3. Осы баптың екiншi бөлiгiнiң қағидалары бұл адамдардың жасаған қылмысы өздерiнiң қызмет мiндеттерiн атқаруға байланысты болған және Қазақстан Республикасының мүдделерiне қарсы бағытталмаған жағдайларды қоспағанда, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 2 және 3 тармақтарында аталған адамдарға қолданылмайды.
502-бап. Дипломатиялық иммунитеттi пайдаланушы адамдарды
ұстау және қамауға алу
1. Осы Кодекстiң 501-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1, 4-7-тармақтарында аталған адамдар, сондай-ақ өзге де адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес жеке басына тиiспеушiлiк құқығын пайдаланады. Оларға қатысты заңды күшiне енген үкiмдi орындау үшiн қажет жағдайларды қоспағанда, оларды ұстауға немесе қамауға алуға болмайды.
2. Осы Кодекстiң 501-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2 және 3-тармақтарында аталған адамдар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, олар ауыр, аса ауыр қылмыс жасағаны үшiн iзiне түскен жағдайда не соттың заңды күшiне енген үкімін орындау кезiнде ғана ұсталуы немесе қамауға алынуы мүмкiн.
503-бап. Айғақтар беруден дипломатиялық иммунитет
1. Осы Кодекстiң 501-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 1, 3-6-тармақтарында аталған адамдар, сондай-ақ өзге де адамдар Қазақстан Республикасының халықаралық шартына сәйкес куәгер, жәбiрленушi ретiнде айғақтар бермеуiне болады, ал мұндай айғақтарды беруге келiскен жағдайда бұл үшiн қылмыстық процестi жүргiзушi органға келуi мiндеттi емес. Аталған адамдарға тапсырылған жауап алуға шақыру қағазында олардың қылмыстық процестi жүргiзушi органға келмегенi үшiн мәжбүрлеу шараларымен қоқан-лоққы жасалмауы тиiс.
2. Егер осы адамдар алдын ала тергеуде жәбiрленушi, куәгер ретiнде айғақтар берген, ал сот отырысына келмеген жағдайда, сот олардың айғақтарын оқып бере алады.
3. Осы Кодекстiң 501-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 2-тармағында аталған адамдар, өздерiнiң қызмет мiндеттерiн атқаруына байланысты мәселелер бойынша берген айғақтарды қоспағанда, куәгерлер мен жәбiрленушiлер ретiнде айғақтар беруден бас тарта алмайды. Консулдық лауазымды адамдар куәгерлiк айғақтар беруден бас тартқан жағдайда оларға iс жүргiзушiлiк мәжбүрлеу шаралары қолданыла алмайды.
4. Дипломатиялық иммунитеттi пайдаланушы адамдар қылмыстық процестi жүргiзушi органға хат-хабар мен өздерiнiң қызметтiк мiндетiн атқаруға қатысты басқа да құжаттарды табыс етуге мiндеттi емес.
504-бап. Үй-жайлар мен құжаттардың дипломатиялық иммунитетi
1. Дипломатиялық өкiлдiк басшысының резиденциясы, дипломатиялық өкiлдiк орналасқан үй-жайлар, дипломатиялық қызметкерлер мен олардың отбасылары мүшелерiнiң тұрғын үй-жайлары, олардағы мүлiк пен жүрiп-тұру құралдары қол сұғылмайтын болып табылады. Осы үй-жайларға кіру, сондай-ақ тiнту, сұрыптап алу, мүлiкке тыйым салу дипломатиялық өкiлдiк басшысының немесе оны алмастыратын адамның келісімiмен ғана жүргiзiледi.
2. Өзара негiзде осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көзделген иммунитет дипломатиялық өкiлдiктiң қызмет көрсетушi қызметкерлер және олармен, егер бұл қызметкерлер мен олардың отбасыларының мүшелерi Қазақстан Республикасының азаматтары болмаса, олармен бiрге тұратын олардың отбасыларының мүшелерi орналасқан тұрғын үй-жайларға қолданылады.
3. Консулдық орналасқан үй-жай мен консулдық басшысының резиденциясына өзара негiзде қол сұғылмаушылық құқығы қолданылады. Осы үйлерге кіру, тiнту, сұрыптап алу, тыйым салу тиiстi шет мемлекет консулдығының немесе дипломатиялық өкiлдiгi басшысының өтiнiшi бойынша немесе келісімiмен ғана орын алуы мүмкiн.
4. Дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдықтардың архивтерi, ресми жазысқан хаттары және басқа да құжаттар қол сұғылмайтын болып табылады. Олар дипломатиялық өкiлдiк консулдық басшысының келісімiнсiз қаралмайды және алынбайды. Дипломатиялық почта ашылуға және ұсталуға тиiс емес.
5. Осы баптың бiрiншi, екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген үй-жайларға кіруге, оларға тiнту жүргiзуге, сұрыптап алуға, сондай-ақ қарау мен осы баптың төртiншi бөлiгiнде аталған құжаттарды қарауға және сұрыптап алуға дипломатиялық өкiлдiктер мен консулдықтар басшыларының келісімiн Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігі арқылы прокурор сұратады.
6. Аталған жағдайларда тiнту, сұрыптап алу, қарау прокурордың және Қазақстан Республикасы Сыртқы iстер министрлігі өкiлiнiң қатысуымен жүргiзiледi.
12-бөлім. Айрықша іс жүргізу
54-тарау. Ессіз күйдегі адамдарға медициналық
сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану
туралы істер бойынша сот ісін жүргізу
505-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану
жөнiнде iс жүргiзу негiздерi
1. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 90-бабында аталған медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану жөнiнде iс жүргiзу есi кiресiлi-шығасылы күйде қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекет жасаған немесе қылмыс жасаған соң жаза тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын дәрежеде психикасы бұзылып ауырған адамдарға қатысты iстер бойынша жүзеге асырылады.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары дерттi психикалық ауытқушылық өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiп-қатермен байланысты болған не оның өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiн болған жағдайда ғана тағайындалады.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстер бойынша iс жүргiзу осы Кодекстiң жалпы қағидаларымен және сонымен бiрге осы тараудың ережелерiмен айқындалады.
506-бап. Дәлелдеуге жататын мән-жайлар
1. Осы Кодекстiң 505-бабының бiрiншi бөлiгiнде аталған адамдарға қатысты iстер бойынша алдын ала тергеу жүргiзу мiндеттi.
2. Алдын ала тергеу жүргiзу кезiнде мынадай мән-жайлар анықталуы тиiс:
1) жасалған әрекеттiң уақыты, орны, тәсiлдерi мен басқа да мән-жайлары;
2) осы адамның қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасауы;
3) әрекетпен келтiрiлген залалдың сипаты мен мөлшерi;
4) қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған адамның оны жасағанға дейiнгi, сондай-ақ одан кейiнгi мiнез-құлқы;
5) осы адамда бұдан бұрын психикалық ауытқушылықтың бар-жоғы, қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасау кезiнде немесе iстi қарау кезiнде психикалық сырқаттану дәрежесi мен сипаты.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 507-бап өзгертілді
507-бап. Қауiпсiздiк шаралары
1. Заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған және психикалық сырқатқа шалдыққан адамдарға бұлтартпау шараларын қолдануға болмайды.
2. Осы адамдарға қажет болған жағдайда мынадай қауiпсiздiк шаралары қолданылады:
1) денсаулық сақтау органдарын хабарландыра отырып, ауруды туыстарының, қамқоршыларының, қорғаншыларының қарауына беру;
2) психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық мекемеге орналастыру.
508-бап. Туған-туыстарының, қорғаншыларының,
қамқоршыларының қарауына беру
1. Психикалық сырқатқа шалдығу фактiсi анықталған кезден бастап заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған, бiрақ айналадағы адамдарға қауiп төндiрмейтiн адам, денсаулық сақтау органдарын хабарландыра отырып, туған-туыстарының, қорғаншыларының, қамқоршыларының қарауына берiлуi мүмкiн.
2. Осы шараны таңдап алу туралы тергеушi, сот дәлелдi қаулы шығарады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 509-бап өзгертілді
509-бап. Мамандандырылған медициналық мекемеге орналастыру
1. Бұлтартпау шарасы ретiнде бұдан бұрын қамауға алынған адамның психикалық сырқатқа шалдығу фактiсi анықталған кезде прокурордың қаулысы бойынша ол қатаң оқшаулау жағдайында ауруларды ұстауға лайықталған психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық мекемеге ауыстырылады.
2. Қамауда ұсталған адамды психиатриялық көмек көрсететiн арнаулы медициналық мекемеге орналастыру осы Кодекстiң 247-бабының ережелерi бойынша жүргiзiледi.
510-бап. Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi есi
кiресiлi-шығасылы күйде жасаған немесе қылмыс
жасағаннан кейiн психикасы бұзылумен ауырған
адамға қатысты iстi бөлiп алу
Егер қылмыстық iстi тексеру кезiнде қатысушылардың бiрi әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы күйде жасағаны немесе қылмыс жасаған соң психикасы бұзылумен ауырғаны анықталатын болса, оған қатысты iс жеке iс жүргiзуге бөлiнуi мүмкiн.
511-бап. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу
шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адамның
құқықтары
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адам, сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша бұған оның сырқатының сипаты мен ауырлық дәрежесi кедергi келтiрмейтiн болса; өзiн қандай әрекеттi жасағаны үшiн айыптайтындығын бiлуге; түсiнiктемелер беруге; дәлелдер келтiруге; өтiнiштер мен бас тартуларды мәлiмдеуге; өзiнiң ана тілінде немесе бiлетiн тілінде түсiнiсуге аудармашының көмегiн тегiн пайдалануға; қорғаушысы болуына және онымен оңаша және құпия кездесуге; тергеушiнiң рұқсатымен оның өтiнiшi немесе қорғаушысының өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу қимылдарына қатысуға; осы қимылдардың хаттамаларымен танысуға және оларға ескертпелер жасауға; сараптама тағайындау туралы қаулымен және сарапшының қорытындысымен танысуға; алдын ала тергеу аяқталған соң iстiң барлық материалымен танысуға және одан кез келген көлемде кез келген мәлiметтi көшiрiп алуға; тергеушiнiң, прокурор мен соттың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар жасауға, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн iстi сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға құқылы. Iстiң сотта талқылауында, бұдан басқа, аталған адамның дәлелдердi зерттеуге және сот жарыссөздерiне қатысуға; сот отырысының хаттамасымен танысуға және оған ескертпелер жасауға; соттың қаулысына шағымдануға және шағымдалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; iсi бойынша келтiрiлген шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға құқығы бар.
2. Осы баптың бiрiншi бөлiгiнде аталған адамға тергеушi оның құқықтарын түсiндiруге және олардың тiзбесiн жазбаша түрде табыс етуге мiндеттi. Соттың талқылауындағы құқықтары түсiндiрiлгенi туралы сот отырысының хаттамасында белгi жасалады.
512-бап. Заңды өкiлдiң қатысуы
1. Өзiне қатысты медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс жүргiзiлетiн адамның жақын туысқаны осы адамның заңды өкiлi болып танылады және тергеушiнiң немесе прокурордың қаулысы бойынша не соттың қаулысы бойынша iске қатысуға тартылады.
2. Заңды өкiл өзi өкiлi болып отырған адамның заңмен тыйым салынған қандай әрекеттi жасағаны мойнына қойылуын бiлуге; өтiнiштер мен бас тартуларды мәлiмдеуге; дәлелдер келтiруге; тергеушiнiң рұқсатымен оның немесе қорғаушысының өтiнiшi бойынша жүргiзiлетiн тергеу қимылдарына қатысуға; өзi қатысқан тергеу қимылдарының хаттамаларымен танысуға және ондағы жасалған жазбалардың дұрыстығы мен толықтығы туралы жазбаша ескертпелер жасауға; алдын ала тергеу аяқталған соң iстiң барлық материалымен танысуға, одан кез келген мәлiметтi және кез келген көлемде көшiрiп алуға; iстi тоқтату туралы немесе iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесiн алуға; сот талқылауына қатысуға; тергеушiнiң, прокурор мен соттың iс-әрекеттерi мен шешiмдерiне шағымдар беруге соттың қаулысына шағым жасауға және шағымдалатын шешiмдердiң көшiрмелерiн алуға; iс бойынша келтiрiлетiн шағымдар мен наразылықтар туралы бiлуге және оларға қарсылықтар бiлдiруге; мәлiмделген шағымдар мен наразылықтарды соттың қарауына қатысуға құқығы бар.
3. Заңды өкiлге құқықтарының түсiндiрiлгенi туралы хаттама жасалады.
513-бап. Қорғаушының қатысуы
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс бойынша iс жүргiзуге қорғаушының қатысуы, егер қорғаушы бұдан бұрын iске өзге негiздер бойынша араласпаған болса, өзiне қатысты iс жүргiзiлiп отырған адамның есiнiң кiресiлi-шығасылылығы немесе психикасының бұзылу фактiсi анықталған кезден бастап мiндеттi болып табылады.
2. Iске араласу кезiнен бастап қорғаушы, егер бұған қорғалушының денсаулық жайы кедергi келтiрмейтiн болса, қорғауындағы адаммен оңаша жүздесуге құқығы бар, сондай-ақ осы Кодекстiң 74-бабында көзделген басқа да барлық құқықтарды пайдаланады.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II Заңымен 514-бап өзгертілді
514-бап. Алдын ала тергеудiң аяқталуы
1. Алдын ала тергеу аяқталғаннан кейiн тергеушi:
1) iс жүргiзу iсiн - 37-бапта және 269-баптың үшiншi бөлiгiнде көзделген, сондай-ақ сырқатты психикасының бұзылуы өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiп-қатермен не өзге елеулi зиян келтiрiлуi мүмкiн жағдайларда қысқарту туралы;
2) iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулы шығарады.
2. Iстi қысқарту туралы немесе iстi сотқа жiберу туралы тергеушi өзiне қатысты алдын ала тергеу жүргiзiлген адамға, егер өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша бұл адам тергеу қимылдарына қатысуға қабiлеттi болса, оның заңды өкiлiне және қорғаушысына, сондай-ақ жәбiрленушiге хабарлайды. Тергеушi процестiң аталған қатысушыларына олардың iстiң материалдарымен танысу құқығын түсiндiредi және бұл құқығын олардың қайда және қашан пайдалана алатындығын хабарлайды. Iспен танысудың тәртібі тексерудi толықтыру туралы өтiнiштер мен рұқсаттардың тәртібі осы Кодекстiң 275, 276-баптарымен белгiленедi.
3. Iстi қысқарту туралы қаулы осы Кодекстiң 269-бабының ережелерi бойынша шығарылады. Iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулыда осы Кодекстiң 506-бабында көрсетiлген және iс бойынша анықталған мән-жайлар; медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн негiздер, егер олар айтылған болса, қорғаушы мен басқа да адамдардың медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларының негiздерiне дау айтатын уәждерi жазылуы тиiс.
4. Iстi сотқа жiберу туралы қаулыға қосымша осы Кодекстiң 279-бабының ережелерi бойынша жасалады.
5. Iстi сотқа жiберу туралы қаулымен тергеушi оны прокурорға бередi, ол iстi зерделеп, мына шешiмдердiң бiреуiн қабылдайды:
1) iстi сотқа жiбередi;
2) iстi қосымша тексеру жүргiзу үшiн тергеушiге қайтарады;
3) iстi осы баптың бiрiншi бөлiгiнiң 1-шi тармағында көрсетiлген негiздер бойынша қысқартады.
6. Iстi медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану үшiн сотқа жiберу туралы қаулының көшiрмесi заңды өкiлге табыс етiледi.
ҚР 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 515-бап өзгертілді
515-бап. Сотта iс жүргiзу
1. Сотқа медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iс келiп түскен соң судья оны осы Кодексте көзделген ережелер бойынша сот отырысында қаралуын тағайындайды.
2. Iстi қарау осы баптың үшiншi және төртiншi бөлiктерiнде жазылған ережелер ескерiле отырып, сотта талқылау ережелерi бойынша жүргiзiледi.
3. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдану туралы iстi қарауды аудандық және оған теңестiрiлген сотта судья жеке-дара, облыстық және оған теңестiрiлген сотта үш судья құрамы жүргiзедi.
4. Сот тергеуi прокурордың қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi жасаған, есi кiресiлi-шығасылы деп танылған адамға медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданудың қажеттiгi туралы уәждердi баяндаудан басталады. Дәлелдердi зерттеу және тараптардың жарыссөздерi осы Кодекстiң талаптарына сәйкес жүргiзiледi.
516-бап. Iс бойынша шешiм қабылдау кезiнде сот
шешетiн мәселелер
1. Iстi сотта талқылау процесiнде мынадай мәселелер зерттелуi және шешiлуi тиiс:
1) қылмыстық заңмен көзделген әрекет орын алды ма;
2) iсi қаралып отырған адам әрекет жасады ма;
3) iсi қаралып отырған адам әрекеттi есi кiресiлi-шығасылы күйде жасады ма;
4) осы адам қылмысты жасағаннан кейiн жаза тағайындау және оны орындау мүмкiн болмайтын психикасы бұзылумен ауырды ма;
5) адамның дерттi психикасы бұзылуы оның өзi немесе басқа адамдар үшiн қауiптi ме не оның өзге де елеулi зиян келтiру мүмкiндiгiн тудыра ма;
6) медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылуға тиiс пе және нақ қандайы.
2. Сот, сондай-ақ осы Кодекстiң 371-бабының бiрiншi бөлiгiнiң 10, 11, 12-тармақтарында көрсетiлген мәселелердi шешедi.
517-бап. Сот қаулысы
1. Қылмыстық заңмен тыйым салынған әрекеттi осы адамның есi кiресiлi-шығасылы күйде жасағаны немесе осы адамның қылмысты жасағаннан кейiн жазаны тағайындау немесе оны орындау мүмкiн болмайтын психикасы бұзылумен ауырғаны дәлелдендi деп танып, сот Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексiнiң 16, 73-баптарына сәйкес осы адамды тиiсiнше қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату туралы және оған медициналық сипаттағы және нақ қандай мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарады.
2. Егер осы баптың бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген адам өзiнiң психикалық жай-күйi бойынша қауiп-қатер тудырмайтын болса не ол аса ауыр емес әрекет жасаған болса, сот iстi тоқтату туралы және медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолданбау туралы қаулы шығарады.
3. Сот осы адамның әрекеттi жасауға қатысқаны дәлелденген жоқ деп таныған, сондай-ақ осы Кодекстiң 37-бабының бiрiншi бөлiгіндегі 1-12-тармақтарында, 38-бабының бiрiншi бөлiгiнде көзделген мән-жайлар анықталған кезде сот өзi анықтаған негiз бойынша адамда аурудың болуына және оның сипатына қарамастан iстi қысқарту туралы қаулы шығарады.
4. Осы баптың екiншi және үшiншi бөлiктерiнде көрсетiлген негiздер бойынша iс қысқартылған кезде сот қаулысының көшiрмесi бес күн мерзiмде психиатриялық көмекке мұқтаж адамдарды емдеу немесе психоневрологиялық мекемеге жiберу туралы мәселенi шешу үшiн денсаулық сақтау органына жiбередi.
5. Iсi қаралып отырған адамның психикасының бұзылуы анықталмады немесе қылмыс жасаған адамның ауруы оған жазалау шараларын қолдануды жоққа шығармайды деп танып, сот өзiнiң қаулысымен iстi қосымша тексеру жүргiзу және iстi бұдан әрi жалпы тәртiппен жолдау үшiн қайтарады.
6. Соттың қаулысында осы Кодекстiң 383-бабында көрсетiлген мәселелер шешiледi.
ҚР 05.05.00 ж. № 47-II; 11.07.01 ж. № 238-II Заңымен 518-бап өзгертілді
518-бап. Соттың қаулысына шағым жасау және наразылық бiлдiру
1. Соттың қаулысына қорғаушы, жәбiрленушi мен оның өкiлi, немесе iсi қаралған адамның заңды өкiлi, жақын туысқаны шағым жасауы, сондай-ақ осы Кодекстiң 47-тарауында жазылған ережелер бойынша апелляциялық тәртiппен прокурор наразылық бiлдiруi мүмкiн. Осы Кодекстiң 511-бабына сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адам соттың iс қарауына қатысқан жағдайда ол, егер сот-психиатриялық сараптаманың қорытындысы бойынша оның ауруының сипаты мен ауыртпалығы бұған бөгет жасамаса, сот қаулысына шағымдануға құқылы.
2. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы осы Кодекстiң 49-тарауында көзделген тәртiппен атқаруға берiледi.
519-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын тоқтату,
өзгерту және мерзiмiн ұзарту
1. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шараларын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту туралы мәселелердi Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексiнiң 93-бабында көзделген тәртiппен медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдану туралы қаулы шығарған сот немесе осы шараны қолдану орны бойынша үш судьядан тұратын алқа құрамындағы сот қарайды.
2. Iстi тыңдауды тағайындау туралы сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамның заңды өкiлiне, мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асырушы мекеменiң әкiмшiлiгiне, қорғаушы мен прокурорға хабарлайды. Сот отырысына қорғаушы мен прокурордың қатысуы мiндеттi, басқа адамдардың келмеуi iстi қарауға кедергi келтiрмейдi.
3. Сот отырысында мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асырушы мекеменiң ұсынысы (қорытындысы), психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы зерттеледi, отырысқа қатысушы адамдардың пiкiрi тыңдалады. Егер психиатр дәрiгерлер комиссиясының қорытындысы күмән тудыратын болса, сот отырысқа қатысушы адамдардың өтiнiшi бойынша немесе өз бастамасы бойынша сот психиатриялық сараптамасын тағайындай алады, қосымша құжаттарды талап етедi, сондай-ақ медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту туралы мәселесi шешiлiп отырған адамнан, егер бұл оның психикасының жай-күйi бойынша мүмкiн болса, жауап алады.
4. Сот бұдан бұрын тағайындалған шараны қолдану қажеттiгi жойылатын не медициналық сипаттағы өзге шараны тағайындау қажеттiгi туындайтын адамның осындай психикалық жай-күйi жағдайында медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтатады немесе өзгертедi. Сот медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын тоқтату немесе өзгерту үшiн негiздер болмаған ретте мәжбүрлеп емдеудi ұзартады.
5. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасын қолдануды тоқтату, өзгерту немесе мерзiмiн ұзарту туралы, сондай-ақ тоқтатудан, өзгертуден немесе ұзартудан бас тарту туралы сот кеңесу бөлмесiнде қаулы шығарады және оны сот отырысында жариялайды.
520-бап. Медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған
адамға қатысты қылмыстық iстi қайта жалғастыру
1. Егер қылмыс жасағаннан кейiн оның психикасы бұзылып ауруының салдарынан медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шарасы қолданылған адамды психиатр дәрiгерлер комиссиясы сауыққан деп таныса, онда сот мәжбүрлеп емдеудi жүзеге асырушы медициналық мекеме қорытындысының негiзiнде осы Кодекстiң 453-бабының 9-тармағына және 454-бабының үшiншi бөлiгiне сәйкес медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шарасын қолдануды тоқтату туралы қаулы шығарады және iстi анықтау немесе алдын ала тергеу жүргiзу, осы адамды айыпталушы ретiнде тарту және iстi жалпы тәртiппен сотқа беру туралы мәселенi шешедi.
2. Медициналық мекемеде өткiзiлген уақыт жазаны өтеу мерзiмiне есептеледi.
55-тарау. Қылмыстық процесті жүргізуші органдардың
шет мемлекеттердің қылмыстық істер
бойынша құзыретті мекемелерімен және
лауазымды адамдарымен өзара іс-қимылының
тәртібі туралы негізгі ережелер
521-бап. Құқықтық көмек көрсету тәртібімен жүргiзiлетiн
iс жүргiзушiлiк және өзге де iс-әрекеттер
1. Құқықтық көмек көрсету ретiмен Қазақстан Республикасы құқықтық көмек туралы халықаралық шарт жасасқан шетел мемлекеттерiнiң тергеу органдарына және соттарына не өзара негiзде осы Кодексте көзделген iс жүргiзушiлiк iс-әрекеттер, сондай-ақ Қазақстан Республикасының басқа да заңдары мен халықаралық шарттарында көзделген өзге де iс әрекеттер жүргiзiлуi мүмкiн.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттың ережелерi осы Кодекске қайшы келетiн жағдайда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.
3. Құқықтық көмек көрсетуге байланысты шығындарды, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, оны сұраған мекеме өз мемлекетiнiң аумағында өтейдi.
522-бап. Iс жүргiзу құжаттарының күшi
Осы Кодекстiң 521-бабының бiрiншi бөлiгiнде көрсетiлген аумақтағы мемлекетте оның аумағында қолданылатын заңдарға сәйкес жасалған және елтаңбалы мөрмен бекітілген iс жүргiзушiлiк құжаттар, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, ешқандай шектеусiз iс жүргiзу құжаттары ретiнде қолданылады.
523-бап. Құқықтық көмек көрсету мәселелерi бойынша
қарым-қатынас жасау тәртібі
1. Тергеу қимылдарын жүргiзу туралы тапсырма Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, ал сот iс-әрекетi - Қазақстан Республикасының Әдiлет министрi не тиiсiнше олардың орынбасарлары, не уәкiлеттi лауазымды адамдар арқылы жiберiледi, олар қажеттi жағдайларда Қазақстан Республикасының Сыртқы iстер министрлігінiң делдал болуын сұрайды.
2. Тапсырманы ресiмдеу кезiнде, егер Қазақстан Республикасының халықаралық шартында өзгеше көзделмесе, ол жiберiлетiн шет мемлекеттiң тілі пайдаланылады.
3. Сот, прокурор, тергеушi, анықтаушы басқа мемлекеттiң аумағында iс жүргiзу және өзге де iс-әрекеттердi орындау жөнiнде құқықтық көмек көрсету туралы тиiстi бланкiде тапсырма жасайды, қол қойып, қылмыстық iс жүргiзушi органның елтаңбалы мөрiмен куәландырады.
4. Тиiстi прокурордың, соттың дәлелдi өтiнiшi бойынша құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма тиiсiнше Қазақстан Республикасының Бас Прокурорына, Әдiлет министрiне немесе уәкiлеттi прокурорға жiберiледi.
5. Басқа мемлекеттiң құзыреттi мекемесiне құқықтық көмек көрсету туралы тапсырма жiберу жөніндегі мәселенi Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Әдiлет министрi шешедi.