ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 44-бап өзгертілді
44-бап
Қазақстан Республикасының Президентi:
1) Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;
2) Республика Парламентiне кезектi және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттiң бiрiншi сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретiн антын қабылдайды; Парламент Палаталарының кезектен тыс бiрлескен отырыстарын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға он бес жұмыс күнi iшiнде қол қояды, заңды халыққа жария етедi не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшiн қайтарады;
3) Парламенттiң келісімiмен Республиканың Премьер-Министрiн қызметке тағайындайды, оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдiң ұсынуымен Республика Үкіметінiң құрылымын белгiлейдi, оның мүшелерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, сондай-ақ Үкiмет құрамына кiрмейтiн Республиканың орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады; Үкiмет мүшелерiнiң антын қабылдайды, ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкiмет отырыстарына төрағалық етедi; Үкiметке заң жобаларын Парламент Мәжілісiне енгізудi тапсырады; Үкiметтiң және облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкiмдерi актілерінiң күшiн жояды не толық немесе iшiнара тоқтата тұрады;
4) Парламенттiң келісімiмен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын қызметке тағайындайды, оны қызметтен босатады;
5) Парламент Сенатының келісімiмен Республиканың Бас Прокурорын және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын қызметке тағайындайды, оларды қызметтен босатады;
6) Республика дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады;
7) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң Төрағасын және екi мүшесiн бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды;
8) Республиканың мемлекеттік бағдарламаларын бекiтедi;
9) Республика Премьер-Министрінің ұсынуымен Республиканың мемлекеттік бюджетi есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiне бекiтедi;
10) Республикалық референдум өткізу жөнiнде шешiм қабылдайды;
11) келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекіту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенім грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
13) Республиканың мемлекеттік наградаларымен наградтайды, құрметтi, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, біліктілік сыныптарын бередi;
14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;
15) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;
16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген, мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялар алысқаннан кейiн Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгізудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;
18) өзiне бағынысты Республика Президентінің Күзет қызметiн және Республикалық ұланды жасақтайды;
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды; Республика Президентінің Әкiмшiлiгiн құрады;
20) Қауiпсiздiк Кеңесiн, Жоғары Сот Кеңесiн және өзге де консультативтiк-кеңесшi органдарды құрады;
21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 30.06.99 ж. № 10/2; 07.03.00 ж.; 12.11.01 ж. № 14/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
45-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi Конституция мен заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады.
2. Конституцияның 53-бабының 4)-тармақшасында көзделген ретте Республика Президентi заңдар шығарады, ал 61-баптың 2-тармағында көзделген ретте Республиканың заң күшi бар жарлықтарын шығарады.
3. Республиканың Президентi қол қоятын Парламент актілері, сондай-ақ Үкiмет бастамасымен шығарылатын Президенттiң актілері тиiсiнше осы актiлердiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Парламенттiң әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдiң алдын-ала қолдары қойылып тиянақталады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 03.07.00 ж. № 15/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
46-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды.
2. Республика Президентi мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелерi Республиканың экс-Президенттерiне қолданылады.
47-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады.
2. Республиканың Президентi өзiнiң мiндеттерiн атқару кезіндегі iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжіліс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн.Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжіліс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.
3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Республика Парламентiнiң өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.
ҚР 07.10.98 ж. № 284 Заңымен 48-бап жаңа редакцияда
48-бап
1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентінің өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжілісiнiң Төрағасына көшедi; Мәжіліс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентінің өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжіліс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттік лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздерде және тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентінің өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.
IV БӨЛIМ
ПАРЛАМЕНТ
ҚР 07.10.98 ж. № 284 Заңымен 49-бап өзгертілді
49-бап
1. Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару қызметiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.
2. Парламенттiң өкiлеттiгi оның бiрiншi сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысқа кiрiскен кезден аяқталады.
3. Парламенттiң өкiлеттiгi Конституцияда көзделген реттер мен тәртiп бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
4. Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгiленедi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 14.07.99 ж. № 13/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
ҚР 07.10.98 ж. № 284 Заңымен 50-бап өзгертілді
50-бап
1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжілістен тұрады.
2. Сенат әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екi адамнан, тиiсiнше облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Республика астанасының барлық өкiлдi органдары депутаттарының бiрлескен отырысында сайланатын депутаттардан құралады. Сенаттың жетi депутатын Сенат өкiлеттiгi мерзiмiне Республика Президентi тағайындайды.
3. Мәжіліс жетпiс жетi депутаттан тұрады. Алпыс жетi депутат Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiсi ескерiле отырып құрылатын және шамамен сайлаушылардың саны тең бiр мандатты аумақтық сайлау округтерi бойынша сайланады. Он депутат бара-бар өкiлдiк жүйесi бойынша және бiртұтас жалпыұлттық сайлау округiнiң аумағы бойынша партиялық тiзiмдер негiзiнде сайланады.
4. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
5. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжіліс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 15.03.99 ж. № 1/2; 29.11.99 ж. № 24/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 51-бап өзгертілді
51-бап
1. Мәжіліс депутаттарын сайлау жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжіліс депутаттарының кезектi сайлауы Парламенттiң жұмыс iстеп тұрған сайланым өкiлеттiгiнiң мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткiзiледi.
2. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткізiледi.
3. Парламент депутаттарының кезектен тыс сайлауы Парламент өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатқан кезден бастап екi ай iшiнде өткiзiледi.
4. Қазақстан Республикасының кемiнде бес жыл азаматы болған, отыз жасқа толған, жоғары білімi және кемiнде бес жыл жұмыс стажы бар, тиiстi облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемiнде үш жыл тұрақты тұрған азаматы Сенат депутаты бола алады. Республиканың жасы жиырма беске толған азаматы Мәжіліс депутаты бола алады.
5. Бiр мандатты аумақтық сайлау округi бойынша тиiсiнше облыстың, республикалық маңызы бар қала мен республика астанасының барлық өкiлдi органдары депутаттарының бiрлескен отырысында дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың немесе таңдаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Егер кандидаттардың бiрде-бiрi аталған дауыс санын ала алмаған жағдайда, қайтадан дауыс беру жүргiзiледi, оған неғұрлым көбiрек дауыс санын алған екi кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың немесе таңдаушылардың неғұрлым көбiрек дауыс санын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Мәжіліске сайлаудың қорытындылары бойынша депутаттық мандаттарды партиялық тiзiмдер негiзiнде бөлуге дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемiнде жетi процентiнiң даусын алған саяси партиялар жiберiледi. Егер дауыс беруге таңдаушылардың елу процентiнен астамы қатысса, Сенатқа сайлау өткiзiлдi деп есептеледi. Республика Парламентi депутаттарын сайлау тәртібі конституциялық заңда айқындалады.
6. Парламенттiң депутаты Қазақстан халқына ант бередi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 18.03.99 ж. № 5/2; 29.11.99 ж. № 24/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 52-бап өзгертілді
52-бап
1. Парламент депутаты қандай да болсын аманатты мандатпен байланысты емес.
2. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте депутаттың жеке өзi ғана дауыс бередi. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқа бiреуге беруi депутатқа заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмыс атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
4. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртібімен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, тиiстi Палатаның келісімiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
5. Парламент депутатының өкiлеттiгi ол орнынан түскен, депутат iс-әрекетке қабiлетсiз деп танылған, Парламент таратылған жағдайда және Конституцияда көзделген өзге де реттерде тоқтатылады. Парламент депутаты оған қатысты соттың айыптау үкімі күшiне енгiзiлген, Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерге тұрақты қоныс аударған кезде өз мандатынан айырылады.
6. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 3-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерiн сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтатуға және өкiлеттігiнен әрi депутатқа ешкiмнiң тиiспеуi жөніндегі құқығынан айыруға байланысты мәселелердi әзiрлеу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледi.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 17.05.01 ж. № 7/2; 13.12.01 ж. № 19/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
53-бап
Палаталардың бiрлескен отырысында Парламент:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгiзедi; конституциялық заңдар қабылдап, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгiзедi;
2) Республикалық бюджеттi және Үкiмет пен Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң бюджеттiң атқарылуы туралы есептерiн бекiтедi, бюджетке өзгертулер мен толықтырулар енгiзедi;
3) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша ол қарсылық жiберген күннен бастап бiр ай мерзiм iшiнде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткiзедi. Бұл мерзiмнiң сақталмауы Президент қарсылығының қабылданғанын бiлдiредi. Егер Парламент әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен бұрын қабылданған шешiмдi растайтын болса, Президент жетi күн iшiнде заңға қол қояды. Егер Президенттiң қарсылығы ескерiлмесе, заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледi;
4) Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен бiр жылдан аспайтын мерзiмге заң шығару өкiлеттiгiн беруге хақылы;
5) Президенттiң Республика Премьер-Министрiн, Республика Ұлттық Банкінің Төрағасын тағайындауына келісім бередi;
6) Премьер-Министрдiң Үкiмет бағдарламасы туралы баяндамасын тыңдап, бағдарламаны мақұлдайды немесе қабылдамай тастайды, бағдарламаны қайтадан қабылдамай тастау әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен жүзеге асырылуы мүмкiн және бұл Үкiметке сенімсiздiк көрсетiлгенiн бiлдiредi. Ондай көпшiлiк дауыстың болмауы Үкiмет бағдарламасының мақұлданғанын бiлдiредi;
7) әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiрiнiң бастамасы бойынша немесе Конституцияда белгiленген реттерде Үкiметке сенімсiздiк бiлдiредi;
8) соғыс және бiтiм мәселелерiн шешедi;
9) Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбiтшiлiк пен қауiпсiздiктi сақтау жөніндегі халықаралық мiндеттемелердi орындау үшiн Республиканың Қарулы Күштерiн пайдалану туралы шешiм қабылдайды;
10) Республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтередi;
11) Республика Конституциялық Кеңесiнiң Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйi туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
12) Палаталардың бiрлескен комиссияларын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметi туралы есептердi тыңдайды;
13) Парламентке Конституция жүктеген өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 04.12.98 ж. № 13/2; 30.06.99 ж. № 10/2; 27.09.99 ж. № 18/2 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
54-бап
Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелердi әуелi Мәжілісте, ал содан кейiн Сенатта өз кезегiмен қарау арқылы:
1) заңдар қабылдайды;
2) республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептердi, бюджетке енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтыруларды талқылайды, мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгiлейдi және оларды алып тастайды;
3) Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысының мәселелерiн шешу тәртібін белгiлейдi;
4) мемлекеттік наградаларды тағайындайды, Республиканың құрметтi, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерiн, дипломатиялық дәрежелерiн белгiлейдi, Республиканың мемлекеттік нышандарын анықтайды;
5) мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуi туралы мәселелердi шешедi;
6) азаматтарға рақымшылық жасау туралы актiлер шығарады;
7) Республиканың халықаралық шарттарын бекiтедi және олардың күшiн жояды.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 30.06.99 ж. № 10/2; 26.12.00 ж. № 22/2; 13.12.01 ж. № 16-17/3 қаулыларымен берілген түсініктемелерді қараңыз
55-бап
Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынуымен Республиканың Жоғарғы Сотының Төрағасын, Алқалар төрағаларын және Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау мен қызметтен босату, олардың анттарын қабылдау;
2) Республика Президентінің Республиканың Бас Прокурорын және Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң Төрағасын тағайындауына келісім беру;
3) Республиканың Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөніндегі құқығынан айыру;
4) Республиканың заңдарына сәйкес жергiлiктi өкiлдi органдардың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату;
5) Қазақстан Республикасының Жоғары Сот Кеңесiнiң құрамына екi депутатты жiберу;
6) Республиканың Президентiн қызметiнен кетiру туралы Мәжіліс қозғаған мәселенi қарау және оның нәтижесiн Палаталардың бiрлескен отырысының қарауына енгізу.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 05.07.00 ж. № 11/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 56-бап өзгертілді
56-бап
Мәжілістiң ерекше қарауына мыналар жатады:
1) заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және қарау;
2) Республика Парламентi қабылдаған заңдарға Қазақстан Республикасы Президентінің қарсылықтары бойынша ұсыныстар әзiрлеу;
3) Республика Президентінің ұсынуымен Республиканың Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын, Төрағасының орынбасарын, хатшысы мен мүшелерiн сайлау және қызметтен босату;
4) Республика Президентінің кезектi сайлауын хабарлау;
5) Әдiлет біліктілік алқасының құрамына екi депутатты жiберу;
6) Республика Президентiне қарсы мемлекетке опасыздық жасады деп айып тағу.
ҚР 07.10.98 ж. № 284-1 Заңымен 57-бап өзгертілді
57-бап
Парламенттiң әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз:
1) Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетiнiң үш мүшесiн бес жыл мерзiмге қызметке тағайындайды;
2) Конституцияның 47-бабының 1-тармағында көзделген ретте Парламент құратын комиссия мүшелерiнiң тең жартысына өкiлеттiк бередi;
3) Палаталардың бiрлескен комиссиялары мүшелерiнiң тең жартысын сайлайды;
4) Палаталар депутаттарының өкiлеттiгiн тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөніндегі құқығынан Палаталардың депутаттарын айыру мәселелерiн шешедi;
5) өз құзыретіндегі мәселелер бойынша парламенттiк тыңдаулар өткiзедi;
6) депутаттардың жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерiнiң өз қызметi мәселелерi жөніндегі есептерiн тыңдауға және Үкiмет мүшесi Республика заңдарын орындамаған ретте Палаталар депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентiне өтiнiш жасауға хақылы, егер Республика Президентi мұндай өтiнiштi қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен алғашқы өтiнiш берiлген күннен бастап алты ай өткеннен кейiн Республика Президентінің алдында Үкiмет мүшесiн қызметiнен босату туралы мәселенi қайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi Үкiмет мүшесiн қызметiнен босатады.
7) Палаталардың үйлестiрушi және жұмыс органдарын құрады;
8) өз қызметiнiң регламентiн, Палатаның ұйымдастыру және iшкi тәртібіне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешiмдер қабылдайды.
58-бап
1. Палаталарды мемлекеттік тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжіліс сайлаған төрағалар басқарады. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президентi ұсынады. Мәжіліс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
2. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталардың депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.
3. Парламент Палаталарының төрағалары:
1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;
2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;
3) Палаталар төрағаларының орынбасарлары қызметiне сайлау үшiн Палаталарға кандидатуралар ұсынады;
4) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;
5) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;
6) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;
7) Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң екi-екiден мүшелерiн тағайындайды;
8) өздерiне Парламент регламентi жүктейтiн басқа да мiндеттердi атқарады.
4. Мәжіліс Төрағасы:
1) Парламент сессияларын ашады;
2) Палаталардың кезектi бiрлескен отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.
5. Палаталардың төрағалары өз құзыретіндегі мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.
59-бап
1. Парламент сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.
2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Қазақстан Республикасының Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.
3. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен маусымның соңғы жұмыс күнiне дейiн өткiзiледi.
4. Парламент сессиясын Республика Президентi ашады және Сенат пен Мәжілістiң бiрлескен отырысында жабады. Парламенттiң сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президентi өз бастамасымен, Палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде үштен бiрiнiң ұсынысымен Палаталардың кезектен тыс бiрлескен отырысын шақыра алады. Онда мәжілістi шақыруға негiз болған мәселелер ғана қаралуы мүмкiн.
5. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда өткiзiледi.
6. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн. Республика Президентінің, Премьер-Министр мен Үкiмет мүшелерiнiң, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Төрағасының кез келген отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.
ҚР Конституциялық Кеңесінің 14.07.99 ж. № 13/2; 30.06.99 ж. № 14/2 қаулысымен берілген түсініктемені қараңыз