4. Түзеу колониясының әкiмшiлiгi сотталған әйел жөнiнде жазаның атқарылуын кейiнге қалдыру туралы сот қаулысын алған соң оны босатады. Сотталушыдан өзiнiң тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына барып жеткен күнiнен бастап үш күн мерзiмде баруы туралы қолхат алынады.
5. Сотталған әйел тұратын жерiне мемлекет есебiнен өзi барады.
6. Босатылған күнiнде сотталған әйелдiң тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына босатылған күнi көрсетіліп, жазаның атқарылу мерзiмiн кейiнге қалдыру туралы сот ұйғарымның көшiрмесi жiберiледi.
7. Қылмыстық-атқару инспекциясы сотталған әйел келген соң үш тәулiк iшiнде оны есепке алуға, босатылған орны бойынша түзеу колониясының жеке iсiн сұратуға мiндеттi және бұдан әрi оның жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асырады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 172-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
172-бап. Сотталған әйелдiң жазасын атқаруды кейiнге қалдыру не баласы он төрт жасқа толуы ережелерiн сақтамауының салдары
1. Сотталған әйел, осы Кодекстiң 171-бабында көрсетiлгенiндей, босаған күнiнен бастап екi апта мерзiмде келмеген жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы белгiленген тәртiппен iздеу жариялайды.
2. Қоғамдық тәртiптi бұзуға жол берген, өзiне жазаны атқаруды кейiнге қалдыру қолданылған сотталған әйел, егер өзi жөнiнде мерзiмiн кейiнге қалдыру кезеңiнде әкiмшiлiк жазалары не тәртiптілік немесе қоғамдық ықпал ету шаралары қолданылған болса, не егер ол баланы тәрбиелеуден немесе оны күтiп-бағудан жалтарса, қылмыстық атқару инспекциясы жазбаша ескерту жасайды.
3. Егер сотталған әйел баласынан бас тартса, не жасырынса немесе баланы тәрбиелеуден, немесе қылмыстық-атқару инспекциясы шығарған екi мәрте жазбаша ескертуден кейiн қоғамдық тәртiптi бұзуды жалғастырса, инспекция сотқа оның тұрғылықты жерi бойынша жазаны атқаруды кейiнге қалдырудың күшiн жою және сотталушыны сот үкімімен тағайындалған жазаны өтеуге жiберу туралы ұсыныс енгiзедi. Ұсынысқа жазаны атқаруды кейiнге қалдыру туралы сот шешiмiнiң көшiрмесi қоса тiркеледi.
4. Бала он төрт жасқа толғаннан кейiн немесе ол өлген жағдайда не жүктілік үзiлген ретте қылмыстық-атқару инспекциясы әйелдiң тұратын жерi бойынша оның мiнез-құлқын ескере отырып, сотталған әйелдi жазасының қалған бөлiгiн өтеуден босату туралы не жазаның өтелмеген бөлiгiн неғұрлым жұмсағымен ауыстыру туралы, не оны түзеу мекемесiне жiберу туралы сотқа ұсыныс жолдайды.
173-бап. Жазаны өтеудiң тоқтатылуы және босату тәртібі
1. Белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру, қоғамдық жұмыстарға, түзеу жұмыстарына тарту, бас бостандығын шектеу, қамау, бас бостандығынан айыру, сондай-ақ әскери қызмет бойынша шектеу және тәртiптiк әскери бөлiмде ұстау түріндегі жазаны өтеу заңға сәйкес жазаның мерзiмiне енгiзiлуi мүмкiн өзгерістер ескерiле отырып, жаза мерзiмiнiң соңғы күнiнде тоқтатылады.
2. Бас бостандығын шектеуге, қамауға және бас бостандығынан айыруға сотталғандар, жаза мерзiмiнiң соңғы күнiнiң бiрiншi жартысында босатылады. Егер жаза мерзiмi демалыс немесе мереке күнi бiтетiн болса, сотталушы жазаны өтеуден демалыс алдындағы немесе мереке алдындағы күнi босатылады. Жазаның мерзiмi айлармен есептелген жағдайда ол соңғы айдың тиiстi күнiнде, ал егер бұл айда тиiстi күн болмаса - сол айдың соңғы күнiмен бiтедi.
3. Сотталушыға босатылған кезде оған тиесiлi заттары мен құндылықтары, оның жеке шотында сақтаулы ақшасы мен жеке құжаттары, сондай-ақ жазасын өтегенi туралы немесе жазадан босатылғаны туралы құжат берiледi.
4. Бас бостандығын шектеу, қамау немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазадан босатылатын сотталушы адамның жеке iсiнде сақтаулы тұрған төлқұжаты немесе жеке басының куәлiгi, еңбек кiтапшасы мен зейнеткерлiк куәлiгi оған босатылған кезде қолына берiледi. Сотталушының жеке iсiнде төлқұжаты, жеке басының куәлiгi, еңбек кiтапшасы мен зейнеткерлiк куәлiгi болмаған жағдайда жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi олардың алынуына алдын-ала шаралар қолданады.
5. Жазаны өтеуден мерзiмiнен бұрын босату тиiстi құжаттар түскен күнi, ал егер құжаттар жұмыс күнi аяқталған соң алынса - келесi күнi таңертең жүргiзiледi.
6. Қылмыстық-атқару инспекциясы түзеу жұмыстары түріндегі жазаның аяқталған күнiнде, ал бұл жазадан басқа негiздер бойынша босатылған жағдайда тиiстi құжаттарды алған соң келесi жұмыс күнiнен кешiктiрмей сотталушы жазасын өтеп жатқан кәсiпорынның, мекеменiң немесе ұйымның әкiмшiлiгiне оның жалақысынан ұсталып қалатындарды тоқтатуды ұсынуға мiндеттi. Сотталушыға жазасын өтегенi туралы құжат берiледi.
7. Ақтау негiздерi бойынша қылмыстық iстiң қысқартылуына, ақтау үкімінiң шығарылуына байланысты үкiмнiң күшi жойылуы себептi жазаны өтеуден босатылған адамға жазаны атқарушы органның бастығы оның мүлiк, еңбек, тұрғын үй және айрылған өзге де құқықтарын қалпына келтiру құқығын түсiндiредi. Босату туралы құжатта сотталушыға мемлекет атынан ресми кешiрiм сұратылады.
174-бап. Сотталған әскери қызметшiлердi жазасын өтеуден босату
1. Әскери қызметi бойынша шектеудi, қамауды не тәртiптiк әскери бөлiмде ұстауды өтеушi сотталған әскери қызметшiлер жазаны одан әрi өтеуден оларды әскери қызметке жарамсыз ететiн ауру болған жағдайда босатылады. Жазаның өтелмеген бөлiгi оларға жазаның неғұрлым жұмсағырақ түрiмен ауыстырылуы мүмкiн.
2. Әскери қызметтен өту кезiнде жазаны өтеушi сотталған әскери қызметшiлердi Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген әскери қызметтен босату үшiн өзге де негiздер туындаған жағдайда жазадан сот жазаның өтелмеген бөлiгiн жазаның неғұрлым жұмсақ түрiмен ауыстырып немесе онсыз белгiленген тәртiппен мерзiмiнен бұрын босатуы мүмкiн.
175-бап. Жазасын өтеген адамдардың құқықтық жағдайы
Жазасын өтеген адамдар соттылығы бар адамдар үшiн көзделген шектеулермен Қазақстан Республикасының азаматтары үшiн белгiленген мiндеттердi орындап, құқықтарды пайдаланады. Мұндай шектеулер тек заңда ғана көзделуi мүмкiн.
23-тарау. Жазаны өтеуден босатылған адамдарға
көмек және оларды бақылау
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 176-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
176-бап. Жазаны атқарушы мекемелер әкiмшiлiгiнiң босатылатын сотталғандарды еңбекке және тұрмыста орналастыру жөніндегі мiндеттерi
1. Жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi қамау мерзiмi бiткенге дейiн екi айдан не бас бостандығынан шектеу немесе бас бостандығынан айыру мерзiмi бiткенге дейiн алты айдан кешiктiрмей, сотталушы таңдап алған тұрғылықты жерi бойынша республикалық маңызы бар қаланың, астананың, аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) жергiлiктi атқарушы органдарына оның алдағы уақытта босатылатыны, оның тұрғын үйiнiң бар-жоқтығы, оның еңбек қабiлетi мен алған мамандығы туралы хабарлайды.
2. Сотталушыны босатуға әзiрлеу мақсатында онымен жiтi тәрбие жұмысы жүргiзiледi, оған құқықтары мен мiндеттерi түсiндiрiледi.
3. I және II топтағы мүгедектердi, сондай-ақ 60 жастан асқан ескектер мен 55 жастан асқан әйелдердi олардың өтiнiшi мен жазаны атқарушы мекеменiң ұсынуы бойынша әлеуметтiк қорғау органдары мүгедектер мен қарттар үйiне жiбередi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 177-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
177-бап. Жазаны өтеуден босатылатын сотталғандарға көмек көрсету
1. Қамау немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды өтеуден босатылатын адамдар тұратын жерлерiне немесе жұмысына дейiн тегiн жолақымен, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен жолда жүргенде азық-түлiкпен немесе ақшамен қамтамасыз етiледi.
2. Қажеттi маусымдық киімi, аяқкиімi мен оларды сатып алуға қаражаты болмаған жағдайда бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдар мемлекеттік қаражат есебiнен киіммен және аяқкиіммен қамтамасыз етiледi. Оларға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген мөлшерде бiр жолғы ақшалай жәрдемақы берiлуi мүмкiн.
3. Жазадан босатылатын адамдарды тамақпен, киіммен, аяқкиіммен қамтамасыз етудi, бiр жолғы ақшалай жәрдемақы берудi, сондай-ақ жолына ақы төлеудi жазаны атқарушы мекеме жүзеге асырады.
4. I және II топтағы мүгедектердi, жүктi әйелдер мен жас балалары бар әйелдердi, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды бас бостандығын шектеу, қамау немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны өтеуден босату кезiнде жазаны атқарушы мекеменiң әкiмшiлiгi олардың туыстарын не өзге адамдарды алдын ала хабардар етедi.
5. Түзеу мекемелерiнен босатылатын, денсаулық жағдайы бойынша ұдайы күтiмге мұқтаж адамдар, сондай-ақ он алты жасқа дейiнгi кәмелетке толмағандар тұратын жерiне туыстарына немесе алып кетуге келген өзге адамға не түзеу мекемесi қызметкерiне ертiп жiберiледi.
2004.20.12 № 13-III ҚР Заңымен (2005.01.01. бастап қолданысқа енгiзiледi) 178-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
178-бап. Жазаны өтеуден босатылған адамдарға жұмысқа орналасуда және тұрмысын жайластыруда, әлеуметтiк көмектiң басқа түрлерiн көрсетуде жәрдемдесу
Аудан (облыстық маңызы бар қала), республикалық маңызы бар қала, астана әкiмдiгi жазаны өтеуден босатылған адамдарға жұмысқа орналасуда және тұрмысын жайластыруда, сондай-ақ әлеуметтiк көмектiң басқа түрлерiн көрсетуде жәрдемдеседi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 178-1-баппен толықтырылды
178-1-бап. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған
адамның жүріс-тұрысын бақылау
1. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның жүріс-тұрысын бақылауды босатылған адамның тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі айқындайтын тәртіппен - ішкі істер органдары, ал әскери қызметшілерге қатысты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі айқындайтын тәртіппен әскери бөлімдер мен мекемелердің командованиесі (бұдан әрі - уәкілетті органдар) жүзеге асырады.
2. Осы баптың 1-тармағында көрсетілген органдар шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарды жазасының өтелмеген қалған бөлігі ішінде жеке есепке алуды жүзеге асырады, оларға жүктелген міндеттердің орындалуын бақылайды.
3. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам бақылаудан жалтарған жағдайда уәкілетті орган оның тұратын жерін және жалтару себептерін анықтау бойынша бастапқы іс-шараларды жүргізеді.
4. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның осы Кодекстің 178-2-бабында көрсетілген міндеттердің бірін дәлелді себепсіз екі реттен артық орындамауы оның міндеттерді орындаудан қасақана жалтаруы болып табылады.
5. Егер, шартты түрде мерзімінен бұрын босату қолданылған адам жазасының өтелмеген қалған бөлігі ішінде бірнеше мәрте әкімшілік құқық бұзушылық не сол үшін оған әкімшілік қамау қолданылған құқық бұзушылық жасаса немесе міндеттерді орындаудан қасақана жалтарса, уәкілетті орган сотқа шартты түрде мерзімінен бұрын босатудың күшін жою және жазасының өтелмеген қалған бөлігін атқару туралы ұсыным енгізеді.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 178-2 - баппен толықтырылды (1 тармақтың 9 тармақшасы 2008 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі)
178-2-бап. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын
босатылған адамдардың міндеттерi
1. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдар:
1) тұрғылықты жеріндегі ішкі істер органдарында белгіленген тәртіппен тіркеуден өтуге;
2) ішкі істер органдары белгілеген уақытта тұрғылықты жерінен кетпеуге;
3) ішкі істер органдарын жазбаша хабардар етпей тұрғылықты жерін, жұмыс және оқу орнын ауыстырмауға;
4) жұмыстан және оқудан бос уақытта ішкі істер органдары белгілеген жерлерге бармауға;
5) ішкі істер органдарының жазбаша рұқсатынсыз басқа жерлерге шықпауға;
6) жәбірленушінің денсаулығына, мүлкіне келтірген залалды немесе мемлекетке келтірген материалдық залалды өтеу жөнінде шаралар қолдануға;
7) ішкі істер органдарының талабы бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамның жүріс-тұрысын бақылауды жүзеге асыруға қажетті түсініктер мен өзге де құжаттарды беруге;
8) ішкі істер органдарына шақырту бойынша келуге міндетті. Дәлелді себептерсіз келмеген кезде, шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адам күштеп әкелінуі мүмкін;
9) тұрғылықты жеріндегі салық органына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жыл сайын кірістері туралы декларация және салық салу объектісі болып табылатын, соның ішінде Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі мүлкі туралы өзге де мәліметтер беруге міндетті, бұл туралы ішкі істер органына анықтама ұсынылады.
2. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамға сот оның түзелуіне септігін тигізетін басқа да міндеттерді орындауды:
1) алкоголизмге салынудан, нашақорлықтан, уытқұмарлықтан емделу курсынан өтуді;
2) жыныс жолдары арқылы жұғатын аурулардан емделу курсынан өтуді;
3) отбасын материалдық қолдауды жүзеге асыруды жүктей алады.
3. Жазасын өтеуден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған әскери қызметшілердің міндеттері Қазақстан Республикасының әскери қызмет туралы заңдарымен белгіленеді.
2005.08.07 № 67-III ҚР Заңымен 179-бап өзгертілді
179-бап. Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдарды әкiмшiлiк қадағалау
Бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған, аса қауiптi қайталап жасаған қылмысы үшiн, сондай-ақ экстремизмнiң белгілерi бар қылмыстары үшін, ауыр және аса ауыр қылмыстары үшiн жазаларын өтеушi немесе қасақана жасаған қылмыстары үшiн бас бостандығынан айыруға екi және одан да көп рет сотталған адамдарға, егер олардың жазасын өтеу кезіндегі мiнез-құлқы өздерiнiң түзелу жолына қасақана түскiсi келмейтiндiгiн және қоғам үшiн қауiптi болып қала беретiндiгiн дәлелдесе, әкiмшiлiк қадағалау тағайындалады.
180-бап. Iшкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын белгiлеу қажет адамдар жөніндегі материалдарды әзiрлеу және ресiмдеу
1. Түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi жазалау мерзiмi аяқталуына дейiн бiр айдан кешiктiрмей iшкi iстер органдарының әкiмшiлiк қадағалауын тағайындау қажет адамдарды анықтайды.
2. Түзеу мекемесiнiң бастығы бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын осы Кодекстiң 179-бабында аталған адамдар жөнiнде әкiмшiлiк қадағалау тағайындау туралы сотқа ұсыныс жолдайды.
3. Бас бостандығынан айыру орындарынан босату алдында әкiмшiлiк қадағалау тағайындалған адамдар жөнiнде түзеу мекемесiнiң әкiмшiлiгi қадағалауға алынушының өзi таңдаған тұратын жерi бойынша iшкi iстер органына сотталушының барып жететiн уақытын көрсете отырып, әкiмшiлiк қадағалау тағайындау туралы судьяның қаулысын жiбередi.
2007.26.03. № 240-III ҚР Заңымен 180-1 - баппен толықтырылды
180-1-бап. Туберкулездің төңірегіндегілерге қауіп
туғызатын, жұқпалы түрімен ауыратын адамдарды
қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босату
1. Егер қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінен босатылатын, туберкулездің төңірегіндегілерге қауіп туғызатын, жұқпалы түрімен ауыратын адамдар жазаны өтеу кезеңінде емдеудің толық курсынан өтпесе, олар босатылғаннан кейін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәжбүрлеп емделуге жатады.
2. Қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің әкімшілігі осы баптың 1-тармағында көрсетілген адамдарға қатысты жаза мерзімі аяқталардан кемінде бір ай бұрын, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәжбүрлеп емдеуді тағайындау туралы мекеменің орналасқан жері бойынша сотқа ұсыныс жібереді.
3. Туберкулездің жұқпалы түрімен ауыратын, сот шешімімен мәжбүрлеп емдеу белгіленген адамдарды қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен босату туралы хабарлама туберкулезді емдейтін мамандандырылған емдеу-профилактикалық ұйымына және мекеменің орналасқан жері бойынша ішкі істер органдарына жіберіледі.
8-Бөлім. Шартты сотталған адамдарға бақылау
Жасау
24-тарау. Шартты сотталғандардың жүріс-тұрысын
бақылауды жүзеге асыру
ҚР 16.07.01 ж. № 244-II Заңымен 181-бап өзгертілді
181-бап. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асырушы органдар
1. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды сынақ мерзiмi iшiнде сотталғандардың тұратын жерi бойынша қылмыстық-атқару инспекциялары, ал шартты сотталған әскери қызметшiлер жөнiнде олардың әскери бөлiмдерiнiң командованиесi жүзеге асырады.
2. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртiппен iшкi iстер органдарының қызметкерлерi тартылады.
ҚР 16.07.01 ж. № 244-II ; 21.12.02 ж. № 363-II (бұр. ред. қара) Заңдарымен 182-бап өзгертілді
182-бап. Шартты сотталғандардың жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асыру тәртібі
1. Қылмыстық-атқару инспекциялары сынақ мерзiмi iшiнде сотталғандардың жеке есебiн жүргiзедi, iшкi iстер органдарының қызметкерлерiнiң қатысуымен сотталғандардың қоғамдық тәртiптi сақтауын бақылайды.
2. Сотталушыға қосымша жаза ретiнде белгiлi бiр лауазымда болу немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айыру тағайындалған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы осы Кодекстiң 24-29-баптарында көзделген шараларды толық көлемiнде жүзеге асырады.
3. Сотталушы мiндеттi әскери қызметке шақырылған жағдайда жергілікті әскери басқару органына үкiмнiң көшiрмесi, қажет болған жағдайларда қызметтен өту орны бойынша сотталушының жүрiс-тұрысын бақылауды жүзеге асыруға керектi өзге де құжаттар жiберiледi. Әскери бөлiмнiң командованиесi он күн мерзiмде қылмыстық-атқару инспекциясына шартты сотталғандарды есепке қойғаны, қызмет аяқталған соң - әскери бөлiмнен кеткенi туралы хабарлауға мiндеттi.
4. Шартты сотталғандар қылмыстық-атқару инспекцияларының және әскери бөлiмдер командованиелерiнiң алдында өзiнiң жүрiс-тұрысы туралы есеп беруге, шақыру бойынша қылмыстық-атқару инспекциясына келiп тұруға мiндеттi. Дәлелдi себептерсiз келмеген жағдайда шартты сотталушы ерiксiз келтiрiлуi мүмкiн.
5. Шартты сотталушы бақылаудан жалтарған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы оның жүрген жерi мен жалтару себептерiн анықтау жөнiнде алғашқы шараларды қолданады.
183-бап. Сынақ мерзiмiнiң есептелуi
1. Сынақ мерзiмi сот үкімі заңды күшiне енген кезден бастап есептеледi.
2. Сынақ мерзiмi бiткен соң шартты сотталушының жүрiс-тұрысын бақылау тоқтатылады, сөйтiп ол қылмыстық-атқару инспекциясының есебiнен шығарылады.
ҚР 21.12.02 ж. № 363-II Заңымен 184-бап өзгертілді (бұр. ред. қара)
184-бап. Шартты сотталушылардың жауаптылығы
1. Сотталған адам қоғамдық тәртіпті бүзған, ол үшін әкімшілік жаза қолданылған жағдайда, қылмыстық-атқару инспекциясы оған шартты сотталудың күші жойылуы мүмкін екендігі туралы жазбаша нысанда ескертеді.
2. алып тасталды
3. Жеткiлiктi негiздер болған жағдайда қылмыстық-атқару инспекциясы сотқа сынақ мерзiмiн бiр жылға дейiн ұзарту туралы ұсыныс жiбередi.
4. Шартты сотталған адам сынақ мерзімі ішінде қоғамдық тәртіпті үнемі бүзған жағдайда, не егер сотталған адам бақылаудан жасырынса, сотқа шартты жазаның күшін жою туралы үсыныс жіберіледі.
5. Шартты сотталған адамға бір жыл ішінде екі рет әкімшілік жазаның қолданылуы оның қоғамдық тәртіпті үнемі бұзуы болып есептеледі.
6. Тұратын жерi отыз күннен астам уақыт iшiнде анықталмаған шартты сотталушы бақылаудан жасырынған деп танылады.
Қазақстан Республикасының
Президентi
Қосымша
Сот үкімі бойынша тәркiленуге жатпайтын мүлiктер
ТIЗБЕСI
Сотталушы мен оның асырауындағы адамдар үшiн қажеттi, оған жеке меншiк құқығында тиесiлi немесе оның ортақ меншiктегi үлесi болып табылатын мынадай мүлiк түрлерi мен нәрселер тәркiленуге жатпайды:
1. Егер сотталушы мен оның отбасы тұрақты тұрып жатса, тұрғын үйi, пәтерi немесе олардың жекелеген бөлiктерi.
2. Тәркiленуге жатпайтын үй мен шаруашылық құрылыстары орналасқан жер учаскелерi, сондай-ақ жеке қосалқы шаруашылық жүргiзуге қажеттi жер учаскелерi.
3. Негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болып табылатын адамдарда шаруашылық құрылыстары мен саны оның отбасының қажеттерiн қанағаттандыруға қажеттi үй малы, сондай-ақ малға арналған жемшөп.
4. Кезектi ауыл шаруашылық дақылдарын егуге қажеттi тұқым.
5. Үй жабдығы заттары, керек-жарақтар, киімдер:
а) киiлiп жүрген киім, аяқкиім, iшкиім, қолданылатын көрпе-төсек, ас үй және асхана заттары. Мех және басқа қымбат киім-кешек, асхана сервизi, қымбат металдардан жасалған, сондай-ақ көркемдiк жағынан құнды нәрселер тәркiленуi мүмкiн;
б) сотталушы мен оның отбасы мүшелерi үшiн қажетi шамалы жиhаз;
в) балалардың барлық керек-жарақтары.
6. Сотталушы мен оның отбасы мүшелерi үшiн, егер сотталушының негiзгi кәсiбi ауыл шаруашылығы болса, жаңа өнiмге дейiн қажеттi мөлшердегi азық-түлiк, ал қалған жағдайларда - азық-түлiк өнiмдерi мен жалпы сомасы Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген мөлшердегi ақша.
7. Ас дайындауға және отбасының тұрғын-жайын жылытуға арналған отын.
8. Сотталушының кәсiптiк iсiн жалғастыруға қажеттi мүкаммал (оның iшiнде оқулықтар мен кiтаптар), бұған сотталушы тиiстi қызметпен айналысу құқығынан айырылған немесе мүкаммал оның қылмыс жасауы үшiн пайдаланылған жағдайлар қосылмайды.
9. Мүгедектердiң жүрiп-тұруына арнайы арналған көлiк құралдары.
10. Сотталушы марапатталған халықаралық, мемлекеттік және өзге де сыйлықтар.