару инспекциясына хабарлап отыруға мiндеттi.
2. Сотталушыға негiзгi жұмыс орны бойынша кезектi демалыстың берiлуi қоғамдық жұмыстар орындауды тоқтатпайды.
3. Сотталушы бiрiншi немесе екiншi топтағы мүгедек деп танылған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын одан әрi өтеуден босату туралы, ал сотталған әйел жүктi болған жағдайда - оның жазасын өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
32-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза мерзiмiнiң есептелуi
1. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаның мерзiмi сотталушы қоғамдық жұмыстарды орындаған сағаттармен есептеледi.
2. Қоғамдық жұмыстар уақыты демалыс күндерi мен сотталушы негiзгi жұмыспен немесе оқумен айналыспаған күндерi - төрт сағаттан; жұмыс күндерi - жұмыс немесе оқу аяқталған соң екi сағаттан, ал сотталушының келісімiмен - төрт сағаттан аспауы керек. Қоғамдық жұмыстар уақыты апта iшiнде, әдетте, он екi сағаттан кем болмауы керек. Дәлелдi себептерi болған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотталушыға апта iшiнде саны аз сағат жұмыс iстеуге рұқсат беруге құқылы.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 33-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
33-бап. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi
1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеу орны бойынша ұйымдардың әкiмшiлiгiне сотталғандардың өздерiне белгiленген жұмыстарды орындауына бақылау жасау, қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс iстелген сағаттар саны туралы немесе сотталғандардың жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабарлау жүктеледi.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаға сотталған адамдардың еңбегін ұйымның пайдалануы өтеусіз негізде жүзеге асырылады. Сотталған адамдар орындаған жұмыстың көлемі мен құны ұйымда қолданылып жүрген бағалау бойынша бөлек есептеледі және есептелген ақшалай қаражат тиісті бюджетке аударылады.
34-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтару
Сотталушы:
қоғамдық жұмыстарға дәлелдi себептерсiз бiр айдың iшiнде екi реттен астам шықпаса;
еңбек тәртібін бiр айдың iшiнде екi реттен артық бұзса;
жазаны өтеуден жалтару мақсатымен жасырынса, қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарған деп танылады.
35-бап. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеушi адамдардың жауаптылығы
1. Сотталғандардың қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн бұзғаны үшiн қылмыстық-атқару инспекциясы оған Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарына сәйкес жауапты болатынын ескертедi.
2. Қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде қылмыстық-атқару инспекциясы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 42-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес сотқа қоғамдық жұмыстарды жазаның басқа түрлерiмен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды.
7-тарау. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны атқару
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 36-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
36-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны
атқару тәртібі
1. Түзеу жұмыстары сотталушының негiзгi жұмыс орны бойынша өтеледi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеуге қылмыстық-атқару инспекциясына үкiмнiң (ұйғарымның, қаулының) көшiрмесi мен соттың тиiстi өкімі келiп түскен күннен бастап он бес күн мерзiмнен кешiктiрiлмей тартылады.
3. Қылмыстық-атқару инспекциялары:
сотталғандардың есебiн жүргiзедi;
жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн түсiндiредi;
сотталғандардың жазаны өтеу ережелерiн сақтауын және сотталғандардың жұмыс орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң үкiм талаптарын атқаруын бақылайды;
сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзедi;
сотталғандардың мiнез-құлқын бақылайды, қажет болған жағдайда оларды еңбекке орналастыру үшiн жұмыспен қамту орталықтарына жiбередi;
шақыру бойынша немесе тiркелуге дәлелдi себептерсiз келмеген сотталғандарды ерiксiз келтiру туралы шешiм қабылдайды;
жазаны өтеуден жалтарған сотталған адамдарға қатысты бастапқы іздестіру іс-шараларын жүргізеді және сотқа іздестіру жариялау туралы ұсыным енгізеді;
жазаны өтеу кезеңiнде өз қалауы бойынша жұмыстан босауға рұқсат бередi.
37-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеу ережелерi
1. Түзеу жұмыстарына сотталғандар жазаны өтеудiң белгiленген тәртібі мен ережелерiн сақтауға, еңбекке адал қарауға, өздерiне қылмыстық-атқару инспекциясы жүктеген мiндеттердi орындауға және оның шақыруы бойынша тiркелу үшiн айына екi рет келуге мiндеттi.
2. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың табысынан сот үкімімен белгiленген мөлшерде ақы ұсталып қалады.
3. Жазаны өтеу мерзiмi iшiнде сотталғандарға қылмыстық атқару инспекциясының жазбаша рұқсатынсыз өз қалауы бойынша жұмыстан босауына тыйым салынады. Рұқсат жұмыстан босау себептерiнiң негiздiлiгiн тексерген соң берiлуi мүмкiн. Жұмыстан босауға рұқсат беруден бас тарту дәлелденуге тиiс. Бас тарту туралы шешiмге заңда белгiленген тәртiппен шағым жасалуы мүмкiн.
4. Сотталушы қылмыстық-атқару инспекциясына жұмыс орны мен тұратын жерiнiң өзгергенi туралы он күн мерзiмде хабарлауға мiндеттi.
5. Сотталушы жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгi жазаны өтеу уақытында қылмыстық-атқарушы инспекцияның келісімi бойынша кезектi демалыс, сондай-ақ он күнге және одан да көп күнге қосымша демалыс бередi. Сотталғандарға Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында көзделген демалыстың өзге түрлерi жалпы негiздерде берiледi.
38-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жаза мерзiмiнiң есептелуi
1. Түзеу жұмыстарының мерзiмi сотталушы жұмыс iстеген және оның табысынан ақы ұсталып қалған жылдармен және айлармен есептеледi. Сотталушының жұмыс iстеген күндерiнiң саны соттың жаза мерзiмiн белгiлеген әрбiр айындағы жұмыс күндерiнiң санынан кем болмауға тиiс. Егер сотталушы көрсетiлген күндер санында жұмыс iстемесе және жұмыс iстелмеген күндердi жаза мерзiмiне есептеу үшiн осы Кодексте белгiленген негiздеме болмаса, түзеу жұмыстарын өтеу сотталушының тиiстi жұмыс күндерiнiң санында толық жұмыс iстегенге дейiн жалғастырылады.
2. Ұйым әкiмшiлiгiнiң сот үкімінiң (қаулысының) көшiрмесiн алған күнi жазаны өтеу мерзiмiнiң басталуы болып табылады.
3. Сотталушының дәлелдi себептермен жұмыс iстемеген уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi. Бұл мерзiмге сотталушы ресми түрде жұмыссыз деп танылған уақыт та есептеледi.
4. Сотталушы қатарынан төрт айдан астам ұзақ ауырған кезде қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа оны жазасын өтеуден босату туралы ұсыныс жасайды.
5. Жазаны өтеу кезiнде сотталушы әйел жүктi болған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа жүктілігi бойынша демалыс берiлген кезден бастап оның жазаны өтеуiн кейiнге қалдыру туралы ұсыныс жасайды.
6. Жұмыс уақытының жиынтық есебi қолданылатын ұйымдарда жұмыс iстейiн сотталғандардың жазасын өтеу мерзiмi есептi кезең үшiн белгiленген жұмыс сағатының санынан аспайтын жұмыс уақытының ұзақтығы негiзге ала отырып есептеледi.
7. Осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, сотталушының жұмыс iстемеген уақыты; алкогольдiк, нашақорлық немесе уытқұмарлық масаңдаудан болған немесе соларға байланысты iс-әрекеттерден болған ауыру уақыты; қамау түріндегі әкiмшiлiк жазаны өтеу, сондай-ақ жазаны өтеу кезеңiнде басқа iс бойынша тыйым салу шарасы тәртібінде қамау уақыты жазаны өтеу мерзiмiне есептелмейдi.
39-бап. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың оны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiнiң мiндеттерi
Түзеу жұмыстарына сотталғандардың оны өтеу орны бойынша ұйымдар әкiмшiлiгiне:
сотталушының табысынан ұсталып қалатын ақыны дұрыс және уақтылы жүргiзу мен ұсталған сомаларды белгiленген тәртiппен аударып отыру;
сотталғандардың өндiрiстегi мiнез-құлқына бақылау жасау және сотталғандармен тәрбие жұмысын жүргiзуде инспекцияға жәрдемдесу;
осы Кодексте көзделген жазаны өтеудiң ережелерiн сақтау;
қылмыстық-атқару инспекциясына сотталушыға қолданылған көтермелеу және жазалау шаралары туралы, оның жазаны өтеуден жалтаруы туралы хабарлап отыру, сондай-ақ басқа қызметке ауыстырылуы мен босатылуы туралы алдын ала хабарлау жүктеледi.
40-бап. Түзеу жұмыстарына сотталғандардың жалақысынан ұстап қалуды жүргiзу тәртібі
1. Қылмыстық-атқару инспекциясы, сотталушының өзi немесе ол жұмыс iстейтiн ұйымның әкiмшiлiгi оның материалдық жағдайы нашарлаған ретте жалақысынан ұстап қалу мөлшерiн кемiту туралы сотқа өтiнiш жасауға құқылы. Ұстап қалу мөлшерiн кемiту туралы шешiм сотталушының барлық табыстары ескерiле отырып шығарылады.
2. Ұстап қалу жалақы төлеу кезiнде әрбiр жұмыс iстелген ай үшiн атқару құжаттары бойынша, сотталушыға талаптардың болуына қарамастан, негiзгi жұмыс орны бойынша жалақының барлық түрiнен жүргiзiледi.
3. Сотталғандардың жалақысынан ұстап қалуды жүргiзу кезiнде оның ақшалай және заттай бөлiгi ескерiледi. Ұсталған ақша сомалары ай сайын мемлекет кiрiсiне аударылып отырады.
4. Ұстап қалу әлеуметтiк сақтандыру және әлеуметтiк қамсыздандыру тәртібімен алатын жәрдемақылардан, бiр жолғы сипаттағы төлемдерден жүргiзiлмейдi.
5. Түзеу жұмыстарына сотталғандарға еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша жәрдемақы сот үкімімен тағайындалған ұстап қалу шегерiлiп тасталғандағы жалақысынан есептеледi.
6. Iстiң қысқартылуымен сот үкімінiң күшi жойылған немесе ол өзгертiлген жағдайда сотталушының жалақысынан артық ұсталған сомалар оған толық қайтарылады.
7. Қылмыстық-атқару инспекциясы сотталғандардың жалақысынан дұрыс және мерзiмiнде ұстап қалуға және ұсталып қалған соманың мемлекет кiрiсiне аударылуына бақылау жасауды жүзеге асырады.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 41-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
41-бап. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеушi
адамдарға қолданылатын көтермелеу шаралары
Тәрбиелік іс-шараларға белсенді қатысатын және жәбірленушінің денсаулығына және мүлкіне келтірген залалды, мемлекетке келтірген материалдық залалды өтеу жөнінде шаралар қолданатын және сот тағайындаған жазаны толық өтеуді қажет етпейтін сотталған адамдарды сот осы Кодексте көзделген тәртіппен шартты түрде мерзімінен бұрын босатуы мүмкін.
42-бап. Еңбекпен түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеудiң тәртібі мен шарттарын бұзғаны үшiн және жазаны өтеуден қасақана жалтарғаны үшiн жауаптылық
1. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн бұзу мыналар болып табылады:
жазбаша ескертуден кейiн дәлелдi себептерсiз қылмыстық-атқару инспекциясына келмеу;
жазбаша ескертуден кейiн осы Кодексте белгiленген мiндеттердi бұзу;
жұмысқа келмеуi немесе мас күйiнде немесе нашақорлық не уытқұмарлық масаң күйде келу.
2. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн бұзғаны үшiн сотталушыларға түзеу жұмыстарын жазаның басқа түрiмен ауыстыру туралы жазбаша ескерту түріндегі жаза қолданылуы мүмкiн.
3. Осы баптың 2-тармағында аталғандардың кез келгенiн бұзғаны үшiн жазбаша ескерту хабарланған соң түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеудiң тәртібі мен ережелерiн қайталап бұзуға жол берген, сондай-ақ тұратын жерiнен жасырынған, жүрген жерi белгiсiз адам түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарушы деп танылады.
4. Түзеу жұмыстары түріндегі жазаны өтеуден қасақана жалтарушы сотталғандар жөнiнде қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 43-бабының төртiншi бөлiгiне сәйкес түзеу жұмыстарын жазаның басқа түрлерiмен ауыстыру туралы ұсыныс жасайды.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 8-тарау жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)