2. Темір жол көлігі мен жабдығының нақты түрлерін тасымалдау және сақтау қауіпсіздігінің талаптары темір жол көлігі саласындағы техникалық регламенттермен белгіленеді.
3. Буып-түю мен консервациялау үшін қолданылатын материалдар мен заттар Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген қауіпсіздік талаптарына сәйкес келуге тиіс.
4. Тиеуді, түсіруді, тасымалдауды және қоймаға қоюды белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып оқыған қызметкер жүргізуге тиіс.
2006.29.12. № 209-III ҚР Заңымен 31-5-баппен толықтырылды
31-5-бап. Темір жол көлігі мен жабдығын кәдеге жарату және
жою кезіндегі қауіпсіздік талаптары
Жеке немесе заңды тұлға темір жол көлігі мен жабдығын кәдеге жаратуды және жоюды темір жол көлігінің әрбір түріне арналған техникалық регламенттерде белгіленген талаптарға сәйкес қамтамасыз етуге тиіс.
32-бап. Жүру қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын тексеру
1. Магистралдық, станциялық және кiрме жолдардағы жүру қауiпсiздiгi талаптарының сақталуын тексерудi уәкiлеттi орган жүзеге асырады.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2-тармақ толықтырылды
2. Лауазымдар (кәсiптер) тiзбесiн, лауазымдарға (кәсiптерге) қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес кәсiби даярлық деңгейiн, лауазымға (кәсiпке) қойылатын біліктілік талаптарын айқындау тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
3. Тасымалдаушының және магистралдық темір жол желісі операторының кірме жолдармен жүру қауiпсiздiгі талаптарының сақталуын, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың багажды, жүктi және жүк-багажды тиеу, түсiру жөніндегі жұмыстарды жүзеге асырған кездегi тексеруге қатысу тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
33-бап. Жүктердi және объектiлердi күзету
1. Тасымалдаушы және магистралдық темір жол желісінiң операторы:
1) тасымалдау кезiнде жүктердiң сақталуын;
2) уәкiлеттi орган бекiтетiн тiзбеге сәйкес өздерiнiң қарауындағы темір жол көлiгi объектiлерiнiң күзетiлуiн;
3) темір жол көлiгiнде өртке қарсы алдын алу жұмыстарының жүргiзiлуiн және өрт сөндіруді қамтамасыз етуге мiндетті.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Темір жол көлiгiмен тасымалдау кезiнде тасымалдаушы не жүк жөнелтушi жүктердiң тасымалдарын ұйымдастыру туралы шарт бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметі белгiлеген тәртiппен әскерилендiрiлген күзетпен алып жүруге жататын жүктердiң күзетiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
3. Жүк жөнелтушi, жүк алушы тасымалдау ережелерiнде белгiленген тiзбе мен тәртiпке сәйкес жүктердiң жекелеген түрлерiн өз өкiлдерiнiң (жолсерiктердiң) жолбасшылығы арқылы тасымалдауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Жүк жөнелтушi, жүк алушы осы бапта көзделген тiзбеге енбейтiн жүктердi күзетудi және оларға жолбасшылық жасауды тасымалдау ережелерiнде белгiленген тәртiппен жүзеге асыра алады.
5. Темір жол көлiгiнде қоғамдық тәртiптiң сақталуын және қылмысқа қарсы күрестi iшкi iстер органдары қамтамасыз етедi.
34-бап. Ерекше жағдайларда жұмысты ұйымдастыру
1. Тасымалдаушы, магистралдық темір жол желісінiң операторы мен тармақ иеленушi табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардың зардаптарын жою жөніндегі шараларды шұғыл түрде қолдануға мiндеттi.
Осы шараларды жүзеге асыру және қолдану үшiн оларда тiзбесiн уәкiлеттi орган айқындайтын материалдық және техникалық құралдардың қажеттi қоры болуға тиiс.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
2. Жұмылдыру дайындығын қамтамасыз етуге, азаматтық қорғаныс, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі 10-шараларды жүргiзуге, төтенше немесе соғыс жағдайы режимiн енгізуге байланысты құқықтық қатынастар Қазақстан Республикасының заңдарымен реттеледi.
35-бап. Темір жол көлiгiнiң ерекше жағдайлардағы iс-әрекетi
1. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған жағдайда, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген кезде тасымалдаушының шарттық қатынастары мемлекеттік органдардың өз құзыретiне сәйкес қабылдаған шешiмдерi негiзiнде осы уақытқа тоқтатылуы мүмкiн.
2. Табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлар туындаған кезде, сондай-ақ төтенше жағдай енгiзiлген және тасымалдауға кедергi келтiретiн өзге де жағдайлар кезiнде магистралдық темір жол желісінiң операторы темір жол қатынасының жекелеген бағыттарында тасымалдауға байланысты қызметтер көрсетудi уақытша тоқтату не шектеу туралы шешiм қабылдай алады.
Магистралдық темір жол желісінiң операторы мұндай шешiмнiң қолданылу мерзiмiн белгiлеуге, сондай-ақ уәкiлеттi органды, тасымалдаушыларды, клиенттерді және өзге де мүдделі тұлғаларды шұғыл түрде хабардар етуге мiндеттi.
3. Клиентке багажды, жүктi және жүк-багажды жеткiзiп беру, беру жөніндегі шартты тиiстi тұрғыда орындамауға әкеп соқтырып, сақтаудың шектi мерзiмiнiң өтiп кетуiне ұрындырған осы баптың 1 және 2-тармақтарында аталған мән-жайлар туындаған кезде тасымалдаушы багажды, жүктi және жүк-багажды жөнелтушiге, жүк жөнелтушiге олардың есебiнен қайтаруға құқылы.
7-тарау. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру
36-бап. Жүк тасымалдау шарты
1. Жүк тасымалдау шартына сәйкес тасымалдаушы жүк жөнелтушi өзiне сенiп тапсырған жүктi оның тасымалдау талаптарын сақтай отырып, баратын темір жол станциясына дер кезiнде әрi сол күйiнде жеткiзiп беруге және жүк алушыға тапсыруға мiндеттенедi, ал жүк жөнелтушi (жүк алушы) жүк тасымалына ақы төлеуге және оны қабылдап алуға мiндеттенедi.
2. Темір жол көлiгiмен жүк тасымалдау шарты темір жол көлiгi жүкқұжатын толтыру арқылы ресiмделедi.
3. Жүк жөнелтушiге темір жол көлiгi жүкқұжатының негiзiнде жүк қабылданғаны туралы квитанция берiлген кезден бастап жүк тасымалдау шарты жасалды деп есептеледi.
37-бап. Тасымалдау шартының талаптарын өзгерту
1. Тасымалдау шартының талаптарын өзгерту, соның iшiнде жүктiң барар жерiн өзгерту тараптардың келісімi бойынша тасымалдау ережелерiне сәйкес жүзеге асырылады.
2. Кедендiк бақылаудағы жүктiң барар жерiн өзгерту тиiстi кеден органының келісімi болған кезде жүргiзiледi.
Кедендiк бақылаудағы жүктi тасымалдау адамдардың денсаулығы мен өміріне, жүру қауiпсiздiгiне, экологиялық қауіпсiздiкке, жүктiң сақталуы мен сапалық жай-күйiне қатер төндiрген жағдайда жүктiң барар жерiн өзгерту, кеден органын белгiленген мерзiмде мiндеттi түрде хабардар ете отырып, олардың келісімiнсiз жүзеге асырылады.
3. Бұдан әрi тасымалдау жүру қауiпсiздiгi мен жүктiң сақталуына қатер төндiретiн жағдайда, тасымалдаушы жүк жөнелтушiнi (жүк алушыны) хабардар ете отырып, жүктi қайта тиеуге құқылы.
4. Қазақстан Республикасының заң актілерінде көзделген жағдайларда мемлекеттік органдар өздерінің құзыретiне сәйкес жүкті тасымалдаушыдан алып қоюға құқылы. Бұл орайда тасымалдаушының жүктi тасымалдау және сақтау жөніндегі шығыстарын, сондай-ақ оған келтiрiлген зиянды кiнәлi тарап өтеуге тиiс.
38-бап. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт
1. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шарт бойынша тасымалдаушы жүктi белгiленген мерзiмдерде қабылдауға, ал жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға келісілген көлемде тапсыруға мiндеттенедi.
2. Жүк тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта тасымал көлемдерi, мерзiмдерi, сапасы, көлiк құралдарын берудiң және жүктердi тасымалдауға ұсынудың талаптары, сондай-ақ тасымалдауды ұйымдастырудың осы Заңда және тасымалдау ережелерiнде көзделмеген басқа да талаптары белгiленедi.
3. Тасымалдаушы мен жүк жөнелтушi жүйелi түрде тасымалдауды жүзеге асыру қажет болған кезде тасымалдауды ұйымдастыру туралы ұзақ мерзiмдi шарт жасауы мүмкiн.
39-бап. Құқықтар мен мiндеттердiң ауысуы
1. Жүктiң баратын жерiне жеткiзiлгенi туралы хабарланған кезден бастап тасымалдау шарттары бойынша құқықтар мен мiндеттер жүк алушыға ауысады.
2. Жүк алушы жүк жөнелтушiнiң дұрыс емес iс-әрекеттерi салдарынан тасымалдаушыға төленген шығыстар мен залалдардың орнын толтыруды жүк жөнелтушiден талап етуге құқылы.
40-бап. Жүк тасымалдау ережелерi
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Жүк тасымалдау ережелерi жалпы ережелердi қамтиды, сондай-ақ мыналарды:
1) тасымалдарды жоспарлау;
2) тасымалдау жоспарын орындаудың есеп карточкасын жасау;
3) жүктердi тасымалдауға қабылдау;
4) жүктердi беру;
5) вагондар мен контейнерлердi пломбалау үшiн бекіту-пломбалау құрылғыларын қолдану;
6) жүкқұжаты мен тасымалдау құжаттарын ресiмдеу;
7) жаппай тасымалданатын жүктердi маршруттармен және вагондар тобымен бiр жүкқұжаты бойынша тасымалдау;
8) құндылығы жарияланған жүктердi тасымалдау;
9) жүктi вагон таразыларында өлшеу дәлдiгi нормалары;
10) жүк массасының табиғи азаю нормалары;
11) тасымалдар бойынша есептер;
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 12) тармақша жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
12) вагондарды беруге-алып кетуге шарттар жасасу және осындай шарттардың мiндетті талаптары;
13) тиеу және түсiру мерзiмдерi;
14) жеткiзiп беру мерзiмдерiнiң және жеткiзiп беру мерзiмдерiн есептеу ережелерi;
15) сақтау;
16) жүктi ұстап қалу, жүктердi мемлекеттік органдарға тапсыру;
17) жүктiң барар жерiн өзгерту, жүк жөнелтушiге қайтару;
18) бос және үйiп тиелген жүктi тасымалдау;
19) ашық жылжымалы құраммен тасымалдау;
20) жолсерiктердiң жолбасшылығы арқылы тасымалдау;
21) жөнелтушi маршруттарымен тасымалдау;
22) ұсақ және шағын тонналық жөнелтілімдермен тасымалдау;
23) контейнерлермен және көлiктiк пакеттермен тасымалдау;
24) мұз болып тоңазыған жүктердi тасымалдау;
25) тез бүлiнетiн жүктердi тасымалдау;
26) жануарлар мен құстарды тасымалдау;
27) ветеринариялық, фитосанитариялық бақылауға жататын жүктердi тасымалдау;
28) тар табанды темір жолдармен тасымалдау;
29) актiлер жасау;
30) вагондар, контейнерлер, түсiретiн тасымалдау аспаптары бөлiктерiнiң құнын өтеу;
31) сұйық жүктердi құйып алу арқылы вагон-цистерналарда және бункерлiк жартылай вагондарда тасымалдау;
32) қауiптi жүктердi тасымалдау;
33) арнайы зерттеулер мен сараптамалар жүргiзу талаптары мен тәртiптерiн;
34) Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес өзге де талаптарды белгiлейдi.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
2. Жүк тасымалдау ережелерiн сақтауына бақылауды жүзеге асыру тәртібін уәкiлеттi орган белгiлейдi.
41-бап. Жүктi тиеу, түсiру (жүктен босату)
1. Жүктi тиеудi және түсiрудi (жүктен босатуды) тасымалдаушы немесе жүк жөнелтушi (жүк алушы) тасымалдау ережелерiнде немесе шарттарында көзделген тәртiппен және мерзiмде жүзеге асырады.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 1-1-тармақпен толықтырылды
1-1. Кедендiк тексерiп қарау мақсатында орналасуы кеден органдарымен келісілген ортақ пайдаланылатын кiрме жолдарда жүктi, жүк-багажды вагондарға, контейнерлерге тиеудi, сондай-ақ олардан түсiрудi тасымал процесiне қатысушылар жүзеге асыруы мүмкiн.
Бұл қызмет Қазақстан Республикасының кеден заңдарында көзделген кедендiк тексерiп қарау актiсi көрсетiлген кезде ғана жүзеге асырылады.
Тасымалдау процесiне қатысушылардың тауарларды тиеуге (түcipугe), зақымдалған буманы жөндеуге, буманы ашуға, буып-түюге немесе қайта буып-түюге, сондай-ақ вагондарды, контейнерлердi беруге және алып кетуге, санитарлық паспорттар беруге, жүктердi, контейнерлердi сақтауға байланысты шығыстары және кеден органдарының не өзге де мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының бастамасы немесе нұсқауы бойынша осы жұмыстарды орындауға байланысты туындаған басқа да шығыстары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленген мөлшерде жүк жөнелтушілер, жүк алушылар есебiнен өтеледi.
2. Жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға жүру қауiпсiздiгi, жүктiң және жылжымалы құрамның сақталуы қамтамасыз етiлетiндей етiп дайындауға мiндеттi.
3. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының құралдарымен жүктi тиеуге, түсiруге (жүктен босатуға) вагондар, контейнерлер беру уақыты туралы берерден кемiнде екi сағат бұрын оларды хабардар етуге мiндеттi.
4. Егер тасымалдауды ұйымдастыру туралы шартта өзгеше белгiленбесе, тасымалдаушы тасымалдау ережелерiнде көрсетiлген тәртiппен жүктiң баратын станцияға жеткiзiлгендiгi туралы жүк келген күннен кейiнгi тәулiкте күндiзгi сағат он екiден кешiктiрмей жүк алушыны хабардар етуге мiндеттi.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 5-тармақ толықтырылды
5. Егер шарт талаптарында көзделген болса, тасымалдаушы жүк алушыға немесе экспедиторға оның атына жүк келе жатқандығы туралы алдын ала хабар беруi мүмкін.
6. Жүк алушы өзiнiң атына келген жүктi қабылдап алуға, жылжымалы құрамды босатуға және оны тазалауды қамтамасыз етуге мiндеттi.
Жылжымалы құрамды тазалау тасымалдау ережелерiнде көрсетiлген талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
42-бап. Жүк тасымалдарын жоспарлау
1. Тасымалдаушы жүк тасымалдауды ұйымдастыру шарттарына және берiлген өтiнiмдердiң негiзіндегі тасымалдау шарттарына сәйкес жүзеге асырады.
2. Жүктердi тасымалдауға берiлетiн өтiнімнiң нысаны, оны ресiмдеу, толтыру, орындау, өзгерістер енгізу және есепке алу тәртібі тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
3. Халықаралық қатынастағы тасымалдарға өтiнiм беру Қазақстан Республикасы халықаралық шарттарының талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.
4. Тасымалдаушы, осы Заңмен және тасымалдау ережелерiмен көзделген жағдайларда, жүктердi тасымалдау өтiнiмiн қабылдаудан бас тарта алады.
43-бап. Темір жол көлiгi жүкқұжаты
1. Жүк жөнелтушi жүктi тасымалдауға ұсынған кезде тасымалдаушыға әрбiр жөнелтілім үшiн темір жол көлiгi жүкқұжатын, ал Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген қажеттi жағдайларда өзге де құжаттарды (сертификатты, лицензияны, ветеринариялық куәлiктi, кедендiк декларацияларды) тапсыруға мiндеттi.
2. Темір жол көлiгi жүкқұжаты мен өзге де тасымалдау құжаттарының нысаны, оларды ресiмдеу тәртібі тасымалдау ережелерiмен белгiленедi.
3. Жүк жөнелтушi жүкқұжатқа енгiзiлген мәлiметтердiң дұрыстығы, сондай-ақ ол темір жол көлiгi жүкқұжатында көрсеткен мәлiметтердiң қателiгiнен, дәл еместiгiнен немесе толық еместiгiнен болған барлық зардаптар үшiн Қазақстан Республикасының заңдарымен көзделген жауаптылықта болады.
44-бап. Тасымалдау құжаттарын тексеру
1. Тасымалдаушы темір жол көлiгi жүкқұжатында көрсетiлген мәлiметтердiң дұрыстығын тексередi, ол үшiн:
1) жүкке тексеру жүргiзуге;
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 2) тармақша толықтырылды
2) жүк жөнелтушiден, жүк алушыдан, экспедитордан және вагондардың (контейнерлердiң) операторынан заңды тұлғаның тiркелгендiгi туралы нотариус куәландырған куәлiктiң көшiрмесiн алуға;
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 3) тармақша толықтырылды
3) жүк жөнелтушi, жүк алушы, экспедитор және вагондардың (контейнерлердiң) операторы ретіндегі жеке тұлғалардың өз басын куәландыратын құжаттарын тексеруге құқылы.
2. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, экспедитордың өкiлi тасымалдаушыға жүктi қабылдауға (жөнелтуге) немесе беруге (алуға) сенiмхат тапсыруға мiндеттi.
3. Жүк жөнелтушi, жүк алушы, экспедитор осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасында және 2-тармағында көрсетiлген мәлiметтердiң қандай да болмасын өзгерістерi туралы жүктi қабылдағанға немесе бергенге дейiн тасымалдаушыға хабарлауға мiндеттi.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен тақырыбы жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
45-бап. Вагондарды, контейнерлердi беру және алып кету
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 1-тармақ жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiге вагондарды, контейнерлердi қабылданған өтiнiмде және (немесе) шартта белгiленген мерзiмдерде жүк тиеуге беруге және оларды алып кетуге мiндеттi. Берiлген вагондар, контейнерлер мәлiмделген жүктердi тасымалдау үшiн тасымалдау ережелерiне сәйкес (жарамды, iшi мен сырты тазаланған) болуға тиiс.
Вагондарды, контейнерлердi тиеуге дайындау вагондар мен (немесе) контейнерлер меншiк құқығымен немесе өзге де заңды негiзде тиесiлi болатын тұлғаның есебiнен және тасымалдау ережелерiне сәйкес айқындалатын мерзiмдерде жасалған шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
2. Вагондарға жүк тиеу тасымалдаушының құралдарымен жүзеге асырылатын жағдайлардан басқа кезде, мәлiмделген жүктердi тасымалдау үшiн жүк жөнелтушi вагондар мен контейнерлердiң коммерциялық тұрғыдан жарамдылығын анықтайды.
Жүк жөнелтушi тиiстi жүктердi тасымалдауға берiлген жарамсыз көлiк құралдарынан бас тартуға құқылы.
46-бап. Вагондарды, контейнерлердi пломбалау
1. Жүк тиелген вагондар мен контейнерлер:
1) егер жүктi тасымалдаушы тиеген болса, соның бекіту-пломбалау құрылғыларымен;
2) егер жүктi жүк жөнелтушi, порт, айлақ тиеген болса, онда жүк жөнелтушiнiң, порттың, айлақтың бекіту-пломбалау құрылғыларымен пломбаланады.
2. Вагондар, контейнерлер кедендiк тексеру үшiн ашылған жағдайда, оларды жаңа бекіту-пломбалау құрылғыларымен пломбалауды кеден органдары тасымалдау ережелерiне сәйкес, қолдануға рұқсат етiлген бекіту-пломбалау құрылғыларының түрлерiмен жүзеге асырады.
3. Кеден органдары қолданған бекіту-пломбалау құрылғылары жүк жөнелтушi мен тасымалдаушының бекіту-пломбалау құрылғыларына теңестiрiледi.
47-бап. Тасымалдау ақысы
1. Егер шартта өзгеше көзделмесе, жүк тасымалдау ақысын және тасымалдаушыға тиiстi өзге де төлемдердi жүк жөнелтушi, экспедитор жүк жөнелтiлгенге дейiн төлейдi.
Бұл орайда жүк тасымалдау ақысы жүк тасымалы жүзеге асырылатын ең қысқа ара қашықтыққа есептеп алынады.
2. Жүктi тасымалдауға және беруге байланысты түпкiлiктi есеп айырысуды жүк алушы жүк жеткiзiлген кезде жүргiзедi.
3. Жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, экспедитордың тасымалдар үшiн берешегi болған, сондай-ақ олар төлемдердi дер кезiнде жасамаған жағдайда, бұдан кейiн тасымалдаушы борыш өтелгенге дейiн тасымалдау шартын жасасудан бас тарта алады.
4. Осы баптың 3-тармағында көзделген iс-әрекеттер жүзеге асырылған жағдайда, кiнәлi тарап (жүк жөнелтушi, жүк алушы, экспедитор) тасымалдаушыға вагондар мен контейнерлердi пайдаланғаны үшiн ақыны бүкiл кiдiрiс уақытына қоса төлейдi.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 5-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
5. Жүк тасымалына ақы - жүктi тасымалдауға қабылдаған күнi, ал жүк жеткізілген кезде есеп айырысқан ретте жүк берiлген күнi төленедi.
48-бап. Жүктi жеткізу мерзiмдерi
1. Тасымалдаушы жүктi тасымалдау ережелерiне сәйкес шартта белгiленген мерзiмде баратын темір жол станциясына жеткізуге мiндеттi.
2. Егер жүктi жеткiзiп беру мерзiмi өткенге дейiн тасымалдаушы оны түсiрсе немесе жүк алушының түсiру үшiн (жүктен босату үшiн) белгiлеген жерiне түсiруге (жүктен босатуға) жеткiзiп берсе, жүк мерзiмiнде жеткiзiлдi деп есептеледi.
3. Егер жүктiң түсiруге (жүктен босатуға) берiлуi жүк жөнелтушiнiң, жүк алушының, тармақ иеленушiнiң кiнәсiнен (түсiру орнының бос болмауы, жүк тасымалдау ақысының және тасымалдаушыға тиiстi өзге де төлемдердiң төленбеуi) кешiктiрiлген жағдайда, жүк мерзiмiнде жеткiзiлдi деп есептеледi.
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 49-бап жаңа редакцияда (бұр. ред. қара)
49-бап. Темір жолдарда вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны және олардың бос тұрғаны (кiдiртiлгенi) үшiн төлем
1. Жүк жөнелтушi, жүк алушы, тармақ иеленушi вагондардың, контейнерлердiң өздерiнде болған уақыты үшiн, тиеу (түсiру) және маневрлiк жұмыстар үшiн қажеттi уақытты қоса алғанда, тасымалдаушыға вагондарды, контейнерлердi пайдаланғаны үшiн тасымалдау ережелерiнде белгiленген төлем жасайды.
Төлем мөлшерi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес белгiленедi.
2. Жүк жөнелтушiлердiң, жүк алушылардың, тармақ иеленушiлердiң кiнәсiнен магистралдық, станциялық және кiрме жолдарда тиеуге (түсiруге) қажеттi уақыттан артық вагондардың бос тұрғаны және контейнерлердiң кiдiртiлгенi үшiн олар аталған темір жолдарды босатпаған уақыты үшiн тасымалдаушының магистралдық темір жол желісінiң операторына төлеген шығыстарын Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтеуге мiндеттi.
50-бап. Жүктi беру кезiнде тексеру
1. Тасымалдаушы жүктi беру кезiнде оны:
1) бұзылған вагонда, контейнерде келген;
2) жолдағы темір жол станцияларының бекіту-пломбалау құрылғыларымен бекітілген, сондай-ақ бекіту-пломбалау құрылғылары бұзылған вагондарда, контейнерде келген;
3) ашық жылжымалы құрамда немесе бекіту-пломбалау құрылғылары жоқ жабық вагондарда тасымалданған кезде, егер мұндай тасымалдар тасымалдау ережелерiнде көзделген болса, жетiспеу, бұзылу (бүлiну) белгiлерiмен келген;
4) тез бүлiнетiн жүктердi рефрижератор вагондарда тасымалдаған кезде жеткiзiп беру мерзiмi бұзылып немесе температуралық режим бұзылып келген;
5) тасымалдаушы тиеген;
6) түсiрудi тасымалдаушы жүзеге асырған жағдайларда тексередi.
2. Тасымалдаушы ыдыстағы және жеке-дара жүктердi тек бүлiнген жерлердегi жүктiң салмағы мен жай-күйiн тексерiп бередi. Ыдыстың бұзылғаны немесе жүктiң жай-күйiне әсер етуi мүмкiн басқа да жағдайлар байқалған кезде, тасымалдаушы бұзылған жерлердегi жүкке тексеру жүргізеді.
3. Жүктi беру кезiнде оның салмағын тексеру оны тиеген кездегi салмағын анықтау тәсiлiмен жүргiзiледi.
Егер жүктiң жөнелту станциясында анықталған салмағы баратын станциясындағы салмағымен салыстырғанда тасымалдау ережелерiне сәйкес белгiленген салмақтың шектi ауытқу және табиғи азаю нормасынан аспаса, жүктiң салмағы дұрыс деп есептеледi.
4. Жүк алушы мен тасымалдаушыда вагонды өлшейтiн таразылар болмаған жағдайда, бос және үйiп тиелген жүктер салмақтары тексерiлмей берiледi.
51-бап. Жүктiң жетiспеу, бұзылу (бүлiну) мөлшерiн анықтау
1. Жүктiң жоғалғаны, жетiспейтiнi немесе бұзылғаны (бүлiнгенi) байқалған жағдайда тасымалдаушы мен жүк алушы нақты зиянның мөлшерiн бiрлесiп анықтайды.
2. Тасымалдаушының немесе жүк алушының бастамасы бойынша жүктiң жетiспеуiнен, бүлiнуiнен немесе бұзылуынан болған нақты зиянның мөлшерiн анықтау жөнiнде сараптама немесе өзге де қажеттi зерттеу жүргiзiлуi мүмкiн.
3. Сараптама немесе өзге де қажеттi зерттеу жүргiзуге байланысты шығыстар кiнәлi тарапқа жүктеледi.
52-бап. Төлем бойынша мiндеттемелердi қамтамасыз ету жөніндегі шаралар
1. Тасымалдаушы өзiне тасымалдау үшiн берiлген жүктi тасымал төлемiн және басқа да тиесiлi төлемдердi қамтамасыз ету үшiн ұстап қалуға құқылы.
2. Соттардың және өзге де уәкiлеттi органдардың шешiмдерi бойынша жүк (алып қойылған, тәркiленген, иесiз деп танылған) сатылған жағдайда, тасымалдаушының тасымалдау мен сақтауға байланысты шеккен шығыстары сот шешiмдерiн және басқа уәкiлеттi органдардың шешiмдерiн орындауға құзыреттi тұлғалардың атқарушылық iс-әрекеттерiн жасау жөніндегі шығыстар ретiнде өтеледi.
53-бап. Жүк алушының мiндеттемелерiн бұзуының салдары
1. Жүк алушы жүктi алу жөніндегі мiндеттемелерiн орындаудан жалтарған жағдайда тасымалдаушы жүк келген кезден бастап жетi тәулiк (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) өткен соң жүк жөнелтушiнi жүкке оның иелiк ету қажеттiгi туралы хабардар етуге мiндеттi. Жүк жөнелтушi мұндай хабарламаны алған кезден бастап төрт тәулiк (тез бүлiнетiн жүкке қатысты екi тәулiк) iшiнде жүкке иелiк етуге мiндеттi.
2. Жүк жөнелтушiнiң тез бүлiнетiн жүкке қалай иелiк ету жөніндегі нұсқауы болмаған, жүктi сақтау оның бұзылуына әкелiп соғуы мүмкiн болатын жағдайда тасымалдаушының оны сатуға құқығы бар.
Тез бүлiнетiн жүктi сатудан түскен сома тасымалдаушыға тиесiлi барлық төлемдердi шегергеннен кейiн жүк жөнелтушi үшiн нотариустың атына депозит шартымен салынады.
3. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң жүкке иелiк ету туралы нұсқауын алған кезге дейiн жүктi жүк алушыға беруге құқылы.
4. Жүк жөнелтушiнiң жүкке иелiк ету туралы нұсқауын осы баптың 1-тармағында белгiленген мерзiмде алмаған жағдайда тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге оның есебiнен қайтаруға құқылы.
54-бап. Жүктiң тиiстi емес жүк алушының атына келуi
1. Жүк алушының атына берiлуi шартта көзделмеген жүк келген, сондай-ақ атауы темір жол көлiгі жүкқұжатында көрсетілген атауға сәйкес келмейтiн жүк келген жағдайда:
1) жүк алушы жүктiң келгенi жөнiнде хабарлама алған кезден бастап бiр тәулiк iшiнде тасымалдау шарты бойынша өзiнiң тиiстi тарап еместiгi туралы тасымалдаушыға жазбаша хабарлама жiберуге мiндеттi;
2) тасымалдаушы жүк жөнелтушiнi жүкке иелiк ету қажеттiгi туралы дереу хабардар етуге мiндеттi, ал жүк жөнелтушi төрт тәулiк (тез бүлiнетiн жүктерге қатысты - екi тәулiк) iшiнде жүкке иелiк ету туралы жазбаша нұсқау беруге мiндеттi.
2. Темір жол жүкқұжатында көрсетiлген жүк алушы тасымалдаушыға тиiстi барлық төлемдердi төлеген жағдайда, оның жүктi алуға құқығы бар.
3. Жүк жөнелтушiнiң жүкке иелiк ету туралы нұсқауын осы баптың 1-тармағында көзделген мерзiмде алмаған жағдайда, тасымалдаушы жүктi жүк жөнелтушiге оның есебiнен қайтаруға, ал тез бүлiнетiн жүктi осы Заңның 53-бабының 2-тармағына сәйкес сатуға құқылы.
55-бап. Жүк тасымалдауға кедергiлер
ҚР 09.07.04 ж. № 596-II Заңымен 1-тармақ өзгертілді (бұр. ред. қара)
1. Тасымалдаушы жүк жөнелтушiнiң, экспедитордың кiнәсiнен жүктi тасымалдауға кедергiлер туындағаны (кеден және өзге де мемлекеттік органдардың кiдiртуi) және мұндай жүктi одан әрi тасымалдау үшiн басқа тасымалдаушыларға тапсыру мүмкiн еместiгi туралы жасалған шартқа сәйкес, дереу телеграф арқылы немесе өзге тәсiлмен жүк жөнелтушінi немесе экспедиторды хабардар етуге мiндеттi. Жүк жөнелтушi, сондай-ақ экспедитор, егер шартта оған осындай мiндеттемелер жүктелген болса, жүк тасымалдауға кедергiлердi жою жөнiнде шаралар қолдануға мiндеттi.