16-бап. Азаматтардың өтiнiштерi
1. Азаматтардың өтінiштер беру, оларды тiркеу тәртібі, олардың мемлекеттік органдарда қаралу мерзiмдерi Қазақстан Республикасының заңдарымен белгіленедi.
2. Iстi қарау барысында:
1) мемлекеттік орган мен лауазымды адам өтiнiшке байланысты нақты мән-жайларды анықтайды және зерттейдi, өтiнiш бойынша шешiм қабылдау кезiнде басшылыққа алынуы керек құқық нормаларын айқындайды және қажет болған жағдайда шешiм қабылдау үшiн қажеттi құжаттар мен материалдарды белгiленген тәртiппен сұратады және алады;
2) азамат өзiнiң өтiнiшiн қарайтын лауазымды адамға дәлелдерiн жеке баяндауға, сондай-ақ өз өтiнiшiнiң негiздiлiгiн растайтын қосымша материалдарды табыс етуге құқылы.
3. Азаматтардың мемлекеттік орган бөлiмшелерiне жiберiлген өтiнiштерiн қарау барысын бақылауды осы бөлiмшелердiң басшылары жүзеге асырады.
4. Уәкiлеттi мемлекеттік орган немесе лауазымды адам өтiнiштердi қарау нәтижелерi туралы арыз берушiлерге жазбаша түрде дәлелдi жауап қайтарады.
5. Азаматтардың өтiнiштерi оларда қойылған мәселелер қаралып, олар бойынша қажеттi шаралар қолданылған және арыз берушiлерге заңдарда белгiленген тәртiппен жауап қайтарылған жағдайда шешiлген болып есептеледi.
6. Егер мәселелердiң шешiлуi ұзақ мерзiмге қалдырылса, өтiнiш ол түпкiлiктi орындалғанға дейiн қосымша бақылауға қойылады.
7. Егер жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар болса, арыз берушi мемлекеттік орган (мемлекеттік органның лауазымды адамы) заңдарда белгiленген тәртiппен қарап қойған мәселе бойынша қайта арыз беруге құқылы. Егер өтiнiштер бойынша тексеру материалдары толық болса және арыз берушiлерге белгiленген тәртiппен жауап қайтарылса, жаңа дәлелдер немесе жаңадан ашылған мән-жайлар көрсетiлмей, қайта берiлген арыздар тексеруге жатпайды.
8. Мемлекеттік органның басшысы немесе оның орынбасары азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс жүргiзудi тоқтату және осы iстердi бақылаудан алу туралы шешiм қабылдауға құқылы.
9. Келiп түскен өтiнiштi бақылаудан алуға тексеру материалдары қоса берiлген өтiнiштi қарау нәтижелерi туралы белгiленген нысандағы құжат (қызметтік жазбахат, анықтама) немесе мемлекеттік органның толық жауабы негiз болып табылады.
17-бап. Азаматтың өтiнiшiн қарау нәтижелерi туралы шешiмге шағымдану
1. Өтiнiш бойынша қабылданған шешiмге арыз берушi жоғары тұрған мемлекеттік органға (жоғары тұрған лауазымды адамға) немесе сотқа шағымдана алады.
2. Лауазымды адамдардың әрекетiне (немесе әрекетсiздiгiне), сондай-ақ мемлекеттік органдардың шешiмдерiне шағым жоғары тұрған лауазымды адамға немесе органға не сотқа iс-әрекеттiң жасалғаны немесе тиiстi лауазымды адам немесе орган шешiм қабылдағаны туралы азаматқа белгiлi болғаннан кейiн үш айдан кешiктiрмей берiледi. Шағымдану үшiн өтiп кеткен мерзiм мемлекеттік орган немесе лауазымды адам не сот үшiн шағымды қабылдамауға негiз болмайды. Мерзiмнiң өтiп кету себептерi шағымды мәнi бойынша қарау кезiнде анықталады және ол шағымды қанағаттандырудан бас тарту негiздерiнiң бiрi болып табылуы мүмкiн.
18-бап. Шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың өтiнiштерi
Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарда өтiнiштердi қараудың өзгеше ережелерi көзделмесе, шетелдiктердiң және азаматтығы жоқ адамдардың өтiнiштерi заңдарда белгiленген тәртiппен қаралады.
19-бап. Жеке қабылдау
1. Мемлекеттік органдардың бiрiншi басшылары мен олардың орынбасарлары тиiстi мемлекеттік органның басшысы бекiтетiн қабылдау кестесiне сәйкес азаматтарды, соның iшiнде сол органдардың қызметкерлерiн айына кемiнде бiр рет жеке қабылдауға мiндеттi.
2. Азаматтарды қабылдау белгiленген және азаматтардың назарына жеткiзiлген күндер мен сағаттарда жүргiзiледi.
3. Егер арызды немесе шағымды лауазымды адам қабылдау кезiнде шеше алмайтын болса, олар жазбаша нысанда баяндалады және олармен жазбаша өтiнiштер ретiнде жұмыс жүргiзiледi.
20-бап. Азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс қағаздарын жүргізу
1. Азаматтардың өтiнiштерi бойынша iс қағаздарын жүргiзу заңдарда белгіленген тәртiппен iс қағаздарын жүргізудiң басқа түрлерiнен бөлек жүргiзiледi.
2. Азаматтардың өтiнiштерiмен жұмысты ұйымдастыруға, iс қағаздарын жүргiзудiң жай-күйiне органдардың басшылары жеке жауапты болады.
5-тарау. Экономика саласында шешімдер
қабылдаудың негізгі рәсімдері
21-бап. Экономика саласында шешiмдер қабылдау рәсiмдерiне қойылатын негiзгi талаптар
1. Экономика саласында шешiмдер қабылдау рәсiмдерi:
1) жария және ашық (заңдармен белгiленген шектерде) болуға;
2) мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруге қатысатын, мемлекеттiң жұмыстарын атқаруға және қызметтер көрсетуге, тауарлар сатуға, кредиттер алуға үмiткер азаматтар мен ұйымдарға қатысты тендерлiк бастауларға негiзделуге;
3) меншiк нысанына және өзге де мән-жайларға қарамастан, шаруашылық қызмет субъектiлерiнiң заң тұрғысынан теңдiгi принципiне негiзделуге тиiс.
2. Осы баптың 1-тармағында белгiленген талаптар:
1) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражаттарын бөлуге (оның iшiнде мемлекеттік тапсырыстарды орналастыру мен мемлекеттік сатып алу кезiнде), кредиттiк ресурстарды бөлуге;
2) рұқсаттар, лицензиялар мен патенттер беруге (салық патенттерiн қоспағанда);
3) шаруашылық қызмет субъектiлерiне заңдарда белгiленген жеңiлдiктер мен артықшылықтар беруге;
4) мемлекеттік мүлiктi жекешелендiруге;
5) мемлекеттік активтердi басқаруға байланысты шешiмдер қабылдау рәсiмдерiне қолданылады.
22-бап. Экономикалық шешiмдер қабылдау саласындағы шектеулер мен тыйымдар
Экономика саласында шешiмдер қабылдау рәсiмдерiнде:
1) мемлекеттік бюджет қаражаттарының мақсатсыз пайдаланылуына;
2) тауарлар мен қызметтер рыногындағы бәсекенi шектеуге немесе жоюға;
3) табиғи монополияларды және заң актілерінде көзделген жағдайларда қызметтiң жекелеген түрлерiне мемлекет монополиясын қоспағанда, жекелеген шаруашылық жүргiзушi субъектiлердiң рыноктағы монополиялық жағдайына;
4) заң актілерінде тiкелей көзделген жағдайларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының бiртұтас рыноктық кеңiстiгi шегiнде капиталдың, еңбек ресурстары мен тауарлардың еркiн қозғалуына кедергiлер белгiлеуге;
5) ел экономикасындағы қазақстандық тауар өндiрушiлердiң үлесiн негiзсiз төмендетуге жол бермейтiн тыйымдар мен шектеулер көзделуге тиiс.
6-тарау. Қорытынды және өтпелі ережелер
23-бап. Жауапкершілiк
Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары осы Заңның талаптарын бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес жауапты болады.
24-бап. Осы Заңның өзге нормативтiк құқықтық актiлермен арақатынасы
1. Осы Заңның ережелерi әкiмшiлiк рәсiмдердiң жекелеген түрлерiн регламенттейтiн нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу мен қабылдау үшiн негiзгi ережелер болып табылады.
2. Осы Заңға сәйкес жекелеген мемлекеттік функцияларды орындау тәртібі туралы заңдарда осы мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру тәртібінiң ерекшелiктерiн айқындайтын әкiмшiлiк рәсiмдер белгiленуi мүмкiн.
25-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу
Осы Заң оның ресми жарияланған күнiнен бастап алты ай өткеннен кейiн қолданысқа енгізiледi, осы мерзiм iшiнде мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдар өздерiнiң әкiмшiлiк рәсiмдердi регламенттейтiн заңға тәуелдi нормативтiк құқықтық актілерін осы Заңға сәйкес келтiруге тиiс.
Қазақстан Республикасының